«Қазақ тілі және әдебиеті» бағыты бойынша 2 кезеңінің тапсырмалары 2015 жылғы 20 қантарға дейін «Ертіс дарыны»



жүктеу 283.58 Kb.
Дата23.02.2018
өлшемі283.58 Kb.

«Қазақ тілі және әдебиеті» бағыты бойынша 2 кезеңінің тапсырмалары

( 2015 жылғы 20 қантарға дейін «Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО-на, Ленин к., 127 тапсырылады)

Құрастырған: ф.ғ.к., проф. Б.Қ.Қапасова

1.Жүсіпбек Аймауытов ( 1889-1931)



«Ақбілек»

( үзінді)

Ақбілек ояна келгенде селк етіп, басын оқшита жұлып алады. Бөтен жерде, өзен бойында, жер түбінде жападан жалғыз шошайып қалғанына өзінен-өзі қорқып кетті. Қара шаттан қашып келе жатқаны есіне лезде түсе қалды. Ұшып түрегелді. Күн еңкейіп, түс қаңғып кетіпті. Өзеннің о жақ, бұ жағына бойлап-бойлап қарады да, өткел іздеп, кебісі тырпылдап тағы жағалады. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді. Өткел жоқ. Белшесінен суға бойлап, әр жерді бір көреді, бәрі де терең тәрізді. Әлден уақытта бір жадағайлау жерге жетті. Екі жағы домалақ-домалақ қиыршық тас. Ағыны быжырланып жатыр. Балағын тізеден асыра түріп, етегін жиыра көтеріп, кебіс-мәсісін қолтықтап, мамық табанын қия тасқа бұлтылдатып, судан өтті.

Жарты шақырымдай жерде бір дөңес көрінеді. Соған шығып ел көздемек. Ол дөңеске шығып еді, ар жағы одан да биіктеу адырсымақ екен. Ақбілек жан-жағына барлап, жер болжады. Алды, беті – ашық, арты – кенере тау. Ақбілектің аулы осынау кенере таудың түбінде. Шығыста емес, құбыла жақта, өйткені артындағы таулар өз тауларына ұқсамайды, сонау бір көлденең таулармен тұтасып кетіпті. Ендеше, жарыса жүру керек. Ақбілек соны ойлады да, белестен асып, жадағайлау, ылдимен аяңдай берді.

Адыр-адыр елсіз дала. Бозғыл көде, кербетеге, тобылғы беткей, төбешік, обашық, қызыл құмайт, шөптесін шүңейт. Қоңыр тышқан, ала сауысқан, ор қоян, бозторғай – осыдан басқа көзге түсер қара-құра жоқ. Даланың көркі ел екен-ау! Елсіз дала емсіз жарадай көрінеді. Малшы байғұстар не ғып іші пыспай жүреді екен?.. Ай, қу дала! Қу далаларда жалғыз жаяу бір мұңдық.

...Соны ойлап келе жатқанда бір дөңестің астынан ағараңдаған бір шошақ нәрсе қылт ете түсті. Ақбілек сасып қалды, бұғып отыра қойды. Отырып еді, көрінбей кетті. ...Шошақайдың үкі секілді бірдеңесі былғаңдап, өзі қимыл-қимыл етіп дөң астымен Ақбілекпен жарыса кетіп барады. - Әй, дуана! – деген сөз аузынан қалай шығып, қалай қойғанын Ақбілек өзі де білмей қалды. Дуана аяқ астынан үріккен жылқыша жалт беріп, лоқып, әнтек тұра қалды да, бұрылып Ақбілекке қарай жүрді. Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза ақ тақия, қолында шәңгіші асасы, асасының өн бойында хұсыр тасбысы, танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншігі сидиған, саусақтары сыпсиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын Іскендір екен кәдімгі. Іскендірің кім? Ақбілекке зияны тимес пе? Ендеше, ол аяңдап Ақбілекке жеткенше, Іскендірдің қандай адам екенін айтып көрейін.

Бұл Іскендір дуананың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бұл Өскеменіңіз, Бурабайыңыз, бұл Семейіңіз, бұл Қарқаралыңыз – бәрін де Іскендір жалаңаяқ шарлаған. Ол отарбаны да, параходты да көрген. «По-о- рахот-ау, по-о-рахот»..» деп, оған өлең де шығарған.

Іскендірде үй жоқ. Кез келген үй – оған үй. Тау-тас, сай-сала, ескі мола – бәрі де оған үй. Онда ел де жоқ. Оның елі – дүйім қазақ. Онда мал да жоқ. Тұрған күйі әлгі өзіңіз көрген. Ол дүние жинамайды. Ақша берсең, кез келген ауылдың балаларын жарыстырады да, бәйге үлестіреді. Іскендір дорба салмайды, ірімшік, құртыңды алмайды, оған қолма-қол ішетін тамақ берсең болғаны. Тана моншағын, үкісін сұрасаң, Іскендір бере салды. Бірақ қыз-келіншектерден өзі де сұрап алады. Іскендір өтірік айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ойламайды. Үлкенді «әке», «аға» деп тұрады. Өзін ренжіткен адамға да түк демейді, тек басын шайқайды. ... Әлгі Ақбілекке кез келген Іскедіріңіздің жайы осы еді. Дуана Ақбілекке келіп:

– Ә, балақайым, алақайым, шырақайым... Қайдан келесің? – деп басын ситпады. ...Дуана қалай, неғып адасып жүргенін сұрамады: – Е, балақайым, адасып қалдың ба? .. Мамырбай, Мамырбай, Тәуірбай, Сауырбай... білем, білем... алып барайын, бағып барайын, жолға салайын, - деп қолынан жетелей бастады.

*шат – узкое ущелье

мәсі – ичиги (женские и мужские сапожки без каблука и твердого задника с мягкой подошвой

өткел – брод, переправа

дөңес – бугорок, слегка выпуклая поверхность

кенере – верняя кромка, верхний край

құбыла жақ – кыбла, сторона, в которой расположена Мекка

көде – охапка сена

кербетеге – ковыль, типчак

тобылғы – таволга

беткей – склон горы

төбешік – бугор, бугорок, холмик

обашық – могильник

құмайт – полупесчаная почва

шүңейт – впадина, выбоина

дуана – дервиш, странствующий отшельник

асы – богохульный

тасбысы (таспих)– четки (33, 66 или 99 бусинок, перебираемых при молитве)



!? 1. Ақбілек қайда жүр?

2. Кейіпкер қайдан келе жатыр?

3. Дөңеске неге шықты? Не көрді?

4. Дала суретін беретін жерді тауып оқыңдар.

5. Ақбілек кімді көрді?

6. Жазушы дуананы қалай суреттеген?

7. Әдебиет, тарихтан дуана туралы оқып па едіңдер?

8. Дуананы суреттейтін жерді тауып оқыңдар.

9. Дуана басқалардан қандай қасиетімен ерекшеленеді?

10. Жазушы қорлық көріп, қашып келе жатқан Ақбілекке дуананы кездестірді? Бұл жақсылық па, жамандық па? Неге?

11. Қара шаттан қашып келе жатқан Ақбілек сезімі қалай берілген?

12. Ақбілекті көргенде дуана не айтты? Оның Ақбілекті үйіне жеткізеріне сенесіңдер ме?

11. Үзіндінің мазмұнын айтыңдар.

2. Бейімбет Майлин (1894-1938)
!? 1. Б.Майлин қай жылы қай жерде туған?

2. Қаламгердің оқыған оқулары, қызметтері туралы айтыңдар.

3. Жазушы шығармаларындағы ортақ тақырып қандай болды?

4. Б.Майлин әңгімелері не жайында?

5. Повестері мен романы туралы айтыңдар.

6. Б.Майлиннің драмалық шығармаларын атаңдар.




# 1. Жер атаулары туралы не білесіңдер?

2. Жер атауларын кісі аттарымен атауда қандай себеп, мән бар деп ойлайсыңдар?

3. Өздерің тұратын немесе өздеріңнің көңілдеріңе жақын жердің атауы туралы не айта аласыңдар.

Шұғаның белгісі

(үзінді)

...Мен әңгімені неден бастарымды білмедім, жол жайын айтып өткенде «Шұғаның белгісі» дегені бар еді. Одан пәлендей сөз туады деп дәмеленбесем де, бастауға себеп болсын деп, ойлап:

– «Шұғаның белгісі» дегеніңіз не нәрсе, тау ма? – дедім. – Жоқ, әншейін, бір обашық, – деді...

– Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау, – деді. – Мен қайдан білейін, бұл жаққа бірінші келуім, – дедім... – Сіз білмейтіін шығарсыз, жассыз ғой. Уақытында Шұғаның әңгімесін бұл өлкенің баласына шейін біліп болып еді... ой, шіркін, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау, – деді. – Шұғаның әңгімесін айтсаңыз қайтеді, жол қысқарсын, - дедім. – Айтайын, - деді. «... Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы – жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, жаппастың алды деуге боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «өгіз сойған» ең шұрайлы жеріне қонушы еді. Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды – шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды. Шұға десе, Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті еді-ақ... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы үріп ауға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін...

...Шұғаның сонда он алтыдағы кезі шығар, деймін. Елдің бозбалалары ертеңді-кеш қылжақтап сол ауылдан шықпайды. Ептеп сөз салдыратыны да болады. Бозбалалардың хатын таситын менің інім, Шұға біреуіне жауап қайтармайды.


III

Жалма-жан тұра сала далаға шықсам, сәске түс болып, күн ыси бастаған екен. Көлдің оң жақ беті жыбырлаған мал: қой, түйе... шоқиып-шоқиып жаппастың кішкене үйлері тұр. Көзімді ашып-жұма жөнелдім. Мен келсем, менен әлдеқашан бұрын, жұрт жиналып қалған екен. Тоқты сойылып, қазақ асылып, қайнап та жатыр.

Есімбектің үлкен үйі лық толған адам, қымыз ішіп әйдәй қызды-қызды болып жатыр екен. Мен тегіс араладым. Бір отауда Шұға кездесті. Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым. Апырым-ай, адамзатта ондай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдіріндей осы аппақ. Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған, қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік, өзі сұлу адамды мүлдем одан жаман жандандырып, құбылдырып тұрды. Маған қарап Шұға күлді.

– Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, – деді. Мен не айтарымды білмедім. Бұрын әзілдесіп сөйлесе беруші едім, бұл жерде тілім байланды. – Мынау аттан түсіп жатқан кім? – деді Шұға. Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім.

– Әбдірахман ғой, - дедім. – Әбдірахманың кім? – Қазақбайдың баласы. – Иә, әлгі учитель балсы ма? – Иә. – Жап-жас жігіт екен ғой, – деп, бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті. Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның бізге сығалап тұрғандығы білінді.

IV
... Сіз білмейсіз ғой... – деп жолдасым қаракерді шаужайлап қатарласты. Cіз білмейсіз ғой… бізбен ағайын, жасы менімен түйдей құрдас Әбдірахман деген болды. Жасында болыстың үйінде бұзау бағып өсіпті. Ол уақытта болыстың үйінде ауылнай болатын. Балалармен араласып жүріп учительден оқып, төрт жылдан соң, школды бітіріп шығыпты. Әбдірахман өзі айтатын: күндіз қозы мен бұзау бағам, кешке келгенімде учитель бір шын мұсылман жігіт еді, «байлардың балаларынан да маған сенің оқығаның керек қой» деп түннің бір талайына дейін оқытушы еді. Ақырын да сол учительдің тырысуының арқасында школды бітірдім... Менің учительге өтеп бітіре алмастық борышым бар, – деді.

Әбдірахманның әкесі өте кедей болған адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтан құтыла алмады. Ақырында, он екі-он үштегі шамасы болса керек, тұрған байынан қашып дуанға барып, бір ноғайға жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді. Бір-екі жылға шейін жаз жалданумен болды. Берірек келген соң жаз байларда орысша бала оқытты. Ақырында әйтеуір школды бітіріп шықты.

Әбдірахман школды бітіргенде дабысы жер жарды. Өте зерек болған ғой, учительдері де мақтаса керек. Дуандағы нәшендік «тілмаш» бол деп өтінген екен, болмай елге келді. Нақ сол кезде болыстың песірі өліп, песірсіз тұр еді. Әбдірахманға песір бол депа жабысты, оған да болмады. Жамантік болысындағы бір байдың школына барып бала оқытты. Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады.

* лек – поток, волна

куә болу – быть свидетелем, быть очевидцем

дәмеленбеу – не надеяться

жаппас – называние рода, племени

қасқыр – здесь: сильный, храбрый

бұлаңдап өскен – расти беззаботно, в достатке

үріп ауға салғандай – очень красивая

тілегін берген – здесь: счастливый

паң – гордый, высокомерный

қызды-қызды – постепенно нарастая, усиливая

көгілдір – птенец лебедя, лебеденок

аққудың көгілдіріндей – здесь: нежная, красивая

жандандыру – расцветать

сықырлауық – двустворчатая деревянная дверь юрты

дуан – центр округа

песір – писарь

!? 1. «Шұғаның белгісі» повесінің тақырыбы не?

2. Шығарманың қандай өзгешеліктері, жаңалығы бар?

3. Повесть қалай басталады?
4. Шұға есімі ел есінде неге жатталып қалды?

5. Әбдірахман кім? Оны неге ел құрмет тұтады?


6.Әңгімелеуші Шұға мен Әбдірахман оқиғасын қайдан біледі?

7. Шұғаны суреттейтін тұстарды тауып оқыңдар.

8. Шұғаның әкесі мен ағалары туралы не айтылған?

9. Әбдірахманды алғаш көргенде Шұғаның отаудың сықырлауығынан сығалап тұруының келесі оқиғаларға әсері бар ма?

10. Әбдірахманнның қызметке қызықпай бала оқытуынан қандай қасиеті көрінеді?

11. Шұғаны Жамалмен ( «Бақытсыз Жамал» романындағы), «Ақбілекпен» («Ақбілек» романындағы) салыстырыңдар.

12. «Шіркін, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау» деген сөздерден не ұқтыңдар?

13. Үзіндіні рөлдерге бөліп оқыңдар.

14. Повесті толық оқып шығыңдар.

15. Үзіндіні әңгімелеңдер.


3. Ілияс Жансүгіров (1894-1938)

!? 1. І.Жансүгіров қашан, қай жылы дүниеге келген?

2. Ақынның қызметтері туралы әңгімелеңдер.

3. Алғашқы шығармалары қалай аталды?

4. Ілияс ақынның поэмаларын атаңдар. Поэмаларының ерекшелігі неде?

5. «Құлагер» поэмасының кейіпкері Ақан серінің шығармашылығы туралы айтыңдар.

6. І.Жансүгіровтің драмалық шығармаларын атаңдар.



Жетісуда су суреті

(үзінді)


Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,                                                         

Балқашты қамыс қамап желкілдейді.

Аттанған алты өзені Жетісудің

Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.

Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,                                                  

Тұмсығын қас қаққанша еркіндейді.

Бұлқынса анда-санда ала бура,

Жетісу желпең қағып селкілдейді.


Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,                                                

Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,

Асқардың ақтарылған ағы емес пе,

Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап?

Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:

«Қолың бер, құт, береке» дейді «тумақ!».

Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,

Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат.


Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,                                                    

Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,

Алыстан арып көшкен керуендей,

Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,

Елге де, егінге де қарайласпай,

Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.

Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,

Естісең ертегіні ескі сөзден.


Арқырап асау Шелек орыпты тас,

Бурадай бұлқынады көк ала бас,

Ол баста Күншығысқа шыға шауып,

Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.

Айдынды айдағардай күміс көл бар,                                               

Алысқан таумен, таспен алып болмас.

Қожыр тас қопарыла құмға айналып,

Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас.

* мөлтілдеу – здесь: блестеть

желкілдеу – развеваться

бауырымдап еңкілдеу – плакать навзрыд, здесь: торопиться, спешить

селкілдеу – трястись, дрожать

тоңмойын – упрямый

етек – здесь: вниз

қожыр тас – шершавый камень

жым-жылас – пусто, тихо


!? 1. Жетісудың алты өзені қай көлге құяды?

2. Ақын Ыстықкөлдің, Балқаштың, алты өзеннің қимыл, қозғалыстарын қандай сөздермен береді?

3. Ыстықкөлдің мөлтілдеуінен, Балқаштың желкілдеуінен, алты өзеннің бауырымдап еңкілдеуінен сулардың қандай қасиетін көресіңдер?

3.1. Молдығы;

3.2. Тегеурінділігі;

3.3. Әдемілігі;

3.4. Тазалығы.

4. Өлеңде айтылған өзендерді Қазақстан картасынан қараңдар.

5. Үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.

Құлагер

(үзінді)


Көкшетау жер жаннаты жеке біткен,
Бұл сұлу кең далада бойын күткен.
Жомарт тау дастарқанды, момақан тау,
Шипа тау тазартатын барлық дерттен.

Көкшетау – көп жердің бір көркем жері,


Қыз орман, Бурабайдың мөлдірлері.
Жамылып жасыл барқыт, асыл құндыз
Түрленген тоты құстай тау көркемі.

Сайраған бұлбұлындай әншілері,


Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.
«Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған»,
Қонысы Абылайдың бір күндегі.

... «Ауылы Сырымбеттің саласында,


Ақ сұңқар ғашық болып баласына».
Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа,
Тұр таулар ән шырқалған арасында.

«Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,


Дүниеден аулақтанған дабыр - дүбір, 
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,          
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.

Не еткен жан, әлде даңғыл, әлде мұңғыл?


Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр» -
Осылай ертегі қып кетуінде
Елдің де ескі аузында жоқ па екен сыр?

Салғанда шалқып, шырқап әр түрлі әнге,


Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме.
Жетісу, Ертіс, Арқа жүген жаттап,
Байбайлап салған әнін «Құлагерге».

Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,    


Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.
Елімнің есігінен иттер қуған
Сорлының сүйреген ел басын төрге.

...Қазақта Құлагерді көп айтады,


«Серінің серігі еді» деп айтады.
«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,
Тегінде мал көрмесе, неге айтады.

...Қанды кек ел арасын ушықтырған,


Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.
Асыл ер, арманда жар опық жеген,
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.

Қырдағы қара сойыл бақандаған,


Қалада қара жүрек қаһарланған.
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.

...Ішінде өрті жанып басылмастай,


Шемендеп дерті кеткен ашылмастай.
Тентіреп тауда, таста неге жүрді,
Тасталып танылмаған асыл тастай?

Бай басып, батыр әлде жасқаған ба,


Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?
Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын
Ұядан садағалап тастаған ба?

Таба алмай тыныштықты туған елде,


Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық,       .
Төсеген талай ерлер оққа кеуде.

Жақсы боп елден өлім талай ерге,


Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?
Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген
Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?

...Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,


Кісі ме ед ақындықтан құр алақан?
Ортасын олқы көрген бұл да дара,
Имеген иттерге бас сері, дарқан.

Еріксіз ерте туған ел еркесі,


Жетпестен қиылатын ер желкесі.
Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,
Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?

Қайт болып қара күштен меселдесі.


Халықтың қайғыда өткен нешен досы.
Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан
Қара күш, қаңқу сөздер – кесел де осы.

Тегінде тегін бе екен Ақан сері,


Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?

Туғаны Арқадағы Арғын елі,


Өскені Көкшетаудың шалғын жері;
Ащы тіл, асау мінез қылығынан
Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?

*жер жаннаты – рай земной

қу бас – высохший череп

байбайлау – здесь: оплакивание

қара сойыл – здесь: злой, зловредный

шемен, шер – здесь: страдание, горе

қаңқу сөздер – сплетня

садағалау – здесь: толкать

жаныштау – давить (многократно)

пері – здесь: ненормальный, подвергаться воздействию злого духа

құр алақан – с пустыми руками, ни с чем

опық жеу – сожелеть, горько сожелеть

кемеңгер – гений
!? 1. Ақан сері туралы айтпастан бұрын ақын Көкшетаудың сұлу табиғатын жырға қосады? Неліктен бұндай тәсілге барды деп ойлайсыңдар?

2. Ақан серінің сері екендігін көрсететін, қырағы құсы мен тұлпары, әні туралы айтылатын жолдарды тауып оқыңдар?

3. Поэмада Лермонтов, Пушкин аттары аталады? Неліктен деп ойлайсыңдар?

4. Ақан жалғыздығын ақын қалай түсіндіреді?

5. Ақан серіге мінездеме жасаңдар.

6. Сері туралы айтылған анықтауыш сөздерді табыңдар. Оларға түсініктеме беріңдер.

7. Үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.
4. Жамбыл Жабаев (1846-1945)

!? 1. 10 сынып материалдары бойынша Жамбыл туралы білетіндеріңді еске түсіріңдер. Қандай айтыстары, дастандары бар еді? 2. Жамбыл Кеңес өкіметі кезінде қандай Одақ көлемінде өткен шараларға қатысыпты? 3. 1916 жыл оқиғасына қатысты қандай шығармалары бар? 4. Ақынның Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған өлеңдерін атап, маңызын айтыңдар.

Ленинградтық өренім

Ленинградтық өренім,


Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.

Шамы Күндей жайнаған,


Аспанға үйлер бойлаған…
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!

Жабықпағын Ленинград!


Отан әмір берген шақ.
Сап-сап қол барар
Қорғап сені ол қалар.
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар?
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін,
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім,
Қаласында Лениннің,
Сайыпқыран өренім…

*өрен –молодое племя қоршау– блокада арқа сүйер – иметь поддержку, опору бұлақ – исток құс ұйқылы – здесь: бодрый сайыпқыран – настоящий герой айбын – доблесть


!? 1. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі қай кезде жазылды? Жазылу себебі неде?

2. Ленинград қаласы туралы не білесіңдер?

3. Қоршауда қалған қала жайы қандай еді?

4. Ақын өлеңін қала халқы қалай қабылдады?

5. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар.
«Алатауды айналсам...» өлеңі

III


Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сары-Арқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңіренем
Көзіме жас алам да.

III
Құр сүлдерім, есім жоқ,


Жүріп тұрған десім жоқ.
Деп қараймын сәбиге:
«Игіліктің кеші жоқ!»
Бала қалды жетім боп,
Келін қалды жесір боп,
Біздей кәріп кісіге
Көз салыңдар есіркеп.

IV
Темір өзек пенде жоқ,


Өлмес адам елде жоқ,
«Орынсыз деп өлімі»,
Ондай ойлау менде жоқ.
Көп жайланған жабының
Жал-құйрығы сұйылар...
Сол сияқты Жамбылдың,
Жұқарыңқы түрі бар.
Көңілі бос — кәрінің,
Көкейлерің ұғынар,
Көтермей жан жалынын,
Көзден жасы құйылар.

!? 1. Өлең не туралы?

2. Кейіпкердің ішкі жан күйзелісі не? Жанына медеу ететіні не?

3. Ақын өз жан күйзелін қалай жеткізеді?

4. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар.

*айналу – обходить вокруг

сандалу – здесь: искать

саңлақ – отборный, лучший, избранный

кәріп – беспомощный

күңірену – предаваться безутешному горю

құр сүлдер – в чем душа ( только) держиться

есіркеу – проявлять заботу

өзек – здесь: живой человек

жұқарыңқы – здесь: печальный
5. Сәбит Мұқанов (1900-1973)
!? 1. С.Мұқанов қашан, қай жерде дүние келген?

2. Тұрмыс қиыншылықтарымен күресіп өскен қаламгер шығармаларының ерекшелігі қандай?

3. Жазушы поэзиясы туралы айтыңдар.

4. Прозалық шығармаларының тақырыптары қандай?

5. XX ғасыр басындағы қазақ қаламгерлері әр түрлі бағытта мәнді еңбектер тудырды. Ол көркем шығарма болсын, ғылыми еңбектер болсын әлі де бағасын жойған жоқ. Бұның себебі неде деп ойлайсыңдар?

# 1. Күрес туралы, әсіресе қазақша күрес туралы не білесіңдер?

2. Қазақтың атақты қандай балуандары бар?


«Балуан Шолақ» повесі. Жазушының Балуан Шолақ повесі – қазақ әдебиетіндегі өнер адамы туралы шығармалардың бірі. Повестің кейіпкері – қазақ тарихында палуан, цирк өнерпазы, ақын, әнші-композитор Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) шығарма балуан Шолақтың балалық шағынан басталады. Оның ақын, әнші-композитор ретіндегі бейнесімен бірге XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқына әлі де бейтаныс цирк өнерін меңгерген алғашқы өнерпаз ретіндегі бейнесі ашылады. Балуан Шолақ туралы айтылатын өзгеше әңгіменің бірі – Көкшетау қаласындағы үлкен жиында 51 пұт (1 пұт 16 келі, 816 килограмм) болатын кірдің тасын көтергендігі. Жазушы повесте «Балуан Шолақ» еңбегінде палуанның тұлғасы айырықша суреттеледі. Онда: «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай», зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесіне оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық…» – деп келтіреді.
7. Балуан Шолақ

...Жеті ояздан жиналған жұртта, бәйгеге қосылатын мыңға жақын ат бар, солардың ішінде ерекше ауызға алынған – Ақан серінің Құлагері. «Белдемесінде қанаты бар дейді, аз шапқаннан кейін құс болып ұшып кетеді дейді», деседі жұрт ол туралы. Талай саңдақтың иелері Құлагерді барлайды да, өз аттарынан түңіледі. «Құлақ естіген жерде бұрын бәйге бермеген Құлагер, бұл жолы да шалдырмас» деседі жұрт.

«Бәлен балуан кепті, түген балуан кепті!» - деген күңкілдердің ішінде ауызға ерекше түскені «Қарақыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы-мыс» деген «Түйе балуан» атанған біреу. Көріп қайтқандар ол туралы шошына сөйледі:

– Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, саны кеудедей, кеудесі кигіз үйдей, құлағы тебіндей, басы қазандай, аузы жырта қарыс, екі ерні – екі кесек ет, түксиген қабағына біткен қалың қас желкілдеп кішкене көзін жауып тұр, тұла бойы түксиген жүн, қылдары жылқының ту құйрығынан қатты, бойының тұрқы нар түйедей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі – арыстаннның күрілдегені сияқты. Мойны бұрылмайды, – қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жүк көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны әрең қанады!..

– Онымен кім күресер екен? – деседі жұрт.

– Әй, ешкім күреспес, өлгісі келген біреу болмаса!..

– Қап! – дейді біреулер өкініп, – бас балуанның бәйгісі түйе мен ат бастаған, құндыз бен жібек шапан қосқан жүз ірі қара деп еді, сол бәйгіні енді күрессіз алады- ау, сабаз!..

– Қой, – деді біреулер, – түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісін. Ел ғой, біреу табылар.

– Әй, кім білсін!..

Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ.

Әдетте «Арғын аға баласы» деп, аста, тойда бас балуан шығаруды ел Арғынға ұсынатын. Бірақ бұл жолы Арғынға жол тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді.

Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. Тойда, аста олар бірге отырады.

...Жиын жұрт бүгінгі мәжілісті балуан күрестіру қызығымен өткізбек болды.

...Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген Қыпшақ Түйе балуанға еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды.

– Кәне, қайсың шығасың! – деп Керей, Уақ дәмелі балуандарының бәріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді. Керейдің ішінде: сегіз оязға аға сұлтан болған Сағынайдың « Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр.

...Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғары ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сарысұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды.

Нұрмағамбет «Паңмен» үйде де, түз де өзі ұлықсат етпей ешкім амандаспайтын еді. Мына жігіттің екпіндеп кеп қол беруі оған ұнамады.

– Кім баласысың? – деді, ол семіз бетін тыржита қарап.

– Әкемнің аты – Баймырза, – деді жігіт екілене сөйлеп, – өз атым Сіздің атыңыз сияқты – Нұрмағамбет.

– «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, – деді Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, – Атың жақсы екен. Қай елсің?

– Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім – Үйсін. Абылай ханның заманында атам батырлықпен еріп кеп, Керейден қатын алып тұрып қалған екен. Содан тараған төрт-бес үй бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата! – деді Нұрмағамбет сөйлегісі келген паң Нұрмағамбетті кимелеп, – Рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі – өз жұрты, біреуі – қайын жұрты, біреуі – нағашысы» – деп еді. Задым Үйсін болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласымын.

Паң Нұрмағамбет, жігітке жауап берудің орнына айнала қарап еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді.

...«Я, аруақ, қолдай гөр!» – деген дауыс Керей, Уақ жағында қаққан қоңыраудың дауысындай тұтасып күңгірлеп кетті.

Ол кездегі ауыл әдетінде қара жолды балуан аттамайды. Нұрмағамбет оны тыңдаған жоқ, қасына ергендердің «тоқта!» дегенін елең қылмай өтіп кетті. «Қап! – десті Керей жағы, – кесірге ұшырамаса жарар еді, жолды аттады- ау!».

Түйе балуан да түрегелді. Дағдылы көзге ортадан жоғарырақ көрінетін Нұрмағамбет бойының биіктігі, Түйе балуанға қатарласқанда байқалды, – өзге адам кеудесінен келмейтін Түйе балуанның бұл иығынан келеді екен.

...Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң тізесі бүгіліп барып, әрең дегенде түрегелді.

- Жықты! Жықты!.. – десті Керей жағы жүгіріп. Әдетте тізесін бүксе – балуанның жығылғаны.

...Бұрын мұндай күшке кездеспеген Түйе балуанның ашудан бетін түгі шықты. Ызаланған Түйе балуанның самайынан тері, аузынан көбігі ағып, енді жағадан ап үйіруге ойлаған кезде, Нұрмағамбет оның ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол қалыппен бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріп-үйіріп, сылқ еткізіп шалқасынан тастап жіберді. Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра аламай қалды. – Қа-быр-ғам! – деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендерге, – сын-ды білем...

Нұрмағамбетті Керей жағы төбелеріне көтеріп әкетті.

Паң Нұрмағамбет балуан Нұрмағамбетті қарсы алдына шақырып алды да: – Жай қолыңды! – деді.

– Нұрмағамбет екі қолын, алақанын жайды. – Жігітім, жарайсың. Күшіңе сүйсіндім, – деді Паң. – Не бата тілейсің? – Тілеп бата ала ма, Паң ата? – Екеуіміз аттас екенбіз, – деді Паң, – сен Нұрмағамбетті қойып, «Балуан» деген атқа ие болсаң қайтеді? Оны азсынсаң, қасына «Шолақ» деген сөзді қосайын!..

– Паң, берер батаң «Балуан» деген атақ болса, мынау көп ол батаны мана айтқан!

– Я, рас... айтқамыз... «сүйгенін шұнағым» дейді... Халықтан сүйген атын ол алған... Оның аты «Балуан Шолақ!» – деген дауыс ду ете түсті. Көптің құлағында бірнеше күнге шейін осы бір үн ызыңдағандай болды да тұрды.

Шолак

... В ауле Токсанбая, как всегда на крупных поминках и богатых пиршествах, только и было разговоров о борцах да о скаковых лошадях. Из семи уездов набралось около тысячи добрых скаковых лошадей. С особым восхищением говорили о скакуне Кулагере, который принадлежал Акану-Сере.

... Почти во всех аулах готовили скакунов к этим поминкам, надеясь на богатый приз. Но увидев Кулагера, владельцы скакунов сокрушенно качали головой: первый приз возьмет Кулагер,– заключили они.

В разговоре о знаменитых борцах особо отмечали приезд якобы потомка легендарного богатыря Кобланды из рода Кара-кипчак, прозванного за огромную гуру Бурой – верблюдом. Видевшие знаменитого потомка взахлеб рассказывали:

– Руки у него толщиной с бедра обычного человека, пальцы – толщиной в руку обычного человека, а ляжки как туловище обычного человека. Уши – в половину потника, голова с котел, рот как пиала, губы как два ломтя мяса. Брови нависшие, глазки маленькие, а все тело покрыто густыми волосами, наподобие хвоста взрослой лошади. Ростом он с одногорбого верблюда. На каждое плечо можно свободно усадить по одному человеку. Голос его подобен реву льва. Шея не поворачивается, поэтому он поворачивается всем телом. За один присест съедает целого барана, а кумыса может выпить полный суйретпе – десятиведерный бурдюк...

– Кто же с ним будет бороться?

– Ой, да никто не будет! Бороться с ним – идти на верную смерть!..

– Вот это да! – говорили одни с завистью. – Борцу – победителю назначен приз: сто быков и коров, и шелковый халат, отделанный выдрой. Удалец все это получит без борьбы, ай-ай-ай!

– Нет! – утверждали другие. – Если борец Верблюд вышел из народа, то неужели народ не даст другого равноценного борца...

– Да кто его знает!

На поминки прискакали из четырех родов: аргынцы, кипчаки, кереи и уаки.

... Как только улеглась пыль за табуном скакунов, началось состязание по борьбе.

Как уже было сказано, аргынцы не имели права выставлять сегодня своего борца, поэтому главного борца выставили кипчаки. ...Накинув на голые плечи халат, Бура неторопливо вышел к дороге и, в ожидании противника, сел у обочины, поджав ноги. Сопровождавшие его товарищи казались воробьями рядом с орлом.

– А, ну-ка, кто из наших выйдет на борьбу! А, ну, кто смелый? – бодро начали восклицать кереи и уаки, выискивая и подзадоривая своих борцов.

Знатный керей, сын Сагная, бывшего султана – правителя восьми уездов, Нурмагамбет, прозванный Надменным, недовольно воскликнул:

– Кереи и уаки! Неужели в ваших семьях не родилось ни одного настоящего сына? Где ваши достойные продолжатели рода? Или вы растите одних недоносков? Зачем тогда гордо именуете себя народом?..

Тогда из толпы поднялся юноша выше среднего роста, с широкими плечами и узкой талией, с большими и наивными, как верблюжонка, глазами, с едва заметным пушком на верхней губе. ...То, что юноша без особого на то дозволения первым протянул руку, не понравилось Надменному.

– Чей ты сын? – спросил он, недовольно прищуриваясь.

– Моего отца зовут Баймырза, – ответил юноша звучным голосом. – А меня зовут, как и вас, Нурмагамбетом.

–По народной пословице – плохой собаке дают кличку Волкодав, – ответил Надменый, недовольный тем, что какой-то безвестный джигит носит его имя. – Но тебе дали хорошее имя. Из какого ты рода?

– Нет, я не из здешних могучих родов, предки мои были из рода Уйсун, который говорят, живет на семи реках, возле гор Ала-Тау. Мой дед был батыром. Он женился на девушке из рода Керей и остался жить в этих местах. Сейчас мы проживаем в одном из аулов кереев, но нас до сих пор считают пришельцами. Разрешите мне отстоять честь кереев и выйти на борьбу с кипчаком. В народе говорят, что каждый герой принадлежит трем племенам: во первых, тому, от которого он сам произошел, во-вторых, – племени своей жены, в-третьих, – племени своей матери. Хотя я по происхождению из рода Уйсун, все равно по женской линии я сын кереев и имею право защищать их честь.

Надменный не отвечал юноше, переглянулся с аксакалами. Старцы стали уговаривать его дать согласие на борьбу.

... – Да благословит его дух предков! – восклицали кереи.

По обычаю того времени борцы не должны были переходить дорогу. Но Нурмагамбет, не обращая внимания на предостережения сопровождающих его товарищей, не остановился вовремя и перешел дорогу.

– Ох, напрасно, зачем он это сделал!.. – загомонили кереи. – Не надо было переходить дорогу. Теперь бог может покарать его!..

Бура поднялся навстречу ему, и все увидели, что юноша на целую голову ниже своего противника. ...Нурмагамбет, ухватясь обеими руками за кожаный пояс противника, сделал слева резкий толчок. И Бура не удержался, согнул правое колено и с усилием, еле, еле выпрямил его. Кереи тотчас подняли шум:

– Поборол, поборол!.. Победа! – И бросились к борцам поближе. По обычаю, если один из борцов вплотную, и разгорелся спор – победил юноша или не победил?

...Оскорбленный неожиданным поражением, Бура пришел в ярость... Он решил во что бы то ни стало согнуть Нурмагамбета, попытался обхватить его, но напряженные, литые мускулы юноши мешали сделать обхват. Руки Буры безуспешно срывались с тела противника. Поняв, что мальчишку невозможно ухватить покрепче, так, чтобы оторвать от земли, Бура ухватил его за пояс и начал стремительно кружить вокруг себя, стараясь клонить его то вправо, то влево. Но какие бы выкрутасы он ни выделывал, ловкий Нурмагамбет неизмено становился на ноги. ...Он зло схватил Нурмагамбета за ворот , но в это время юноша изловчился, напряг мускулы, оторвал от земли Буру, закружил и бросил на спину. Бура тяжело грохнулся на землю. Тогда Нурмагамбет, подгоняемый криком толпы, вприпрыжку, радостный, направился к кереям.

– Ребро... – с усилием проговорил Бура, пытаясь поднять голову, - ребро, должно быт, сломано.

...Надменный велел молодому борцу встать перед ним, протянуть руки вверх ладонями, а затем сказал:

– Ты молодец, юноша, ты настоящий джигит! Я восхищен твоей силой. Скажи, какого благословения ты от меня желаешь? – Я не могу выпрашивать благословения.

– Нас с тобой называют одним именем, – продолжал Надменный. – Отныне я хочу, чтобы народ называл тебя по-другому. Как тебе нравится прозвище Балуан? Если этого мало, то к нему я могу прибавить еще одно точное слово – Шолак.

*Ақан Сері – знаменитый казахский композитор

Балуан – борец, силач

Шолак – кортокопалый, культяпый


!? 1. Асқа жиналған төрт ру кімдер?

2. Түйе балуанның портретінен не ұқтыңдар? Портретін суреттеңдер.

3. Түйе балуан мен Нұрмағамбет арасындағы күрестің жүріс барысын белгілеп, жүйелеп көріңдер:

а) Түйе балуанның тізесінің бүгілуі;

ә) Нұрмағамбет ұстап тұрып, босатып жіберді... Ары қарай жалғастырып көріңдер.

5. Түйе балуан мен Нұрмағамбетті салыстыра суреттеңдер.

6. Нұрмағамбеттің Паңнан бата алуынан не түсіндіңдер. Неліктен Шолақ атанды ?

7. Үзіндіні екі тілде оқыңдар. Мазмұнын әңгімелеңдер.

6. Мұхтар Әуезов (1897-1961)

?! 1. М.Әуезовтің төменгі сыныптарда оқыған шығармаларын атап шығыңдар. 2. М.Әуезовпенен Абай Құнанбайұлы байланысын айтыңдар. 3. М.Әуезовтің алғашқы әңгімелерінен не көресіңдер? 4. М.Әуезов – драматург, бұл туралы не айта аласыңдар? 5. М.Әуезовтің қай пьесасын көрдіңдер немесе көргілерің келеді ? 6. М.Әуезовті әлем әдебиетінде кіммен салыстыра аласыңдыр? 7. «Менің Әуезовім» атты эссе жазып келіңдер.



«Абай жолы» эпопеясы. Жазушы «Абай жолы» эпопеясына сатылап жетті. Бала кезде санасына құйылған Абай бейнесін, көңілде тербете жүріп ұсынды. «Татьянаның қырдағы әні», «Абай Құнанбайұлы» деген зерттеу, ақын өмірінен либретто, сценарий, пьеса жазылды. Эпопея Абайдың он үш жасынан бастап есейіп, өсіп, саналы азамат, ел ағасы, нағыз ақынға айналып өмірден озған кезеңіне дейін барады. «Абай жолы» эпопеясындағы Абай Құнанбайұлы бейнесі өмірдегі Абай тіршілігіменен тікелей қабысып жатады. Кейбір тұстарда сәл өзгергенмен, негізгі Абай сол қалпында берілген. Эпопеяның ерекшелігі әр кейіпкер өз мінезіменен көрінеді. Егер Абайдың әкесі Құнанбай салт сақшысы биік билік иесі болса, Сүйіндік – жадағай жалтақ, Байдалы – табанды, қырсық мінез, Бөжей – терең ақыл, төзім иесі, Қаратай – жеңген жақпен бірге болып көрінсе, Тәкежан, Майбасарлар – билік бауына мастанған жандар, ал Зере мен Ұлжан – шын ақыл иегерлері болып табылады. Эпопеядағы әр кейіпкер басқа кейіпкерге ұқсамайды, әрқайсысы өзінің ұстанымын шығарма соңына дейін жеткізеді. «Абай жолындағы» Абай бар кемшілігіменен, жетістігіменен көрінеді. Ол да Тоғжанға қосыла алмай өкінеді, кейін Әйгеріммен ұғыса алмайды. Бауыры Оспаннан, балалары Әбдірахман, Мағауиядан айырылып зардап шегеді. Төрт кітаптан тұратын үлкен шығарма оқығанын ертіп әкетіп қалың ойларға жетелейді. Сондықтан да, қазақ әдебиетін айтқанда «Абай жолын» айтпау мүмкін емес.

# 1. Өнер адамдары туралы не білесіңдер? 2. Өздерің еліктейтін өнер адамы бар ма ? 3. «Мен – өнер адамымын» тақырыбына әңгіме құраңдар.

«Абай жолы»

(үзінді)

Әлемде сөзден күшті не бар екен?! «Сөз өңменіңнен өтеді ғой» деген Қаратайдың тағы бір тапқыр сөзі еске түсті.

Осындай өз ойымен өзі боп, ішінен аса қатты теңселткен бір күшті сезген Абай көшені де, көшедегі жүргінші де аңғармай, көрмей келе жатыр.

Бір пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы шыққан үш аттыға көзі түсті. Аңырып тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. ... Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап еді, жақындап тұстас келді.

Сол уақытта Абай үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

– Ассалаумағалайкүм!.. – деп сәлем берді.

Медреседе жүргенде: «Көшеде қазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер үйретуші еді.

Абай көптен бері ешкімге бүйтіп сәлем беріп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелі Бөжейдің көрінгені – осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай келді ме?.. Қалайша бүйтіп әдет шығарғанын Абайдың өзі де байқамай қалған-ды.

Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайлыққа Бөжей оң назарын салды, білем... атының басын тежей беріп:

– Уағалейкумәссәләм, балам!.. – деп тоқырай қалды.

Байсал Абайды жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып:

– Өй, мынау екен ғой, жә, жүрші! – деп, атын қозғай беріп еді, Бөжей:

Тоқташы! – деді.

– Ей, сол антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?.. – деп, Байсал Абайға қабағын түйе қарады.

Абайдың екі беті ду ете түсті. Оқыс жалын беті емес, ішін де, шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады.

Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты. Байыптап қарап алып: – Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ, өздігіңнен істедің бе? – деді. – Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!.. Абай болса, күндізгі өзін көңілдендірген күйін ұмытпаған болатын. Қарқаралының кейбір көше қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі естіген жоқ-ты. Жаңа кешке жақын ғана Алшынбай бұл үшеуіне кісі жіберіп, өз пәтеріне асқа шақырған екен. Не сөз барын білмесе де, соған аттанып бара жатқан беті осы еді.

Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да: – Әкең айтпай өзің білген болсаң батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым – деді... Абайға бұрылып: – Ендігінің жүгі сенде қалар, жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін, – деп бетін сипады. Абай да Бөжейге қадала қараған қалпында бата қылып, бетін сипап еді...

Аттылар жүріп кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап:

– Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің...– деді.

Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды.

Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ, әлде, Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді! Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма?..Мырзалық па? Жоқ, әлде, Абайды аз білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!..

Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзімшілігі қатты ырза болды. Абайдың іші ала қызып, бір түрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. Әлдеқандай өріс іздегендей. Енді асыға жүріп келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. Екі көше адасып, пәтерінен асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді.

Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...

Өзі салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді. Сонда ымырт жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы қоюланған сайын, көк қаршыға, өрттей қаршыға, секунд санап жалындай шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай сезді. Бүгін бір түрлі сергектік, сезімділік бар...
*өңменінен өту – пробили тело, здесь: сильно обидеть

пұшпақ – здесь: край, крайняя часть

көлденеңдеп келу – становиться на пути (чтобы остановить его)

күрең төбел ат – бурый лошадь со звездочкой на лбу

төсін басу – проявлять уважение

ықылас білдіру – показать благосклонность

қазірет – хазрет: титул высокопоставленного мусульманского духовного лица

халфе – духовное лицо, наставник в медресе

оң назар – благосклонное внимание

жанар – блеск глаза

ендігінің жүгі – груз будущего, здесь: тяжесть времени

қаттылық – здесь: жестокость

сексеуілдің шоғы – здесь: глаза горят как огонь

құлаш сермеу – устремляться к чему-л.;

ымырт – сумерки

апақ-сапақ – время под вечер



!? 1. Абай кімдермен жолықты?

2. Ортадағы Бөжейдің көңіл күйін танытатын сөздерді тауып оқыңдар.

3. Абай Бөжейлерге қандай ықылас, көңіл-күймен сәлем берді?

4. Неге бұлай істеді деп ойлайсыңдар?

5. Абай сәлемін Байсал қалай қабылдады? Не деді?

6. Абай жауабы туралы не ойлайсыңдар. Не ұқтыңдар, түсіндіріп көріңдер.

7. «Ендігінің жүгі сенде қалар, жолың болсын!» деген Бөжей сөзінен нені ұғуға болады?

8. Абай неге қуанды?



9. Жасы үлкен адамдардан бата мен алғыс алып көрдіңдер ме?

10. Үзіндіні мәнерлеп оқып, мазмұнын айтыңдар.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет