Қазақстан-мысыр қарым-қатынастарының МӘдени-өркениеттік аспектісі



жүктеу 117.42 Kb.
Дата29.08.2018
өлшемі117.42 Kb.

ҚАЗАҚСТАН-МЫСЫР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ МӘДЕНИ-ӨРКЕНИЕТТІК АСПЕКТІСІ
Әбдіқадырова Ж.Б.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті

Мәдени өзара байланыстар екі мемлекет арасындағы қатынастардың даму негізін қалыптастырудың ең қолайлы және оңай жолы болып табылады. Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени байланыстар өзара түсінушілік пен мүдделер теңгеріміне сүйенген бейбіт және тұрақты қатынастарды орнатуда негізгі дәнекер болады және мәдениет арқылы бейбітшілікке үндейтін қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы (МАР) арасындағы қатынастардың тұрақтанған тарихи тамырлары мен дәстүрлері бар. Тәртіптер өзгеріп, мемлекеттердің жаңа атаулары пайда болып, жоқ болып жатты, екі ел серіктестігінің мазмұны өзгеріп жатты, дегенмен олардың өзара әрекеттесуінің, ынтымақтастығының құндылығы екі тараппен де ұдайы жоғары бағаланып отырды. Мысыр Таяу Шығыстағы көшбасшы елдердің бірі, ал Таяу Шығыс әрқашанда Қазақстанның геосаяси мүдделері аясында болды. Қазақстанның араб, жерорта теңіздік және таяу шығыстық бағыттарында МАР-мен қатынастары маңызды рөл ойнайтыны сөзсіз.

Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 6 наурызында орнатылды. Екі ел арасындағы қатынастардың құқықтық негізі ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы Мысыр Араб Республикасына жасаған алғашқы ресми сапары кезінде біршама келісімдерге қол қою арқылы дамыған. Атап айтқанда, 1993 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастық негіздері туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім 1995 жылдың 31 тамызында күшіне енді. 1993 жылдың сәуір айында Каирде ҚР елшілігі ашылды [1].

Қазақстанның Мысырдағы тұңғыш елшісі болып Болатхан Құлжанұлы Тайжан тағайындалды. Қазақстанның Мысырдағы елші қызметін 1999-2002 жылдары Асқар Ахметұлы Мусинов, 2002-2008 жылдары Бағдат Құлтайұлы Әмреев, 2008-2011 жылдары Бахтияр Сардарбекұлы Тасымов атқарды. 2011 жылдың желтоқсан айында ҚР-ның МАР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып Берік Сақбайұлы Арын тағайындалды. Ал 2012 жылдың 28 ақпанында елші Б.С. Арын Мысырдың Жоғары әскери кеңесінің төрағасы Мұхамет Хусейн Тантауиге сенім грамоталарын тапсырды [2].

Елші Б.Қ. Тайжан бір сұхбатында: «Араб елдерінің ішінде Қазақстан елшілігінің алғаш Мысырда ашылуы өте терең ойланып жасалған мәселе. Мысыр Араб Республикасы тек араб елдері арасында ғана емес, Африка елдері, мұсылман елдері және сол аймақтағы елдердің ішінде беделі жоғары мемлекеттердің бірі. Халқының саны, жер көлемі үлкен және экономикалық, саяси, әскери беделі де өте жоғары. Осындай беделді мемлекетте елшілік ашу әр уақытта тиімді. Оның үстіне Мысыр елінің мәдениеті қазақ халқы үшін бөтен емес. Мысыр мәдениетінің түркі тектес халықтардың әдет-ғұрыптарымен ұқсас жерлері де бар. Бұл жерде Бейбарыс бабамыз мәмлүктер әулетін құрып, Мысырды билеген. Әл-Фараби де біздің топырағымыздан шығып, араб еліне барып, көптеген шығармаларын араб тілінде жазды. Фарабидің Қазақстаннан шыққанын арабтар жақсы біледі, - деп атап көрсетті [3].

Мысырдың Қазақстан Республикасындағы елшілігі 1992 жылдың тамыз айында ашылды. МАР-дың Қазақстандағы қазіргі елшісі Абдалла әл-Арнуси.

2007 жылдың наурызында және 2008 жылдың мамырында орын алған ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Мысырға ресми сапарларының және 2006 жылдың қараша айында МАР Президенті Х. Мүбарактың Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңыздылығы зор болды [4].

Егер бастапқыда Мысыр Араб Республикасының Қазақстанмен мәдениет саласындағы әрекеттестігі көбіне діни сипатта болса, уақыт өте келе Мысыр бұл саланы кеңейтуге бет алды. 2001 жылдың 18 маусымында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасы Үкіметі арасында Мысырлық «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университеті жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл келісім 2004 жылдың 11 ақпанында күшіне енді [5]. Бүгінде университет жоғары білікті имамдарды, исламтанушыларды, дінтанушыларды, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын даярлауды жүзеге асырады [6]. Қазақстанның Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет аталмыш университет тек екі елдің достығы мен ынтымақтастығының ғана символы емес, асыл дініміздің осы өлкеде өркендеуінің де басты қайнар көзі. Оның ТМД елдерінде теңдесі жоқ, әрі Қазақстанға бүгінде өте мұқтаж болып отырған имам-хатибтер дайындап жатқандығын ескерткен [7].

Сондай-ақ 2006 жылдың 7 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Мысыр Араб Республикасы Үкіметі арасында мәдени ынтымақтастық саласындағы өзара түсінушілік меморандумы да қабылданды [8]. Сонымен бірге Қазақстанда Мысырдың мәдени орталығы ашылды.

Осы ретте тарихи және мәдени мұраларды әрдайым сақтап, дәріптеген Қазақстанның Каирдегі Сұлтан Бейбарыстың мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөліп отырғандығы да кездейсоқтық емес. 2012 жылдың 9 ақпанында Каирде Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы елшісі Берік Арын Мысырдың Тарихи ескерткіштер жөніндегі жоғарғы кеңесінің Бас хатшысы Мұстафа Аминмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Мысыр үкіметтері бірлесе қаржыландырып отырған Каирдегі Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мешітінде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысы талқыланды, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды әрі қарай дамытудың жолдары жөнінде пікір алмасылды. Кездесудің қорытындысы бойынша атқарылған жұмысты қабылдап алу және қаржылай көмектің соңғы бөлігін аудару мақсатында 2012 жылдың наурыз айында ҚР Мәдениет министрлігінің «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны делегациясының Каирге сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан тарапы бұл тарихи ескерткішті қалпына келтіруге 4,5 млн. АҚШ долларын бөлгені белгілі, оның 4 млн. доллары игерілді [9].

Бүгінгі күні республикамыз әлем ауқымындағы өзекті Батыстың жетекші мемлекеттері мен ислам әлемі арасындағы «Батыс – мұсылман әлемі» диалогын дамыту идеясын алға тартып отыр, әзірше бұл сыртқы істер министрлері деңгейінде жүзеге асуда. Қазақстан аталмыш идеяны әлем діндерін біріктірген және дінаралық сұхбат кұруға мүмкіндік берген өзінің халықаралық тәжірибесіне сүйене ортаға салуда. Бұған мысал мемлекетімізде 2003, 2006 және 2009 жылдарда үш рет өткен және халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болған Әлем және дәстүрлі діндер басшыларының Съезі. Астанада өткізілген осы үш съезге де әл-Әзһардың Бас имамы шейх Мұхамет Саид Тантауи және МАР Президентінің арнайы өкілі, дін істері жөніндегі министр Махмұт Хамди Зақзұқ қатысты. Сол сияқты осы уақытқа дейін Мысырдың Дін істері жөніндегі министрі Қазақстанға төрт рет сапармен келді. 2008 жылдың 17 қазанында «Ортақ әлем: әртүрлілік арқылы өркендеу» атты конференцияға қатысу үшін МАР-дың Уақыфтар ісі жөніндегі министрі М.Х. Зақзұқ келді [10].

2009 жылдың 4 наурызында Каирде «Исламдық ой-сананың жаңаруы» деген конференция өтті. Қазақстан дінбасымен бірге онда Нұр-Мүбарак Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшәдин Керім мен Астанадағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіттің Бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев болды. Бас мүфти осы бір мәнді де маңызды конференцияға 2001 жылдан бері тұрақты қатысып келеді [11].

2012 жылдың 28 ақпанында ҚР елшісі Берік Арын МАР Уақыфтар министрі Мұхамет Абдәл Фадыл әл-Қаусимен кездесті. Уақыфтар министрлігі Мысыр үкіметіндегі он сегіз министрліктің бірі болып табылады және діни қайырымдылық (садақа) үшін жауапты. Діни қайырымдылықтар, уақыфтар трестерге ұқсайды, сенімді тарап ретінде жеке мешіт (уақыф бенефициары) немесе әдеттегідей бүкіл қоғам болады. Уақыфтар мысалдарына жер телімдері, базар, аурухана немесе қоғамға қызмет ете алатын кезкелген ғимарат жатады [12].

2005 жылы Мысырда 30-сериялы «Бейбарыс» фильмі түсірілді. Қазақстандық елшіліктің бастамасымен және ҚР Мәдениет министрлігінің жәрдемімен бұл фильмдегі Бейбарыстың балалық шағына қатысты кейбір эпизодтар біздің елімізде түсірілгенін атап айтпаса болмайды.

Арабтардың тарихи және жағрафиялық ескерткіштерінің қайнар көзі болып табылатын Каирдың Қолжазбалар қоры мен кітапханалары ортағасырлық Қазақстан туралы деректік және тарихи зерттеулер жүргізуде қазақстандық ғалымдар – арабтанушы-шығыстанушылардың ерекше назарында. Мысырлық мұрағаттар мен кітапханалардан жиналған деректер қазақ халқының тарихы туралы көптеген еңбектерде пайдаланылды. Бүгінде ҚР-ның Ұлттық кітапханасы мен МАР-дың Александрия кітапханасы арасында ынтымақтастық орнатылған.

Екі елдің бір-бірін танып, жақындасуына, дәстүрі және өнерімен танысуына 2001 жылы Қазақстанның МАР-дағы мәдениет күндері мен 2008 жылы Мысырдың ҚР-дағы мәдениет күндерін өткізу септігін тигізді.

Қазақстанның Мысырмен жоғары білім беру саласында да тұрақты байланыстары орныққан. Қазақстандық студенттер тек әлемнің ірі ислами уиверситеті әл-Әзһарда діни білім алып қана қоймай, Каир университеті, Айн- Шамс университеті сияқты зайырлы жоғары оқу орындарында да оқып жатыр. Жалпы осы уақытта МАР-дың жоғары оқу университеттерінде 172 қазақстандық азамат білім алуда.

Екі елдің аймақтары мен қалаларының тікелей байланыстары да даму үстінде. Мәселен, бүгінгі таңда Астана мен Каир, Алматы мен Александрия, Жамбыл облысы мен МАР-дың Шығыс провинциясы арасында туыстық, достық қатынастар орнатылған [13].

Сонымен қатар Тараз орталық мешітіне Бас мүфтидің ұйғарымы бойынша Һибатулла Ахметұлы ат-Таразидің есімі берілгені белгілі. Ол қазақ топырағында дүниеге келіп, білім іздеп араб елдеріне барған. Кейін Бейбарыс сұлтан салдырған мешіт пен медресені басқарып, ғұлама ғалым атанады. 2012 жылдың қаңтар айында Таразға аталмыш ғұламаның ұрпағы Абдулла бин Әбу Насыр Мүбашшир Мысырдан арнайы келіп, ата жұрттағы жамағатпен қауышты [14].

Шет елдердегі мысырлық мәдениеттің рөлін нығайту мысырлық дипломатия назарындағы басты мәселелердің бірі екені айғақ. Әрине бұл рөл Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттеріне, әсіресе Қазақстан Республикасына әсер етіп, артып келеді. Қазақстан да өз тарапынан өзегін ортақ дін құрайтын бұл мәдениетке оң ықыласын білдіруде. Мысырдың бұл мемлекеттердің мұсылмандары арасында ислам мәдениетін орнықтыру мен тарату талпынастарын әл-Әзһар діни университеті жүзеге асырады.

Әл-Әзһар діни университеті Қазақстан жеріндегі ислам орталықтарымен байланыстарды орнатуда маңызды рөл ойнайды. Университет Қазақстанға өз имамдарын және діни уағызшыларын жіберу, қазақстандық азаматтар үшін Мысырда оқуға шәкіртақы бөлу сияқты жұмыстар атқарады. МАР-дың Уақыфтар министрлігі де мешіттер мен мәдени орталықтарды салуға, мұсылман мәдениетінің ескерткіштерін қайта қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлген.

Араб аймағындағы мәдениет пен өркениеттегі рөлі мен беделі зор Мысыр Қазақстан үшін басқа халықаралық күштермен өзара әрекет етуге жол ашатын саясаттағы стратегиялық ауданды құрайды.

Мысыр тарапының екі ел арасындағы мәдени байланыстар жөнінде көзқарасы, сыртқы саяси доктринасында жалпы Орталық Азия елдері, әсіресе Қазақстан қандай деңгейде қарастырылған және елімізбен қатынастарды нығайтуға қандай мән беріледі?

Мысырдың Қазақстанға қатысты саясаты экономикалық мүдделер, тәжірибе және көмек көрсетумен байланысты мәдени және діни құндылықтарды көтеру стратегиясына негізделеді.

Қазақстанның Мысырдан жағрафиялық тұрғыдағы алыстығы оның саяси, экономикалық және стратегиялық маңыздылығын төмендетпейді. Оған қоса Каир Қазақстанның халықаралық деңгейде көптеген мәселе бойынша араб халықтарының құқықтары мен мүдделерін қорғап келгендігін естен шығармайды. Сол себепті Мысыр Қазақстанмен «шекаралар арқылы достықты» орнатуға мүдделі. МАР-да Қазақстанмен аймақтық байланыстар арқылы да ынтымақтастықты нығайту көзделеді. Аймақаралық қатынастарды орнату Мысыр үшін өзіндік дипломатиялық «әуесқойлық» емес. Бұл қатынастарды дамыту «шектен асқандық» емес. Әр мемлекеттің құрамына өзін-өзі жатқызатын өз аймақтық жүйесі және болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытатын, мемлекеттермен әртүрлі мақсатта өзара әрекеттесетін, сондай-ақ сыртқы саяси бағдарламаларды жүзеге асыратын екінші дәрежелі аймақтық жүйесі бар. Бұл екінші дәрежелі жүйелер кеңістік тұрғысында алшақ болуы мүмкін, дегенмен мүмкіндіктер мен мүдделерге қатысты маңызды болады. Дәл осы ұйғарым жағрафиялық тұрғыда алыс Қазақстанды Мысыр сыртқы саясатындағы негізгі орындарға жатқызады [15].

Сонымен, Қазақстан-Мысыр қатынастарының мәдени-өркениеттік өзара әрекеттестігінің екі негізгі сипаты белгілі:

1) Ресми сипаты. Қазақстан-Мысыр қатынастары әлі де ресми дипломатиялық қатынастар шеңберінде жүзеге асуда. Бұл сөзсіз екі жақты қатынастардың ұйымдық-құқықтық шеңберлерін жетілдірудің белгісі болып табылады және екі тараптың мәдени ұйымдарын қолдау арқылы Мысыр мен Қазақстан арасындағы қатынастарды нығайтуға септігін тигізу керек.

2) Жағымды, оң сипаты. Өзінің шектеулілігіне қарамастан, Қазақстаннның Мысырмен қатынастары жоғары дәрежедегі оң сипатымен ерекшеленеді. Екі мемлекеттің сыртқы саясаты да басқа елге ұсыныстар беруден алшақ, сондай-ақ Мысыр араб елі болғанымен де, оның сыртқы саясаты қатаң діни сапатқа ие емес, сондықтан Қазақстан мен Мысыр қарым-қатынастарында қарама-қайшылықтағы бақталастықтың болмауымен сипатталады.

Мысыр Араб Республикасының Қазақстан Республикасына қатысты сыртқы саясатының негізгі ерекшеліктері мен басымдықтары төмендегідей:

- Мысырдың ТМД елдерімен техникалық ынтымақтастығы қорына сүйену. Осы күнге дейін аталмыш қор әр түрлі саладағы 185 біліктілік көтеру курстарын ұйымдастырып, оған  1384 қазақстандық қатысып үлгерді. Сонымен бірге Қор Қазақстан жоғары оқу орындарында араб тілінен дәріс беретін мысырлық мамандардың жіберілуін қаржыландырады [16];

- мысырлық ғалымдардың Орталық Азия аймағын зерттеулерін белсендету. Бұл бағыт екі негізгі ғылыми институтпен – Каир университетінің Азиялық зерттеулер институтымен және Заказик университетінің Азиялық зерттеулер институтымен жүзеге асуда;

- Мәдениет пен білім беру саласындағы ынтымақтастығы әл-Әзһар діни университеті және басқа да жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттер үшін білім алу шәкіртақыларын кеңінен бөлу және арнайы тағылымдамалар ұйымдастыру арқылы мәдени байланыстарды күшейту.

Қорытындылай келе, екі елді жақындастыратын да, алшақтататын да мәдениет екені сөзсіз. Мәдени және өркениеттік типтегі ұқсастығы екі ел арасындағы байланыстардың басқа да маңызды салаларын дамытуға жол ашады. Мысырдың араб әлемі және жалпы ислам әлемі дамуындағы орасан мәдени үлесі, тарихи даму үдерісіндегі бірегей өркениеттік бағыты күмәнсіз. Мысырдың Таяу Шығыс аймағындағы бетке ұстар және салиқалы саясаты да халықаралық қауымдастықпен жоғары бағаланып келеді. Мысыр сияқты елмен қарым-қатынастарды тереңдету Қазақстан дипломатиясының басты бағыттарының бірі. Қандай да екі мемлекет арасындағы, әсіресе ол мемлекеттер шекаралас болмаған жағдайда берік саяси және тұрақты экономикалық қатынастарды орнықтыруда екі мемлекет халықтарының мәдени-өркениеттік тұрғыда өзара әрекеттесуі мен өзара байланысы ерекше мәнге ие. Дәл мәдени саладағы өзара түсінушілік пен өркениеттік деңгейдегі жақындық екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге және дамытуға жол ашады. Сондықтан, Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастардың мәдени-өркениеттік аспектісін зерттеу зор ғылыми маңыздылыққа ие болып отыр.

1. Сотрудничество Республики Казахстан c Арабской Республикой Египет // Министерство иностранных дел Республики Казахстан // http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/ru/content/policy/cooperation/asia_africa/19

2. Посол РК вручил верительные грамоты председателю Высшего военного совета Египта, 28.02.2012 // http://tengrinews.kz/kazakhstan_news/209125/

3. Тайжан Б.Қ. Аталы сөздер: Жалауымда жүрегімнің лүпілі. 2-кітап. – Алматы, 2007. – 19 б.

4. Сотрудничество Республики Казахстан c Арабской Республикой Египет // Министерство иностранных дел Республики Казахстан // http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/ru/content/policy/cooperation/asia_africa/19

5. Договорно-правовая база. Перечень международных договоров РК. Арабская Республика Египет // Министерство иностранных дел Республики Казахстан // http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/ru/content/policy/legal_basis/treaties/

6. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінде болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 22.10.2011 // http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=4892

7. Ежелгі байланыс өркендей береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 23.02.2009 // http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=209

8. Договорно-правовая база. Перечень международных договоров РК. Арабская Республика Египет // Министерство иностранных дел Республики Казахстан // http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/ru/content/policy/legal_basis/treaties/

9. Қазақстан делегациясы Каирде Сұлтан Бейбарыс мешітіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысымен танысады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 11.02.2012 // http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=5580

10. Сотрудничество Республики Казахстан c Арабской Республикой Египет // Министерство иностранных дел Республики Казахстан // http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/ru/content/policy/cooperation/asia_africa/19

11. Каир конфренциясы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 01.04.2009 // http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=675

12. Посол Казахстана встретился с министром религиозных пожертвований Египта, 28.02.2012 // http://www.zakon.kz/kazakhstan/4485003-posol-kazakhstana-vstretilsja-s.html

13. Арын Б. Казахстан – Египет: от Бейбарса до наших дней. – Казахстанская правда. – 07.03.2012 // http://www.kazpravda.kz/print/1331084270

14. Мысырлық қонақ Таразда болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, 09.01.2012 // http://www.muftyat.kz/index.php?newsid=5310

15. Ибрагим Арафат. Отношения Египта с государствами Средней Азии и Монголией // علاقات مصر بدول رابطة الدول المستقلة، وألبانيا، والبوسنة و الهرسك، ومقدونيا، ومنغوليا. // تحرير أ.د. محمد السيد سليم أ.د. محمد صفى الدين خربوش د. عبد العزيز شادى. – القاهرة، ٢٠٠٠. (Отношения Египта со странами Содружества Независимых Государств, Албанией, Боснией и Герцеговиной, Македонией и Монголией // Под редакцией Мухаммада Саййида Салима, Мухаммада Сафииддина Харбуша, Абдулазиза Шади. - Каир: Издательство Центра азиатских исследований, факультет экономики и политических наук Каирского университета, 2000) – С. 117.

16. Арын Б. Казахстан – Египет: от Бейбарса до наших дней. – Казахстанская правда. – 07.03.2012 // http://www.kazpravda.kz/print/1331084270

Данная статья посвящена изучению культурно-цивилизационного аспекта в казахстано-египетских отношениях. В статье автор дает оценку состоянию двустронних взаимоотношений в сфере культуры и религии, раскрывает стратегическую важность в развитии и углублении культурных связей между Казахстаном и Египтом.



This article focuses on studying the cultural and civilizational aspects of Kazakhstani-Egyptian relations. The author gives an estimate of bilateral relation in the sphere of culture and religion, reveals the strategic importance in the development and deepening of cultural ties between Kazakhstan and Egypt.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет