Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.68 Mb.
бет3/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.2 Қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің құрылымы және оның қалалардың дамуына қосқан үлесі
XIX ғасырдың 60-70 жылдарында патша үкіметі қазақ даласында отарлық сипаттағы көптеген әкімшілік реформаларды іске асырды, осындай реформалардың бірі 1870 жылы қабылданған Қалалық ереже болды. Бұл реформаның қабылдануына қазақ даласының Ресейдің капиталистік жүйесіне тереңдеп енуі, уезд орталықтарының қала дәрежесіне ие болуы және ескі басқару органдарының заманға сай болмауы сияқты себептер әсер етті. Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі қалалық басқаруға байланысты екі ереже қабылдаған: біріншісі 1870 жылы қабылданған буржуазиялық сипаттағы Қалалық ереже, ал екіншісі жергілікті жерде орталық мемлекеттік биліктің ықпалын күшейткен 1892 жылы қабылданған Қалалық ереже, бұл ережені тарихта қалалық контрреформа деп те атайды, өйткені ол қалалардың өзін-өзі басқару органдарының қызметін айтарлықтай шектеді. Жалпы XIX ғасырдың 80-90 жылдарында жүргізілген реформалардың барлығы дерлік орталық биліктің сойылын соғып, шашбауын көтерген реформалар болды. 1892 жылғы Қалалық ереже патша үкіметінің ішкі саясатындағы реакциялық күштердің күшейген кезінде пайда болған реформа болды, сондықтан ол мемлекеттік мекемелердің қалалық өзін-өзі басқару органдарын қадағалауын едәуір күшейтті.

1868 жылдың соңында Орынбор, Сібір қырғыздары мен Жетісу облыстары жабылып, олардың орнына Ақмола, Торғай және Орал облыстары құрылады. Ақмола облысының құрамына бес уезд енді: Омбы уезі, Петропавл уезі, Ақмола уезі, Көкшетау уезі және Атбасар уезі. Уездер өз алдына болыстарға бөлінді, ал болыстар әкімшілік ауылдардан тұрды [44, 50 б.]. Облыс орталығы болып Ақмола қаласы бекітілді, бірақ Ақмола қаласында облыс басшылығы үшін тастан жасалған арнайы мекемелер болмағандықтан, барлық басқарушы аппарат Омбы қаласында қалдырылды, содан Омбы қаласында 1917 жылға дейін Ақмола облысының барлық басқарушы аппараты орналасты. Ақмола облысы үшін арнайы герб бекітілді, гербте жасыл қалқанның бетінде қазақтың айшығы бейнеленген күміс түсті моласы орналасты, ал осының барлығының үстінде империялық үстемдіктің белгісі ретінде орыс патшасының тәжі белгіленді.

Александр II патша бекіткен қалалық реформа бойынша сол кезде Ақмола облысының құрамына енген Қазақстанның солтүстік қалаларының кейінгі дамуында көптеген айтарлықтай маңызды өзгерістер орын алды, олардың ішіндегі ең елеулісі бұрынғы сословиелік билік органдары таратылып, оның өкілеттігі қалалық думаларға берілді. Ал қалалық басқарма атқарушы орган қызметін атқаратын болды. Жалпы 1870 жылғы Қалалық ережеге сай қалалық басқару мекемелеріне мыналар жатты: қалалық сайлау жиналыстары, қалалық думалар және қалалық басқармалар. Қалалық сайлау жиналыстары төрт жылда бір рет жиналатын болды. Сайлаушылар жалпы қала бюджетіне төлейтін салықтарына байланысты үш топқа (курияға) бөлінді, мұнда әрбір курия өзінің сайлаушыларының санына қарамастан арнайы бекітілген депутаттар санын сайлауға тиісті болды [69, 116 б.]. Қалалық өзін-өзі басқару органдарын сайлауға жылжымайтын мүлігі бар, өнеркәсіп немесе сауда кәсіпорындарына қожалық ететін және қалада шағын саудамен айналысушы 25 жасқа толған барлық сословие өкілдері қатыса алды. Бұрын сотталған адамдар, лауазымдық қызметтен шығып қалған адамдар және діни лауазымынан айрылған адамдар сайлауға қатыстырылмады, ал қалада жылжымайтын мүліктің иесі болып табылатын заңды тұлғалар мен әйелдер сайлауға өкілдер арқылы қатысты [70, 35 б.]. Сайлауға қатысушы үміткерлердің аты-жөндері мен саны сайлау алдында ғана белгілі болды. Әрбір сайлаушы депутаттыққа бірнеше адамның кандидатурасын ұсына алды, сайлаушылардың 50 пайыздан көп даусын жинаған адамдар қалалық думаның депутаттары деп жарияланды. Қазақстанның солтүстік қалаларында қалалық реформа Қалалық ереже қабылданғаннан кейін үш жылдан кейін ғана жүргізіле басталды, оған дейін мұндай реформа Сібірдің Томск, Түмен және Тобыл сияқты қалаларында жүзеге асырылды. Солтүстік қалаларда реформа жүргізу үшін қажетті қаржы көлемі белгіленіп, сайлаушылар саны анықталғаннан кейін, 1873 жылы жаңа қалалық басқару жүйесін құруға рұқсат берілді, Ақмолада осындай Қалалық ережені іске асыру жөнінде шешім 1873 жылдың 21 қыркүйегінде қабылданған [71, 96].

1870 жылғы Қалалық ережеге сәйкес қалаларда шешім қабылдайтын және бұйрықтар беретін қызметті қалалық думалар атқарды, ал атқарушы қызметті қалалық басқарма органы атқарды. Мысалы; Ақмолада қалалық дума мүшелері қалалық басқарма мүшелері мен оның төрағасын Д.Л. Филатовты сайлаған. Қалалық думалар қала өміріне байланысты жан-жақты жарлықтар қабылдаумен айналысты: қалалық шенеуніктерге жалақы тағайындау, қала атынан алым-салықтар белгілеу, қала бюджетін бекіту, қала өмірін жақсарту жөнінде қаулылар қабылдау және қаланың архитектуралық жоспарына өзгерістер енгізу. Ал мемлекеттік басқару әкімшілігінің өкілдері қалалық думаның едәуір маңызды қаулыларын бекітіп, олардың заңды болуын тексеріп отырды. Қалалық думалар қала өмірін жақсартуда көп қызмет атқарды, онда негізінен мынандай мәселелер қаралды: әрбір қожайын өзінің ауласын аптасына бір рет, әсіресе демалыс күндері қарсаңында тазартып отыруға міндетті болды, қаланың көшелерін әрқашанда таза ұстау мәселесі, қалалардағы тұрақты сауда орындарында сатылатын азық-түлік тауарларының құрамында адам денсаулығына зиянды қосындылардың болмауын қадағалап отыру, қала көшелерінде қожайынсыз қалған әртүрлі жан-жануарлардың емін-еркін жүруін тоқтату мәселесі, қала тұрғындарының өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-гигиеналық нормаларды мұқият орындауын қадағалау. [72, 213-214 пп.].

Қалалық дума жиналысына депутаттардың үштен бірі қатысқан жағдайда ғана, оның қызметі өкілетті деп танылды. Дума депутаттары өздерінің даусын басқа депутатқа бере алмады, олар өздері тек тікелей дауыс берді. Қалалық дума депутаттары лауазымдық қызметтегі адамдарды тағайындау, орнынан алу және сотқа беру жөніндегі шешімдерді жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырды. Дума депутаттары қалалардың тазалықтарын сақтауда көптеген шешімдер қабылдады, өйткені қарастырылып отырған уақытта қала тұрғындарының көбінде қара мал болған, мысалы 1846 жылы Омбы қаласының тұрғындарында 1 733 ірі қара болды, бұл дегеніміз әрбір аулаға бір малдан келген [73, 44 п.]. Малды 22 сәуірден 5 қазанға дейін бағатын болған, бірақ жауын-шашындарға байланысты 20 қыркүйектен табынға қосылған мал дұрыс бағылмайтын болды [74, 290 б.]. Қалаларда малды негізінен жалдамалы бақташы қазақтар бағатын болған, мұнда жалдамалы қазақтар негізінен кедейленген малынан айрылған көшпенділерден – жатақтардан тұрды [75, 293 б.]. Әрбір сиырды бағуға төленетін ақының 5 пайызы қаланың табысына алынатын болған, ал жалпы жиналған ақшаның 40 пайызы бақташыға, қалғаны қала табысына берілетін болды. Бақташылар өлген, жоғалған мал үшін қала алдында жауапты болды, малдың жоғалуы көп жағдайда қала тұрғындарының өздерінің жауапкершілікті сезінбегендіктерінен орын алды, өйткені қала тұрғындары малды өрістен әрқашанда уақытында қарсы алмай, малдың көпшілігі қала көшелерінде өз бетімен емін-еркін кезіп жүретін болған. Осыған байланысты 1842 жылы Қалалық дума малын жинап алмайтын қожайындарға айып ақы төлеткізетін арнайы шешім қабылдаған. 1874 жылдың 7 маусымында болған Ақмола қалалық дума депутаттарының отырысында қаралған істердің негізгісі қазынаны толықтыру мәселесі болды. Осыған байланысты Ақмола қаласының сауда орындарында сауда жүргізген басқа қалалардың тұрғындары қала пайдасына салық төледі, ал жергілікті қазақтарға қала жерінде мал ұстағандары үшін арнайы салық көлемі белгіленді [72, 205 п.]. Ал қала өміріне қажетті отын сияқты шаруашылық тауарларын сатушы саудагерлерді ынталандыру үшін көп жағдайда салықтан босатты. Әртүрлі салықтарды жинау барысында түскен қаражат негізінен қала көшелері мен ескірген ғимараттарды жөндеуге жұмсалды.

Қалалық ережеге сай атқарушы билік қызметін іске асырған жергілікті қалалық басқармаға мынандай міндеттер жүктелді: қалалық шаруашылық істерін басқару, Қалалық дума шешімдерінің орындалуын қадағалау, қалалық бюджет жоспарын жобалау, қалалық салықты жинау мен оны тиімді жұмсау және сауда өндірісінің заңды жүргізілуін қадағалау [70, 69 б.]. Қалалық басқармалар міндетіне енген қызметтер негізінен қалалық дума шешімдерінен туындады, қалада заманға сай жабдықталған сауда орындарын салу немесе қалада белгілі бір ғимарат тұрғызу мәселесі әуелі думада талқыланып, кейін қабылданған шешім іске асырылуы үшін қалалық басқармаға жүктелді. Қалалық басқарма мүшелері қалалық думамен тығыз қарым-қатынаста қызмет етті, өйткені қалалық басқарма мүшелерін дума сайлады және олар әкімшілік тарапынан бекітілуді қажет етпеді. Діни қызметкерлерге және қаржы құрылымы мен прокуратура шенеуніктеріне қалалық қоғамдық басқару органдарына сайлануға рұқсат берілмеді. Ірі қалаларда ұсақ қалаларға қарағанда сайлауға қатысу құқын алған адамдар саны азырақ болды, атап айтсақ уезд орталығы Омбыда сайлау құқына ие болған адамдар саны жалпы тұрғындар санының 4, 5 пайызын құрады, ал осы сайлау құқына ие болған адамдардың төрттен бірі ғана дауыс беруге қатысты. Қазақстанның солтүстік қалаларындағы қалалық дума депутаттары мен қалалық басқарма мүшелерінің сандық құрамы қаланың өлкедегі дәрежесіне, тұрғындардың саны мен қала бюджетінің көлеміне байланысты белгіленді.

Думалар мен қалалық басқармалардың басында дума депутаттары сайлаған және ішкі істер министрі мен губернатор бекіткен басшылар отырды. Қала басшысы қала өміріне қатысты көптеген маңызды шешімдерді қабылдады, ол белгілі мәселелер туындағанда думаны шақыру жөнінде бұйрықтар бере алды. Думада оқылатын арнайы белгіленген істер бойынша баяндамалар тікелей оның басшылығымен және жауапкершілігімен бастырылды. Дума отырысына өзге адамдарды шақыру үшін депутаттар алдын-ала үш күн бұрын ол туралы қала басшысымен ақылдасты, кейбір жағдайда қала басшысы ортақ мақсатты қолдағандықтан жекелеген депутаттардың ұсыныстарын мақұлдамады. Жергілікті басқару жүйесінде қала басшысының беделі жоғары тұрды, оны сотқа тарту ісі Сенаттың I Департментінің келісімімен ғана жүзеге асырылды.

Қалалық өзін-өзі басқарудың сапалық құрамы әр қалада әртүрлі болып келді, ол көбінесе қалалардың сипатына байланысты белгіленді, сауда-өнеркәсіптік сипаттағы қалалардың қоғамдық басқару аппараттарында негізінен саудамен айналысушы көпестер басымшылық танытса, әкімшілік сипаттағы қалаларда міндеткерлігін атқарған офицерлер мен қалалық шенеуніктер сайланды. Ақмола облысының қалаларында қалалық думаға депутаттыққа әлеуметтік құрылымы жағынан алуан түрлі адамдар сайланды, атап айтсақ Ақмола қаласында 1874 жылдың сәуіріндегі сайлау қорытындысы нәтижесінде төрт саудагер (Д.Л.Филатов, М.Т.Мақсұтов, П.С.Марфутин және К.Б.Сүтішев), екі әскери адам (М.И.Красноперов пен А.К.Кубрин), бір губерндік хатшы (С.Р.Дивеев), бір кеңесші (А.С.Гриневицкий) және екі мещан (Г.И.Ильин мен Н.П.Альхов) қалалық думаға депутат болып сайланған, ал 1878 жылдың сәуіріндегі сайлау нәтижесінде қалалық дума депутаттарының қатарына бірнеше қарапайым адамдардың есімдері қосылған-шаруа В.А.Токарев, мещан Ф.Г.Муканов, дәрігер В.Г.Яковенко, прапорщик Г.И.Волков және тағы басқалар [71, 98 б.].



1870 жылғы Қалалық ереженің оң жақтарымен қатар өзіндік кемшіліктері де болды, атап айтсақ думалар қала пайдасына жиналған қаражатты толық пайдалана алмады, жиналған қаражаттың айтарлықтай көп бөлігі жалпымелмекеттік қажеттіліктерді өтеуге жұмсалды. Қалалық думалар қызметінің қаланың шекарасынан аспауын орталық мемлекеттік органдар қадағалап отырды, яғни бұл дегеніміз думалар белгілі бір қала ішінде шаруашылық басқару қызметін ғана атқарды дегенді білдіреді. Қала басшысының екі лаузымдық қызметте отыруы, осы басқару органдарының қызметін қадағалауды қиындатты. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары қалалық полицияның қызметіне араласа алмады, ол үшін бүкіл полицияны басқарған ішкі істер Министрлігіне жүгінді. 1870 жылғы ереженің бірден көзге түсер кемшілігі әйелдер мен 25 жасқа толмаған адамдарға сайлау құқын бермеуі. Сайлаушыларды үш разрядқа бөліп топтау жүйесіне сай думадағы көпшілік орындар ірі кәсіпкерлер мен ірі жекеменшік иелеріне берілді, ал дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты жаңашыл интеллигенцияның басым көпшілігі пәтерлер жалдап тұрғандықтан сайлау құқынан айрылды, сондықтан дума депутаттарының құрамында қарапайым қалалықтардың қиыншылықтарымен едәуір таныс интеллигенция өкілдері дәрігерлер мен мұғалімдер аз болды. Қала басшысын міндетті түрде облыстық губернатор мен ішкі істер министрінің бекітуі ереженің кемшілік жағы. Қаражаттың жетіспеуі басқару органдарының негізгі мәселесі болды. Қалалық бюджетке түсіретін пайдасына қарай табыс көздерін үшке бөліп қарастыруға болады: қалалық сословиеге тіркелу үшін төленетін жеке төлемдер, жеке меншік пен мүлік иелерінен жиналатын төлемдер және қалаларда саудамен, әртүрлі кәсіпшілікпен айналысу үшін төленетін төлемдер [45, 37 б.]. Мұнда жеке төлемдерге қалалық кітапқа тізімге тіркелу үшін төлемдер жатқызылды, оның көлемі (бір отбасынан) 100 сомға дейін жетті, бірақ бұл төлемдер қалалық бюджеттің аздаған ғана бөлігін құрады. Қалалық табыстың басты бөлігін жекеменшік пен қалалық мүлік иелері төлейтін төлемдер құрады, мұндай төлемдерді сословиелік жағдайына қарамастан, барлық жекеменшік иелері төледі, мұнда төлемдер көлемі жылжымайтын мүліктің құнына байланысты белгіленді. Мұндай төлемдерді жинау туралы ережелер мазмұны өте әділ болғанымен, тәжірибеде, яғни нақты өмірде бұл талаптар сақталмады. Төлемдерді жинау үшін тағайындалған адамдар төлемдер жинау жөніндегі ереженің ең басты принципін – жекеменшікті бағалауды әдейі бұрмалады, яғни олар меншік иелерінен жинау керек қаражат көлемін алдын-ала белгілеп алып, сол қаражат көлемін толтыру үшін мүліктің көлемі әдейі көтеріліп бағаланды. Мүліктің құндылығынан алынатын төлемдер жалпы пайдадан таза пайданы анықтау арқылы жүрді, сосын таза табыстың көлеміне байланысты төлемдер жиналды. Ал жылжымайтын мүліктің орналасуына (тұрған жері) байланысты жиналатын төлемдер бірнеше разрядтарға бөлінді: қалада орналасқан жеріне байланысты (қаланың орталығында оның көлемі шетіне қарағанда қымбаттырақ болды) және қандай мақсатта пайдаланылуына байланысты (тұрғын үй немесе сауда, өнеркәсіп мекемелері). Осындай төлемдерден мемлекет мүлігі мен шіркеу дүние-мүлкі босатылды, Омбы қаласында құны 100 сомнан төмен болған мүліктер салықтан босатылды [76, 8 п.]. Қарастырып отырған уақытта сауда-өнеркәсіп орындарының көпшілігі арнайы берілетін куәліктер бойынша жекелеген адамдарға берілді, олар онда сауда орындарын құрып, түскен пайдадан қала бюджетіне төлемдер төледі, бұдан басқа әрбір сауда мекемесі қала пайдасына акциз деп аталған арнайы төлем төледі, оның көлемі мекеменің қала территориясында орналасқан жеріне байланысты белгіленді [77, 188 б.]. Қала пайдасына жиналатын кәсіпшілік төлемдері екі категорияға бөлінді: кәсіпшіліктен алынатын төлемдер және жеке еңбектен алынатын төлемдер, мұнда біріншісі әртүрлі шаруашылық мекемелерінен, ал екіншісі қала қоғамының құрамына енбеген жалдамалы жұмысшылардан. Шаруашылық мекемелер төлемінің көлемі ғимараттың маңыздылығына қарай белгіленді, ал жеке еңбек төлемін қалалық өнеркәсіп орындарының иелері әрбір жалдаған адамы үшін қала қазынасына ерекше төлем төледі.

Қала пайдасына жиналатын табыс көлемін ұлғайту мақсатында қалалық думалар жанынан қалалық қоғамдық банктер ашылды, Петропавлда мұндай банк 1871 жылы ашылды, оның негізгі бастапқы капитал қоры 40 млн. сомды құраған, ал 1874 жылы өлкенің сауда-экономикалық орталығына айналған Петропавловск қаласында Бүкілресейлік мемлекеттік банктің жергілікті жердегі бөлімшесі ашылады, кейін Сібір банкінің бөлімшесі, Орыс сауда-өнекәсіп банкінің бөлімшесі, өзара несиелеу банкінің бөлімшесі және 39 ірі серіктестіктер ашылды [78, 41 п.]. Омбыда осындай қалалық қоғамдық банк 1875 жылы ашылады, оның бастапқы негізгі капитал қоры 10 сомды құрайды. Банктің бастапқы негізгі капиталы қала тұрғындарының еркін қайырымдылық қаржысынан тұрды [79, 91 п.]. Қалалық қоғамдық банктер қала тұрғындарының салымдарын қабылдады және әртүрлі кепілдіктер қабылдау арқылы тұрғындарға несиелер берді, мұнда тұрғындардың салымдарының жоғалып кетпеуін бүкіл қала қоғамы қадағалап отырды. Қалалық қоғамдық банкке салымдарды жеке адамдар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер сала алды, мұнда банкке салынатын салымдар 50 сомнан жоғары болу керек болды. Қалалық қоғамдық банктер қымбат зауыттық бұйымдарды, жылжымайтын мүлікті және сауда орындарын кепілдікке алып, қала тұрғындарына үлкен көлемді несиелер берумен де айналысты, тек діни заттар ғана кепілдікке алынбады, кейбір жағдайда сарапшы мамандардың болмауына байланысты алтын, платина сияқты қымбат металлдардың өзі алынбады.

Қалалық шығындар көзі негізінен екі топқа бөлінді. Біріншісіне қалаға жұмсалатын міндетті шығындар: әкімшілік мекемелерді ұстауға, түрмені, полицияны, өрттен сақтандыру орындарын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар. Екінші топқа қалалық басқарманы ұстауға кететін шығындар, халыққа білім беру мен денсаулық сақтауға және санитарлық- гигиеналық шараларды жүргізу үшін қажетті шығындар жатқызылды. Қалаларда жиналған қаражаттың басым бөлігі – қалалық полиция мен қалалық өртке қарсы мекемелерін ұстауға жұмсалды, деректерге сүйенсек Омбы қаласында жұмсалуға қажетті шығындардың 50 пайызы полиция мен өрт сөндірушілерді ұстауға жұмсалды [80, 9 п.]. Ал Петропавлда 1899 жылы қала бюджетінің төрттен бірі полиция мен өртсөндірушілерді ұстауға жұмсалды, өйткені полиция орталық биліктің басты тәртіп сақтайтын құралы ретінде пайдаланылды, ал өртсөндірушілер осы қарастырып отырған уақытта өрттердің жиі орын алуына байланысты өте қажет болды. Ал қалалық білім беру мен денсаулық сақтау орындарына қаражат екі есе аз берілді. Патша үкіметі жергілікті қазақ даласында отарлық сипаттағы бірнеше әкімшілік-саяси реформаларды іске асырды. 1882 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы жабылып, Қазақстанның Ақмола, Семей жәнеТорғай облыстарын қамтыған, Дала генерал-губернаторлығының құрамына енді, оның орталығы болып Омбы қаласы бекітілді. 1891 жылы патша үкіметі өзінің Қазақстандағы билігін одан сайын нығайту мақсатымен "Ақмола, Семей, Торғай, Орал және Жетісу облыстарын басқару жөнінде ереже қабылдады", тарихта бұл реформа "Далалық ереже" деп аталды. Далалық ережеге сай қалаларда арнайы полиция бөлімдері құрылды.

Сонымен XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің құрылымы әлі де жеткілікті дәрежеде зерттелген жоқ, жалпы қарастырып отырған уақыт еліміздің тарихындағы аса күрделі, ақиқатты заманға сай зерттеуді талап ететін, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға іргелі өзгерістер әкелген, тарихи қайшылықты және ерекше өтпелі кезең болып табылады. Бұл кезең дәстүрлі қазақ қоғамының дағдарысқа ұшыраған уақыты, бұған дейін болмаған жаңа бай категориялары пайда болды, ал дәстүрлі қазақ қоғамында орын алып келген ақ сүйек және қара сүйек сословиелері өз маңызын жойды. Экономикалық өмірде капиталдың шоғырлануы, сауда буржуазиясының дамуы және ішкі сауданың дамуы сияқты көріністер орын алды. Қазақстанның солтүстік қалаларындағы өзін-өзі басқару ісін әртүрлі тұрғыдан қарастырып зерттеуге болады, оның әлі де терең зерттеуді талап ететін зерттелмеген белестері жеткілікті. Қазіргі кезеңде қалалардың дамуына көп көңіл бөлініп отырған уақытта, олардың тарихын жан-жақты зерттеп, жетістіктері мен кемшіліктерін сын көзбен талдай отырып, оның тиімді жақтарын қазіргі кезде пайдалану маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.

Сонымен қорыта айтқанда, Ақмола облысының уездік қалаларындағы қалалық өзін-өзі басқару жүйесі қызметінің, кемшіліктерін және ерекшеліктерін зерттеу, әсіресе қазіргі кезде жергілікті өзін-өзі басқару институттарын енгізу жағдайында өте маңызды болып табылады. Қалалардағы жергілікті өзін-өзі басқару ісі өз бастауын земство институтынан алады. Ал қазақ даласындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды беделді ақсақал мен ру басылар атқаратын болған. Ақмола облысының уездік қалаларындағы жергілікті өзін-өзі басқарудың жағдайы мен қызметі метрополиядағы қоғамдық-саяси жағдайға тікелей бағынышты болды. Мәселен, Ресей мемлекетінің ішкі істер министрі Столыпиннің Мемлекеттік Дума депутаттарына қарсы бағытталған репрессиялық іс-шараларынан кейін, онсыз да 1892 жылы қалалық Ережеге сай орталық билікке тәуелділігі күшее түскен қалалық өзін-өзі басқару органының қызметі тарыла түсті.

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарды зерттеп қазақ даласындағы басқару мәселесін арнайы қарастырған зерттеуші А.К.Гейнс патша үкіметінің қазақ даласында бекіткен басқару ережелерінің дәстүрлі басқару ұйымдарына үйренген қазақтар үшін жат бөгде нәрсе екенін айтып: "Қазақтар үшін бізге түсінікті де, нақты нәрселердің бәрі жабайы, жат болып табылады олар номадтық өмірдің өзіндік жағдайларында тәрбиеленгендіктен, еуропалық түрдегі азаматтық құрылыстың қарапайым идеяларын да түсінбейді. Аймақтық приказдардың қозғаған істері шексіз де сәтсіз созыла береді" [13, 109] деп жазады. XIX ғасырдың 60 жылдарындағы "Уақытша ережелерінде" қазақтардың өзін-өзі басқаруында қарапайым құқықтың сақталып қалуына осы ережелерді дайындауға қатысқан А.К.Гейнстің көп еңбегі сіңді, онда ол қазақтың дәстүрлі саяси институтына айналған сословиелік артықшылықтардың жойылуын, қарапайым халық аристократиялық қанаудан босатылады деп ақтайды ал шын мәнінде қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасып дәстүрге айналған әлеуметтік қатынастарының әлсіреуі отаршылдық саясатын нығайта түскен патша үкіметі үшін тиімді де, ұтымды құбылыс болды. Осы орайда зерттеушілер байларды дәстүрлі шаруашылық түрін жүргізуші бай мырзалар деп және саудамен айналысушы қалада тұратын буржуазияланған жаңа үлгідегі байлар деп түсіндіреді. А.К.Гейнс Ш.Ш.Уәлиханов сияқты тәуелсіз билер сотын қолдады, бірақ уақыт өте келе ол жер қатынастары мен некелік байланыстарды заман талабына сай ресми заңмен шешуді ұсынды. Сонымен қатар ол орталықтан келген шенеуліктердің уезд тұрғындарының материалдық жағдайына көп нұқсан келтіргенін жазады, өйткені осы уақытта тексеріспен келген немесе басқа да мақсатта қазақ даласына сапар шеккен орыс азаматы өз қалтасынан ешқандай шығын шығармаған, барлық жолшыбай туындаған қажеттіліктерін жергілікті қазақтар тарапынан қанағаттандырған.

Қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің қызметі әрқашан қалалар тарихымен тығыз байланыста болады, өйткені оның тікелей қызметі қалалардың жағдайын қамтамасыз етуге бағытталды. Оның тарихын талдап зерттеу бізге қалалардың тарихына қатысты көптеген мәліметтер береді, атап айтсақ қалалардағы білім беру жүйесінің, денсаулық сақтау мекемелерінің, қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жағдайдың дамуы жөнінде көптеген мәліметтер береді.

Тұжырымдай келсек, осыдан жүз жылдай бұрын әрекет еткен қалалық өзін-өзі басқару органдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген: қала бюджетін бөлу, қаланың мәдени өмірін жақсарту, тұрғындардың денсаулығы мен қаланың санитарлық келбетін қадағалап отыру. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай қоғамның өркениеттік бағытта дамуының айқын көрінісі болып табылады. Сондықтан қалалық өзін-өзі басқару жүйесінің тарихын зерделеп зерттеу маңызды мәселелердің бірі болып табылады.




Негізгі ұғымдар: қалалық ереже, земство, жергілікті өзін-өзі басқару, сайлаушылар, қалалық бюджет, қала басшысы, қалалық дума, қалалық қоғамдық банктер, қалалық шығындар, қалалық дума депутаттары, қалалық дума жиналысы, жекеменшік иелері.

Бақылау сұрақтары:

1. 1870ж. және 1892ж. Қалалық ережелердің айырмашылығы неде ?

2. Қалалық дума жиналысының қызметі депутаттардың қанша бөлігі қатысқан жағдайда өкілетті деп танылды ? депутаттардың үштен бірі қатысқан жағдайда ғана

3. 1870 жылғы Қалалық ережеге сәйкес қалаларда шешім қабылдайтын және бұйрықтар беретін қызметті қалалық думалар атқарды, ал атқарушы қызметті қандай орган атқарды ? қалалық басқарма атқарды

4. Қалалық қоғамдық банкке салымдарды кімдер сала алды және салынатын салымдардың ең төменгі көлемі қанша болды ? жеке адамдар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер сала алды, мұнда банкке салынатын салымдар 50 сомнан жоғары болу керек болды.

5. Қалалық дума отырысына өзге адамдарды шақыру үшін депутаттар кімнен рұқсат алды ? алдын-ала үш күн бұрын ол туралы қала басшысымен ақылдасты
2 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӨЛКЕНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ

2.1 Ақмола облысының уездік қалаларындағы сауда-саттықтың дамуы
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында солтүстік қалалардың экономикалық дамуы негізінен сауда-саттықтың даму деңгейімен анықталды. Өлкедегі сауда-саттықтың дамуына Ресейлік капиталдың Қазақстанға әсері және Сібір темір жолының салынуы сияқты үрдістер оң әсер етті [81, 12 б.]. Қазақ даласы мен Ресей арасындағы сауда байланыстары қазақ хандықтары дәуірінен басталады. Бұл жөнінде қазақ хандарының отарлық билік өкілдерімен алысқан хаттары мысал болады. 1779 жылы Абылай хан подполковник Роденге “... маған және менің халқыма Қасиетті Петр бекінісінде ұн айырбастауға рұқсат беруіңізді өтінемін,”- деп өтініш білдіреді [82, 142 б.]. Қазақстанның солтүстік қалалары біріншіден егіншілікпен айналысушы орыс шаруаларымен мал шаруашылығымен айналысушы қазақтарды өзара байланыстырып, мәдени – экономикалық қарым-қатынасын нығайта түсті; екіншіден ортаазиялық саудагерлер мен орыс саудагерлерінің өзара байланыстарға түсетін экономикалық орталықтар рөлін атқарды және үшіншіден қалалар өлкенің мәдени, экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуының көрсеткіші болды.

Патша үкіметі қазақтармен сауданың тиімділігін түсініп, орыс саудагерлерінің қазақ жеріне барып, сауда жүргізуіне көптеген жеңілдіктер жасады. 1831 жылы салықтарды жұмсарту жөнінде шешім қабылданды, 1845 жылы орыс саудагерлеріне қазақ даласына барып, сауда жасауға рұқсат берілді, ал 1860 жылғы реформадан кейін орыс саудагерлері қазақ даласында емін-еркін сауда ұйымдастыра алды солтүстік қалалар ішкі сауда жүйесі мен сыртқы сауда жүйесінде де маңызды болды. Сауданың дамуы бекіністердің қала болып қалыптасуына оң әсер етті. Өйткені дәл осы қалаларда сауда жүргізіліп, ондағы тауарлар еуропалық Ресейге, Орта Азия елдеріне және басқа да алыс және жақын шетелге жөнелтілді [58, 291 б.]. Бұл қалалардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени-демографиялық дамуына әсер етіп, оның саяси - әкімшілік жағдайының артуына мүмкіндік туғызды.

Кеңес дәуіріндегі зерттеуде экономикалық саланы зерттеген зерттеушілер социалистік догматиканың нұсқауларына сай қазақтар капиталистік қатынастарға жетпей, жартылай феодалдық өмір салтынан большевиктердің арқасында дамыған социалистік құрылысқа өтті деп пайымдалғандықтан, алғашқы қазақ ұлттық буржуазиясының қалыптасуы сияқты күрделі тарихи зерттеулерді талап ететін мәселелер жабулы қазан күйінде қала берді. Алғашқы кәсіпкерлікпен айналысқан жергілікті халық өкілдері тарихшылар тарапынан әртүрлі қарастырылған, бұл қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан жаңа әлеуметтік категория Б.Сүлейменовтың еңбегінде кулактар немесе жаңа үлгідегі байлар, А.Н.Нүсіпбековтың еңбегінде жартылай феодал байлар [83, 15 б.], ал Бекмахановтың еңбегінде тауарлы-капиталистік қатынастармен шырмалған жаңа байлар деп аталды. Буржуазия деген сөздің мағынасына тоқталсақ, ортағасырларда Еуропа елдерінде “буржуа” деп қала тұрғындарын немесе жаңа үлгідегі адамдарды атаған [84, 179 б.], демек капиталистік қатынастармен шырмалып, малшаруашылығымен қатар тауарлы егіншілікпен және алыпсатарлық саудамен айналысып қалаларға қоныстана бастаған капиталистік сұрыптаудан өткен қазақ белсенділерін алғашқы ұлттық буржуазия өкілдері деп атауымызға әбден болады. 1897 жылы жалпы қазақ даласында саудамен айналысқан 40 мың адам болған және оларға көпестер гильдиясына кіруге, әскери қызмет атқаруға, ішкі аймақтар болып саналатын Омбы, Петропавл, Семей және Өскемен қалаларында тұруға рұқсат берілді [85, 188 б.]. Алғашқы рет саудамен айналысушы жергілікті халықтан шыққан саудагерге қалаларда икемді салық жүйесі енгізілді.

Жергілікті өлкедегі сауданың дамуына оң әсер етіп, қазақ саудагерлерін Ресейдің ішкі аудандарында орналасқан зауыт-фабрикалармен байланыстырып, оларды жалпыресейлік нарық жүйесіне қамти түскен темір жол көлігінің дамуы Қазақстанның экономикалық өміріндегі маңызды іс-шаралардың бірі болды. 1874-86 жылдары Орынбор темір жолы іске қосылады, ол 1890 жылдары Сібір темір жол желісінің бір бөлігі Ақмола облысының территориясын басып өтеді. Осыған орай өлкеде тауар айналымы өсіп, транзиттік сауданың көлемі ұлғаяды [86, 88 б.]. Бірталай жылдар қазақ-орыс қарым-қатынасын зерттеген Н.В.Алексеенко: “Орыстар мен қазақтардың ең алғашқы байланыстары сауда байланыстары болды” деп тұжырымдайды [87, 13-14 бб.].

Л.К.Чермак XIX ғасырдың аяғындағы қазақ егіншілері арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің орын ала бастағанын анықтайды. Зерттеуші Атбасар қаласының маңында қоныстанған жергілікті қазақтардың тұрмысын, өмір салтын зерттеп, олардың Шу өзенінің алқабына дейін көшіп-қонып жүретінін анықтаған. Л.К.Чермактың бұл мәліметі 1897 жылы келтірілгенін ескерсек, зерттеушінің бұл құбылысқа көңіл аударуы орынды, өйткені аталған уақытта жергілікті қауым өздерінің дәстүрлі көштерінен айырылғанды. Көшпелі қауым барлық қажеттіліктерін Атбасар қаласындағы сауда орындарынан табатын, олардың аздаған бөлігі сирек болса да, кейбір жағдайларда қалаларда қалып отырды, мұндай адамдар жалдамалы жұмысқа жалданатын қалалар шетіндегі қазақ қоныстарын құрады. Ал мал саны шектелген қазақтар ішінара мал шаруашылығымен айналысып қосымша табыс табумен де айналысты, олар қалаларда орналасқан кәсіпорындардың тапсырыстарын орындаумен және ортаазиялық саудагерлердің жүктерін жәрмеңке ұйымдастыратын жерлерге жеткізіп тұрумен айналысты [19].

Алғашында өлкедегі сауда қатынасы негізінен айырбас ретінде жүргізілді. Мұнда жергілікті қазақтар үшін ақша эквиваленті рөлін бір жылдық қой – сек атқарды. Орыс зерттеушісі Г.Колмогоровтың айтуына қарағанда қазақтар секті 70 тиынға өткізетін болған [11, 27 б.], ал осы уақытта ересек қойдың бағасы күміспен 1 сом 50 тиынды құраған, жалпы жергілікті қазақтар саудаға мал мен малшаруашылық өнімдерін айырбасқа түсірген. Жергілікті қазақтардың айырбас сауда жүргізуіне шаруашылықтың натуралды түрі әсер етті, мұндай саудада кім не өндірсе соны айырбасқа түсіретін болды. Мысалы: орыс шаруалары мен саудагерлері астық және қазан сияқты темірден жасалған ыдыс-аяқты және тағы да басқа зауыттық-фабрикалық өнімдерді; ортаазиялық саудагерлер шай, жібек мата басқа да өнімдерді; ал жергілікті қазақтар негізінен мал мен малшаруашылық өнімдерін айырбасқа түсірді. Қазақтардың сауда эквиваленті рөлін атқарған бір жылдық қойы сегі туралы Ақмола облысының 1907 жылғы есебінде мынадай мәлімет берілген: “Қой – көшпелі қырғыздың (қазақтың-М. У.) негізгі байлығы, осы қоймен ол өмір сүру барысында туындайтын қажеттіліктерін қамтамасыз етеді және ол саудада құн өлшемі қызметін атқарады. Қандай да болсын басқа жануар, мысалы, жылқы, ірі қара және түйе қойдың санымен бағаланады... Қырғыз қойы өте үлкен денелі, сүйектері жақсы дамыған, ыстық пен суыққа төзімді...” [88, 20-21 бб.].

Зерттеліп отырған уақытта сауданың үш түрі жүргізілді: саудагерлердің қазақ ауылдарын аралап жүргізетін жылжымалы-айырбас сауда, кезеңдік немесе арнайы бір белгіленген уақытта жүргізілетін жәрмеңкелік сауда және негізінен қалаларда шоғыранған белгіленген сауда орны бар тұрақты сауда [89, 51 б.].

Капиталистік қатынастардың Қазақстан жеріне тереңдеп енуінің нәтижесінде қазақ даласында айырбас саудамен қатар тауар-ақша қатынастары орын ала бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін айырбас сауда бүкіл қазақ даласын қамтыды және ішкі сауданың дамуына әсер етіп, тауарлы-ақша қатынасының дамуына негіз болды. Қазақтар алғашында Сібір казактарымен сауда қатынасына түсті, бұл жөнінде Сібір казак әскерінің тарихшысы Ф.Усов былай жазады: “Орыс-қазақ айырбас саудасы жыл бойы тұрақты түрде барлық орыс қоныстарында жүргізілді. Әрбір казак қонысы олар үшін сауда орталығына айналды. Қазақтар айырбас үшін малдарын, тері-жүндерін т.б. малшаруашылық өнімдерін әкеліп, оны осы жерде нан, шай, қант, мақта өнімдеріне, әшекей заттарға айырбастап алады. Айырбасталатын тауарлардың ішінде астық өнімдері басым болды” [90, 25-26 бб.]. Қазақ-орыс айырбас саудасы жөнінде А.И.Левшин: “Қырғыздар (қазақтар-М.У.) өздерінің өткізген мал мен басқада шикізат түрлерінің орнына Ресейден әртүрлі темір, шойын және мыс бұйымдарын, мысалы, қазан, ертоқым, қайшы, балта, шалғы, құлып, барқыт, жібек маталары, сандық, кішкентай айналар, иіскейтін темекі, ұн алады” [15, 394 б.].

Қазақ даласындағы айырбас сауданың өркендеуіне орай өсімқорлық кең етек алды. ХІХ ғасырдың ортасында орыс саудагерлерінің едәуір бөлігі жергілікті тұрғындарға тауарларын белгілі мерзімге дейін өспелі қарызға беріп отырды. Бұл туралы Сібір өлкесін зерттеуші Н.Красовский былай деп жазады: “Саудагермен қатар егін шаруашылығымен айналысатын казактарда қырғыздарды (қазақтарды-М.У.) алдап-арбау арқылы күн көреді. Олар саудагерлерден келісім арқылы тауарлар алып, оны қырғыз (қазақ-М.У.) ауылдарына белгілі мерзімге дейін таратып беріп, бірнеше еселеп байи түседі. Мұндай өсімқорлықтан татар саудагерлері де қалыспай орыс көпестерінен де артық байиды” [9, 244 б.].

ХІХ ғасыр ортасынан бастап қазақ даласындағы саудада ақша қарым-қатынасының рөлі арта түсті. Ақшамен сауда жасау, әсіресе, қазақтарға тиімді болды. Сауданың осы түрі арқылы олар әр аймақтардағы тауардың нақты құнын біліп отыруларына мүмкіндік алды. Нәтижесінде өз малдарының, оның өнімдерінің нақты бағасын анықтауға жағдай жасалды. Ақша арқылы қажетті тауарға алдын-ала сұраныс жасауға мүмкіндік пайда болды. Ақша алғашқы айырбас сауда кезінде кең таралған ақша эквиваленті секпеп салыстырғанда сақтауға да өте тиімді болды, жұт, ұрлық пен барымта кезінде көптеген мал шығынға ұшырайтын. Ақшаның сатып алу қабілетінің тұрақтылығы жергілікті халықтың малдарын, оның өнімдерін өздеріне тиімді бағаға және қолайлы кездерде сатуларына да жағдай жасады. Нәтижесінде қазақ жері біртіндеп Ресейдегі капиталистік қарым-қатынастар кеңістігіне еніп, ірі сауда ақша қарым-қатынастарының орталығына айналды. Уақыт өткен сайын сауданың көлемі артып, оған қатысатын халықтың саны да арта түсті. Осы арқылы тауар-ақша саудасы жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірінен кең орын алды.

Енді осы кезеңнен бастап қазақ-орыс сауда қатынасында айырбас құралы Ресей рублі және ішінара Орта Азия монеталары болды. Батыс Сібір сауда басқармасының көрсетуінше Орта жүз қазақтары орыс ақша белгілерін пайдаланып, несиелік билеттер ала бастаған. Жергілікті халықтың сауда қатынастары барысында ақшаны пайдалануы 1рубль 50коп. құраған мемлекеттік салықты төлеуін жеңілдетті. Бұл көріністер қазақтардың ішкі саудасына капиталистік қатынастардың енгендігін көрсетеді. Осының нәтижесінде Ресейдің Қазақстанмен сауда қатынастары, оның Орта Азия мемлекеттерімен саудасынан едәуір артық болды.

Қазақ даласындағы саудада ақша қатынастарының кең таралуы өлкедегі қалалардың сауда-экономикалық маңызын одан сайын арттырды және солтүстік қалалардың дамуы арқылы бүкіл өлкенің капиталистік дамуы анықталды. Енді қазақтар өздерінің малдарын ақшаға сату үшін қалаларда орналасқан жәрмеңкелер мен тұрақты сауда орындарына әкелетін болды. Әсіресе, Омбы мен Петропавл сияқты теміржол торабында орналасқан қалаларда өте көп мөлшерде мал сойылып, оның еті, майы және терісі шикізат ретінде бүкіл Ресей қалаларына жөнелтілді. Петропавл қаласынан жіберілген осындай шикізаттың көлемі 1900 жылы 3504 мың пұтты құрады [91, 245 п.]. Жергілікті жерде өңдеу кәсіпорындарының жеткіліксіздігінен мал өнімдерінің басым көпшілігі Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді. Мал терілерін одан әрі өңдеп, ұқсату мақсатында Тобыл губерниясы зауыттарына, ал жылқының қылы, терілері мен қойдың, түйенің жүндері Макарьев жәрмеңкесіне жеткізіліп бүкіл Сібірге таратылды. Мысалы, бүкіл Ресейге белгілі орынбор түбіт шәлілері қазақ даласынан жеткізілетін шикізаттан жасалынатын болған. Малға және мал шаруашылығы өнімдеріне ауыстыру мақсатында Ресей қазақ даласына негізінен мануфактуралық заттар мен астық, металл тауарларын шығарды деген деректер келтіреді қазақ-орыс арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасты зерттеген Ғ.Қарасаев [87, 18 б.].

Орыс саудагерлерінің қазақ даласында жүргізген саудасы отарлық сипатта жүргізілді және өлкеде сатылған тауарлардың көпшілігі сапасы жағынан төмен болды деп тұжырымдайды өз ойын А.Тетерниковтың деректеріне сүйеніп зерттеуші Қ.Қ. Абуев [44, 63 б.].

Қазақ жеріндегі сауданың дамуына байланысты өлкедегі қалаларға көптеп орыс көпестері тартыла бастады. Олар жергілікті жерде сауда қатынастарын жүзеге асыру үшін қазақ тілін жақсы білетін татарлардан немесе қазақтардан өздеріне білгір мамандар жалдайтын болды.

Жергілікті жердегі сауда қатынастарын реттеу мақсатында арнайы кеден бекеттері ашылды, олардың міндетіне саудагерлерге арнайы құжаттар беру және қазақ даласына оқ-дәрінің және басқада қару-жарақ түрлерін таратпау қызметі енді. Петропавл мен Омбы қалалық саудагерлеріне ортаазиялық елдермен сауда жүргізуде көптеген жеңілдіктер жасалды. Бұл қалалардың едәуір экономикалық дамуы осы себептерге де байланысты болды, ондағы өткен сауданың айналымы жылдан-жылға артты, оны 1848 жылдан 1851 жылдың 1 қаңтарына дейінгі Сібір аймағының кедендік бекеттерінің есебінен көруге болады (1 кесте) [92, 16 б.]:
1 кесте - Сібір аймағының кедендік бекеттерінің есебі

Қалалар





1848 жыл

1850 жыл

1851 жыл

Петропавл

80027, 72 руб

91932, 97 руб

150555, 60 руб

Омбы

4458, 9 руб

2557, 4 руб

3971, 87 руб

Ескерту: М.З.Утегенов Ақмола облысының экономикалық даму тарихынан // Жоғары оқу орындары аралық хабаршы. Петропавл, 2004. - Б. 16



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет