Қазақстан дінтанушылары екінші форумының резолюциясы



жүктеу 34.12 Kb.
Дата25.05.2018
өлшемі34.12 Kb.

Қазақстан дінтанушылары екінші форумының резолюциясы
Астана қаласы, 15 қараша 2012 жыл

Дінтанушылардың екінші форумы дін секілді күрделі феноменді зерттеу ісінде сарапшылар қоғамдастығының, үкіметтік емес сектордың, ғылыми және білім беру институттарының, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің күшін біріктіру жолындағы маңызды оқиғаға айналды.

Форумға қатысушылар 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын қабылдау діни ұйымдар қызметін құқықтық қамтамасыз ету ісінде маңызды қадам болғанын атап көрсетеді. Мемлекет пен діннің мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы жетілдірілген заңнамалық базаға негізделген өзара қарым-қатынастары стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Форум қатысушылары барлық елдер мен халықтардың бейбітшілігіне, қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үнемі қатер төндіретін экстремизм мен терроризмнің кез келген түріне ымырасыз қарсы шығып, айыптайды. Экстремистік іс-әрекет көріністері Қазақстан Республикасындағы ішкі тұрақтылыққа, этносаралық және дінаралық келісімге қауіп-қатер төндіреді.

Жиынға қатысушылар радикализм көріністерін жою үшін қоғам санасына экстремизм идеологиясының енуіне берік тосқауыл қою, өшпенділік пен төзбеушілік идеологиясының таралуына әкеп соғатын жағдайларды жою қажет деп санайды. Ғалымдардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіре отырып іске асырылатын тиімді кешенді стратегияларды жасап шығару қажет.

Форумға қатысушылар төзімділік идеяларын тарату, діни құндылықтарға, сезімдер мен нанымдарға құрметпен қарауды насихаттау бағытында жұмыс жүргізуге шақырады.

Дін – қоғамның рухани ілгерілеуінің және адамгершілік тұрғысынан жетілуінің маңызды құралы болып табылады. Осыған орай, Форум қатысушылары азаматтардың діни сезімдерінің коммерциялық және өзге де руханиятпен үйлеспейтін мақсаттарда пайдаланылуына жол бермеу қажеттілігіне назар аударады. Форум қатысушылары саентология және басқа да осыған ұқсас ұйымдардың қызметі діннің жоғары мәртебесімен үйлеспейтініне және діни бірлестіктің кеңінен танылған белгілеріне сай емес деп санайды.

Форумға қатысушылар дін мәселелерін зерттейтін отандық ғалымдардың тұрақты жұмыс істейтін пікірталас алаңы ретіндегі Қазақстан дінтанушылары конгресінің рөлін оң бағалайды. Дінтанушылар конгресі мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік стратегияны ғылыми тұрғыдан қолдау мәселелерін шешуге сарапшылар қоғамдастығын тартудың ең тиімді шараларын ойлап табуы қажет. Конгресс шеңберінде дінтану пәнін орта және жоғары оқу орындарында оқытудың тәжірибесін, оқулықтар мен оқу құралдарын қолданудың практикасын, діни оқу орындары қызметінің даму бағыттарын талқылап, бір жүйеге келтіру қажет.



Дін қызметінің кең ауқымды мәселелерін қарастырып, пікірталас барысында көтерілген мәселелердің маңыздылығын түсіне отырып, Форум қатысушылары төмендегі шараларды ұсынады:

  • терроризмге қарсы әрекет етудің және оның алдын алудың тиімді жүйесін құруда мемлекеттік органдар қызметін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жандандыру;

  • экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жүргізуде қоғамдық, діни, құқық қорғаушы, жастар ұйымдары және басқа да ұйымдармен өзара ынтымақтастықты нығайту;

  • республикалық және өңірлік деңгейде діни ахуалдың тартысты қырларын айқындау және экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу жөніндегі зерттеу жобаларын жүзеге асыру;

  • еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан экстремизм мен терроризмнің адамгершілікке қарсы табиғатын ашып көрсету және жариялау жөнінде жұмыс жүргізудің әртүрлі әдістері мен формаларын белсенді түрде қолдану;

  • БАҚ, діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасында еліміздегі діни ахуалды жариялау мәселелері жөнінде жүйелі өзара іс-қимыл жүргізу, бұл ретте зайырлы БАҚ-тың діни ахуалды дәлме-дәл, сындарлы баяндау жауапкершілігіне ерекше көңіл аудару қажет;

  • діни ұстанымы әртүрлі адамдардың бейбіт қатар өмір сүру және төзімділік тұғырларын белсенді түрде насихаттау, түрлі діндер өкілдерінің, сондай-ақ, қоғамның зайырлы бөлігінің өзара түсіністігін арттыру үшін қоғамдық пікірталастар мен пікір алысуды ұйымдастырудың тиімді жолдарын қарастыру;

  • халықтың құқықтық мәдениетін дамыту, жас ұрпақты төзімділік және әлеуметтік жауапкершілік рухында тәрбиелеу;

  • сонымен бір мезгілде Қазақстан тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру және зайырлы білім берудің сапалық деңгейін көтеру.

Форумға қатысушылар дінаралық келісімді, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында жемісті, нәтижелі жұмыс атқаруға ниетті және дайын екенін білдіреді.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет