Футболдан сарықұрлықтың басты додаларының бірі саналатын Азия кубогі де қақ ортасына келіп, плей-офф кезеңіне шыққан құрамалар анықталды. Қазақстаннан басқа Азия елдерінің барлығы бұл додада бағын сынап, жеңімпаз атану үшін жасыл алаңда жанын салуда. Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты көршілеріміз де кішігірім сенсация жасап, ширек финалға дейін жетті. Осы орайда, елімізге белгілі футболшылар STAN.KZ ақпараттық агенттігіне құрамамыздың Азия кубогіндегі әлеуеті жайлы сұрақтарға жауап берді.

“Қазақстан үшін Еуропада доп тебу маңызды”

Футболдан ел құрамасының вице-капитаны Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан үшін Еуропада доп тебу маңызды екенін айтады.

“Әрине, Азияда футбол өте жақсы дамып, жаңа бір кезеңге, деңгейге көтеріліп жатыр. Азия кубогінде ойындарды көріп, көзіміз жетті. Дегенмен Қазақстан құрамасы үшін Азия емес, Еуропада доп тебу әлдеқайда тиімді, әрі басымдылығы көп. Еуропа чемпионатында өнер көрсету қызықтырақ және балалар футболының өсіп-өркендеуіне де әсері мол. Сондықтан құрамамыздың Азияда емес, Еуропада ойнағанын құп көремін”, – дейді Жұмасқалиев.

Қазақстанның Азия кубогіндегі әлеуетіне баға берген ол еліміздің Азияда да, Еуропада да өнер көрсетуге құқығы бар екенін еске салады.

“Бұл жерде әртүрлі баға беруге, бағамдауға болады. Жалпы Азияда да, Еуропада да өнер көрсетуге құқымыз бар. Дегенмен Еуропа чемпионатына Азия елінің өкілі ретінде қатысамыз. Нәтижеміз де жаман емес. Ал Азия кубогінде де жоғары нәтижеге қол жеткізе алар едік деп ойлаймын”, – деп қосты спортшы.

Өзінің әдемі футболдың жанкүйері екенін алға тартқан Жұмасқалиев Азия кубогінде Жапония құрамасы топ жарады деп топшылайтынын жеткізді.

“Азияның деңгейі Еуропадан төмен”

Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы әрі капитаны болған Қайрат Нұрдәулетов Азияның деңгейі Еуропадан төмен деген ойын жасырмайды.

“Меніңше, Қазақстан құрамасы үшін Еуропада доп тепкен дұрысырақ. Өйткені Еуропаның деңгейі Азиядан әлдеқайда жоғары. Азия деңгейінде өнер көрсетсек, алға жылжудың орнына кері кетуіміз мүмкін. Қазақстанның Азия кубогінде қалай өнер көрсететінін нақты басып айту қиын. Ол үшін Азиядағы құрамаларға қарсы ойнап, салыстырып көру керек. Сонда ғана құраманың қандай деңгейде екенін, әлеуеті қаншалықты екенін айтуға болады”, – дейді ол.

Қайрат Нұрдәулетов сонымен қоса қазір өтіп жатқан Азия кубогінде кімге жанкүйерлік ететінін айтты.

“Шыны керек, тәжік ағайындар мен өзбектер сенсация жасап, өнерімен тәнті етіп жатыр. Сол көршілеріміздің тілеуін тілеп, жанкүйер боламыз. Дегенмен Жапония, Корея, Сауд Арабиясы, Катар сияқты құрамалардың ойындары өте мықты және футболдары да ерекше дамып келеді. Осы құрамаларды да фавориттер қатарына қосуға болады. Дегенмен тәжік, өзбек ағайындар жанымызға жақын болғаннан кейін соларға қолдау көрсетеміз”, – дейді экс-капитан.

“Қазақстанға Азияда ойнау да қиын”

Қазақстан құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы, 2011 жылдың ең үздік футболшысы Ұлан Қонысбаев ел футболшылары үшін Азияда ойнау қиын деген ойын айтады.

“Сөзсіз, Қазақстан үшін Еуропада доп тебу аса маңызды, әрі тиімді. Біздің құрама Еуропада өнер көрсету қаншалықты қиын екеніне қарамастан лайықты екенін көрсетті. Сондықтан біз үшін Азия емес, Еуропадағы доп додасына қатысу маңыздырақ. Азия кубогінде өнер көрсетіп жатқан құрамалардың ешқайсысы осал емес. Қалпақпен ұрып алатын құраманы көріп тұрғаным жоқ. Қазақстан құрамасына Азияда ойнау да оңайға соқпайтыны анық. Тіпті, айды аспанға бір-ақ шығарған тәжіктердің де қарқыны қатты екенін көрдік”, – дейді Қонысбаев.

Ұлан Қонысбаев пікірін топшылай келе Азия кубогі ойындарына да тоқталып өтті.

“Азия кубогін жіті қадағалап, көріп жүрген жоқпын. Нақты бір құраманың басымдылығы бар деп топшылай алмаймын. Дегенмен Тәжікстан құрамасының ширек финалға шыққан естіп, іштей риза болдық”, – дейді Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы. 

Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасы саналатын Азия кубогін Иран мен Жапония үш реттен жеңсе, Сауд Арабиясы екі рет топ жарған болатын. Ал соңғы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Азия кубогін Катар құрамасы жеңіп алған болатын.  


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.