Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары Курстық жұмыс кіріспе



жүктеу 0.5 Mb.
бет1/3
Дата15.01.2018
өлшемі0.5 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3

Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары


Курстық жұмыс

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларына саясаттанулық талдау жасалды, қазақстандық қоғамның жаңаруы барысындағы оның орны анықталды, саяси коммуникацияны тиімді қолдануға нақты ұсыныстар берілді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда отандық саясаттану ғылымында саяси институттар, саяси процестер мен саяси технологияларды зерттеуге көбірек мән берілуде. Дегенмен әлі де болса саяси ғылымда кешенді түрде зерттеуді қажет ететін тақырыптар баршылық. Соның бірі – еліміздегі саяси коммуникация мәселесі. Сол себептен, саяси коммуникацияны кең тұрғыда зерттеудің қажеттілігі Қазақстандағы саяси жүйенің нақты тұрақтылығымен және оның демократиялық қайта құрулар кезіндегі маңыздылығымен байланысты сипатталады. Бүгінде қазақстандық қоғамның барлық салаларында жүзеге асырылып жатқан саяси модернизацияның нәтижесі, ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің өзгеруіне, кеңестік саяси жүйенің ыдырауына орай, қалыпты байланыстардың үзілуіне және көбінесе вертикальды қатынастардың қалыптасуына алып келді. Сонымен қатар қоғамдағы саяси процестер мен институттардың өзгеруіне байланысты саяси-коммуникациялық сферада қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құруларға сәйкес жаңа қатынастар дами бастайды.

Тоталитарлық жүйе кезінде билік халықтың алдында есеп бермейтін, қоғам биліктің қызметінің насихатталу жағынан ғана хабардар болып, оған ықпал ету жағынан мүмкіндігі шектеулі болатын. Ал, қазіргі кездегі Қазақстандағы демократиялық жағдайдағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен даму мәселелері еліміздегі қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастарды зерттеудің пісіп-жетілгендігін көрсетеді. Саяси жүйедегі біржақты байланыс біртіндеп екіжақты қарым-қатынасқа орын береді, яғни, мемлекеттік билік органдары мен халықтың ашық жұмыс істеу жағдайында, олардың өзара әрекетін тудырады. Бұл қатынастардың болашағы көбінесе Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына байланысты. Посткеңестік кезеңнің тәжірибесі көрсеткендей, объективтіліктің, тиімділіктің, екіжақты саяси коммуникациялық байланыстардың жоқтығы келешекте түрлі әлеуметтік шиеленіске, күрделі жанжалдарға, күтпеген оқиғаларға, саяси институттардың заңдылығының құлдырауына, дағдарысты жағдайлардың пайда болуына алып келеді.

Қазақстандық қоғамды модернизациялау барысында саяси коммуникацияның алатын орны мен рөлін, оның ресейлік және шетелдік тәжірибелерін игере отырып, елімізде қалыптасып келе жатқан өзіндік даму ерекшеліктері мен проблемаларын анықтау қажет. Сол себептен, саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы байланысты жүзеге асыруының ашықтығын, көпқырлылығын анықтау мен нығайтудың түрлі тәсілдері мен әдістерін зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі саналады. Қазақстан Республикасындағы саяси жүйенің түбірлі өзгерістерге ұшырауымен бірге, саяси коммуникацияның да тиімді құралдары күн санап даму үстінде. Бұл еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа бір белестерге көтеріліп келе жатқандығын көрсететін саяси процесс. Саяси ақпараттардың таралу жолдары мен байланыс құралдарының санының ұлғаюы, қазақстандық қоғамның әртүрлі топтарының мүдделерін көрсететін саяси процесс акторлары санының өсуіне алып келетін саяси позициялардың қажеттілігін күшейтеді және саяси коммуникация рөлін мұқият зерттеуді талап етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз», – [1] деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан еліміздегі саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму жолдарын кеңінен зерттеп, оның тәжірибеде іске асырылу принциптері мен тәсілдеріне талдау жасау тақырыптың өзектілігін аша түседі. Осымен байланысты ізденушінің ғылыми-зерттеу жұмысы билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасындағы маңызды мәселелерді ашып көрсетуге арналған.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бастап демократияны нығайту мақсатында саяси салада түрлі реформаларды жүзеге асырып келе жатқан посткеңестік мемлекеттердің бірі. Соған орай, еліміздегі билік пен қоғам арасындағы өзара түсіністік мәселесі кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мемлекеттік ақпараттық саясаттың бір бөлігін құрайды. Көптеген дамыған елдерде саяси субъектілердің бір-бірімен және қоғаммен ақпарат алмасуының, яғни, өзара байланысты реттеу қызметін көрсететін мемлекеттік саясаттың бір жүйеге келтірілген нақты ақпараттық жүйесі құрылып, арнайы іс бағдарламалары қабылданған. Қазіргі таңда мемлекетімізде билік пен қоғамның өзара қатынасы мәселесі әлсіз дамыған деуге болады, билік қоғам тарапынан болатын талаптарды көбіне ескере бермейді. Біздегі қоғам мен билік арасындағы өзара байланыс тек сайлау науқандары кезінде нақтылы байқалады, ал қалған уақыттарда айқын түрде назардан тыс қалатыны белгілі. Осыған байланысты, еліміздегі билік пен қоғамның өзара түсіністік қарым-қатынасын орнатудағы саяси коммуникация мәселесін талдау және оны жүзеге асыру міндеті өте өзекті мәселеге айналады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елімізде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар саяси жүйеге елеулі түрде ықпал ете отырып, қоғамға көптеген өзгерістер мен қиындықтар әкелген еді. Қоғамның нарықтық қатынастарға бейімделу процесі күрделеніп, ол мемлекет тарапынан болатын қолдауды қажетсінді. Дәл осы сәтте, Қазақстан өз алдына дербестікті ұстана отырып, халықтың әл-ауқатын, экономикалық, саяси жағдайын ескере келе, жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бет бұрған еді. Алайда, кеңестік кезеңдегі қатаң идеологияға бағынышты болып келген қоғам, биліктің нақты бір шешім қабылдайтынына күдікпен қараған болатын. Бұл еліміздегі реформалардың одан әрі жүргізілуіне кері әсерін тигізді.

Сондықтан Қазақстандағы саяси жүйені дамыту мен оны нығайту мақсатында аса маңызды шараларды қабылдау қажет екендігі анықталды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, саяси жүйедегі жаңа сайлау жүйесін қалыптастыру қоғам мен билік арасындағы қордаланған мәселелерді тиімді де нәтижелі шешуге болатындығына бағыт берді. Ал, оның саяси мәні саяси мәселелердің өзіндік ерекшелікте болуынан, билік пен қоғамның өзара бейімделуіне қажеттіліктің туындауынан, азаматтық қоғам қалыптастырудағы алғышарттардың негізделуінен, жеке тұлғаның рөлінің артуынан, ортақ мүдде үшін әлеуметтік-саяси институттар қызметінің бірлесіп әрекет етуінен айқындалды. Осы мақсатта еліміздегі саяси коммуникацияны іске асырудың бірден-бір қажеттілігі туындады. Бұл ретте билік пен қоғамды өзара байланыстыратын оның байланыс құралдары Қазақстанда әлі жеткілікті қалыптаспауына орай, кері байланыс мәселесі айтарлықтай деңгейде дамымай отыр. Соның нәтижесінде, қоғам тарапынан қойылған талаптар жеткіліксіз орындалуда деген пікір қалыптасады. Демек, Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларын ғылыми тұрғыдан жете зерттеудің қажеттілігі маңызды түрде арта түсуде.

Осылайша, Қазақстандағы саяси жүйенің институттарының ең басты мақсаты мен міндеттері – билік құрылысы мен азаматтардың өзара қатынасын сипаттаудағы саяси модернизацияның нақтылы өзгерістері болып саналады. Саяси коммуникация – Қазақстандағы саяси жүйенің түбегейлі жаңаруының негізгі нәтижесі. Қазақстан Республикасындағы объективті демократиялық принциптердің қалыптасуы, билік пен қоғам қатынасы жүйесінде тиімді өзара келісімді құрады, сондай-ақ коммуникативті кеңістікте кеңейтілген және тереңдетілген ақпараттық-коммуникациялық процестерге мүмкіндік туғызудың нәтижелері болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы саяси жүйедегі жаңару процестерінің маңыздылығы мен тиімділігінен қоғамдағы саяси коммуникация ықпалының ерекше екендігі анықталады. Сол себепті, саяси коммуникация азаматтық қоғамды қалыптастырудағы демократияның негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, саяси субъектілердің өзара және қоғаммен ақпарат алмасуындағы екіжақты келісімі мен сеніміне негізделген еліміздегі саяси жүйенің тұрақтылығын нақтылайтын маңызды фактор екендігімен ерекшеленеді. Сонымен Қазақстан Республикасының саяси жүйесі өркениетті елдердің үлгілеріне сай келетін түбірлі жаңаруды басынан өткеріп жатқан кезеңде, саяси коммуникация проблемасы терең ғылыми зерттеулерге негіз болар тың мәселелердің бірі болып табылады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Саяси коммуникация мәселесі саяси ғылымның құрамдас бір бөлігі. Оны алғаш рет теориялық тұрғыдан зерттеу шетел ғалымдарының еңбектерінде орын алған болатын. Батыс саяси ғылымында қоғам мен билік арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан талдап, саяси коммуникацияны зерттеудің негізі ХХ ғ. 40-80 жылдарында жарық көрген Г.Альтшулл, Р.Кац, Ж.М.Коттрэ, Ч.Кули, П.Лазарсфельд, Г.Лассуэлл, М.Маклюэн, Ю.Хабермас сияқты шетелдік зерттеушілердің ғылыми еңбектерінде зерделенген.

Ресейлік зерттеушілер Ю.П.Буданцев пен В.П.Конецкая өз еңбектерінде коммуникацияның әлеуметтік-саяси сипаттарын анықтай келе, саяси маңызды ақпараттың жасалу жолдары мен олардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырылу байланысын талдап көрсеткен. Олар саяси коммуникацияда негізінен қоғам мүддесінің ескерілуін қарастырып зерттеген.

Л.Р.Посикераның зерттеуінде саяси коммуникацияның тікелей жүзеге асырылу процесі сайлау науқаны барысындағы түрлі саяси технологияларды қолдану нәтижесінде жүзеге асырылатындығы нақтылы дәйектермен дәлелденіп берілген. Сонымен бірге зерттеуші саяси субъектілердің билік үшін жүргізген күрестегі саяси технологиялардың позитивті және негативті жақтарына сараптамалық талдаулар жүргізген.

Саяси жүйенің дамуын талқылауда және ондағы ақпараттық-коммуникациялық процестердің рөлі мен орнын анықтауға, саяси коммуникацияны іске асырудың тәсілдеріне қатысты тұжырымдар Г.Алмонд, Н.Винер, К.Дойч, Д.Истон, Т.Парсонс сынды шетелдік ғалымдармен қатар, ресейлік М.Г.Анохин, П.К.Гончаров, М.Н.Грачев және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен қарастырылады.

А.И.Соловьев өз еңбегінде саяси коммуникацияның қалыптасу жолдары мен түрлерін кеңінен зерттеп, оның саяси жүйедегі алатын орнын анықтайды. Саяси коммуникация мен бұқаралық коммуникацияның ара-жігін нақтылап көрсетіп, олардың ақпарат алмасудағы қызметтеріне талдау жасай отырып, нақтылы тәжірибеде қолданудың түрлеріне нұсқаулар берген.

Қазіргі кездегі коммуникативтік технологияларды саяси жүйеде кеңінен қолдану мәселесі қарастырылатын А.Н.Балашова, С.Блэк, Ф.Н.Ильясов еңбектерінің теориялық және тәжірибелік маңызы ерекше.

Г.Г.Почепцов зерттеуінде саяси коммуникацияда қолданылатын саяси технологиялардың манипулятивтік тәсілдеріне ерекше назар аударады. Ол саяси коммуникацияға ықпал ететін саяси жарнама, үгіт-насихат, паблик рилейшнз қызметтеріне талдау жасап, оларды әлемдік және ресейлік тәжірибеде іске асырудың мүмкіндіктерін көрсетеді.

Диссертациялық зерттеу тақырыбының Қазақстанда қарастырылу деңгейіне келсек, негізінен отандық саяси ғылымда саяси коммуникация мәселесі кешенді түрде қарастырылмаған. Бұл ретте А.С.Абулқасова, Р.Б.Әбсаттаров, С.С.Әділбеков, А.Болатбаева, Е.Қ.Ертісбаев, Б.Ө.Исабаев, Ж.О.Кенжалин, Ш.А.Құрманбаева, Д.Т.Медеуова, Г.Ө.Насимова сияқты қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде аталған мәселенің жекелеген салалары бойынша, яғни, оның теориялық-методологиялық негіздерін қалауға, саяси коммуникацияның, бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау қызметтерінің мәнін ашып көрсетуге қомақты үлес қосып отырғандығын атап өткен жөн.

Еліміздегі паблик рилейшнз және саяси жарнама мәселелерінің рөлін БАҚ-пен сабақтастыра зерттеуде Л.Ф.Әділова [2], Ғ.Ж.Ибраева [3], А.Ж.Ибраев [4], М.Ө.Насимов [5] және т.б. ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары ерекше орын алады.

Қазақстандағы саяси коммуникацияның бұқаралық коммуникация құралдары арқылы іске асырылуының әртүрлі қырларын қарастырған Р.А.Нұртазина [6], Г.С.Сұлтанбаеваның [7] еңбектері бұл саладағы маңызды зерттеулердің қатарына жатады.

Қазақстандық қоғамның демократиялануы мен саяси жаңаруы туралы қарастырылатын М.С.Әшімбаев, Л.Ә.Байділдинов, К.Н.Бұрханов, К.М.Жаулин, Ә.М.Жүнісов, Ж.Х.Жүнісова, Л.М.Иватова, Р.Қ.Қадыржанов, М.Т.Лаумулин, Қ.Ж.Нұғманова, А.А.Нұрмағамбетов, Г.Р.Нұрымбетова, Ә.Н.Нысанбаев, Н.В.Романова, И.Н.Тасмағамбетовтің және басқа да зерттеушілердің ғылыми-зерттеу еңбектері құнды саналады.

Саяси коммуникация және онымен байланысты мәселелер бойынша ғылыми еңбектердің көптігіне қарамастан, отандық саяси ғылымда Қазақстандағы демократияландыру процесін нығайтуда ерекше рөл атқаратын саяси коммуникацияны кешенді түрде қарастыратын арнайы зерттеулер жоқ. Осыған орай Қазақстандағы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен қарым-қатынасын саяси жүйенің модернизациясы жағдайында қарастырудың қажеттілігі туындайды.



Диссертациялық зерттеудің нысанына қазіргі Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация мәселесін кешенді зерттеу жатады.

Зерттеу пәні саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы қалыптасуы мен даму мәселесі болып табылады.

Диссертациялық зерттеудің мақсаты – саяси коммуникацияны Қазақстандағы саяси жүйені модернизациялаушы маңызды факторлардың бірі ретінде жан-жақты зерттеу.

Зерттеу мақсатынан туындайтын негізгі міндеттер

1. Саяси коммуникацияның ғылыми түрде зерттелуін ресей және батыс зерттеушілерінің еңбектерінің негізінде салыстырмалы түрде талдау;

2. Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалыптасу және даму ерекшеліктері мен келешегіне сипаттама беру;

3. Саяси коммуникация және саяси коммуникациялық кеңістік құрылымын қарастыра отырып, олардың қоғамның саяси жүйесіндегі орны мен рөлін көрсету;

4. Саяси коммуникацияның Қазақстандағы саяси жүйені модернизациялаудағы ықпалына саяси сараптамалық талдау жасау;

5. Қазақстандағы қоғам мен байланыс (PR) қызметтерін жүзеге асырудың тәсілдері мен тиімділігін нақтылау;

6. Қазақстандағы саяси коммуникациядағы БАҚ-тың қызметін зерттеу;

7. Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттырудың негізгі факторларын анықтау.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы тақырыптың қазіргі заман талабына сай өзектілігімен, зерттелмеген тың мәселелерді талдап зерттеуімен, зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне байланысты жүзеге асуымен анықталады. Диссертациялық жұмыс саяси коммуникация процесін іске асырудағы саяси субъектілердің, азаматтық қоғам институттарының қоғамдық-саяси қызметінің маңызын ашып көрсеткен отандық саяси ғылымдағы алғашқы еңбек болуымен айқындалады. Сонымен зерттеу еңбегінде төмендегідей нақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

- «саяси коммуникация» ұғымы, оның саяси ғылымдағы зерттелу деңгейіндегі бағыттар мен көзқарастар талданып, жүйеленді және авторлық түсініктеме беріледі;

- Қазақстандағы саяси коммуникацияның саяси жүйедегі рөлі анықталып, оның қалыптасу кезеңдері мен даму ерекшеліктері, қызметтері мен түрлері талданады;

- саяси коммуникацияның типологиясын талдай отырып, автор тарапынан типологиялаудың жаңа бағыттары негізделеді;

- еліміздегі қоғаммен байланыс ұйымдарының қызметін жүзеге асырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі көрсетіледі;

- мемлекетіміздегі қоғам мен билік арасындағы өзара байланыста туындайтын саяси мүдделердің қарама-қайшылығы, негізгі кедергілер мен оларды шешудің мүмкіндіктері айқындалады;

- саяси коммуникация еліміздегі саяси жаңарудың нақты бір белгісі ретінде анықталынып, оның әдістері кеңінен қолданылады;

- отандық саяси ғылымда тұңғыш рет Қазақстандағы саяси коммуникацияның дамуына ақпараттық саясаттың тигізетін ықпалы талдап зерттелінеді;

- Қазақстандағы саяси коммуникацияны одан әрі жетілдіріп, дамытудың айқын бағыттарына ұсыныстар беріледі.

Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері. Диссертациялық зерттеу барысында автор жалпы танымдық ғылыми принциптерге, пәнаралық, тарихи-нақтылы тәсілдерге, саяси құндылықтар жүйесіндегі билік пен қоғам мүдделерінің артықшылықтары туралы іргелі дүниетанымдық зерттеулерге, олардың өзара байланыстағы қатынастарының дамуына тиесілі, биліктің шешімдер қабылдауындағы қоғам мүдделерін ескеруге арналған еңбектерге сүйенеді. Диссертациялық зерттеу негізіне саяси коммуникацияның модельдеу, типологиялық ерекшеліктері мен оны жүзеге асырудың байланыс құралдарын, саяси жүйенің құрылымдық-функционалдық негізін, оның жеке элементтерінің модернизация жағдайындағы жұмыс істеуін арнайы зерттеген алдыңғы қатарлы ресей және шетелдік ғалымдардың тұжырымдарын қарастыру жатады.

Зерттеудің әдіс-тәсілдерін саяси ғылымдағы белгілі жүйелілік, құрылымдық-функционалдық, саяси-салыстырмалы талдаулар, тарихилық, әлеуметтік, ғылыми объективтілік, болжамдық, статистикалық, логикалық талдау тәсілдері құрайды.

Диссертациялық жұмыстың деректемелік негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары», Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы», Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы», Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» Заңдары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары мен саяси коммуникация мәселесіне қатысты жүргізілген әртүрлі әлеуметтік зерттеулер, соның ішінде автордың 1377 респонденттер арасындағы жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің қорытындылары, сонымен қатар, әртүрлі мерзімді басылымдардағы ғылыми-саяси мақалалар мен зерттеу тақырыбы бойынша арнайы әдебиеттер, Интернет сайт мәліметтері пайдаланылып, оларға талдау жасалынды.

Диссертациялық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Зерттеу нәтижесінде алынған теориялық қорытындылар отандық саясаттану ғылымында «саяси коммуникация» проблемасын әрі қарай өрбітіп, қарастыру үшін септігін тигізеді. Диссертация тұжырымдары саяси-коммуникациялық процестердің табиғаты, қызметі, құрылысы туралы ғылыми білім сферасындағы зерттеудің әдістерін толықтырады. Саяси және әлеуметтік жүйелер шеңберінде өтіп жатқан саяси модернизациялану кезеңінің дамуына, мәселенің теориялық және тәжірибелік жағын одан әрі кеңейтуге негіз бола алады. Зерттеу нәтижелерін қоғаммен байланыс қызметінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, билік органдарының мемлекеттік қызметі процесінде қолдануға болады.

Зерттеудің негізгі ой-тұжырымдары мен қорытындылары жоғары оқу орындарында «Теориялық саясаттану» пәні, «Сайлау жүйесі», «Саяси технологиялар» тәрізді арнайы курстардың негізінде арнайы семинарлар әзірлеу үшін пайдалануға болады. Сонымен бірге коммуникация мәселелері бойынша студенттерге арналған көмекші құрал, оқулық және оқу құралдарын жазуға көмектеседі.



Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар

1. Саяси коммуникация ақпараттың дамыған ғасырында саяси субъектілердің қоғамды басқарудағы, яғни, өз мақсаттарын жүзеге асырудағы билік үшін күресте қолданылатын тиімді құралдарының бірі болып отыр. Қазіргі таңдағы саяси коммуникация Қазақстандағы саяси жүйедегі өзгерісті бейнелеп, ақпараттық технологияларға негізделген, билік пен қоғамның өзара қатынастарының дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар саяси коммуникация билік үшін күресте қоғамның қолдауын қажет етеді, ал қоғам өз мүддесінің ескеріліп, оның билік құрылымында жүзеге асуына ықпал жасауға себепші болады, яғни, бұл өзара келісімді қамтамасыз ететін негізгі басымдық екендігімен ерекшеленеді. Саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы ақпараттық технологиялар жаңа заман талабына сай жаңартуды қажет етеді, бұл ақпарат алмасудағы өзара тиімділік мәселесін шешуге септігін тигізеді. Қазақстандағы саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму кезеңі тікелей сайлау кезеңдерімен нақтыланатындықтан, оның тәсілдері саяси қызметті жүзеге асырудағы бірден-бір үздіксіз процесс саналады.

2. Қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты мынадай тұрғыда қарастыруға болады: біріншіден, сайлау науқаны кезіндегі өзара байланыс, бұл кезеңде саяси коммуникацияның құралдарын тиімді пайдалану, екіншіден, қоғамның қажеттіліктерін өтеу мақсатында қолданылатын тұрақты байланыс саяси коммуникацияның жаңа тәсілдерін жетілдіру қажет екендігін көрсетеді. Қазақстандағы PR (паблик рилейшнз) қадамдарын жетілдірудің қажеттілігі сайлау науқандары қарсаңында нақтылы байқалады. Осыған орай елімізде PR мамандарына деген сұраныстың қажеттілігі туындайды. Паблик рилейшнз шаралары билік пен қоғамды жақындастыруда, яғни, өзара түсіністік таныту арқылы еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі сенім құралы. Біздің елімізде PR агенттіктерінің қызметі әлі жеткілікті дамымаған және заңдылық базасы да толық қалыптаспаған. PR агенттіктерінің қызметі мемлекетіміздің саяси тұрғыдан тұрақты дамуындағы биліктің азаматтық қоғам ұйымдарымен ұдайы қарым-қатынас орнатудың тиімді мүмкіндіктерін ұсынады. Еліміздегі PR-дің (паблик рилейшнз) атқаратын қызметі тікелей саяси модернизацияның жемісі болып табылады.

3. Қазақстанда саяси коммуникацияның негізгі құралы ретіндегі БАҚ-тың қызметі ерекше орын алады. Өйткені саяси салада саяси субъектілердің атқаратын қызметі туралы ақпарат қоғамда тікелей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары саяси жүйедегі саяси билік қызметіне қатысты қоғамдық пікірді қалыптастырады. Саяси субъектілерінің билік үшін күресінде, сайлау науқандарында өзара бәсекеге түсуінде сайлаушылардың дауысын иеленуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі басым. Жариялы құрылым саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі таңдағы тұтынушыларының саны артуда және оларды таратудағы бұқаралық коммуникация құралдары да кеңінен даму үстінде. Алайда, бұл бұқаралық ақпарат құралдары үнемі сенімді, объективті мәліметтер таратады дегенді білдірмейді. Ақпараттар тарату аясына қарай, әсіресе, сайлауалды науқандарында бұқаралық ақпарат құралдарының манипуляциялық тәсілдеріне кеңінен орын беріледі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының билік пен қоғамның өзара байланысын қамтуда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі саяси коммуникацияны жүзеге асырудың тиімді құралдарының бірі – отандық БАҚ өзіндік ықпалға ие болып отыр.

4. Демократиялық жүйедегі мемлекеттердің бір ерекшелігі – олардың өз елінің азаматтарымен тең дәрежелі диалогқа түсетіндігінде. Қазақстан Республикасы демократиялық принциптерді қалыптастыру үстіндегі посткеңестік мемлекеттердің бірі. Назар аударарлығы, қоғам мен билік арасындағы байланыс дұрыс жолға қойылмаған жағдайда азаматтардың билікке деген сенім білдірмеуі немесе саяси шеттетілуі анықталады. Соның салдарынан саясатқа деген азаматтардың селқостық танытуы орын алады да, билік қоғам тарапынан болатын саяси қолдауды жоғалтады, ол азаматтардың саяси процеске қатысуда белсенділік танытпауында етек алады. Елімізде билік пен қоғам арасындағы байланыс жеткілікті дәрежеде емес. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, елімізде саяси PR (паблик рилейшнз) шаралары тұрақты қызмет атқаруы және саяси субъектілердің халықпен байланысын реттеудің мүмкіндіктерін қарастыруы тиіс. PR (паблик рилейшнз) агенттіктер билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасында келісім мен сенімді қалыптастыратындығымен ерекшеленеді.

5. Қазақстанда саяси коммуникацияның қалыптасуы өзіндік өзгешеліктеріне байланысты түрлі кезеңдерден өтті. Қоғамдық құрылымда саяси коммуникацияның қалыптасуы мен дамуы тікелей саяси басқару нысанына байланысты. Яғни, мемлекетіміздегі жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданып жатқан нормативтік заңды құжаттар, шығарылған шешімдер, қаулы, қарарлар саяси коммуникацияның жүзеге асырылуының нақтылы нәтижесі. Бүгінгі таңда саяси коммуникацияның нығаюына мемлекетіміздегі жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы да өз ықпалын тигізеді.

6. Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттыруда, оның құралдарын тікелей әрі орынды қолданудың жолын қарастыру қажет. Сайлау науқанында қолданылатын «лас технологиялар» саяси коммуникацияның ерекшелігін немесе тиімділігін емес, керісінше құқықтық базасының жеткілікті қарастырылмағандығын көрсетеді. Осы орайда, интернет – елімізде билік пен қоғам арасында дәл қазіргі кезеңдегі жедел ақпарат алмасудың көзі болып отыр. Дегенмен, бұл желі де ақпараттандыру жағынан еліміздің барлық тұрғындарын қанағаттандырмайтыны белгілі. Қазақстандағы саяси модернизация билік пен қоғам арасындағы өзара байланыста жариялылықтың, келісімнің, сенімнің болуын талап етеді. Саяси билікті жүзеге асыруда саяси субъектілермен қатар, қоғамның да мүддесі ескерілгені азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ізгіліктердің бірі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет