Қазакстан республикасының білім және ғылым министрлігі


XIX ғасырдың 20-30 жылдарындағы отарлық саясатқа қарсы көтерілістер. (Саржан Қасымов және Жоламан Тіленшіұлы )



жүктеу 0.64 Mb.
бет2/3
Дата02.12.2017
өлшемі0.64 Mb.
1   2   3

1.2 XIX ғасырдың 20-30 жылдарындағы отарлық саясатқа қарсы көтерілістер. (Саржан Қасымов және Жоламан Тіленшіұлы )

Қазақстанда патша өкіметінің отарлық саясатының күшеюіне және ортаазиялық хандықтардың басқыншыларына қарсы халық бұқарасының наразылығы Кенесары Қасымов бастаған кең сипаттағы және ұзақ уақытқа созылған көтеріліске ұласқанға дейін біртіндеп күшейе түскен болатын. 20-30 жылдары болған Саржан Қасымов, Жоламан Тіленшіұлы бастаған қозғалыс.

XIX ғасырдың екінші ширегі Қазақстанды әскери отарлаудың шешуші кезеңі болды. Ресейдің қазақ даласына жүз жылдан астам уақытқа созылған отаршылдық әрекеті, оңтүстік аймақтарды қоспағанда, өлкенің барлық дерлік аумағының империя құрамына қосылуына әкеп соқты. Бұл Қазақстанның саяси бытыраңқылығының, күлделі сыртқы жағдайының салдарынан ғана емес, ал оның армиясы сол кезде Еуропадағы ең қуатты армиялардың бірі еді. 1825 жылы орыстың құрғақтағы армиясында 526 мың адам болды.

Жоламан Тіленшіұлы Кіші жүз қазақтары көтерілісінің басшысы әрі батыр болған. XIX ғасырдың 20 жылдары Табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерлерге бай Жаңа Елек ауданын патша өкіметі тартып алған кезде Жоламан батыр өз руын бастап күреске шыққан.

Алғашқы бұл жерлерді тартып алу Елек тұзын тасу үшін жаңа жол салу керек деген сылтаумен жүргізілді. Елек тұзын тасу үшін салынған жаңа жол біткен соң, тасымалдаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек деп бекіністі Шепті Елек өзеніне ауыстырды. Жаңа Елек Шебі 29 бекіністен тұрады. Қазақ халқы Орал, Елек, Берден және Құрат өзендері бойындағы жерлердің ең жақсысы 7 мың десятинасынан айырылды. Патша үкіметі бұл жерлерге орал мен Орынбор әскерлерінің казактары мен орыс шаруаларын қоныстандыра бастады. Қазақтар бекіністердің салынуына қарай өз жайылымдарынан ығыстырыла берді. Осы әрекеттердің барлығы Жоламан көтерілісіне себепші болды. Алғашқыда ол қазақтардың құқығын бейбіт жолмен қорғау мен тырысты.

Орынбор әскери губернаторы 1822 жылы Эссенге жолдаған хатында былай делінген: «Әбілхайыр ханның тұсында қазақтарға Оралдың арғы жағындағы шабындықтарды пайдалану және өзеннің жартысынан балық аулау еркіндігі беріліп еді, 1810 жылға дейін қазақтар бұл еркіндікті кедергісіз пайдаланды, ал кейін Ресей Елек өзенін алып, ірі бекіністер тұрғызып, бұрын берілген жерлерді пайдалануымызға тыйым салды. Ал біз болсақ, орманы суы жоқ иен далада көптеген ауылдарымызбен мұқтаждық көріп отырмыз.» /8/.

Әділеттілікке жетуге ұмтылған бұл хаты жауапсыз қалғанына қарамастан, бір жыл өткен соң 1823 жылы 6 тамызда Эссенге тағы да урядник Плешков арқылы хат жолдайды. Онда қазақтардың наразылығының басты себептерін айқын да ашып көрсетіп, олардың талаптарын баяндайды.

«Жоғары мәртебелі патша ағзамның мақсаты бізге дәл осындай арсыздықпен қарау емес шығар деп үміттенеміз. Егер олай болмаса мен тархан ретінде сізден Нарын құмдарын, жаз жайлап, қыс қыстаған өзен бойын, Жайықтың далалық жағын, Елек қорғанысынан тыс жатқан Елек өзенінің екі жағын да бізге беруді, сол жерлерге салынған ірі бекіністер мен отрядтарды әкетуді сұраймын. Егерсіздің қолыңыздан келмесе, онда патша ағзамға осы туралы хабарлауыңызды өтінемін, Онсыз да Санкт-Петербургке жіберген елшілеріміз Арынғазы Абылғазиев пен тархан Жүсіп Сырымовтың қайтып оралмауына байланысты және олардың елге оралуына император патша ағзамның неге рұқсат етпей отырғанын білмегендіктен ордалықтар мазасыздануда, егер біздің өтінішімізге патша ағзам құлақ асып, көңіл бөлсе, онда біз оған риза болар едік, егер олай болмаса, біздің ордалықтардың көңілі қалып, мазасы кетуі мүмкін».

Осылайша жіберген екі хаты да жауапсыз қалып, Жоламан 1823 жылы 3 қыркүйекте тағы да Эссенге алдыңғылардан да ұзақ етіп жаңа хат жазады. Бұл хатқа да Эссен жауап бермеді, оның орнына «тұтқындарды босатудағы үлкен табыстары» үшін Жоламанға 327 сомдық сыйлық жібереді. Сонымен қатар бір мезгілде Орынбор Шекара Комиссиясы Жоламанға бұдан былайғы келіссөздердің Шерғазы хан арқылы жүргізілуі керек екендігін хабарлайды. Ал Жоламан оны халқын сатқан опасыз ретінде өте жек көретін. Патша өкіметі тонаған қазақтардың өмір сүруге қажет талаптарын қажет талаптарын бейбіт жолмен қанағаттандыруға тырысқан жолдаманның әрекеттері осылайша нәтижесіз аяқталды.

Бірнеше рет жасаған әрекеттері сәтсіздікке ұшыраған соң Жоламан қарулы күрес жолына түсуге мәжбүр болды. Оның ұйымдастырған отрядтары шекара заставаларына, билеуші сұлтандардың қонысына шабуыл жасай бастады.

Жоламан Тіленшиевті ұстау үшін қазақ даласына қайта-қайта жазалау отрядтары жіберілді. Көтеріліске шыққан қазақтар осы кезде қарап жатпай, Жоламан Тіленшиевке қарсы жүргізілген барлық іс-қимылға белсене қатысушы, патша өкіметіне әбден берілген Шерғазы ханға да қарсы күресті Жоламан 1823 жылы күзде тұтқындағы жасауыл падуровты босату туралы келіссөз жүргізуге келген хорунжий Биккиниге Ресейге қарсы соғысты Елек өзені бойына бекініс шебі салғаны үшін жүргізіп отырғандығын, себебі ол жерлерде бұрын қазақтармен бірге мұның өзінің де мал азығына ыңғайлы жерлері болғаны, ал қазір тақыр далада көшіп-қонуға мәжбүр болғанын , олар үшін қазір аштан өлу немесе өз істері үшін күресіп өлудің бәрібір екендігін, Жаңа Елек Шебі бойындағы жерлер ордалықтарға берілмесе, Зен, Қамыс-Самар жанындағы қарауылдар әкетілмесе онда ордалықтар бекініс шебіне шабуыл жасауды тоқтатпайтындығын айтты /12/.

Жоламан көтенрілісінің кең қанат жайған кезі 1835 жылы болатын. Осы кезде Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, Қыпшақ рулары өз беттерінше күреске шыға бастады. Орск мен Троицк арасында Жаңа шеп салынуы оларды 10 000 шаршы шақырымнан астам жерінен айырылған болатын. Билеуші сұлтандардың ауылынна шабуыл жасау себептерін қазақтар сол сұлтандардың үкіметтің қазақтарға мал бағуға рұқсат алып беруге жарамай отырғандығғы үшін деп түсіндірді.

Көтерілісшілер қозғалысы 1838 жылы Кіші жүзде Бөкей ордасында халық көтерілісінің көсемдері Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов болған кезде ерекше өрлей түсті. 1838 жылдың орта тұсында қарай Елек қалашығынан Орск, Тройцк қамалдарына дейінгі шекаралық Шепке жақын жерде көшіп-қонған қазақтар көтеріліске қамтылды және олар топталып Торғай мен Ырғыз аудандарына көше бастады. Көшкен қазақтарды қайтару үшін және Жоламан көтерілісін басу үшін патша үкіметі қырға үш отряд жіберді.

Жоламан Тіленшиев қозғалысының басты мазмұны жер үшін, жоғалтқан жайылымдар үшін күрес болды. Осындай күрес орта жүздегі Саржан Қасымов қозғалысының да негізі болды. Саржан қозғалысына түрткі болған 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғының» енгізілуі еді. Патша үкіметі бұл «Жарғыны»жүзеге асыруға бірден кірісе қойған жоқ. Үкімет әуелі тиісінше дайындық жұмыстарын жүргізу керек деп шешті. Осы мақсатпен қырға, жеке қазақ руларымен жұмыс жүргізу үшін, осы приказдардың құрылуының қажеттігін дәлелдеуші патша тыңшыларын-қазақ сұлтандарын жібере бастады. Олар приказдар жергілікті халықтың мүддесін қорғау үшін ашылады деп дәлелдемек болды /23/.

Қазақ даласында 1824 жылғы алғашқы приказдарды құру үшін екі экспедиция жасақталды, бірі-Омбы облысын басқарушы полковник Броневскийдің бастауымен Көкшетауға жіберілді.

Сонымен 1824 жылы 8 ақпанда сұлтандар мен билердің белсене қатысуымен патша үкіметі бірінші Қарқаралы приказын құрды, оның бастығы болып аға сұлтан, подполковник Тұрсын Шыңғысов сайланды. Сол жылы подполковник Григоревский Көкшетау приказын құрды. Бұл приказдар патша өкіметінің Қазақстанды одан әрі бұғаулау ісінің басталуы рөлін атқарды.

Қарқаралы және Көкшетау приказдарының өз бетінше күреске көтерілген халық бұқарасына Саржан сұлтан басшылық етті, ол 1824 жылдан 1836 жылға дейін патша старшындарымен аға сұлтандарға қарсы қажымай-талмай күрес жүргізді. Саржан приказдарды жоюды, қазақ даласынан әскерлерді әкетуді және қазақтардың бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап етті.

Қожан, Тама, Айдабол, Байдәулет руларының қазақтары 1825-1826 жылдары Саржан Қасымовтың туының астына көтеріліске шығуға жиналды. Осы уақытқа дейін көтерілісшілер саны көбейіп қалған болатын. Осыған орай Қарқаралы округтік приказының 1826 жылғы 14 маусымдағы хабарында былай делінген: “Мына соңғылары 1000 -ға жуық жиналған адамымен болыстарды төңіректеп, оларға өздерінің салық жинаушыларын жіберді, бағынбағандарға шабуыл жасап, тонап кетеді.” Көтерілісшілердің қатары күннен күнге көбейе түсуде. 1826 жылдың ротасына таман Саржан өзінің ордасын Бұғылы және Тағылы деген еді мекенге көшіреді. Осы жерде оған Қаракесек, Үйсін, Жағалбайлы және Шор болыстарының қазақтары қосылды.Саржан бауыры Есенгелді екеуі ауылдарды аралап, жұртты өкімет пен аға сұлтандарға қарсы күреске шақырды. Ол әсіресе Бөкей ордасының сұлтандарын өте жек көрді, оның ішінде Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысовқа да өш еді /12/.

1826 жылы тамызда Саржан өзінің отрядымен Қарқаралы округіне шабуыл жасады. Саржанның Қарқаралы маңында көрінгені туралы хабарлай отырып, Омбы облысының басқарушысы полковник Броневский былай деп жазған: “Саржанға барлық қарақшылар жиналуда. Олар Ордадағы барлық тыныштықты бұзып, жеңілтек қырғыздарды желіктіруде, Ресей үкіметінің жүргізген тәртіптеріне зиян келтіруде… Саржан сұлтан 1825 жылға қарай Қарқаралы округі сұлтандары Тұрсын Шыңғысов және басқа да сұлтандарды Ресейге бағынғаны үшін жек көріп, қарулы адам жинап, округке шабуыл жасауға да батылы барды.”

Патша билігіндегілер “басты бүлікшілердің”-көтеріліс басшыларының шындап соңына түсті. 1825-1826 жылдары, атап айтқанда, көтерілісшілер Қарқаралы приказына шабуыл жасаған кезде, Саржан Қасымовтың бірнеше жауынгер серіктері тұтқындалды.1826 жылғы 31 қаңтарда болған алғашқы ашық қақтығыс Саржан сұлтанның соғыста жеңілуімен аяқталды; оның тұтқынға түскен «пікірлестері» қарусыздандырылып, Омбы ордононсгаузы жанындағы әскери сотқа берілді. Сұлтан өз серіктерімен бірге көптеген ауылдарымен Орынбор шебіне қарай көшіп, қудалаудан құтылып үлгерді, Тройцк қаласына жақын Кидел-Қыпшақ болысында қыстап шықты.

Көтерілісшілердің шоғырлану аясының өзгертілуі айқын мақсатқа-патша өкіметі басқа бір Жарғыны- “Орынбор қазақтары туралы” жарғыны қолданысқа енгізбекші болған Кіші жүз ауылдарында үкіметке қарсы пиғылды өршіту мақсатына байланысты болатын, ал бұған осы аймақта Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазынының тұтқынға алынып, содан соң Калуга қаласына жер аударылып жіберілуі негіз болған еді. Енді Батыс Сібірдің де, Орынбордың да генерал-губернаторлары Саржан сұлтанға “даладағы барлық мазасыздыққа басты кінәлі” деп қарады. Көтерілісшілердің этникалық құрамы қашқын орыстар, татарлар қосылып, барған сайын интернационалдық сипат ала түсті; халық қозғалысы қамтыған аудандарда ара-тұра Қоқан, Хиуа хандықтарының, Бұхара әмірлігінің өкілдері болып тұрды.

Қабылданған Жарғының VI тарауына сәйкес “қазақтардың тәртіпсіздіктері мен бетімен кетушіліктері үшін ” жауапкершілік ең алдымен сұлтандарға жүктелгенімен, 1826 жылдың бүкіл жазы бойында Саржан жасақтарының белсенді қимылы әлсіремей,барған сайын жаңа болыстарды қозғалысқа тарта берді. “Қазақтар арасында ашу-ыза туғызу ниетін ойлаған” көптеген сұлтандар округтік приказдардың “бастапқы құрылысын күйрету” жөніндегі саяси талаптармен шектелмей, жер-жерде қаруланған көп партияларды топтастырды, бұл орайда отаршыл әкімшілікке адалдығын сақтап қалған ауылдарды қорқытудан тайынбады. Саржан жасақтарының бірін басқарған Абылай Ғаббасов өзінің ерекше ымырасыздығымен көзге түсті, ол Қарқаралы приказына жақындап келіп, бірқатар болыстарды өзіне ертіп алды, өзінің сенімді адамдарын көрші аудандарға, ең алдымен Көкшетау округіне жіберіп, оның сұлтандарына олардың өзі бағынатын заңды өкіметке бағынбауға ақыл берді.

Көкшетау округінде қозғалысты Сартай Шыңғысов басқарды, ол да көтеріліс басшысы Саржан Қасымовтың көзқарасына қосылатын. Қазақ жерлерін біріктіруге ұмтылған атақты Абылай ханды ерекше құрмет тұтатын Қарауыл облысының өкілі Сартай Шыңғысов өзқимылын Ғұбайдолламен үйлестіріп, өзі жалпыхалықтық жетекші Саржан сұлтанның билігіне толық бағынды. Халық қарсыласуының одан әрі күшеюінен қорқу Омбы облыстық бастығы де Сент-Лоранды 1825 жылғы 4 қыркүйекте “құпия” деген белгімен Қарқаралы округі әскери күзетінің бастығы жүзбасы Карбышевке Саржан, Ғұбайдолла және Сартай сұлтандарды оларды бір-бірінен ұзап кеткен кезін күтіп, іздеп табуға және қолға түсіруге кірісуді міндеттеуге итермеледі. Бұл орайда қиын кедергілер кездескен жағдайда Карбышев олардың бірі-Саржан Қасымовты қолға түсіруге ұмтылуға тиіс болды.

Сол кездің өзінде көтерілісшілерге қарсы қимыл жасап жүрген 200 казактан басқа, Карбышевтің қарамағына орындарды алуға жіберген офицерлері бар 150 казак келді. Тұтқынға алынған сұлтандарды әскери сотқа беру үшін “ең қысқа жолмен айдау арқылы ” Омбыға жеткізу көзделді, ал олардың әрекеттері 1822 жылғы Жарғының “Мемлекеттік опасыздық туралы” туралы бабына жатқызылды, сондықтан Саржан сұлтанның Омбы бекінісінде өз тағдырларыныцң не боларын күтіп жатқан 12 серігі сияқты, олар да өлім жазасына кесіліп, ең жақсы дегенде Сібірге, каторгалық жұмыстарға жіберілуі мүмкін еді.

Сол кезде Омбыда қалалық ордононгауз жанынан арнулы комиссия құрылды; колледж тіркеушісі Пиррожковқа Саржан сұлтан “қарақшыларының” 12 қазағының айғақтарын қазақ тілінен орыс тіліне аударумен айналысуға пәрмен берілді. Көтеріліске қатысқандарды аяғандықтан болар абақтыға қамалып, торығып жатқан қазақтардың қайғылы тағдырына жан ашығандықтан болар, қамаудағы 12 адамның үшеуі түрмеден кепілдікке босатылып, бұл облыс кеңсесінде нағыз әбігерлік туғызды. Заседатель Бубеннов, хатшы Елгин, бөлім бастығының қызметін атқарушы Захаров сотқа берілді, бұл іске қатысты бар облыстық кеңес шенеуніктеріне “аса қатаң сөгіс” жарияланды.

Осы аталған шенеуніктердің өздері үшін қатерлі, өкімет орындары қатаң айыптау мүмкін шешімге не үшін барғандары жөнінде пікір айту қиын. Едәуір көпшілігі Омбыда да жер аударылу мерзімін өтеп жүрген декабристердің ықпалына ұшыраған бұл адамдардың крепостниктікке қарсы қозғалыстың жалпы рухына сол арқылы үлес қосуға, Сібірдегі бұратаналардың, соның ішінде қазақтаардың ауыр жағдайын әйтеуір бір жеңілдетуге ұмтылуы мүмкін. Осы оқиғаға облыс бастықтарының ерекше мән бергенін, бұл жөнінде оның Батыс Сібір Бас басқармасына дереу хабарлағанын дәлелдейді. Солай дегенмен, қарулы бой көрсетулерді басып-жаныштауды ұйымдастыру міндеті жүктеген облыс бастықтары екі жақты көзқарас ұстанды: бір жағынан, халықтық қозғалысты оның жетекшісін тұтқынға алу жолымен басшысыз қалдыруды, екінші жағынан, жер жағдайын жақсы білетін шағын топтарға бөлініп жасырын қимылдау арқылы дұшпандық пиғылдағы ауылдардың шабуыл жасауы жағдайында күрес жүргізу тактикасын жүзеге асыруды көздеді, өйткені облыс бастықтары көтеріліс басталысымен-ақ Батыс Сібір Бас басқармасына былай деп жазды. “Мен Карпық болысының сұлтаны Саржан Қасымовтың бетімен кетушілігі және теріс қылықтарынан болуы мүмкін қырсықты ертерек көріп, оны болдырмау жөнінде соған сәйкес шаралар қолдану пайдалы болатынын айтпай кете алмаймын” I Николайдың Саржан сұлтанға әзірше “ешқандай қудалау қолданылмасын, оны қолға түсіруден бұл жөнінде үкіметтің көзқарасы нақтыланғанға дейін тоқтала тұрсын деген әмірі жеткізілді. 1826 жылғы 9 шілдеде Петропавл бенінісінде жергілікті өкімет орындарының көтерілісті басып жаныштау жөніндегі іс-қимылына шек қойылатын үкімет нұсқауы алынды” /14/.

20 жылдардың екінші жартысында Орта жүзде уақытша тыныштық орнады: үкімет 1824 жылдың өзінде-ақ ашылған Қарқаралы, Көкшетау округтерін нығайту жайын ойластырып және 1826 жылы Баянауыл округін құрып, көтеріліске шыққан ауылдардың ізіне түсу үшін ірі казак отрядтарын жабдықтаудан тартынды.

1827-1830 жылдар аралығында көшіп-қонып жүрген жерлерінен айырылған көптеген болыстардың қазақтары елдің ішкі аудандарына көше бастады. Соларды қайтару үшін Ақмола приказы жанындағы әскери отрядтың бастығы, полковник Шубинге Қарқаралы округіне көмектесу тарсырылды. Бірнеше отрядтар жасақталып жіберілгенімен, олар ештеңесіз оралды. Жай жүрмеген отрядтар бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, қазақтарды одан әрі ызаландыратүсті.

1832 жылдың басынан Саржан қайтадан белсенді қимыл жасауға көшті. 1832 жылы наурызда Сұлукөл деген елді мекеннен шығып, екі інісі және 400 адамдық отрядымен Қарқаралы округіндегі Ресейге бағынған билердің ауылдарына шабуыл жасап, 1 600 жылқысын айдап әкетті, басқа да алғандары көп болды. Осы шабуылы туралы хабар Омбыға жеткізілді. Саржанның соңынан түсуге жіберілген жүзбасы Потаниннің отрядымен Сұлукөл маңында қатты шайқас болды. Зеңбіректері бар Потанин отрядының екпініне шыдамай, Саржан отряды кеш бата шегіне бастады.

Осы сәтсіздік 1832 жылы Саржанды Патша өкіметіне қарсы бірігіп күрес жүргізу үшін Ташкент құсбегімен одақ құруға итермеледі. Ташкент құсбегі оның ұсынысына қарсы болған жоқ. Осы жағдайға байланысты барон У-р былай деп жазды: “Оған Саржанның өзінің әкесі және бауырларымен бірге барды және бұлар өте жақсы қарсы алынды”.

Саржан Ташкент құсбегімен бірге тез арада біршама көп мөлшерде әскер жинап алды және қазақтарды патша өкіметіне қарсы көтеріліске шақыратын хат пен үндеулерді жан-жаққа тарата бастады.

1832 жылы Саржан мен Ташкент құсбегінің Орта жүзге келуі патша өкіметін мазалай бастады. Батыс Сібір генерал-губернаторы Вельяминов жедел түрде бірнеше отряд жасақтап көтерілісшілерге қарсы аттандырды. Осы жолы да көтерілісшілер патша отрядтарының тегеурінен елеулші шығынға ұшырады.Көтерілісшілер тек Қарқаралы және Көкшетау округтері қазақтарынан ғана белсенді қолдау тапқан. Сондықтанда өкімет бытыраңқы түрдегі бұл көтерілістің жеке ошақтарын тез арада басып тастады.

Сарысу өзені бойында көтерілісшілердің ізіне түсе отырып, патша отрядтары Ташкент құсбегі салдарынан екі беніністі қоршап алды. Осындай сәтсіздіктерге қарамастан Саржан күресті тоқтатқан жоқ. 1833 жыл барысында ол кішігірім отрядтармен патшалы Ресейге бағынышты сұлтандар мен билердің ауылдарына, сауда керуендеріне, бекеттерн мен разъездерге шабуыл жасап отырды. Көтерілісшілердің ізіне түсу күшейе түсті. Генерал-губернатор Вельяминов Омбы облысының бастығына Саржан Қасымовты қауіпті жау ретінде ұстауға бұйрық берді. Алайда Саржанды ұстау әрекеттерінің баплығы сәтсіз аяқталып отырды. Ташкент иеліктері төңірегінде жасырын жүріп, Саржан шапқыншылық жасауын жалғастыра берді. Патша өкіметіне күтпеген жағдай көмектесті. Атап айтқанда, Саржан Қоқан ханының Ташкенттегі ел басқарушысы-құсбегінің қолынан қаза тапты.

1834 жылы мамыр айында Ташкент құсбегі Саржанмен бірге, алты мың адамдық әскермен Орта жүз аймағына басып кіріп, Көкшетау округіне 200 шақырым жерде, Ұлытау маңына орналасқан. Құсбегі “Қорған” деп атаған бекініс салып, қазақтарға “бүлікшілікке шақыратын екі жүздей хат жолдады”. Шорман және Тілеулі билерге жазған хатында ол былай дейді: “Біз 40 мыңдық адамдық күшпен, алты айға жететін азық-түлігімізбен келдік және Алашахан деген жерге тоқтадық”.

Ташкент құсбегіне қарсы күресу үшін бір мың адамдық 6 зеңбірегі бар, генерал-майор Броневский басшылығындағы отряд жасақталды. Ол 1834 жылы Ақмола приказынан шығып, Ұлытауға жылдам жетті, бірақ құсбегі оның келе жатқанын естіп, Бетпақдалаға қарай қашты. Қорғанда қалдырған шағын гарнизон аз уақыттан соң Броневскийге берілді. Осыдан кейін Ташкент құсбегі Ресейге қарсы жорыққа шыққан жоқ. Патша отрядтары ығыстырған Саржан бұрынғыдай Қоқан ханының қолдауына үміттеніп, өзінің сарбаздарымен Ұлы жүз жеріне оралды. Осы жерде ол Ұлы жүз қазақтарының және Сыр бойындағы бытыраңқы күштерін патша оаршыларын.а қарсы күреске біріктіруге тырысты. Ол Ташкент құсбегінің қол астындағы қазақтарды да өз жағына тартқысы келді. Бірақ бұл Ұла қазақтарын бағындыруға Саржанды пайдаланғысы келген құсбегінің мүддесіне сай емес еді. Осы негізде туған жанжалдың нәтижесінде ташкенттіктер 1836 жылдың жазында Саржан мен оның ұлдарын опасыздықпен өлтірді. Ташкент құсбегі өз қоластындағы қазақ даласындағы Саржанның іс-әрекетін естіген соң, балаларын келісім жүргізуге жіберуін сұрап Қасым Абылайхановқа өкілін жібереді. Қасым өзінің балалары – Саржан, Есенгелді және Ержанға 20 жігіт қосып, құсбегіне аттандырады. Олардың арасында кейіннен Кенесарының атақты батыры болған, ол кезде 19 жастағы Ағыбай да бар еді.

Саржан Қасымовтың өліміне патша өкіметі үлкен мән берді. Алайда олардың Саржан қасымовтың өлімінен соң қырдағы толқулар тоқтайтын шығар деген үміті ақталмады. “Сібір қырғыздары туралы жарғының” енгізілуіне жауап ретінде халық бұқарасы бас көтеріп, Саржан Қасымов жетекшілік еткен көтерілістің маңызы өте зор болды. Ол алдағы айқастарға бұқараны дайындап, саяси күрестің жақсы мектебі қызметін атқарды.

20-30 жылдардағы күрестің барысында өзгелелерден оқшау бытыраңқы қимылдан нәтиже шықпайтыны және ортаазиялық билеушілерден көмек күту көтеріліс басшыларының өздері үшін қауіпті екені анықталды. Бұл жағдай Кенесары Қасымовтың көтерілісінде ескерілді. Онда қазақ жүздері жұртшылығының көпшілігі Кенесары Қасымовтың басшылығымен атқа қонып, патша отаршылдарына, Қоқан мен Хиуаға қарсы күреске шыққан еді.

II-тарау. XIX ғасырдың ортасындағы Қазақстандағы саяси жағдай.

2.1 Бөкей Ордасындағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басшылығымен болған ұлт-азаттық көтеріліс.

Бөкей ордасын 1801 жылы Нұралы ханның баласы Бөкейдің орыс патшасы Павел бірінші рұқсатымен, қ ұрғаны белгілі. Хандық Жайық пен Еділ аралығындағы құнарлы жерде орн.аласқан.

Бөкей ордасы жан-жағынан Астрахань, Саратов, Орынбор губернияларының жерлерімен Орал бойындағы патша әскери бекінісімен және Каспийдің Солтүстік жағалаауындағы балық кәсіпшілігі аймағымен шектеседі. Оның ауқымы шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жердщі алып жатқан ықшам әрі шағын хандық болды. Орынбор әкімшілігінің қолдауымен Бөкей сұлтан 1812 жылы өзі құрған орданың ханы болып сайланды. 30 жылдардың аяғына қарай мұнда 20 мыңдай шарушылықпен 80 мың адам қоныстанды. Бірақ жер мен жайылымдар біркелкі бөлінбеді. Қысқа мерзім ішінде жердің үштен екі бөлігі қазақ феодалдары мен орыс полмещиктері Юсупов пенБезбородконың жекеменшік иелігіне өтті.

Оралдың әскери мекемесі Үлкен және Кіші өзен бойындағы, Қамыс-Самар көлі төңірегіндегі жерлерді казак орыстардың пайдалануына алып қойды. Жерге байланысты өткір дағдарысқа басқа да маңызы зор жакғдайлар келіп қосылды. Бұл кезде патша үкіметі Ішкі орда мен Кіші жүзде басқаруды өздерінің мүдделеріне қарай бейімдеп жатты. Дистанциялар аралық (басқару жүйесі) құрылып, оның бастығы қызметі енгізілді. Жайық өзені боцындағы жерлерді Орал орыс-казак әскері иемденді. Қазақтарға Жайықөзенінен өтуге және казак-орыстардың өзен жағалауындағы белдеулеріне көшіп келулеріне қатаң тыйым салынды /24/.

Бұданбасқа қазақ шаруалары орыс помещиктері мен қазақ сұлтандарынан жалға алған жерлерінің құны үшін уақытша есеп айырысуға тиісті болды. Тек есеп айырысқаннан кейін ғана олар помещиктер мен қазақ байларының жерлеріне өздерінің малдарын бағуға рұқсат алды. Қанаушы топтар өкілдері қазақ ауылдарынан арендалық ақыны жылдан-жылға өз қалауынша ала бастады, олардан айыптар, әр түрлі салықтар жинап отырды.

1815 жылы Бөкей хан қайтыс болды. Осыдан кейін хандық билік оның баласы Жәңгірге көшті. Бірақ оның кәмелетке толуына дейін орданы уақытша Бөкей ханның туған інісі Шығай сұлтан басқарды.

1824 жылы Жәңгір патша үкіметінің жарлығымен хан деп жарияланды. Жәңгір хан тағына отырған соң, патша әкімшілігінің қолдаумен, халықтың қоғамдық өмірі мен тұрмысының жекелеген жақтарын, сондай-ақ жергілікті басқарудың дәстурлі жүйесін қайта құруға кірісті.

1827 жылы жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасын орнатып, елді осы орталықта басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылып, оған 12 ата Байұлы руларынан бір-бір биден кірді. Ханға 12 старшын, сондай-ақ бірнеше базар сұлтандар қызмет етті. Оның татар бөлімі және жалпы бөлімнен тұратын өз кеңсесі болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеуші штатта тұрды.

Осы жылдары Бөкей хандығында қазақ халқына зкономикалық қысым күшейе түсті, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық қалыптың бірқатар маңызды жақтары күрт қиратылды. Астрахань губернаторнының үйінде тәрбие алған Жәңгір хан далаға кейбір салт-дәстүрден бастап, жер қатынастарын, салық саясатын және хан сарайын қоса, хандықтағы қоғамдық тұрмыс пен саяси құрылысты қайта құрудың жоспарларын жасады. Ол өзіндік салт-дәстүрі бар жартылай көшпелі қазақ қоғамының негізінде хан билігі мен патша тағының саясатына бірдей дәрежеде құлақ асатын, өзінше бір “сауатты” аймақтық хандық құруды көздеді.

Патша әкімшілігінің жергілікті ұйымдарына және негізінен алғанда, патша өкіметінде қызмет атқаратын ірі және орташа жергілікті шонжарлар бөлігіне біржақты сүйене отырып, хан билігі зор табандылықпен жүргізген саясат хандық және отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, ауылдық-қауымдық жерлерді шонжарлардың жаппай тартып алуына әкеп соқты. Осының салдары ретінде ол шаруашылық өмірдің мықтап бұзылуын, ауылдық ұжымдардың экономикалық әлеуетінің құлдырауын, жоқшылыққа ұшырап, кедейленген қожалықтар санының едәуір көбеюін, хан билігінің беделі мен ықпалының күрт құлдырауын, сол кездегі тәртіпті өзгертуге ұмтылушылықты туғызды.

Патша үкіметінің жергілікті феодалдар мен шонжарларға сүйене отырып, барынша күш сала жүргізген саясаты отарлық езгінің күшеюіне, қазақ бұқарасының наразылығына әкелді.

Наразылық жер дауынан басталды. Ішкі Ордада қазақ байлары мен орыс помещиктері ең құнарлы жерлерді өздеріне алып алған-ды. Кедей шаруаларға құнарсыз жерлер тиді. Бір ғана Жәңгір хан 400 мың десятина жерді өз иелігіне қаратты. Жәңгірдің інісі Меңдігерей Бөкейханов, би Балқы Құдайбергенов, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов сияқтылар орасан көп жерлерге иелік етіп, оған қоса жерді пайдаланғаны үшін шаруларға салық салды. Елдің қанын сүліктей сорды.

1831 жылы Ресеймен шектес жерлерде сұлтандар мен Орынбор шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылып, әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Бара-бара одан да сорақы жағжай қалыптасты. Жайық бойын иемденген Орал казак-орыс әскерлері қазақтарға Жайық өзенінен өтуге немесе оның жағасына көшіп-қонуға тыйым салды.

Жәңгірге наразы болған бір топ сұлтандар мен старшындар қазақ шаруаларын Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 жылдың қысы қатты болып, жұттан көп мал қырылды. Қалған малды сақтау үшін қазақтар Саратов губерниясына, ондағы князь Юсупов пен граф Безьородконың жер иеліктеріне көшпекші болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бірінші болып Жайыққа бет алды. Оны Жантөре Қарабатыров, Нұршабай Байжурин, Өтен және Әбен Көтібаровтар, Нәдір Қашқынов, Ырысалы Көсепулин басқарды. Ресми өкімет орындары бұл көшуге қарсы болды. Мұның өзі Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне наразылығын күшейтті. Олардың арасында толқулар басталып, аяғында келіп, 1836-1838 жылдары Ішкі Орданы және бүкіл Кіші жүзді қамтыған халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші-қазақ шаруалары. Сонымен қатар оған старшындар, билердің де бірқатар өкілдері қатысты. Алайда, көтеріліс тегеуріні әлсірей бастағанда үстем тап өкілдері Жәңгір мен патша жазалаушы шоғырларының жағына шығып, сатқындық жасады, көтерілістің жеңілісін тездетті /22/.

Бұл көтерілістің басында Беріш руынан шыққан белгілі батырлар Исатай Тайманұлы мен МАхамбет Өтемісұлы тұрды. Исатай 1791 жылы туған. Оның жігіт болып қалыптасуына нағашысы Жабай Бегалин ықпал жасады. 1808 жылы Исатайдың руы Ішкі Ордаға көшті. Исатайдың ең жақын серігі – ақын Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туылған. Оны анасы Қосуан тәрбиеленген. Ол татар және орыс тілдерін білген, Хиуада болған, Орынборда тұрған. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф В.И. Дальмен таныс болған. Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген саяхатшы Г.С.Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасаған.

Бөкей хан Исатайды 1812 жылы жайық бойындағы руларға старшын етіп тағайындайды. 1814 жылдың аяғында оны Орынбор Шекара комиссиясы бекітіп, уақытша жарлықпен оған мөр тапсырады. Бірақ 1817 жылы Исатай старшын Өтеміс Құлманиязовты тоанады деген жаламен қамауға алынып, абақтыға отырғызылады. Одан 20 мың сом кепіл беріп, босап шыққан Исатай 1818 жылы старшын ретінде Бөкей Ордасы өкілдерінің Ұялыдағы съезіне қатысады. 1823 жылы Исатайды сұлтан Шығай Нұралиев қамауға алады, оған кісі өлтірді деген айып тағады. Атырау бекінісінен келген Дон казактарының конвойы Орынборға әкетеді. Жол бойында Исатай конвойдан қашып шығып елге оралады. Бірақ, осыдан кейін де Жәңгір ханның Исатайдың соңынан түсуі тоқтамады. Өйткені Исатай батыр халықтың мүддесін қорғап, қарапайым шаруалардың жерсіздігі мен байлардың озбырлығына душар болуына байланыста әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресті одан әрі жалғастырды.

Күрестің күшеюіне, 1833 жылы жәңгір хан өз қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңірінде көшін жүрген қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы себепші болды. Қарнауылқожаның қазақ шаруаларына рақымсыздығы, шектен шыққан бассыздығы, Жәңгір және оны қолдаған феодалдық күштердің халық мүддесімен санаспауы, таптар арасындағы әлеуметтік тартысты жылдан-жылға шиеленістірді. Қарауылқожаның үсінен түскен бұқара халықтың шағымдарына Жәңгір хан мән бермей, жауып тастап отырды. Бұған қоса Ішкі Ордамен іргелес орыс бекіністерінің салына бастауы, патша шенеуніктері мен помещиктерінің озбырлығыц халықтың наразылығын күшейтті. Қазақ шаруларын екі жақтан бірдей қанауға түсуі халықты тек өз феодалдарына ғана қарсы емес, сонымен қатар Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы шығуына итермеледі. Сөйтіп қозғалыстың басты мақсаты – хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын біршама жақсарту, патша өкіметінің отарлау саясатын тоқтату еді.

Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі өзінің дамуында басты үш кезеңнен өтті. Бірінші кезең- 1833-1836 жылдарға келеді және қарулы көтеріліске әзірлік кезеңі ретінде сипатталады.Екінші кезең-көтерілісшілердің ханға қарсы шығуынан бастап, олардың жеңіліске ұшырауына яғни 1837 жылдың қараша айына дейінгі кезеңі.Үшінші кезең- Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердіңшағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтуінен жаңа ұрысқа күш жинаудан Ақбұлақ-Қиыл өзені маңындағы ұрыста біржолата жеңілуге дейінгі (1838 жылғы шілде айының орта кезі) уақытты қамтиды /2/.

Беріш руының оңтүстікте көшіп жүрген ауылдары қоғамдық ашу-ыза мен қозғалыстың орталығына айналды, ол ауылдарды старшын Исатай Тайманов басқаратын, кейіннен ол көтерілістің басшысына айналды. Оның халық бұқарасын басқарудан зор тәжірибесі бар еді, ерлігі, батылдығы және әскербасылық қасиеттері болды. Көтерілісті бастаушы Исатай Тайманов болса, оны қостаушы әрі жалынды жаршысы Махамбет Өтемісұлы болды. Дарынды суырып салма ақын, жалынды шешен және өр мінезімен , терең ойлылығымен көшпелілердің мүдделерін қорғауда көзге түскен. Осыдан кейін хандықтың оңтүстігіндегі азаттық қозғалысы қалыптаса бастаған кезде аса көрнекті қайраткер – Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов тізе қосты.

Исатай мен Махамбетті хан билігі өз жағына тартуға тырысқан барлық әрекеттері ешқандай нәтиже бермеді, олардың ханға қарсы әрекеттері барған сайын өршіп, тереңдей түсті. Сол кезде Жәңгір оларды ашықтан-ашық қудалауға және олар жөнінде шаралар қолдануға көшті. Ол Махамбет Өтемісовті тұтқынға алғызды. Ол “хан иеліктерінен кетуге ” және Жайықтың сол жағасына өтуге “үгіт жүргізіп, әрекет жасағаны үшін” 1829 жылдан 1830жылдың қыркүйегіне дейін Калмыков бекінісіндегі түрмеде ұсталды. Каспий теңізінің жағалауын алып жатқан рулардың басқарушысы етіп Қарауылқожа Бабажановтың тағайындалуы, бірінші кезекте, Исатай мен Махамбеттің айтқанға көнбей, “бетімен кетушілігіне ” қарсы өш алу, оларды халықтан бөліп тастауға қол жеткізу үшін және оларға үнемі бақылау жасап отыру мақсатында жасалды. Жаңа басқарушы өз қызметін ханның алдында Исатайды беріш руын басқарушы қызметінен аластату туралы және оған өзі мен оған ниеттес ауылдарды құнарсыз жайылымдықучаскелерге көшіру туралы мәселе қоюдан бастады.

Оңтүстіктің көптеген ауылдарының өмірі 1833 жылдан бастап өзгеріске ұшырай басды. Ауылдардың дағды бойынша бір-бірінен алыс көшуінің орнына, рулық қауымдардың көші-қоны жақындай түсті; жолбойында ру бөлімшелерінің асығыс тапсырмалы жаулаушылары мен хабаршылары жосып жүрді; жиындар мен кеңестер өткізіліп, ауылдардың төңірегінде хан қол шоқпарларының жасалуы мүмкіншабылдарына қарсы қарауыл бекеттері құрылды. Азаттық қозғалысының осы “жергілікті” кезеңіне мынадай белгілер тән болды. Біріншіден, халық Каспий өңірі аймағындағы хан билеріне, ру басқарушыларына күрт наразылық білдіріп, олардың орындарынан алынуын талап етті. Екіншіден, сонымен бірге жер-жерде ханның және бай сұлтан топтарының саясатына қарсы бағытталған қозғалысқа барған сайынжаңадан ауыл қауымдарын тарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізді. Күштер топтастырылып, біртұтас ұйымға біріктірілген қарулы жасақтар құрылып жатты. Орынбор шекаралық комиссиясына жазған хаттарының бірінде 1836 жылдың мамырында Жәңгір хан Исатай мен Махамбетті “өте зиянды” адамдар деп сипаттап, оларды ұстап алуды және “Ордадан біржола аластауды” сұрады. Үшіншіден, әсіресе, 1836 жылдың басынан, сұлтандар мен билердің ауылдарына шабуыл жасау, олардың малы мен жерін басып алып, қоныстарын талқандау жиіледі. Исатай мен Махамбет осындай бірнеше жорыққа тікелей басшылық етті. Төртіншіден, хандықтың Каспий өңірі аймағындағы көптеген ру ішіндегі және рулық қауымдар хан шенеуніктерінің билігін көрінеу көзге ілмей, Исатайдың басқаруына ауысып кетті. Исатай мен Махамбет халық жиындарының бірінде ханның қатысуынсыз және оған жалтақтамай дербес басқаратынын жариялады. Бесіншіден, азаттық жолындағы және заңға қарсы пиғылдар орданың басқа бөліктеріне таралды. Азаттық қозғалысы бүкіл хандықты қамтыды.Сөйтіп бірте-бірте екі лагерь: хан лагенрі мен азаттық қозғалысының лагері құрылды.

Көтерілісті өткізу мен дайындаудың барлық кезеңдерінде азаттық қозғалысының негізгі әлеуметтік базасы еңбекші көшпелі шаруалар болды. Қозғалыстың көптеген белсенді қатысушылары халықтың кедей және ең кедей топтарынан шыққандар еді. Көтеріліс басшыларының өздері Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің, олардың ер жеткен балаларының және азаттық қозғалысына белсене қатысқан туыстарының түгелдей жеке еңбегімен бағатын азын-аулақ малы болған және шаруа әлеуметтік тобына жатқандығы айтылады.

Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс қозғалыс күштері жағынан шаруалар көтерілісі болды, мұның өзі ордада терең әлеуметтік жіктелу үрдісі болғанын дәлелдеді. Көтерілістің бағытын, дәлелдері мен идеологиясын көп жағынан оның шаруа мүддесін қорғау сипаты анықтады.

1836 жылы ақпанда халықтың хан сұлтандарға қарсы наразылығы күшейіп, ашықтан-ашық шайқасқа шыға бастады. Бұдан шошынған Жәңгір хан қозғалысты бастап, дем беруші беріш руының қоныстарына бірнеше қожа мен старшын жіберіп, көтерісті тоқтатуды талап етті. Исатайға жазған хатында ол өзара достасу туралы және патшаға адал қызмет көрсету туралы осы бүлікті тоқтатып, татуласайық деген ойын білдіріп отырды. Әрине бұған Исатай мойынсынбаған.

Жазға қарай Исатайдың ауылына хан, сұлтандардың озбырлығына, әділетсіздігіне шыдамай наразы болғандар ағылып келіп жатты. 1836 жылдың қазан айының аяғында Исатайдың туы астында 20 ауыл көшіп келді. Олар әр түрлі рулардан еді. Бәрі Исатай мен Махамбеттен әділеттік іздеді. Енді одан әрі төзуге болмайтын еді. Исатай хан ордасына барамын деп шешіп, бұл сапарда исатай жалғыз болған жоқ. Оның қасына Махамбет, Иса, Тінәлі, Есмағамбет, Рахмет, Құба, Амаштай, хатшы ретінде Исатайдың ұлы Жақия ерді. Жыл бойы оларға ханға барып ру басшыларына шағым айтқысы келген көп кісілер қосылып, жүз қаралы адам жиналды.

Исатайдың келе жатқанын естіген хан оның алдынан бірнеше старшын жіберді. Бұлар Исатай тобымен хан ордасынан 100 шақырым жердегі Толыбай құмында кездесті. Жаналыұлы деген сұлтаннан Исатай қолхат алып тұрып, көптің көзінше халықтың ханға қоятын талабын айтып берді. Бұл талаптарды ханның орындамайтынын білген Исатай, оның қаншалықты қаныпезер екеніне жұрттың көзін жеткізіп, ханға деген сенімін сейілткісі келген.

Жәңгір хан Орынбор шекара комиссиясына Исатай мен Махамбетті әскер күшімен ұстап алып кісен салып, жер аудару керек деп қайта-қайта талап қойды. Исатай мен Махамбеттің халық мұңын жоқтаушы ретінде абырой беделі жоғарылап, даңқы қазақ даласына кеңінен тарады. Жәңгірдің жанындағылар Исатай мен Махамбетті қудалаумен тынбай, оған арыз айта барғандардың малын тартып алып, күзгі шөбін өртеп, оларды қыспаққа алды. 1836 жылы казан айында Қыпшақ руының мың үйі, 200 адамы, көптеген малы мен шөбі өртеніп кетті. Қарауылқожаның сөзін сөйлейтін старшындар патшаға Исатайдың үстінен арыз жазып, осы жағдайдың бәріне кінәлі Исатай Тайманов деп көрсетті.

Ордадағы оқиғалар 1836 жылдың аяғында Петербург сарайына әбден белгілі болды. Астрахань губернаторының граф Чернышевқа хабарынан көтерілістің үдеп бара жатқанына наразылық білдірген

I Николай патша “бүліктің” басшыларын қатаң жазалауды талап етті. Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский көтерілісті басу үшін подполковник Гекенің басқаруымен әскери күш бөлді. Оған Жайық казак-орыс атаманы Покатиловпен және жәңгірмен бірігіп көтерілісті жаншуды тастады.

Осындай жағдайдан кейін Исатайдың басына мазасыз күндер туды. Хан жағындағылар халықты талап, талайларды жазықсыз таяққа жықты. Жапа шеккендер әділдік іздеп Исатайға келді. 1836 жылғы қарашада жапаровтың өлімі жөніндегі іс қайта қозғалды. Старшина Сиротин, депутат Чукшин дегендер жауап алғанда, Исатай: “Менің Қарауылқожаның озбырлығын тоқтатуға әрекеттенгенім, старшындардың қарапайым халықты зәбірлеуіне қарсы болғаным рас. Бірақ сексекдегі шалды өлтіруге ешбір қатысым жоқ”,-деп мәлімдеді.

Қазақ жігіттерінің күшімен Исатай, Махамбеттер 1837 жылы қазан айында ханның қайын атасы Қарауылқожаның, Балқы бидің, Шоқы сұлтанның ауылдарын шабады. Малдарын алып,өздерін қашуға мәжьүр етеді. Ханның кеңесшісі, Ордадағы ең бай феодалдардың бірі- Балқы ауылдарының талануы көтерілісшілердің қатарының өсуіне әсер етті. Сол жылғы қараша айында Исатай мен Махамбет хан ордасын шабуғабел буып, өз шоғырымен Ордаға аттанады. Исатайдың екі мыңнан астам сарбаздары хан сарайын қоршауға алған кезде ханның әскер күші аз болды. Оны халық жасақтары бір ұмтылғанда-ақ жайпап кететін еді. Исатай кешірім сұрап, бәйек болған хан сөзіне алданыпбірнеше күнді босқа өткізді. СОлл екі арада ханға Орынбордан әскер күші көмекке келіп жетті. Исатай ханнан Балқы би мен Қарауылқожаны төңірегінен аластауды, билікті ру старшындарына берудіталап етті. Бұған хан көнбеді, өйткені ол осы тұста келіп үлгерген подполковник Геке бастаған казак-орыс шоғырларымен Исатайға қарсы тұра алатын халге жетті. 700 казак-орыс, екі зеңбірек, ханның 400 сарбазы Исатайларға тегеурінді қарсылық көрсетті. 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерже шайқас басталғанда көтерілісшілер казак-орыстарды біршама ығыстырды. Арғымақ ат пен алмас қылышын кезек сілтеп жау ордасына кірген Исатай олардың көбін жайпап тастады. Сол кезде Геке зеңбірекпен атуға бұйрық берді. Сөйтіп, шайқастың барысында аласапыран басталды. Зеңбіректердің гүрсілдеген қорқынышты үні, снарядтардың Исатай жасақтарының арасында жиілеп жарылуы көтерілісшілердің жеңілуіне тікелей себепші болды. Алпыс жігіттен айырылған, мықты қаруланған жазалаушылардың күшіне шыдай алмаған көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетті. Күші басым жаудың қолына түспес үшін Исатай аз ғана топ жігіттерімен шегінуге мәжбүр болды.

Көтерілістің жеңілуіне өздерінің ұсақ мүдделерін көздеп қатысқан старшындар мен билердің сатқындығы да әсер етті. Олар Гекенің үндеуіне сеніп, көтерілісшілер қатарын шайқас алдында тастап кетті. Исатай тобының Тастөбе түбіндегі жеңілісі көтерілістің кейінгі барысына да кері ықпалын тигізді. Көтерісшілер қатары азайып, Исатайдың төңірегінде бар болғаны ондаған өзіне берілген серіктері ғана қолды. Олар көптеген мал мүлкінен айырылды. Бұл сәтсіздік шаруалар қозғалысын үлкен қасіретке душар етті. Жәңгір хан Исатайды ұстап берген кісіге 500 сом күміс ақша беремін деп жариялады. Көтеріліс шағын-шағын топтарға бөлініп тарап кетті. Исатай мен Махамбет қуғыннан құтылу үшін, Жайықтың арғы жағына өтідің амалын қарастырды. 1837 жылғы желтоқсан айында Исатайдың тобы Жайықтан өтіп, Сарторғай, Қарақұм, Тайсойған мекендері, ойылдың сағасын басып өтті. Жазалаушы жасақтан араларын қашықтату үшін, Сағызға қарай тартты. Жазалаушылардың қуғыншылығы он сегіз күнге созылды. 1838 жылдың қаңтарында Исатай Тайманов өзінің жасағымен Үлкен Борсық құмындағы шекті руының қоныстарына келіп тоқтады. Оған Жайықтан бұрынырақ өткен

Науша тобы, Алаша руының ағаманы Сарыбөбек қосылды.

Көктем шығысымен жер-жерде қазақтардың қозғалысы қайтадан

қанат жайды. Елек өзенінің бойында Жоламанның жасағы, Сам құмдары мен Арал-Каспий аралығы кеңістігінде Жүсіп батыр бастаған,

Орталық Қазақстан далаларында Кенесары басқарған көтерілістер қимыл жасады. Осындай жағдайда Исатай Тайманов Хиуа хандығы жерінен шыққан Қайыпқали Есімовтың көтерілісшілерімен қосылуды жөн көрді. Қайыпқали Есімов өзін хан деп жариялады, оның жасағында үш мыңдай адам болды. Жасақтардың бірігуі Ойыл сағасындағы Шікілін руы ауылдарында өтті.

Бұл кезде Сібір өңірінен шегінген Кенесары отрядтарының бір бөлігі Орынбор өлкесіне ауысқан еді. Сондықтан олардың Исатай тобына қосылып кетуінен қорыққан Орынбор генерал-губернаторы Перовский көтерілісшілерді талқандауға барлық күштерді жұмылдырды. Ол көтерілісшілерді басып -жаншу үшін бірнеше отрядтар жіберді. Орск бекінісі жағынан құрамында Орал полкі казак-орыс жүздігі бар Айшуақұлы Баймағамбет сұлтан жасағы шықты. Орынбордан Исатайдың ескі танысы Гекенің басқаруында ірі әскери топтар жіберілді /16/.

Осындай қиын-қыстау жағдайда Исатай 500 сарбазымен сұлтан Баймағамбет Айшуақұлына соққы беру үшін Қайыпқали Есімұлынан бөлінді. Бірақ бұл кезде сұлтан Айшуақұлының қолы зеңбіректері бар полковник Геке әскерлерімен қосылып үлгерген еді. Оны Исатай тобы білмеді.

1838 жылы 12 шілдеде Исатайдың жасақтары мен полковник Геке бастаған қарулы күштер Ақбұлақ деген жерде ақырғы шайқаста кездесті. Зеңбіректерден жауған снарядтар көтерілісшілер қатарын бірден сиретіп, үрей туғызды. Оқты қардай боратқан патша әскерлеріне Исатай жасақтары қарсы тұра алмай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген көтерілісшілерге сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының жасақтары тыңнан тап берді. Исатай мен Махамбет өз сарбаздарымен қаһарман ерлігімен рухтандырп, ұрыс даласында сұлтанның жасақтарына тойтарыс беріп шегіндірді. Осы кезде көтерілісшілердің тыл жағынан казак-орыс жүздіктері қимыл жасап, оларды қоршауға ала бастады. Өзінен басым күшке төтеп бере алмаған көтерілісшілер бытырай қашты. Ауыр жаралан Исатайды қылышпен щауып, аяғында атып өлтірді. Осылайша батырдың қолы жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілер қатарынан 70-80 адам қаза тапты, бірнеше адам Геке әскерінің қолына тұтқынға түсті. Исатайдың ажалына казак-орыстың оғы да қазақтардың сатқындығы да себеп болды. Бірақ оның ерлігі ер жүрегінде мәңгі сақталып қалды.

Исатай Тайманов қаза болғанна кейін күрес біршама бәсеңдей бастады. Бытыраңқы жасақтар Ойыл бойындағы Нижне-Уральск желісі маңындақимыл жасап жүрді. Махамбет Өтемісов далада жасырынды, кейін біраз уақыт өткеннен кейін қазақ ауылдары арасында ханға қарсы үгіт жүргізуге кірісті. 1846 жылы Баймағамбет сұлтан Айшуақұлының жіберген адамдары оны да өлтірді.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Оның басты себебі –хан үкіметі мен билеуші сұлтандар жағында патша үкіметінің мықты қаруланған әскери күшінің болуы еді. Сондай-ақ бұл қозғалыстың қазақ елінің басқа жерлеріндегі хан, сұлтандарға қарсы шыққан күштерімен ешқандай байланысы болмады.

Бөкей хандығындағы шаруалар қозғалысы осылай аяқталды. Бірақ ол Жайықтың сол жағасына ауысты. Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Жайықтан өткен соң да қаруын тастауды ойлаған жоқ. Исатай мен Махамбет мұнда да патша үкіметінің және жергілікті феодалдардың жазалау отрядтарымен шешуші шасйқас үшін күштерді шоғырландыру жөніндегі қызметін өрістетті. Олар 1838 жылдың көктеміне қарай билеуші сұлтан Айшуақов пен оның жақтастарына ғана емес, Жәңгір ханның өзіне де қорқыныш туғызған көтерілісші ірі отряд құрып алды. Орынбор генерал-губернаторлығы Кіші жүз аумағындағы Исатай Таймановтың қозғалысын басып-жаныштау үшін дала өңіріне жаңа отрядтарды жіберген үстіне жіберіп жатты.

1833-1838 жылдардағы халық бұқарасының шырқау шегінде шаруалар көтерілісіне айналған азаттық күресі өзінің өрлеуі кезеңінде ханға қарсы және отаршылдыққа қарсы бағытта болды. Ол жер үшін күрес шеңберінен шығып кетті, дегенмен бұл оның әлеуметтік-экономикалық себептерінде айқындаушы жәйіт болып қала берді.

Исатай мен Махамбет басқарған көтерілістің біртекті еместігі, стихиялығы, нақты бағдарламасының жоқтығы, ұйымшылдығының жеткіліксіздігі оның жеңіліске ұшырауының негізгісебептері еді. Дегенмен, оның күшті жақтары аземес еді. Көтерілісшілер байлардың, хан төңірегіндегілердің қанаушылығына, патшалық ресейдің Кіші жүздегі отаршылдық саясатына қарсы күресті. Көтеріліс жеңілгенімен де, оның Қазақстанның батыс аймағының Ресей империясы құрамында дамуында терең із қалдырды. Жәңгір сарайының, сұлтандардың, хан туыстарының алым-салықты жылдан-жылға көтеруіне белгілі дәрежеде шек қойылды. Патша әкімшілігінің көтерілісті қолдаған қазақ ауылдарының би-старшындарымен санасуға тура келді. Көтеріліс Бөкей ордасындағы хандық биліктің әлсірегендігін, патша өкіметінің отаршылдық саясатының бүкіл қазақ өлкесінде тамыры жайылып бара жатқандығын көрсетті. Сондай-ақ бұл көтеріліс қазақ феодалдық топтарының Ресей отаршылдық билеушілерімен әбден ауыз жаласқанын дәлелдеді.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Министерство сельского хозяйства Республики Казахстан 010 000, г
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №21 хаттама
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №2 хаттама
2013 -> Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы №6 хаттама
2013 -> Министерство сельского хозяйства Республики Казахстан 010 000, г
2013 -> Тақырыптың өзектілігі
2013 -> «Алаш» либералдық-демократиялық қозғалысы идеологиясының маңызд


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет