Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1312



жүктеу 111.7 Kb.
Дата02.12.2017
өлшемі111.7 Kb.

Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 қарашадағы №1312 қаулысы


«Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 қарашадағы №1312 қаулысымен бекітілген



Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы
саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану қағидалары
1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы және «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Заңға сәйкес Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімінің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың (бұдан әрі – есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар) айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағында есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметтiң барлық түрлерiн Заңның 19 және 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті лицензия алғаннан кейiн жеке меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектiлер мен үй-жайларды пайдалануға рұқсатты есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен пре­кур­сорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган бередi.
Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес техникалық нығайтылу талаптарына, санитарлық нормалар мен ережелерге, сондай-ақ өртке қарсы қауіпсіздік шарттарына сәйкес болған жағдайда объектілер мен үй-жайларды есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында пайдалануға жол беріледі.
4. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлар үш топқа бөлінеді:
1) бірінші топ – есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өндіруші кәсіпорындар, дәріха­на­лар, сынақ зертханалары, ғылыми-зерттеу институттары, көтерме сауда кәсіпорындары, есірткі құрал­да­ры, психотроптық заттар айналымы саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері;
2) екінші топ – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру мен дайындау жөніндегі объектілер;
3) үшінші топ – прекурсорларды өндіруші және/немесе көтерме сауданы жүзеге асырушы, сондай-ақ оларды өзінің өндірістік қызметінде пайдаланатын кәсіпорындар.
5. Есiрткi құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды жоспарлау:
1) қолда бар есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды, сондай-ақ олардан дайындалған өнiмнің сақталуын;
2) технологиялық байланысқан үй-жайлар арасындағы қысқа арақашықтығы бар үдеріс­тің ағынын;
3) технологиялық ағындар жолының кесiлуiн болдырмауды;
4) тазалық дәрежесi бiрдей үй-жайларды барынша топтастыруды;
5) бастапқы шикiзаттың, жартылай дайын өнiмдер мен дайын өнімдердің алуан түрлерi мен серияларының араласып кетуiн болдырмауды;
6) бастапқы шикiзатты, жартылай өнiмдер мен дайын өнімдерді қозғаған кезде ластанудан қорғауды қамтамасыз етуге тиiс.
6. Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды ғимараттың жапсарлас конструкцияларының бүтіндігін бұзуға немесе қиратуға, қасбеттің сақталуы мен сыртқы бөлігінің нашарлауына, өртке қарсы нормалардың бұзылуына әкеп соғатын қайта жабдықтауға және қайта жоспарлауға жол берілмейді.
7. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларға рұқсат олармен тікелей жұмыс жасайтын адамдарға беріледі. Бақылаудағы заттармен жұмыс iстеуге рұқсаты бар адамдардың тiзiмi iшкi iстер органдарымен келiсiлгеннен және олардың нашақорлықпен, уытқұмарлықпен және созылмалы маскүнемдiкпен ауруының жоқтығы туралы дәрiгерлердiң (психиатр мен наркологтың) қорытындысын алғаннан кейін заңды тұлға басшысының бұйрығымен бекітіледі.
8. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы үй-жайлар жұмыс күнi аяқталғаннан кейiн мөрленеді немесе пломбаланады.
Кiлттер, мөр немесе пломбир заңды тұлға басшысының бұйрығымен тағайындалатын жауапты адамда сақталады.
9. Заңды тұлғаның басшысы осы Қағидалардың сақталуына дербес жауапты болады.

Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану қағидаларына қосымша

Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылуына қойылатын талаптар

1. Бірінші топ объектілеріне қойылатын техникалық  нығайту талаптары


1. Кемінде 500 мм қалыңдықта кірпіштен немесе тастан қаланған, кемінде 200 мм қалыңдықта бетон қабырға блоктарынан немесе қалыңдығы 90 мм екі қабат бетон тастардан немесе 180 мм қалыңдықта темірбетон панельдерінен салынған іргелі сыртқы қабырғалар, жабындар, қалқалар.
2. Іргелі сыртқы қабырғаларға ұқсас жасалған немесе әрқайсысының араларына диаметрі 10 мм кем емес және тор көздерінің көлемі 150х150 мм кем емес арматурадан немесе металл тормен арматураланған 120 мм кем емес қалыңдықта кірпіш қаланған металл торлар салынған 80 мм қалыңдықта қосарланған гипсобетон панельдерінен жасалған ішкі қабырғалар (қалқалар).
3. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сай келмейтін жауап бермейтін сыртқы қабырғалар, жабындар, едендер және қалқалар ішкі жағынан барлық аудан бойынша диаметрі кемінде 10 мм арматуралы металл торлармен және мөлшері 150х150 мм-ден аспайтын ұялармен нығайтылып, содан соң сылақпен сылануға тиіс. Торлар қабырғаға берік жасалған тереңдігі 80 мм диаметрі 12 мм болат анкерлермен (бетон тегіс беттерге 4 дюбельмен атқыланып, 100х50х6 мм болат жолақшалар салынатын детальдарға) 500х500 мм аспайтындай аралықта дәнекерленеді.
4. Кіретін есіктер ақаусыз, есік қорабына дәлме-дәл кіріп тұрған, тұтас, қалыңдығы кемінде 40 мм болуы, бір-бірінен кемінде 300 мм аралықта орнатылған ойықты, өздігінен жабылып қалмайтын екі құлпы болуы тиіс.
5. Аулаға, тұйық көшеге шығатын есіктер, қосалқы есіктер екі жағынан қалыңдығы кемінде 0,6 мм қаңылтыр болатпен әдіптеліп, төсемнің ішкі беткейіне немесе бүйіріне қатты жабылатындай иіліп келген болуы тиіс. Қаңылтырлар төсемнің периметрі мен диагональдары бойынша диаметрі 3 мм, ұзындығы 40 мм және 50 мм-ден аспайтын аралықта шегелермен бекітіледі.
6. Объектілер үй-жайларының есік ойығын (есік қорабын) жиектеуді болат пішіммен орындаған жөн. Болат қадақтардың (ірі шегелердің) көмегімен бекітілген диаметрі кемінде 10 мм, ұзындығы кемінде 120 мм болатын 30х40х5 мм болат бұрышпен күшейтілген ағаш қораптарды пайдалануға рұқсат етіледі.
7. Үй-жайлардың терезе ойықтары ішкі жағынан немесе жақтаулары арасынан тігінен және көлденеңінен 150 мм-ден аспайтындай диаметрі кемінде 16 мм болат таяқшалардан жасалған торлармен жабдықталады. Тор таяқшаларының ұштары кемінде 80 мм тереңдікке кіріп тұрады және оған бетон құйылады.
8. Беріктігі жағынан жоғарыда көрсетілген торлардан кем түспейтін декоративті торларды немесе жалюздерді қолдануға жол беріледі.
9. Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған ішкі үй-жайлар басқа ұйымдардың үй-жайларымен, техникалық үй-жайлармен, дәліздермен және т.б. шектеспеуі тиіс.
10. Үй-жайларға өтуге болатын шатыр люктеріне, желдеткіш шахталарына, өрт баспалдақ­тарына, төбелерге, күнқағарларға шығатын дәліздер мен үй-жайлардың терезе ойықтары қабатына қарамастан ішкі жағынан ашылатын металл торлармен жабдықталуы тиіс.
11. Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімінің (бұдан әрі – Тізім) І, ІІ, ІІІ кестелеріндегі есірткі құралдары, психотроптық заттар сақталатын үй-жайлар күзет қызметін жүзеге асырушы субъект пульттеріне қосылған күзет, өрт және дабыл белгілерімен жабдықталады.
12. Күзет дабылының бірінші шебімен ғимараттар, үй-жайлар периметрлерінің құрылыс конструкциялары – сырт жағынан ішке енуге болатын терезе және есік ойықтары, желдеткіш арналары, жылу жолдары мен үй-жайдың басқа да элементтері қорғалады.
13. Есіктер «ашуға» және «бұзып кіруге» қарсы жабдықталады. Терезелер «ашу» және «бұзу» дабылымен қорғалады. Күрделі емес қабырғалар, төбелер, қалқалар, коммуникациялар енгізілген жерлер «сындыруға» қарсы жабдықталады. Іргелі қабырғалар, желдеткіш қораптар – «бұзуға» және «соққымен әсер етуге» қарсы жабдықталады.
14. Өндіруші кәсіпорындардың өндірістік ғимараттарына іргелес аумақтардағы қоршаулар:
1) бірінші топ объектілерінің периметрі бойынша адамдар мен көліктердің бақылау-өткізу пункттерін айналып өтіп, бір объектіден екінші объектіге өтуіне кедергі жасауы керек;
2) бақылаудың және күзетудің техникалық құралдарын пайдалануға кедергі жасамайтындай, бұрылыссыз, түзу сызықтың бойымен жүргізілуі тиіс;
3) өткізу режимі бар объекті аумағының сыртқы қоршауының биіктігі кемінде 2,5 метр болуы керек;
4) күзетті күшейту үшін сыртқы қоршаудың жоғарғы бөлігіне 3-4 қатар тікен сымдар орнатылады;
5) сыртқы қоршауда өтетін қуыстар, қираған тұстар мен басқа да бұзылулар, жабылмайтын есіктер, қақпалар, қақпашалар және т.б. болмауы тиіс.
15. Өндіруші кәсіпорындар, сынақ зертханалары, ғылыми-зерттеу институттары ғимараттарына, көтерме сауда кәсіпорындары – адамдар мен рұқсат етілген көлік түрлерін өткізуге арналған бақылау-өткізу пункттерімен (бұдан әрі – БӨП) жарақталуы қажет.
16. БӨП міндетті түрде жұмысшылар мен қызметкерлердің жеке заттары сақталатын бөлмемен, тексеру бөлмесімен, күзет қызметкерлерін, күзеттің техникалық құралдарын (концентраттар, пульттер, күзеттік теледидардың бейнебақылау құрылғылары және т.б.) өткізуді (өтетін жерді) ашатын тетіктерді және күзеттік жарықты басқаратын құрылғыларды, сондай-ақ өткізу режимін реттейтін (автоматтандырылған немесе қолмен басқарылатын механикалық құрылғыларды, турниктерді, қақпашаларды және т.б.), сондай-ақ қажет болған жағдайда тексерудің қолмен жүргізілетін стационарлық құралдары орналастырылатын үй-жаймен жабдықталуы керек.
17. Көлік құралдарына арналған БӨП электр жылжытқышы мен қашықтықтан басқарғышы, апаттық тоқтату және қолмен ашу құрылғысы бар жылжымалы немесе айқара ашылатын типтік қақпалармен жабдықталады. Қақпалардың өздігінен ашылуын (қозғалуын) болдырмау үшін шектеуіштермен немесе тоқтатқышпен жабдықталады. Қақпаларды басқару пульті БӨП-те немесе оның сыртқы қабырғасында орналасуы қажет. Соңғы жағдайда пультке бөгде адамдарға рұқсат берілмеуі керек.
18. Тізімнің І Кестесі мен ІІ Кестесіндегі есірткі құралдары, психотроптық заттар бірінші топтағы объектілерде сақтауға арналған арнайы үй-жайларда (бұдан әрі – қоймаларда) сақталады.
19. Қойма күрделі ғимараттың ішінде орналасуы тиіс. Қоймалардың қабырғалары қалыңдығы кемінде 380 мм кірпіштен қаланады. Беріктігі кірпішке тең немесе одан да жоғары темірбетон қабырғаларды қолдануға болады. Күрделі ішкі қабырғалар, сондай-ақ қабырғаны жасырын қирату мүмкіндігі болмайтын жағдайда ғимарат жертөлелерінің, үшінші және одан жоғары қабаттарының сыртқы қабырғалары бір мезгілде қойманың да қабырғалары бола алады. Қоймалардың қабырғалары осы ұйым үй-жайларының қабырғаларымен жапсарлас бола алады.
20. Қоймалардың іш жағынан қалыңдығы кемінде 200 мм қоршау қабырғаларға жанасатын бетон қаптама орналастырылады.
21. Қойманың астындағы іргетас қалыңдығы кемінде 600 мм тұтас бетоннан немесе тас қалаудан жасалады. Іргетас пен темірбетон қаптама арасынан гидрооқшаулағыш көзделуі тиіс. Техникалық жертөлелер немесе қандай да бір үй-жайлар құрылғыларын қойма етуге жол берілмейді.
22. Қалыңдығы 200 мм ішкі біртұтас темірбетон қаптама, сыртқы бөлгіш плита (жабу) қоймалардың бөлгіш конструкциялары болып табылады. Бұл орайда төбенің темірбетон қаптамасына ғимарат бөлгіштерінің (жабуларының) салмағы түспеуі тиіс.
23. Бір қабатты ғимараттар үшін, сондай-ақ қойма ғимараттың соңғы қабатында орналасқанда, қойманың жоғары қаптамасы бөлу (жабу) плитасынан 250 мм алшақ төселіп, қойманың алдыңғы бөлігі жағынан қадағалау үшін ашық болуы тиіс.
24. Темірбетон бөлгіші бар ғимараттарда, бөлгіш қабырғалары бойынша сол ұйымға қарасты астыңғы және үстіңгі үй-жайлармен жанаспалы қоймаларды қосымша қоршау конструкцияларымен жабдықталмайды болады.
25. Қойманың алдыңғы бөліктен өтетін бір ғана кіретін есігі болуы керек. Қоймаға терезе жасауға жол берілмейді.
26. Қойма есіктері екі жағынан 0,6 мм кем емес қаңылтырмен қапталады. Есік ойығында қойманың ішіне қарай ашылатын қосымша металл торлы есік орнатылады.
Торлы металл есіктер диаметрі кемінде 16 мм болат таяқшалар, 150х150 мм аспайтын торкөздер құрайтындай етіліп дайындалады және әрбір түйіскен тұстары дәнекерленеді.
27. Қоймалар міндетті түрде әрбір шебі орталықтандырылған бақылау пультінің жеке нөмірлеріне қосыла отырып, көпшепті күзет белгісі жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
28. Тізімнің І және ІІ Кестелеріндегі есірткі құралдары, психотроптық заттармен операциялар жүргізетін персоналдың жұмыс орындары ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне дабыл белгілерін беруге арналған дабыл белгілерімен жабдықталады.
29. Стационарлық көмек көрсететін денсаулық ұйымдарының бөлімшелерінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау аға (бас) медициналық бикенің кабинетінде жүзеге асырылады.

2. Екінші топ объектілеріне қойылатын техникалық нығайту талаптары


30. Екінші топ объектілері мен үй-жайларды тікен сымдармен қоршап күзет орындары мен ұтқыр патрульдер қою қажет.
31. Күзет орнының орталығы бақылау жүргізуге және құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу шараларын жылдам қабылдауға неғұрлым қолайлы жерге орнатылады. Күзет орнының орталығынан шекаралардың қашықтығы 300 метрден аспауы керек.
32. Патрульге қызмет өткеруі үшін патруль жасау бағыты белгіленіп, патруль жүретін негізгі бағыттың шекарасына көруге және естуге болатын шектегі аумақтар кіргізіледі. Патрульдеу бағытының ені осы учаскедегі жедел жағдайын ескере отырып, нақты жағдайларға байланысты сол учаскеде белгіленеді.
33. Патруль бағытының қашықтығы автокөліктегі патрульге – 6 км, мотоциклдегі патрульге – 3 км, велосипед пен атты патрульге – 2 км, жаяу патрульге – 1 км аспауы керек. Патрульдерге арналған бағыт қашықтығы жедел жағдайға байланысты, бірақ белгіленген норманың 25 пайызынан асырылмай ұзартылуы немесе қысқартылуы мүмкін.
34. Құрамында есірткілер бар өсімдіктер өсірілетін және жиналатын объектілер адамдар мен рұқсат етілген көлік түрлерін өткізуге арналған БӨП-пен жабдықталуы қажет.
35. БӨП саны барынша аз болуы және адамдар мен көліктерді өткізудің қажетті қабілеттілігін қамтамасыз етуі тиіс.
36. БӨП міндетті түрде тексеру бөлмесімен, күзет қызметкерлерін, күзеттің техникалық құралдарын (концентраттар, пульттер, күзеттік телевизияның бейне бақылау құрылғылары және т.б.), өткізуді (өтетін жерді) ашатын тетіктерді және күзеттік жарықты басқаратын құрылғыларды, сондай-ақ өткізу режимін реттейтін (автоматтандырылған немесе қолмен басқарылатын механикалық құрылғыларды, турниктерді, қақпашаларды және т.б.), сондай-ақ қажет болған жағдайда тексерудің қолмен жүргізілетін стационарлық құралдары орналастырылатын үй-жаймен жабдықталуы тиіс.
37. Көлік құралдарына арналған БӨП өздігінен ашылуын (қозғалуын) болғызбайтын шектегіштермен немесе қысқыштармен жабдықталатын жылжымалы немесе айқара ашылатын типтік қақпалармен жабдықталады. Автокөліктерді тексеруге арналған тексеру алаңдары немесе эстакадалар жабдықталады.
38. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің технологиялық үдерістері (кептіру) мен сақталуы күзет қызметінің күзет субъектілеріне жататын аумақтарда немесе учаскелерде жүзеге асырылуы тиіс.
39. Өндірістік үй-жайлар, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ оларды өңдеуден алынған өнімдерді сақтауға арналған үй-жайлар жұмыс аяқталғаннан кейін құлыпталуы және мөрленуі керек.
40. Тізімнің ІІ және ІІІ Кестесінде көзделген есірткі құралдары, психотроптық заттар, оларды өңдеу арқылы алынған өнімдер мөрленген сейфтерде сақталады.
41. Тізімнің ІІ, ІІІ, ІV Кестесінде көзделген есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды және оларды өңдеу арқылы алынған өнімдерді күзет қызметінің күзет субъектілері міндетті күзетуге тиіс.
42. Объектілер күзет, өрт және дабыл сигнализациясымен жабдықталуға тиіс.

3. Үшінші топ объектілеріне қойылатын техникалық нығайту талаптары


43. Үшінші топ объектілері мен үй-жайларында Тізімнің ІV Кестесіндегі прекурсорларды кәсіпорын аумағындағы технологиялық құрал-жабдықтардың бір бөлігі болып табылатын ыдыстарда, пломбаланған контейнерлерде, цистерналарда, оған тиесілі темір жол тұйықтарындағы және күзетілетін өндірістік үй-жайларға жақын орналасқан темір жол вагондарында техникалық нығайтудың қосымша элементтерін ұйымдастырусыз сақтауға жол беріледі.
Объектілерге іргелес аумақтарды қоршау мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:
1) адамдар мен көліктердің бақылау-өткізу пункттерін айналып өтіп, бір объектіден екінші объектіге өтуіне кедергі жасауы керек;
2) қоршау бақылауға немесе күзетудің техникалық құралдарын пайдалануға кедергі жасамайтындай, түзу сызықтың бойымен артық бұрылыстарсыз жүргізілуі тиіс;
3) сыртқы қоршауда өтетін қуыстар, қираған тұстар мен басқа да бұзылулар, жабылмайтын есіктер, қақпалар, қақпашалар және т.б. болмауы тиіс.
44. Объектілер адамдар мен көлікті өткізу үшін БӨП-пен жарақталуы қажет.
45. Көлік құралдарына арналған БӨП электр жылжытқышы мен қашықтықтан басқарғышы, апаттық тоқтату және қолмен ашу құрылғысы бар жылжымалы немесе айқара ашылатын типтік қақ­палармен жабдықталады. Қақпалардың өздігінен ашылуын (қозғалуын) болдырмау үшін шектеуіштермен немесе тоқтатқыштармен жабдықталады. Қақпаларды басқару пульті БӨП-те немесе оның сыртқы қабырғасында орналасуы қажет. Соңғы жағдайда пультке бөгде адамдарға рұқсат берілмеуі керек.
46. Күзетілетін аумақтың ішкі және сыртқы жарығы болуы тиіс.
47. Объектілер күзет сигнализациясымен жабдықталуы тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет