Қазақстан құрамасының 7 боксшысы Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирдің ширек финалына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Олимпиада комитеті

Италияның Бусто-арсициода қаласында олимпиада жолдамаларын сарапқа салатын турнирде 7 қазақстандық боксшы ширек финалға шығып, лицензияға бір қадам жақындады. Алғашқы болып Алуа Балқыбекова ширек финалға жолдама алды. Ол Оңтүстік Корея елінің боксшысы Джу Хюнг Чоннан 4:1 есебімен басым түсті. Қыздар құрамасынан Валентина Хальзова да түрік боксшысы Бусра Исилдардан басым түсіп, ширек финалға өтті. 

Ерлер арасында сынға түскен 5 боксшымыз да қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды. Алдымен 92 келіде жұдырықтасқан Айбек Оралбай Хулио Сесар Кастильо Торрестен айласын асырса, Нұрбек Оралбай (80 келі) Алексей Алферовті ұтты. Әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан және Асланбек Шымбергенов те қарсыластарынан басым түсті. Сәкен Бахрейннің атынан шығатын қазақ Азат Махметовті жеңсе, Махмұд пуэрто-рикалық Хосе Тирадоны айқын басымдықпен ұтты. Ал Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов түрікменстандық Байрамдұрды Нұрмұхамедовпен үш раунд бойы тартысты шайқас өткізіп, 3:2 есебімен жеңді. 

Айта кетейік, боксшылар олимпиадаға жолдама алуы үшін тек жартылай финалға шықса жеткілікті. Бұған дейін төрт боксшымыз олимпиада лицензиясынан айырылған еді.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.