Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация: ерекшеліктері мен проблемалары Курстық жұмыс кіріспе



жүктеу 0.5 Mb.
бет2/3
Дата15.01.2018
өлшемі0.5 Mb.
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның негізгі қағидалары мен қорытындылары 11 ғылыми мақалалар мен тезистерде жарияланды. Жоғары Аттестациялық Комитеттің талабына сәйкес, диссертациялық зерттеу жұмысы 4 халықаралық, соның ішінде біреуі шетелде «Қазақ диаспорасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Баян Өлгий қ. Моңғол ұлысы., 2009 ж.), «Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.), «Түркілердің тарихи-мәдени мұрасы Еуразиялық және Орталық Азия контекстінде» атты Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы қ., 2008 ж.), «Қазақстан жаһандану жағдайында саяси-әлеуметтік және экономикалық даму кезеңінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Тараз қ., 2008 ж.) және 2 республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда: «Инновациялық технологияларды қолдану негізінде педагог кадрларын даярлау сапасын жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент қ., 2007 ж.), «Мемлекеттік тіл: бүгіні, болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей қ., 2007 ж.) жарияланған.

Сонымен бірге диссертациялық зерттеудің негізгі мазмұны мен теориялық қағидалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Хабаршысында (Философия сериясы. Саясаттану сериясы. Мәдениеттану сериясы), Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысында («Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы), және «Ізденіс» (Гуманитарлық ғылымдар сериясы), «Ақиқат» атты республикалық қоғамдық-саяси журналдарда жарық көрді.

Сол сияқты диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен ұстанымдары Қазақтың Спорт және туризм академиясының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында «Саясаттану» пәнінен студенттерге дәріс оқығанда кеңінен пайдаланылды.



Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Ғылыми еңбектің мақсаты мен міндеттеріне және қисынына сай диссертация кіріспеден, үш бөлім мен соған сәйкес алты тақырыпшадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу бағытын таңдау саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін талдай отырып, оның проблемалары мен қазіргі қоғамдағы рөлін таңдаумен байланысты.

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі қарастырылып, мақсаты мен міндеттері, пәні мен нысаны, ғылыми жаңалығы, теориялық-әдістемелік, деректік негіздері, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары негізделеді, тәжірибелік құндылық деңгейі сипатталады, сонымен бірге зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы және құрылымы айқындалады.

«Саяси коммуникацияны зерттеудің теориялық проблемалары» атты бірінші бөлімде зерттеліп отырған мәселенің теориялық негіздері қарастырылады. Саяси коммуникация мәселесінің шетелдік, ресейлік және отандық ғылымдарда зерттелу деңгейі талданып, саяси коммуникация түсінігіне ғылыми түрде түсініктеме беріліп, айқындалады.

Бірінші бөлімнің «Саяси коммуникация ұғымы, мәні мен теориялық проблемалары» атты бірінші тақырыпшасында коммуникацияны зерттеудің теориялық негізіне талдау жасалынады. Негізінен коммуникация түсінігінің анықтамаларына орай көптеген пікірлер қалыптасқандығы белгілі. Соған орай еңбекте коммуникацияның қоғам өміріне белсене араласуы, оның қызметі жайлы ғалымдардың маңызды тұжырымдары қарастырылады. Айта кетерлік маңызды жайт, коммуникацияның негізгі ұстанымы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға сай, ақпараттық технологиялар арқылы өзара байланыс орнату болып саналады.

Саяси коммуникацияны ғылыми зерттеудің бағыты ретінде алғаш батыс ғалымдары өз еңбектерінде жан-жақты қарастырған. Диссертациялық жұмыста коммуникация түсінігін кеңінен ашу үшін американдық зерттеушілер Г.Лассуэлл, Л.Пай, Т.Шибутани және т.б. француз саясаттанушылары Ж.М.Коттрэ, Р.Ж.Шварценберг, канадалық зерттеуші М.Маклюэн, неміс ғалымы Н.Винер, голландиялық зерттеушілер Й.Бордвик пен Б.Ван Каам, американдық әлеуметтанушылар Б.Берельсон, Г.Годэ, П.Лазарсфельд пікірлеріне тоқтала отырып, талдау жасадық. Негізінен «коммуникация» ұғымы ғылыми зерттеулерде ХХ ғ. пайда болған термин. Қазіргі «ақпарат ғасыры» саналатын ХХІ ғасырда коммуникация барлық саяси-әлеуметтік процесте басты элемент болып есептеледі.

Жалпы саяси ғылым саласында «саяси коммуникация» ұғымы туралы әртүрлі тұжырымдар қалыптасқан. Мәселен, Р.Ж.Шварценберг: «Саяси коммуникация дегеніміз – басқарушы мен бағынышты арасындағы олардың өзара келісімге келу мақсатындағы ақпарат алмасу» [8] деп көрсетсе, ал «Саяси» энциклопедияда: «Саяси коммуникация – (communicatio лат. тілінен аударғанда – хабарлама, жеткізу, әңгімелесу, сөйлесу деген мағына береді) саяси қызметті жүзеге асыратын, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделері есебін ескере отырып, олардың саяси әлеуметтендірілуін қамтамасыз ететін саяси ақпараттарды алмасу және жеткізу процесі» [9] деген пайымдама ұсынылады. Демек, саяси коммуникацияны саяси жүйедегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени процестермен тығыз байланыста дамитын жаңа ақпараттық технологиялар арқылы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы хабар тарату, алмасу деген мағынаны білдіреді деп қорытындылауға болады. Сондай-ақ, коммуникация мәселесін саясаттану, философия, әлеуметтану, психология және педагогика тәрізді бірқатар гуманитарлық ғылым салалары зерттеу нысаны етіп алып, өздерінің ұстанатын бағытына сәйкес жан-жақты қарастыратыны белгілі жайт. Бұл ретте әрбір қоғам мүшелерінің билікпен өзара байланыс орната отырып, ақпарат алмасуға түсуін, олардың саяси іс-шараларға белсене қатысуын қажет ететін бүгінгі таңда коммуникация мәселесін саяси ғылым саласында зерделеу зор маңызға ие. Автор саяси коммуникацияның Қазақстандағы қалыптасуы мен дамуын әр жылдардағы жаңа саяси технологиялардың қалыптасуына байланысты мынадай кезеңдерге бөліп көрсетеді:

Бірінші кезең – 1991-1998 жылдар аралығы. Бұл уақытта Қазақстан Республикасы өзінің дербес Конституциясын қабылдап, жаңа саяси жүйеге өтіп, өзіндік дамудың жаңа жолын қалыптастырды. Саяси жүйеде шетелдік түрлі технологиялар тәжірибелерін қолдану арқылы тәуелсіз мемлекетімізде тұңғыш рет саяси коммуникацияның қалыптасуына алғышарт жасалды. Бұл жайт, әсіресе, осы аралықтағы сайлау науқандарында нақты байқалған болатын.

Екінші кезең – 1998-2007 жылдар аралығын қамтиды. Конституциямызға енгізілген өзгерістер арқылы саяси жүйені нығайта отырып, жұртшылықты ақпараттандырудың әртүрлі стратегиялары мен бағдарламалары жасалды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы» Заңдарының жекелеген баптарын жаңарту арқылы, еліміздегі саяси коммуникацияның тиімді қызмет етуіне жол ашылды. Сайлаудың жаңа жүйесі қалыптасып, оны жүзеге асырудың әртүрлі тәсілдері енгізілді. Ұялы байланыс, телефакс, интернет т.б. сияқты жаңа байланыс түрлері кеңінен таралып, еліміздегі саяси коммуникацияның дамуына ықпал етті.

Үшінші кезең – 2007 жылдан бастап бүгінгі күніге дейінгі аралықты қамтиды. Президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан Республикасы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, жаңа саяси жүйені қалыптастыруда қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтудың жаңа сипаттарына өтуге көшті. Елімізде «электрондық үкімет», ақпарат таратудағы «сандық формат» сияқты жаңа тәсілдерге өтудің бастамалары жүргізілуде.

Біздің ойымызша, саяси өмірде саяси коммуникация қоғамға ықпал етудің маңызды және сенімді құралдарының бірі болып есептеледі. Саяси коммуникация нақты саяси жүйе шеңберінде саяси субъектілермен қатар, тұтастай қоғаммен саяси ақпарат алмасу процесін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда коммуникативті кеңістікте саясаткерлер бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен өздері үшін жағымды қоғамдық пікірді қалыптастыруға тырысады. Сондықтан саяси коммуникация процесінің басты қатысушылары билік органдары, БАҚ және қоғам болса, ал оның басты негізі – өзара сенімді қалыптастыру арқылы хабарламалар құрау, символдарды жасау мен тарату және мағыналарын түсіндіру болып табылады. Саяси коммуникацияның негізгі құралдары және оның нақтылы белгілері мен саяси пікір алмасудың кейбір тұстары Б.А.Ахатованың [10] зерттеулерінде тұжырымдалады.

Диссертациялық жұмыста Қазақстанда саяси коммуникация мәселесінің жалпы мемлекеттік саясаттың ерекше бағыты ретінде ақпараттық саясаттың қажеттілігін арттырудағы рөлі атап көрсетіледі. Мұның мәні – қоғам мүдделерінің билікте ескерілетіндігін көрсетіп, билік пен қоғам арасындағы өзара диалогтық, тепе-теңдік қатынастарына ықпал ету болып табылады.

Автордың пікірінше, дәл қазіргі сәтте саяси коммуникацияның мәні – саяси жүйедегі саяси билікті сақтап қалуға немесе билік үшін күрес жүргізуге әрекет еткен саяси субъектілер мен қоғам арасындағы өзара ақпараттар алмасу әрекеттерінен айқындалады. Аталған ақпараттық алмасу ашық әрі жариялылық принциптерін қатар сақтауы тиіс. Сонда ғана билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс ретке келтіріліп, олардың бір-бірімен ақпарат алмасу процесі тиімді түрде жүзеге асырылады.

Бірінші бөлімнің «Саяси коммуникацияның типологиясы және оның әлеуметтік-саяси жүйедегі қызметі» атты екінші тақырыпшасында саяси коммуникацияның түрлі теорияларына салыстырмалы түрде талдау жасалынады. Қазіргі кездегі ақпараттық технологиялардың даму қарқыны саяси коммуникациялардың жаңа түрлерінің қалыптасуына мүмкіндік туғызуда. Бұдан саяси коммуникацияның қажеттілігі анық байқалды. Диссертацияда саяси коммуникацияның түрлерін қолдану арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізуге болатындығы анықталады. Саяси коммуникацияның мәні мен анықтамасы, әлеуметтік-саяси жүйедегі алатын орны, ақпараттық саясаттағы саяси коммуникацияның негізгі принциптері қарастырылады.

Саяси коммуникацияның жіктелуі туралы әртүрлі анықтамалар берілгендіктен, автор ол пікірлерді талдай келе, саяси коммуникация типологиясының ақпаратты тарату және алу көздерінің бірыңғай емес екендігін ашып көрсетеді. Себебі, қазіргі әлем ақпараттың жылдам таралу технологиясының әлемі. Сондықтан ізденуші өзінің зерттеу жұмысында саяси коммуникацияны типологиялаудың мынадай жолдарын ұсынады: біріншіден, кіші топтар арасында – ақпаратты бір адамнан екінші адамға және одан (оның жанұясы, жұмыс істейтін ұжымы сияқты) кішігірім адамдар топтарына жеткізу арқылы таралатын түрі. Екіншіден, ол үлкен топтар арасында таралатын саяси коммуникациялар қатарына – саяси ақпаратты таратуда үлкен аудиториядағы дәрістер, жиналыстар, кеңестер және т.б. сияқты коммуникатор мен аудитория арасындағы байланыстан тұрады. Үшіншіден, көру-есту құралдары арқылы таралатын көпшілік арасындағы коммуникация – негізінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл көпшілікке таралады деуге болады. Мәселен, интернет, радио, теледидар, баспасөз, ұялы байланыс, телефон, телефакс және т.б.

Саяси коммуникацияның теорияларын зерттеуде (Н.Винер, Г.Лассуэлл және К.Сайнне, т.б.) оның әлеуметтік-саяси жүйедегі қызметі туралы тұжырымдап көрсеткен шетелдік (Г.Алмонд, К.Дойч, Д.Истон және т.б.) зерттеушілер, сонымен бірге саяси коммуникацияның кейбір аспектілері отандық (А.С.Абулқасова, Р.Б.Әбсаттаров, С.С.Әділбеков, Ж.О.Кенжалин, Р.Қ.Қадыржанов, Ш.А.Құрманбаева, Г.Р. Нұрымбетова, Ә.Н.Нысанбаев және т.б.) ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылып, жұмыстың мазмұнын ашуға көп үлесін тигізді.

Саяси коммуникацияның саяси басқаруда атқаратын қызметі орасан зор. Айта кетерлік мәселе, саяси коммуникация әсіресе, оппозицияда ерекше орын алады. Яғни, саяси билікті өзгертуге тырысатын оппозиция қашанда саяси коммуникация тәсілдерін ұтымды пайдалануға тырысады. Мұнда ақпараттардың «кіріс», «шығыс» механизмдері арқылы әлеуметтік-саяси жүйедегі орны анықталады. Демек, «кері байланыс» жүйесі қызметінің негізінде саяси коммуникацияның нақтылы жолға қойылу мәселесі көзделеді.

Диссертациялық жұмыста саяси коммуникацияның Қазақстандағы саяси жүйедегі алатын орнына баса назар аударылады. Зерттеу жұмысының бұл бөлігінде саяси коммуникацияның мемлекетіміздегі саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғаммен, ақпараттық саясатпен, саяси процестер мен институттардың басқа да механизмдерімен тығыз байланыстары қарастырылады. Олардың өзара байланыстарының негізі болып табылатын ортақ нысан – пікір алуандығын ескере отырып, биліктің қоғам мүддесін қанағаттандыруы баяндалады.

Демек, Қазақстандағы демократиялық принциптерді нығайту мен азаматтық қоғамды қалыптастырудың жолдарын іздестіру жағдайында саяси коммуникацияның саяси процестер мен институттар жүйесіндегі алатын орны зор. Зерттеуші Т.Дөрбетханұлы: «Ақпараттандыру саласындағы халыққа жақын образды (бейнені) жасау, партиялық және партия жетекшілерінің жағымды (позитивті) позициясын қалыптастыру коммуникациялық құралдар нәтижесінің жемісі» деп ұйғарым жасап, саяси билікке жетуде партиялардың басым рөл атқаратындығын анықтаған [11]. Сонымен, еліміздің саяси билік үшін күресінде саяси партиялардың саяси коммуникация құралдарын тиімді қолданылуының өзектілігі айқындалады.

Біздің ойымызша, қоғам өз тарапынан болған талап-тілектердің билікте шешім табуын немесе мүдделерінің ескерілуін қалайды. Осылайша, саяси субъектілер қоғам мүддесін ескере келе, өзара байланыс негізінде ақпарат алмасу арқылы, басқаруда саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге кепілдік беретін нақтылы саяси шешімдер қабылдауы тиіс. Сонда ғана ортақ мақсатты көздейтін тиімді саясатты іске асыруға мүмкіндік туады.

«Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық процестердің ерекшеліктері» атты екінші бөлімде саяси коммуникацияны қолдану тәсілдерінің шетел тәжірибесінде қолданылуына салыстырмалы түрде талдау жасай отырып, Қазақстандағы өзіндік қалыптасу жолдарына тоқталдық. Аталған бөлімде саяси коммуникациядағы қоғаммен байланыс (паблик рилейшнз) және БАҚ-тағы қызметтері қарастырылады. Саяси коммуникация құралдарының мемлекеттің ақпараттық саясатындағы рөлі мен орны көрсетіледі.

Екінші бөлімнің «Қазақстандағы қоғаммен байланысты орнату (паблик рилейшнз) саяси коммуникациялық кеңістікті қалыптастырудың ерекшелігі» атты бірінші тақырыпшасы сайлау науқандарында және күнделікті саяси қызметте қолданылатын қоғаммен байланыс (PR) орнату мәселелерін зерттеуге арналған. Қоғаммен байланыс қызметі бұл біздің саяси жаңару жүйеміздегі демократиялық қадамдардың бірі. Соған орай қоғаммен байланыстың (PR) саяси жарнамамен, саяси үгіт-насихатпен ара-жігі ажыратылып көрсетілді.

Қоғаммен байланыс (PR) орнату қызметінің біздің еліміздегі қалыптасуының алғашқы қадамдары өткен ғасырлардан бастау алады. Қазақ жерінде XVI-XVIII ғасырларда Хандық биліктің жүргізілгені тарихи деректерден мәлім. Өз зерттеуімізге қатысты мәселе болып табылатын хандық биліктегі ханның кеңесшісі қызметінің рөлін ерекше атап өтуге болады. Бұл қызметті қоғамның дамуының әр кезеңінде Қазақ хандарының кеңесшілері болған Қорқыт, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырау сынды тұлғалардың өз тарихи миссияларын орындағандығынан байқаймыз. Жыраулар хан сарайындағы саяси жағдаймен халықты хабардар етіп, ал халықтың тұрмыс жағдайымен хандарға ақпарат жеткізуші қызметті атқарғандығы тарихтан белгілі. Сондай-ақ, жыраулардың өздерінің жалынды жырларымен ханның өзіндік имиджін қалыптастырғандығы да белгілі жайт.

Бұдан кейін ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бастамасымен жарыққа шыққан басылымдар, сол кездегі халық пен билік арасындағы негізгі ақпарат көзіне айналған еді. Алайда, ол уақыттағы кеңестік үкіметтің солақай саясаты олардың еңбектерінің кең таралып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ашық жеткізуіне қарсы іс-шаралар қолданды. Аталған кезеңде ұлттық басылымдардың қатарына жататын «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналы өздерінің коммуникациялық қызметтерін атқарған болатын.

Тоталитарлық басқару кезеңінде паблик рилейшнз қарым-қатынас ретінде партиялық цензураның қатаң бақылауында болды. Олар осы кезде ауызша нұсқаулар түріндегі жабық және жартылай жабық жиналыстар мен талқылаулар («тек КОКП мүшелері үшін» түрінде) сияқты паблик рилейшнздің жасырын түрлерін қолданған болатын. Ал, КСРО ыдырағаннан кейін, әр мемлекет өзінше жаңа саяси жүйені қалыптастырды. Біздің еліміздегі PR (паблик рилейшнз) Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық және батыстық үлгілердің негізінде қалыптаса бастады. Сол бағыт бойынша PR-дің Қазақстандағы қадамдары әлі де негізделу үстінде. Жалпы қоғамдық байланыстардың бай тарихына қарамастан, PR-дің орны мен рөлі әлі жеткілікті зерттелмеген, сондықтан оларды бүгінгі заман талабына сай саяси ғылымда зерттеу қажеттілік болып табылады.

Зерттеу жұмысында саяси коммуникацияның саяси мақсаттарға жету мүддесінде белгілі саяси партиялардың немесе лидерлердің бұқаралық санаға ақпараттық-психологиялық ықпал ету шаралары мен жүйесі екендігі нақтылы көрсетілген. Автордың пікірінше, саяси PR, саяси насихат және саяси жарнама саяси коммуникация жүйесінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылады. Өз кезегінде саяси коммуникация жүйесі қоғамда қабылданған идеологияға, саяси режимге байланысты болып келеді. Еліміздегі саяси PR, нақтылы саяси қызметке (мәселен, саяси партияларға) деген сенімді қалыптастырады, яғни, келешекте бұқаралық сананы өңдеу үшін негізді қалайды. Ал, саяси насихат, осы қалыптасқан сенімнің негізінде бұқаралық санаға нақты саяси нұсқаулар мен стереотиптерді енгізеді және саяси мінез-құлықтың нақты түрін қалыптастырады. Қазақстандағы саяси жарнама, саяси үгіт-насихат, саяси PR қызметтерінің дұрыс жолға қойылуы, халықтың сайлау науқандарында еркін таңдаулары арқылы оң шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Аталған саяси коммуникация құралдарының сайлау науқандарынан тыс, яки, тұрақты түрде қызмет атқаруы, саяси билік субъектілеріне деген қоғамның сенімін арттырады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда PR-ді одан әрі дамытудың жолдары қарастырылуда. PR еліміз үшін жаңа құбылыс болып саналады, сондықтан Қазақстанда бұл сферадағы заң шығару мәселесі қалыптасудың алғашқы сатысында деуге болады. PR-технологияларының әмбебаптылығы және оларды көптеген қоғамдық және мемлекеттік институттардың әртүрлі сферасында тиімді қолданудың жүзеге асырылуы заң шығарушыларға нақтылы қиындық туғызады. Себебі PR-технологияларын қолданудың бүкіл саласын қамтитын нақтылы заң шығарушылық актіні қабылдау мүмкін емес. Осыған орай, көбінесе, PR-тәжірибесін реттеу жанама түрінде жүргізіледі, яғни, заңдық құжаттардың аралас салалары арқылы өз қызметін жүзеге асырады. Ол үшін мынадай: Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Саяси партиялар туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», «Сайлау туралы» және т.б. заңдары қолданылады.

Қазіргі кезде РR-дың 500-ге жуық анықтамасы бар екендігі анықталған. С.Блэк өз еңбегінде «Паблик рилейшнздің мақсаты – шындыққа, білімге және толық ақпараттандыруға негізделген өзара түсіністікке және жалпы мүдделерге қол жеткізуді айқындау үшін екіжақты келісім орнату» [12] деп көрсеткен. РR-ды осы тұрғыдан бағалар болсақ, оның қоғаммен байланыстағы негізгі мәселесі өзара сенім мен келісім екендігі анықталады.

Автордың көрсетуінше, РR қызметінің тәжірибесінде қоғамдық жағымды пікірді жасауға мүмкіндік туғызатын демеушілік және меценаттық мәселесі де маңызды орын алады. Акцияның бағыттылығы, жүйелілігі, кең ауқымдылығы, әлеуметтік маңыздылығы ұйымдардың имиджін қалыптастырады және ашықтық атмосферасы мен әлеуметтік тиімділікке қол жеткізеді. Негізінен, қоғамның барлық саласында жүргізілетін акциялар өз бейнесін нақтылы баспасөзден табады. Мәселен, бұған еліміздегі сайлау науқаны қарсаңында «Нұр Отан» партиясының ақындар айтысына демеушілік жасауы, Мәжіліске депутаттыққа түскен кандидаттардың өз қаржысына мектеп, аурухана, т.б. қоғамдық мекемелерді салып беруі сияқты шаралары жатады. Мұндай іс-шаралар саяси субъектілерге деген жағымды қоғамдық пікірді қалыптастырады.

Зерттеуші С.Ж.Рысбаева РR-дің қазіргі коммуникативтік технологияларды жете зерттеумен айналысатындығын, яғни, қарым-қатынас, пікір алмасу мен өзара түсіністік үшін арнайы механизм екендігін анықтай келе, өтпелі кезеңдегі саяси технологиялардың ерекшелігін, соның ішінде, паблик рилейшнздің деструктивті технологияларын атап көрсетеді [13]. Яғни, бұл ретте қоғаммен байланыс орнату құралдарын шындыққа негізделген деп тұжырым жасап, біржақты қарастыруға болмайды деген ұйғарым жасауға болады.

Ізденуші өз жұмысында паблик рилейшнз (РR) – тікелей билік пен қоғам арасындағы қатынаста өзара түсіністік танытып, екі жақты сенімді қалыптастыратындықтан, қазіргі саяси жүйедегі бірден-бір тиімді технология болып табылады деп қорытынды жасайды. Сондықтан ол көршілес елдердегі паблик рилейшнзді жүзеге асыру механизмдерін басшылыққа ала отырып, Қазақстандағы РR-ді (паблик рилейшнз) бір жүйеге келтірудің заңдылық базасын қалыптастыру мәселелерін шешу қажет деп тұжырымдайды.

Екінші бөлімнің «Қазақстандағы саяси коммуникация құрылымындағы БАҚ-тың ерекше орны» атты екінші тақырыпшасында БАҚ-тың саяси коммуникация құралы екендігін көрсететін нақтылы ерекшеліктері анықталады. Оның қазіргі қоғамдағы атқаратын қызметінің негізгі белгілері сипатталады. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеу аясының құқықтық базасына талдаулар жасалынады.

Бүгінгі таңда отандық БАҚ саяси коммуникацияның бірден-бір негізгі құралының бірі болып саналады. Демек, саяси ақпараттың жылдам таралып, жеткізілуі бұқаралық ақпарат құралдарына деген саяси сұранымды арттыратындығы белгілі. Өйткені БАҚ еліміздегі ашық та, жариялы құрылым ретінде, қоғамдық пікірді қалыптастыратын ерекше механизм болып есептеледі. Е.Б.Саиров өз зерттеуінде: телевизиялық саяси жарнама ерекше дағдылармен көбінесе көптеген қаражатты талап ететіндігін көрсетеді. Сонымен қатар бірде-бір ірі сайлау кампаниялары оның көмегінсіз жүре алмайды және сайлау бірлестіктерінің көпшілігі мұнда тек бір себеппен, яғни, саяси бәсекеге түскен үміткерлер қандай да бір шығын жасайды дей келе: «Егер сен мұны жасамасаң, онда сенің бәсекелесің мұны міндетті түрде жасайды» деп, саяси коммуникацияда отандық БАҚ-тың ішіндегі телевизияның маңызды рөл атқаратындығын анықтайды [14].

Біздің пікірімізше, БАҚ өзінің мынадай ерекшеліктерімен саяси коммуникацияның негізгі құралына айналып отыр: ол жариялы құрылым болып табылатындықтан, оны қоғамда тұтынушыларының саны басым. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын тарататын жаңа байланыс құралдарының дамуы, оның қоғамдағы рөлін нығайтатыны анық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынған мәліметтер негізінде қоғамның мінез-құлқы өзгеретіні де белгілі. Осы жағдайды ақпарат жіберушінің тиімді пайдалануы әбден мүмкін. Сонымен аталған бағыттар арқылы БАҚ-тың саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы негізгі құрал екендігі анықталады.

Ал, Қазақстан Республикасының 1995 ж. Конституциясының 20-бабының 1-2 тармақтарында былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» [15]. Яғни, ақпарат еркіндігіне заң жүзінде жол берілетіндігі мәлімделеді. Сол бағыт бойынша Қазақстан заман талабына сай ақпараттық қызмет нарығын кеңейтуге бағыт алуда. Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамының дамуын оның барлық саласымен тығыз байланыстағы ақпараттық-коммуникациялық жүйенің тиімді қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес.

Соңғы уақытта елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды саласы болып табылатын теледидардың рөлінің өсу тенденциясы етек алуда. Бұл туралы нақты ақпарат қоғамдық пікірді сұрау кезінде белгілі болды. Осылайша, қазақстандықтардың 81%-ы соңғы жаңалықтарды теледидардан көріп білетіндігін және радиодан тыңдайтындығын айтса, тек 19%-ы баспасөз хабарламасынан оқып-білетіндігін жеткізген. Аталған тенденцияны автордың Алматы, Семей қалалары тұрғындарының арасында жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің мәліметтері растайды. Байқап отырғанымыздай, теледидар мен радио ақпараттың негізгі көзі ретінде жетекші орынға ие болуда.

Өз жұмысында автор ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында теледидар және радио қызметімен шектелу мүмкін емес дейді. Қазіргі кезде еліміздің медиа нарығындағы ерекше орындардың бірін интернет желісі иеленіп отырғандығы көпшілікке мәлім. Интернет-медиа саяси коммуникацияның үстінен бақылау орнатуды жоюға мүмкіндік туғызады. Интернет – қазіргі жаһандану кезеңіндегі ақпаратты тарату мен жеткізу жағынан басқа бұқаралық ақпарат құралдарын артқа тастап, жылдам қарқынмен даму үстінде. Саяси коммуникацияның бұл тиімді құралдары, әсіресе, еліміздегі сайлау науқандары кезінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, жұмыста интернеттің қажеттілігі тек сайлау науқандарында ғана емес, басқарудың күнделікті саяси өмірінде де маңызды рөл атқаратындығы көрсетілген. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан оқушыларымен және студенттерімен өткізген интерактивті режимдегі Интернет-конференциясы нақтылы мысал болып табылады.

Біздіңше, БАҚ саяси коммуникацияның маңызды құралдарының бірі бола отырып, саяси ақпараттарды таратуда объективті позиция бағытын ұстанатын болса, қоғамның сеніміне ие болып, билік пен қоғамға ықпал етуші қызметін де атқара алады. Сондықтан отандық БАҚ пікір алуандығын ескере отырып, еліктеушілік бағыттан гөрі, тиімді саяси сұранымды қанағаттандыратын объективті, сенімді ақпараттарды беру принципін басты ұстанымға айналдыруы тиіс.

Үшінші бөлімде «Саяси коммуникация проблемасының Қазақстандағы саяси жүйеде дамуы мен модернизациялық ролі» туралы зерттеулер жүргізіледі. Мұнда қазақстандық қоғамды модернизациялауда қолданылатын саяси коммуникация құралдары анықталады. Сонымен бірге еліміздегі саяси коммуникацияны жетілдіру жолдары ұсынылады.

Үшінші бөлімнің бірінші «Қазақстандағы қоғам және билік арақатынасындағы саяси коммуникацияның даму тенденциялары» тақырыпшасында «билік-қоғам» жүйесіндегі өзара байланыстағы ақпарат алмасу мүмкіндіктерінің негізгі деңгейлері қарастырылады. Қоғам мен биліктің өзара қатынасы бұл демократиялық жүйенің негізгі жемісі. Себебі өткен тоталитарлық кезеңде біз мемлекеттік биліктің бағыты дұрыс, ал қоғам тек берілген нұсқауды орындауға міндетті деп санап келдік. Алайда, күйреген жүйенің орнына келген жаңа саяси жүйе Қазақстан Республикасын тамыры терең бастамаларға алып келді. Біздің санамызға «жат» деп келген саяси терминдер ғылыми айналымға енгізіліп, сөздік қорымызды молайтты.

Автордың пайымдауынша, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси қатынастар жүйесінің дамуының қазіргі жағдайын жетік талдағанда, қоғам мен мемлекеттің демократиялық жаңаруының жоғарыда аталған екі жолының элементтерін бір өзінде үйлестірген елдің жаңаруы үшінші нұсқа бойынша жүргендігін ескерген жөн. Қазақстанда өтпелі кезеңде өтіп жатқан саяси процестердің негізгі мазмұны – республиканың ерекшелігіне орайластырылған демократиялық дамудың өзіндік үлгісін іздестіру болды.

Сонымен, елімізде электрондық үкімет жобасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынғанына бірнеше жыл болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Демек, бұл саяси жүйеде жаңа ақпараттық жүйелердің орын алуы саяси коммуникацияның, яғни, мемлекеттік ақпараттық саясаттағы алатын рөлін көрсетеді.

Президенттік басқару өз жемісін беріп, елімізде көптеген сәтті реформалардың жүргізілуіне себепші бола білді. Ал, ендігі жерде президенттік-парламенттік басқару нысанындағы Қазақстан өзіндік дамудың тағы бір жаңа жүйесін қалыптастыру жолында. Бұл біздің еліміздегі саяси коммуникацияның рөлін одан әрі жоғарылататынына күмән тудырмайды. Себебі кез келген демократиялық мемлекеттің басты ұстанған бағыты – ашықтық, пікір алуандылығы, сенімді еркін таңдау жасау сияқты т.б. шаралардан тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы да халық пен билік байланысын алдыңғы орынға шығаруы тиіс. Аталған екіжақты байланыс нәтижесінде сенімді саяси коммуникация құралдары жүзеге асырылады. Автор, қоғам мен билік арасындағы өзара қатынаста мынадай қиындықтар кездесетіндігін атап көрсетеді: біріншіден, Қазақстан азаматтары саяси өмірге қатысу арқылы билік органдарына жеткілікті түрде ықпал ететіндігіне сенімсіздікпен қарайды; екіншіден, сайлауға түскен саяси партиялардың халықтың әл-ауқатын жақсартады деген бағдарламаларына күмәнданушылықтың орын алуы; үшіншіден, сайлау науқаны туралы ақпарат тарататын БАҚ өкілдерінің қызметтерінің объективтілігіне деген сенімсіздіктің болуы; төртіншіден, сайлауға қатысушы үміткерлердің халықтың талаптарына жеткіліксіз көңіл бөлуі (алдыңғы сайлауларда сайланған депутаттардың қызметін бағалау арқылы); бесіншіден, сайлаудың қарсаңы жақсы өткенімен, соңы неге апарады? деген үрейдің басымдығы (сайлау соңынан жол жүру құнының, тұрғын үйдің коммуналдық қызмет ақысының, нанның, азық-түліктің, т.б. қымбаттауы); алтыншыдан, сыбайлас жемқорлықтың қоғамда кең тарауы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетеді; жетіншіден, саяси билік субъектілері мен қоғамның өзара қарым-қатынасын ұйымдастыратын байланыс құралдарының жеткіліксіздігі (әсіресе, облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылды мекендерде).

Ізденуші, аталған қиындықтарды шешудің өзіндік жолдарын диссертациялық жұмыста нақтылап көрсеткен. Өркениетті елдерде қоғам мен билік арасындағы өзара қарым-қатынаста екі жақ тарапынан да үлкен белсенділік орын алады. Яғни, билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс жақсы жолға қойылған. Сонымен, қазақстандық азаматтар сайлауда өз мүдделері есепке алынып жатса, саяси қарсылық көрсету факторын аз да болса төмендетуге ниет танытары анық. Дегенмен, біздегі саяси қарсылық көрсету әлемдегі кейбір елдердегі қарулы қақтығысқа қарағанда хат, өтініштер, т.б. жолдау арқылы ғана бейбіт түрде көрініс беретіні белгілі.

Үшінші бөлімнің «Қазақстандағы саяси коммуникацияны жетілдіру мен тиімділігін арттырудың факторлары» атты екінші тақырыпшасы еліміздегі саяси жүйенің тұрақтылығын сақтап, демократиялық принциптерді нығайтуға бағытталған нақтылы шараларды көрсете келе, саяси коммуникацияны жетілдірудегі кездесетін кемшіліктер мен әлеуметтік-психологиялық, техникалық, т.б. кедергілер және оларды шешудің тәсілдерін зерттеуге арналған. Саяси коммуникацияның жұмыс істеп жатқан саяси жүйе үшін қаншалықты тиімді екендігін анықтап, оны дамытудың жолдары көрсетіледі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы саяси коммуникацияны нығайту бойынша ұсыныстар беріледі.

Автордың пайымдауынша, саяси коммуникацияның тиімділігін жетілдіруде оның құралдары маңызды орын алады. Соның ішінде саяси жарнаманың атқаратын рөлі ерекше. Мәселен, мемлекетіміздегі саяси жарнаманың жеткілікті түрде кең тараған түрі, жаңа бағытта іске асырылатын саяси биліктің бағдарламаларынан қысқаша мәліметтер беретін – листовкалар тарату болып қалады. Мұндай саяси жарнама үлгілері АҚШ-тың, Ресейдің сайлаушыларының алдында заңдылық ретінде қабылданып, түрлі-түсті, сапасы жақсы қағаздарға басылған әртүрлі ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл дәстүр Қазақстандағы сайлауалды кампанияларында да қалыптасқан. Мәселен, 2007 жылдың 18 тамызында өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихатына сайлау алдында таратылған түрлі листовкалар осыған дәлел. Мұнда Мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан үміткер-кандидаттар өз листовкаларын сапалы қағаздарға фотосуреттерімен бірге басқызып, пошта жәшіктеріне ғана емес, пәтерлердің есігіне, көшелердегі тақташаларға іліп, арнайы сайлау кампанияларының көмекшілерімен қала, облыс, аудан және ауыл көшелерінде таратып жүрді. Бұл ретте мәселе листовкалардың таратылуында ғана емес, сонымен бірге ол саяси субъектілердің саяси мақсаттарының халық арасында кеңінен белгілі болып, қоғамдық қолдауға ие болуға ұмтылуында екендігі анық жайт. Ал, «Ақ жол» демократиялық саяси партиясы таратқан листовкаларда «Сен өз арманыңа лайықсың», «Шынайы істер партиясы» деген ұрандармен қатар, 5 жылдың ішінде аталған партияның әр жылдардағы Президентке, Парламентке, Үкіметке жасаған ұсыныстары мен оны мақұлдаған Парламент мөрі қойылған листовкалар таратылды. Бұл қазақстандықтардың партияның болашағы мен бағдарламаларына деген сенімін арттыра түсіргенін байқатады. Мұндай листовкаларды басқа саяси партиялар да ұтымды қолдана білді. Демек, бұл елімізде саяси коммуникация құралдарының осындай шаралар арқылы тиімді жүргізіле бастағандығының белгілері болып саналады.

Автордың зерттеу жұмысында, Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның тиімділігі мен нәтижелілігіне қол жеткізуде дифференциялау әдісін, яғни, мәселені жіктеп, талдап қарастыру әдісін пайдалану аса маңызды шарт екендігі баса айтады; оның мәнісі еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік даму ерекшеліктерін, саяси жүйенің өзгерісі кезеңін, қоғамның қажеттіліктері мен мүдделерін есепке алу болып есептеледі.

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары Парламент, қоғам, саяси субъектілердің қызметтері жайлы ақпарат таратудың басты көзі болып есептеледі. «Мұны Қазақстан Парламенті, оның депутаттары өз қызметінде ерекше сезінеді және олардың қызметіне объективті түрде мүдделі. Бұл мәселенің үлкен қоғамдық мәні, ауқымы және әлденеше қыры бар. Біріншіден, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарынсыз еліміздегі қоғамдық-саяси жүйенің қалыпты қызмет жасауы мүмкін емес. Екіншіден, олар қоғамның демократия, парламентаризм жолымен дамуының аса маңызды құралы болып табылады. Үшіншіден, қоғамның демократия мен азаматтық қоғам, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үрдісінде дамуы, сөз жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарына да кең құқықтық өріс ашып, бүкіл тіршілігін заңмен реттеуге мүмкіндік алды», - дейді зерттеуші Н.Қалиев [16]. Осылайша, ізденуші еліміздегі саяси коммуникацияның тиімділігін жетілдіруде азаматтық қоғам институттарының рөлі басым болу керектігін атап көрсетеді. Аталған мәселелерді саясатта іске асыру саяси субъектілердің тікелей міндеті екендігіне түсініктеме береді.

Зерттеу жұмысында автор, Қазақстанда саяси-коммуникация құралдарының тиімділігін жоғарылатудың төмендегі негізгі факторларын бөліп қарастырады:

- Жалпы қоғамға жеткізілетін ақпарат мейлінше объективті, шындыққа жанасымды болғаны дұрыс. Сонда ғана алынған ақпарат мәліметтеріне сенім қалыптасады.

- Қоғаммен байланыс жасау үшін оның талап-тілектерін ескеріп, оларға дер кезінде жауап қатуға, яғни, кері байланысқа түсудің жолын қарастыру қажет.

- Саяси коммуникацияның басты мақсаты – саяси субъектілермен қатар, билік пен қоғамның өзара тиімді және сенімді ақпарат алмасу көзі екендігін есте ұстаған абзал. Сол себепті бұқаралық коммуникация құралдары арқылы таралған ақпарат мәліметтеріне қоғамның қолдауын туғызу үшін, мәліметтер мен қоғамның мүддесі бір-біріне жақын болуы тиіс.

- Саяси коммуникацияның көлденең таралу жолын дамытқан жөн. Бұл демократиялық принциптерді нығайту жолына түскен біздің еліміз үшін дәл қазіргі уақытта аса қажет бағыт.

Біздің қоғамымызда, халықтың талаптарын, ұсыныстарын билікке жеткізіп, дұрыс шешімдер қабылдай білуге бағытталған нақты мүмкіншіліктер баршылық, бірақ соны биліктегі халық өкілдері дұрыс қолданғаны абзал.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет