Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



жүктеу 2.68 Mb.
бет8/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

1868 жылы Омбыда құрылған "Батыс Сібірді зерттеушілер қоғамының" жеке кітапханасы болады. Ал 1877 жылы Омбыда бұл қоғамның орнына ИОГҚ БСБ құрылып аталған кітапхана осы жаңа құрылған бөлімнің құзырына беріледі. ИОГҚ БС бөлімінің есептерінде кітапхана қызметіне қатысты көптеген белгілі зерттеушілер еңбек еткен, олардың зерттеулері мен еңбектері ИОГҚ БС бөлімінің басылымдарында жарық көріп тұрды. 1879 жылдың есебі бойынша кітапханаға орталық кітапханалардан көптеген әдебиеттер келіп түскен. 1880 жылы кітап сатып алу үшін 500 руб. бөлінген. Бұл кітапханада негізінен өлкетанулық сипаттағы кітаптар шоғырланды.

1889 жылдың 26 қазанында Омбыда бастауыш білім беру жағдайын жақсарту қоғамының жанынан тегін кітапхана ашылып, 1890 жылы онда 1026 оқырман мен 1197 кітап болды. Омбыда орналасқан оқу орындарының әрқайсысында өз кітапханалары болды. И.Л.Словцов пен И.Козловтың ат салысуымен 1878 жылы Ақмола статистикалық комитетінің кітапханасы ашылды. Он бес жылдың ішінде бұл кітапханада 483 кітап қана сақталды, және ондағы әдебиеттердің негізгі бөлігі Қазақстан мен Сібір тарихына тікелей қатысты болды. 1885 жылдан бұл кітапхана көркем журналдарды жаздырып тұрды және де мұнда XIX ғасырдың 90-шы жылдарында Коншин өзінің "Краткий статистический очерк промышленности и торговли в Акмолинской области за 1880-1894гг." деген еңбегін дайындап шығарды [138, 2 б.].

1880 жылдың басында құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының дәрігерлері енген Омбы медициналық қоғамының кітапханасы ашылды. Онда 1891 жылы 820 шығармалар, 632 диссертация және 112 мақалалар болса, 1861 жылдан кітапхана көркем журналдарды жинап "Врач" газетін жаздырып алатын болды. Бұл кітапханада құрамына Ф.И.Романов, Н.А.Лебедев және П.Брейтигам кірген арнайы кітапханалық комиссия жұмыс істеді.

Н.Ядринцевтің "Восточное обозрение" газетінде Сібір кітапханалары жөнінде шолулық мазмұндағы мақала жарық көрді, онда кітапханалар жөнінде және олардың пайдасы жөнінде былай делінді: "Соңғы 10-15 жылдың ішінде Сібір қоғамының білім деңгейі айтарлықтай көтерілді... Дәл қазір Сібірдің барлық қалаларында кітапханалар ашылған, біреулері қалалық қоғамдық кітапханалар болса, екіншілері шағын қалаларда орналасқан барлық сословие мен мамандық иелері үшін ашық клубтық кітапханалар болды... Дала өлкесіндегі кітапханалардың көпшілігін әскери бөлімдер жанынан құрылған есігі барлық адамдарға ашық әскери кітапханалар құрады" [139, 1 б.]. Осы мақаланың соңында автор оқырмандар қатары жылдан-жылға өсіп отырғанын және жалпы оқырмандар санының негізгі бөлігін қарапайым халық құрайтындығын қуанышпен атап өтеді.

Ақмола облысының көлемі жағынан Омбыдан кейінгі екінші қаласы Петропавлда 1900жылы бір кітап дүкені мен кітапхана болған [58, 174 б.]. Алғашқы оқырман кітапханаларының бірі 1902 жылы Петропавлда ашылған. Бұдан басқа кітапханалардың басқасы оқу орындарының жанында ашылған шағын кітапханалар болды. Кітапхана Сенный базарында орналасты, оның кітапханашысы болып Герман Иванович Мазик сайланды. Кітапханалардың қызметінің жемісті болғанын оның оқырмандар санының өсуінен көруге болады. 1905 жылы кітапханалардың 2859 тұрғылықты оқырмандары болған және 26320 адам кітапхана қызметіне жүгінген. Кітапхана жанында тағылымдар мен қойылымдармен айналысқан үйірме жұмыс істеді; аталған жылы 476 тағылымдар өткізілген. Оқырман назарына әдеби және ғылыми кітаптармен бірге, әртүрлі журналдар мен газеттер ұсынылды. "Ремесленная газета", "Вестник знаний", "Деревня", "Журнал для всех", "Сибирская жизнь", "Природа и люди", "Нива", "Русское слово", "Степной край", "Свет", "Уральская жизнь", "Русское чтение". 1905 жылы мұнда барлығы 13 журнал жаздырылып алынды. Кітапхананың қызметі жөнінде директордың 1905жылғы есебінде былай делінеді: "1905 жылы кітапхана әсіресе күшті қарқынмен жұмыс істеді...." [140, 39 п.]. Аталған жылы кітапхана жыл бойы демалыссыз таңертеңгі 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істеген. [140, 40 п.]. Күн сайын кітапхана 70-80 адамға дейін қызмет көрсеткен. Бірақ кітапхананың жұмысына кедергі келтірген көптеген теріс факторлар да орын алды: "Кітапхананың дәл қасында түнгі уақытта жалға берілетін үй орналасқандықтан, кешкі уақытта мас адамдар кітапханаға келіп өздерін ерсі ұстайтын болды. Ал кітапхана оқырмандарының көпшілігі гимназия, училище оқушылары болатын, бұл әсіресе оқушы қыздарға қиындық туғызды" [140, 41 п.]. Бұдан басқа кітапхананың қызметіне кедергі келтірген тағы бір саяси себеп болды. Кітапхананың кейбір мүшелері билік тарапынан саяси сенімсіз деп танылды. Бұл орайда губернатордың өзі кітапхана белсенділері жөнінде анықтама беруді сұраған. Губернатордың осы бұйрығына байланысты қалалық полиция бөлімі белсенділер тізімін жасаған: “Мұғалима Станова, мұғалім А.Л.Яковлев, шаруа басшылары съезінің хатшысы И.П.Николаев, текті құрметті азамат Ю.И.Усманов, коммерция банктің кассирі И.В.Рязанцев, қоныс аудару қоймасының басшысы И.В.Лущихиндер ешқандай сенімсіздік туғызбайды. Ал мұғалім болып істеген С.Ч.Власов, сүт шаруашылығының үкімет инспекторы И.П.Синенко, қоныс аударушылар дәрігері А.П.Ивановскийлер болса саяси сенімсіздік туғызады" [140, 6 п.].

Мұндай кітапхананың белсенділерінің қатарында татар саудагері Латып Баязитов та болды. Бірақ қазақ өкілдерінің ішінен кітапхана белсенділері болмаса да, біраз адамдар өздерінің саяси көзқарастары үшін үкімет тарапынан қудалауға ұшыраған, ол жөнінде үшінші бөлімінің 2 параграфында айтылатын болады. 1905-07 жылдары орын алған революциялық қозғалыс жылдары Петропаволда барлығы 47 әртүрлі кітапханалар әрекет етті. Осы кітапханалардың ішіндегі ең белсенді әрекет еткені салауатты өмір сүруге жәрдемдесу қоғамының қалалық кітапханасы. Ол қалалық асхана ғимаратының бір бөлмесінде орналасты, ал асхананың жалпы бөлмесінде оқырмандар үшін арнаулы столдар қойылды. Кітапхана абонементі күн сайын жұмыс істеп, асхананың күн тәртібімен ұштастырылды. Ынта білдіретін оқырмандарға әдебиеттер үйлеріне берілетін болды, өйткені оқырмандар таңертеңгілігін өздерінің жолдастарымен жаңа әдебиеттердің мазмұнын бөлісті. Мұндай үйлесімдік құпиясы кітапхана меңгерушісі Г.И.Мазиктің асхана меңгерушісі қызметін өз жұмысымен бірге ұштастыруында болды.

1905 жылы кітапхана 232 рубльге 841 дана жаңа кітаптар сатып алды. Ал кітаптардың жалпы саны 2000 атауға жетті, оның жартысын беллетристика құрады. Аталған жылы тек абонементтегі оқырмандардың саны 1156 жеткен. Жарты жыл ішінде кітапхана 3000 адамға қызмет көрсетіп, 6000 әдебиетке тапсырыс орындаған. Кітапхана есебіне жүгінсек, оқырмандар негізінен көркем әдебиетке көп қызығушылық туғызған, олар әсіресе Л.Н.Толстойдың, В.И.Немирович-Данченконың, А.М.Горькийдің, В.Т.Короленконың, С.Л.Надсонның, И.Ф.Шеллер-Михайловскийдің туындылары кітапханада шамалы болғандықтан, кезекке тұрып оқыған. Сонымен қатар кітапханада көрнекі материалдар өте аз болған, қала мен облыс жоспары сияқты көрнекіліктерге тапсырыс беруді сұраған. Петропавл уездік халықты салауатты өмірге шақыру комитеті 1904-1905 жылдар аралығында кітапхана жұмысын қамтамасыз етумен қатар әртүрлі тақырыптарда дәрістер өткізіп тұрды. 1904 жылы ауыл шаруашылығы мектебінің басқармасы В.А.Саенко, осы мектептің мұғалімдері П.Нестеров, М.Саенко, Анна мен Александр Великопольскийлер, Явленский мектебінің мұғалімі П.Свиридов, Покровкадан келген мұғалима А.Новоселова мен оның көмекшісі А.Васильковалар дәрістер оқыған [141, 126п.]. Бірақ 1905жылдың 23 желтоқсанында Петропавл уезінде әскери жағдайдың жариялануына байланысты халықты салауатты өмірге шақыру комитетінің қайырымдылық жұмысы шектеліп қалды: "Ерекше бұйрық берілгенге дейін барлық газетке жазылу тоқтатылып, барлық шығындарды тек облыстық комитеттің келісімімен жүргізу керек" [140, 36-38 пп.]. Бұл кітапханалардан басқа Петропавлда 1903жылы ашылған теміржол кітапханасы әрекет етті. 1910 жылы онда 818 том мерзімді басылымдар мен 187 атаудағы 1462 кітап томдары сақталды.

1907 жылдары Қазақстанның Солтүстік өлкесінде жартылай легальды немесе тіпті жасырын түрде әрекет еткен кітапханалар болды. Мысалы, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмола және Атбасар қалаларында осындай кітапханаларды социал-демократиялық және шаруа ұйымдарының мүшелері құрды. Мұндай кітапханалардың негізгі бөлігі қарапайым шаруалардан тұрды [125, 78 б.].

Ендігі кезекте Ақмола облысының ең көрікті бөлігі саналған Көкшетау қаласындағы кітапханалық жүйенің дамуы жөнінде айтсақ [58, 152 б.], 1900 жылы Көкшетау қаласында бір ғана ірі қазақ қоғамдық кітапханасы әрекет етті деген мәлімет келтіріледі "Россия" жинағында [58, 349 б.]. Бұдан басқа әрбір училищенің, мектептің шағын кітапханалары болған. Н.В.Третьяков казак станицасында кітапханалар болмаған мектепті аяқтаған 11-12 жастағы балалар білімсіздеу болып шығады дейді, бірақ ол осылай айта тұра мынадай құнды деректерді келтіреді: "Көкшетау қаласында 1 бөлімде мұғалімдер мен оқушыларға арналған "Орталық кітапхана бар, мұнда оның оқырмандары жыл сайын 50 тиыннан 3 рубльге дейін мүшелік жарна төлеп тұрады. Оқушылар кітапханалары бүкіл мектептер жанынан ашылған. 1894 жылы Көкшетау қаласындағы Сібір казак Орталық кітапханасында 2405 кітап сақталған" [125, 78 б.]. 1904 жылы солтүстік өлкенің қоғамдық өмірінің жандануына байланысты Көкшетауда музыкалық-драмалық қоғам құрылды. Қоғамның Жарғысында оның қызметі жөнінде былай делінген: "Жұртшылыққа танымал өнер шығармаларымен таныстырады..." [142, 12 п.]. Жарғыда сонымен қатар қоғам өзінің кітапханасын құрады деп көрсетілінген. 1905 жылы Спасск зауытының қазақ-орыс училищесінің жанынан халық кітапханасы ашылады, оған мектеп мұғалімі дінбасы Балтавский жетекшілік етеді [143, 174 п.]. Көкшетауда кітапханашы лауазымын оқырмандар Кеңесі сайлайтын болды. Осындай сайлау жолымен В.Семенюк Көкшетау кітапханасының кітапханашысы болып сайланды. 1905 жылы Көкшетау кітапханасының қызметі мынандай сандармен анықталды: 5271 кітапқа тапсырыс орындалып, 7360 жазылушылар тіркелді. Кітапханадағы жалпы кітаптардың саны 655 дана болды. Кітапханамен бірге "Природа и люди", "Нива", "Вокруг света", "Степной край" сияқты газет-журналдар сақталды [140, 31 п.]. Басылымдар арасында ноталар мен әдістемелік құралдар да болды [144, 14 п.]. Мұндай ноталар мен әдістемелік құралдар көптеген көкшетаулықтардың Чайковский, Римский-Корсаков, Архангельский сияқты авторлардың туындыларымен танысуға жәрдемдесті. Ал коғамдық бөлмелерде грамофон, 480 слайд және экран сияқты көрнекіліктер болды [144, 7п.-7п.К.]. 1907 жылы Көкшетау қаласының кітапханаларының меншігінде бір шкаф, 12 вена орындығы, екі шам, сағат, 2 кітап шкафтары, стол, оқырмандар үшін стол, балта, және шөген пеш болған [144, 6п.-6п.К.].

Көкшетаудан басқа кітапханалар Көкшетау уезінің селоларында әрекет етті. Ең алғашқылардың бірі болып кітапхана ашу жөніндегі өтінішті Владимир селосының тұрғындары білдірген, содан 1903 жылы Көкшетауда, 1905 жылы Зеренді, Сандықтау, 1904 жылы Максимовка, 1905 жылы Павловскіде, 1905 жылы Преоброженскіде, Кривоозерскіде, Константиновкіде, Владимирскіде, Дмитриевск станицаларында кітапханалар ашылды. Оқырмандар кітапханаға негізінен демалыс күндері келіп газет, журналдар оқумен айналысты және өздерін қызықтырған журналды үйлеріне жаздырып алатын болды [144, 44 мп.]. 1906 жылы 21 маусымда Зеренді кітапханасының Жарғысы бекітілді [145, 1 п.]. Мұнда Перфильев кітапхана Кенесі төрағасы қызметін кітапханашы қызметімен ұштастыра білді. Кітапханадағы оқырмандар саны 124, кітаптар саны 317 жетті, бұған қоса өз ризашылығын білдірген тұрғындар бір жыл ішінде тағы 83 кітаптарды сыйға тартқан. 1910 жылы кітапхананың шкафтар саны 7 жеткен және бір жыл ішінде оқырмандардың 1626 тапсырысын орындаған.

Қазақстанның солтүстік қалаларында революциялық қозғалыстар жағдайларда осындай қоғамдық кітапханалармен қатар мұсылман кітапханалары да әрекет еткен. 1908 жылы Петропавлда "Петропавл мұсылман кітапханасын қаржыландыру қоғамы" және Ақмолада мұсылман кітапханасы жұмыс істеді, Петропавл мұсылман кітапханасының ашылу тарихына қатысты мұрағат құжаттарында көптеген мәліметтер кездеседі. 1908 жылы Петропавл қаласының бір топ тұрғындары қалалық басшыға өтініш білдіреді: "Петропавл қаласында қаланың мұсылман тұрғындары үшін кітапхана ашуға рұқсат беруіңізді өтінеміз, онда барлық жағынан жауапкершілікті Раимжан Марсеков өзіне алады. Марсеков мырзаның келісімі мен кітапхананың Жарғысы берілген [146, 37 п.]. Бұл өтінішке қала тұрғыны Хасан Акчурин, 2 гильдия көпесі Ғалым Түменов, 2 гильдия көпесі Г. Тоймашев, текті дворян Салих Темирболатұлы Дәулеткелдиев, көпес Латып Баязитов, көпес Сейітшықыр Мұхамеджанов, көпес Дәулетше Қуанышев, қала мешані Мұхамеджан Ақшурин, Рақым Керей Мақсұтов, қала мешандары А.Н. Ақшурин, Т.А.Ақшурин, Хасан Рахматуллович Түменов, қазақ Салмақтабай Күселтесов, Сібір Сауда бір биржасының аудармашысы В.Ахметов, Хафиз Герей Мақсұтов және Сабыр Латыповтар қолдарын қойған. Қазақстанның солтүстік қалаларының мәдени дамуының тағы бір көрсеткіші ол діннің жағдайы. Қарастырып отырған уақытта солтүстік қалаларда және жалпы өлкеде әр түрлі діни ұйымдар әрекет етті. Олардың ішіндегі ең ірілері православие мен мұсылман діндері болды. 1914 жылғы Ақмола облысы тұрғындарының діни наным-сенімдерін төмендегі кесте түрінде көрсетуге болады (19 кесте ) [95, 69 б.]:


19 кесте - Ақмола облысы тұрғындарының діни наным-сенімдері



Діни сенімнің атауы

Адамдар саны

Тұрғындардың жалпы көлемімен салыстырғандағы пайыздық қатынас

  1. 1

Провославиелік

885125 адам

56/8

  1. 2

Единоверлік

1874 адам

0,12

  1. 3

Старообрядтық

3204 адам

0,21

  1. 4

Римдік-католиктік

13442 адам

0,86

  1. 5

Евангелді-лютерандық

29862 адам

1,9

  1. 6

Нудистік

4459 адам

0,3

  1. 7

Мұсылмандық

597487 адам

38,06

  1. 8

Басқа сенімдердегілер

806 адам

0,005

Рационалистік секталар







1.

Баптистер

10752 адам

0,69

2.

Молокандар

6789 адам

0,43

3.

Адвентистер

1645 адам

0,10

4.

Меннониттер

234 адам

0,001

Ескерту: Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. – 83 б.

Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Т. 18. киргизский край // Под ред. В.П. Семенова. – Спб., 1903. – 469 б.


1914 жылдың аяғында әртүрлі секталар жақтаушыларының саны 19 420 адамға жетіп, жалпы тұрғындардың 1, 22 пайызын құрады. Баптистер қалалық тұрғындармен қатар ауылдық тұрғындардың ішінде де көп кездескен. Сектанттардың Ақмола облысының қалалары мен уездерінде қоныстануын төмендегі кесте түрінде көрсетуге болады (20 кесте) [95, 70 б.]:


20 кесте - Сектанттардың қоныстануы

Ақмола облысының қалалары мен уездері


Омбы қ.

Омбы уезі

Петропавл қ.

Петропавл уезі

Ақмола қ.

Ақмола уезі

Көкшетау қ.

Көкшетау уезі

Атбасар қ.

Атбасар уезі

Секталардың атаулары

Баптистер

+

+

+

+

+

+

+

+

+

+

Молокандар

+

+

+

+

+

+

+










Адвентистер

+

+




+







+










Меннониттер

+

+

+

+







+










Ескерту: Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. – 83 б.

Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Т. 18. киргизский край // Под ред. В.П. Семенова. – Спб., 1903. – 469 б.


Меннониттер Ақмола облысына Екатеринославль губерниясынан қоныс аударған, олар мұнда жерді жалға алып егіншілік шаруашылығымен айналысқан.

1915 жылдың 1 қаңтарында облыстағы православиелік приходтардың саны 225 жеткен, қалалардағы православиелік шіркеулердің саны 26 құраған. Православиелік шіркеулердің осындай көлеміне қарамастан қалалар мен станицалар тұрғындары ұдайы сектанттар қатарын толықтырып отырған. Осыған орай қалалар мен уезд территориясында миссионерлердің қызметі жандана түскен. 1914 жылы секталарға өткен тұрғындар саны 1913 жылмен салыстырғанда екі есеге азайған, бұл аталған православиелік миссионерлердің атқарған жұмысының нәтижесі болды. Православиелік миссионерлер үгіттеу жұмысын тек орыс шаруаларының қоныстарында ғана емес, сонымен қатар олар қазақ ауылдарында да жүргізген.

Облыстық басқарманың 1914 жылғы мәліметіне сүйінсек, бүкіл епархия бойынша сектанттар қатарына өтуге 241 адам арыз білдірген. Олардың 118 әйелден 123 ерлерден тұрған. Ал 1913 жылы осындай арыздардың көлемі 432 жеткен. Бұл берілген мәліметтер баптистерді қоспағандағы сандар, өйткені баптистер саны жағынан көп болғандықтан әкімшілік тарапынан ерекше бақылауда тұрған, оларға келетін болсақ 1913 жылы баптистер қатарына өтуге 425 адам ниет білдірсе, 1914 жылы ондай арыздардың саны 255 құрап екі есеге жуық азайған.

Облыстағы сектанттардың едәуір тығыз қоныстанған жерлері Омбы мен Петропавл уездері болған. Саны жағынан көпиеген адамды топтастырып беделді секталық ағымға айналған баптистердің жоғарғы уағыздаушысы Мазаев Петропавлда тұрған. Ол өзінің қаражатына облыстың әкімшілік орталығы Омбы қаласында баптистік жалбарыну үйін салғызған.

Қазақстанның солтүстік қалаларында ислам діні қаланың әлеуметтік құрамында қазақтардың, татарлардың және басқа ортаазиялықтардың санының өсуіне байланысты беделді дінге айнала бастады. Қазақтардың ата-баба діні болып бітіскен ислам дініне қаншалықты сенетіні жөнінде 19 ғасыр зерттеушілері мынандай мәліметтер келтіреді: "Қазақтар арасында ислам дінін уағыздаумен хиуалық, бұқарлық және ташкенттік моллалар айналысты. Қырғыздар өздерін ислам дінінің сүнниттік ағымына жатқызады, яғни құранмен бірге Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны жазылған кітаптарды қасиетті деп санайды. Нағыз сүнниттер осы кітаптарды қастерлемейтін шейіттерді христиандардан да жек көреді, ал қырғыздар болса мұндай діни қақтығыстарға араласпақ түгел, тіпті діни рәсімдердің өзін немғұрайлы орындайды, жалпы қырғыздар нашар мұсылмандар. Алғашында діни сословиені қажылар (жасыл сәлде тағып жүретін Мұхаммед-Алидің төртінші ұрпағының тұқымдары) мен моллалар құраған. Кейін діни жетекшілер (моллалар) рөлін білімі шамалы қазан татарлары атқарған. Қазіргі таңда моллалар қырғыздардың өздерінің ішінен шығуда. Оларды дайындау үшін ірі мешіттер жанынан медреселер ашылған, онда олар бастауыш діни білім алып, сосын өздерінің діни білімдерін мұсылман дінінің ғылыми орталықтары Бұхара, Хиуа, Ташкент және Самарканд қалаларында толықтырады [58, 220 б.]. Бірақ қазақтардың дінге деген көзқарасы фанатикалық тұрғыда болмасада, олардың ішінен мұсылман дінінің орталығы Меккеге қажылыққа баруға ниет білдіргендердің саны жылдан-жылға өсіп отырған және 1901 жылы Омбыдан Меккеге баруға берілген билеттердің саны 300-ге жеткен.

Қазақ жерін толық бағындырған Ресей үкіметі қазақтар ұстанған ислам дініне бірден оң көзқараспен қараған жоқ. Алғашында Ресей үкіметі қазақтарды "нашар мұсылмандар" деп санап, қандайда жолмен христиан дініне шоқындыруға тырысты. Осындай мақсатпен қазақ жерінде көптеген миссионерлер үгіт жұмысын жүргізумен айналысады, тіпті "Сібір қырғыз жарғысының" өзінде қырғыз қайсақтардың сенімі мұсылмандыққа қарағанда іс жүзінде шаманизмге жатады, сондықтан олардың көпшілігін христиан дініне шоқындыруға мүмкіндік туып тұр [147, 10 п.]. Бұл "Жарғы" бойынша қазақтар отырықшылыққа көшкен жағдайда православиені бірге қабылдайды деп жоспарланды. Бірақ "Жарғыда" көрсетілгендей мемлекеттің қазақтарды мұсылмандықтан христиандыққа айналдыру әрекеттері ешқандай нәтиже бермей, тек қағаз жүзінде қалды. Керісінше отырықшылыққа көшіп, қалаларда қоныстана бастаған қазақтар жергілікті жерде мешіттер ашу жөнінде өтініштер білдіреді. 1824 жылы Сібір комитеті Батыс Сібір генерал-губернаторы М.П. Капцевичтің Омбы қаласында мешіт салу шешімін талқылайды. Бұл жөнінде Омбы мұратында мынадай мәліметтер берілген: "Комитет Омбы қаласын мұсылман дініндегі бүкіл қырғыз даласы бағынған Омбы облысының орталығы болғандықтан осындай шешімді құрметпен қабылдап, қалада мешіт салуды пайдалы іс деп есептейді" [148 82 п.]. Губернатордың есебі бойынша мешіттің құрылысына қазынадан 52439 сом 95 тиын жұмсау жоспарланған. Омбы мұсылман қоғамы депутаттарының өтінішіне сай мешітті қаланың ортасында бас алаңның солтүстік-шығыс бұрышында салу көзделеді, оның құрылыс жұмыстарын басқару әскери инженер Булыгинге тапсырылады. Мешіттің құрылысына қажетті кірпіш Сібір шептік казак әскерінің зауытынан алынғандықтан, құрылыс жұмыстарына казактардан құрылған әскери жұмысшылар жұмылдырылды. 1831 жылдың 14 сәуіріндегі қаулысына байланысты мешіттің құрылыс жұмысына ерекше атсалысқан прапорщик Елисеевке, Новоселовке, Телятовқа 200 рубльден және іс жүргізуші Замятинге 150 рубль сыйақы берілді [148, 256,329 пп.]. Омбы қаласының көркіне айналып, сол кездегі ең ірі тас ғимараттарының бірі болған мешіттің құрылысы 1831 жылы аяқталып, тұрғындарға қызмет көрсете бастайды [149, 134 б.].

Патша үкіметі алғашқы кезде ортаазиялық моллалардан сескеніп, татар моллаларын қазақтар арасында ислам дінін уағыздауға жалдайтын болған, мұндағы патша үкіметінің көздеген саясаты татарлар дінді уағыздаумен қатар жергілікті қазақтар бойында Ресейге деген оң көзқарастар қалыптастырумен де айналысады деп ойлады [150, 128 б.]. Ал XIX ғасырдың екінші жартысынан патша үкіметінің татар моллаларына деген көзқарасы өзгеріп, олар тіпті ресми түрде қуғынға ұшырай бастады. Оған екі негізгі фактор себеп болды: біріншісі, қарастырып отырған уақытта Ресей Орта Азияны бағындырып қазақ жерін билеп төстеуде ешбір бәсекелес көрмеген; екіншіден, татар моллаларының саны өсіп, олар шынайы мұсылмандықты уағыздап ресми билекке қауіп төндіреді деп қарастырылды. Ендігі кезекте Ресей бүкіл Шығыстағы мұсылман әлемінде православиенің қамқоршысына айналып, басқа діндегілерге сенімсіздік білдіреді. Бірақ шын мәнінде татар моллалары қазақ даласында ешбір сепаратистік діни үгіт жүргізбеген, олардың ойында өздерінің қазақ даласындағы саудаларын дамыту болған [151, 2 п.].

Татарлардың қазақтаға діни әсері жөнінде ООММ Батыс Сібір бас басқармасының құжаттары жинақталған 3 қорда "О вредном влиянии на киргизское население духовных лиц из татар" деген іс сақталған, бұл істің ерекшелігі барлық құжаттары құпия, деген белгімен белгіленген. Бұл іс Ақмола облысының әскери губернаторы генерал-майор Цитовичтің Батыс Сібірдің генерал-губернатор Н.Г.Казнаковқа есептерінен тұрады. Қарастырылып отырылған істің негізгі құжаттары 1877 жылдың 9 желтоқсаны мен 1878 жылдың 25 қазаны аралықтарына жатады. Мұндай істің пайда болуы бәлкім 1877-1878 жж. орыс-түрік соғысымен байланысты болған шығар. Орыс-түрік соғысы кезінде ішкі істер министрлігі бүкіл империя губернияларына, ал губернатор өз қарауындағы облыс басшыларына нұсқаулар береді: "Соңғы соғыс кезіндегі (орыс-түрік соғысы) саяси жағдайды көңілге ала отырып және ішкі іштер министрінің Ресей қарамағындағы мұсылмандарға қатысты "Жас түріктің" арандату саясаты жөніндегі мәліметіне байланысты Батыс Сібір генерал-губернаторы қарамағындағы қазақтар мен татарлардың әрекеттерін бақылауды талап еткен" [151, 46 п.]. Генерал-губернатордың осындай қаулысына жауап ретінде Ақмола облысының әскери губернаторы майор Цитович арнайы есеп дайындады. Онда генерал-майордың 1868 жылғы "Уақытша ережелерге" байланысты талдаулары мен осы ереже жөніндегі көзқарастары сақталған. Цитович қазақтардың дінге деген немғұрайлы көзқарастары олардың арасында орыс өркениетін таратуды жеңілдетеді деп түсіндірді [151, 4 п.]. Бірақ Цитович моллалар кейбір жағдайларда, мысалы, Петропавл қаласында мемлекет жанынан ашылған училишеде орыс тілін оқытуға кедергі жасайды деп көрсетеді, әсіресе бірнеше рет діни және азаматтық биліктің нұсқауларын орындаудан бас тартқан жергілікті ахун Яушевті атап өтеді. Цитович өзінің еңбегінде қазақ даласындағы ислам дінінің таралуының екі жолын көрсетеді: біріншіден, татар моллалары арқылы, екіншіден қазақ балаларын татар тіліне оқыту арқылы. Мұнда ол біріншісімен күресу үшін мұсылман дініндегі саудагерлерге қазақ даласында тікелей сауда жүргізуге тыйым салуды ұсынды, ал екінші мәселені қарастыра келе әскери губернатор татар мұғалімдері өздері білімсіз болғандықтан қазақ балалары арасында ешқандай нәтижелі үгіт насихат жүргізе алмайды, сондықтан олардың қызметін тоқтатуды ұсынды. Цитович өзінің есебінің соңында тікелей оның мұсылман дініне деген көзқарасын білдірген 11 тармақтан тұрған әрекет ету бағдарламасын ұсынған [150, 130 б.].

Патша үкіметі жергілікті халықтың діни наным-сеніміне ешқандай өзгеріс енгізе алмағанымен ұзақ уақыт бойы көптеген адамдарды қазақтар арасында ислам дінін таратқаны үшін қуғынға ұшыратқан. Бұл орайда ҚР ОММ қорларында сақталған қазақ моллаларына қатысты қозғалған істерге талдау жасауға болады. Бұл құжаттардың мазмұнын, олардың аттарынан-ақ көруге болады, мысалы, "Қазақ тұрғындарының арасында ислам дінін таратқаны үшін Ш.Мансуровтың үстінен қозғалған іс [152, 189 п.] және "Көкшетау молласы Хабибуллинді діни лауазымынан айыру туралы іс" [153, 56 п.]. Қазақтар арасында мұсылман дінін бұрмалап таратқаны үшін қудаланған молла Мұхаммедшәріп Мансуровты сотқа тарту жөнінде Петропавл қалалық полициясы Сібір қырғыздарының облыстық басқармасына рапорт жолдайды. Мұнда қала басшысы Ш. Мансуровтың Есіл Земский сотына беруді сұрайды [153, 17 п.]. Осыған байланысты 1860 жылдың 30 мамырында Петропавл мешітінің молласы Ахун-Абдулбари Аушев Петропавл қаласының полковнигінің мұсылман дінін бұрмалап таратқаны үшін М. Мансуровтың үстінен қозғаған ісін қолдайтынын хабарлап қолхат берген [153, 30 п.].

Көкшетаулық молла Хабибуллин Орынбор мұсылман діни жиналысының шешіміне байланысты діни лауазымынан айрылған: "Орынбор мұсылман діни жиналысының 1860 жылдың 26 наурызында қабылданған № 944 шешіміне байланысты Көкшетау молласы Хабибуллин орнынан түсіріледі" [153, 21 п.].

Діни көзқарастары үшін жер аударылған тағы бір тарихи тұлғалардың бірі–Наурызбай Таласұлы. Оқымысты ғұлама болғандықтан, ол әдебиетте де, халық арасында да Науан Хазірет деп аталып кеткен. Науан Хазірет–рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы, халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер. Науан Хазіреттің қоғамдық қызметі жайлы іргелі еңбек профессор Қ.Қ.Абуевтің қаламынан жарық көрді.

Патша үкіметі Қазақстандағы өз саясатының басты мақсаты етіп жаңа бодандардың бойына Ресей азаматтығы идеясын сіңіруге тырысты.

Іс жүзінде бұл саясат қазақ халқын орыстандыру, христиан дініне шоқындыру әрекеттерінен көрініс берді. Ол үшін білім беру-ағарту ісіне қатаң бақылау орнатылды. 1874 ж. үкіметтің шешімімен оқу-тәрбие ісі мұсылман діни мекемелер құзырынан алынып, отарлық әкімшілік қарауына берілді.

Қазақстанның солтүстік қалалары жергілікті қазақтармен келімсек орыс шаруаларын өзара байланыстырып, олардың арасында күрделі, тарихи қалыптасқан әлеуметтік мәдени қатынастардың орнауына ерекше әсер етті. Мұндай қатынастар "тамырлық" деп аталды. Тамырлық ұғымына қазіргі заманғы Солтүстік Қазақстан энциклопедиясында келесі мазмұндағы анықтама берілген: "Тамырлық дегеніміз-басқа ұлт өкілдерімен туыстасу, қазақтар мен қоныстаударушы шаруалар арасындағы өзара көмек пен жеке достық қатынастарды білдіретін, Қазақстанда кең тараған тұрмыстық құбылыс. Қазақ ауылы мен қонысаударушылар деревнясы арасындағы шаруашылық жүргізудегі өзара көмек тамырлықтың ең терең және берік негізі болды. Қонысаударушылар қазақтарға егін шаруашылықтарын жүргізуде көмек көрсетті. Қонысаударушылардың 60-70 пайызы және қазақ шаруашылықтарының 53 пайызы кедейлерден тұрды. Осындай әлеуметтік ұқсастық олардың өзара жақындасуына негіз болды" [154, 528б.].

Сонымен Ақмола облысының уездік қалаларының мәдени дамуы қайшылықты пікірлерге толы мәселе болып табылады. Әрине Қазақстан Ресейдің отары болғандықтан оның мәдени дамуына патша үкіметінің ықпалы әсер етіп отырды. Бірақ дегенмен әлемдік тәжірибедегідей қазақ мәдениеті Ресей мәдениетінен сусындап, әлемдік өркениет көшіне бет бұрды. Қазақтар А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов шығармаларын оқып, демократиялық, өркениеттік және прогрессивтік қоғамға ұмтыла бастады.



Негізгі ұғымдар: медреселер, ауылдық мектептер, төменгі училищелер, мұғалімдік семинария, техникалық училищелер, кадет корпусы, қалалық мектеп, қалалық қоғамдық кітапхана, европацентризм, пантюркизм, шовинизм, славянофил, русофил, ұлттық интеллигенция өкілдері.
Бақылау сұрақтары:

1. Медреселерде қандай пәндер бойынша білім берілді ?

2. Қарастырылып отырған кезеңде қазақ халқының сауаттылық деңгейі қандай жағдайда болды ?

3. Қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасу кезеңдерін анықтаңыз ?

4. Қазақ жерінде ашылған жаңа үлгідегі мектептердің қандай маңызы болды ?

5. Мәдени өмірдегі қайшылықты жағдайларды атап, оларға түсініктеме беріңіз ?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет