Қазақстан республикасының білім және ғылым министірлігі



жүктеу 1.94 Mb.
бет1/10
Дата19.10.2017
өлшемі1.94 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ

ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ


3 деңгейлі ОӘ құжаты

ОӘК

ОӘК 042-14-1-03-01.09- 2015

«Клиникалық фармакология» пәнінің оқу-әдістемелік кешені

1 басылым



5В120100 «Ветеринариялық медицина» мамандына бойынша малдын



«Клиникалық фармакология»

пәнінен сабақтарын жүргізуге арналған



ПӘННІҢ ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІНІҢ

ОҚУ - ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛЫ

Семей 2015

Мазмұны
1.Глоссарий

2.Дәрістер

3.Тәжірибелік-практикалық сабақтар

4. Студенттердің оқытушылармен өздік жұмысы

5.Студенттердің өздік жұмысы

1 Глоссарий
a – (с французша)- бойынша, дейін frictio-сүртіп, үйкеп жағу

ad- ішінде, мыс frigidus-салқын

adde- қос fusus- ерітілген

ad libitum- өз шешуіңше gargarisma-шайып жуу

aders- мал майы granula-түйір, дән

adhaesivus- жұққыш grossus- үлкен

adiuvan- көмекші, жәрдемші gummi-шайыр

adstringens- тұтқыш humidis- ылғал, ылғалданған

aerophorus- быжылдау inscriptio-сөз, сөйлем басы

albus-ақ lenies-жұмсартқыш

amarus- ащы liquidus-сұйық

animalis- малдан өндірілген medicamentum-дәрі, дәрі-дәрмек

antidotum- уға қарсы қолданылатын зат medicinalis- дәрігерлік

agua- су mica panis- нан жұмсағы

aquosus- сулы mixtura agitanda- шайқау керек

aqua fervida- ыстық су mollis-жұмсақ

adua ebuliens- қайнап жатқан су niger-қара

adua fiuviatilus- өзен суы oleosum-майлы

adua pluvialis- жаңбыр суы ovum-жұмыртқа

adua fontana- бұлақ және водопровод суы oxydatus-тотыққан

adua communis – кәдімгі құдық суы paratus-дайындалған

adua destillata – дестилденген су pars-бөлегі, бөлшегі

bene-жақсы pasta-қамыр, паста

buliens-қайнап жатқан pectoralis-көкіректік

basis-негізгі, негізгі әсер ететін per se-өзінен-өзі

cum- мен per os-ауыз арқылы

ca lidus-жылы, ыстық perrectum-тікішек арқылы

cera-балауыз pondus-салмақ

ceratum- төмен түсу potio-ішу, ішімдік

cinereu- сұр, күл тәрізді pro centum- жүзге

cochlear- қасық pro mille-мыңға

cola-сүз purus-таза

cocte- ас, қайнат recens-жарық, айқын

corrigens-түзетуші resina-смола

coriu- тері repetatur-қайтала

dulcus-тәтті remedium-дәрігерлік құрал

durus-қатты reductus-қалпына келген

e,ex- e dua-нан, нең, ден, дан repletus-толған

ruber-қызыл venena- улар (улы заттар)

flavus-сары sal-тұз

flexilis-иілгіш, майысқақ scatulus-қапшық

fomentatio-сулап жағу salinus-тұзды

saturatio-қандыру, қанықтыру tritus- үйкеп ұсатылған

seu- немесе ustus- күйдірілген


1 Дәріс

Кіріспе.

Жоспар

1.Пәні мен міндті.

2. Клиникалық фармакология қысқаша даму тарихы.

3. Фармакологияның ғылыми бағыттары



Клиникалық фармакология – дәрілік заттардың организммен өзара қарым-қатынасын зерттейтін ілім. Негізгі мақсаты – жаңа препараттарды клиникалық тексеруден өткізу, ескі препараттарға қайта баға беру, тиісті ауруларды емдеу үшін препараттарды таңдап алу, олардың пішіні мен организмге жіберу жолдарын анықтау, әсерін мониторлы қадағалау, кері әсерлерінен сақтандыру.

Фармакология – дәрілер, дәрілік заттар туралы ілім (pharmakon – лекарство – дәрі, logos – учение – оқу, ілім).



Клиникалық фармакология – белгілі бір ауруға немесе аурудың синдромына емдік дәрілерді рационалды принцип бойынша таңдап алуға жәнеде сол емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін қадағалауға негізделген ілім.

Клиникалық фармакологияның негізгі бөлімдері:



  1. Клиникалық фармакология /фармакодинамика және фармакокинетика/;

  2. Бақылау үшін жүргізілетін терапевтік зерттеу. Онда дәрілік заттардың ауруды емдеу үшін қажеттілігі мен қауіпсіздігіне көңіл аударады;

  3. Дәрілік заттарды ары қарай қолдануға болатынын, не болмайтынын бақылау. Олардың организмге жағымсыз реакцияларын зерттеу;

Дәрілік заттардың әсерлерін клиникалық зерттеу барысында төрт мәселеге көңіл бөлу керек:

  1. Жаңа дәрілік зат ауруды емдегенде организмге фармакологиялық тиімді әсер ете ме, жоқ па? Бұл мәселеде ең жауапты кезең жаңа дәрінің бірінші дозасын тағайындау болып табылады. Сау адамдарға жаңа препараттарды қолдануға тиым салынған. Малдарға тексеруді ең төменгі дозасынан бастайды. Ол терапевтік дозаның отыз екіден бір бөлігі. Дәрінің әсерін 48 сағат қадағалау керек. Егер 1300 тексерудің үшеуінде жағымсыз реакция болса, ондай дәрі тиімді емес деп есептеледі.

  2. Ауруды емдегенде дәрілік заттың құрамындағы фармакологиялық белсенді заттың тиімділігі қандай? Оны тәжірибе және бақылау топтарының көрсеткіштерін салыстыру арқылы анықтайды.

  3. Жаңа препараттың тиімділігін көп малдарға ұзақ уақыт әсер ету арқылы тексеру. Онда дәрілік заттың тиімділігінің, тиімсіздігінің және улылығының жиілігіне көңіл аударады.

  4. Дәрілік затты ұзақ уақыт қолданғанда болашақта организмге келтіретін тиімсіз әсері /зияны/ қандай?

Дәрілік заттардың организмге биологиялық сіңуінің маңызы өте зор. Ол қолданылған дәрілік заттың қанға сіңуімен тікелей байланысты. Ал дәрінің қанға сіңуі оның физикалық және химиялық қасиеттері мен организмге әсер ететін физиологиялық факторларға тікелей байланысты.

Дәрілік заттардың организмге биологиялық сіңуіне байланысты оларға берілетін бірнеше анықтамалар бар. Олар:



  1. Химиялық эквиваленттілік. Дәрілік заттың өзінің химиялық және физикалық қасиеттері бойынша мемелекеттік стандартқа сай болуы;

  2. Биологиялық эквиваленттілік. Дәрілік заттардың тіндер мен қандағы концентрациясының біркелкілігі;

  3. Терапевтік эквиваленттілік. Клиникалық зерттеулердегі терапевтік нәтижелердің бірдейлігі.

Дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен тиімділіктерін сипаттайтын көрсеткіштер бар. Олар:

  1. Терапевтік индекс /Т.И./ - қауіпсіздіктің шекарасы. Ол тиімділік мөлшерінің тиімсіздік мөлшеріне ара қатынасымен анықталады. Малдарға тәжірибеде өлтіру дозасының тиімді дозаға, ал клиникалық тәжірибеде улылық дозасының тиімді дозаға ара қатынасымен анықталады;

  2. Гиперреактивтілік – ауру малдың дәрілік заттың өте төменгі дозасына реакция беруі;

  3. Гиперсезімталдық – ауру малдың дәрілік заттың қалыпты дозасына жоғарғы реакция беруі;

  4. Гипореактивтілік – дәрілік заттың өте үлкен дозасына аурудың қалыпты реакция беруі;

  5. Толеранттық – алдында қолданылған дәріге байланысты гипореактивтілік;

  6. Тахифилаксия – ауруда дәрінің бірнеше дозасын қабылдағаннан кейін тез арада толеранттықтың пайда болуы;

  7. Иммундық – қарсы денелердің түзілулері салдарынан болатын толеранттылық;

  8. Дәрілік аллергия – иммунологиялық механизмдердің қатысуымен ауруға алдыңғы қолданылған дәрінің салдарынан соңғы дәрінің келтіретін тиімсіз әсері;

  9. Кумуляция – дәрілік заттардың организмде /қанда/ шоғырлануы.

Дәрілерді қолданатын негізгі бағыттар:



  • Ауруларды емдеу – фармакотерапия;

  • Аурулардан сақтандыру, алдын алу – фармакопрофилактика;

  • Организмдегі физиологиялық процесстерді реттеу;

  • Организмнің резистенттілігін жоғарылату;

  • Малдан алынатын өнімді молайту, сапасын жақсарту, өсімін көбейту – фармакостимуляция;

  • Дәрілік заттардың әсер ету нәтижелерінің заңдылықтарын зерттеу – фармакодинамика;

  • Дәрілік заттардың организмге сіңгенінен бастап бөлінгенге дейінгі кинетикалық жағдайларын зерттеу – фармакокинетика.

Мал ауруларын емдеу үшін, аурудың алдын алу үшін қолданылатын дәрілік заттар, препараттар, дәрілік формалар күнделікті өмірде дәрілер, немесе дәрілік құралдар деп аталады.

Дәрілік заттардың аттары негізінен оның химиялық құрамына сәйкес халықаралық тұрғыда болып келеді. Көптеген препараттар медицина мен ветеринарияға ортақ. Бірақта тек қана ветеринария саласында ғана қолданылатын препараттар да бар. Ондай препараттардың заңдылығын Мемлекеттік фармакопея комитеті анықтайды.

Фармакопея (гр. Pharmakon – дәрі, poieo – істеймін, дайындаймын) – дәрілік заттардың қалыптылық сапасын дәрістейтін стандарттар мен қағидалар жиынтығы.



Фармакологияның ғылыми бағыттары:

  1. Рецептура – рецепт жазу ережелері, дәрілік заттарды дайындау, сақтау және аптека арқылы босату туралы ілім. Алға қойылған мақсатына қарай дәрігерлік және фармацевтикалық болып бөлінеді.

  2. Фармация – комплекс пәндерді қамтиды: фармацептикалық химия, фармакогнозия, дәрілік заттарды дайындау технологиясы, фармацептикалық істі ұйымдастыру және оның экономикасы. Оның ішінде фармацептикалық химияның алатын орны ерекше: дәрілік заттарды алу тәсілдерін, олардың қасиеттері мен сапасына анализ жасау әдістерін оқытумен айналысады.

  3. Фармакокинетика – бөгде заттардың организмнің ішкі ағзаларда таралуының кинетикалық заңдылықтарын оқытатын ілім. Дәрілік заттардың организмге сіңуінің, таралуының, метаболизмінің және экскрециясының кинетикасын зерттейді. Олардың организмге фармакологиялық, терапевтикалық және токсикалық әсерлерін анықтайды.

  4. Токсикология – улар, олардың қасиеттері мен әсерлері, емдеу және алдын алу туралы ілім.

  5. Фармакогенетика – жеке малдың дәрілік заттарға генетикалық тұрғыдан сезімталдығын, организмнің қалыптан тыс жауабының алдын алу, оны реттеу (коррекция), дәрілік заттардың мутагендік әсерін зерттеу.

  6. Радиациялық фармакология – сыртқы ортаның радиациялық лас жағдайында дәрілік заттардың организмге әсерін зерттеу.

  7. Психофармакология – дәрілік заттардың орталық нерв жүйесіне әсерін зерттеу.

  8. Биохимиялық фармакология – организмдегі биомолекулалар мен дәрілік заттардың өзара реакцияларын зерттеу. Негізгі мақсаты – бірінші фармакологиялық реакцияның химизмін анықтау.

  9. Стресс-фармакология – организмнің стресс жағдайын дәрілік заттар арқылы реттеу (коррекция), стресске қарсы қолданылатын препараттарды тиімді қолдану әдістерін іс жүзінде тексеріп, тәжірибеге еңгізу.

  10. Иммунофармакология – дәрілік заттардың организмнің иммундық статусына әсерін зерттеу. Негізгі мақсаты - жаңа иммуностимуляторлар мен иммунодепрессанттарды іздеп табу, оларды қолданудың керекті үлгісін жасау.

  11. Экологиялық фармакология – дәрілік заттардың қоршаған ортаға әсерін зерттеу, олардың экологияға кері әсерлерін азайту жолдарын, тәсілдерін іздеп табу, іске асыру.

Фармакологияның дамуының қазіргі кезеңінде әсіресе генетикалық және экологиялық фармакология бағыттарына көп көңіл бөлінуде. Сыртқы ортаны сақтап қалу және планетадағы өмірді қорғау осы екі бағытқа тікелей байланысты.

Дәрілік препараттарды жасап шығару өте күрделі және ұзақ процесс. Оны бірнеше сатыға бөлуге болады:



  1. Жеке, немесе комплексті дәрілік затты іздеуге жоспар құру, алынатын көзін анықтау;

  2. Дәрілік затты алу;

  3. Жаңа препаратты бірінші рет лабораториялық малдарға тексеру. Дәрілік заттың жағымсыз жақтарына көңіл бөледі: улылығына, концерогендігіне, тератогендігіне, иммуногендігіне, ауруға тиімділігіне;

  4. Жаңа препаратты тереңірек тексеру, бұрынғы белгілі препараттармен салыстыру;

  5. Фармакологиялық комитетке тапсыру;

  6. Жаңа препаратты клиникалық тексеруден өткізу;

  7. Клиникалық тексерудің нәтижесін екінші рет фармакологиялық комитетке тапсыру;

  8. Препаратты өндірісте шығару технологиясын дайындау.

Дәрілік заттарды алу үшін қолданылатын негізгі көздер:

    • минералды заттар;

    • өсімдік және мал шикізаттары;

    • синтетикалық қосылыстар;

    • микроорганизмдер мен саңырауқұлақтардың өнімдері.



Қазіргі кездегі жаңа дәрілік заттарды іздеу бағыттары:

  • препараттарды химиялық синтездеу;

  • дәрілік шикізаттардан алу;

  • микроорганизмдер мен саңырауқұлақтардың өнімдерінен биосинтез арқылы алу;

  • генетикалық инженерлік жолмен алу.

Ескеретін бір жағдай: дәрілік заттар организмде жаңадан биохимиялық немесе физиологиялық процесстер тудырмайды, тек қана оларды күшейтеді, немесе әлсіретеді.

Фармакология курсын жақсы игеру үшін алдыңғы өткен пәндерді жетік білу керек, ал фармакологиялық білім болашақ малдәрігеріне, әсіресе, клиникалық пәндерді игеру үшін өте қажет.

Фармакология пәнін игеру белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізіледі:


  • әуел баста барлық дәрілік заттардың жалпы заңдылықтары қарастырылады;

  • дәрілік заттардың жоғарғы тиімділігін қамтамасыз ететін жағдайлар дәрістеледі;

  • жеке топтағы дәрілік заттардың жалпы ортақ фармакологиялық әсерлері талқыланады;

  • әрбір препараттарға жекелей сипаттама беріледі.

Клиникалық фармакология курсы екі бөлімнен тұрады:

    1. Жалпы клиникаляқ фармакология – дәрілік заттар мен организм арасындағы өзара қарым-қатынастың заңдылықтарына тоқталады;

    2. Жеке клиникалық фармакология - әрбір дәрілік заттардың организмге тигізетін жеке әсерлеріне тоқталады.

Барлық дәрілік заттар 5 топқа жіктеледі:

  1. нейротропты дәрілік заттар;

  2. атқарушы ағзалар мен жүйелердің қызметтерін реттейтін дәрілік заттар;

  3. тіндердегі зат алмасу процесіне әсер ететін дәрілік заттар;

  4. стрессті, мал өнімін және иммундық статусты реттейтін дәрілік заттар;

  5. микробтарға, вирустарға және тоғышарларға қарсы әсер ететін дәрілік заттар.

Дәрілік заттар агрегаттық жағдайларына қарай 4 түрлі пішінде болады: қатты, жұмақ, сұйық және газ түрінде. Олардың улылықтарына қарай: улы, күшті әсерлі және улылығы аз препараттар деп бөлінеді.

Дәрілердің тиімділігі жөніндегі қорытынды клиникалық зерттеулердің нәтижесінде ғана беріледі. Міне, сондықтан да клиникалық фармакологияға көп көңіл бөлінуде.


2-3 Дәріс

ЖАЛПЫ ФАРМАКОЛОГИЯ

Жоспар.


      1. Фармакокинетика

      2. Фармакодинамика

Жалпы фармакология дәрілік заттардың тірі организммен қарым-қатынасының заңдылықтарын оқытатын ілім. Ол үшін дәрілік заттардың фармакокинетикасын (грекше: pharmacon – дәрі, kineo - қозғау) және фармакодинамикасын (dinamis – күш) толық меңгеру керек.

Фармакокинетика– дәрілік заттарды организмге жіберу жолдарын, олардың организмде орналасу жерлерін, организмдегі заттармен реакцияласу арқылы түзілетін метаболизмдерін, сіңуін және организмнен бөлінуін түсіндіретін фармакологияның бөлімі.

Фармакодинамика – организмге түскен дәрілік заттардың орналасуын, әсер ету механизмін, оның мөлшеріне байланыстылығын, жағымсыз әсерлерін және организмде болатын биологиялық тиімділікті оқытатын фармакологияның бөлімі.
ФАРМАКОКИНЕТИКА.

Дәрілік заттарды организмге еңгізу жолдары.

Малдәрігерлік тәжірибеде ауруларды емдеу және олардың алдын алу үшін қолданылатын барлық дәрілік заттарды әртүрлі пішінде организмге еңгізеді, немесе тері не кілегей қабықтары арқылы сіңіреді. Дәрілік заттардың сіңу жылдамдығы, әсер ету күші мен өзгешелігі олардың пішіні мен жіберу жолдарына тікелей байланысты. Дәрілік заттардың тін қабаттары арқылы лимфа мен қанға сіңуі олардың резорбциялық әсерлері ретінде сипатталады. Ол тіндердің кедергілік функцияларына және дәрілік заттардың физикалық-химиялық қасиеттеріне тікелей байланысты құбылыс. Сондықтан да дәрілік заттарды организмге жіберу жолдарын таңдап алу дәрігердің алдында түрған жауапты кезеңнің бірі.

Дәрілік заттарды организмге жіберудің бірнеше жолдары бар. Оларды ас қорыту жүйесінің жолдары арқылы (энтералды) және одан басқа жолдар арқылы (парэнтералды) деп бөлуге болады.

Малдарға дәрі жіберудің ең қарапайым, кең тараған, қолайлы түрі ауыз қуысы арқылы жіберу. Бұл жағдайда дәрілердің организмге сіңуі асқазаннан басталады да, көбінесе жіберілген дәрілік заттармен түйісетін үстіңгі бетінің көлемі аумақты, қанмен жақсы қамтамасыз етілген ащы ішектерде негізгі бөліктері сіңіп, тарайды. Дәрілердің сіңуі торша мембраналарының саңылаулары арқылы және ол жердегі қысым айырмашылығына байланысты іске асады. Дәрілердің сіңу жылдамдығы кілегей қабықтардың функционалдық жағдайларына, асқазан мен ішектердің жирылу белсенділіктеріне, ортаның қышқылдығына және олардағы ас қалдығының мөлшері мен сапасына тікелей байланысты болады. Ескеретін бір жағдай, дәрілік заттардың жалпы қан айналысына түспес бұрын, ішекте сіңгеннен кейін бауырға барып бейтараптануы, немесе өтпен бөлінуі мүмкін. Ал кейбір дәрілерді ас қорыту жүйесінің ферменттерінің әсерінен бүлінетіндіктен ауыз қуысы арқылы беруге болмайтынын ескерген жөн. Мысал ретінде адреналин, инсулин, бензилпенициллин және т.б. препараттарды келтіруге болады. Ас қорыту жүйесінің кілегей қабықтарының рецепторларын қатты тітіркендіретін дәрілерді ауыз қуысы арқылы берудің нәтижесі төмен.

Малдәрігерлерінің әртүрлі пішінді дәрілерді беру үшін қолданатын аспаптары бар. Оған жататындар: қасық, резина түтігі, зондтар, қалақша, болюс бергіштер, резина бөтелкелері, шприцтер және т.б. Көптеген дәрілік заттарды малдың азығына қосып берген өте қолайлы.

Бұл әдістердің қолайсыз жағдайы сол, берілген дәрілік заттардың 50 %-ына дейінгісінің ас қорыту жүйесінің ферменттерінің әсерлерінен белсенділігі жойылады. Сондықтан олардың мөлшерін басқа әдістерге қарағанда 1,5 – 2 есе көбейтіп жібереді.

Дәрілік заттарды ас қорыту жүйесі арқылы жіберудің екінші түрі оларды тік ішек арқылы еңгізу. Мұндай жағдайда дәрілік заттардың 50 %-дай мөлшері бауырға соқпай, тікелей қан айналысына түседі. Олар ас қорыту жүйесінің ферменттерінің әсерлеріне ұшырамайды. Дәрілердің сіңуі қарапайым диффузия заңына бағынады. Дәрілік заттарды ертінді түрінде Эсмарх, немесе резина ыдыстар арқылы резина түтікшелерін қолданып, не микроклизма ретінде жібереді. Ірі малдарға 2 л-ге дейін, ал ұсақ малдарға – 5-10 мл ерітіндіні жіберуге болады.

Дәрілік заттарды күйіс қайыратын малдардың месқарнына басқа әдістерден нәтиже болмаған жағдайда жібереді.

Парентералды әдістердің ішінде малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданылатын түрлері терінің астына, еттің ішіне және венаға жіберу әдістері. Дәрілік заттарды венаға жібергенде оның әсері басқа әдістерге қарағанда жылдамырақ болады. Терінің астына және еттің ішіне тітркендіргіш қасиеті бар дәрілерді жіберуге болмайды. Ондай дәрілік заттар ұзақ уақыт ауырсынғандық, қабыну процессін тудырады, кейде жергілікті өлі еттену құбылысының пайда болуы да мүмкін.

Дәрілік заттардың организмге тигізетін әсерін ұзарту үшін пролонгаторлар қолданылады.

Терінің астына дәрілік заттардың судағы және майдағы ертінділері жиі, ал спирттегі ертінділері сирек жіберіледі. Жылқылар мен ірі қара малдарының мойын тұстарына, қойлардың ішкі шабына, шошқаларға құлағының арты мен ішкі шабына, иттер мен мысықтардың қабырға, немесе ішкі шап тұстарына жіберген дұрыс. Ірі малдарға 2-20 мл, ал ұсақ малдарға 0,5-2 мл мөлшерінде жіберуге болады. Дәрілік заттардың әсері 5-15 минуттан кейін біліне бастайды.

Осындай түрдегі ертінділерді еттің ішіне де жіберуге болады. Көбінесе малдың жая, иық, төс бұлшық еттеріне жіберіледі. Дәрілік заттардың әсері тері атына жібергеннен 2 есе жылдамырақ білінеді.

Дәрілік заттарды венаға, немесе артерияға өте сақтықпен жіберген жөн. Ол үшін дәрігердің өзіндік тәжірибесі болғаны дұрыс. Қан тамырларына толық ерімейтін, майлы, тітіркендіргіш, қанды ұйытатын, эритроциттерді ерітетін дәрілік заттарды жіберуге болмайды. Әдіс арнайы шприцтер мен аппараттар (Жанэ шприці, Бобров аппараты) арқылы орындалады. Жылқыларға, ірі қара малдарына, қой, ешкілерге мойын көк тамыры мен қарын тұсының тері асты венасына; шошқалар мен қояндардың құлақтарының венасына; иттердің жамбас және жіліншік тері асты веналарына жіберуге болады. Дәрілік заттардың әсері бірден білінеді.

Дәрілік заттарды артерияға жіберу өте күрделі әдіс болғандықтан малдәрігерлік тәжірибеде сирек қолданылады.

Дәрілік заттарды, әсіресе төлдерге, венаға жіберу мүмкін болмай қалған жағдайда, төс сүйегінің ішіне жіберуге болатынын да есте сақтаған жөн.

Дәрілік заттарды құрсақ қуысына, плевраның ішіне жіберу әдістері де бар. Бұл әдістер сирек қолданылса да, кейбір ауруларда малдәрігерінің арсеналындағы таптырмайтын әдістер.

Кейінгі кезде, әсіресе тыныс алу жүйесінің ауруларын емдеу, алдын алу шаралары ретінде, жиі ұсынылып жүрген әдістердің бірі - дәрілік заттарды бу немесе аэрозоль ретінде дем арқылы жіберу әдісі. Малдардың өкпелерінің сору бетінің көлемінің үлкендігін және альвеоллалардың капилляр қан тамырларымен жақсы коректенетінін ескерсек, онда дем арқылы келген дәрілік заттардың қанға тез тарайтынына күман болмаса керек. Бұл әдіспен жіберілген дәрілік заттар жергілікті (өте ұсақ бөлшектерге ыдыратылған сульфаниламид немесе антибиотиктердің бөлшектері танау қусынан бастап микробтарға қарсы әсер ете бастайды), рефлекторлы (қақырық түсіруі) және резорбтивті (қанға сіңу арқылы) әсер етеді.

Дәрілік заттарды дем арқылы жіберудің де бірнеше әдістері бар. Солардың ішінде ауру малдарды топтап емдеу үшін қолданылатын аэрозоль-, оксигенозоль арқылы емдеу әдістерінің малдәрігерлері үшін алатын орындары ерекше. Бұл әдістердің ғылыми негізін дәлелдеп, іс жүзіне асыруда Омскінің малдәрігерлік және Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институттарының ғалымдарының қосқан үлестері өте зор.

Малдәрігерлік тәжірибеде сирек қолданылатын, бірақ білуге керек әдістердің қатарына отиттерді (құлақ қабынуларын) емдеу үшін қолданылатын малдардың құлағына дәрі тамызу, иттерге қолдануға болатын жүрек қуыстарына дәрі жіберу әдістері жатады.

Теріге, кілегей қабықтарға жағу арқылы майлар, пасталар, линименттер, ұнтақтар, ертінділер, эмульсиялар, балауыз дәрілер, шарлар, таяқшалар қолданылады.

Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданылатын әдістер - дәрілік заттарды шашырату, олармен жуу, оларға шомылдыру. Ол үшін арнайы шашыратқыштар, гидропульттар, аппараттар, машиналар пайдаланылады.

Дәрілік заттарды инъекция арқылы жіберу әдісінің түріне оларды электрофорез арқылы жіберу әдісі де жатады. Малдың терісін, кілегей қабығын жарақаттамай, электр тоғының оң және сол полюстерін пайдалана отырып, белгілі бір зарядтағы дәрілік заттарды мал организміне еңгізу. Дәрілік заттарды еңгізу үшін қолданылатын электродтардың орналасқан жерлерінде дәрілер шоғырланып, ұзақ уақыт әсер етеді.

Кілегей қабықтардың рецепторларын қатты тітіркендірмейтін кейбір дәрілерді көздің, немесе мұрын қуысының кілегей қабықтарына тамызу арқылы қолдану әдісі де ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Міне, қысқаша, малдәрігерлік тәжірибеде дәрілік заттарды организмге жіберу үшін қолданылатын әдістерге жататыны осылар. Бұл әдістер туралы тереңірек өзімнің «Терапевтикалық техника – малдәрігерлік тәжірибеде» атты кітабымда келтірдім (Алматы, 2006).


Резорбция. Дәрілік заттардың организмге сіңу жылдамдығы оларды жіберу жолдарына, дәрілік заттардың пішіндеріне, олардың сіңетін беттердің көлеміне, тіндердің функционалдық және морфологиялық жағдайларына, тағы басқа да факторларға тікелей байланысты. Дәрілік заттардың сіңу жылдамдығын олардың қандағы концентрациясын анықтау арқылы білуге болады. Дәрілік заттардың қанға сіңуімен қабаттас олардың биотрансформациясы мен организмнен бөліну процесстері жүретінін естен шығармаған жөн.

Дәрілік зат организмге сіңу барысында бірнеше биологиялық кедергілерден өтеді. Олар бір, немесе бірнеше қабатты эпителий, эндотелий торшалары; плазматикалық мембраналар. Ұсақ молекулалы дәрілік заттар (0,4 нм) бұл кедергілерден еркін өткенімен, ірі молекулалы дәрілік заттарды өткізетін арнайы тасымалдаушы механизмдер қажет. Дәрілік заттарды тасымалдаудың бірнеше түрлері бар:



  1. Белсенді тасымалдау - арнайы белокты механизмдер арқылы;

  2. Белсенді емес диффузия – капиллярлардың қабырғалары арқылы;

  3. Оңайлатылған диффузия – дәрілік заттың мембрананың компонентімен өзара қатынасуы арқылы.

Дәрілік заттардың организмге сіңуі олардың ерігіштігіне; ортаның қышқылдық, не сілтілік қасиетіне; температурасына; дәрілік заттардың концентрациясына; малдың түрі, жасы мен жынысына байланысты болып келеді.

Дәрілік заттардың организмде орналасуы. Организмге сіңген дәрілік заттар қан арқылы барлық организмге тарайды. Олардың әртүрлі тіндерге сіңу мөлшері жалпы және дара заңдылықтарға байланысты болады. Жеке заңдылықтары дара фармакология бөлімінде қарастырылады. Ал жалпы заңдылықтарға жататындар әрбір тіндердің қанмен қамтамасыз етілу мөлшері мен олардың кедергілік-барьерлік функциялары. Қанға түскен дәрілік заттарға гистогематологиялық кедергілер қарсы тұрады және әрбір тірі торшалардың өз барьерлері бар. Сондықтан әрбір торшалар кейбір дәрілік заттарды оңай өткізеді де, ал кейбір дәрілік заттарды өткізбейді.

Майда жақсы еритін дәрілік заттар липоидты тіндерде шоғырланады. Ондай дәрілік заттардың мида шоғырлануын осымен түсіндіруге болады.

Көптеген дәрілік заттардың тіндерде әртүрлі мөлшерде орналасуы олардың химиялық қасиеттеріне тікелей байланысты.

Химиятерапевтикалық дәрілік заттардың сіңуі қабыну процесстері бар жерлерде арта түсетіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Дәрілік заттардың организмде белоктармен комплекс түзуі өте маңызды жағдай. Ондай комплекстер дәрілік заттардың тасымалдануын, терапевтикалық тиімділігін нашарлатады, организмнен бөлінуін баяулатады және биотрансформациясын төмендетеді.

Қорыта келгенде, дәрілік заттар организмнің ішкі ортасында, тіндерде бос күйінде, белокпен байланысқан комплекс түрінде және химиялық тұрғыдан алып қарағанда өзгерген метаболит ретінде кездеседі.

Кейбір дәрілік заттардың әртүрлі тіндер мен ағзаларда көбірек шоғырланатын қасиеттері бар. Оған мысал ретінде күшәләнің шашта, йодтың қалқан безінде, хромның эритроциттерде шоғырланатындарын келтіруге болады. Ауыр металл қосылыстары бүйректер мен бауырда ұзақ уақыт сақталады. Жүрек гликозидтері (дигитоксин және т.б.) оларда ішектерге қарағанда 8 есе, ал көлденең жолақты еттерге қарағанда 37 есе көп жинақталатын көрінеді. Міне сондықтан да, ауру малдарға дәрілік заттарды тағайындағанда олардың организмде жинақталатын жерлерін біліп, ескеріп отыру өте қажет.

Дәрілік заттардың биотрансформациясы.

Дәрілік заттардың көпшілігі организмдегі зат алмасу процесінің әртүрлі морфологиялық және биохимиялық деңгейінде оларға араласып, әртүрлі дәрежеде өзгерістерге ұшырайды. Тек жоғарғы гидрофилді қосылыстар, кейбір майда ерігіш және дем арқылы наркозға қолданылатын заттар ғана организмнен өзгеріссіз түрде шығарылады.

Дәрілік заттардың биотрансформациясы негізінен оларға ферменттердің әсерінен, әсіресе торша ішілік ферменттердің әсерінен болады. Олардың әсерінен дәрілік заттардың метаболизмдері бауырда, ішектерде және басқа да тіндерде түзіледі де, қан сары суында шоғырланады. Кейбір инсектицидтер, ауыр металл қосылыстары, күшәләлі металлоидтар организмдегі белоктармен, күкіртті сутегі топтарымен берік байланасатындықтан организмде көпке дейін сақталады, оларды арнайы антидоттар қолдану арқылы шығарады.

Организмдегі биотрансформацияның деңгейін анықтайтын факторлар: дәрілік заттардың химиялық құрылысы; малдардың түрі, жасы, жынысы; организмннің патологиялық жағдайы.

Дәрілік заттардың организмде өзгеруінің екі түрін ажыратуға болады:


  1. Метаболикалық трансформация – дәрілік заттардың тотығу-тотықсыздану, гидролиздену арқылы өзгеруі;

  2. Конъюгация – дәрілік заттардың, немесе олардың метаболиттерінің метилдену, ацетилдену; глюкурон қышқылымен, сульфаттармен, глутатионмен реакцияласу арқылы нешетүрлі химиялық қосылыстар түзуі.

Бір дәрілік зат организмнің әр жерінде әртүрлі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Мысалы, глюкоза организмде су мен көміртегінің диоксидіне ыдырау арқылы энергияның көзі болып табылады. Ал, сол глюкоза бауырда глюкурон қышқылына айналып, аскорбин қышқылының түзілуіне әсер етеді. Сондай-ақ, үшінші бір жағдайда глюкоза организмде көміртегі-гликогенді түзетін зат ретінде пайдаланылады.

Пурин туындылары кофеин, аденин, гуанин – нуклеин қышқылдарының негізі болып есептеледі, сондықтан да кофеин организмде нуклеин қышқылдарының биосинтезіне қолданылады.

Жоғарыда дәрілік заттардың биотрансформациясы көптеген ферменттердің әсерлерінен болатынын айттық. Солардың ішінде бауыр торшаларының лизосомдарында шоғырланған ферменттердің ролі ерекше. Олай болса малдардың бауыр ауруларында дәрілік заттардың биотрансформациялары төмендейді де, ол заттар организмнен көпке дейін бөлінбейді.

Мал организміндегі биотрансформациясының интенсивтігіне дәрілік заттардың химиялық құрылысы, ферменттердің индукторлары мен ингибиторларының бар-жоқтығы, мал азығының химиялық құрамы, ас қорыту жүйесіндегі микрофлораның түрлері және т.б. факторлар әсер етеді.

Кей жағдайларда биотрансформацияның салдарынан түзілген жаңа қосылыстардың әсері бастапқы дәрілік заттың әсерінен күштірек болып, оның фармакодинамикасын және терапевтикалық тиімділігін, кейде тіпті улылығын жоғарлатуы да мүмкін. Мысал ретінде организмде кодеиннің морфинге айналуын келтіруге болады.

Биотрансформацияның салдарынан дәрілік заттардың фармакологиялық белсенділігінің төмендеуі олардың фармакодинамикалық және терапевтикалық тиімділіктерін ұзартады.

Дәрілік заттардың мал организміндегі биотрансформациясын терең түсіне білу ауруларды емдеуде фармакотерапияны дұрыс қолдануды реттеудің негізі болып саналады.

Дәрілік заттардың организмнен шығу жолдары.

Дәрілік заттардың басым көпшілігі организмге бөгде зат ретінде орналасады. Сондықтан организм ол заттарды залалсыздандырып, организмнің өз жағдайына бейімдеу үшін ішкілікті барлық мүмкіншілігін пайдаланады. Олар қарапайым, немесе күрделі организмге зиянсыз қосылыстарға айналады да, артынан организмнен бөлініп шығарылады.

Дәрілік заттар, олардың метаболиттері мен конъюганттары организмнен негізінен бүйректер арқылы зәрмен және бауыр арқылы өтпен бөлінеді. Органикалық қышқылдар, сульфаниламидтер, белок туындылары, ауыр металлдардың препараттары, алкалоидтар мен гликозидтер, терпендер, камфора, эфир майлары және т.б. заттар, негізінен белокпен байланыста жоқтары, бүйрек жолдары арқылы сүзіліп, несеп жолы арқылы қуыққа түседі де, зәрмен бөлінеді. Майлы қосылыстар диффузия арқылы бүйрек өзекшелерінің қабырғаларынан өтіп, зәрге қосылады.

Ескеретін жағдай полярлы қосылыстар бүйрек өзекшелерінен қайта сорылмайды, сондықтан да зәрдің сілтілік реакциясында қышқылдық заттар, ал қышқылдық реакциясында негіздер көптеп бөлінеді.

Тетрациклин, пенициллин топтарындағы препараттар; күшәлә, кальций, магний препараттары, кейбір алкалоидтар мен гликозидтер және олардың метаболиттері өт арқылы ішектерге түседі де, аздаған бөліктері нәжіс арқылы бөлінеді. Ал қалған бөліктері ішек-бауыр айналымына түседі.

Бүйрек ауруларында (қабыну, дистрофия) олардың функциялары төмендейді де зәрдің бөлінуі азаяды. Қанда, тіндерде дәрілік заттардың биотрансформациялық қосылыстары шоғырланады. Мұндай жағдайда дәрілік заттардың терапевтикалық дозаларын азайтып, немесе бөлшектеп жіберу керек.

Йодиттер, бромидтер және ауыр металлдардың кейбір қосылыстары сілекей бездері арқылы; никотин – асқазан безі, ал әлсіз органикалық қышқылдар – ішек бездері арқылы бөлінеді. Ұшқыш, газ тәрізді заттар өкпе алвеоллалары арқылы бөлінеді.

Антибиотиктер, күшәлә препараттары, ауыр металлдардың қосылыстары, ұйықтатын, ауырсынғандықты басатын заттар, этил спирті, никотин аналық малдардың сүт шығару кездерінде сүт бездері арқылы бөлінеді.

Құрамында фтор, хлор, бром бар қосылыстар; йодидтер; ауыр металлдар мен күшәлә қосылыстары; салицилаттар; фенол препараттары аздаған мөлшерде тері арқылы тер бездерімен бөлінеді.

Организмге жіберілген дәрілік заттардың концентрациясының қалыптасуы үш сатыда жүреді:



  1. Дәрілік затты қандай жолмен, қай пішінде жібермеседе, олардың концентрациясы биотрансформациялық және бөліну кезіндегі концентрациясынан жоғары болады. Ол 20-120 минутқа созылады;

  2. Дәрілік заттардың концентрациясы барлық ағзалар мен тіндерде терапевтикалық тиімділікті қамтамасыз ететін қалыпты, немесе жоғарғы мөлшерде болады. Ол 2-7 сағатқа созылады;

  3. Дәрілік заттардың концентрациясы күрт төмендейді, олардың резорбциясы тоқтайды, биотрансформациясы мен бөлінуі үдей түседі. Ол 4-12 сағатқа созылады.

Дәрілік заттардың фармакокинетикасы тек олардың қасиеттеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар оларға резорбцияның динамикалық өзгеріп отыратын жағдайлары, организмде орналасуы, биотрансформациясы және организмнен бөлінулері де әсер етеді.

Қорыта келгенде, дәрілік заттардың фармакокинетикасын оқып, білу тек теориялық жағынан ғана емес, тәжірибе жағынан да өте қажет екендігін білдіреді. Дәрілік заттардың концентрациясы әрбір ағзалар мен тіндерде үнемі өзгеріп отыратындықтан, сол арқылы олардың фармакодинамикалық процессінің деңгейі мен ұзақтылығын анықтауға мүмкіншілік туады. Егер дәрілік заттардың организм тіндеріндегі тұрақтылық уақытын білетін болсақ, онда ол дәрілерден толық терапевтикалық тиімділік алу үшін жіберу жолы мен қайталау уақытын анықтауға мүмкіншілік туады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет