Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі Жалпы ережелер



жүктеу 0.67 Mb.
бет1/4
Дата21.04.2019
өлшемі0.67 Mb.
  1   2   3   4





Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2017 жылғы «29» қарашады

№ 790 қаулысымен

бекітілген


Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі

1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі - Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) – елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан астам), орта мерзімді (бір жылдан 5 жылды қоса алғанға дейін) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын өзара байланысты элементтер кешені.

2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.



1.1. Негізгі ұғымдар
3. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) нысаналы индикатор – мақсатқа қол жеткізу деңгейін өлшеуге мүмкіндік беретін оның санмен берілетін мәні;

2) нәтиже көрсеткіші – міндеттің шешілу деңгейін айқындауға мүмкіндік беретін санмен өлшенетін көрсеткіш;

3) көрсеткіштердің базалық тізбесі – аумақтарды дамытудың түйінді бағыттарының деңгейлерін көрсететін және жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің көрсеткіштері болып табылатын аумақтарды дамыту бағдарламаларының біріздендірілген нысаналы индикаторларының жиынтығы;

4) жоспарлы кезең – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиісті құжаты әзірленетін кезең.

2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) бірыңғайлық пен біртұтастық – мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаттарының бірыңғайлығы, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірыңғайлығы;

2) ішкі теңгерімділік – мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша өзара келісілуі;

3) нәтижелілік және тиімділік – мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және қойылған нәтижелерге ресурстарды барынша аз жұмсай отырып қол жеткізу қажеттігіне негізделуі тиіс;

4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі – мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың өз құзыреті шегінде мақсаттарға қол жеткізу және елдің даму міндеттерін шешу жолдары мен әдістерін таңдаудағы дербестігі;

5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;

6) айқындық (ашықтық) – мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті түрде жариялау;

7) анықтық және шынайылық – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;

8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің табысты болуы төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;

9) ресурстық қамтамасыз етілу – қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін, еңбек, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.

3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:

1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы;

2) Қазақстан Республикасының 10 жылды қоса алғанға дейінгі стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 5 жылға немесе 5 жылдан астам мерзімге арналған стратегиясы;

4) 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;

5) мемлекеттік бағдарламалар (5 жылдан кем емес);

6) мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;

7) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;

8) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары.

6. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды әзірлеу қажеттігі мен заңдылығы жоғары деңгейде тұрған құжаттардан туындайтын, ал жоғары деңгейде тұрған құжаттарды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау төмен тұрған деңгейдегі құжаттар негізінде жүзеге асырылатын біртұтас жүйені білдіреді.

7. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары үш деңгейге бөлінеді.

Елдің ұзақ мерзімді даму пайымын айқындайтын түйінді басымдықтары мен бағдарлары бар құжаттар – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 10 жылды қоса алғанға дейінгі стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бірінші деңгейдегі құжаттарға жатады.

Қазақстан Республикасының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың экономикалық даму параметрлерін және мемлекеттің бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясатын айқындайтын, сондай-ақ салааралық және ведомствоаралық сипаттағы 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, кемінде 5 жыл кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалар екінші деңгейдегі құжаттарға жатады.

Декомпозициялау негізінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейдегі құжаттарына қол жеткізу жолдарын айқындайтын құжаттар – мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары, аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған даму стратегиялары үшінші деңгейдегі құжаттарға жатады.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері осы иерархияға сүйене отырып айқындалуы тиіс.

Бірінші деңгейдегі құжаттарда елдің ұзақ мерзімді кезеңдегі дамуын айқындайтын ұлттық түйінді индикаторлар мен көрсеткіштер көрсетіледі.

Екінші деңгейдегі құжаттар ұлттық түйінді индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған салалар мен аялардың нысаналы индикаторлары мен даму көрсеткіштерін қамтиды.

Үшінші деңгейдегі құжаттар өңірлер дамуының, орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметінің нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін қамтиды.

8. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын (бұдан әрі – Жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен түзету кезінде, оның ішінде алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Жолдаудың жобасын әзірлеу, келісу, Жолдауды іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

9. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзірленеді.

Тұжырымдама идеологиялық сипаттағы құжат болып табылады, ұзақ мерзімді кезеңге қоғамдық өмір салаларында (әлеуметтік, саяси, рухани) әзірленеді және тиісті саланы дамытудың пайымын, сондай-ақ тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін, негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін қамтиды.

Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президенті не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Доктрина – белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.

Доктринаны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді немесе мақұлдайды.

Тұжырымдамалар мен доктриналар Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдар арқылы іске асырылады.

Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) айқындайды.

3.1. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы
10. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаһандық пайымы мен стратегиясын, елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, оны іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары әзірленеді.

3.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары
11. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында жылжымалы негізде 10 жылдан аспайтын кезеңге әр бес жыл сайын әзірленеді, тиісті кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму стратегиясын, мақсаттарын, олардың көрсеткіштерін, кезең-кезеңдік нысаналы бағдарларын көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін нақтылайды.

12. Жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жобасын әзірлеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

13. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының іске асырылуын мониторингілеуді және бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары мониторингілеу және іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша түзетілуі мүмкін.

14. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

15. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті кезеңге арналған Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлейді. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы – бұл елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өңірлер бөлінісінде өндірістік күштерді, өндірістік, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды оңтайлы орналастыру, ел халқын қоныстандыру жүйесі.

Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

Іске асыру процесінде макроэкономикалық жағдай өзгерген кезде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын түзету жүзеге асырылуы мүмкін.

Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.



3.3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы
16. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленеді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өлшемшарттарын айқындайды.

17. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орта мерзімді (5 жылға) немесе ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) кезеңдерге әзірлейді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы алдыңғы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірілмей әзірленеді.

18. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдері мен негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

19. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

20. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылатын, оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді.

21. Іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.

3.4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
22. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар және Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы ескеріле отырып, жылжымалы негiзде бес жылдық кезеңге арналып жыл сайын әзiрленедi және мыналарды:

1) мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейінде:

экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;

бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен міндеттерін;

бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары мен шараларын;

бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;

шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, тиісті бюджет тапшылығын қамтитын жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;

әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;

кезекті қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесін;

2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде:

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;

мыналарды:

облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің түсімдері мен шығыстарының болжамын қамтитын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік параметрлерінің болжамын;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басым бюджеттік инвестицияларының тізбесін қамтуға тиіс облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлерін қамтиды.

Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін түйінді бағыттар (салалар) бойынша белгіленеді, бес жылдық кезең ішіндегі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуға тиіс.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттік өлшемдері аудандарға (облыстық маңызы бар қалаларға) және аудандық маңызы бар қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге бөліне отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында көрсетіледі.

23. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мақұлдайды және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

24. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мониторингілеу, бағалау және бақылау жүзеге асырылмайды.

25. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеудің тәртібі мен мерзімдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

3.5. Мемлекеттік бағдарламалар
26.  Ел дамуының басым стратегиялық бағыттары жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен күтілетін нәтижелерді айқындайтын аяаралық, салааралық және ведомствоаралық сипаттағы құжаттар мемлекеттік бағдарламалар болып табылады және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыру мақсатында олар кемінде 5 жыл кезеңге әзірленеді.

Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу кезеңі Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының кезеңімен үйлесімді болуы тиіс.

27. Мемлекеттік бағдарламаларды тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.

28. Мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

29. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленеді, ол мемлекеттік бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылады.

30. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын мониторингілеуді әзірлеуші мемлекеттік орган жүргізеді.

Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық


іс-шараларды жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қорытындысының негізінде мемлекеттік бағдарлама мониторингілеу және іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша түзетілуі мүмкін.

31. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

3.6. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары
32. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.

33. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, нысаналы индикаторларын айқындайды.

34. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарлар әзірлемейді.

35. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.

36. Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.

Операциялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қаржы жылындағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына және нысаналы индикаторларына, сондай-ақ мемлекеттік органның ережесінде айқындалған басқа да міндеттерге қол жеткізу жөніндегі іс-шаралардың ресурстары, жауапты орындаушылары және жүзеге асыру мерзімдері бойынша байланыстырылған нақты іс-қимылдарды қамтитын құжатты білдіреді.

37. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылуын мониторингілеуді әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.

38. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалаудан басқа, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

39. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.

40. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды мемлекеттік органдардың өздері жүзеге асырады.



3.7 Аумақтарды дамыту бағдарламасы
41. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 5-тармағының 1) – 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттары негізінде бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.

Аумақтарды дамыту бағдарламасы негізгі бағыттарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, қажетті ресурстарды қамтиды.

42. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын тиісінше орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әзірлейді және ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, өзге де мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісіледі.

Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен әзірлейді және ол облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен, облыстың өзге де мүдделі атқарушы органдарымен келісіледі.

43. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергілікті өкілді орган бекітеді.

44. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы, ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.

45. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыруды мониторингілеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүргізеді.

Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыруды мониторингілеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

46. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.

47. Аумақтарды дамыту бағдарламаларын мониторингілеу мен іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары түзетілуі тиіс.

48. Аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті өкілді орган жүзеге асырады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет