Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.68 Mb.
бет1/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ


Утегенов М.З.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӨЛКЕНІҢ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ

(XIX ғ. екінші жартысы-XX ғ. басы)


Көкшетау 2007

Утегенов М.З.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӨЛКЕНІҢ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ

(XIX ғ. екінші жартысы-XX ғ. басы)

Қазақстан тарихын оқитын барлық мамандықтарға арналған оқу құралы

Кокшетау 2007

ӘОЖ 94 (574.3)+(574.2) «18/19»

ББК 66.3 (5к)

У 82
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен басылымға ұсынылған (№ 2а хаттама 27.11.2007ж.)

Пікір жазғандар: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Абуев Қ.Қ.


тарих ғылымдарының докторы,

профессор Садыков Т.С.


Утегенов М.З.

У 82 Ақмола облысының уездік қалаларының өлкенің саяси-экономикалық және мәдени дамуындағы рөлі (XIXғ. екінші жартысы-XXғ. басы). - Көкшетау: Оқу құралы: 2007. -... бет.

ISBN 9965-506-18-3


Оқу құралында мұрағат құжаттары мен басылым көрген материалдар мен қалатану мәселесіне байланысты тарихта қалыптасқан тұжырымдарды жан-жақты ғылыми талдау арқылы, Ақмола облысының уездік қалаларының өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген әсері анықталып, қалалар өлкенің XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылады.

Оқу құралында қалалық өзін-өзі басқару, қалалық тұрғындардың құрамы, қалалардағы қоғамдық-саяси жағдай сияқты мәселелер зерттелінеді.

Тарих мамандығының студенттеріне, магистранттарына арналған оқу құралы Қазақстанның жаңа заман тарихына қатысты мәселелерді зерттеуде өзіндік үлесін қосады.

ББК 66.3 (5к)

© Ш.Уәлиханов ат. КМУ, 2007

© Утегенов М.З., 2007



МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ...........................................................................................................3

ТАРИХНАМАСЫ МЕН ДЕРЕКТІК НЕГІЗІ...........................................-
1 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ САЯСИ - ӘКІМШІЛІК ОРТАЛЫҚТАРҒА АЙНАЛУЫ.....................25

1.1 Патша үкіметінің қазақ жеріндегі әскери бекіністері ретінде салынған Ақмола облысының уездік қалаларының қалыптасу тарихы............................................................................................................-

1.2 Қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің құрылымы және оның қалалардың дамуына қосқан үлесі.........................................................35
2 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӨЛКЕНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ

1.2 Ақмола облысының уездік қалаларындағы сауда-саттықтың дамуы

2.2 Өлкенің өнеркәсіптік орталығы ретіндегі Ақмола облысының уездік қалалары
3 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУЫ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРАМЫ

3.1 Ақмола облысының уездік қалалары тұрғындарының қалыптасу тарихы мен әлеуметтік, этникалық және діни құрамы

3.2 Ақмола облысының уездік қалаларының әлеуметтік-мәдени дамуының жалпы өлкенің мәдени дамуына тигізген әсері

3.3 ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ақмола облысының уездік қалаларының қоғамдық-саяси өмірі
ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ

ҚЫСҚАРТУЛАР ТІЗІМІ

ҚОСЫМШАЛАР


КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен халықтың сана-сезімі жаңа деңгейге өтіп, Отан тарихының бұрын жазылған беттерін қайта қарастырып, бүгінгі заман талабына сай ақиқатты зерттеуге жол ашылды. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстан бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде, жарқын болашаққа бет алған уақытта, өзінің төл тарихын қастерлеп те ардақтап еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде басты құрал ретінде сақтап қалу керек.

Осындай өзекті мәселелердің бірі–Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси-әкімшілік және мәдени-ағарту орталығына айналған Ақмола облысының уездік қалаларының даму тарихы. Қазіргі таңда осыншама ұлаң-ғайыр Еуразия даласын мекендеген жергілікті тайпаларда көшпелі өмір салты мен қатар тұрақты қалалық мекендердің болғанын көптеген археологиялық ескерткіштердің мысалында барша әлемге дәлелдеп отырмыз. Бұл орайда тәуелсіз Қазақстанның тұнғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: "Қазақстан жерінің байырғы кезеңінде де, қазақ ұлтының төл этногенезі төбе көрсете бастағаннан бергі кезеңінде де қалалық жүйесі дамыған елді-мекендердің болуы біржақты байлам жасауды көтермейді. Оның үстіне, тұтас алқаптарды қамтыған отырықшылықтың сан ғасырлық дәстүрі бар екені белгілі" деп жазады [1,14 б.].

Тарих дегеніміз тек өткеніміз ғана емес, ол біздің қазіргі таңдағы өткеніміз бен болашағымыз [2, 338 б.]. Нақыл сөздің ұстасы халқымыз "кешегісіз бүгінгі жоқ, бүгінгісіз ертеңгі жоқ" демекші әрбір саналы азамат, ең алдымен өзінің туған жерінің төл тарихын жақсы білуі кажет. Өйткені бұл білімсіз толық, саналы азамат болмайды, тек осы білім ғана, қарапайым адам бойында азаматтық қасиеттерді тәрбиелейді, қалыптастырады [3, 5 б.].

Кез келген өркениетті кемелденген мемлекет өз тарихын қастерлейді, оны ұрпақтардың санасына енгізуге жағдай жасайды, өйткені тарих халықтың мыңжылдап жинаған тәжірибесі, баға жетпес асыл қазынасы. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу кезеңінде оның жаңа талапқа сай тарихы болуы шарт, алайда халқымыздың өткен тарихы Ресейдің империялық тарихнамасының ықпалымен, кейін коммунистік идеологияның қағидаларына сәйкес өңі өзгеріп, мүлдем теріс бағаланып келді. Қазір еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап отандық тарихшылар еліміздің өткен тарихын ұлттық көзқарас тұрғысынан зерделеп, ақтаңдақтар орнын толтыруда.

Алғашында патша үкіметінің Қазақстан жеріндегі әскери бекіністері ретінде салынған Ақмола облысының уездік қалалары уақыт өте келе, өлкеге метрополиядан капиталдың енгізілуі нәтижесінде және жергілікті өнеркәсіп орындарының дамуы арқасында, тек солтүстік өлкеде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан денгейінде маңызды саяси-әкімшілік орталықтарға айналады. Әрқашанда қоғам дамуының нәтижесі мен көрсеткіші болған қалалардың пайда болу үрдісі әлемдік тәжірибеде біркелкі жүрген жоқ. Еуропа қалалары шаруалар мен қолөнершілердің сауда-саттық мақсатында шонжарлар бекіністерінің жанына қоныстануы нәтижесінде пайда болады. Ал Қазақстанның оңтүстік қалаларының көпшілігі көне сауда жолдарында пайда болса [4, 10 б.], Ақмола облысының уездік қалалары патша әскерінің құрлықтық отарлауы үшін әскери тірек бекіністер ретінде салынды. XIX ғасырдың екінші жартысынан бүкіл Қазақстан аумағында маңызды саяси-әкімшілік орталықтарға айналған солтүстік қалалар тарихын сараптап зерттеу, қазіргі кезде Президенттің қалалардың сапалы өсуін жедел қарқынмен жүргізу саясатына байланысты кезек күттірмес мәселелердің бірі болып табылады.

XIX ғасыр жалпы қазақ тарихындағы іргелі өзгерістер кезеңі, қарапайым көшпелі қазақтың ғасырлар бойы жүргізген шаруашылық түрін жаңа заман талабына сай және капиталистік жүйенің талабына байланысты өзгеріске ұшыратқан уақыты. Сондықтан қазіргі кезде қалалардың әлеуметтік-мәдени және саяси-экономикалық дамуын жоспарлауда, олардың өткен тарихын зерделеп, тиімді де пайдалы белестерін назарға алған жөн.

ТАРИХНАМАСЫ МЕН ДЕРЕКТІК НЕГІЗІ

XIX ғасырдың екінші жартысы Қазақстан үшін айтарлықтай ірі шаруашылық, әлеуметтік және мәдени дамумен ерекшеленеді, олар Ресейлік капиталистік қатынастардың жергілікті экономикаға белсенді түрде енуінен туындады. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ өмірінде ірі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алғандықтан, бұл кезеңді Қазақстан тарихындағы ерекше өтпелі кезең ретінде қарастыруға болады. Бұл кезең дәстүрлі қазақ қоғамына мәдени және шаруашылық өзгерістер әкелгендіктен көптеген тарихшылар тарапынан "Зар-заман дәуірі" деп те пайымдалады [5, 15 б.]. Ал осы уақытта Қазақстанның Ресеймен жан-жақты қарым-қатынасының басты көпірі болған солтүстік қалалардың даму тарихын қамтыған еңбектер қомақты болмаса да, зерттеушілер тарапынан жан-жақты қарастырылған, олар көбіне нақты қалаларға қатысты жазылмағанымен, сол қалалардың қала болып қалыптасуына әсер еткен өлкенің әлеуметтік-мәдени және саяси-экономикалық дамуының өзіндік ерекшеліктерін сипаттайды. Қазақстанның солтүстік қалаларының XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы даму тарихы жекелеп зерттелгенімен, қарастырылып отырған уақытта Ақмола облысының құрамына енген солтүстік қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бір тұрғыдан арнайы тақырып ретінде өзара байланыстырылып сараптала қарастырылмаған.

Солтүстік өлкенің, соның ішінде Ақмола облысының уездік қалаларының әлеуметтік-экономикалық және саяси-әкімшілік дамуына қатысты еңбектер мен зерттеулерді хронологиялық шеңберіне сай қазан төңкерісіне дейінгі және қазіргі заманғы деп екіге бөліп қарастыруға болады. Мұнда қазан төңкерісіне дейінгі топта кәсіби зерттеушілердің, әскери қызметкерлердің және жергілікті жерді зерттеуге арналған экспедициялардың жетекшілерінің еңбектерін қарастырамыз. Қазіргі заманғыға кеңестік дәуір және тәуелсіз Қазақстан зерттеушілерінің еңбектерін жатқызамыз. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектер Қазақстанның солтүстік өлкесіне ресми іс-сапармен келген орыс зерттеушілері мен әскери мақсатта мағлұмат жинақтаған әскери мамандар мен әскери шенеуніктерге және Ресейдің орталық аудандарынан демократиялық идеяларды таратқаны үшін жер аударылған ақиқатқа жақын көзқарасты ұстанған азаматтарға жатады [6]. Осы орайда қазан төңкерісіне дейінгі өлкені зерттеушілерді еңбектерінің мазмұнына қарай ресми және демократиялық деп екі топқа бөліп қарастыруға болады, алғашқысына империялық-европоцентристік көзқарасты ұстанған зерттеушілер жатады, өкінішке орай зерттеушілердің көпшілігі мемлекет қызметкерлері болғандықтан жергілікті "бұратана" халықтардың тарихын, мәдениетін империалистік көзқарас тұрғысынан қарастырды, ал кейінгісіне гуманистік-азаматтық идеяларды пір тұтқан XIX ғасырдың алпысыншы жылдарында өріс алған халықтық-демократиялық бағыттың сенімді өкілдерін жатқызуға болады.

Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеушілердің еңбектері отаршылдық көзқараста жазылғанына қарамастан өлкенің даму көрсеткіші болған қалалардың әлеуметтік-мәдени және саяси-экономикалық дамуына байланысты құнды еңбектері қазіргі тәуелсіз Қазақстанның зерттеушілері үшін негізгі дерек көздері болып табылады. XIX ғасырға дейін Қазақстанды зерттеуші орыс ғалымдарының еңбектері сипаты жағынан үстірт әрі тұрақсыз болды. Ал XIX ғасырдың ортасынан география мен этнографияның дамуына байланысты орыс шығыстану мектебі қалыптаса бастайды. Ендігі кезде қазақ даласы тұрақты әрі жоспарлы түрде зерттеле басталды. Зерттеушілер қатары әртүрлі категориялардан: саяхатшылардан, көпестерден, шенеуніктерден, әскерилерден, білгір-өлкетанушылардан, жергілікті әкімшілік өкілдерінен және саяси жер аударылған адамдардан тұрды. ИОГҚ БСБ негізгі қызметі жергілікті өлкенің тарихын, географиясын және қоғамын зерттеуге бағытталды. ИОГҚ БСБ "Запискаларының" беттерінде негізінен статистикалық мазмұндағы мәліметтерді И.Я.Словцов, А.К.Гейнс, Н.И.Красовский сияқты орыс әскери зерттеушілері жариялап тұрды.

Жекелеген зерттеушілердің еңбектерімен қатар бүкіл өлкенің саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени тарихына қатысты мәселелерді қамтыған "Россия" (Киргизский край. Т.18. 1903) жинағы маңызды дерек көзі болып табылады. Бұл жинақты құрастыруға көптеген қазақ зерттеушілері ат салысты, олар өздерінің зерттеулері мен бақылауларын орыс ғалымдарына беріп тұрды, мәселен Ш.Ш.Уәлихановтың туысқаны М.Шорманұлы Г.Н.Потанинмен достық қарым-қатынаста болып, оған қазақтың салт-дәстүрі мен шаруашылығы жөнінде көптеген мәліметтер өткізіп тұрған. Осы жинақты құрастыруда ресми авторлар қатарына енген заманына сай білім алып қазақтың біртуар азаматы болған А.Бөкейхановтың орны ерекше. Сонымен қатар бұл жинақты құрастыруға Т.Седельников сияқты қазақ өлкесін зерттеуге машықтанған мамандар өз үлестерін қосты.

И.Я.Словцовтың "Материалы по истории и статистике Омска" деген еңбегінің құндылығы ол өзінің еңбегін жазу барысында қазіргі уақытқа дейін сақталмаған Ақмола облысы мен Батыс Сібірдің бас басқармасы мұрағаттарының құжаттарын және омбылық өлкетанушы П.А.Золотовтың қолжазбалық жұмыстарын пайдаланған. И.Я.Словцов Көкшетау уезіне жасаған экспедициясы нәтижесінде жергілікті халықтың тұрмысы, материалдық-рухани мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері жөнінде құнды мағлұмат жинақтады, осы сапарының барысында Көкшетауда ұйымдастырылған ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, ондағы қазақтардың зергерлік және ұсталық бұйымдарына жоғары баға берген: "Күміс қапталып жасалған ұсталық бұйымдар безендірілуімен және сәнділігімен ерекшелінді, ал балталарының, жүгендерінің, ертоқымдарының, пышақтарының және зөңгілерінің сапасы біздегі Ресейдегі бұйымдардан төмен емес" [7, 51 б.]. Жаздың үш айының ішінде жазылған И.Я.Словцовтың 152 беттен тұратын еңбегінде көптеген маңызды ғылыми мәліметтер жинақталған, бұл еңбегіне қоса зерттеуші Көкшетау қаласының маңынан әйел адамның тастан жасалған төрт үлкен мүсінін тауып, оны көптеген жергілікті өлкеде жиналған экспонаттармен бірге Омбыдағы ИОГҚ БСБ мұражайына сыйлаған. И.Я. Словцов Батыс Сібір қалалары дамуының өзіндік ерекшеліктеріне анықтама бере келіп, Омбы қаласының тарихын төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1. Омбы бекінісі (1716-1804 жж.); 2. Уездік қала ретіндегі Омбы (1804-1822 жж.); 3. Облыс орталығы ретіндегі Омбы (1822-1838 жж.); 4. Тобыл губерниясының аймақтық қаласы ретіндегі Омбы (1838-1869 жж.), мұнымен қатар зерттеуші қаланың әр кезеңдегі әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына, дәлірек айтсақ қала тұрғындарының әлеуметтік құрамына, азиялық мектептер қызметіне, әскери казак училищесіне және жалпы қаланың қоғамдық өміріне анықтама береді. И.Я.Словцовтың "Материалы по истории и статистике Омска" деген еңбегінің бірінші тарауы Омбы қаласы тұрғындарының экономикалық және әлеуметтік құрамына арналған. Онда зерттеуші қала тұрғындарын әлеуметтік және шаруашылық сипатына байланысты үш топқа бөліп қарастырған: 1) Өзіндік табысы бар және өзінің мұқтаждығын қамтамасыз ететін тұрғындар; 2) Басқа адамдардың табысына күн көретін тұрғындар, оларға көбінесе балалар, қариялар және т.б. 3) Ресми табыс көздері көрсетілмеген тұрғындар жатады, оларға өздерінің күнкөріс қаражаттарын көрсетпеген адамдар да жатқызылды [8, 1 б.]. Мұнда зерттеуші статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, Омбы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын Петербургпен және Берлинмен салыстырып қарастырады.

И.Я.Словцовтың еңбектері жүйелік принциптері тұрғысынан жазылғандықтан сол кездегі Омбы қаласының тарихын зерттеуде өте құнды болып табылады. Сонымен И.Я.Словцовтың еңбектерін талдай келгенде, оның қалаларды қоғам дамуының жетістігі ретінде қарастырғанын көреміз.

Қалалардағы өнеркәсіптік орындар мен қалалар маңында салынған зауыт-фабрикалардың өсіп-өркендеуі мен жергілікті халықтың егіншілікпен айналысуы жөнінде М.И.Красовскийдің еңбектері маңызды болып табылады. Н.И.Красовский (1834-1892) 29 жыл әскери қызметі ішінде дивизия штабының бастығынан (40-жаяу, 7-кавалериялық, 36-жаяу) 42 Якутск жаяу полкі мен Шығыс-Сібір атқыштар бригадасының командиріне дейінгі қызметтерді атқарды. М.И.Красовскийдің 1859-1861 жылдар аралығында Бас штабтың Императорлық академиясының геодезиялық бөлімінің курстарын тыңдады. Бас штабта қызмет атқарған жылдарында Сібір қазақтарының өміріне қатысты үш томдық еңбек жазып шығарды. Орыс-түрік соғысы жылдарында 1877 жылы М.И.Красовский ауыр жарақат алып, 1884 жылы генерал-майор шенінде әскери қызметтен босатылады. Ауыр науқастан кейін 1892 жылдың желтоқсанында М.И.Красовский қайтыс болады. Ол қазақ халқының әлеуметтік қатынастарын терең зерттеп, қала тұрғындарына анықтама бере келе байғұстардың жатақтардан да кедей мүлдем басқа адамдар екенін түсіндіріп: "Олар қала көшелерінде, әсіресе базарларда қайыр-садақа сұрап ұрлықпен айналысып кезіп жүреді" деп жазған [9, 17 б.]. "Область Сибирских киргизов" деген еңбегінде зерттеуші өлкедегі басқаруды азаматтық және әскери деп екіге бөліп қарастырады және әрқайсының құрылымдарының қызметіне анықтама береді. Аймақтардың Көкшетау, Ақмола және Атбасар деп аталуларын, олардың орналасқан жерлерімен байланысты деп дұрыс түсіндіреді [9, 158 б.]. Зерттеуші сонымен қатар қазақ жеріндегі зауыт-фабрикалардың дамуы жөнінде және тау-кен өндірісінің өркендеуі жайында сөз қозғап, кен орындарында жұмысқа жалданған қазақтардың ахуалы жөнінде: "Қырғыз (қазақ-М.У.) жұмысшылары өздерінің ауыр еңбектері үшін жалақыны орыс жұмысшыларына қарағанда екі-үш есе кем алады" деп, сол кездегі жұмысқа жалданған қазақтардың жағдайын дәл суреттеген, мұндай кедейленген қазақтар зерттеушінің пайымдауынша негізінен жатақтардан тұрған, олар өздерінің қоныстарын зауыт-фабрикалардың дәл жанына орналыстыратын, ал кейін мал сатып алуға жететіндей жеткілікті қаржы жинағаннан кейін қайтадан өзінің дәстүрлі көшпелі өмір салтына оралатын болған. М.И.Красовский қазақ жеріндегі егіншіліктің ерекшеліктерін түсіндіре келіп, солтүстік өңірде XIX ғасырдың екінші жартысында егіншілікпен негізінен жатақтар айналысты және олар өздерінің мұқтаждығын қамтамасыз ету үшін тары, арпа сияқты дақылдар екті деген мәлімет келтіреді. Шынында да зерттеуші атап өткендей алғашында егіншілікпен қазақ даласында кедейленген қазақтар айналысса, кейін уақыт өте келе егіншілікпен сауда мақсатын көздеп ауқатты қазақтар да айналыса бастады.

Омбы әкімшілігінің шенеунігі И.Завалишиннің қызмет бабындағы сапарының барысында және зерттеушілік ізденістерінің нәтижесінде Қазақстанның солтүстік қалаларына қатысты, ондағы табиғи пайдалы қазбаларға байланысты және қазақ жерінде әскери бекіністердің салынуының маңыздылығын түсіндіретін қомақты еңбегі жарық көреді. Мұнда зерттеуші қалалардың экономикалық дамуын, тұрғындардың санын, тұрғын үйлерді және қоғамдық құрылыстарды суреттей келе Ақмола облысының уездік қаласы Көкшетау жөнінде: "Көкшетау аймақтық приказдың орталығы орналасқан Қопа көлінің жанында салынған қала. Көкшетауда бір шіркеу, 300 үй және жалпы 1263 тұрғындар тұрады. Қалада сонымен қатар саудамен айналысушы саудагерлер де тұрады. Көкшетау қаласындағы құрылыстардың сапасы басқа қалалардан әлденеше жоғары, өйткені мұнда құрылысқа жарамды ағаш өте көп. Қалаға жазғы уақытта Омбыдан, Тобылдан және басқа да ішкі аймақтардан көптеген адамдар дем алуға және қымыз ішіп емделуге келеді" деп жазады [10, 136 б.]. Сонымен қатар И.Завалишин солтүстік өлкедегі жәрмеңкелерді Ресейдің ішкі аймақтарында әрекет ететін жәрмеңкелермен салыстырып, олардың айналымының Ресейдегіден үлкен болғанына назар аударып: "Батыс Сібір XIX ғасырдың ортасында жәрмеңкелер мен сауда орындарына өте бай, бұл жағынан ол Ресейдің ішкі губернияларынан да алда тұр. Аталған өлкеде 2 116 158 тұрғынға 118 жәрмеңке әрекет етеді" деп жазады [10, 69 б.]. Сонымен И.Завалишин Петропавлдағы кедендік бекеттердің нақты деректеріне сүйене отырып, Ресейдегі зауыт-фабрикалар өздерінің қажеттіліктерін негізінен қазақ даласынан жиналған шикізат көзімен қамтамасыз етеді деген қорытынды жасайды.

Г.О.Колмогоровтың "О промышленности и торговле в Киргизских степях Сибирского ведомства" деген еңбегінен қалалардағы жәрмеңкелердің айналымының көлемі жөнінде нақты мәлімет алуға болады, онда зерттеуші сауда қатынастары айырбас түрде жүргендіктен барлық тауардың құны қазақтың бір жылдық қойы - "секпен" бағаланды деп жазады. Сонымен қатар ол қазақтар көп жағдайда зауыттық-фабрикалық тауарлардың нақты ақшалай құнын білмегендіктен орыс саудагерлеріне айтарлықтай желініп қалып отырғандарына назар аударады, мұнда қазақтар үшін ақша эквиваленті рөлін атқарған сек орыстың бір күміс сомына тең болған [11, 3 б.]. Г.О. Колмогоровтың мәліметі бойынша 410 грамм шай бір сек тұрған, 2 кг. қант 3 сек тұрған, ал аңшылық құстар 100 сектен жоғары тұрған, зерттеушінің осы мәліметтерінен-ақ қазақтардың осындай сауданың барысында қаншалықты желінгенін көзге елестетуге болады, егер де олар 2 кг. қантты 3 қойға айырбастап алатын болса. Осындай сауданың нәтижесінде көптеген Ресейдің мануфактуралық тауарларын сатумен айналысқан саудагерлер мен алыпсатарлар табын – табын мал жинап аздаған уақыттың ішінде байып шығатын. Зерттеуші сонымен қатар қазақтардың арасында ағаш ұсталарының, зергерлердің, тігіншілердің көп болғанына назар аударып олардың қатарын негізінен малдан айрылған қазақтар құрады деген қорытындыға келеді [11,4 б.].

XIX ғасырдағы қоғамдық өмірдің белгілі қайраткері Т.Седельников қазақ даласындағы жер қатынастарын зерттеумен қатар өлкеде қоныстанған тұрғындардың барлығының тұрмысына, шаруашылық жүргізу ерекшеліктеріне анықтама беред

Көптеген ғалымдар соның ішінде А.К.Гейнс те, қалалардың алғашқы қазақ тұрғындарын кедейленген көшпелілермен байланыстырған, ол қазақ даласында жатақтардың мұншама көбеюіне өкінішпен қарап: "Дәстүрлі шаруашылық түрін жүргізіп үйренген қазақ малынан айрылғанда, оның шаңырағында адам айтқысыз жоқшылық, ең ашшы әділетсіздік туындайды" [13, 186 б.] деп жаза келе олардың жұмысқа жалдануының қаншалықты қиын болғанын түсіндіріп былай жазады: "Олардың едәуір кедейлерінің әйелдері мен қыздары бір үзім нан табу мақсатында көше кезіп кір жуу, жеміс-жидек суару сияқты жұмыстарға жалданып жүреді" [13, 186 б.].

Ал солтүстік қалаларда орын алған сауда қатынастарына зерттеуші мынандай сипаттама береді: "Қырғыздар (қазақтар-У.М.) Ресейдің жәрмеңкелерінде өтпеген барлық сапасы төмен мануфактуралық тауарларды алады. Ал бұл тауарлар қырғыз (қазақ-У.М.) сауда орындарында малға айырбасталып тиімді пайда әкеледі" [14, 350 б.]. А.К.Гейнстің еңбектерінде Қазақстанның солтүстік қалаларындағы өнеркәсіптің, сауданың жағдайы жөнінде және жергілікті халықтың рухани, материалдық мәдениеті жөнінде аса құнды мәліметтер сақталған, оның зерттеулерінің құндылығы, зерттеуші өз жазбаларын қазақ даласына саяхатының барысында нақты мысалдарға сүйене отырып жазған немесе сол замандағы ақсақалдардың, беделді қазақ сұлтандарының мәліметтеріне сүйенген: "Көкшетау аймағында Уәлиханов ішкі өнеркәсіп пен сауданың дамуы жөнінде толық мағлұмат берді. Атбасарда ешқандай мағлұмат жинай алмадым, ал Ақмолада шамалы ғана мағлұмат жинадым" [13, 323-338 бб.].

В.В.Радловтың XIX ғасырдың 60 жылдарында қазақ даласына шеккен сапарының нәтижесінде 1884 жылы Лейпцигте "Из Сибири" деген еңбегі жарық көреді, мұнда шығыстанушы-ғалым қазақ халқына байланысты өзіне дейін қалыптасқан тұжырымдарды теріске шығарады, атап айтқанда қазақ тарихының Геродоты атанған А.И.Левшиннің [15] берген анықтамасын қайта қарастыра келіп, патшалы Ресейдің қазақ жеріндегі жүргізіп жатқан әкімшілік саяси реформалары жөнінде былай жазады: "Көшпелі халықтардың әлеуметтік құрылымы өзгеше, сондықтан да олардың құқықтық қатынастары отырықшы халықтан өзгеше болу керек. Олардың алдағы дамуы өз бетімен заңды түрде жүруі тиіс. Ал тек қана теорияға негізделіп сырттан енгізілген тәртіп, олардың заңды дамуына кедергі болады" [16, 345 б.]. Зерттеуші қазақтың әдет- ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеп, олардың неліктен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтарын талдай отырып, оны жергілікті табиғи жағдайдың ерекшеліктерінен деп дұрыс түсіндіреді.

П.П.Румянцев қазақ халқының дәстүрлі әлеуметтік құрылымына XIX ғасырдың 60 жылдары қабылданған саяси-экономикалық реформалар орасан зор нұқсан келтірді деп тұжырымдайды және өлкедегі орын алған өзгерістерді капиталистік қатынастардың тереңдеп енуімен түсіндіреді. XIX ғасырдың аяғындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарды терең зерттеп, оған мүліктік теңсіздік пен көшпенділердің жаппай кедейленуі сияқты қасиеттер тән болғанын анықтайды. Мүліктік теңсіздіктің өсуі нәтижесінде көптеген көшпелі қазақтар кедейленіп қала тұрғындарының санын толықтыра түседі. Сонымен қатар ол қазақ өлкесіндегі қалалар мен қоныстар тұрғындарының әлеуметтік құрамын зерттеп, қазақ сауда буржуазиясының қалыптасуын бай қазақтар қосымша табыс табу мақсатында егіншілікпен айналысты деп түсіндіреді [17, 45 б.]. Сонымен ауқатты қазақтар алғашында бидайды өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін егетін болса, енді олар егістік алқаптарын кеңейтіп орыс шаруаларымен қатар астықты қалаларда сатып, қосымша ақшалай табыс түсіретін болды. П.П.Румянцев Петропавл, Омбы және Көкшетау уездеріндегі қазақ байларының құрамын талдап, оларды қазақ қоғамындағы жаңа байлар деп атайды. Сонымен қатар зерттеуші Петропавл уезіндегі қазақ шаруашылықтарын зерттеп, олардың 50 пайызының егіншілікпен айналысатынын анықтап, олардың шаруашылық сипатына кешенді (егіншілік пен мал шаруашылығы) деген баға береді [18, 80 б.].

Қазақ даласындағы экономикалық жағдайды жан-жақты зерттеп, ондағы орын алған құбылыстарды осы саладағы ірі маман ретінде талдай отырып, Л.К.Чермак бұл құбылыстарды қазақ өміріндегі прогресивті үрдіс деп бағалайды, шынында да капиталистік қатынастар ерте ме кеш пе, қазақ шаруашылығына өз әсерін тигізер еді, бірақ дәл осы қарастырылып отырған уақытта жергілікті халықтың өмір салтының ерекшеліктері ескерілмек түгел, олар өз ата-бабасының жерінде әлемдік мәдениеттен жұрдай жабайы, жат халық деп танылды [19]. К.О.Валь қазақтардың экономикалық дамуының ерекшеліктерін зерттей отырып, қазақ шаруашылықтарының бірте-бірте капиталистік қатынастар жүйесіне ене бастағанын анықтайды. Зерттеушінің мәліметтері бойынша XIX ғасырдың аяғында көптеген қазақ шаруашылықтарының ақшалай табысы жалпы табыстың 48 пайызын құраған [20, 55 б.]. К.О.Валь қалалардағы сауданың маңызы зор болғанына тоқталып жергілікті мал шаруашылығы өнімдерінің алыс және жақын шетелге жөнелтілгенін атап өтеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып зерттеуші Н.Коншин өзінің зерттеулерінде XIX ғасырдың аяғында қазақтардың отырықшылыққа көшуін жайылым жерлерінің тарылуынан деп орынды үйғарымға келеді. Зерттеуші жатақтар санының өсуінің негізгі себебі қазақтардың малдарынан айрылуы деп түсіндіреді. Н.Коншин өзінің еңбектерінде қазақтардың, орыс шаруаларының және казактардың егіншілікпен айналысуының өзіндік ерекшеліктерін түсіндіруге тырысады, ол казак сословиесіне өткен шаруалар туралы былай жазады: "Отанында астық егуге үйренген бұл жаңа казактар жаңа табиғи жағдайларда егіншілік егу әдістерін меңгеріп, жақсы нәтижеге қол жеткізді" [21, 31 б.]. Н.Коншин XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік үрдістердің куәгері ретінде, біртіндеп рулық қатынастардың әлсіреуне назар аударады: "Осыдан 50 жыл бұрын рулық топтар, ауылдар қоныс аударатын, енді олар негізінен жалғыздан қоныс аударады" [22, 155 б.].

Қалаларда сатылған малдың саны жөнінде және қазақ даласындағы мал шаруашылығының жағдайы мәселесінде XIX ғасырдың аяғында Қазақстан жеріне арнайы жіберілген патша әкімшілігінің шенеулігі Г.В.Кравцовтың мәліметтері құнды болып табылады. Зерттеушінің мәліметтеріне сүйенсек, 1873 жылы Константиновскідегі жәрмеңкеде түмендік саудагер Кривоносовтың сенімді адамы 600 ірі қара мен 2 мың қой сатып алған, мұнда ол әрбір қойды 2 сом 25 тиыннан, ал ірі қараны ірілігіне байланысты 31 сом 50 тиынға немесе 33 сомға сатып алған [23, 155-156 бб.]. Солтүстік қалалар жәрмеңкелеріне мал және мал шаруашылығы өнімдерін сатып алу мақсатында Қорған, Самара сияқты қалалардан ірі кәсіпкерлер келетін болды.

А.А.Кауфман өзінің "Переселение и колонизация" деген еңбегінде қоныс аудару саясатына байланысты көптеген нақты статистикалық фактілерден тұратын мағлұмат береді, әсіресе қонысаударушылардың Ақмола облысына қоныстануы жөнінде көптеген мәліметтер кездеседі: "Оралды асып өткен қонысаударушылардың бір бөлігі Ақмола облысына өте бастады, мұнда қонысаударушылар қырғыздардан (қазақтардан-М.У.) жерді жалға алған болып далалық өлкеге қоныстана бастады, олар мұнда Тобыл губерниясына шекаралас Петропавлдың және қонысаударушылар үшін эльдорадолардың бірі болып саналған Көкшетау уезінің орталық бөлігінің ең жақсы жерлерін иеленді. 80-жылдар бойы жергілікті әкімшілік қоныс аударуға теріс қарағанымен оған тойтарыс бере алмады" [24, 33 бб.]. Сонымен қатар зерттеуші қазақ жеріндегі казактар мен орыс шаруаларынан тұратын тұрғындардың жаңа қауымы жөнінде былай дейді: "Бұл әлі қалыптасып болмаған, құрамы мен көлемі жағынан алуан түрлі қауымдық топтар" [25, 29-30 бб.]. Зерттеуші жергілікті қалалар тұрғындарының әлеуметтік құрамына анықтама береді. А.А.Кауфман қоныс аудару саясатының жақтаушысы болғандықтан, патша үкіметінің қазақ өлкесіндегі жер қатынастарының отарлық сипатта жүргізілуін ақтап, тіпті бүкіл қоныс аудару үрдісін жергілікті көшпелі халықтың есебінен жүргізуді ұсынады [26, 131 б.].

Қазақстанның Далалық өлкесін зерттеуге арналған экспедицияның жетекшісі В.К.Кузнецов қазақтардың отырықшылдыққа көшуі және қазақтардың қалаларда әрекет еткен өнеркәсіп орындарына жұмысқа жалданғандығы жөнінде мәлімдей келе қазақтардың тұрақты үйлері жөнінде былай деп жазады: "Енді қырғыздың (қазақтың-М.У.) үйі қоршаумен қоршалған төртбұрыш ретінде салынған. Оның үстін талмен немесе қамыспен жауып шөп төсейді. Мұндай үйлер бір немесе одан да көп бөлмеден тұрады". Осындай отырықшылдық өмір салтына бейімделген қазақтардың ауқаттылары қалаларда сауда-саттық жүргізумен айналысты, ал кедейлері әр түрлі қара жұмыстарға жалданып Орта Азиядан бет алған керуендердің тауарларын темір жол торабында орналасқан Петропавл мен Омбы қалаларына тасымалдаумен айналысты деп жазады зерттеуші [27, 29 б.].

В.А.Остафьевтің еңбегінде отаршылдық саясаттың нәтижесінде жергілікті қазақтардың кедейленуі мен олардың амалсыздан қалаларға қоныстануы жөнінде мол мағлұмат берілген. Зерттеуші қазақтар түп-тамырымен жүдеп қайыршылық жағдайда қалды, кезінде сан жетпейтін табын-табын малдарынан түк қалған жоқ, ал көз жетпейтін шексіз жайылымдарын жергілікті әкімшілік тартып алды деп жазды. Осының салдарынан кедейленген қазақтар егіншілікпен айналысу үшін келімсек халықтар мен казактардың жерлерін жалға алатын болды. Бірақ В.А.Остафьев отаршылдық саясаттың туын көтергендіктен жергілікті қазақтардың осыншама қиын жағдайға душар болуын империялық саясаттың салдарынан емес, ол жергілікті халықтың жерді рулық-қауымдық меншікте ұстауынан деп түсіндіреді. Дегенмен зерттеушінің еңбектерінде жергілікті халықтың жерлерінің келімсек халыққа алып берілуі және осының салдарынан қазақтардың толық экономикалық және рухани дағдарысқа ұшырағандығы анық та түсінікті жазылған. Қазақтардың жерінен айрылу мәселесі жөнінде В.А.Остафьев былай жазады: "Отаршылдықтың дамуымен көптеген қырғыздар (қазақтар-У.М.) өз жерлерінен айрылды, ал басқа жерлер оларға берілмеді. Қалалар маңында жұмыс табу және сауда-саттық жүргізу мақсатында көптеген қырғыздар (қазақтар-У.М.) шоғырланды. Олардың көптігі соншама, жергілікті қала әкімшілігі оларды есепке алу үшін әртүрлі болыстарға тіркеп отырды" [28, 38-39 бб.].

Г.Н.Путинцев өзінің Сібір казак әскерлерінің тарихына арналған еңбегінде солтүстік өлкеге, соның ішінде қалаларға қоныстанған казактардың құрамы, әлеуметтік ұйымдасуы және қоғамдағы орны жөнінде көптеген мәліметтер жинақтаған. Ол солтүстік қалалардың салыну тарихына және олардың империя үшін стратегиялық маңызды міндеттерді орындайтынына тоқталып, олардың алғашқы тұрғындары жөнінде былай жазады: "Жаңа орындарға әртүрлі шаруашылық қажеттіліктер үшін аңшыларды, Сібір қалаларының жалдамалы жұмысшыларын және қызметтен босатылған драгундар мен казактарды қоныстандыру керек. Әрбір бекініске 50 адамнан, ал редуттерге 20 адамнан" [29, 7 б.]. Зерттеуші қазақ өлкесіндегі казактардың құрамын талдай отырып, олардың құрамын полиэтникалық деп анықтайды, өйткені өлкеде қалыптасып жатқан казак сословиесіне қалмақтар мен жоңғарлардан тұрған қазақ құлдары да тіркелген, ал 1825 жылдан аталған сословиенің табиғи өсімін қамтамасыз ету үшін оларға заңды түрде қазақтардан әйел сатып алуға, айырбастауға немесе алып қашуға рұқсат берілді. Бұл жөнінде зерттеуші: "Көптеген қалмақтар мен жоңғарлар тамақ үшін, киім үшін өз балаларымен бірге сатылды. Ал казак офицерлері қызметші ретінде сатып алынған балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін казак сословиесіне тіркелді" деп жазады [29, 74 б.]. Бұл жөнінде әлі диссертацияның негізгі бөлімінде тиянақты айтылатын болады.

Журналист А.Л.Трегубов өзінің "По новым местам" деген еңбегінде Ақмола облысындағы қоныс аударушылардың жергілікті қазақтармен қарым-қатынасы және қалалардағы сауданың дамуы жөнінде мол мәлімет беріп оған мынандай баға береді: "Қоныс аударушылар қырғыздармен (қазақтармен-У.М.) өте тату тұрады. Мен қоныс аударушылардың қырғыздарға (қазақтарға-У.М.) шағымданғанын көрген жоқпын. Ал қырғыздармен (қазақтармен-У.М.) қоныс аударушылар арасында таралған тамырлық деп аталатын ағайындық байланыстар, олардың тату өмір сүргендіктерінің куәсі болады. Қырғыздар (қазақтар-У.М.) өздерінің қонақжайлығымен ерекшеленеді, тек қана олардың дәстүрлерін сыйлау қажет" [30, 44 б.]. Осындай тамырлық жағдайында қазақтар мен орыс шаруалары өздеріне қажетті заттарды, ешбір делдалсыз өздері айырбастап алатын.

А.Н.Тетерников орыс саудагерлері мен қазақтар арасындағы саудада сапасы төмен мануфактуралық тауарларды айырбасқа түсірген орыс саудагерлері үлкен байлыққа кеңелді деп жазады. Ол қазақ даласынан шығарылатын тауарлар негізінен мал шаруашылығы өнімдері екенін атап, орыс саудагерлерінің әкелетін тауарларының басым бөлігін төменгі сортты мануфактуралық тауарлар құрайды деп жазады [31, 8 б.].

Тарихшы, географ және статистик К.Арсеньев өзінің "Статистический очерк России" деген еңбегінде солтүстік қалалардағы сауда қатынастары және қалалардың жалпы өлкенің өміріне әсері жөнінде көптеген мәліметтер бар. Өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші болған қалалар рөлін К.И.Арсеньев былайша белгілейді: "Қала – Орта Азиямен сауда жүргізетін және қырғыз даласынан ірі қара мал мен қойларды сатып алатын негізгі орталық. Мал саудасы – Петропавл гүлденуінің түп тамыры" [32, 15 б.]. Ақмола облысының уездік қалаларының экономикалық өмірінде мал мен малшаруашылығы өнімдері басты орында тұрғанымен қалалардың экономикалық маңызын арттыруға үлес қосқан өнеркәсіп сияқты басқа да салалар жақсы дамыды.

Қазіргі заманғы, дәлірек айтсақ 1917 жылдан 2005 жылға дейінгі тарихнамада зерттеліп отырған тақырып бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапты.

Қазақтың іргелі тарихшылары С.Асфендияров пен Е.Бекмахановтың еңбектерінде зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты көптеген көкейкесті мәселелер қарастырылған. С.Асфендияров өзінің зерттеулерінде XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамы сауда-саттықтың, тауарлы егіншіліктің және жергілікті өнеркәсіптің даму арқасында біртіндеп капиталистік қатынастар жүйесіне тартыла бастады деп түсіндіреді [33].

Е.Бекмаханов алғашқылардың бірі болып жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланған капиталистік қатынастармен шырмалып сауда-саттықпен айналысушы жаңа үлгідегі қазақ байлары мен жайылымдар тарылуының әсерінен малынан айрылған қара жұмыстарға жалданушы кедейленген қазақтар отходниктерге анықтама береді. Қазақтардың орыс саудагерлерімен жүргізген сауда қатынастарын жан-жақты талдай отырып: "Даламен сауда жасау орыс саудагерлеріне аса көп пайда әкелді. Олар мұнда өтпейтін тауарларды әкелумен қатар осы арқылы үлкен табыс тапты" деп тұжырымдайды Е.Бекмаханов [14, 350 б.]. Е.Бекмаханов XIX ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік–экономикалық тарихын жазу барысында Добромыслов, Красовский, Колмогоров, Гейнс және Мейер сияқты танымал орыс зерттеушілерінің еңбектерін пайдаланған.

Р.М.Кабоның "Города Западной Сибири" деген іргелі еңбегінде қалалардағы сауда-саттықтың дамуы және қалалар арқылы өткен импорт пен экспорттың көлемі жөнінде статистикалық мәліметтер жинақталған. Зерттеушінің мәліметтеріне сүйенсек, XIX ғасырдың ортасында Қазақстан қалалары арқылы шығарылған және енгізілген тауардың орташа жылдық көлемі: Петропавлда 1909 мың сом, Омбыда 105 мың сом және Семейде 892 мың сомды құраған [34, 147 б.]. Зерттеуші қалалардың өлкенің маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси-әкімшілік орталықтарға айналуын суреттей келе қалалар өнеркәсіптік капиталдың емес, сауда капиталының арқасында өлкедегі экономикалық үстемдікке қол жеткізді деп түсіндіреді [34, 201 б.].

С.А.Сүндетовтың зерттеулерінде солтүстік өлкеге капиталистік қатынастардың енуі мен орнығуына жан-жақты талдау жасалады. Зерттеуші өлкеде капиталистік қатынастардың орнығуын орыс шаруаларының қоныс аударумен және ауылдағы натуралды шаруашылықтың ыдыраумен түсіндірді. Қазақстанда ауылшаруашылығы капитализмінің генезисін зерттеген С.А.Сүндетов өлкенің экономикалық артта қалуының салдарынан Қазақстанда біртұтас ұлттық нарық қалыптаспады деп жазады. Ол жылжымалы айырбас сауда нәтижесінде көптеген қазақтардың малдарының саны айтарлықтай кеміді, өйткені қазақтар тауарлардың нақты нарықтық құнын білмегендіктен бірнеше есе желініп тең емес сауда жүргізуге мәжбүр болды дейді. Көптеген саудагерлер қалаларда орналасқан тұрақты сауда орындарынан қазақтарға әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды қарызға беріп, кейін оны ондаған, жүздеген мал басымен қайтарып алатын. Зерттеушінің еңбектерінде қазақ саудагерлерінің шетелдік кәсіпорындармен сауда-экономикалық байланыстары жөнінде қызықты мәліметтер берілген, бірақ С.А.Сүндетовтың еңбегі кеңестік дәуірде жазылғандықтан көптеген экономикалық үрдістер тап күресі тұрғысынан қарастырылған [35].

Ц.Л.Фридман өз зерттеулерінде қазақ даласына капиталистік қатынастардың енуін тау-кен өндірісінің дамуымен байланысты деп түсіндірді [36]. Зерттеуші Қазақстандағы тау-кен өндірісін сырттан келген капиталдың әсерінен өсіп-өркендеді, ал оны қоршаған қазақ шаруашылықтары өз бетімен артта қалып дамыды деп тұжырымдайды. Ц.Л.Фридман арнайы түрде Қазақстандағы шетелдік инвестициялық капиталдың мақсатын, пайдасын және жергілікті экономикаға тигізген зиянын зерттеген. Өйткені ол өзіне тиімді, айтарлықтай көп табыс әкелетін өндіріс саласын дамытып, жергілікті өндірісті тежеді. XIX ғасырдың аяғында Қазақстанға енгізілген шетелдік капиталдың үлес салмағы Ресейдегіден де жоғары болып 1917 жылға қарай шетелдік акционерлік қоғамдардың жалпы номиналдық табысы 100 млн. сом құрады деген мәліметтер келтіреді. Зерттеуші сол кездегі ірі акционерлік қоғамдардың құжаттарын талдап, кәсіпкерлер үлкен көлемдегі несиелер алу мақсатында өздерінің негізгі табыстарын жасырып отырды деген қорытындыға келеді. Ц.Л.Фридманның Қазақстан шикізат көзі болды деген тұжырымы ойға қонымды келеді, ал шетелдік инвестицияларды осыншама айыптауы еңбектің кенестік дәуірде жарыққа шығуымен түсіндіріледі. Ол өз еңбектерінде алғаш рет жергілікті банктердің, соның ішінде қалалық қоғамдық банктердің қызметіне талдау жасап, банктік несиелеу жүйесін сипаттады. XIX ғасырдың аяғынан мұндай банктердің несиелерін қазақ саудагерлері де ала бастады.

Зерттеуші Е.Федоров солтүстік қалалардың сауда орындарында сатылған тауарлар айналымына талдау жасап, ауылшаруашылығы өндірісінің дамуы біртіндеп сауда көлеміне әсер еткенін анықтайды. Оның мәліметтері бойынша 1882 жылы Ақмола облысындағы жәрмеңкелердің айналымы 6,6 млн. сомды, 1892 жылы 10,1 млн. сомды, ал 1900 жылы онда айналымы 18,5 млн. сомды құраған 60 жәрмеңке әрекет еткен [37, 64 б.]. Зерттеуші сонымен қатар қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарды зерттеп, патша үкіметі қазақтардың бір адамдарға бағынып бірігіп кетуінен сескеніп, қазақ қоғамында беделді саналған ру аристократиясы мен сұлтандардың ықпалын қандайда жолмен әлсіретуге тырысты деп жазады. Өйткені қарапайым халық алдында аристократиялық топтың беделі әлі күнге дейін жоғары болды деп түсіндіреді [38, 63 б.].

Б.Сүлейменов 1963 жылы жарық көрген еңбегінде патшы үкіметінің қазақ жеріндегі аграрлық саясатына талдау жасап, қоныс аударуды капиталистік қатынастардың қазақ өміріне тереңдеп енуіне әсер еткен бір де-бір прогрессивті құбылыс болды деп түсіндіреді. Зерттеуші XIX ғасырдың 60 жылдары қабылданған ережелерге сай құрылған әкімшілік ауылдар мен шаруашылық ауылдарды өзара салыстырып қарастырады және XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ қоғамында егіншілік пен мал шаруашылығын саудамен ұштастырған және жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланған мейлінше нарыққа бейімделген кулактар пайда болды дейді [39, 72-74 бб.]. Ол өз зерттеулерінде қазақ саудагерлерінің саны ресми құжаттарда тіркелген сандардан әлдеқайда жоғары болды, өйткені салық инспекторларының тізімінде негізінен қалаларда тұрған саудагерлер тіркелетін, ал ауылдарда әрекет еткен көптеген саудагерлер ешбір тізімге тіркелмей өз саудасын жүргізе берді деп түсіндіреді. Б.Сүлейменов қазақ саудагерлері саудамен жүйесіз, қолға ілінген затты сатумен емес, маманданған саудамен айналысқанын айта келе, оны нақты деректермен дәлелдейді және қазақ буржуазиясы жөнінде жаза келе, байлар капиталистік қатынастары жақсы дамыған жерлерде, әсіресе қалаларда кәсіпкерлікпен көп айналысты деп тұжырымдайды.

Өлкенің демографиялық дамуы Н.В.Алексеенконың [40] зерттеулерінде көрініс тапты, ал қалалардың жан-жақты даму тарихы Е.Н.Турицынаның [41], П.П.Вибенің, А.Дубицкийдің, П.С.Беланның және Е.Н.Евсеев пен М.А.Плетневаның еңбектерінде зерттелді.

А.Н.Нүсіпбеков өз зерттеулерінде өлкедегі сауда-саттық, тауар-ақша қатынастарын, саудагерлер мен алыпсатарлар қызметін және жалпы ұлттық нарықтың қалыптасуын талдап, осы үрдістердің дамуының арқасында жергілікті өлкеде қазақ буржуазиялық ұлты қалыптасты деген қорытынды жасайды [42, 63-181 бб.]. Мұндай саудамен айналысушы жаңа үлгідегі қазақ байлары негізінен уезд орталықтарында тұрған және қалаларда өздерінің кеңселері мен тұрақты сауда орындарын орналыстырды. Зерттеуші қазақ қоғамында капиталистік қатынастардың орын алғанын нақты мысалдарға сүйене отырып дәлелдеуге тырысады, өйткені кеңестік дәуірде қазақ қоғамы капитализмді бастан өткізбей феодалдық өмір салтынан бірден социалистік құрылысқа өтті деген тұжырымдар орын алған. Сондықтан кеңестік дәуірде нарық толқынымен шырмалған қазақ буржуазиялық тобы көптеген зерттеушілердің еңбектерінде "кулак тәрізді байлар" немесе "жаңа үлгідегі байлар" деп сипатталды. А.Н.Нүсіпбеков 1897 жылы қазақ даласында 40 мың адам саудамен айналысты деген мәлімет келтіреді және олардың қатарында таза саудагерлермен қатар мал шаруашылығы мен егіншіліктен тұрған кешенді шаруашылық түрін жүргізген қазақ байларының болғаны жөнінде мәлімдейді. 1912 жылы Көкшетау уезіндегі орта есеппен алғанда 500 мың мүйізді ірі қарасы бар 70 байдың 56 саудамен айналысқан.

Ж.Қ.Қасымбаевтің "Города Восточного Казахстана", "История Акмолы..." (Н.Ж.Агубаевпен бірге), "История города Акмолы" деген еңбектерінде мол мұрағаттық құжаттар негізінде қалалардың қалыптасуы, өлкедегі маңызды әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық орталықтарға айналуы, қалалардағы сауда-саттықпен жергілікті өнеркәсіптің дамуы мен мәдени-ағарту ұйымдарының қызметіне талдау жасалған. Зерттеушінің Ақмоланың 1917 жылға дейінгі даму тарихына арналған еңбегінде басты көңіл қалалардағы сауда-саттықтың дамуына бөлінген, мұнда зерттеуші қала тұрғындарының санының өсуін және жалпы қалалардың ұлғайюын тікелей ішкі сауданың дамуымен байланыстырады. Ол Ақмола қаласының жәрмеңкелерінде сатылған мал мен фабрикалық-зауыттық бұйымдардың көлемін анықтап, соған байланысты жәрмеңкелердің айналымының жылдан-жылға артып отыруын анықтаған. Ақмолада Петропавлдағы сияқты кеден бекеттері орналаспағандықтан ортаазиялық саудагерлер өз керуендерін осы қалаға әкеп жайғастырған. Ал жергілікті қазақтар болса өздерінің түйелерімен осы саудагерлерге тасымалдаушы ретінде жалданатын. Қалалардағы сауда-саттық жағдайын бейнелеумен қатар зерттеуші қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің қызметіне де анықтама береді, онда қалалық думаға сайланған депутаттар мен қалалық думаның қала өмірін жақсарту жолында жасаған қадамдары мен қабылдаған қаулылары жөнінде мағлұмат жинақталған [43].

Зерттеуші К.К.Абуев "Көкшетау. Исторические очерки" атты еңбегінде мол мұрағат құжаттары мен бірқатар басылым көрген деректер негізінде Көкшетаудың пайда болуынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихына талдау жасап, қала тарихына байланысты көптеген мәселелердің мәнін ашады. К.К.Абуевтің еңбегінде Көкшетау аймағының ашылуы мен тарихына қатысты адамдардың қызметі жан-жақты талқыланады. Зерттеуші патша үкіметінің қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясатының нәтижесінде, дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырап көптеген жергілікті қазақтар отырықшылыққа көшуге мәжбүр болды және астық тұқымының тапшылығынан көптеген қазақ шаруалары жатақтар санын ұлғайта түсті деген қорытындыға келеді. Қазақ шаруашылықтары егіншілікке ешбір дайындықсыз көшкендіктен, олар қауым мүшелерімен бірігіп мал шаруашылығын ұштастыра жүргізді. Кедейленген қазақтар өздерінің едәуір ауқатты туыстарының немесе казак офицерлерінің егістік алқаптарында еңбек етіп күнкөріс жасады деп тұжырымдайды зерттеуші. XX ғасырдың басына қарай Көкшетау уезінде егіншілікпен барлық қазақ шаруашылықтарының 22, 3 пайызы айналысқан [44, 57 б.]. Қ.Қ.Абуев өз зерттеулерінде Көкшетаудың экономикалық дамуын қаладағы сауда-саттықтың дамуы мен жергілікті өнеркәсіптің дамуы арқылы қарастырады. Сауда барысында жергілікті қазақтар орыс саудагерлерінен сапасы төмен мануфактуралық тауарларды нақты құнын білмегендіктен бірнеше есе қымбатқа сатып алды, жергілікті зауыт-фабрикалар болса негізінен шикізат көзін өндірумен шектелді, ал кен орындары жергілікті халықтың жұмыс күшін пайдаланып өлкенің пайдалы қазбаларын тонаушылық мақсатта игерумен айналысты деген қорытынды жасайды [44, 65 б.].

А.П.Толочко мен И.Коноваловтың "Городское самоуправление в Омске в дореволюционный период" деген еңбегінде қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің құрылымы алғаш рет жан – жақты талқыланған. Бұл еңбекте зерттеушілер 1870 жылғы және 1892 жылғы Қалалық ережелерге анықтама бере келе, 1870 жылғы Қалалық ережені азаматтық бостандықтардың кеңеюіне жол берген демократиялық, ал 1892 жылғы Қалалық ережені азаматтық бостандықтарды барынша шектеген реакциялық әрекетке толы деп түсіндіреді. 1870 жылғы Қалалық ереже бойынша қалалық думалар қала табысын негізінен қалалардың өсіп-өркендеуі үшін қажетті салаларға жұмсайтын болса, 1892 жылғы қалалық ережеге сай қала табысының айтарлықтай көп бөлігі орталық биліктің мүддесін қорғаған арнайы полиция бөлімдері мен бақылау органдарын қаржыландыруға жұмсалатын болды. Сібір темір жолының салынуымен Омбы қаласының экономикасы артып сауда өнеркәсіп кәсіпорындарының саны өсіп, олардан жиналатын салықтың көлемі ұлғайып жалпы қалалық табыстың бірнеше есе өсуіне әкелді, бірақ қала бюджетінің өсуі қалалық думалар қызметін жеңілдетпеді, өйткені қала өмірін жақсарту үшін қажетті қаражат көлемі жылдан-жылға өсе түсті деп қорытындылай келе зерттеушілер мынандай тұжырымға келеді: "Қоғамның қалалық өзін-өзі басқару жүйесін реформалау әрекеттері сәтсіз аяқталды, өйткені ол үшін бүкіл Ресейдің әлеуметтік-саяси жүйесін терең реформалау керек болды, ал ондай реформа патшалық самодержавие жағдайында мүмкін емес еді" [45, 73 б.].

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен патша үкіметінің өлкеде жүргізген саяси-әкімшілік реформалары шығысқазақстандық зерттеуші Ғ.Қарасаевтің зерттеу объектісіне айналып отыр. Зерттеуші өлкедегі қалаларды сауда-саттық жүргізетін негізгі орындар деп атап, қалаларды өлкенің экономикалық дамуының және капиталистік қатынастарға шырмалуының негізгі көрсеткіші деп бейнелейді. Алғашында қазақ даласында кең тараған айырбас саудасының, кейін уақыт өте капиталистік қатынастардың дамуымен және өлкедегі қалалар маңызының артуымен біртіндеп ақша қатынастарымен алмастырылғанын түсіндіріп, көшпелі қазақ даласы мен Ресейдің ішкі аймақтарын байланыстырушы көпір рөлін атқарған Қазақстанның солтүстік қалаларын былайша бағалайды: "XIX ғасырдың соңынан бастап даламен саудада Омбы қаласының маңызы арта түсті. Осы кезден бастап сауданың жергілікті сипаты жойылып, Омбы сауда фирмалары бүкіл далалық өлкені қамти бастады. Омбы арқылы Ресейдің еуропалық бөлігімен, шетелдермен байланыс жасалды. Омбыдағы өздерінің сауда ықпалдарын күшейтуге Москва мануфактурашылары, Чикаго, Копенгаген іскерлері асықты. Ақмола облыстық басқармасының анықтауы бойынша 1899 жылы Омбыда жылдық айналымы 3 млн. сомды құрайтын 500 сауда орындары болды" [46, 20 б.]. Сонымен Ғ.Қарасаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты зерттеп, капиталистік қатынастардың Қазақстан үшін прогрессивті рөл атқарғанына тоқталады: "Қазақ қоғамы біртіндеп капиталистік қатынастар жүйесіне ене бастады. Қазақ және орыс халықтарының арасында өзара тығыз экономикалық, әлеуметтік тағы да басқа байланыстар орнатылды. Нәтижесінде жергілікті халықтың шаруашылық белсенділігі артып, қоғамдық өмірі мен күнделікті тұрмысында онды өзгерістер пайда болды" [46, 22 б.]

Зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты бірқатар кандидаттық диссертациялар қорғалған. Мұрағаттық құжаттарға негізделіп жазылған К.М.Туманшиннің диссертациялық жұмысында Петропавл қаласының салынуы, қазақтардың жайылымдарының тарылуы, отходниктер санының өсуі және сауданың қала тұрғындарының әлеуметтік құрамына әсері жөнінде мәліметтер берілген. Мұнда зерттеуші қалалардың салынуының нәтижесінде жайылымдар қысқарып, көптеген қазақтар қалаларға қоныстанып отходниктер санының өсуіне әсер етті деген қорытындыға келеді [47].

И.А.Коноваловтың диссертациялық жұмысында Омбының XIX ғасырдан XX ғасырдың басына дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жан-жақты зерттелген, мұнда зерттеуші негізінен Омбы облысының мемлекеттік мұрағатының құжаттарын пайдалана отырып қала тұрғындарының әлеуметтік құрамына, қалалардағы сауда кәсіпорындарының қызметіне, өнеркәсіп орындарының дамуына, шаруашылық жағдайына және қаланың архитектуралық келбетіне талдау жасайды. Зерттеуші өз еңбегінде Омбы қаласының жергілікті сауда буржуазиясы негізінен фабрикалық-зауыттық заттарды қымбатқа сату арқасында байып, алыпсатарлықпен ғана шектелді деп түсіндіреді. Омбы саудагерлерінің ішінде өздерінің капиталын мұрагерлікке қалдыра алатын ірі саудагерлер әулеті болған жоқ деген қорытынды жасайды [48, 17 б.].

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Солтүстік Қазақстанның, соның ішінде солтүстік қалалардың өнеркәсіптік дамуы И.В.Антонованың диссертациялық жұмысында жүйелі түрде қарастырылған, онда зерттеуші солтүстік Қазақстанның өнеркәсіптік даму деңгейінің жоғарылауына шаруалардың қоныс аударуы және қала тұрғындары санының өсуі нәтижесінде орын алған тұтыну нарығының өсуі сияқты оң факторлар әсер етті деп жазады. Сонымен қатар зерттеуші өлкедегі өнеркәсіптік дамуды тежеген машина жасайтын орындар мен қатынас жолдарының болмауы сияқты теріс факторларды да атап өтеді. Зерттеуші қалалардағы малшаруашылығы шикізатын өндіруге талдау жасап, оның жабдықталу жағдайына назар аударады [49].

Г.Н.Ксенжик "Историческая география Северного Казахстана во второй половине XIX–начале XXвв." деген диссертациялық жұмысында Қазақстанның Солтүстік қалаларын өзара байланыстыратын пошта – телеграф жолдарының жағдайына талдау жасайды [50]. Г.А.Алпыспаеваның диссертациялық жұмысында Ақмола қаласының пайда болуынан бастап, 1914 жылға дейінгі әлеуметтік-мәдени даму мәселелері қарастырылған [51], ал Б.О.Медетовтың диссертациялық жұмысында Көкшетау қаласының даму тарихы, оның уезімен байланыстырылып зерттеледі [52]. Жалпы Қазақстан тарихында, соның шіінде солтүстік өлке тарихында ерекше орны бар Омбы қаласының саяси, шаруашылық және мәдени даму тарихы А.Б.Таскужина [53] мен Г.М.Рахимованың диссертациялық жұмыстарында жан-жақты қарастырылған [54].

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы солтүстік өлкедегі жәрмеңкелердің жағдайы, соның ішінде өлкенің негізгі экономикалық орталықтары болған Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау және Атбасар қалаларындағы қалалық жәрмеңкелердің дамуы А.Т.Бексейтованың диссертациялық жұмысында зерттелген [55]. Ал қарастырылып отырған уақыттағы патша үкіметінің қоныс аудару саясатының нәтижесіндегі Солтүстік Қазақстанның демографиялық жағдайының өзгеруі С.И.Ибраевтің диссертациялық жұмысында қарастырылған [56].



Бірақ бұл диссертациялық еңбектер нақты бір қалалардың тарихына арналғандықтан, олардың өркендеуі жалпы өлке дамуының көрсеткіші ретінде қарастырылмайды. Мәселен, берілген диссертациялық жұмыстардың шеңбері белгілі бір қалалардың мәселесімен шектелгендіктен, Ақмола облысының уездік қалаларының жалпы қазақ-орыс сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынастарында алған орны мен маңызы зерттеу шеңберінен тыс қалған. И.В.Коновалов пен И.В.Антонованың диссертациялық жұмыстарында қалалардағы өнеркәсіп пен сауда-саттыққа қатысты мәселелер жан-жақты талқыланады. Ал менің зерттеу жұмысымда Ақмола облысының уездік қалаларының саяси-экономикалық және мәдени дамулары өзара салыстырмалы қарастырылып, әрқайсысының даму ерекшеліктері талданып зерделенеді. Қалалардың экономикалық дамуының өлшемі болған өнеркәсіп орындарының жағдайы өлкенің мәдени өмірімен байланыстырылып тұжырымды қорытындылар жасалады. Зерттеу жұмыста қазіргі таңдағы Қазақстанның солтүстік қалаларына қатысты туындайтын барлық саяси-экономикалық және мәдени мәселелерге, атап айтқанда, қалалардың пайда болып қалыптасу тарихы, қалалардың капиталистік қатынастармен шырмалу мәселесі, ұлттық сауда және өнеркәсіп буржуазиясының пайда болуы, қалалардағы ұлттық интеллигенцияның қызметі, қалалардың көпұлтты тұрғындар құрамының қалыптасу тарихы және қалалардағы қоғамдық-саяси мен мәдени құбылыстарға ғылыми негізделген тарихи-обьективті тұжырымдар жасалып қорытындылар беріледі.
Каталог: Книги
Книги -> Таќырып: Деректану пјні
Книги -> Кәсіби өсудің жоғАРҒы мектебі
Книги -> Оразбек Нұсқабаев
Книги -> Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы.
Книги -> Қазақстан республикасы
Книги -> Н. ТҰЯҚ баев т к. Арыстанов б. ӘБішев жалпы геология курсы
Книги -> А. Ж. Сейтембетова
Книги -> С. П. Наумов омыртқалылар зоологиясы
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Бағдарламасы (силлабус) Пән : Педагогика тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет