Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі



жүктеу 0.87 Mb.
бет1/5
Дата05.12.2018
өлшемі0.87 Mb.
  1   2   3   4   5





Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2014 жылғы 25 сәуірдегі
№ 396_қаулысымен

бекітілген



Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі

тұжырымдамасы

Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы 2012 жылғы 10 шілдедегі Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмасын орындау үшін әзірленді.



  1. Кіріспе


Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстанда серпінді экономикалық өсуге негізделген әлеуметтік дамудың тиімді жеке моделі қалыптасты.

Білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау жүйелері ұдайы жетілдіріліп, жұмыспен қамту ынталандырылуда, мәдениет, ақпарат және спорт салалары табысты дамып келеді. Тұрақты экономикалық өсу қамтамасыз етіледі және қазақстандықтардың әл-ауқаты артуда.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының кедейлік деңгейін екі есе азайту, жалпыға ортақ бастауыш біліммен қамтамасыз ету, бастауыш және орта білім саласындағы гендерлік теңсіздікті жою жөніндегі 2015 жылға дейінгі Мыңжылдық даму мақсаттарына қол жеткізді.

2012 жылы Адами дамудың индексі рейтингінде (186 ел мен аумақтан) Қазақстан адами даму деңгейі жоғары елдер тобына сәйкес келетін 69-орынға ие болды.

Сонымен бірге, қазіргі әлемде барлық мемлекеттер бірқатар жаһандық трендтермен бетпе-бет келіп отыр, оларды өзінің әлеуметтік бағытын айқындаған кезде ескеру қажет.

Демографиялық сын-қатерлер кешенінде халықтың қартаю үрдісі байқалуда. БҰҰ деректері бойынша 60 жастағы және одан үлкен адамдар саны 2050 жылға қарай 2 еседен артық болады және бүкіл әлем халқының


22 %-ын құрайды. Бұл халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығы құрылымындағы сапалы өзгерiстерге ғана емес, жұмыс iстейтiн адам жүктемесінiң ұлғаюына, сонымен қатар экономикалық өсудiң бәсеңдеуiне де алып келуі мүмкiн.

Табыс деңгейі төмен елдерде халықтың өсуi үрдiсі және табысы жоғары елдерде халық саны өсуiнің бәсеңдеуі байқалады, бұл жалпы әлеуметтiк жағынан осал халық санының ұлғаюына алып келеді. Бұл аз дамыған елдерден неғұрлым дамыған елдерге қоныс аудару ағындарына ықпал ететiн факторлардың бiрi болуы мүмкін.

Халық кедейшілігін азайту әлемдегі маңызды басымдықтардың бірі болып қалуда. БҰҰ деректері бойынша 2012 жылы әлемде күніне 1,25-ден аз АҚШ долларына күн көретін 1,4 млрд. адам (20 %) тіркелген.

Халық табысының теңсіздігі өзекті болып қалуда. Бай және кедей елдерде жан басына шаққандағы табыс деңгейі арасындағы алшақтық ұлғайып отыр. БҰҰ деректері бойынша соңғы 15 жыл ішінде әлемнің


100-ден астам елінде жан басына шаққандағы табыс төмендеп кетті. Әлем халқының 20 %-ы ең кедей адамдар санатына жатады және әлемдік кірістің
1 %-ына өмір сүруге ұмтылады.

Ауыз судың жетіспеуі және халықтың тіршілігі үшін қалыпты санитариялық жағдайды қамтамасыз ету де маңызды әлемдiк проблемалардың бiрi болып табылады. 1,1 миллиард адамның таза суды пайдалануға мүмкiндiгі жоқ. 2025 жылға қарай 1,8 миллиард адам судың абсолюттiк тапшылығы сезілетін елдер мен өңірлерде өмiр сүретiн болады, ал әлем халқының


2/3 шектеулі сумен қамту жағдайында өмiр сүруі ықтимал.

Азық-түлiктiң қажеттi қорын өндiру және оларды қайта бөлу проблемалары аштыққа ұшыраған адамдар санын ұлғайтады. Әлемде


1 миллиардқа жуық адам үнемі ашқұрсақ өмір сүруде. БҰҰ-ның есептеулеріне сәйкес 2030 жылға қарай бүкіл халықты азық-түлiкпен қамтамасыз ету үшін азық-түлiк өнімдерінің әлемдiк өндiрiсі екi есе өсуi тиіс.

Индустриялық-инновациялық даму аясында заманның технологиялық қауіптерге үлкен мән берiледi. Әлеуметтiк-экономикалық дамуда инновациялардың рөлiн күшейту дәстүрлi өнеркәсiп салаларындағы жұмыстан көрсетілетін қызметтер саласы мен ғылымды көп қажет ететiн салалардағы жұмысқа ауысуға, және осының салдары ретінде, орташа біліктілікті талап ететiн жұмыс орындары санының қысқаруына ықпал етеді.

Соңғы әлемдік экономикалық дағдарыс көптеген дамыған елдерді мемлекеттің әлеуметтік саясатты іске асырудағы рөлін қайта ойластыруға бағыттады. Бүгінде Еуропа мен Азияның бірқатар елдері өздерінің «әлеуметтік даму модельдерін» жетілдіру жолдарын іздестіруде.

Тұтыну моделіне негізделген экономикалық жүйе қаржы дағдарысынан кейін шайқалды. Әлеуметтік берекелі қоғам құрған мемлекеттерде қазіргі уақытта әлеуметтік дағдарыс өсуде: әлеуметтік төлемдер азаюда, зейнеткерлік жас ұлғайтылып, жұмыссыздық өсіп келеді.

Елдiң үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жағдайында және жаhандық даму үрдiстерiн ескере отырып, Қазақстанның әлеуметтiк моделі де жаңғыртуды талап етедi.

«Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақалада Қазақстан Республикасының Президенті


Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңін белгілейтін елдің әлеуметтік дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айқындады.

Тұжырымдама 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған


30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша стратегиялық мақсатқа жетуге себептес болады.
Қазақстан Республикасын 2030 жылға дейін әлеуметтік дамыту пайымы.

Ағымдағы жағдайды талдау. Болашақтағы жетістіктер мен негізгі қауіптер.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік бағдарланған мемлекет құруды бастады.

Елдің әлеуметтік моделін қалыптастыруда үш негізгі кезеңді атап көрсетуге болады.

Бірінші кезең (1991 – 1998 жылдар) кеңестік кезеңнен мұра болып қалған және жаңа экономикалық жағдайда тұрақты бюджет базасымен нығайтылмаған декларативтік әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер санының көптігімен сипатталады.

Командалық-әкімшілік жүйе күйзеліске ұшырағаннан кейін ел инфляция деңгейі 3000 % ауқымды экономикалық дағдарыс, өндірістің терең құлдырауы мен жұмыссыздықтың тез өсуі жағдайына тап болды.

Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) 1992 жылы 168 АҚШ долларын құрады, 1993 жылы ел халқының үштен бірі кедейшілік шегінде өмір сүрді. 1991 жылдан бастап 1997 жылдар аралығындағы кезеңде жұмыссыз халық саны іс жүзінде екі есе ұлғайды.

Кеңес уақытынан мұра болып қалған заңнама экономикалық негізі жоқ кепілдіктерді қамтыды. Мысалы, тегін көрсетілетін медициналық қызметтерге, барлық деңгейде білім беруге кепілдіктер беріліп, балалардың бос уақытын өткізу ұйымдары мемлекет есебінен жүргізілді, бірқатар заттай жеңілдіктер көзделді. Экономикалық құлдырау және бюджетке түсімдер болмаған жағдайларда бюджет мұндай үлкен жүктемені көтере алмады: еңбекақыны, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуде кідірістер орын алды.

Аса тығыз мерзім ішінде экономикалық реформалар: бағаларды ырықтандыру, ұлттық валютаны енгізу, жекешелендіру, салық және банк жүйелерін реформалау, институционалдық реформалар жүргізілді.
Міндетті тегін орта білім Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген. Жоғары білім конкурстық негізде ұсыныла бастады. Білім беру жүйесінде қызметін мемлекет реттейтін жеке сектор құрыла бастады. Білім беру мазмұнын жаңарту процесі басталды.

Денсаулық сақтау жүйесінде саланың инфрақұрылымын оңтайландыру жөніндегі реформалар басталды. Бұл өзгерістердің салдары фармацевтикалық сектор мен стоматологиялық ұйымдарды жекешелендіру болды.

Жинақтау қағидатына негізделген жаңа зейнетақы жүйесі енгізілді. Әрбір азамат өмір бойы өзінің зейнетақы жинақтарын өз бетінше жинайды, бұл жинақтар оның болашақ зейнетақысының мөлшерін айқындайды. Мемлекет барлық адамдарға базалық зейнетақы төлеміне қосымша кепілдік береді.

Ақпараттық кеңістікте жеке сектор құру азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Екінші кезең (1999 – 2008 жылдар) барысында әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді ұтымды ету, мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті бөлу жүзеге асырылды.

Білім беру жүйесін басқару мен қаржыландыруды орталықсыздандыру жүзеге асырылды. Білім беру ұйымдарының ауқымды құрылысы басталды.

Денсаулық сақтаудың екі деңгейлі бюджеттік жүйесі құрылды. Медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде жүзеге асырыла бастады. Алғаш рет азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін және жеңілдікпен дәрілік қамтамасыз ету бағдарламасы енгізілді.

Қазақстан Республикасының халқын әлеуметтік қорғаудың 2001 жылғы тұжырымдамасы қабылданды, онда нарықтық экономиканың даму қағидаттарына сәйкес келетін модель құру көзделген.

2002 жылдан бері табысы кедейшілік шегінен төмен адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беріледі.

Екінші кезең шеңберінде жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлініп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көпдеңгейлі жүйесі құрылды. Бұл жүйе бірнеше құрауыштардан тұрады, оның әрқайсысына қатысушы тараптардың біреуі жауап береді:

1) мемлекет – базалық әлеуметтік төлемдер: базалық және ынтымақты зейнетақылар, мемлекеттік жәрдемақылар, біржолғы мемлекеттік төлемдер;

2) жұмыс беруші – еңбекке қабілеттілігін жоғалтуға байланысты табысынан айырылудың әлеуметтік қаупі орын алған кезде, жүктілікке және бала тууға, баланы күтуге байланысты әлеуметтік төлемдер жасау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне аударылатын әлеуметтік аударымдар;

3) қызметкер – зейнетақы төлемдерін алу үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары.

Әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету айтарлықтай кеңейтілді. Балалы отбасыларға бала туумен және оны асырумен байланысты жәрдемақылар беріледі және осы жәрдемақылардың сомасын біртіндеп ұлғайту қамтамасыз етіледі.

Үшінші, қазіргі заманғы кезеңде (2009 жылдан бастап) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы мен қолжетімділігі артып, тұрақты бюджет негізі есебінен лайықты әлеуметтік-экономикалық жағдай жасалуда, негізделген әлеуметтік көмек қағидаттары енгізіліп, жұмыспен қамтудың белсенді түрлері дамып келеді.

Әлеуметтік блок әлеуметтік көмек көрсетудің негізділігі қағидатын енгізу арқылы өз әлеуетін арттыра бастады.

2013 жылы Қазақстанның ЖІӨ 1991 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1991 жылмен салыстырғанда 72 еседен аса ұлғайып, 12 мың 933 АҚШ долларынан асты.

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны


1998 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 12,5 есеге азайды.

Орташа айлық жалақы 1998 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 11,21 есеге өсті.

Халықтың денсаулық жағдайы жақсарды. 1995 жылы елеулі төмендеуден кейін қазақстандықтардың өмір сүруінің болжамды ұзақтығы 2013 жылы
70,4 жасты құрап, 6,6 жылға ұлғайды.

Тәуелсіздік жылдары ішінде ана өлімі 2013 жылы 100 мың тірі туған сәбиге есептегенде 12,6 көрсеткішін құрап, 5 есеге азайды.

Соңғы алты жыл ішінде (2008 – 2013 жылдар) сәби өлімін 45 %-ға,
1000 тірі туғанға есептегенде 11,31 деңгейіне дейін төмендету мүмкін болды.

Ынтымақты зейнетақы жүйесiнің қатысушыларын зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі тұрақты дамуда. Осылайша, 1998 жылмен салыстырғанда, зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 11 есе ұлғайды (2 440 теңгеден бастап 28396 теңгеге дейін): орта – 10,5 есе (3 964 теңгеден бастап 41 727 теңгеге дейін), ең жоғары – 8 есе (7256 теңгеден 59 962 теңгеге дейін).

Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. 2013 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-ды құрады, бұл 1999 жылмен (13,5 %) салыстырғанда елеулі ілгерілеуді көрсетеді.
Іс жүзінде қазіргі уақытта жұмыспен қамту саласындағы саясат жұмыссыздық деңгейін табиғи деңгейде ұстауда.

1. Білім беру

Негізгі жетістіктер

«Балапан» бағдарламасы шеңберінде балаларды (3-6 жастағы) мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту екі еседей – 2009 жылғы 36,2 %-дан 2013 жылы 73,4 %-ға дейін ұлғайды. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі енгізілген.

Орта білім беру жүйесінде «100 мектеп құрылысы» жобасы іске асырылды. Мемлекет басшысының 2011 жылғы Жолдауына сәйкес республикалық бюджет есебінен 307 мектеп және жергілікті бюджеттер есебінен 215 мектеп салу жоспарланып отыр.

«Болашақтың мектептері» үлгісі ретінде Назарбаев Зияткерлік мектептері табысты жұмыс істеп, дамып келе жатыр.

Қосымша білім беруді одан әрі арттыруға және білім беру сапасын арттырудағы негізгі бағдар ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі іс-қимылдардың орындылығын, біртұтастығын және жүйелілігін қамтамасыз етуге бағытталған Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 – 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары іске асырылуда.

Көптілді білім беру белсенді енгізілуде. 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық бірінші сыныптарда ағылшын тілін оқыту енгізілді.

Халқы аз елді мекендердегі оқушыларға көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттыру үшін шағын жинақты мектептерді
оқу-әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ететін ресурстық орталықтар құрылуда.

Педагог мамандығының имиджі мен мәртебесін арттыру мақсатында мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа кембридждік моделі енгізілді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім алушыларға практикадан өту үшін жұмыс орындары ұсынылады, жұмыс берушілер тарапынан шәкіртақылар бөлінеді, оқытушылар өндірісте тағылымдамадан өткізіледі.

Жұмыс берушілер барлық түйінді учаскелерге – Ұлттық және өңірлік кеңестерге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын басқаруға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге тікелей қатысады.

Жұмыс берушілер бірлестіктерінің базасында біліктілікті растайтын 3 орталық құрылды. Қазірдің өзінде 2108-ден астам кәсіпорын тартылған оқытудың қос жүйесі белсенді дамып келеді.

Жұмыс берушілерді мамандар даярлауға тартудың жүйелік операторы ретінде және әлемдік тәжірибені енгізу үшін «Кәсіпқор» холдингі құрылды, ол арқылы басқарудың бизнес қатысатын корпоративтік түрі, жаңа стандарттар, халықаралық бағдарламаларды аккредиттеу сынақтан өткізіледі және таратылады.

Жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту үшін берілетін гранттар саны ұлғаюда, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі құрылды. Жоғарғы оқу орындарын оңтайландыру жүзеге асырылуда. Үш деңгейлі жоғары білім беруге (бакалавр – магистр – доктор PhD) ауысу жүзеге асырылды. Назарбаев Университеті табысты дамып келеді.

Мемлекеттік жастар саясаты саласында 2013 жылғы 27 ақпандағы


№ 191 және 2013 жылғы 17 маусымдағы № 603 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен бекітілген «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен
оны іске асыру жөніндегі жоспар (бірінші кезең – 2013 – 2015 жылдар) іске асырылуда.

Жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне және олардың мүмкіндіктерін ашып көрсетуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру Тұжырымдаманың мақсаты болып табылады.

Тұжырымдаманы іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: бірінші кезең – 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін; екінші кезең –
2016 жылдан бастап 2020 жылды қоса алғанға дейін.

Өзекті мәселелер

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамту одан әрі кеңейтуді талап етеді. Бұдан басқа, халықаралық ұйымдар 1 жастан
3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жүйесіне тарту арқылы балаларды ерте дамыту қажеттілігін алға тартып отыр.

Қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығының, яғни мектептен алатын білімдерін, машықтары мен дағдыларын адам өмірінің түрлі салаларындағы өмірде кездесетін міндеттердің кең диапазонын шешу үшін, сондай-ақ оларды тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда пайдалану деңгейінің төмендігі байқалады.

Жоғары, техникалық және кәсіптік білім беруде оқыту мазмұнының нарықтың қажеттіліктеріне сәйкестігі қамтамасыз етілмеген, жұмыс берушілер мен тұрақты түрде білім беретін ұйымдар арасындағы байланысты дұрыс жолға қою қажет.
2. Денсаулық сақтау

Негізгі жетістіктер

1994 жылдан бері денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру,
2013 жылы 838 млрд. теңгені құрай отырып, 82 есеге ұлғайды.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі әрбір азаматқа денсаулық сақтау ұйымын еркін таңдау құқығын берді.

3 300 астам амбулаториялық ұйым еліміздің барлық тұрғындарын медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен қамтиды.

2007 – 2012 жылдар аралығындағы кезеңде елде 100-ге жуық мемлекеттік және жеке меншік ауруханалар, әртүрлі деңгейдегі 489 амбулаториялық-емханалық көмек көрсету объектілері салынды.

Денсаулық сақтаудың алты инновациялық объектісі кіретін медициналық кластер құрылды. Астана қаласында әлемдік деңгейдегі жаңа онкологиялық орталық салынып жатыр.

Елдің шалғайдағы аудандарын көрсетілетін медициналық қызметпен қамтамасыз ететін көлік медицинасы жедел қарқынмен дамып келеді.

Жыл сайын 3 млн. астам баланы және 2 млн. астам ересекті тексере отырып, Ұлттық скринингтік бағдарлама ауруларды ерте сатыларда анықтауға және тоқтатуға мүмкіндік береді.

Амбулаториялық-емханалық деңгейде тегін дәрілік қамтамасыз ету енгізілген. 3 млн. астам азаматтың неғұрлым кең таралған 48 ауруды емдеу үшін дәрілердің 400-ден астам түрін, сондай-ақ сирек кездесетін және ауыр түрдегі (гемофилия, склероз, муковисцидоз, қатерлі ісік және т.б.) ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды тегін алуға мүмкіндігі бар.

Елдің барлық тұрғындары вакциналық алдын алумен қамтылған.
2012 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды полиомиелит пен безгек аурулары жоқ ел деп таныды.

Қазақстандықтардың денсаулығы едәуір жақсарды. Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамытудың 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру нәтижесінде соңғы алты жыл ішінде (2007 – 2012 жылдар) қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын азаматтардың өлім-жітімі 40 %-дан жоғары азайды. Туберкулез ауруы соңғы 10 жылда екі есе төмендеді.

Жоғары мамандандырылған тегін медициналық көмек әрбір азаматқа қолжетімді болып отыр. 2012 жылдың өзінде шамамен
21 000 кардиохирургиялық және 60-қа жуық органдарды ауыстыру операциялары жасалды. Елде жүрек ауыстыру бойынша бірінші операция жасалды. Онкологиялық аурулар кезінде органдарды сақтайтын бірегей операциялар жүргізіледі. Жамбас буындарын эндопротездеу операциялары әдеттегі операцияларға айналды.

Медициналық ұйымдардың дербестігін, бәсекелестігін дамытуға және медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын ұдайы арттыруға бағдарланған басқару мен қаржыландырудың жаңа түрлері енгізілді.

Өзекті мәселелер

2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 70,45 жасты құрады, бұл кіріс деңгейі ұқсас елдерге қарағанда 4 жылға төмен.

Бұл еңбекке қабілетті жаста жүрек-қан тамыры аурулары, жол-көлік оқиғалары мен онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің жоғары деңгейімен байланысты. Туберкулезбен сырқаттанушылық жоғары деңгейде қалып отыр.

Ана мен баланың денсаулығын сақтау саласындағы айтарлықтай өзгерістерге қарамастан, республикада ана мен бала өлімінің көрсеткіштері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңіріне қарағанда әлі де жоғары.

Жоғарыда көрсетілген проблемалардың басым бөлігін медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) деңгейінде шешуге болады. Халықаралық тәжірибе МСАК-ты қаржыландыру көлемі денсаулық сақтау шығыстарының кемінде 40 %-ын құраған жағдайда МСАК тиімділігі мен ең көп қамтылуына қол жеткізілетінін көрсетіп отыр. Алайда 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан МСАК-ке тегін медициналық көмектің кепілді көлемі қаражатының 24 %-ын ғана салған.

Денсаулық сақтауды қаржыландыру көздері әртараптандырылмаған, негізгі қаржылық жүктеме мемлекетке тиесілі, іскерлік қоғамдастықтың үлесі жеткіліксіз, ал азаматтардың қаржылық қатысуы оларды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға ынталандырмайды.

3. Әлеуметтік қорғау және еңбек нарығы

Негізгі жетістіктер

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-еңбек саласында халықтың өмір сүру деңгейін едәуір жоғарылатуға мүмкіндік берген айтарлықтай табыстар қамтамасыз етілді.

1993 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке арналған шығыстар ЖІӨ-ден 0,9 %-ды құрады. 2013 жылы шығыстар көлемі ЖІӨ-ден 3,7 %-ға дейін ұлғайды.

Кепілдендірілген арнайы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тізбесі белгіленді және халықтың негізгі осал топтары үшін арнайы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер стандарттары әзірленді.

Қазақстан БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қол қойды. Конвенция мүгедектер құқықтарын қорғаудың жаңа жоғары стандарттарын белгіледі.

2007 жылы қызметкерлер құқықтарын корғаудың ауқымды кепілдіктерін, еңбек дауларын шешудің жаңа тетіктерін, қызметкерлер біліктілігін реттеудің жаңа тәсiлдерін қамтитын қолданыстағы Еңбек кодексі күшіне енді.

Халықаралық еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау стандарттары енгізіліп, өндірістік жарақаттану азайып келеді.

Жұмыспен қамту саласындағы саясаттың жаңа тәсілдері айқындалған Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020 іске асырылуда. Жұмыссыздарға мемлекеттік көмек негізділік қағидаттарымен ғана беріледі. Жұмыссыз адам жұмыс табу үшін бар күш-жігерін салады, ал мемлекет оған осы мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Өзекті мәселелер

Елеулі жақсаруларға қарамастан, кәсіпорындардың жұмыс істеуі мен өсуі үшін негізгі кедергі жұмыс күшінің біліктілігі болып табылады.

Бейресми жұмыспен қамту кең таралған құбылыс болып қалып отыр. Бейресми сектор Қазақстанда ірі ауқымдарға ие, 15-тен 64 жасқа дейінгі өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың шамамен үштен бірі бейресми түрде жұмыс істейді.

2013 жылы елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,59 млн. адамды немесе жұмыспен қамтылған еңбекке қабілетті барлық халықтың үштен бірін құрайды. Олардың ішінен, статистикалық деректерге сәйкес 9 %-ның
11 жылдық білімі жоқ, ал орта мектептің 11 сыныбын бітіргендердің 52 %-ы өз білімдерін жалғастырмаған. Жалдамалы қызметкерлер қатарында бұл сандар тиісінше 2 %-ды және 25 %-ды құрайды.

Ауыл шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың арасында білім деңгейі неғұрлым төмен адамдар басым. Саудада өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 22 %-ы жұмыс істейді және олардың білім деңгейі жалдамалы қызметкерлер арасындағы орташа көрсеткіштерден қалыс қалады, бірақ бұл ретте осы салада жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі (58 %) арнайы орта немесе жоғары білім алған.

Жалпы алғанда білім деңгейінің төмен болуы себепті өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың еңбек өнімділігі төмен.

Жұмыс күшінің теңгерімделген сұранысы мен ұсынысын қамтамасыз ету үшін еңбек ресурстарына деген қажеттілікті болжамдау тәсілдерін жақсарту қажет.

Жас адамдардың (тіркелген жұмыссыз халықтың үштен бірі) және әйелдердің (ұзақ мерзімді жұмыссыздық ерлерге қарағанда екі есе жоғары) арасындағы жұмыссыздық үлесі жоғары.

Кедей халықты белсенділендіру бағдарламалары тиімділігінің жеткіліксіздігі әлеуметтік апатияға және масылдыққа алып келеді.

Өз кезегінде әлеуметтік көмектің үлкен тиімділігін қамтамасыз ету бағдарламалар мен әлеуметтік көмек көздерін шоғырландыруды талап етеді, бұл әлеуметтік көмек көрсетудің үйлестірілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

Өндірістік жарақаттанушылықтың жоғары болуы еңбек қатынастары саласындағы аса маңызды мәселе болып табылады.


4. Ақпараттық кеңістік, мәдениет және спорт

Негізгі жетістіктер

Сапалы қайта құрулар нәтижесінде тәуелсіздік жылдары ішінде азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы айтарлықтай кеңейе түсті. Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда небәрі 10 республикалық мемлекеттік баспасөз басылымы шығарылып, 21 теле- және радиоарна эфирге шықса,
2013 жылы елде 2164, оның ішінде 80 %-ы мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді.

Мемлекеттік баспа басылымдарының таралымы ұлғайтылып, дизайны жаңартылды, 2011 жылдың басында ұлттық цифрлық спутниктік желіні іске қосу жүзеге асырылды.

Астана қаласында мемлекеттік хабар тарату компанияларының басты технологиялық алаңына айналған «Қазмедиа орталығы» аппараттық-студиялық қазіргі заманғы кешені пайдалануға берілді.

2011 жылы ұялы байланыс операторлары Астана, Алматы қалаларында және елдің барлық облыс орталықтарында үшінші буын желісін (3G стандарты) пайдалануға енгізді. 2012 жылдан бері төртінші буын желілерін (4G стандарты) салу жобасын іске асыру басталды.

2007 жылдан бастап 2011 жылдар аралығы кезеңінде ұялы байланыс абоненттерінің саны 2 есе, Интернет абоненттері 3 есе ұлғайды. Ел халқының 55,3 %-ы Интернет желісін пайдаланушылар болып табылады, тұрғындардың 18,5 %-ы Интернетті білім алу мақсатында пайдаланады.

«Электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ақпарат ұсыну және қызмет көрсету міндеттері ойдағыдай шешілуде. Мемлекеттік органдар барлығы 236 интерактивті және транзакциялы қызметтер көрсетеді. «Электрондық үкімет» порталын күн сайын 25 000 астам азамат қолданады.

2007 жылдан бастап 2011 жылдар аралығы кезеңінде электрондық коммерция 257-ден 1519 респондентке дейін өсті.

Соңғы он жыл ішінде мәдени инфрақұрылым айтарлықтай өзгерді: театрлар саны 22 %-ға ұлғайып, кітапханалар саны 21 %-ға ұлғайды, мұражайлар, кинотеатрлар мен клубтар саны екі есе дерлік ұлғайды.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2004 жылдан бері «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы іске асырылып келеді. Оның шеңберінде ғылымды ұлттық тарих пен мәдениет туралы түсінік беретін мыңдаған артефактілермен байытқан 40 астам археологиялық және 30 астам ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді.

«Қазақтың дәстүрлі мың күйі», «Қазақтың дәстүрлі мың әні» және «Батырлар жыры» атты бірегей жобалар шеңберінде халық шығармашылығының үздік үлгілері жүйеленді.

«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғам отандық киностудиясында көркем, деректі және анимациялық фильмдер шығарудың толық заманауи технологиялық тізбегі қамтамасыз етілген.

Қоры кітаптардың, авторефераттар мен диссертациялардың 15 мыңнан астам электрондық көшірмесін, 18 мың библиографиялық жазбаларды қамтитын негізгі зияткерлік ұлттық ресурсқа айналған Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана серпінді дамып келеді.

Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың саны 2007 жылғы 15 %-дан 2013 жылы 23,2 %-ға дейін ұлғайды.

Республика бойынша спорт құрылыстарының саны 32 234 бірлік, олардың 64 % ауылдық жерлерге келеді.

Өзекті мәселелер

Қазіргі уақытта ақпараттық саланы, сондай-ақ мәдениет және спорт салаларын қаржыландыру халықаралық озық стандарттарға сәйкес келмейді.

Мәселен, Қазақстанда мәдениетті дамытуға жұмсалатын бюджет шығыстары ЖІӨ 0,1 %-ды құрайды, батыс елдерде бұл көрсеткіш 0,6 %-дан
0,8 %-ға дейін.

Қызметкерлердің бейінді бағыттар бойынша компьютерлік сауаттылығының төмен деңгейі енгізіліп жатқан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалануға, тиісінше оларға көрсетілетін қызметтер мен орындалатын функциялардың сапасын арттыруға мүмкіндік бермейді.

Интернет желісімен қамтуды одан әрі кеңейту қажет.

Қазақстан электрондық коммерцияны дамытуда әлемнің индустриялық елдерінен әлдеқайда артта қалуда.

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырудың жеткіліксіз тарифтері проблемалардың бірі болып табылады.

Өңірлердегі мәдениет мекемелері желісін дамытудағы сәйкессіздіктерге негізделген мәдениет ұйымдары көрсететін қызметтерге қол жеткізу мәселесі өзекті болып қалуда.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және мамандықтың беделін арттыру мәселелері назар аударуды талап етеді.

Спорт саласында бұқаралық спорт түрлерін емес, кәсіби спорт түрлерін жетілдіруге басты көңіл бөлінуде.

Ауылдық және қалалық аумақтардағы спорттық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы деңгейінде айырмашылықтар бар. Спорттық ғимараттардың саны жеткіліксіз, олардың спорттық керек-жарақпен төмен қамтылуы атап өтіледі, әсіресе ауылдық жерлерде. 2013 жылы жалпы білім беретін мектептердің 26,7 %-ында спорттық залдар болмады. Балалар аула клубтарының желісі дамымаған: 2013 жылы елде 477 аула клубы жұмыс істеген, оларға 64,8 мың оқушы қатысқан (немесе білім беретін мектептер жалпы контингентінен 2,5 %).

Халықтың әлеуметтік осал жіктерінің бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға интеграциясына жеткілікті назар аударылмайды.


5. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

Негізгі жетістіктер

Соңғы онжылдықта жалпыұлттық сипаттағы неғұрлым маңызды міндеттердің бірі тұрғын үй құрылысы болып табылады. 2012 жылға арналған тұрғын үй қоры 303,4 млн. шаршы метрді құрады, бұл 2001 жылға қарағанда 62,4 млн. артық.

Қазақстанда халықтың тұрғын үймен қамтылуы 2002 жылдан бастап


2012 жылдар аралығында 27,7 %-ға ұлғайып, бір адамға есептегенде
22,1 шаршы метрді құрады. Жыл сайын енгізілетін тұрғын үйдің жалпы алаңының көлемі 2003 жылдан бастап 2012 жылдар аралығында 3 еседен артыққа өсіп, 6 700 мыңнан астам шаршы метрді құрады.

2012 жыл ішінде республикада 3 142,1 км инженерлік-коммуникациялық желілер құрылды. Оның ішінде енгізілген электр желілерінің ұзындығы 1 532,4 км, газ – 424,4 км, жылу – 77,9 км, су құбыры және кәріз желілерінің ұзындығы 940,4 км құрады.

Үлестік құрылысты регламенттейтін қолданыстағы заңнама қатаңдатылды. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасқан тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктері белгіленді.

Орташа класс пен халықтың әлеуметтік қорғалған жіктеріне арналған тұрғын үй салуға ынталандыруға бағытталған шаралар қабылданды: азаматтардың белгілі бір санаттары үшін (балалы жас отбасылар, мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлері, әлеуметтік сала мемлекеттік кәсіпорындарының қызметкерлері) мемлекеттік қаражат есебінен коммуналдық және қолжетімді тұрғын үй салу.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамның қатысуымен азаматтар, банк, мемлекет және құрылыс компанияларының тең құқықты серіктестігі қағидатына негізделген тұрғын үй құрылысы және оны сату схемасы енгізілді. Банк халықтың қалың тобына арналған түрлі бағдарламаларды іске асырады.

Жалдамалы тұрғын үй нарығын реттеу нормалары заңнамалық түрде қабылданып, оны дамыту үшін жағдайлар жасалды. Республикада жалдамалы үйлерді жалдау шарттары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйді жалдау тетігі айқындалды.

Өзекті мәселелер

Экономикалық белсенді халықтың негізгі бөлігі үшін, оның ішінде жас отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі төмен деңгейде қалып отыр.

Жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар үшін жалдамалы тұрғын үй салуды қаржыландыру көлемін одан әрі ұлғайту қажет.

Қазіргі тұрғын үй қорында көппәтерлі үйлерге жататын тұрғын үйдің


32 %-ы жекелеген жөндеу түрлерін жүргізуді талап етеді, ал 2 %-ы одан әрі пайдалануға жарамсыз апаттық тұрғын үй санатына жатады.

Қазақстанда құрылыс индустриясының тиімді нарығын дамыту қажет, ол халықтың қалың тобына арналған тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырудың маңызды факторы болып табылады.






Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет