Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі


Мемлекеттік органдардағы әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқару жүйесін дамыту



жүктеу 0.87 Mb.
бет5/5
Дата05.12.2018
өлшемі0.87 Mb.
1   2   3   4   5

Мемлекеттік органдардағы әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқару жүйесін дамыту

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің (Дүниежүзілік Банк) техникалық қолдауымен мемлекеттік басқару саласындағы халықаралық практиканың озық стандарттарының қолданылуын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлауға және басқаруға бағалау жүргізді.


Жүргізілген бағалаудың нәтижесінде проблемалар айқындалып, әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқару тиімділігін одан әрі арттыру бойынша шешімдер әзірленді.

Әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттарына табысты қол жеткізу үшін тиімді кадрлық саясат қалыптастыру мемлекеттік басқару саласындағы міндеттердің біріне айналады. Мемлекеттік органдар білікті қызметшілерді жұмысқа тартып, оларды ұстайды, оларға оқыту және дағдыларын жетілдіру тұрғысынан қолдау көрсетеді. Осы мақсаттарда озық тәжірибе алмасу бойынша тренингтер мен іс-шараларды қамтитын кешенді оқыту жоспарлары әзірленеді.

2020 жылға қарай әлеуметтік салаларда республикалық және өңірлік деңгейде мамандарға қажеттілікті зерделеу мен жоспарлауға бағытталған әдістер әзірленіп, енгізіледі.

Қаржы ресурстарын басқару сапасын арттыру әлеуметтік жаңғырту басымдықтарының біріне айналады.

Бюджетті жоспарлау мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген әлеуметтік-экономикалық саясатының орташа мерзімді басымдықтарына сәйкес нақты нәтижелерге жетуіне негізделетін болады. Күш-жігер мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының сапасын арттыруға бағытталатын болады.

Бюджет жүйесінің барлық деңгейлерінде бюджет шығыстарының нәтижелілігіне мониторинг енгізілетін болады. 2015 жылға қарай тиімді ішкі аудит жүйесі құрылады.

Мемлекеттік басқару тиімділігінің негізгі аспектісі ретінде әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру әлеуметтік жаңғырту мақсаттарына жету шеңберіндегі маңызды бағыт болады.

Әкімшілік процестер мен қызметтер көрсету рәсімдерінің тиімділігін ішкі бағалауды, сол сияқты алынатын қызметтер көрсетудің сапасы мен қолжетімділігіне тұтынушылардың қанағаттануын анықтауды қоса алғанда, республикалық және жергілікті деңгейлерде әлеуметтік қызметтер көрсету сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг жүйесі әлеуметтік салалардағы нәтижелер бойынша басқару жүйесін қалыптастыру негізіне, мемлекеттік қызметшілер қызметін бағалау базасына және уәждемесіне айналуы тиіс.

Іске асырылып жатқан іс-шараларды қолдау үшін бірыңғай әдістемелік қамсыздандыру жүйесі құрылатын болады. 2016 жылға қарай білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау, мәдениет салаларында сапалы әлеуметтік қызмет көрсетулер бойынша арнайы нұсқаулар әзірленетін болады, олар түпкілікті тұтынушының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарланған қызметкерлерді ынталандыру қағидаттарын қамтитын болады.

Сапалы деректер алу және пайдалану, сол сияқты оларды тарату, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланумен жариялау бөлігінде әлеуметтік жаңғырту мәселелері мен проблемаларын ақпараттық сүйемелдеу артады. Мемлекеттік органдарда ақпарат жинау және оның сапасы жөніндегі жүйелерді, ең алдымен, ведомстволық статистика жүргізуді, сондай-ақ ведомствоаралық ақпарат алмасуды жетілдіру бөлігінде дамыту қамтамасыз етіледі. Деректерді сақтау, жүйелендіру және тарату үшін ақпараттық технологиялар жүйесін дамыту жалғастырылатын болады.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, еңбек және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы салаларындағы іске асырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға үнемі бағалау жүргізу әлеуметтік жаңғыртудың және әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудың маңызды аспектісі болып табылады, ол мынадай бағыттар:

1) қойылған мақсаттарға жету үшін әзірленген стратегиялық бағыттар мен шараларды олардың қажеттілігін, жүзеге асуын, қабылдануы мен дәйектілігін айқындау үшін бағалау;

2) халықтың тиісті топтарын әлеуметтік көрсетілетін қызметтер пакетімен қамту;

3) мақсаттарға іс жүзінде қол жеткізу деңгейімен стратегияның іске асырылу нәтижелерін салыстыру бойынша жүзеге асырылатын болады.

Басқару тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан қарамағында әлеуметтік жаңғырту шараларын іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру, стратегияны қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу және әлеуметтік саланы реформалау процестерін тереңдету басымдықтары, сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері болатын әлеуметтік процестерді басқару жөніндегі ведомствоаралық қеңес құру ұсынылады.

Азаматтық қызметті дамыту


Мұғалімдер, медициналық және әлеуметтік қызметкерлер жататын азаматтық қызметтің жоғары әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, мемлекет оны дамытуға қатысты жүйелі және бірыңғай саясатты жүзеге асыратын болады. Азаматтық қызметті реттеудің кешенді нормативтік құқықтық негізін құру осы жұмыс бағыттарының біріне айналады.

2016 жылға қарай Қазақстанда меритократия қағидаттарын ескере отырып, азаматтық қызметті дамыту стратегиясы әзірленетін болады, ол мемлекеттік органдар мен азаматтық қызметшілер қызметінің ашықтығын және регламенттелуін қамтамасыз етіп, азаматтық қызмет саласында кадрлық саясат жүргізудің тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Қоғамда әлеуметтік сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен беделін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Осы тәсілдерді әзірлеуді ескере отырып, азаматтық қызметті дамыту процесін үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік орган айқындалатын болады.

Азаматтық қызметтің беделін одан әрі арттыруға ықпал ететін және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және т.с.с. салалар қызметкерлерінің еңбегін әділ бағалайтын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі жетілдірілетін болады, бұл түпкі нәтижесінде ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Үкіметтік емес сектормен әріптестік


Әлеуметтік жаңғыртудың оң нәтижелеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастығының тетіктерін жетілдіру шешуші мәнге ие болады.

2015 жылға қарай үкіметтік емес ұйымдарды құру мен оның қызметі, сондай-ақ олардың мемлекетпен өзара іс-қимылы мәселелерін реттейтін заңнамалық база жетілдіріледі.

2014 жылы үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұсыну тетігі жетілдіретін болады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалу барысы туралы ақпараттың қолжетімділігі, сондай-ақ оны үкіметтік емес ұйымдардың орындау нәтижелері қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтiк мәселелерді шешетiн үкiметтiк емес ұйымдарға ақпараттық, консультациялық, әдiстемелiк, ұйымдық-техникалық қолдау көрсету бойынша мемлекеттiк органдар тарапынан жұмыс күшейтiлетiн болады.

Үкiметтiк емес сектор мемлекеттік органдар жүргізетін әлеуметтік саясат шараларын бағалау және әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын бақылау процестеріне белсенді тартылатын болады. Әлеуметтік қызметтерді ұсыну сапасын арттыру бойынша үкiметтiк емес ұйымдар тарапынан берілетін ұсыныстарды орталық және жергілікті атқарушы органдар өз қызметінде мұқият қарап, ескеретін болады.

2030 жылға қарай әлеуметтік салада мемлекет және үкіметтік емес сектор тең әріптестік қағидатында өзара іс-қимыл жасайтын қарым-қатынастар моделі қалыптасып, толыққанды жұмыс істейтін болады.


Әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны реформалау

Жаңартылған нормативтік құқықтық база әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің негізі және әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды табысты іске асыру кепілі болады.


Нормативтік құқықтық базаны реформалаудың өзектілігі

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлеуметтік қатынастарды реттейтін ауқымды нормативтік құқықтық база құрылып, жұмыс істеуде.

Барлық аса маңызды салалар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі – арнайы заңнамалық актілермен реттеледі.

Еңбек заңнамасы кодификацияланған, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі құқықтық шеңберде жұмыс істейді.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» кодекстері, Еңбек кодексі қабылданды және қолданылуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларында нормативтік құқықтық база едәуір жетілдірілген.

Осылайша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында «Мемлекеттік әлеуметтік қызметтер туралы» жаңа Заң қабылданды, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, ішкі көші-қон мәселелерін регламентейтін және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша жаңа тәсілдерді айқындайтын «Халықтың көші-қоны туралы» Заң қабылданды.

2005 жылдан бастап еңбек ету қабілетін жоғалту, асыраушысынан, жұмысынан, жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу, нәресте баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айрылу сияқты әлеуметтік тәуекелдер басталған жағдайда әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны болып табылатын әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.

2008 жылы Мүгедектер құқығы туралы конвенцияға және оған Факультативтік хаттамаға қол қойылды.

Білім беру саласында соңғы бес жыл ішінде автономиялық жоғары оқу орындарын, зияткерлік мектептердің жаңа форматын, ғылыми қызметті іске асырудың жаңа нысандарын құруға бағытталған түйінді заңдар қабылданды.

Денсаулық сақтау саласындағы заңнама нормалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» бірыңғай актісіне кодификацияланған, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі үшін заңнамалық түрде құқықтық негіз бекітілген.

Сонымен бірге, егер жекелеген салалар едәуір өзгерістерге ұшыраса, тұрғын үй қатынастары, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы заңнама едәуір жаңартуды талап етеді.

Мемлекет норма шығару процесін жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін шаралар қабылдады, оның ішінде: заң жобалау қызметін перспективалық жоспарлау; нормативтік құқықтық актілерге ғылыми (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, криминологиялық және басқа) сараптама енгізу.

Нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүйесі ұйымдастырылып қолданылуда, оның мақсаты заңнамалық актіні және оны қолдану тәжірибесін талдау болып табылады.

Баяндалғандармен қатар, әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны түгендеу қолданыстағы заңнаманың мынадай проблемалық жақтарын және осал ұстанымдарын анықтады.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік саладағы заңнамасына жасалған талдау коллизиялардың болуын, ескерген нормалардың, декларативтік нормативтік құқықтық актілердің, яғни тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық база немесе іске асырудың басқа да тетіктері жоқ, жекелеген нормативтік құқықтық әктілердің Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттеріне сәйкес келмейтінін, көптеген сілтеме нормалары бар заң және заңға тәуелді актілердің болуын көрсетті.

Бірқатар салаларда заңнаманы жаңарту қарқынды жүрмеуде, бұл оның тез өзгеріп отыратын әлеуметтік үрдістерге сәйкес келмеуіне алып келуде.

Құқық қолдану тәжірибесінде де кемшіліктер бар. Заңнаманың нормаларын іске асыру және мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік органдар мен жұртшылық тарапынан бақылауды күшейту қажет.

Жекелеген нормаларды іске асыру олардың декларативтік сипатта болуына, кейбір процестердің жеткіліксіз регламенттелмеуіне, тиісінше заңға тәуелді нормативтік құқықтық базаның болмауына байланысты қиындық туғызады. Заңнама нормаларын немқұрайлы орындау, ескірген және қайталайтын нормалардың болуы атап өтіледі.

Нормативтік құқықтық актілерге тәуелсіз (қоғамдық) мониторинг жеке кәсіпкерлік субъектілердің мүдделерін қозғаған кезде ғана өткізіледі.

Анықталған кемшіліктер әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны жүйелеу қажеттігін, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру үшін едәуір қорлардың бар екенін растайды.
Әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны реформалау тәсілдері

Нормативтік құқықтық базаның тиімділігі – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың қойылған мақсаттары мен міндеттеріне жетуге ықпал ететін сапалық сипаттамалардың бірі.

Нормативтік құқықтық базаның тиімділігін арттыру:

1) құқық шығаруды жетілдіру;

2) құқық қолдануды жетілдіру;

3) халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру арқылы жүргізу орынды деп саналады.

Осыған байланысты, әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаны реформалау мақсаттары:

1) азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға, адами капиталды дамытуға және жинақтауға ықпал ететін құқықтық жағдайларды нығайту;

2) әлеуметтік салалардағы өзгерістерге жауап беретін серпінді және тиімді нормативтік құқықтық базаны қамтамасыз ету болып табылады.

Аталған мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:

1) коллизияларды, қайталаушы, ескірген, сілтеме нормаларды және құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою;

2) мақсаттарды, міндеттерді ескере отырып, сондай-ақ әлеуметтік салалардағы даму мен жетістіктерге байланысты нормативтік құқықтық базаны уақтылы жаңарту мен өзектендіруді қамтамасыз ету;

3) әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаның келісімді болуын қамтамасыз ету.

Бұдан басқа, осы Тұжырымдамада көзделген жаңа бастамаларды заңнамалық сүйемелдеу қажет.

Әлеуметтік заңнаманы жаңартуды қолданыстағы нормаларды жетілдіру және жаңа нормативтік құқықтық базаны қабылдау арқылы жүзеге асыру қажет.

Әлеуметтік заңнама жүйелі түрде қайта қаралатын, жаңартылатын және жетілдірілетін болады. Осы мақсаттарда оған кезең-кезеңімен түгендеу жүргізілетін болады.

Түгендеу және жүйелеу кезінде қалыптасқан салалар мен институттардың ерекшелігі, сондай-ақ әлеуметтік заңнаманың белгілі бір саласындағы нормативтік материалдың көлемі ескеріледі.

Әлеуметтік жаңғыртудың бірінші кезеңінде жергілікті атқарушы органдар, сарапшылар қоғамдастықтар және үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы әлеуметтік саладағы нормативтік құқықтық базаның тиімділігіне кешенді талдау өткізілетін болады.

Әлеуметтік саладағы өткізіліп жатқан реформаларды ескере отырып, қайта қарауды талап ететін нормалар мен нормативтер анықталатын болады.

Өткізілген жұмыс қорытындысы бойынша әлеуметтік саланы реттейтін заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірленетін болады.

Нормативтік құқықтық базаның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуде міндетті болып табылатын халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылатын болады.
Экономикалық өсу Қазақстанның тиімді әлеуметтік саясатының негізі ретінде

Сарапшылар Қазақстанның жылдық орташа экономикалық өсу қарқыны 2030 жылға дейінгі бүкіл кезеңде 5,5 %-ға жуық болады деп болжап отыр. Бұл ретте


2030 жылға дейінгі экономикалық өсудің перспективалары әлемдік энергия тасымалдаушылардың әлемдік нарығындағы едәуір жағымды конъюнктурасымен және Қытай мен Азия өңірінің басқа да серпінді дамушы елдері тарапынан металға өсіп отырған жаһандық сұраныспен айқындалатын болады.

Экономикалық өсу азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін олардың жұмыспен қамтылуы мен өмір сүру деңгейінің өсуі арқылы негіз қалайды. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі және сапасы экономикалық өсудің қарқынына және бюджеттің мүмкіндіктеріне тікелей байланысты, өйткені мықты экономика тұрақты салықтық базаны және мемлекеттің әлеуметтік моделінің орнықтылығын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік қорғауды жақсартуға, денсаулық сақтау және білім беру жүйесін жаңғыртуға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған елдің әлеуметтік дамуы мемлекет тарапынан едәуір шығындарды талап етеді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экономикалық өсу қарқыны баяулап отырған кезде Еуроаймақ елдерінде әлеуметтік міндеттемелерді «ойланбастан» ұлғайту бюджеттің тапшылығына, мемлекеттік борышқа және мемлекеттік қаржының тұрақсыздығына алып келді. Нәтижесінде Еуроаймақтың бірқатар елдері дефолтты болдырмау үшін әлеуметтік шығыстарды барынша қысқарту және салықты көбейту бойынша шаралар қабылдауда.

Осылайша, әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерді орындауы үйлестірілген әлеуметтік және экономикалық саясатты жүргізген кезде ғана мүмкін болады.

Осыған байланысты, мемлекет міндеттемелерінің дәйексіз көбеюі нәтижесінде ұзақ мерзімді кезеңде мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігін болдырмау мақсатында Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту стратегиясын іске асыру оларды бюджеттің мүмкіндіктерін, тұрақты экономикалық өсуді, азаматтардың және жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін негізге ала отырып, кезең-кезеңімен орындауды көздейтін болады.

Әлеуметтік жаңғырту әлеуметтік салада ең төменгі әлеуметтік стандарттарды және жан басына шаққандағы қаржыландыруды кезең-кезеңімен енгізуді болжайды. Бұл бюджеттік шығыстарды әлеуметтік дамудың басым бағыттарында шоғырландыруға, бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі мен халық үшін әлеуметтік саланың сапалы көрсетілетін қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
4. Тұжырымдаманы іске асыру болжанатын нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

Тұжырымдаманың іске асырылуын мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы қамтамасыз ету болжанады.

Қолданыстағы заңнамалық актілер

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі;

3. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі;

4. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

5. «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

6. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

7. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

8. «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

9. «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

10. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

11. «Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

12. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

13. «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;



14. «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

15. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

16. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;



17. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

18. «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

19. «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

20. «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

21. «Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Қолданылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттар

22. «Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы
№1118 Жарлығы;

23. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің


2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығы;

24. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың


2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы
№ 110 Жарлығы;

25. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы


28 мамырдағы № 488 қаулысы;

26. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 636 қаулысы;

27. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қарашадағы
№ 1399 қаулысы;

28. «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытуды


2012 – 2016 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 наурыздағы № 366 қаулысы;

29. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және т.б.

Әзірлеуге жоспарланған заңнамалық актілер

1. «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы,


2014 жылғы қыркүйек, Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу.

Әзірлеуге жоспарланған стратегиялық және бағдарламалық құжаттар

1. «Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, 2014 жылғы маусым, Жарлық жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізу.

2. «Қазақстан Республикасының мәдениет саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, 2014 жылғы қыркүйек, Жарлық жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізу.


_________________________





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет