Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 6.78 Mb.
бет16/33
Дата09.09.2017
өлшемі6.78 Mb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   33

Айыпкер Тынышбаевтің көрсетуi: «Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрылысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақ та колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан да: қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтан да бар мүлiктi жеке меншiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi, деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олар да істі дәл солай жүргiзсе, көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.

Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.

1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу-барлау (темiр жол салу үшiн – Т. Ж.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз көзқарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым» (№ 2370-iс, 1 т., 141-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 6-күнгi жауабынан)».

Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 71 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтің көрсетуiнен әлдеқайда «кең қамтылған» куәлiктер бар. Тергеушiлердiң М.Тынышбаевтің жауабын қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда, «Алаш» партиясының көсемдерiнiң бiрi, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi, уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының премьер-министрi Мұхамеджан Тынышбаевті қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек.

Бұдан кейiнгi айыптаулардың тақырыбы – «Ет дайындауға жасалған қастандықтар», «Бандылық қарақшылықтар» деп аталады. Ал нағыз «бандылық қарақшылық» қылмысты кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi «естен тандырған» ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жыйдырмады. Тура сол кезде Кереку, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты.

Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, «бер, бердiң» астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. «Сенiп тапсырылған өлкенi» зауалға ұшыратып, баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:



«ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – Т. Ж.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған.

Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, тек артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтеріңіздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi: партиялық басшылыққа лайықсыз қылық деп бағалайды.

Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:

Егерде қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БКП(б) Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшыларымен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егерде олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жедел шара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады»,– деген үрейлi жедел хат жолдады.

Шындығына көшсек, ол кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, «тәнтiбайбеттенiп» отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовтың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де «есеңгiреттi». Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал-құйрығы мен сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды.

Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам да қалмап едi.

1931-1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы, яғни, жалпы ұлттың 49 процентi «кiшi октябрь» мен «естен тандыру» саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: «Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн... бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмыз!» – деген «армандарына» жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген «бестiң тобы» – Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:



« – Мыналар халық жауы емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының жауымын. Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап халық жауы болдым... Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз.

Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пісіп жатыр. Қақпағын ашып кеп жіберіп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр... Мiне, мен тура сол күннен бастап халық жауы болдым»,– дептi (В. Михаилов, «Ұлы жұттың шежiресi»).

Мұндай ерлiк «ақ жүректер» мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын «бестiң тобы», «халықтың жауы» деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы – қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi.

Өзегi үзiлген халық мұны көрiп-бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн «ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлерге», «Алаштың» ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген «қылмыстарын» ұрып-соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: «Қылмыстарын мойынына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!», – деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!

Шiркiн, данышпан Абайдың:

Жамантайдың баласы Көжек деген,

Екi үйдiң арасына безектеген.

Досын келiп досына жамандайды,

Шiркiнде ес болсайшы сезед деген!, –

сөзiн әлгi кеңестің кеңкелес мәңгүрттері түсiнбеді.

«Голщекиндік националдар» Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған Қужаққа – Голощекинге жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта-пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн олардың қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы, не құрастырушысы емес, соның жай ғана бір елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде оларды құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады.

Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып-асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:

«Мен халықтың жауының жауымын!»,– дегендегi емеуiрiн танытқан пенделерi солар едi.

Алаштың азаматтары елi мен жерiнiң мүддесi үшiн түрмеге түсiп, азап тартып, қалайда халқына төнiп келе жатқан апаттан құтқару үшiн жанталасып жатқанда олар: «Жасасындатып!» (М. Әуезов) жатты. Бұл ұлтты, ұлттық тұлғаны жаныштау майданының басы ғана болатын. Ол майданда олардың өздерi де тағдырдың диiрменiне түсiп, «ұлы құрбандыққа» шалынды. Сол үшiн бұларды аяудың да, қорғаудың да қажетi жоқ. Себебi, ұлты үшiн басын өлiмге тiккен Әлиханнан, Ахметтен, Мiржақыптан, Мұхамеджаннан, Халел Досмұхамедовтен, Халел Ғаббасовтан, Телжаннан, Мағжаннан, Жүсiпбектен, Жаhаншадан, лауазымы мен жасы өздерiмен қатарлас Смағұлдан, Әлiмханнан, Елдестен, Ыдырыстан, Даниалдан, Кәрiмнен, Жалаудан, Сұлтанбектен, Тұрардан, Мансұрдан, Ғабиттен ешқандай артып тұрған қасиетi мен қадiрi жоқ едi.

Қарғауға болмайтыны – олар өз заманының жалдамалы құлы болды.

Саясатқа азаматтық көзқарасын қорғау үшiн араласқан жоқ, тек қана керек кезiнде ұрымтал тұстан табылып, жазалау машинасының дөңгелегiне iлiнiп кеткен қатардағы пенделер ғана. Биiк ақыл-парасат, үлкен мiнез, iрi қимылдың адамдары емес, жай ғана реттеушiлер болатын. Тек, басты назарда ұстайтын мәселе – олардың iс-әрекетiн ашық та батыл талдап, тарихи сабақ ретiнде ұрпақтың назарына ұсыну парыз.

Тарих өткелi – қатерлi өткел. Ал ұлттың басын қатерге тiгiп, қайта-қайта тағдырдың талқысынан өткiзуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Қазақ ұлты өзiнiң қадым заманнан бергi тарихы арқылы тәуелсiз ұлт ретiнде өмiр сүруге толық қабiлеттi ел екендiгiн дәлелдедi. Өзегiн өртеген рухани басыбайлылыққа да басын имедi. Отарлаушы патшалық және коммунистiк жаhангерлер ұлттың жүрек отын өшiруге өршелене тырысса да, рухани бостандығын сақтап қалды.

«Коммунистiк-колонизаторларды» өшiктiрген де, үрейлендiрген де ұлттық тұлғалардың рухани тәуелсiздiгi болатын. Ұлтты мәңгүрт күйге жеткiзу үшiн сол халықтың ең қасиеттi қазынасы – рухани мұрасын аяр идеологияның арандатушы күшi арқылы жойып жiберуге барынша құлшынып-ақ бақты. Алаш қайраткерлерiне тағылған ең басты айыптың бiрi де осы ұлттың рухани тәуелсiздiгi жолындағы көзқарас күресi едi.

Міне, осындай жанталастың тұсында Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов бастатқан «Алашорда» қайраткерлерінің екінші тобы Алматының түрмесінде тергеліп жатқан болатын.

3.
1928 жылы 26 қараша күні жаппай тәркілеу науқанымен орайластырыла БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің «Қазақстанның орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы шәкірттердің әлеуметтік құрамын тексеру» туралы қаулы қабылдады. Сол арқылы «әлеуметтік тұрғыдан алғанда тегі жат» шәкірттерден кеңестік оқу орындарын тазарту көзделді. Кесірлі қаулының салдарынан қаншама талапты шәкірт білімнен қағылып, мамандықсыз қалды.



Сол науқанға профессорлар мен оқытушылар да ілініп, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфандияров, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, Ж.Күдерин, А.Байтасов, И.Қашқынбаев, К.Тоқтыбаев сияқты оқымыстыларды әуелі олардың өздері оқытқан шала сауатты шәкірттері әшкереледі, содан кейін партиялық тазалауға түсті, ең соңында тергеушілердің қармағына берілді. «Алашордашылардың» тергеу ісіндегі «Айыптау қорытындысының» «Мәдениет майданы» атты тарауында:

«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет).

Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.

Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынына, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев Мағжан және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Халел, Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.

«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ).

«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi» (Байдiлдин, № 5441 784-iс, 4 т., 134-парақ»).

«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтан да барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық» (Тынышбаев, № 2370-iс, 1 т., 131-парақ).

«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлев апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ).

«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.

а). Оқу-ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.

б). 22-жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институттың директорлығының мiндетiн Әдiлев те атқарды.

в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есполов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды».

ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.

з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.

и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.

к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.

л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.

м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов, Есполов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Асфандияров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.

н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).

Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты (Тынышбаевтің 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277-278-парақтар).

Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.

Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтан да, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.

ҚазМУ-дiң ректоры Асфандияров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Доcмұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар, – дептi (Тынышбаевтің 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370-iс, 1 т., 312-парақ).

Тағы да ол: «Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков – ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 31 - парақ), – деп көрсеттi.

Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар: байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)»,деген арнайы айыптау айғақтары келтірілген.

Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiл мен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?

«ҚАТИРАЛАР» ҚҰПИЯСЫ
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы түркі бірлігі идеясының, оның ішінде «Алаш» идеясының қалыптасуы әлі де толық зерттелген жоқ. Бұл біздің саяси ойлау қабілетімізді мүлдем жаңа деңгейге шығарған сана құбылысы. Бұл реттен алғанда қоғам қайраткері, оқымысты, тәуелсіз Башқортстан үкіметінің төрағасы Заки Валидовтің «Қатиралары» (Естеліктері) қазақ идеясының қалыптасуына тікелей қатысы бар құнды руханият мұрасы болып табылады. Мұнда «Алашорда» үкіметіне қатысты көмескі қалған қатерлі күндердің деректерін барынша пайымды және нақты баяндалады. Бұл «Естелікте» құпия тарихи оқиғаларды түсінуге жол ашатын астарлы тағдыр таңбалары бар. Өйткені кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұрт пен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сиымды, шындыққа негізделген саяси тұжырым мен пікір жоқтың қасы. Тіпті қазіргі тәуелсіздік тұсында да қазақ тарихшылары «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдарын толық талдап бере алмай келеді. Өкінішке орай сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естелік те кездеспейді. Тек алаш ардагерлерінің түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «салпаңқұлақтар» мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен тарихи оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластырып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өзара келісе отырып өздеріне-өздері тиым салған: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» - деп шешкен. Сондықтан да өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндіктер болмады. Оның орыны өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидовтің «Қатиралары» сол кезең туралы барынша тиянақты, ықтиятты түрде жазылған еңбектің қатарына жатады. Өйткені бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды.

Заки Валиди (Валидов) Тоған (1891–1970) башқұрттың суықлы қай-оңғұт-уақ тайпаларының құрамасынан шыққан, нағашысы қыпшақ. Қидандардың (кедендердің) тұсында Башқұрт (Бас бөрі) ұрандас жұртпен анда болған. Арғы аталары Күшік сұлтанның тұсында Көшім ханмен бірге орыс отаршылдарына қарсы соғысқан. Атасы Уәлид молла, әкесі Ахметшах медресе ұстаған дінбасы, патша армиясында әскери қызметін өтеген. Арабша, парсыша, орысша сауатты, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинаған және оларды аударған оқымысты әрі ауқатты адамдар болған. Шешесі Уммульхаят та араб, парсы қолжазбаларын таратып оқитын абыстай екен. Маржани мектебінің шәкірті Заки де жасынан руханит тарихына құштар, нақшбандия пәлсафасының ықпалымен тәрбиеленген, араб, парсы, шағатай, орыс жазба тілін еркін меңгеріп өседі, сондықтан да ғұламалық жолды таңдайды. «Қасымия» медресесінде түркі тарихынан дәріс береді. Тарихи тақырыптағы ғылыми зерттеулері тұрақты жариялана бастайды. Түрік халықтары мен мұсылман жұртының отарлау тарихын зерттей келе саяси көзқарасы қалыптасады. Қазан университетінің еркін тыңдаушысы бола жүріп, 1911 жылы «Түріктер мен татар тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялайды. Алғашында башқұрт тілінде басылған бұл еңбек түркі зиялыларының арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ол, сөйтіп, исі түркі қауымына алғаш рет ғалым ретінде танылды. З.Валидов бұл еңбегінде мұқым түркі жұртының тумысын тұтас алып, ортақ тарих ретінде қарастырды.

1913-1914 жылдары көне қолжазбаларды іздестіріп Түркістанға ғылыми-іздестіру экспедициясына шығып, Ташкенттегі, Самарқандағы, Бұқарадағы, Ферғана ойпатындағы және Душанбедегі көне медреселерден сирек мұрағаттарды тауып, жеке адамдардың қолындағы жазбалармен де танысып, ғылыми айналымға түсіреді. Сол сапарда болашақ саяси әріптестерімен де, қарсыластарымен де танысты. Қазақ хандарының тұқымы Ғалиасқар және Сәлімгерей Жантөриндердің 1905-1907 жылдар арасындағы саяси қозғалыс тұсында жарияланған «Аймақтық автономия» туралы кітапшасы оның болашақ саяси бағдарламасын анықтап береді.

Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов өзінің 50 жасқа толған қонақасынан кейін Закиді оңаша алып қалып зар мұңын шағады. Ол шәкіртіне:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   33


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет