Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 2009 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі



жүктеу 57.49 Kb.
Дата08.05.2018
өлшемі57.49 Kb.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің 2009 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі

2008 жылы жаһандық қаржы дағдарысы әлемдік экономиканың өсу қарқынының тежелуіне едәуір әсер етті. Бірқтар елдерде экономикалық рецессия байқалып отыр.


Әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақсыздық Қазақстанның экономикалық өсу қарқынына ықпал етті. Алдын ала бағалау бойынша 2008 жылы экономикалық өсу – 3,1 %-ды, жұмыссыздық деңгейі шамамен – 7 % - ды , инфляция жылдың соңында – 9,5 %-ды құрады.

2009 – 2010 жылдары әлемдік нарықтардағы жағдай күрделене түсуі мүмкін және оның салдары отандық экономикаға қолайсыз сипатта болады. Әлемдік тауар нарықтарында Қазақстанның негізгі экспорттық ұстанымдарына төмен бағаның сақталуы мүмкін.

Осындай жағдайларда 2009 жылы экономикалық саясат елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жаһандық дағдарыстың теріс салдарын жұмсартуға бағытталады.

Үкімет пен Ұлттық Банк саясатының басты мақсаты әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және макроэкономикалық теңгерімді қолдау, сондай-ақ экономикалық өсім мен іскерлік белсенділікті ынталандыру болады.

2009 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі бағалау бойынша шамамен 2 %-ды құрайды, жұмыссыздық деңгейі 8%-дан аспайды. Инфляция 2009 жылдың соңында 9 %-ды құрайды деп болжануда.

Қазақстан Республикасы Үкіметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі – ҚНРА) қабылдаған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 – 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын (бұдан әрі – Бірлескен іс-қимыл жоспары) іске асыру көрсетілген мақсаттарға жетудің негізгі құралдарының бірі болады.

Бірлескен іс-қимыл жоспары шеңберінде қаржы секторын тұрақтандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін, жылжымайтын мүлік нарығын нарығын дамыту, экономиканы одан әрі әртараптандыру, жұмыспен қамтуды қаматамасыз ету және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау жөніндегі міндеттер шешіледі.

Үкімет, Ұлттық Банк пен ҚНРА отандық қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және экономиканың нақты секторына кредит беру үшін қажетті жағдай жасайды. Үкімет баға құрайтын екінші деңгейдегі банктерді қосымша капиталдандыруды қамтамасыз етеді. Үкіметтің жекелеген екінші деңгейдегі банктер деңгейіндегі тұрақтандырушы шаралары, оның ішінде екінші деңгейдегі банктермен жасасқан меморандумдар шарттарының іске асырылуын көздейді.

Көрсетілген инфляция денгейіне қол жеткізу және елдің қаржы жүйесін тұрактандыруды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк теңгерімді ақша-кредит саясатын жүргізеді.

Қысқа мерзімді өтімділікті реттеу және оны барабар деңгейде ұстап тұру үшін Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерге қайта қаржыландыру қарызын береді, сондай-ақ РЕПО операциялары бойынша қамтамасыз ету ретінде қабылданатын құралдардың тізбесін одан әрі кеңейту, екінші деңгейдегі банктерге кепілсіз кредиттер беру, банктерде Ұлттық Банк депозиттерін орналастыру мүмкіндігі қаралады.

Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктердің әр түрлі кредиторлар типтері алдындағы міндеттемелеріне кепілдік беру жүйесін әзірлейді және енгізеді. Бұл ресурстарды банкаралық нарық арқылы қайта бөлуге және қысқа мерзімді құралдар ақша нарығындағы операцияларға қол жеткізуді кеңейтуге ықпал етеді.

Қысқа мерзімді өтімділіктің және Ұлттық Банк беретін банкаралық міндеттемелер бойынша кепілдіктердің көлемі екінші деңгейдегі банктің меншікті капиталы мөлшерінің 50 %-ы сомасынан аспайтын болады.

Өз кезегінде ҚНРА отандық қаржы секторын реттеуді күшейтеді. Қаржы ұйымдарының өз капиталының жеткіліктілігін бағалауға ағымдағы тәсілдер жетілдіріледі, қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарына сәйкес проблемалық активтерге арнайы провизияларды қалыптастыру тәртібі қатаңдатылады және қаржы ұйымдарындағы менеджмент тәуекелге қойылатын талаптар күшейтіледі.

ҚНРА акционерлердің жауапкершілігін арттыру қағидаттарын ескере отырып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуінің және салымшылардың мүддесін қорғауды қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін пысықтайтын болады.


Ұлттық Банк пен Үкімет экономиканың активтері мен міндеттемелерінің едәуір үлесі шетелдік валютада болғанда және қарыз алушылардың активтер валютасы мен міндеттемелерінің сәйкессіздігіне негізделген жоғары кредиттік тәуекел болған жағдайда қаржы тұрақтылығы көрсеткіштерінің нашарлауын болдырмау үшін төлем теңгерімі мен теңгенің айырбас бағамының жай-күйіне үнемі мониторингі жүргізеді.

Осыған байланысты Ұлттық Банктің іс-қимылы ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге немесе теңге бағамының шетел валютасына қатысты бақыланатын шекте қалқымалы өзгеруіне бағытталатын болады.

Тұтастай алғанда, Үкіметтің қызметі экономиканы «сауықтыруға» және орнықты сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағдарланатын болады.
Тұрақтандыру шараларын іске асырумен қатар қолайлы инвестициялық ахуалды сақтау, бәсекелестікті дамыту және жобаларды экономиканың әлеуетті экспортқа бағдарланған секторларында іске асыру арқылы перспективалы даму үшін негіз қаланатын болады.

Үкімет ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды бастауды, агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамытуды және «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын серпінді іске асыруды қамтамасыз етеді.

Экономикалық белсенділікті ынталандыру жөніндегі шаралар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, оның ішінде әкімшілік кедергілерді одан әрі азайтуға бағытталатын болады. Отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында оларға мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларына кең қол жетімділік берілетін болады.

Жылжымайтын мүлік нарығын тұрақтандыру үшін Үкімет 2009 жылы үлестік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты жалғастырады және арнайы ипотекалық кредит беру бағдарламасын іске асыруға кіріседі.

2009 жылы Үкімет қызметіндегі негізгі басымдық – жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау болады. Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өндіріс көлемінің азаюы нәтижесінде уақытша босаған қызметкерлерді ірі кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандумдар шеңберінде жұмыспен қамту және босатылатын қызметкерлерді кәсіби даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Жұмыс орындарын құру, оның ішінде қоғамдық жұмыстар, инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілер салу, заңсыз еңбек көші-қонын бақылауды қатаңдату есебінен қосымша ауқымды шаралар кешені көзделеді.

Барлық әлеуметтік міндеттемелер, оның ішінде Мемлекет басшысының 2009 – 2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыларды және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде толық көлемде әрі уақтылы қаржыландырылады.

Салық-бюджет саясатының шаралары экономикаға салық жүктемесін азайту арқылы экономикалық белсенділікті ынталандыруға және мемлекеттік шығыстардың теңгерімді саясатын жүргізуге бағытталатын болады.

Жаңа Салық кодексінің нормаларын іске асыру, атап айтқанда
2009 жылы корпорациялық табыс салығының ставкасын 30 %-дан 20 %-ға дейін, қосылған құн салығын 13 %-дан 12 %-ға дейін азайту, сондай-ақ салық төлеушілердің шегерімдер жүйесін ырықтандыру кәсіпорындар үшін нарықтардың қолайсыз конъюнктурасын жұмсартуға және олардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, экономикаға мультипликативтік әсер көрсететін жобаларды бірінші кезекте қаржыландыруға және халықтың қажетті жұмыспен қамтылу деңгейін қолдауға бағытталған икемді бюджеттік инвестициялық саясат жүргізілетін болады. Бұл ретте экономикалық жағдай нашарлаған және бюджетке түсетін түсімдер қысқарған жағдайда, кідіріссіз шешуді талап етпейтін шығыстар оңтайландырылатын немесе неғұрлым кеш мерзімге қалдырылатын болады.


Бюджет тапшылығының, мемлекеттік кепілдіктердің және мемлекет кепілгерліктерінің мөлшері макроэкономикалық теңгерімділікке қол жеткізу қажеттілігін ескере отырып, қолайлы деңгейде ұсталып тұрады.

Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп, бюджет қаражатының, оның ішінде Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға бағытталатын қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды қатаңдатады.


Айтылған шараларды, оның ішінде Бірлескен іс-қимыл жоспарын тиімді іске асыру үшін Үкімет, Ұлттық Банк пен ҚНРА елдегі экономикалық ахуалға және әлемдік экономиканың даму үрдістеріне үнемі мониторинг жүргізеді және қажетті түзету шараларын қабылдайтын болады.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет