Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.68 Mb.
бет5/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Негізгі ұғымдар: жергілікті өнеркәсіп буржуазиясының қалыптасуы, шикізат көзі, кеніштер, кен орындары, жұмысшылар тобы, жатақтар, жұмыс күші, зауыттық-фабрикалық өнімдер, малшаруашылығы өнімдері, тау-кен өнеркәсібі, жергілікті капитал.
Бақылау сұрақтары:

  1. Жергілікті өнеркәсіп дамуының негізгі ерекшеліктерін атаңыз ?

  2. Жатақтар дегеніміз кімдер ?

  3. Жергілікті өнеркәсіптің дамуы қандай салалардан тұрды ?

  4. Кеніштерде еңбек еткен қазақ жұмысшыларының әлеуметтік жағдайы қандай болды ?

  5. Өнеркәсіптік дамудағы қайшылықты деректерді талдап, өз ойыңызды білдіріңіз ?


3 АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ УЕЗДІК ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУЫ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРАМЫ

3.1 Ақмола облысының уездік қалалары тұрғындарының қалыптасу тарихы мен әлеуметтік, этникалық және діни құрамы
Қалалардың экономикалық және мәдени дамуының негізгі жасампазы оның тұрғындары болғандықтан, олардың қалыптасу тарихын, шаруашылық-экономикалық дамуын, мәдени дамуын, әлеуметтік, діни және этникалық құрамын зерттеу қалалардың жан-жақты дамуы жөнінде барынша тиянақты әрі толық мәлімет береді. Қазақстанның солтүстік қалаларының әлеуметтік-мәдени дамуының шешуші факторы болған тұрғындардың қалыптасу тарихы жалпы өлке тұрғындарының қалыптасу тарихымен тығыз байланысты.

ХХ ғасырдың басындағы облыс тұрғындарының құрамы қазақтармен орыстардан тұрған екі ірі этнографиялық топпен анықталды. 1915 жылдың 1 қаңтарында Ақмола облысындағы орыс шаруаларының саны 729266 адамды құрады [118, 6 б.]. Орыс шаруалары облыстың 5 млн. астам десятина жерін қоныстанған. Олар негізінен Омбы уезінің солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерін, Көкшетау уезінің шығыс бөлігінен басқасын, Атбасар уезінің солтүстік бөлігін және Ақмола уезінің солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа дейінгі бөлігін қоныстанған.

Ақмола облысының казак тұрғындарының саны 1914 жылы 111299 адамды құрады, олардың меншігінде 2550523 десятина жер болды. Сібір казак әскерінің территориясы негізінен Омбы және Петропавл уездерінің солтүстік бөлігінде, Сібір темір жолының бойында, Ертіс жағасындағы 5 ірі учаскеде және Атбасар мен Ақмоланың айналасында шоғырланды.

Жергілікті территорияның тұрғылықты тұрғындары қазақтардың саны 1914 жылы 574498 адамды құрады, олардың ішінде 531507 адам көшпелі өмір сүрсе, ал 42991 адам станицалар мен қалаларда тұрып отырықшы өмір салтын кешті [118, 7 б.].

Қазақтардың шаруашылықтары мен ауылдары облыс ауданының 3 млн. десятина жерін қамтып жатты.

Сонымен ХХ ғасырдың басында Ақмола облысында жер көлемі мен саны жағынан ең көп тұрғындарды орыс шаруалары құраған, олардан кейін қазақтар мен казактар тұрды.

Казактар мен орыс шаруаларының Солтүстік Қазақстанға қоныстану тарихына үңілетін болсақ, алдынғылары әскери отарлау кезінде қоныстанса, кейінгілері азаматтық отарлау тұсында қоныстанған. Патша үкіметінің азаматтық отарлау саясатының өзі 2 кезеңнен тұрған:


  1. Еркін түрде, өз беттерімен қоныстану;

  2. Заңды түрде, қонысаудару қоғамдарының көмегі арқылы қоныстану.

Қоныс аударуға ниет білдірген адамдардың негізгі бөлігі Сібір қалаларының мешяндарынан және Ақмола облысына жақын орналасқан Тобыл, Қорған және Есіл губернияларының шаруаларынан тұрды. Бұл губерниялардың шаруалары тым экстенсивті, тағылық сипаттағы егіншілікпен айналысқан соң олардың егіншілік алқаптары құнарсызданып, олар жаңа жерлерді іздеструге мәжбүр болған [58, 155 б.]. Әдетте қоныс аударуға ниет білдірген шаруалар болашақ қоныстанатын жерлеріне өздерінің өкілдерін жіберетін болған, олар өз тілдерінде "ходоки" деп аталған (сөзбе-сөз аударғанда-жүргіншілер). Олар жергілікті жердің топырағының құнарлығына көз жеткізу үшін қазақтардан жерді жалға алып жердің құнарлығына көз жеткізген соң, олар осы жерді заңды түрде бірнеше жылға жалға алатын болды. Бірақ мұндай жүргіншілерді жібермей бірден өздері қоныс аударған адамдар да болды, олардың санасында жаңа жер, ертегідегідей молшылық пен байлық және шексіз бақыт сияқты ұғымдар ерекше орын алды. Мұндай салыстырмалы көзқарастар Американы жаулаған еуропалықтардың санасында үстем болған. Ал осы уақыттағы Ресейдің Шығысқа жылжуы қарапайым орыс шаруаларының бойында ғажайып Беловодье деген елге сенімді өршітіп жіберді. Беловодье сияқты фантастикалық эльдорадоны іздестіру арқылы қарапайым адамдар нақты өмірдің шындығынан қашуға тырысады деп түсіндірген ХІХ ғасырда өмір сүрген профессор Шмурло сияқты орыс ғалымдары [58, 168 б.].

Қоныс аудару үрдісін арнайы зерттеген А.К.Кауфман орыс шаруаларының Ақмола облысына қоныстануы жөнінде мынандай мәліметтер келтіреді: "Орал тауларынан асып өткен қоныс аударушылардың бір бөлігі Ақмола облысының далалық өлкесіне қоныстана бастады. Олар мұнда да жерлерді жалға алған болып, кейін сол жерлерге түпкілікті қоныстанатын болды. Олар негізінен Тобыл губерниясымен шекаралас Петропавл уезі мен Көкшетау уезінің ең жақсы саналған орталық бөлігіне қоныстанды. 1891-1892 жылдары қазақ даласына еркін қоныс аударған орыс шаруаларының поселкілері үкімет тарапынан ресми мойындалып арнайы егіншілікке қолайлы жерлермен қамтамасыз етілетін болды" [26, 33 б.]. Сонымен қатар Кауфман мемлекеттің қонысаудару үрдісін реттеу әрекеттерінің сәтсіздікке ұшырағандығын атап өтеді. Мұндай жағдайда үкімет шаруалардың стихиялы қоныстану үрдісіне тыйым сала алмағандықтан мөлшерден тыс көп пайда болған орыс шаруашылықтарын жермен қамтамасыз етуге тырысқан [26, 33-34 бб.].

Батыс Сібірді зерттеп іргелі еңбек жазған И.Завалишин казактар мен орыс шаруаларының Ақмола облысындағы қоныстарының аралас орналасуын, олардың егіншілікке қолайлы жерлерге қоныстануымен түсіндіріледі деп көрсеткен: "Көкшетау, Айыртау, Имантау, Сырымбет мекендері қырғыз даласының бұл бөлігіндегі қоныстануға ең қолайлы жерлер болып табылады. Сондықтан мұнда казактармен қатар орыс шаруаларыда көптеп қоныстануда" [10, 136].

Т.Седельников қазақ жеріне қоныстанған казактар мен орыс шаруалары жөнінде былай жазады: "Егер де бұл отаршылдар аздап мәдениетті болған жағдайда өлкенің өмірі Солтүстік Америкадағыдай дамыған сатыда болар еді. Сібір казагі егіншілік сияқты қара жұмыстан өзін алыс ұстайды және өзін патшаның жалшысы деп санайды, ал егіншілікпен айналысатын орыс шаруаларын жермен алысатын мұжықтар деп атайды". Зерттеуші сонымен қатар қоныстанған орыс шаруаларының тұрмысын талдап оның шаруашылық қабілеттеріне жоғары баға береді. Т.Седельников қоныс аудару басқарамасының шенеулігі ретінде қазақтардың дәстүрлі шаруашылық түрін өзгертіп егіншілікпен және басқа да қосалқы кәсіпшіліктермен айналысуын жердің азаюынан деп дұрыс жаза отырып оны прогресивті құбылыс деп суреттейді [12, 10 б.]. Ал қазақтар өмірінде аздаған уақыт ішінде орын алған өзгерістердің зардаптары көңілге алынбайды.

Қазақ даласын ендігі кезекте казактармен емес шаруаларымен отарлау керек деп хабарларды Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Казнаков өзінің 1875 жылғы есебінде [58, 156 б.]. Өйткені оған дейін қазақтар тек қағаз жүзінде ғана тәуелді болды, ал іс жүзінде олар әкімшілік орталықтардан алыс қашықтарда көшіп жүргендіктен орыс халқының ықпалын сезбейді. Ал олармен көршілес казак станицалары саны жағынан аз болғандықтан және құрамы біркелкі болғандықтан, олар қазақтарға мәдени әсер етпек түгелі, олар тіпті өздері жергілікті халықтың тілін, әдеп-ғұрыптарын меңгеретін болды.

Жергілікті өлкені таза егіншілік элементі шаруалар мен қоныстандыру мәселесін көтере отырып, генерал-губернатор Казнаков жаңа отарлау түріне үлкен мақсаттар қояды. Бұл отарлауды Казнаков "ақырын" отарлау принциптері негізінде жүргізуді ұсынады: "Көшпелі тұрғындарға қысымшылық көрсетпей қазақ даласында отырықшы тұрғындарды қоныстандыру қажет. Ал орыс халқының қырғыздармен (қазақтармен-М.У.) жиі орналасуы олардың мінез-құлқын жұмсартатын құрал қызметін атқаратын болады" [58, 156 б.]. Генерал-губернатордың ұсынысы орталық билік тарапынан қолдау тауып, шаруаларды қоныстандыруды ұйымдастыратын Батыс Сібір басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссия қысқы уақытта жергілікті өлкені зерттеп болғаннан кейін, өлкені отарлау жөніндегі арнайы ережені жасауға міндетті болды. Ереже жасалғаннан кейін комиссия мүшелері мен уезд басшылығы шаруаларды қоныстандыруға қолайлы жерлерді іздестіруді бастайды. Жергілікті уезд басшылары комиссия құрамына қазақтардың мүддесін қорғау үшін қосылғанымен, олардың нашар, немқұрайлы жұмысының салдарынан облыстан келген комиссия мүшелері көп жағдайда қазақтардың қоныстанған жерлерін нақты білмегендіктен, олардың жерлерін орыс шаруаларына бөліп беріп отырды. Бұл жағдайда комиссияның ең басты міндеті шаруаларға жер тауып беру болды, бірақ олар отарлаудың осы түрін ұсынған генерал-губернатор Казнаковтың "қысымшылық көрсетпей ақырын" деген сөздерін естен шығарып алды. А.К.Кауфманның мәліметтеріне сүйенсек, жергілікті қазақтардың мүддесін қорғауға міндетті болған уездік басшылар керісінше "жартылай отырықшы қазақтардың жерлерін әртүрлі қысымшылықтар арқылы орыс шаруаларына тартылып берілетін болды" және де қоныс аударушыларға жаңа жерлерде жан-жақты көмек көрсетілетін, тіпті ақшалай көмек көрсету барысында бас штабтың қорларынан да қаражат бөлінді деп жазады зерттеуші [26, 32 б.].

Осылайша 1879 жылы Көкшетау уезінің 2 учаскесінде 164 адамнан тұрған поселоктар құрылып, ондағы әрбір адамға 30 десятина жерден берілді. Ал 1880-81жылдары Көкшетау уезінде 435 ер адамнан тұрған 9 участокқа шаруалар қоныстандырылады. 1882 жылдары шаруаларға бөлінетін жердің көлемін 15 десятинаға дейін қысқартады, өйткені жерлердің аздығынан арнайы комиссия мүшелері шаруаларға өз жанұяларын асырау үшін 15 десятина жер көлемі де жеткілікті деп шешім қабылдайды. 1882-84 жылдар Атбасар уезінде 9 учаске қоныстандырылады, ондағы ер адамдардың саны 210 адамды құраған.

Жаңа қонысаударушы орыс шаруаларына төмендегідей жеңілдіктер көрсетілді: 1) жер учаскесін таңдау құқы берілді; 2) алым-салықтардан босатылды; 3) бастапқы көмек ретінде әрбір үйге 100 түп пен 20 руб.тегін берілді және ауылшаруашылық құрал-жабдықтары мен мал сатып алу үшін 20 руб. қайтарымсыз берілетін болды [58, 157 б.]. Уезд басшылары жергілікті қазақтардың шаруашылығын көшпелі деп көрсетіп, олардың жерлерін қонысаударушыларға бөліп беріп отырды, бірақ қазақтардың жартылай отырықшы шаруашылық жүргізгендігі жөнінде А.К.Кауфман мәліметтер келтіреді: "Шаруаларға қолайлы жерлерді қарастыру барысында ең бастысы жергілікті тұрғындардың құқықтарын сақтау керек... Бірақ шын мәнінде қырғыздар (қазақтар-М.У.) таза көшпелі өмір салтын көшуден ауытқи түскен; олардың қыстақтары, шөп алқаптары мен егіншілік алқаптары едәуір жиі орналасып, ең шұрайлы жерлерді қамтыды" [26, 230 б.]. Қоныс аудару қоры орыс шаруаларына жаңа жерлерде барлық жағдайларды жасауға тырысқанымен, жергілікті әкімшілік тарапынан да бірқатар қиындықтар көрді, әсіресе құнарлылығы мол жерлерді бөлу барысында мұндай құбылыстар айқын байқалды. Қазақстанның солтүстік қалаларының алғашқы тұрғындарының құрамында казактар басым болды. Өйткені олардың патша алдындағы тікелей әскери міндеті қазақ жерінде әскери бекіністерді тұрғызып, біртіндеп оңтүстік шекараны кеңейту болды. Бірақ кейбір әдебиеттерде арнайы арандатушылық мақсатпен казактар этнос ретінде көрсетіліп, Қазақстанның солтүстік қалалары олардың этникалық мекені деп қарастырылады. Мұндай келімсек бірлестікті жергілікті этнос ретінде көрсетуге тырысқан адамдар нақты тарихи ақиқатты бұрмалап, халықтың санасына негізсіз ұйғарымдар енгізеді. Шын мәнінде "казачество"- бұл түріктің қазақ немесе ескіше казак деген сөзінен шыққан жинақтаушы анықтама болып табылады. Орыс тіліне бұл сөз еркін, басы бос, басыбайлы емес, жолы болғыш және салт атты жауынгер атауы ретінде енді деп түсіндіреді тарихшы А.С.Елагин [118, 6 б.]. Ал қазан төңкерісіне дейінгі Ресейдің көрнекті тарихшысы Василий Осипович Ключевский казачествоның пайда болуы жөнінде былай деген: "Казачество кезінде бүкіл Руське таралған орыс қоғамының тобын құрады. XVI ғасырда казактар деп тұрғылықты мекен-жайы мен белгілі кәсібі жоқ, жалдамалы жұмысшыларды атаған. Казактың жалпы ұғымы мен мағынасы осындай болды. Кейін бұл үйсіз-күйсіз топқа Мәскеу Русі еркін адамдар немесе еріктілер деген атақ берді. Олардың едәуір дамуына Русьтің оңтүстік аймақтарындағы жағдайлар әсер етті. Казактардың даламен көршілес болуы, олардың ерекше сипатының қалыптасуына жағдайлар жасады" [119, 98 б.].

Сонымен казактар белгілі бір жері бар халық емес, олар патшаның тапсырмасы бойынша белгілі бір жерлерді күзетіп, өздері сол жердің атына байланысты аталатын болды. Мысалы: Дондық, Кубандық, Терлік, Астрахандық, Забайкальелік, Амурлық, Уссурийлік, Оралдық, Орынборлық, Жетісу және Сібір казак әскерлері. Осылардың соңғы төртеуі Қазақстан жерінде орналасты [44, 43 б.], ал Сібір казак әскері 1808 жылы Орта жүздің солтүстік-шығыс бөлігінде құрылды [119, 35 б.]. Сібір казактарының құрамы көп жағдайда башқұрттар, орыс шаруалары, қалмақтар, татарлар, украиндар мен белорустар тарапынан толығып отырды. Олар қазақтармен араласпауға тырысқан, өйткені олар қазақтар олардың әскери өнерін меңгеріп алып өздеріне қарсы шығады деп сескенді. Олар тек қазақтың жас балалары мен қазақ әйелдерін сатып алып отырды. Мұнда қазақ балалары кәмелет жасқа толысымен бірден казактар қатарына жазылатын болды. Ал казактардың қазақтардан әйел алу жағдайлары өте жиі байқалатын болған, олар тіпті қазақ тілін меңгеріп ауылдарға келіп қыз алып қашу дәстүрін де пайдалатын болған. Казактардың бірнеше әйел ауыстырып, тіпті қазақтардан да әйел алып күнәға батып жатыр деп Тобыл митрополиті бірнеше рет Мәскеуге жүгінген [58, 185 б.]. Казактар 33 жыл бойы патшаға қызмет ететін болғандықтан олар орыс шаруаларын жермен айналысатын мұжықтар, ал қазақтарды тіпті де иттер деп атаған [58, 188 б.]. Ал Г.Е.Катанаев казактар мен қазақтар жөнінде былай жазған: "Мұжық - ол мұжық болып қала береді, ал казак ылғи да казак, патшаның жалшысы: біреуінде үй тұрмысы, біреуінде әскери қызмет: біреуі жер жыртуға тиіс, ал біреуі қару ұстау керек. Біз бәріміз тегіс әскери атақ иелеріміз. Осыдан кейін қалай бізді мұжықтармен немесе қырғыздармен (қазақтармен-М.У.) салыстыруға болады. Қырғыз ол қара жұмысты орындағандықтан қырғыз. Ал мұжықтың қармақ сияқты қолдары соқамен жүру үшін арнайы жасалған [120, 1-36 бб.]."

Патша үкіметі казактарды арнайы әскери сословие дәрежесінде ұстағандықтан, оларға ең шұрайлы жерлер берілді. Сондықтан көптеген халық өкілдері казактар құрамына жазылып отырған: "Казактар құрамына, олардың негізгі бөлігін құраушы великоростардан басқа: малорустар (6% жуық), мордвалар (5%), белорустар (3%), қырғыздар (1%), татарлар (1%) және черемистер, чуваштар, пермяктар, вотяктар, зыряндар. Бірақ бұл тайпалар айтарлықтай дәрежеде өздерінің ұлттық сипатын жоғалтып, негізгі халық великоростармен толық ассимилизацияланған [58, 195 б.]. Дегенмен қазақтар құрамына тіркеліп жазылған халық өкілдері казачествоға өзіндік ерекшіліктер енгізді, әсірісе киім үлгілері мен ұлттық тағам түрлерін: "Күнделікті костюмдері бешмет немесе қырғыздікінше (қазақтың-М.У.) тігілген қысқа жеңді халат, әдетте олар түрлі-түсті жалпақ белбеумен буылды. Халаттың түсі көбінесе қоңыршылт немесе қырғыз (қазақ-М.У.) стилінде-оюлармен және гүлдермен безендірілді. Қысқы киімдері қойдың терісінен жасалған-тондар, аяқтарында қойдың жүнінен басылған-пималар, ал бастарында татардікінше- бағалы теріден тігілген, тымақтар және кейбір жағдайларда қырғыз (қазақ-М.У.) малақайы" [58, 189 б.].

Сібір казактарының әскери жабдық-саймандар жылқы сатып алулары үшін 150-200 руб. көлемінде қаржы қажет болғандықтан, олардың тұрмыс-тіршілігінің негізгі сипаты қарақшылық өмір салтымен байланысты болды, оны Рылеев сөзін жазған: "Ермактың өлеңінен" көруге болады:

Қарақшылық соғыстарда байлық тауып,

Өзінің өмірін аямаған.

Қасиетті Русь үшін өлерде

Ол туралы ойлар ме екен?

Бұдан көретініміз патша үкіметі үшін ерекше әскери сословие болған казактар қарапайым жалдамалы қарақшы-жауынгерлер, ал патша үкіметі оларды алым-салықтардан босатып бағынышты халықты бағындырып ұстайтын күш ретінде пайдаланды. Сондықтан Қазақстанның Солтүстік өлкесіндегі қалалардың алғашқы тұрғындары құрамында казактар көп болды, олар патшаның әскери отарлау саясатын іске асырып бағынышты өлкеде жергілікті тұрғындарға айналу керек болды. Казактардың қазақ жерінде қандай жағдайда пайда болғаны жөнінде "Россия" жинағында мынандай мәлімет кездеседі: "ХVIII ғасырдың аяғында Қырғыз (қазақ-М.У.) өлкесінің айтарлықтай бөлігінің көшпелілері орыс билігін мойындап орыс жерлерінде көшіп-қонып жүрді. ХІХ ғасырдың басынан үкімет жаулап алынған жерлерді нығайту үшін көптеген шараларды жүзеге асырды: ол Омбы, Петропавл және Семей қалаларында жергілікті тұрғындарды қалыптастыруға тырысты. Осындай мақсатпен 1808 жылы жергілікті шептік казак әскері құрылды. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары казак әскері қазіргі Көкшетау уезінің ең жақсы таулы бөлігін басып алып, қазіргі Ақмола, Көкшетау, Баянауыл және Қарқаралы тұрған жерде пайда болды. Казактармен қатар қазақ даласына орыс өнеркәсіп адамдары да енді, олар онда алтын, күміс және мыс кендерін өндірумен айналысты" [58, 152 б.].



ХХ ғасырдың басында Ақмола облысының бес қаласында барлығы 92 мың тұрғындар болған. Қалалар тұрғындарының санының өсуіне олардың бекіністер ретінде пайда болып, біртіндеп маңызды саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағарту орталықтарға айналуына байланысты жүрді. Қалалардың экономикалық маңызының артуына байланысты, онда көптеген өнеркәсіппен және саудамен айналысатын орыс, татар, қазақ, еврей және ортаазиялық халық өкілдері қоныстанды. Бұл жөнінде мұрағат құжаттарында көптеген мәліметтер кездеседі. Ялуторов уезінің Плетнев болысының шаруасы еврей Вулфь Лейзеров Шустердің Петропавл қаласында тұруға рұқсат сұрап жазған өтінішінде былай делінген: "Мен 1896 жылдан Петропавл қаласында тұрып жатырмын, мұнда менің үй-мүлігім бар және өзімнің бірнеше адамнан тұратын жанұямды Тобыл қолөнер басқармасының 1892 жылдың 10 шілдесінде берілген №105 куәлігіне сай қолөнершілікпен айналысып асыраймын; бүкіл тұрып жатқан уақытым ішінде мен бір ретте сотқа тартылған жоқпын. Осы берілген мәліметтер негізінде мен Сізден (генерал-губернатордан-М.У.) Петропавл қаласында болашақта да тұруға рұқсат беруіңізді өтінемін. Осы мәліметтерімді дәлелдеу үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының 1892 жылдың 4 шілдесіндегі № 956 куәлігін ұсынып отырмын" [121, 1 б.].

Қалада тұруға рұқсат алу үшін тұрғындар біріншіден, Ақмола облысының губернаторына өтініш білдіретін болды; екіншіден, облыс губернаторы полиция басқармасынан арызданған азамат жөнінде толық мәлімет алдыратын болды; үшіншіден, генерал-губернатордың облыс губернаторына қалада тұруға ниет білдірген адамдарды қалада қоныстандыруға рұқсат беретін нұсқаулары берілді. Оны Витебск губерниясының Лепель мещанині Нахим Залманов Кабалкиннің және Ковенск губерниясының Роговск мещанині Жосель Мовша Хаменевич Магидтің Ақмола облысының губернаторына жазған өтініштерінен көруге болады. Нахим Кабалкин өзінің өтінішінде Петропавл қаласына қалай келгенін, немен айналасатынын және қалада қандай жекеменшігі бар екенін толық көрсетеді: "Мен сізге (облыстық губернаторға-М.У.) мынандай өтініш білдіріп отырмын: Мен 1 гильдиялық қазан көпесі Л.А.Залымның сенімді өкілі ретінде сауда операцияларын жүргізу үшін жанұяммен бірге 1903 жылы Петропавл қаласына келдім. Сол уақыттан бастап Петропавл қаласында тұрып тері, жүн сияқты малшаруашылығы өнімдерін жинаумен айналысамын. Осындай істермен айналысу үшін айырбас алаңында жалға алынған қоймаларым бар және мұнда сауда жүргізуіме байланысты кәсіптік жағдайға байланысты көптеген жергілікті сатушылармен таныстым. Осы қалада көп уақыт болуыма байланысты үй алдым. Сондықтан да Сізден Ішкі Істер министрінің 1907 жылғы қаулысына сәйкес маған Петропавл қаласында әлі де тұра беруіме рұқсат беруіңізді өтінемін" [122, 32 п.]. Еврей Мовша Магид та Нахим Залманов Кабалкин сияқты Петропавл қаласында саудамен айналасатыны жөнінде және үй сатып алғаны жөнінде мәліметтер келтіреді: "Мен жанұяммен Петропавл қаласына 1 гильдиялық көпес Дрейфустың сенімді өкілі ретінде 1904 жылы келдім. Негізінен бидай сатып алумен айналысамын, сол үшін бірнеше жылға қоймаларды жалға алдым. Жергілікті сатушылармен әрдайым несиелік байланыста болуыма байланысты, мен олардың арасында сенімге ие болдым. Жергілікті жерде үй сатып алдым. Осындай жағдайда менің орнықты өмір сүруім үшін Сіздің рұқсатыңыз қажет» [122, 38 п.]. Жосель Мовша Хамелевич Магид өзінің өтінішіне қоса губернаторға Петропавл қалалық полиция басқармасының 1907 жылдың 4 маусымында берілген екі куәлігін бірге ұсынған [122, 38 к.]. Ал Петропавл қалалық полиция бөлімі өз алдына Ақмола облысының губернаторына қалада тұрақты тұруға өтініш білдірген азаматтар жөнінде арнайы анықтама беретін болды. Петропавл полицмейстері 1908 жылдың 5 наурызында Жосель Мовша Магид жөнінде Ақмола облысының губернаторына төмендегідей мағлұмат берген: "Роговск мещанині Жосель Мовша Магид Петропавл қаласында 1904 жылдың маусым айынан бастап тұрып жатыр, жылжымайтын мүлігі жоқ, бірақ тұрақты пәтері мен үй шаруашылығы бар. Астық сатып алумен айналысады, оның үш қоймасындағы астықтың көлемі 6 мың пұтқа дейін жетеді. Петропавлда тұруға жергілікті үкімет тарапынан рұқсат алмаған. Магид Мовшаның тәртібі қоршаған ортаға зиян келтірмейді, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасы орнықты. Ол 1 гильдия көпесі Дрейфустың сенімді өкілі болып табылады" [122, 42п.-42п.К.]. Қалада тұруға өтініш білдірген азаматтар қалалық полицмейстердің келісімін алғаннан кейін, Дала генерал-губернаторының рұқсатын күтетін болды. Мұндай қалада тұруға рұқсат беретін құжаттың мазмұны мынандай болған: "Ішкі істер министірлігі еврей Абрам Мовша Давидов Корелицкийдің Петропавл қаласында тұруына қарсылық білдірмейді. Осыған байланысты Корелицкийге Петропавл қаласында тұру құқы беріледі" [122, 30 п.]. Мұндай генерал-губернатор мен кеңсе жүргізушісінің қолдары қойылған құжаттар мұрағатта көп кездеседі. Осындай құжаттарды қарастырып талдау арқылы қала тұрғындарының қалай қалыптасқанын және олардың этникалық, діни және әлеуметтік құрамын анықтауға болады.

Солтүстік қалалар тұрғындарының көпұлтты құрамының қалыптасуына қалалардың экономикалық, саяси және мәдени маңызының артуы әсер етті: Қалалық тұрғындар құрамында великорустар немесе орыстар, маларустар немесе украйндықтар, қазақтар, немістер, татарлар, поляктар, еврейлер, бұқарлықтар мен сарттар деп аталған ортаазиялық мемлекеттер халықтарының өкілдері, гректер, эстондар, латыштар және т.б. болды. Харьков, Полтава, Киев және т.б. губерниялардан шыққан малорустар негізінен Ақмола облысының оңтүстік уездері Ақмола мен Атбасарда қоныстанды. Ал немістер, эстондар мен латыштар Ақмола облысында XIX ғасырдың 90 жылдарында пайда болды, олар Омбы қаласының маңында және Ақмола уезінде қоныстанды. Эстон, неміс және латыштармен салыстырғанда поляктар, еврейлер мен бұқарлықтар және сарттар деп аталған ортаазиялық халық өкілдері тек қалаларда қоныстанды. Олардың соңғылары негізінен сауда-саттықпен және т.б. коммерциялық кәсіпшілікпен айналысты [58, 199 б.]. Қазақстанның Солтүстік қалаларында өзбектердің пайда болуы тікелей сауда-саттықпен байланысты болды. Оны белгілі ташкенттік көпестің баласы Мұхаммедуәли Ғизатуллин Баязитовтың облыс губернаторына әйелі Ибрагимованы Петропавл қаласында бірге тұруға көшіріп алуға рұқсат сұрауынан көруге болады [122, 23 п.]. Ортаазиялық саудагерлері қалаларда ең алдымен өздері қоныстанып, кейін жұмыстарының алға басуларына байланысты отбасыларын көшіріп алатын болды. Ортаазиялық саудагерлердің қалаларда қоныстануы солтүстік қалалардың мәдени өмірінде түрікшілдік және мұсылмандық реңді айқындай түсті: Өйткені олардың қаржылай жағдайы жақсы болғандықтан, олар түркітілдес әдебиеттерге деген сұранысты өсіре түсті.

XIX ғасырдың екінші жартысына дейін солтүстік қалалар тұрғындарының құрамында өлкенің жергілікті халқы қазақтардың үлес салмағы өте аз болды. XIX ғасырдың екінші жартысында дәстүрлі қазақ шаруашылық жүргізу формасының өзгеріске ұшырауы және өлкеде капиталистік қатынастардың орныға бастауы нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамы айтарлықтай модернизацияға ұшырап, онда жаңа уақыт қысымынан туындаған капиталистік кезең талаптарына мейлінше бейімделген сауда және өнеркәсіп буржуазиясы сияқты жаңа әлеуметтік категориялар пайда болады. Ақсүйек пен қара сүйекке болінген дәстүрлі қазақ қоғамының өзгеріске ұшырауы малшаруашылығымен қатар тауарлы егіншілікпен айналысатын жаңа байлардың пайда болуынан көруге болады. Экономикалық өмірге мейлінше бейімделген жаңа байлар негізінен қара сүйектен шыққандықтан халық оларды "қарадан шыққан хандар" деп те атаған. Олардың қатарында ғылым мен білім арқылы да қоғамдық өмірге әсер ететін, Ресей ғалымдары тарапынан мойындалған Абай Құнанбайұлы сияқты қайраткерлер болды [58, 204 б.]. "Орта жүздің шамшырағы аталған Мұса Шорманұлы сияқты қоғамдық қайраткерлердің ел ортасында үлкен беделге ие болуы қазақ қоғамындағы ақ сүйектер мен қара сүйектер арасында шекараның жойылуын көрсетеді [123, 8 б.]. Дәстүрлі қоғамның өзгеріске ұшырауы нәтижесінде жаңа байлар категорияларымен қатар қайыршылық жағдайға душар болған жатақтар мен байғұстар сияқты топтар кең таралды. Дәл саны өсе түсті. Осы жатақтар мен байғұстар сауда және өнеркәсіп буржуазиясымен қатар Қазақстанның Солтүстік қалаларының алғашқы қазақ тұрғындары болды. Қалаларда орналасқан өнеркәсіп орындары үшін жатақтар мен байғұстар өте арзан жұмыс күшін құраған: "Кедейленген қырғыздар (жатақтар) өлкенің тау-кен зауыттары мен ауылшаруашылық кәсіпорындарда жұмысшылардың негізгі бөлігін құраған және олар аздаған ақыға өте ауыр жұмыстарды атқарған... Жатақтар қазақ шаруашылықтарында да көптеп кездеседі. Олар 5-10 руб. үшін қыс бойы малын жайлап отынын дайындаумен айналысқан [58, 214-215 бб.]. Жатақтардың орыстарға қарағанда екі, үш есе аз ақы алатындықтары жөнінде М.Красовский де атап өткен [9, 145-193 бб.] .

Сонымен жатақтар мен байғұстар ұлттық интеллигенциямен, сауда және өнеркәсіп буржуазиясымен салыстырғанда, олар қазақ қоғамындағы жаңа әлеуметтік топ болып табылмайды, өйткені қазақ қоғамында жатақ деп барлық малынан айрылған адамдар аталған. Кейін олардың көбі отырықшылықпен және тауарлы егіншілікпен айналысып өздерінің материалдық жағдайларын жақсартып ұлттық буржуазия қатарына қосылған. Сондықтан малынан айрылып ұсақ саудамен айналысуға мәжбүр болған адам, қала тұрғыны немесе өнеркәсіпке жұмылдырылған қазақтардың барлығы жатақтар деп аталған. Зерттеуші И.Завалишиннің пайымдауынша мұндай қазақтар өздерінің жатақтық жағдайын уақытша деп санаған: "Малшаруашылығымен айналысуға мүмкіндік пайда болысымен... егіншілікті тастайды" [10, 54 б.]. Бірақ жылдан–жылға жайылымдардың тарылуына байланысты малшаруашылығымен айналысудың қйындығын түсінген қазақтар жаңа кәсіптерді меңгеріп, қалаларда еңбек ете бастайды. Қазақ қоғамында жатақтар санының өсуі қала тұрғындарының құрамында қазақтардың үлес салмағының өсуіне әкеп соқты. Жатақтар байғұстарға қарағанда ауқаттылау болған: "Жатақтар-қалалардың маңында, айырбас алаңдары мен сауда керуендерінің айналасында орналасқан отырықшы шаруалар негізінен байғұстардан шыққан. [124, 291 б.]. Ал байғұстар деп күнкөріс мақсатында қала көшелерін кезіп жүретін ештеңесі жоқ адамдарды атаған [9, 17 б.].

Қазақ қоғамындағы дәстүрлік пен жаңашылдықты жанжақты зерттеген зерттеуші Артықбаев Ж.О. жатақтарды бірнеше топтарға бөледі [59, 98 б.]. Біріншіден едәуір ауқаттылау руластарының малын бағуға жалданатын малшылар; екінші топқа тау-кен өндірісінде жұмылдырылған жұмысшылар; үшінші топқа егіншілікпен айналысатын жатақтар және соңғы төртінші топқа қалалық жатақтарды жатқызады [59, 198-199 бб.].

Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру, саяси жер аудару, отырықшы қоныстарға орналастырылған әскери бөлімдердің тұрақты құрамы және жатақтардың өсуі сияқты факторлар қалалар халқын, олардың этникалық, отбасылық, кәсіптік, діни құрамын қалыптастырды, алайда қалалар тұрғындарының құрамы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты жиі өзгеріп отырды. Қалалар халқының 57,3% орыс ұлтының өкілдері, 12,9% жергілікті ұлт өкілдері, ал 29,8% басқа ұлт өкілдері құрады. Қалалар тұрғындарының этникалық құрамынан әлеуметтік құрамына көшсек, ондағы неғұрлым басым әлеуметтік топ сауда буржуазиясы болды, олар тұрғындардың 20,3% құрады. Қалалықтардың 33,1% тау-кен және тамақ өнеркәсіптерінде істеді, 20% ауылшаруашылығымен және түрлі кәсіптермен айналысты.

Сонымен қорыта айтқанда Ақмола облысының уездік қалалары тұрғындарының этникалық, әлеуметтік және діни құрамы әртүрлі болды. Өйткені онда әртүрлі ұлт өкілдері тұрды. Қалалардың экономикалық маңызының артуына байланысты оған еврейлер, татарлар және өзбектер сияқты әртүрлі ұлт өкілдері қоныстана бастады. Осыншама полиэтникалық құрамды қалалар тұрғындары әрқашан өзара тату өмір сүрген. Қазіргі таңда Қазақстанда орын алып отырған ұлтаралық татулық пен өзара түсіністік өз бастауын осы кезден алады.


Негізгі ұғымдар: жергілікті ұлт өкілдері, ходоки(жүргіншілер), қалалық тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және діни-этникалық құрамы, «байғұстар», қоныс аударушы шаруалар, казактар, әскери отарлау, азаматтық отарлау, еркін қоныс аудару, қоныс аудару қорлары.
Бақылау сұрақтары:


  1. Әскери отарлаумен азаматтық отарлауды қалай түсінесіз және олардың қандай ортақ мақсаты болды ?

  2. Орыс шаруаларының қазақ жеріне көптеп қоныс аударуына Ресейдегі қандай жағдай әсер етті ?

  3. Қоныс аударушыларға қоныс аудару қорлары тарапынан қандай көмек көрсетілді ?

  4. Қалаларда қоныстанған жергілікті ұлт өкілдері қандай әлеуметтік топтарға жатты ?

  5. Тақырыптың зерттелу деңгейін қарастырып, тарихнамасына талдау жасаңыз ?



3.2 Ақмола облысының уездік қалаларының әлеуметтік-мәдени дамуының жалпы өлкенің мәдени дамуына тигізген әсері
Қазақстанның солтүстік қалаларының әлеуметтік-мәдени дамуы қарастырылып отырған уақытта заман талабына байланысты туындаған өзіне тән алуан түрлі ерекшіліктер арқылы дамып жаңа құбылыстарға толы болды. Коғамдық өмірде орын алған саяси-экономикалық дамулар өлкенің әлеуметтік-мәдени дамуын да өзіндік модернизацияға ұшыратты. Әрине, мұндай өтпелі кезеңде орын алған төңкерісті құбылыстардың прогрессивті жақтарымен қатар, теріс күйретуші де жақтары қатар жүрді. Мұндай әлеуметтік-мәдени дамудағы өзгерістерді Қазақстанның Ресейге бағынышты болуымен түсіндіруге болады. Мысалы, қазақ жерінде қазақ балаларына арналған қазақ-орыс мектептерін ашу арқылы империялық әкімшілік үшін аудармашы шенеуліктерді дайындау мақсатын көздеген немесе христиан дінін қабылдаған қазақтарды қолдап, әрқашан миссионерлік саясатты жүргізуді ұмытпаған.

Әлемдік өркениетке Еуразиялық дала мәдениетін сыйлаған қазақтардың мәдениеттілігі жөнінде өткен ғасырдың басында жарық, көрген "Россия" жинағында мынадай мәліметтер кездеседі: "Азияда көшіп-қонып жүрген түрік тайпаларының ішінде қырғыз-қайсақтар (қазақтар-М.У.) едәуір мәдениетті халық. Сондықтан олардың болашағы өте жақсы болмақ, олардың саны өсіп, жаңа мәдени құндылықтырды игеруде. Қырғыз-қайсақтардың салыстырмалы мәдениеттілігін тілінің сипатынан, өз ойын жеткізу қабілеті мен түрінен, халық ауыз әдебиетінің байлығымен және өнердің даму деңгейімен түсіндіруге болады [58, 203 б.]. Мұндай көзқарас орыс зерттеушілерінде бірден қалыптасқан жоқ, бұл қазақтардың тұрмыс тіршілігін, тарихын, этнографиясын жан-жақты зерттеу нәтижесінде туындаған көзқарас. Қазақтардың білімге құштарлығын да зерттеушілер ерекше атап өтеді: "Оқу-білім, әсіресе математика ешбір қиындық туғызбайды, оқушылар арасында үлгерімі жақсы адамдар көптеп кездеседі" [58, 202 б.].

Қазақ қоғамының осынау "Зар-заман" өтпелі кезеңде мәдени дағдарысқа ұшырауын орыс зерттеушілері алғашқы отарлаушылардың қызметінен көреді, әрине алғашқы отарлаушылар қазақ даласының пайдалы қазбаларын барлаумен және оны тағы жолмен тонаумен ғана шектелген: “Орыстар өлкені бағындарып мәдени жұмыстарға көше алмады, өйткені алғашқы басып алу тек байлық табу мақсатында жүргізілді, сондықтан олар мәдени жұмыстарды жүргізуге дайын болмады. Алғашқы отарлаушылар дөрекі, тағылық сезімдегі, өмірбаяны күмәнді адамдар болды" [58, 170 б.].

Жалпы халыққа білім беру ісі алғашқы терроршылардың құрбаны болған ІІ Александр императордың билік ету кезінде айтарлықтай алға ілгерілейді, бұл уақытта сібір қоғамында да оқу-білімге деген қызығушылық байқалады. 1860 жылы едәуір жасампаз жергілікті генерал-губернатордың бірі генерал Казнаковтың арқасында Ақмола облысында ондаған төменгі (казактардікінен басқа) мен бірнеше прогимназиялар ашылған, Омбыда кантонистік училищер әскери бастапқы училищелер болып қайта құрылған. Жекеменшік мектептер (негізінен Омбыда), жексенбілік мектептер ашылып, уездік және қалалық училищелердің кітапханалары барлық тұрғындарға қызмет көрсететін болды. Осымен қатар орта және арнаулы мектептер ашылды, әсіресе әкімшілік орталық қызметін атқарған Омбы қаласында мұндай оқу орындарының саны бірнеше есе өсе түсті. 1836 жылы Омбыда кадет корпусы, 1852 жылы фельдшерлік мектеп, 1858 жылы уездік училище, 1863 жылы Омбы әйелдер гимназиясы, 1871 жылы Петропавлда әйелдер прогимназиясы, 1872 жылы Омбыда мұғалімдер семинариясы, 1876 жылы Омбыда ерлер гимназиясы ашылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан қала қоғамы бұрынғыға қарағанда оқу-білім ісіне айтарлықтай қаржы бөле бастады. Мысалы, Омбы қаласында алғашында негізінен екі көпес қаржыландырған бір ғана приходской мектебі әрекет еткен және оған қала 30 руб. ғана бөлген, ал 1870 жылдары қала 4 мың руб. жұмсап 4 училищені қаржыландырды [58, 172 б.].

1880 жылдың басында Омбыда өлкедегі алғашқы жекеменшік “Бастауыш білім беру жағдайын жақсарту” ағартушылық қоғамы құрылады, ал 1885 жылы барлық уездерде төменгі ауылшаруашылық училищелер құрылып өлкеге қажетті мамандар дайындаумен айналысты. Солтүстік өлкенің мәдени дамуына 1877 жылы Омбы қаласында ашылған ИОГҚ БСБ үлкен ықпал етті, бұл бөлімнің жанында топтасқан ғалым-зерттеушілер өлкенің тарихын зерттеумен қатар ағартушылық қызметті де атқарды. Ол жөнінде үшінші бөліміміздің екінші тармақшасында кеңірек айтатын боламыз.

Қазақ жерінде жаңа үлгідегі қазақ-орыс білім беретін мектептерімен қатар дәстүрлі білім беру орындарына айналған мұсылман мешіттері жанынан ашылған медреселер де оқу-білім берумен айналысты.

Сонымен солтүстік қалалардың әлеуметтік-мәдени дамуын сол уақытта қалаларда әрекет еткен халыққа білім беретін мекемелердің, қоғамдық кітапханалардың, ауруханалар мен денсаулық сақтау мекемелерінің, діни ұйымдардың, әртүрлі қайырымдылық мекемелерінің және тағы да басқа мекемелер мен ұйымдардың қызметі негізінде қарастырамыз. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында адамдар өмірінде орын алған өзгерістердің ішінде прогрессивті-демократиялық та құбылыстар болды [125, 73 б.], соған байланысты қоғамдық өмірдің дамуы жүріп, әртүрлі ағартушылық мекемелер құрылып, жаңа оқу орындары ашылып және бастауыш білім беретін қоғамдарының қызметі жетіле түсті.

1914 жылы Ақмола облысында барлығы 51520 оқушысы бар 792 оқу орны әрекет етті. Ал ондағы қала мен уезд арасындағы оқу орындарының арақатынасын төмендегі кесте түрінде көрсетуге болады (14 кесте) [95, 67- 68 бб.]:


14 кесте - Қала мен уезд арасындағы оқу орындарының арақатынасы

Орналасқан жері

Оқу орындарының саны

Оқутышылар саны

Оқушылар саны

Уездерде

132 мекеме

732 адам

15946 адам

Қалаларда

660 мекеме

1012 адам

35574 адам

Барлығы:

792 мекеме

1744 адам

51520 адам

Ескерту: Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. – 83 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет