Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі


Қазақстандағы әлеуметтік даму моделі



жүктеу 0.87 Mb.
бет3/5
Дата05.12.2018
өлшемі0.87 Mb.
1   2   3   4   5

Қазақстандағы әлеуметтік даму моделі


Шетелдік модельдерді талдау қазақстандық әлеуметтік модель континенттік модельге тән негізгі қағидаттар бойынша, бірақ белгілі бір ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, дамып келе жатқанын көрсетті.

Мәселен, ағымдағы әлеуметтік модельде мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар арасындағы жауапкершілікті бөлуге негізделген әлеуметтік серіктестіктің ұлттық схемасы тиімді жұмыс істейді. Әлеуметтік қорғау саласында жұмыс берушілер қызметкерлерді әлеуметтік сақтандыруды қамтамасыз етеді. Зейнетақымен қамсыздандыру саласында жауапкершілік, ең алдымен, жинақтаушы зейнетақы шоттарының тетігі арқылы азаматтарға жүктеледі. Мектепке дейінгі және орта білімді мемлекет қамтамасыз етеді, ал жұмыс берушілер кәсіптік стандарттарды әзірлеуге, қызметкерлерді сертификаттауға және өндірістік тағылымдаманы қамтамасыз етуге қатысу арқылы кәсіптік-техникалық және жоғары білім жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Қазақстандық әлеуметтік модельдің одан әрі дамуы мүмкіндіктердің жалпыға ортақ теңдігі және мемлекет, жұмыс беруші мен азамат арасында жауапкершілікті нақты бөлу арқылы өндірістік жұмыспен қамту және инклюзивтік экономикалық өсу негізінде азаматтардың өмір сүру сапасының артуын қамтамасыз етеді.

Барынша ауқымды орташа тап қазақстандық әділ қоғамның негізіне айналады. Азаматтар үшін олардың өзін-өзі көрсетуі үшін, олардың жеке ұмтылыстары мен меритократияға негізделген тиісті әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасалатын болады. Бұл ретте қиын өмірлік жағдай туындаған кезде бір де бір азамат мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғаусыз қалмайды.

Әділ қоғам құрудағы мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың ынтымақты жауапкершілігінің басты қағидаты міндетті және ерікті сақтандыруды кеңейту арқылы қазақстандық әлеуметтік модель жаңа дамуға бет алады.

Қазақстандық әлеуметтік даму моделі мынадай қағидаттар негізінде дамитын болады:

1) елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер;

2) ең төменгі әлеуметтік стандарттарды белгілеу;

3) әлеуметтік көмек көрсетудің атаулы болуы немесе оның сараланған тәсілі;

4) мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі;

5) тиімді әлеуметтік саясаттың негізі ретіндегі экономикалық өсу.
Еліміздің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер

Әлеуметтік игіліктерге (сапалы медицинаға, таза суға, білім алуға, оның ішінде өмір бойы қажетті өмірлік және кәсіптік дағдыларды алу үшін) қолжетімділікті кеңейту арқылы қоғам барлық азаматтарға олардың жеке әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасауы тиіс.

Әлеуметтік мәртебесіне, жынысына, этникалық тиесілілігіне, туған жеріне қарамастан, өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде әлеуметтік игіліктер алуға азаматтардың тең мүмкіндіктері болуы тиіс.
Ең төменгі әлеуметтік стандарттарды белгілеу

Азаматтарға өмірінің әрбір кезеңінде әлеуметтік қызметтер көрсетудің – адамның өзін-өзі дамытуы үшін бастапқы тең мүмкіндіктерге негіз болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттардың ең төменгі қажетті деңгейіне кепілдік берілетін болады.


Әлеуметтік көмек көрсетудің атаулы болуы немесе оның сараланған тәсілі

Еліміздің азаматтарына тең мүмкіндіктермен қатар ең төменгі әлеуметтік стандарттарды ұсынуда халықтың белгілі бір топтарына әлеуметтік көмек көрсетуде сараланған тәсіл қолданылуы тиіс.

Ол көмектің нысаны мен мөлшерін айқындау кезінде адамның экономикалық іс-әрекет қабілеттілігі деңгейін есепке алуды болжайды. Еңбекке қабілетті азаматтар үшін еңбек етуге тең мүмкіндіктерге, ал мүгедектер үшін өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктеріне кепілдік беру қажет. Тұтастай алғанда, мемлекет өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға ғана көмек беруі тиіс. Бұл ретте, қолдау көрсету ең алдымен азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді жұмылдыруға бағдарлануы тиіс.

Сараланған тәсіл әлеуметтік масылдықты болдырмауы тиіс.

Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі.

Бұл қағидат әрбір тарапқа – мемлекетке, жұмыс берушілерге және азаматтарға – белгiлi бір мiндеттемелер мен жақсы өмір сүру сапасына қол жеткізу және әлеуметтiк-экономикалық мүмкіндіктердің барлық көлемін қамтамасыз ету жауапкершiлiгі жүктелетін әлеуметтік серіктестіктің дамуын білдіреді.

Егер мемлекет өмiрде қиын жағдайға тап болған адамға қолдау көрсететін болса, бiрақ адам өз жағдайын жақсартуға күш салмаса, онда мемлекеттiк көмек көрсету тоқтатылуы мүмкін.

Әлеуметтiк әріптестердің ынтымақты жауапкершiлiгі тараптардың әрқайсысының міндеттемелерінен қалыптасады:

1) ең төменгі әлеуметтік стандарттар;

2) бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі;

3) белгiлi бір өмiр сүру салтына бейімділік пен ең төменгі әлеуметтiк стандарттарды қаржыландыруға белсендi қатысуды қамтитын жеке жауапкершілік (азаматтар).
Тиімді әлеуметтік саясаттың негізі ретіндегі экономикалық өсу

Әлеуметтiк модельдің пәрмендiлiгі елдiң экономикалық әлеуетіне тiкелей тәуелді болады. Бұл өзара байланыс екi өлшемде байқалады:

1) экономикалық өсу азаматтарды жұмыспен қамту арқылы олардың әл-ауқатын арттыру үшін негіз қалайды. Нарық жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді, яғни азаматтардың табысын қалыптастырады. Әлеуметтік-экономикалық кепілдіктердің деңгейі (тізбесі, көлемі) экономиканың өсуі мен бюджеттің мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Мықты экономика тұрақты салық базасын және сол арқылы мемлекеттің әлеуметтік моделінің орнықтылығын қамтамасыз етеді;

2) азаматтардың әл-ауқатына негізделген адами капиталды дамыту экономикалық өсудің факторы болып табылады. Біліктілікті жоғары дені сау жұмыс күші инновацияларды генерациялайды, өнімділігі жоғары еңбекті және табыстың өсуін қамтамасыз етеді.


3. Адами капиталды дамытудың негізгі әлеуметтік-экономикалық шарттары

Әрбір азаматтың өзін-өзі барынша көрсетуіне мүмкіндік беретін әділ қоғам қалыптастыру мақсатында Қазақстанның әлеуметтік даму моделі өмірлік циклдің әрбір кезеңінде әлеуметік-экономикалық жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталатын болады:

1) балалық шағында бастапқы жағдайлардың теңдігін қамтамасыз ету;

2) еңбекке қабілетті азаматтарға тең мүмкіндіктер ортасын қалыптастыру;

3) егде жастағы азаматтарға лайықты өмірді қамтамасыз ету.

Осы тәсіл әлеуметтік бағдарламалармен жаппай қамтуды және әлеуметтік дамудың дәйектілігін қамтамасыз етеді. Әрбір адам өзінің өмір жолында «жас» шектеулерімен және мүмкіндіктермен бетпе-бет келеді. Адамның әрбір өмірлік кезеңді табысты аяқтауы одан арғы тұрақты даму үшін негіз қалайды. Мұндай «жинақтау» әсері барлық қоғамдық институттардың қатысуымен дәйекті және теңгерімделген әлеуметтік саясатты іске асырған кезде қолжетімді.


Балалық шақ

Балалық шақ кезеңінде балалардың ерте дамуы үшін жағдай жасалады, бұл олардың толыққанды тәни, ақыл-ойының және рухани дамуының кепіліне айналады. Ерте даму шеңберінде берілген қарқын мектеп жасы кезеңінде сақталып, ұлғайтылатын болады.

Жүкті және бала емізетін әйелдердің денсаулығын сақтау және нығайту. Тегiн медициналық көмек, тиiмдi тамақтану және әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы ата-аналардың табыстарын қорғау дүниеге дені сау баланы әкелудiң кепiлі болады.

Балалардың денсаулығы және ерте когнитивтік дамуы. Вакцинацияны, патронаждық көмекті қоса алғанда, тегiн медициналық көмек, жүйелі профилактикалық тексерулер, балаларға арналған сапалы тамақ баланың денсаулығына келуі мүмкін зиянның алдын алуға, сәби өлiмі мен мүгедектiкті азайтуға мүмкiндiк бередi.

Ата-аналардың табыстарын қорғау. Өмiрдiң алғашқы айлары мен жылдарында баланың ерте когнитивтi дамуы мемлекеттiк жәрдемақылар мен әлеуметтiк сақтандыру жүйелері арқылы анасының табысын қорғаумен қамтамасыз етiледі.

Мектепке дейін білім беру. Түрлi нысандардағы мектепке дейiнгi білім беруге тең қол жеткізу және онымен балаларды толық қамту өмiр бойы білім алу үшін негіз қалап, базалық когнитивтік және әлеуметтік дағдылар мен білім алу уәждемесін қалыптастырады. Мектепке дейiнгi ұйымдарда олардың түрі және қаржыландыру көзiне қарамастан, білім беру бағдарламалары сапасының салыстырмалы деңгейi қамтамасыз етілетін болады.

Балалардың мүгедектігінің профилактикасы және оңалту. Ерте дамуға объективті кемшіліктері бар балаларды оңалту арқылы мемлекеттiк қолдау мұндай балаларға жоғалтқан мүмкiндiктерiн қалпына келтіруге және жаңа перспективалар ашуға немесе оларды өзгерген жағдайларға бейiмдеуге мүмкiндiк бередi.

Жалпыға ортақ тегін орта білім. Мектеп функционалдық сауаттылықтың биiк деңгейі арқылы келешектегі өмiрде кәсiптік табысқа жету үшiн трамплин болады. Балаларға мектеп беретін әлеуметтiк тәжiрибе саналы таңдау жасауға және қоғамның қажетті мүшелері болуға мүмкіндік береді.

Тең мүмкіндіктер мен спорттық және мәдени іс-шараларға инклюзивтік қолжетімділік. Дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тең қол жеткізу арқылы балалардың тәни дамуы дені сау халық қалыптастырудың шартына айналады.
Еңбекке қабiлеттi жас

Бала кезінде негізі қаланған әлеуеттің негізінде адамның кәсіптік дағдыларын қалыптастыру, белсендi пайдалану және жетілдіру өмiрлiк циклдің осы кезеңінде адами капиталды дамыту басымдығы болып табылады.

Кәсіптік білімге қолжетімділік. Адамның әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi оның кәсiптік бiлiм алу мүмкіндігіне ықпал етпейді, кәсіптік білімге қол жеткізуді мемлекет түрлi құралдар жүйесі арқылы қамтамасыз ететін болады. Кәсiптік бiлiмге қолжетімділікті теңестіру жүйесі атаулы және негізделген сипатқа ие болады.

Біліктіліктер ұтқырлығы. Адамның кәсiптік тұрғыда өсуі мен жұмыспен тиiмдi қамтылуы кәсіптік дағдыны алу түріне қарамастан, олардың деңгейiмен және сапасымен ғана айқындалатын болады. Ерте еңбек жолы процесінде жинақтаған кәсiптік тәжiрибе кәсiптік дағдылар мен мәртебеге айырбасталатын болады. Бұл формалды және өмiр бойы қосымша білім алу, оның ішінде жұмыс орнынан және оның Ұлттық бiлiктiлiктер жүйесi шеңберiнде танылуы арқылы мүмкін болады.

Жұмыс орындарының қауiпсiздiгі. Жұмыспен қамтудың кез келген түрлері шеңберiнде барлық жұмыс орындары тиісті еңбек жағдайын жасайтын және өнiмдi қызметке ынталандыратын ұлттық қауiпсiз жұмыс ортасын қалыптастыратын болады.

Медициналық көмекке қолжетімділік. Адам денсаулығының деңгейі, оның әлеуметтiк-экономикалық мәртебесі әртүрлi қаржы көздері есебiнен берiлетiн, барлығын қамтитын және сапалы медициналық көмек алу үшiн кедергi болмайды.

Кәсiпкерлiк бастаманың еркіндігі. Кез келген азамат инновациялық идеялар аккумуляциясының, бизнес-орта мен жаңа жұмыс орындарын қалыптастырудың құралы болып табылатын кәсiпкерлiктi дамытудың ұлттық инфрақұрылымына тең қол жеткiзе алады.

Қолжетімді өнiмдi жұмыспен қамту. Жұмыс істеу ниеті адамды жұмыспен қамту түрлерінің алуан түрлілігі, біліктіліктердің теңгерімді сатысын құру, жұмыспен қамтуды жандандыру бағдарламалары, жұмыссыз қалудан әлеуметтік сақтандыру, кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы жағдайлық немесе құрылымдылық жұмыссыздық, тиімсіз жұмыспен қамтылу және төмен еңбек өнімділігінің тәуекелдерінен қорғайды.

Ақпаратқа және мәдени құндылықтарға қол жеткiзу. Ақпарат пен мәдени даму қажеттiлiгін қанағаттандыру технологиялық даму деңгейiн ескере отырып, оның пiкiрлерi мен қалауы негiзiнде адамның еркiн таңдау мәселесі ретінде қаралатын болады.

Дене шынықтыруға қол жеткiзу. Әрбір адам өз қажеттiлiктеріне сәйкес дене шынықтыру және спорт инфрақұрылымының артықшылықтарын пайдалану мүмкiндігіне ие болады. Кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, сондай-ақ спорт және дене шынықтыру саласын статистикалық есепке алу жүйесі жетілдірілетін болады.


Зейнеткерлік жас

Егде жастағы азаматтарға өзін-өзі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынылады.

Бұл ретте әрбір егде адам, бір жағынан өзінің өмірлік жетістіктеріне сенімді болады, ал екінші жағынан кедейшілікке алып келетін табыстардың мұндай төмендеуінен қорғалатын болады.

Табыстарды қорғау. Зейнетақы жүйесi зейнеткерлікке шығу кезінде еңбек жолы процесінде жинаған әлеуметтiк-экономикалық мәртебесін сақтау кепiлі болады. Өз өмiрлiк жетiстiктеріне қарамастан, әрбір адамның зейнетақы жинақтарының есебінен лайықты өмiр сүруге мүмкiндiгi болады.

Қолжетімді медициналық көмек. Егде жастағы барлық азаматтарға жас шектеулері мен созылмалы аурулар ауыртпалығын теңестіруге мүмкiндiк беретiн ұзақ мерзiмдi күтімдi қоса алғанда, медициналық көмекке қол жеткізуге, сондай-ақ олардың өмiр сүру сапасын арттыруға кепiлдiк берілетін болады.

Белсенді ұзақ өмір сүру. Кез келген жастағы адамдар қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Егде жастағы адамдардың өзін-өзі көрсетуі олар жинақтаған бағасыз өмірлік және кәсіби тәжірибені сақтауға және пайдалануға, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Тосқауылсыз тiршiлiк ортасы. Егде адамдар, оларға кiшi жастағы адамдармен қатар көлiк, мәдени және өзге де инфрақұрылымды қоса алғанда, барлық әлеуметтiк мүмкiндiктерді пайдалануға мүмкіндік беретiн қауiпсiз және ыңғайлы ортада өмір сүретін болады.
Әлеуметтік серіктестердің жауапкершілігін бөлу

Әлеуметтік саясат салаларында әлеуметтік серіктестердің жауапкершіліктерін бөлудің мынадай схемасын ескере отырып, олар ынтымақты түрде негізгі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Білім беру

Мемлекет тегін орта білімді ұсынады, мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыруға қатысады, кәсіби-техникалық және жоғары білім деңгейінде мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік білім берудің жинақтаушы жүйесін дамытады.

Жұмыс берушілер мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы білім берудің инфрақұрылымын дамытуға қатысады, кәсіби білімде жеке тапсырысты қалыптастыруға қатысады, өндірістік тағылымдамаларды қамтамасыз етеді, қадағалау кеңестері арқылы білім беру ұйымдарын басқаруға және кәсіби стандарттарды әзірлеуге, сондай-ақ қызметкерлер біліктілігін сертификаттауға қатысады.

Азаматтар өздерінің кәсіби біліктіліктерін дамытуға, оның ішінде жеке жинақтары мен өз балаларын оқытуға жағдай жасау есебінен жауапты болады.


Денсаулық сақтау

Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді көлемін ұсынуды және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етеді.

Жұмыс берушілер қызметкерлерге әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыратын болады, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы денсаулық сақтау инфрақұрылымын құруға және дамытуға қатысады.

Азаматтар салауатты өмір салтын ұстанады, әлеуметтік және ерікті медициналық сақтандыруға, сондай-ақ ауруларды басқару бағдарламаларына қатысады.


Әлеуметтік-еңбек қатынастары

Мемлекет индустриялық-инновациялық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және кәсіпкерлік үшін қолайлы ортаны дамытуды ынталандырады.

Жұмыс берушілер қауіпсіз жұмыс орындарын құрып, қызметкерлерді табыс шығынының тәуекелдерінен әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асырады, қызметкерлерді зейнетақылық қамсыздандыруға қатысады.

Азаматтар масылдықты қош көрмейді, өнімді еңбек етеді, жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтайды, зейнетақылық жинақтауды жүргізеді.


Әлеуметтік қорғау

Мемлекет әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек жүйесін, оның ішінде шартты көмекті қаржыландырады, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және әлеуметтік осал азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін мүмкіндіктер жасауға қатысады.

Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын құруға, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы әлеуметтік қызметтер көрсету инфрақұрылымын дамытуға қатысады, қайырымдылық бағдарламалары арқылы өз әлеуметтік жауапкершілігін іске асырады.

Азаматтар өз балалары, ата-аналарына және көмекке мұқтаж туыстарына қамқорлық көрсетеді, әлеуметтік осал азаматтарды қолдау бойынша қоғамдық қызметке белсене қатысады.

Мәдениет, ақпарат және спорт

Мемлекет казақстандық халықтың мәдениетін қалпына келтіруге, сақтауға, дамытуға және таратуға ықпал етеді, мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді, ақпараттық және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайды. Бұқаралық спорт инфрақұрылымына азаматтардың қолжетімділігі үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Жұмыс берушілер қызметкерлердің дене шынықтырумен және спортпен айналысуларына қажетті жағдайлар жасай отырып, олардың денсаулығын қолдауды қамтамасыз етеді, меценаттық арқылы мәдениеттің дамуын қолдайды.

Азаматтар мәдени жетілуге, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға ұмтылады, өздерінің компьютерлік сауаттылығы деңгейін арттырады.


Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

Мемлекет халықтың қалың бұқара топтарының, оның ішінде балалы жас отбасылардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін қолдау шараларын көрсетеді, тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға қатысады.

Жұмыс берушілер мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысады.

Азаматтар соның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтарының тетігін пайдалана отырып, тұрғын үй құрылысын қаржыландырады, тұрғын үй қорын ұстау мен пайдалануға жауапты болады, тұрғын үй қорын басқару жүйелеріне қатысады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет