Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.68 Mb.
бет2/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Деректік негіз мұрағаттық құжаттар мен жарияланылған жазбаша тарихи деректерден тұрады. Оларды деректану пәнінің қағидаларын негізге ала отырып біздің пікіріміз бойынша, шартты түрде жеті топқа бөліп қарастыруға болады:

Бірінші топқа орталық биліктің жергілікті өлкеге, қалаларға қатысты заң шығарушылық құжаттары мен қаулыларын жатқызамыз. Бұл топқа Ақмола облысының уездік қалаларының әскери бекіністер мен Ресей үкіметінің жергілікті жердегі сыртқы аймақтары ретінде пайда болуына байланысты жоғарғы биліктің көптеген қаулылары, жарғылары және бұйрықтары кіреді. Сонымен қатар аталған топқа патша үкіметінің қазақ жеріндегі отаршылдық саясатты одан сайын тереңдету мақсатында қабылдаған әкімшілік-территориялық заңдары мен ережелері жатады. Мәселен, Ақмола, Көкшетау және Атбасар қалалары 1824 жылғы “Сібір қырғыздары жөніндегі жарғыға” байланысты патшалы Ресейдің қазақ даласындағы сыртқы аймақтары ретінде ашылған; “1867-1868 жылдардағы Уақытша ережеге...“ байланысты 1868 жылдың соңында Орынбор, Сібір қырғыздары мен Жетісу облыстары жабылып, олардың орнына Ақмола, Торғай, және Орал облыстары құрылады. Осы “Ережеге” сай Ақмола облысының құрамына бес уезд енді: Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау және Атбасар уездері. Ал 1882 жылғы “Қаулыға” сәйкес Ақмола, Семей және Торғай облыстарын қамтыған Батыс Сібір генерал- губернаторлығы жабылып, оның орнына Дала генерал-губернаторлығы құрылады. Кейін 1891 жылы тарихта “Далалық ереже” деп аталып кеткен “Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу облыстарын басқару жөніндегі ереже” қабылданады. Ақмола облысы жалпы қазақ өлкесінің құрамдас бөлігі болғандықтан патшалы Ресейдің қазақ өлкесіне қатысты барлық әкімшілік-территориялық және нормативтік-құқықтық ережелері облыс пен қалалардың саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына айтарлықтай әсер етті.

Екінші топта мемлекеттік және жергілікті органдардың қалаларға қатысты құжаттары топтастырылды. Бұл топқа тікелей қалаларға және олардың саяси, әкімшілік, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын айқындаған факторларға қатысты қабылданған құжаттарды жатқызамыз. Мәселен, мемлекеттік биліктің калалық өзін-өзі басқаруға қатысты қабылдаған 1870 жылғы және 1892 жылғы “Қалалық ережелері” сияқты қалалық өмірдің жан-жақты дамуын анықтаған ресми мемлекеттік құжаттар кіреді. Аталған ережелерді талдау арқылы XIX ғасырдың 70-ші жылдары мен 90-шы жылдарындағы қоғамдағы өзгерістерді анықтауға болады.

Үшінші топқа шаруашылық, өнеркәсіп, банк және қаражат мекемелерінің құжаттары. Бұл топқа жергілікті жерде әрекет еткен кен орындарының, зауыт-фабрикалардың, банктердің және қаржылық ұйымдардың құжаттары кіреді. Мәселен, өлкеде жұмыс атқарған кен орындары мен зауыт-фабрикалардың есептерін талдау арқылы, олардың өнім өндіру деңгейлері мен айналымдары жөнінде және онда еңбек еткен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайлары мен еңбек ақылары жайында көптеген құнды мәліметтер алуға болады.

Төртінші топта статистикалық есептер, шолулар мен құжаттар жинағы сияқты жарияланған материалдар есепке алынды. Оған: Қазақстан Республикасының Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапханасы мен Омбы, Петропавл және Көкшетау қалалары кітапханаларының сирек кездесетін және құнды әдебиеттер бөлімінде жинақталған кеден бекеттерінің есептері мен әртүрлі статистикалық мәліметтерді жинақтаған құжаттар кіреді. Ақмола облысының әр жылғы шолуларын өзара салыстырып талдау арқылы қалалардағы өнеркәсіп пен сауда орындарының қызметін анықтауға болады, өйткені шолуларда әрбір экономикалық ауыткудың себеп-салдары қарастырылып түсіндірмелер беріледі.

Бесінші топқа жүйелі түрде шығып тұтатын кезеңнің мәселесін көтерген мерзімді баспасөз материалдары кірді. Бұл топқа "Вопросы колонизации", "Сибирские вопросы" сияқты жалпыресейлік жүйелі түрде жарық көріп тұрған басылымдар мен жергілікті "Степной край", "Киргизская степная газета" сияқты баспасөз құралдарының беттерінде жарияланған материалдар жатады. Осы топқа қазақтың сан ғасырлық тарихын таразылап зерделейтін қазіргі заманғы ғылыми және қоғамдық-саяси басылымдарды жатқызамыз. Мерзімді баспасөз беттерінде нақты қалалар жөнінде зерттеулер берілмегенімен, онда қалалардың айқындалып прогрессивті дамуын бейнелеген саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторлар жан-жақты талқыланып зерттелінеді. Қарастырылып отырылған кезеңде жарияланылған мерзімдік баспасөз беттеріндегі материалдар сол уақыт жайлы нақты мәліметтер береді.

Алтыншы топқа анықтамалық энциклопедиялар мен өлке мен қалалар тарихына қатысты барлық анықтамалық әдебиеттер енді. Осы топқа көптеген құжаттар мен зерттеулердің басын біріктірген Қазақстанның саяси, мәдени және экономикалық тарихына байланысты жарық көрген, "Материалы по киргизскому землепользованию..." Т. 1, 2, 3, 11, 12 (1898-1908), "Киргизское хозяйство в Акмолинской области" (1910), "Материалы по истории политического строя Казахстана (1960)", "Казахско-русские отношения (1964)" сияқты ғылыми-энциклопедиялық жинақтар мен Брокгауз-Ефронның "Энциклопедический словарь" деп аталатын сөздігі және "Омский историко-краеведческий словарь" сөздіктері жатады.

Жетінші топта мұрағат құжаттары топтастырылды. Олар: Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының құжаттары (69 қ. Акмола облыстық басқармасы; 393 қ. Ақмола облыстық статкомитеті; 409 қ. Ақмола қалалық басқармасы; 394 қ. Халықтың салауатты өмірін қамтамасыз ететін Акмола облыстық комитеті; 338 қ. Омбы облыстық басқармасы; 345 қ. Сібір қырғыздарының облыстық басқармасы; 374 қ. Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасы), Мұнда ҚР ОММ 369 қорының 1 тізбесіндегі 4681 істі үшінші тараудың бірінші тараушасын жазуда пайдаландық. Бұл құжатты талдау арқылы Ақмола облысының уездік қалалары тұрғындарының көпұлтты құрамының қалай қалыптасқанын түсіндіруге болады. Алынған мәліметтерді пайдаланып, Қазақстандағы еврейлер тарихын, әсіресе, олардың қалаларға қандай жағдайларда қоныстанғанын көрсетуге болады. Ал ҚР ОММ 345 қорының 1 тізбесінің 1588 және 1601 істері үшінші тараудың Ақмола облысының уездік қалаларының әлеуметтік – мәдени дамуының жалпы аймақтың мәдени дамуына тигізген әсері деп аталатын екінші тараушасында, атап айтқанда "Қазақ тұрғындарының арасында ислам дінін таратқаны үшін Мұхаммедшәріп Мансуровтың үстінен қозғалған іс" пен "Көкшетау молласы Хабибуллинді діни лауазымынан айыру туралы істерді" ресми биліктің жергілікті жерде жүргізген діни саясатының мәнін ашып көрсетуде пайдаландық.

Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатының (ГАОО) құжаттары (3 қ. Главное управление Западной Сибири; 2 қ. Канцелярия Сибирского генерал-губернатора; 1 қ. Военно-походная канцелярия главного командира Сибирского корпуса; 366 қ. Личный фонд Г.Е.Катанаева) пайдаланылды. Осы мұрағаттың 3 қорының тоғызыншы тізбесінде "О вредном влиянии на киргизское население духовных лиц из татар" деген іс (Іс 15406) сақталған, бұл істің негізгі ерекшелігі оның барлық құжаттары құпия деген белгімен белгіленген. Аталған іс Ақмола облысының әскери губернаторы генерал-майор Цитовичтің Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Н.Г.Казнаковқа есептерінен тұрады. Онда алғашында қазақтар арасында ислам дінін таратумен айналысқан татар моллаларына жергілікті қазақтар арасында діни қызметпен айналысуға шектеу көрсету жөнінде мәлімденеді. Мұндай құпия деген белгімен белгіленген мұрағат құжаттарын талдау арқылы патша үкіметінің жергілікті жердегі діни саясатының мән-мағынасы әшкереленеді. Сонымен қатар Г.Е.Катанаевтің жеке қорында (366 қ.) қазақтардың казактармен экономикалық және мәдени қарым-қатынасы жөнінде көптеген құнды мәліметтер келтіріледі.


1 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ САЯСИ - ӘКІМШІЛІК ОРТАЛЫҚТАРҒА АЙНАЛУЫ

1.1 Патша үкіметінің қазақ жеріндегі әскери бекіністері ретінде салынған Ақмола облысының уездік қалаларының қалыптасу тарихы
Қазақстанның солтүстік қалаларының пайда болуының тарихи алғышарттары Қазақ хандығының Ресей бодандығын мойындаған кезінде қалыптасады. Алғашында әскери - саяси қамқоршылықты көрсетуге міндеттенген Ресей үкіметі кейін, Қазақстанға қатысты отарлық саясаттың негіздерін қолданады. Империялық саясатты көздеген Ресей үкіметі Қазақстан жерін Орта Азияға тереңдеп өтудің кепілі ретінде қарастырды [57, 16 б.], сондықтан қазақ жерін жоңғарлардан қорғаймыз деген желеумен отаршылдар жергілікті өлкеде әскери бекіністер, форпосттар, редуттер, маяктар тұрғыза бастады. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы Қазақстан тарихында "Зар-заман" [58, 204 б.] немесе "өтпелі кезең" деп түсіндіріледі. Бұл әскери бекіністер алғашында патша үкіметінің қазақ жеріндегі отаршылдық саясатының негізінде салынғанына қарамастан кейін уақыт өте бүкіл қазақ даласының әлеуметтік-экономикалық, саяси-әкімшілік және мәдени өмірінің негізгі орталықтарына айналды.

Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі негізінен негативті келеңсіз құбылыстарға толы болғанымен, онда қазақ ұлттық сауда және өнеркәсіп буржуазиясының қалыптасу үрдістері сияқты өзіндік оң жетістіктерді байқауға болады. Ал Қазақстанның солтүстік қалалары тек осы қазақ қоғамында пайда болған жаңа әлеуметтік категориялардың шоғырланған жері ғана емес, ол сонымен қатар бүкіл өлкенің капиталистік қатынастармен шырмалып экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші қызметін атқарды. Біздің зерттеу жұмысымызда Қазақстанның солтүстік қалалары деп отырғанымыз ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ақмола облысының құрамына енген бес уездің әкімшілік орталығы қызметін атқарған Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау және Атбасар қалалары [58, 180 б.]. Бұл қалалардың пайда болып қалыптасу тарихы өзара ұқсас болып келеді.

Зерттеу жұмысында қарастырылып отырырылған бес уездік қалалардың ішіндегі ең ерте пайда болғаны Омбы қаласы С.У. Ремезовтың 1701 жылғы "Чертежная книгасында" Ом өзенінің сағасы былай көрсетілген: "Қалмақ даласы... қайтадан қала болып тұрғызылуға жарамды" [60, 191 б.]. Бұл ой І Петрдің билік ету жылдарында іске асырылды. Ұзаққа созылған соғыстар Ресейдің қазыналық қорын әбден жұқартады. Осының орнын толтыруға тырысқан І Петр бағалы металлдардың жаңа орындарын іздестіру мақсатында Шығысқа, Сібірге әскери экспедициялар жасақтады. Осындай экспедициялардың біреуін І Петрдің 1714 жылдың 22 мамырындағы қаулысына сай подполковник И.Д.Бухгольц басқарады. Мұнда подполковник Ертістің жоғарғы ағысымен жүзіп, бұқар саудагерлерінің айтқан алтыны бар құмды І Петрге жеткізу керек болды. 1715 жылдың шілдесінде Тобыл қаласына жеткен И.Д. Бухгольцтің жасағы қосымша адамдармен толығып 32 жеңіл қайықпен және 27 үлкен қайықпен Ертістің жоғарғы ағысына аттанады. Сонымен жаңа жерді жаулап пайда табуды көздеген И.Д.Бухгольц жасағындағы адамдардың жалпы саны 2832 жетеді. Қазан айының басында экспедициялық жасақ Ямышевск көліне жетіп Ертістен 6 шақырым жерде Преснуха өзенінде шағын бекініс салып күннің суытуына байланысты осы жерде қыстап қалады.

Орыс патшасының экспедиция ұйымдастырғанын естіген жоңғар патшасы Цеван-Рабдан И.Д.Бухгольцтің жасағын ығыстыру үшін қалың қолды әскер жібереді. Көп уақыт ұзамай орыс жасағын жоңғар әскерлері жан-жақтан қоршап тұрады, осындай шарасыз жағдайда И.Д.Бухгольцтің жасағы қыстауға мәжбүр болады. Жоңғарлармен қақтығыстардың және тамақтың жетіспеуінен туындаған әртүрлі аурулардың нәтижесінде жауынгерлердің төрттен үші шығынға ұшырайды. Қыстың аяғында жасақтан 700-ге ғана жуық адам тірі қалады. Жоңғарларға қарсы соққы бере алмайтынын түсінген И.Д.Бухгольц көктем басталысымен Ертіспен төмендеп шегінуге мәжбүр болды. Ертіспен төмендеп жүзе отырып Ом өзенінің сағасына келіп тоқтаған И.Д.Бухгольц Тобыл губернаторы М.П.Гагаринге бекініс салуға рұқсат сұрап шабармандар жібереді. М.П.Гагариннің қаулысымен солдаттар мен казактардан тұрған жасақ жабдықталып Ом өзенінің сағасына И.Д.Бухгольцке бекініс тұрғызуға көмекке жіберіледі. Ал 1716 жылдың маусымында Омбы бекінісінің құрылысы басталады [60, 192 б.]. Осыдан Омбы қаласы жылдан-жылға мықты бекініске, кейін әкімшілік орталыққа айналып орыс әскерінің қазақ жеріне одан сайын тереңдеп жылжуына жағдай жасады. Омбы бекінісі алғашында өзара дуалдармен, орлармен байланысқан бес бастионнан тұрды. Оның ішінде шіркеу, комендант үйі, гауптвахта, шекаралық шептің мүгедектері үшін үй және шведтік тұтқындардың шіркеуі орналасты. 1725 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Омбы қаласының тұрғындарының саны 992 адам болса, 1742 жылы 1092 адамды құраған [58, 370 б.]. 1872 жылдан 1882 жылға дейін Омбы қаласы біресе Тобыл губерниясының уездік қаласы, біресе Омбы облысының облыстық қаласы қызметін атқарады. Тек 1882 жылғы Батыс Сібір генерал-губернаторлығы құрылғанда ғана Омбы қаласы оның әкімшілік орталығы деп жарияланды.

ХХ ғасырдың басында Омбы қаласы тұрғындардың саны жағынан бүкіл Сібір қалаларының ішінде үшінші орынды иеленеді. Үйлері негізінен ағаштан салынды, ал тастан салынған үйлер қаланың тек орталық бөлігінде ғана салынды.

И.Я.Словцов өзінің Омбыға қатысты "Экономический и социальный состав населения города Омска" деген еңбегінде Омбы қаласының экономикалық, әлеуметтік дамуын оның тұрғындарының әлеуметтік, экономикалық жағдайын зерттеу арқылы қарастырады. Ол Омбы қаласы тұрғындарын Санкт-Петербург пен Берлин қалаларының тұрғындарымен экономикалық, әлеуметтік жағдайын статистикалық әдіспен зерттеп салыстырмалы талдау арқылы қарастырды.

ХІХ ғасырдың 60 жылдары Омбы қаласында ренессанстық стильдегі жаңа құрылыстар пайда болады. Омбы қаласының зәулім де көркем ғимараттары Мәскеу сарайлық архитектуралық училищесі түлектерінің күш жігерінің арқасында салынды. Олардың қатарына ренессанстық үлгідегі генерал-губернатор сарайының архитекторы Ф.Ф.Вагнер және римдік-католиктік шіркеудің жобасын дайындаған әскери архитектор Г.С.Вершининді жатқызуға болады. Инженер-полковник Г.С.Вершининнің есімімен Омбы қаласының императордың жанұясын қарсы алуға арналған дайындық шаралары да байланысты.

ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары Омбы қаласының ғимараттары жаңа үлгіде салына бастайды, олар негізінен ұлдар мен қыздар гимназияларының жобасын дайындаған көркем академияның түлегі Э.И.Эзеттің есімімен тығыз байланысты. Ал 1890 жылдан бастап Омбының архитектурасында демократиялық нұсқадағы орыс үлгісі басым болды. Жалпы осындай ғимараттардың салынуы Омбының қалалық көркін және оның әкімшілік маңызын ерекше айқындап тұрды. Көп көлемде жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Омбыда әртүрлі әкімшілік ғимараттардың, оқу орындарының және тұрғын үйлердің саны көбейіп жаңа көшелер пайда болады. Омбы көшелерінің атаулары бірнеше топтарға бөлінді. Олар белгілі адамдардың есімдеріне, орналасқан ғимараттар мен мекемелердің атауларына және көршілес қалалардың аттарына байланысты аталатын болды.

1752 жылдың 26 наурызында генерал Киндерман Сенаттың қаулысына байланысты Петропавл бекінісінің құрылысын бастайды: "Сібір жағын қырғыз-қайсақтардың шапқыншылықтарынан дұрыстап қорғау үшін және ол халықты тәуелділікте ұстау үшін Омбы бекінісінен Беклан мекеніне дейін екі алтыбұрышты, тоғыз төртбұрышты бекініс пен 33 редут және 42 маяк салу керек. Ол бекіністерге сондағы әскерлерден тұрған 3642 адамды қоныстандыру керек" [58, 152 б.]. Сенаттың қаулысынан көретініміз патша үкіметі бекіністерді салу арқылы қазақ жерін жаудан қорғауды емес, керісінше жергілікті қазақтарды ығыстырып өздеріне қолайлы басқару тәртібін орнатуды көздеген. Омбыдан Петропавлға дейінгі әскери бекіністер ашшы-тұзды көлдердің бойымен өткендіктен Ашшы (Горькая) шеп деп аталды, бұл шеп қолайсыздау болғанымен ол ең қысқа жол болатын. Өйткені патша үкіметі жоңғарлардың қытайлықтар тарапынан талқандалғанын пайдаланып Ертісті Зайсанға дейін түгел иемдеуге тырысты. Бірақ мұны сезген қытайлықтар Нарым өзенінің бойында бірнеше бекіністер тұрғызады. Қытайлықтармен қақтығыстарға түскен патша үкіметі құрамындағы халықтарды қытайлықтармен араластырмай өз саясатының аясында басқару үшін қазақ даласындағы әскери бекіністердің санын көбейту жөнінде шешім қабылдады. Қасиетті Петр бекінісі Есілдің оң жақ биік жағасында француз инженері Вованның жүйесі бойынша бұрыштарында бастиондар орналасқан дұрыс алтыбұрыш түрінде салынды. Ал бастиондар өзара биіктігі үш метрге жуық ағаш қабырғалармен және арнайы қазылған орлармен қоршалды. Бекіністің ішкі көлемі 2 га жерді алып жатты, ал қабырғаларының ұзындығы 4,3 шақырым астам болды. Бастиондарда зеңбіректер орналасты, бекіністің ішінде қару-жарақ қоймасы, офицерлік үйлер мен казармалар, гимназиялар, шіркеу, атқара және басқа шаруашылық құрылыстар орналасты [57, 18 б.]

Петропавл бекінісінің барлық құрылыстары Омбы мұрағаттарына сүйенсек, Есіл полкінің 930 казагінің қатысуымен жүргізілген. Бірақ бекініс құрылысының тез жүргізілуіне казактардың ешбір төлем ақысыз 12 сағаттық ауыр еңбекке және ерте түскен суық ауа-райына төзе алмай ауруларға шалдығып жұмыстарды тастап бас сауғалап қашуы кедергі болды. Шілденің аяғына дейін құрылыс жұмыстарын 190 адам тастап кеткен [61, 139 п.]. Казактардың осыншама қашуларына қарамастан қыркүйектің аяғына дейін бекініс қабырғалары, 4 батарея, мұнара қақпаларымен, штаб үйі, 10 казармамен 120 жылқыға арналған атқора салынды [62, 525,930 пп.]. Бекіністі қорғау үшін 90 драгун мен солдаттар қалада қыстауға қалдырылды.

Сонымен Петропавл бекінісінің құрылысы 1752 жылы басталып 1753 жылы қайта жалғасады. 1753 жылдың көктемінде бекіністің құрылыс жұмыстарына жаңа күштер жұмылдырылады. Петропавл бекінісі Омбы мен Беклан арасындағы әскери бекіністердің ішіндегі ең ірісі әрі ең маңыздысы болды. Бұл әскери шептің бойындағы бекіністердің құрылысы бірмезгілде бәрінде жүргізілді. 1762 жылы Петропавл бекінісінің маңында Пресновское, Лебяжье, Кладбинское, Становое, Кривоозерное, Бишкульское және Полуденское сияқты бекіністер, редуттер мен маяктар салынды. Осы жылдары барлығы 10 бекініс, 31 редут пен 40 маяк тұрғызылған [63, 2 п.]. Бұл бекіністердің барлығы әскери мақсатты орындау үшін салынды, дәлірек айтқанда патша әскерлерінің одан сайын жылжыуын қамтамасыз еткен плацдарм қызметін атқарды.

Бекіністің құрылыс жұмыстарынан негізінен казактар сословиесіне енгізілген Есіл мен Тобыл уездерінің шаруалары қашатын болды, өйткені олардың негізгі бөлігі бекіністің құрылыс жұмыстарынан гөрі жер шаруашылығымен айналысуға бейімделген еді. Тек қыркүйек айының 20 күнінің ішінде құрылыс жұмыстарын 13 адам тастап кеткен. Сондықтан шаруаларды құрылыс жұмыстарынан босатып драгун горнизоны мен 30 жылқысы бар 51 солдатты қалдыру жөнінде шешім қабылданады [64, 75 п.]. Дегенмен бұл әскери бекіністердің құрылыстары нақты әскери талаптарға сай болмағанымен Ресей мен Қытай арасындағы территориялық мәселелердің Ресей империясының пайдасына шешілуіне өз септігін тигізді. 1881 жылы Петербургте қабылданған трактат бойынша Ресей империясының шекарасы оңтүстік Қытайға дейін кеңее түсті [58, 153 б.].

Сонымен Омбыдан Петропавлға дейін Петропавлдан Зайсанға дейін салынған әртүрлі дәрежедегі бекіністер Ресей империясының шекарасын шығысқа қарай ұзартып, Ресей мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың дамуына айтарлықтай әсер етті.

Петропавл бекінісі 1822 жылғы Сібір қырғыздары (қазақтары-М.У.) жөніндегі жарғыға дейін Ресей үкіметінің қазақ даласымен шекарада орналасқан негізгі әскери шебі болды. Ал Сібір қазақтары жөніндегі жарғыдан кейін Ресей империясының әскери шептері Балқаш көліне дейін созылды. Ал 1868 жылы Ақмола облысы құрылған уақытта Петропавл уездік қала мәртебесіне ие болады. Петропавл қаласы уақыт өте келе темір жолдың тартылуының және қазақ даласы мен отырықшы орыс шаруаларының қоныстарын байланыстырушы объект қызметін атқаруының нәтижесінде Қазақстанның солтүстік өлкесінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан көлемінде маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси-әкімшілік және мәдени орталыққа айналды. Әкімшілік маңызы жағынан Петропавл Омбыдан кейін тұрғанымен экономикалық жағынан, әсіресе сауданың дамуынан жоғарырақ тұрды. Сонымен ХVIII ғасырдың ортасында қасиетті Петр мен Павл бекінісі деп салынған Петропавл қаласы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның солтүстік өлкесінде саяси, экономикалық және мәдени маңызды орталықтарының бірі болды.

1822 жылы М.М.Сперанский мен Г.Батеньковтың дайындаған "Сібір қырғыздары (қазақтары-М.У.) жөніндегі жарғыға" сай Орта жүз территориясында 8 сыртқы аймақ ашылады. Бұл жарғыға байланысты хандық билік жүйесі жойылып, дәстүрлі қазақ қоғамындағы сословиелік жүйе үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазақтарды "бөліп ал да билей бер" саясатымен билеу үшін патша үкіметі ең алдымен қарапайым халық арасында үлкен беделге ие болған ақсүйектердің аристократиялық мүдделерін шектеуге тырысты. Өйткені қарапайым халық әрқашанда сұлтандар мен төрелердің ықпалында болып баскөтерулер мен наразылық толқулары кезінде ұйымдасқан сипатта қарсылық көрсетуі мүмкін еді. Сондықтан 1822 жылғы реформаға сай патша үкіметі "мемлекет ішіндегі мемлекетті", дәлірек айтсақ хандық басқаруды жойып, билеушісіз қалған өлкені отарлық жағдайда басқару үшін жаңа әкімшілік бірліктерді енгізді. Генерал-губернатор П.Капцевичтің қазақ даласына жіберілген отрядтары "Сібір қырғыздары жөніндегі жарғы" қазақтарға көптен күткен тыныштық пен бақыт әкеледі деп түсіндірді. Шынында да жарғының мазмұнында осылай делінгенімен, бірақ бұл реформа қазақ даласында тыныштықтан гөрі толқулар мен бас көтерулер санын көбейтіп жіберді. Бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған Кенесары Қасымұлының да ұлт-азаттық қозғалысы осы реформалардан кейін басталған. "Кенесары Қасымұлы ата-бабамызға тиесілі жерге салынған бекіністерді талқандап өртеп жіберемін", "Қазақтардың ежелгі тәуелсіздігін қалпына келтіремін" деген ұрандармен күрес жүргізді [14, 186 б.].

Көптеген әдебиеттер мен зерттеулерде 1822 жылғы жарғы қазақтар үшін прогрессивті реформа болды деп түсіндіріп келеді, атап айтсақ тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан "Северо-Казахстанская область" деп аталатын кітаптың өзінде бұл жарғыға шамадан тыс прогрессивті баға беріліп қана қоймай, сонымен қатар патша үкіметінің билер сотын шектеуін, сұлтандар мен батырлар маңызының және хандық биліктің жойылуы прогрессивті құбылыстар қатарына жатқызылады [57, 41 б.].

Жаңа басқару жүйесіне сай Сібір Батыс және Шығыс болып екі губернаторлыққа бөлінеді. Батыс губернаторлықтың құрамына Тобыл, Томск губерниялары мен Омбы облысы кірді. Генерал-губернаторлық пен оның құрамына енген Кеңестен құралған Батыс Сібірдің бас басқармасы алғашында Тобылда, кейін 1839 жылдан Омбы қаласында орналасты. Ал Орта жүз қазақтары Омбы облысының құрамына енді. "Сібір қырғыздары жөніндегі жарғыға" сай Омбы облысы Омбы, Петропавл, Семей және Өскемен сияқты ішкі аймақтарға бөлінеді, ал 1824 жылдан бастап сыртқы аймақтар ашылады, олардың сыртқы деп аталу себебі олар казак бекіністері мен пикеттерінің сыртында орналасты [44, 15 б.].

Орта жүз аумағында сыртқы аймақтарды ашу мәселесі 1824 жылдың 25 ақпанында Санкт-Петербургте Сібір комитетінің отырысында қарастырылды. Батыс Сібірдің генерал-губернаторының ұсынысына сай алғашқы екі аймақты Қарқаралы мен Көкшетау жерлерінде ашу көзделді. Сібір комитеті Көкшетау аймағын ашуды подполковник Григоровскийге жүктеді. Көкшетауға ең жақын бекініс Петропавл болғандықтан ақпанның аяғында Григоровский сонда аттанады.

Сібір комитетінің нұсқауына сай Григоровский Петропавлда Көкшетау аймағын ашу үшін қажетті әскери жасақ жасақтады. Генерал-губернаторға есебінде Григоровский жасақтың құрамына кірген адамдардың аймақ ашылған уақытта немен айналысатындығы жөнінде мәлімет береді: "Омбы облыстық басқармасының төрағасы Смоленск драгун полкінің подполковнигі Григоровский жасақты басқарады және Көкшетау приказының ашылу шараларын ұйымдастырып, сонымен қатар, оның ашылғаннан кейінгі жұмыстарын ұйымдастырады. 3-ші шептік казак полкінің әскери старшинасы Лукин әскери жасақ күзетінің бастығы қызметін атқарады. Ол сонымен қатар аймақтық приказда ресейлік заседатель ретінде болады. Генерал-губернатордың ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі коллеждік асессор Путинцев приказда ресейлік заседатель және болыстардағы тәртіп ревизоры болады. Петропавлдық плац-майор капитан Сидеев прокурор және ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік ретінде аймақтағы тәртіптің бақылаушысы ретінде тағайындалады. Жасақ барлығы 300 адамнан тұрады, оның 12 шенеунік, 250 күзет жасағы, 16 зеңбірекші (бір зеңбірек), ат-арбаны жабдықтаушы 15 адам, дәрігер, фельдшер және священник пен молла болды" [44, 19 б.].

Сонымен Григоровскийдің жасағы 8 наурызда Петропавлдан шығып Көкшетау тауларына қарай бағыт алады. Қарлы борандардың салдарынан жол ауыр болып жасақ баяу қозғалып отырып, тек 17 наурызда ғана белгіленген жерге жетеді. Қазақ ақсүйектерінің Григоровский жасағымен кездесу үшін Қызыл-Ағаш деген жерді таңдап алуы кездейсоқтық жағдай болмады. Бұл кезінде Абылайдың хан деп жарияланған жері болғандықтан Ғұбайдолла сұлтан үшін өте маңызды болды. Дәл осы жерде ол аға сұлтан ретінде сайланғысы келген. Ғұбайдолла сұлтан аға сұлтандыққа дейін Орта жүз ханы болып сайланған еді. Алғашында аймақтық приказды ашу 15 сәуірде көзделді, бірақ бірқатар табиғи жағдайларға және кейбір қазақтардың аймақтық приказды ашуға қарсылығына байланысты аймақтың ашылуы сәуірдің 29 күні іске асырылды. Аймақтық приказдың төрағасы болып Ғұбайдолла сұлтан сайланады.

Алғашында аймақтық приказ Көкшетау тауларының оңтүстігінде орналасты. Бұл жердің табиғатын алғаш рет көрген казактар "Дала Швейцариясы" деп атаса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өлке тарихын зерттеумен айналысқан зерттеушілер бұл тауларды Кавказ тауларымен салыстырған.

Аймақтық приказ ашылғаннан кейін Ғұбайдолла Уәлиханов бастаған бір топ беделді қазақтар аймақтық приказды батысқа қарай көшіруге Григоровскийге өтініш білдіреді, қазақтар аймақтық приказ барлық болыстардың орталығында орналасу керек деп түсіндірді. Ал шын мәнінде олар құрылыс жұмыстары нәтижесінде Бурабайдың табиғатына зиян келетінін түсініп үлкен алаңдаушылық білдірді. Өйткені аздаған уақыттың өзінде казак жасағы құрылыс жұмыстарына көптеген түп ағашты кесіп, жергілікті табиғаттың әсем көркіне зиян келтіре бастаған. Жергілікті тұрғындармен онсыз да шиеленісіп тұрған жағдайды ушықтырмас үшін Григоровский қазақтардың өтінішін қанағаттандырып, аймақтық приказдың орнын ауыстыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп Григоровскийдің жасағы қолайлы жерді іздестіре отырып Қопа көлі мен Бұқпа тауына келіп жетеді. Суы мол әрі таза Қопа көлі мен етегі құрылыс жұмыстарына жарамды қарағай ағашына сыңсыған Бұқпа тауы аймақтық приказ үшін өте қолайлы орын болды. Алғашқы тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстар жертөрелер түрінде салынған, тек диван үйі ғана таза ағаштан тұрғызылды. Жазғытұрым приказ өмірінің тұрақтанғанын сезген Григоровский Омбыға аттанады. Бірақ аймақтық приказдың орнын басқа жерге ауыстыру жөнінде жазылған өтініштер генерал-губернаторға әлі де келіп түсіп жатты. Осындай жағдайда Көкшетауға Броневский жіберіледі. Ол Көкшетау сыртқы приказының әскери және экономикалық жағынан да маңызды екеніне тоқталып, оны басқа жерге ауыстыруға қарсылық білдіреді: "Бұл қонысты келтірілген қолайлы жағдайларға байланысты осы жерде қалдыру керек… болашақта Көкшетаудан қала пайда болуы әбден мүмкін" [65, 83 п.]. Аймақтық приказдың орнын ауыстыру әрекеттері мұнымен толаспады, тек 1827 жылдың жазында Көкшетау приказы қазіргі тұрған жеріне көшірілді. Жаңа жерде Көкшетау оңтүстігінен және шығысынан таулармен, ал батысында Қопа көлімен қоршалды, тек солтүстік жағы жазық дала болды деп жазады зерттеуші Н.Красовский [9, 226 б.].

ХІХ ғасырдың 60 жылдарында Көкшетаудың түрі тікбұрышты трапецияға ұқсас болды, ондағы үйлер мен әскери-шаруашылық құрылыстар арнайы бекітілген жерлерде ғана салынды. Қалада бір қабатты әскери госпиталь болды, онда 32 адам бірден емделе алды. 1863 жылы станицалық басқарманың мәліметтеріне сүйенсек бұл госпитальда 2 орыс және 11 голландиялық пеші бар 13 бөлме болған [9, 227 б.]. Қалада сонымен қатар қорғаныс казармасы, провианттық ағаш дүкен, шіркеу, мешіт, гауптвахта, пошталық байланыс бөлімі, казак казармасы мен шарап қоймасының үйі болды. Ал Көкшетаудың дәл ортасында аймақтық приказ үйі орналасты. Сонымен Көкшетауда 1863 жылы 21 тастан және кірпіштен және 16 ағаштан салынған ресми қоғамдық үйлер мен 365 қарапайым тұрғындардың үйлері болған. Қалада осы жылы 2 су диірмені мен 3 жел диірмені және 4 зауыт пен 4 зергерлік үй жұмыс істеген [58, 228 б.].

ХХғ. басында Көкшетау мешандық слободка және казак станицасы болып екіге бөлінген. Көкшетау қаласында 1897жылғы санақ бойынша 2 600 ер адам және 2400 әйел адамнан тұрған барлығы 5000 тұрғын болса, 1900 жылы тұрғындар саны 900-ге көбейіп 5900 адамды құраған. Қалада 500-ге тарта ағаш үй, екі шіркеу мен мешіт, 2 ұлдарға арналған және 1 қыздарға арналған төменгі оқу орындары болған. Бұдан көретініміз 1863 жылмен салыстырғанда үйлер саны шамамен 200-ге өсіп, бір оқу орны мен бір шіркеу жаңадан ашылған. Сонымен қатар қалада казак қоғамдық кітапханасы әрекет еткен [58, 349 б.]. Қалада 14 қыркүйек пен 1 қазан аралығында жәрмеңке өтетін болған. 1899 жылы қаланың жалпы табысы 2900 рубльді құраған. Ал қаладағы мал майын өндіретін зауыттардың табыс көлемі 180000 руб. жеткен [58, 150 б.].

Көкшетау 1868 жылы Ақмола облысының уездік орталығы болады. Осы кезден бастап Көкшетау солтүстік өлкедегі маңызды саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық орталықтардың біріне айналды. Зерттеуші И.Завалишин қазақ қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғары бағалап, казактар мен қоныстанушылардың ауқатты тұрғандарына назар аударады: "Табиғаты өте қолайлы жерлерде орналасқан қонысаударушылар отарлары қазірдің өзінде айтарлықтай жақсы жабдықталған. Ресейдің великорос губернияларынан шығып қазіргі уақытта казактар қатарына тіркелген Көкшетау аймағының Қотыркөл мен Зеренді сияқты кейбір отарларының тұрғындары өздерінің жаңа қоныстанған жерлері үшін тағдырға ризашылықтарын білдіреді. Аймақтық приказдарда орналасқан станицалар бірте-бірте қызып тұрған сауда мен өнеркәсіп орталықтарына айналған қалаларға айнала бастады. Олардың кейбіреулерін құрылысы мен өмір сүруге қолайлылығы жағынан Тобыл мен Томск губернияларының жақсы қалаларымен салыстыруға болады. Олардың тұрғындары ерлер мен әйелдерді бірге есептегенде 2000-нан 5000 адамға дейін жетеді" [10, 60 б.].

1822 жылғы "Сібір қырғыздары жөніндегі жарғыға" сай орта жүз территориясында 1832 жылдың 22 тамызында Ақмола аймақтың приказ болып жарияланады. Негізінде Ақмола қаласының негізі Есілдің оң жағасында 1827 жылдан бастап қалана бастаған. Қаланың Ақмола деп аталуы Нұра өзенінің жағасында орналасқан ірі архитектуралық құрылыспен байланысты. Халықтың бірқатар бөлігі Ақмоланы Қараөткел деп де атаған [9, 235 б.]. Алғашында Ақмола үш тұрғылықты мекеннен тұрған Ақмола қаласы, Спасск зауыты және Ұлытау әскери бекетімен бірге жабылған Ақтау бекінісі.

1830 жылдың 30 мамырында жеке Сібір корпусының генералы Вельминовтың үкімі бойынша Ақмола сыртқы аймағын ашу жұмысы Петропавл коменданты полковник Ф.И. Шубинге тапсырылды. Ол казактар мен офицерлерден құрылған 2,3,4-ші Сібір жеке корпусының және 27-ші жаяу әскер дивизиясының 3-ші Сібір шептік батальонының басшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар оған артиллериялық казак атты бригадасы бағынатын болды. Ф.И.Шубиннің Ақмоланы ашуға жасақталған жасағында 4 обер офицер, 1 унтер офицер, 21 урядник, 159 казак, 11 солдат, 1 әскери топограф, 1 фельдшер және құжаттарды рәсімдейтін 1адам болған. Жасақ 326 жылқымен, қажетті құрылыс жабдық-саймандарымен және Петропавл дүкендерінен 2 айға жететіндей азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Шубиннің қарамағында А.Лобанов, Г.Чириков, хорунжий В.Ваганов және жергілікті тұрғындардың тілін, әдет-ғұрпын жақсы білетін А.Шахметов болды. Сонымен қатар Шубин экспедиция құрамына Петропавл аймағының Соколов болысының Мамлютово деген жерінің молласы Сағит Усмановты қосып алды.

Полковник Шубиннің жасағы Петропавлдан 1830 жылдың 28 мамырында шықты. Жасақ аттанған сәттен бастап Қ.Құдаймендин сұлтанның ауылы орналасқан Ақмола мекеніне бағыт алады. Осы жылдың 12 маусымында Ф.И.Шубиннің жасағы Сасықкөл мекеніне келіп жетеді.

Полковник Шубиннің Омбы облысының басшысы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға рапорттарында қазақ жерінде орын алған кейбір қисынсыз жағдайларды қозғамауға тырысқан. Оның 1830 жылдың 28 маусымындағы рапорттарында Ресейдің жаңа тәртіптерінің қазақ даласында орнығуы ешқандай бөгетсіз, айтарлықтай жеңіл және тиыш жүргізілді деп көрсетілді. Оның мұндай қадамға баруы өзінің басшылық алдындағы абыройын сақтап қалумен түсіндіріледі. Шынында жаңа тәртіпті қазақ ауылдары тегіс бірқалыпты қабылдаған жоқ, мойындаған ауылдар негізінен Қ. Құдаймендиннің туыстық ықпалындағы қарпық және алтай рулары болды. Сондықтан оның сегіз ұлы мен төрт ағасының және оған туыс сұлтандар мен билердің үкімет наградаларына ұсынылуы тегін емес [66, 5 п.]. Ал қыпшақ пен шұбыртпалы руының көптеген ауылдарына Шубин жаңа басқару жүйесін мүлдем енгізе алмады. Тарақты мен тама сияқты рулар Ақмола сыртқы аймағының құрамына казак жасақтарының озбырлығынан құтылу мақсатында ғана енген. Кейін дәл осы рулық бірлестіктер Кеңесары Қасымұлы бастаған көтеріліске белсене қатысқан.

1831 жылдың қарашасына дейін Ақмола аймағына 131262 тұрғыны бар 3576 ауыл енді. Бұл ауылдарда 332452 жылқы, 670775 қой, 31666 түйе мен 31316 ірі қара немесе әрбір шаңырақта 58 бас ірі қара болды. Ф.И. Шубин де қарпық және алтай қазақтары жылқы малына өте бай деп көрсетеді. Шыныда да сол кездегі Ақмола аймағына қарасты Сапақ және Жұман билерде 8000 жылқыдан, ал басқа байларда шамамен 5000 жылқыдан болған.

1832 жылдың 9 қаңтарында Сібір комитетінің баяндамасымен танысқан император Николай І Қазақстан территориясында Ақмола деп аталған төртінші сыртқы аймақтың ашылуын мақұлдаған. Кейін сыртқы аймақтың орталығы Есілдің оң жағасына көшіріледі, ал Ақмола деген атау ешбір өзгеріссіз қалады.

Ақмола аймақтық приказының ашылуы салтанатты түрде жүргізілген. Шубин орта жүздің Ақмола деген мекенінің солтүстік жағында өзінің казармасының территориясында 1832 жылы 22 тамызында таңертеңгі сағат 10.00-де барлық өзіне бағынышты әскери қызметкерлер мен патша шенеуліктерін жинап, зеңбірекшілерге қазақ сұлтандарын қарсы алу үшін 3 рет зеңбіректен оқ атқызған. Арнайы сапқа тұрғызылған аудармашылар қазақ сұлтандарына "Сібір қырғыздары жөніндегі жарғының" баптарын қазақ тілінде оқып берген. Осы жарғыға сай қазақ сұлтандары өздерінің арасынан диван мен жалпы аймақта төрағалық ететін аға сұлтанды сайлау керек болды. Сұлтандардың сайлауынан кейін ресми жиналыс аяқталып, тағы да 31 рет зеңбіректен оқ атылады. Ресми жиналыстың соңынан бүкіл қазақтар Ресей империясы алдындағы антқа қол қойды. Аймақтың ашылуына арналған әскери шерудің соңы мерекеге айналды және Ресейдің территориясын кеңейтуге ат салысқан патша қызметкерлеріне бір мезгілді ақшалай сыйақы мен азық-түлік үлестірілді. Ал жаңа әкімшілік реформаны қабылдауға мәжбүр болған жергілікті қазақтар ат жарыс сияқты ұлттық ойын-сауық түрлерін ұйымдастырды. Бұл мерекелік шаралар 3 күнге созылды. Осындай жағдайда Ақмола сыртқы аймағының ашылуы жүргізілді.

Жаңа ашылған аймақтық приказдың құрамына аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, жергілікті билерден сайланған Қотыраш Қабанбаев пен Матақпай Бекташев және ресейлік заседательдер Таранов пен Чириковтар енді. Приказдың хатшысы болып іс жүргізуші Д.Решетинский, ал аудармашы және үстел бастығы болып көкшетаулық В.Пирожков тағайындалған.

Болыстардың саны жағынан Ақмола сыртқы аймағы қазақ жерінде алдыңғы қатарда болды. Бірақ олардың құрылуы нәтижесінде көптеген рулық бірлестіктер еріксіз түрде бөлініске ұшырап, өзара әрекеттесті. Көшпенділіктің дәстүрлі бағыттары бұзылып, үйреншікті басқару жүйесі бұзылды. Қазақ даласындағы дәстүрлі рулық қауымдық бірліктердің жойылуы патша үкіметінің қазақ даласында жүргізген саясатының нәтижесі болды.

Ақмола облысының әскери губернаторының 1863 жылғы есебіне сай Ақмола қонысында 365 қарапайым адамдар үйі және 167 казак үйлері тіркелген. Бұлардан басқа 198 бекініс меншігіндегі үй мен 72 сауда орындары, 1 мал майын өндіретін зауыт, 2 оқ-дәрі қоймасы, 2 зергерлік үй, 2 нан дүкені, 1 шарап қоймасы және 2 мектеп болған. Мектептің біреуі қазақтар үшін болса, екіншісі станицалық мектеп болған. Ақмола қонысында православиелік шіркеу бекіністің дәл орталығында орналасқан [9, 237 б.]. Мұсылман мешітінің бекіністің шетінде қалуы, оның татарлар қоныстанған ауданда орналасуымен түсіндіріледі.

Ақмолада әрекет еткен 2 жәрмеңкеге қытайлық, ортаазиялық саудагерлер өздерінің керуендерін жеткізіп, жергілікті нарықтың өнеркәсіптік маңызын арттыра түсті. Ақмола арқылы азиялық тауар бүкіл Ресей аудандарына жөнелтілетін болды. Осындай жағдайда үкімет 1863 жылы Ақмоланы қала дәрежесіне көтереді, ал 1868 жылы Ақмола облысының уездік қаласы деп жарияланады.

ХХ жылдың басында Ақмола тұрғындардың саны мен экономикалық маңызы жағынан облыстағы үшінші қала болып саналды. Қаланың табысы 1900 жылы 28000 руб. құраған. Сонымен Ақмола қаласы патшаның отарлық саясатының нәтижесінде пайда болғанына қарамастан уақыт өте өлкенің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуында маңызды рөл атқарады.

Ақмола облысының құрамына енген Қазақстанның солтүстік қалаларының ішіндегі көлемі мен тұрғындарының саны жағынан ең кішкентайы Атбасар қаласы болды. Атбасардың негізі казак станицасы және қазақ даласындағы әскери бекініс ретінде 1846 жылы қаланады [58, 353 б.]. Ал 1859 жылдың 8 қазанында Атбасарға аймақтық приказдың орталығы көшіріледі. Атбасарда аймақтық приказдың ашылуы жергілікті басшылықтың өтініші бойынша жүргізілді. Сібір қырғыздары облысының Құсмұрын мен Көкшетау аймақтарының басшыларының Ішкі Істер министріне жолдаған хатында Атбасар аймағын ашудың қажеттілігі мынандай бірқатар себептермен түсіндіріледі: "Құсмұрын аймағында аймақтық приказ; біріншіден, оған бағынышты болыстардан тым алыс орналасқан; екіншіден, бұл приказ басқа аймақтық приказдармен тура қатынасқа түсе алмайды, ол үшін Пресновск пен Петропавл арқылы өту қажет; үшіншіден, бұл приказ Омбыдан алыс орналасқандықтан оны жүйелі қадағалап тұру жұмыстарын қиындатады. Осындай жағдайлар аймақтық приказдың Құсмұрында орналасуының тиімсіздігін көрсетеді" [67, 3-5 пп.]. Құсмұрын приказының аға сұлтаны приказ жабылған күннен бастап облыстық басқарманың кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ал приказдың заседательдері қызметін атқарған қазақтар өз жұмыстарынан босатылды [67, 15 п.].

Атбасар сыртқы аймағын ашу жұмысын облыстың әскери губернаторы Облыстық басқарманың кеңесшісі коллеждік ассесор Яценкоға тапсырады. Жаңа ашылған приказдың аға сұлтаны болып көпшілік дауыспен сұлтан Жантөре Дусанаев сайланады, ал приказ заседательдері болып хорунжий Кишкентаев пен би Жарғанатов және болыс басқарушылары болып билер Сайдалин, Ұрықпаев және сұлтан Уалихановтар сайланды. Аймақтық приказдың жаңа сайланған қызметкерлері ант қабылдаған уақыттарынан бастап, заңды түрде бекітілгенге дейін кеңесші Яценконың рұқсатымен өз қызметтерін атқаруға кіріседі [67, 26 п.].

Атбасар аймақтық приказының ашылуы да басқа аймақтардың ашылулары сияқты салтанатты түрде жүргізіледі. 1859 жылы қазан айының 8 күні сағат таңертеңгі 10.00-де болашақ приказ үйінің маңында аймақ құрамына енген адамдар жиналып, сұлтандар мен қазақ қоғамындағы құрметті адамдар үшін кілемдер төселді. Осы жерде жергілікті қазақтармен қатар Сібір шептік ботальонының 1 ротасының 1 взводы, Сібір шептік казак әскерінің 1 жаяу және бір атты взводтары мен жаяу артиллерияның 2 зеңбірегі ресми сапқа тұрғызылды.

Сібір қырғыздарының облыстық басқармасының кеңесшісі, коллеждік ассесор Яценконың, 2 казак полкінің командирі подполковник Евраиновтың, Көкшетау аймағының аға сұлтаны полковник Уалиханов пен Ақмола аймағының аға сұлтаны майор Жанықпаевтың, ресейлік заседательдердің және хатшы мен сайланған аға сұлтан мен қазақ заседатальдердің белгіленген жерге келісімен барлық жиылған жұршылыққа жоғары мәртебелі императордың Атбасар аймақтық приказын ашу жөніндегі бұйрығы оқылып берілді.

Н.Красовскийдің деректеріне сүйенсек, 1863 жылы Атбасарда 295 қарапайым адамдар үйі, 2 қоғамдық үй, 4 әскери үй, 1 шіркеу, әскери азық-түлік дүкені, 1 қару-жарақ қоймасы, 1 әскери лазарет, гауптвахта, цейхгауз, өрт сөндіру мекемесі, 16 сауда орны, 1 зергерлік үй, 41 монша және станицаның дәл орталығында 1 ағаш көпір болған [9, 232 б.]. Станицалық басқарма ғимарматы мен мектеп 1853 жылы салынған. Сонымен 1863 жылы Атбасарда 1854 жылы салынған дүкеннен басқа ғимараттардың барлығы ағаштан салынды [9, 233 б.]. Атбасар өзенінің бойында жергілікті татардың су диірмені орналасты.

Құсмұрынға қарағанда Атбасар орталыққа жақын деп жоспарлаған облыстық басқарма, кейін уақыт өте жергілікті жерде халықты ұстап қалу үшін бірқатар шешімдер қабылдайды. Бірақ халықтың көпшілігі солтүстікке қарай жылжуға ниет білдіреді. Осылай 1857 жылдан 1863 жылға дейін аймақтық приказдың мәліметтері бойынша Атбасар станицасынан 59 ер адам және 64 әйел адам, барлығы 123 адам көшіп кеткен.

ХХ ғасырдың басында жарық көрген "Россия" жинағында Атбасар қаласы жөнінде мынадай мәлімет беріледі: "Қазіргі таңда бұл кішкентай далалық қалашық. Қала ретіндегі Атбасарға мынадай сипаттар тән: ағаш құрылыстар, тар әрі құм басқан көшелер, бүкіл жерде қырғыздар (қазақтар-М.У), олардың сықырлаған арбалары, түйелерінің дауыстары, қала тұрпатына тән көріністер мүлдем байқалмайды" [58, 353 б.]. 1900 жылы 2600 тұрғыны бар Атбасарда 2 провославиелік шіркеу мен миссионерлік тұрақ, мешіт, уездік және станицалық басқарма, қару-жарақ қоймасы, қалалық біркластық училище, казак қыздар мектебі, пошта-телеграфтық кеңсе, 9 адамға арналған аурухана, дәріхана, 2 дәрігер мен 4 фельдшер, 2 мал дәрігері мен фельдшер және уездік казначейство әрекет етті [58, 354 б.]. Сонымен қатар Атбасарда қоғамдық кітапхана, ауылшаруашылық қоймалары, 10 маусымнан 5 шілдеге дейін әрекет ететін Петровская жәрмеңкесі, бу диірмені мен бірнеше ұсақ малшаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыттар орналасқан. Атбасар қаласындағы жәрмеңкеде кейбір кездерде ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі де байқалған. Бірінші орыс революциясынан кейін қарапайым халықтың патша самодержавиесіне деген наразылығы жаңа идеялармен қуаттанып, одан сайын күшее түсті. Осындай орыстар мен қазақтар арасындағы қақтығыстар Атбасар жәрмеңкесінде 1908 жылы орын алған [68, 1 п.]. Бірақ мұндай ұлтаралық түсініспеушіліктер өте сирек болды және көпке созылмады. Мұндай қарапайым халық арасында түсініспеушіліктер жергілікті әкімшіліктің солақай саясатының салдарынан туындап отырды, әйтпесе көптеген жағдайларда орыс шаруалары мен қазақтардың арасында "тамырлық" деп аталған достық қарым-қатынастар орын алды.

Сонымен Ақмола облысының уездік қалаларының қала болып қалыптасу тарихы Қазақстанның Ресейдің құрамына қосылуымен байланысты болғандықтан Отан тарихындағы маңызды белестердің бірі болып табылады. Өйткені, Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты қазақ тарихында көптеген іргелі өзгерістер орын алды. Мұндай өзгерістер қазақ қоғамында, экономикасында, мәдениетінде және саяси құрылысында көрініс тапты. Алғашында патша үкіметінің әскери бекіністері ретінде салынған қалалар кейінгі уақытта өлкенің маңызды экономикалық, саяси және мәдени–ағарту орталықтарына айналады. Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, сауданың, мәдениеттің және алдынғы қатарлы ғылыми ойлардың пайда болып қалыптасуы қалаларда жүрген. Сондықтан Ақмола облысының уездік қалалары бастапқыда қандай мақсатта пайда болғанына қарамастан, экономикалық және мәдени дамудың арқасында тек қана Ресеймен көршілес солтүстік өлкеде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстан аумағында маңызды саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық орталықтарға айналады.

XIX ғасырда қала болып қалыптасқан Ақмола облысының уездік қалалары қазіргі уақытта да Қазақстанның маңызды саяси, экономикалық және мәдени орталықтары болып табылады. Өздерінің геосаяси орналасу жағдайына байланысты бұл қалалар Қазақстанның алыс және жақын шетелмен экономикалық қарым-қатынастарында маңызды рөл атқарады. Зерттеліп отырған уақытта Ақмола облысының орталығы қызметін атқарған Омбы қаласы қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Сібірдегі мәдени, экономикалық және әлеуметтік – саяси орталықтарының бірі болып табылады, атап айтқанда миллионнан астам тұрғыны бар Омбы қаласында әлі күнге дейін қазақ жастарына екі ел арасындағы келісім – шарт бойынша білім беру қызметтерін көрсетуді жалғастырып отырған бірнеше жоғары білім беру орындары мен Ресей Ғылым Академиясы институттарының бөлімшелері орналасқан.



Негізгі ұғымдар: Ақмола облысы, уездік қалалар, сыртқы аймақтар, әскери тірек бекіністер, тамырлық, саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, аға сұлтан институты, саяси-экономикалық және мәдени орталықтар, «зар-заман, өтпелі кезең».
Бақылау сұрақтары:

  1. Қазақ даласында сыртқы аймақтардың ашылуы патша үкіметінің қандай «Жарғысына» байланысты жүргізілді?

  2. Ақмола облысының бес уезін атаңыз ?

  3. «Тамырлық» дәстүрі нені білдіреді ?

  4. 1822 жылғы М.М.Сперанский мен Г.Батеньковтың дайындаған "Сібір қырғыздары жөніндегі жарғыға" қазақ даласында неше сыртқы аймақ ашылды?

  5. Патша үкіметі қазақ даласында жүргізген «бөліп алда билей бер» саясатының мазмұны неде ?

Каталог: Книги
Книги -> Таќырып: Деректану пјні
Книги -> Кәсіби өсудің жоғАРҒы мектебі
Книги -> Оразбек Нұсқабаев
Книги -> Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы.
Книги -> Қазақстан республикасы
Книги -> Н. ТҰЯҚ баев т к. Арыстанов б. ӘБішев жалпы геология курсы
Книги -> А. Ж. Сейтембетова
Книги -> С. П. Наумов омыртқалылар зоологиясы
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Бағдарламасы (силлабус) Пән : Педагогика тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет