Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ақмола облысының уездік қалаларының қоғамдық-саяси өмірі



жүктеу 2.68 Mb.
бет9/12
Дата12.09.2017
өлшемі2.68 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

3.3 ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ақмола облысының уездік қалаларының қоғамдық-саяси өмірі
ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның солтүстік қалалардының қоғамдық-саяси өмірінде көптеген елеулі өзгерістер орын алып, күрделі қоғамдық саяси үрдістер жүрді. Солтүстік Қазақстан қалаларының қоғамдық-саяси тарихы бірқатар зерттеушілердің зерттеу объектісі болған, бірақ олардың көпшілігінің зерттеулері пролетариат тарихы мен Ресей социал-демократиялық партиясының қызметін зерттеумен ғана шектелді. Мұнда қаладағы барлық саяси және қоғамдық маңызға ие болған шаралар пролетариат жетістігі деп қарастырылды, ал шын мәнінде олар заман талабынан туындаған халықтың патшалық самодержавиеге көрсеткен азаматтық қарсылығы еді.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы солтүстік қалалардың қоғамдық-саяси өмірін қаладағы әртүрлі саяси, мәдени және қоғамдық үйірмелердің қызметі мен олардың құрамында белсенді еңбек етіп, өлкенің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне ерекше ықпал еткен ұлттық интеллигенция мен орыс демократиялық интеллигенциясы өкілдерінің қызметі арқылы қарастырамыз. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қоғамдық өмірдің де дамуын реттеп отырды. Жалпы империяның қоғамдық өмірдегі айтарлықтай өзгерістер ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан басталады, олар өз халқын құлдықта ұстаған басыбайлықты жою мен негізінен зиялылардан тұрған халықтың-демократиялық қозғалыстардың іс-әрекетімен байланысты. Ал солтүстік қалалардағы қоғамдық-саяси өмірдің заман талабына байланысты дамуына азаматтық-халықтық қозғалыстарға қатысып саяси көзқарастары үшін Қазақстанға жер аударылған адамдар әсер етті. Демократиялық көзқарастағы интеллигенцияның бір бөлігі жер аударылып жатса, А.И.Герцен мен Н.П.Огарев сияқты белсенділері Еуропаның Лондон сияқты қалаларында орналысып Ресей империясындағы қарапайым халықтың мүддесін білдірген ақиқатқа жақын көзқарастарды ұстанған "Полярная звезда" және "Колокол" сияқты басылымдар жариялап тұрды [44, 183 б.]. Мұнда біздің ақиқатқа жақын деп отырғанымыз бұл басылымдардағы кейбір мақалалар батыс мемлекеттерінің мүддесін, көздеп те жазылатын болды. Бірақ дегенмен бұл басылым беттерінде қазақ даласындағы патшаның отаршылдық саясаты ашық жазылды. Айталық герцендік "Колоколдың" 1861 жылдың 1 мамырында жарияланған нөмірінде қазақтарға қатысты былай делінді: "Сібір казактары қазақ меншігін өздерінің меншікті деп санайды, ал одан (қазақтан-М.У.) алып қою, немесе жылқыны ұрлап алу жігіттілік деп саналады" [118, 71 б.]. Осындай көзқарасты халқының ардақты ұлы Ш.Ш.Уәлиханов және орыс демократиялық интеллигенциясының көрнекті өкілдері ұстанды. Қазақтың ардақты ұлы Шоқан (шын аты Мұхаммед-Қанапия) Уәлиханов зерттеуші К.К.Абуевтің пайымдауынша 1835 жылдың қарашасында Сырымбетте Шыңғыс Уәлихановтың отбасында дүниеге келген [155, 53 б.]. Оның тұғыры биік тұлға болып қалыптасуына әсер еткен Омбы қаласының тарихи-өлкетанулық сөздігінде мынадай мәлімет берілген: "Ш.Ш.Уәлиханов қазақ ағартушысы, азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші" [64, 41 п.]. Ш.Уәлиханов өзінің 30 жылдық қысқа ғұмырында қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, ғылым мен білімнің шыңынан көріне білді. Оның аяқталмай қалған еңбегін жалғастырып шығармалар жинағын жариялаған профессор Н.Н.Веселовский Ш.Уәлихановты халқының біртуар, қайталанбас тұлғасы екенін мойындап, оны "шығыстану саласында жарқырап ағып өткен жұлдыз болды" деп жазады. Дегенмен Ш.Уәлихановтың ғұмыры қысқа болғанымен оның шығармашылық мұрасы уақыт кеңістігінен асып, қазіргі шығыстану ғылымында да бағыттаушы айқын жарық жұлдыз қызметін атқаруда.

Ш.Уәлиханов 1847 жылы Сібір кадет корпусының эскадронына тәрбиеленуші ретінде алынады. Бұл оқу орны бүкіл Сібір бойынша ең беделді оқу орны болып табылғандықтан болашақ ғалымның әкесі өзінің баласы үшін осы әскери оқу орнын таңдайды. Омбыда кадет корпусында оқып жүрген шағында Шоқан Уәлиханов кейіннен белгілі ғалым және саяхатшы ретінде танымал болған Г.Н.Потанинмен бір топта білім алады. Кейін Ш.Уәлиханов жайында жазған естеліктерінде Г.Н.Потанин оны жастайынан саяхатшы болуға дайындалып, Палластың, Рычковтың, Левшиннің, Вельяминов-Зерновтің және басқа да көптеген зерттеушілердің еңбектерін оқығандығы жөнінде мәліметтер келтіреді. Ш.Уәлиханов Омбыда өткізген жылдары белсенді түрде білімін жетілдірумен сипатталады. Ол Омбы кітапханасында А.С.Пушкиннің, Лермонтовтың, Гетенің және Шекспирдің шығармашылықтарымен танысып, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің және Ж.Ж.Руссоның еңбектерін оқып шығады. Оның өмірге көзқарастарының қалыптасуына кадет корпусының оқытушылары И.В.Ждан-Пушкин, К.К.Гутковский, Н.Ф.Костылецкий, Г.В.Гожевский, К.П.Померанцев және қоғамдық өмірге белсене араласқан шіркеу қызметкері А.И.Сулоцкийлер үлкен әсер етті. Ш.Уәлихановтың бойындағы қабілетті байқаған оқытушылар, оның тарихпен, географиямен және әдебиетпен айналысуына жағдай жасап, тіпті өздерінің жеке кітапханаларынан әдебиеттер ұсынып жексенбі күндері үйлеріне шақыратын болды. География мен геодезия пәнінің оқытушысы К.К.Гутковский Ш.Уәлихановты сол кездегі Омбының интеллигенциясының шоғырланған орны Капустиндер жанұясына әкеп таныстырады. Шоқан онда әскери инженер К.И.Ивановпен танысады, кейін 1854 жылы Ш.Уәлиханов Ивановтың үйінде петрашевшілер: жазушы Ф.М.Достоевскиймен және С.Ф.Дуровпен кездеседі. 1853 жылы Ш.Уәлиханов кадет корпусын аяқтап, корнет атағын алып кавалерия қатарына тіркеледі. 22 жасар ғалымның зор ғылыми қорын байқаған П.П.Семенов-Тянь-Шяньскийдің ұсынумен Ш.Уәлиханов 1857 жылдың 21 ақпанында Орыс Географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды [60, 42 б.]. Бұл құбылыс бүкіл Ресей ғылыми қауымының Ш.Уәлихановты кәсіпқой ғалым ретінде мойындауы болып табылды.

1862 жылы Шоқан Атбасар аймағының аға сұлтаны болып сайланды, бірақ жергілікті әкімшіліктің заңсыз әрекеттерінен ол аға сұлтан болып бекітілмеді.

Осындай қамшының сабындай қысқа өмірінде ұлтының ардақты ұлы Шоқан Уәлиханов қазақ халқына және жалпы Орта Азия халқына қатысты көптеген ғылыми еңбектер жазып, өзінен кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Оның ғылыми қызметіне және жеке басына қатысты мәселелер жылдар өткен сайын ғалымдар тарапынан жан-жақты қызығушылық тудыруда.

Ш.Уәлихановпен қатар Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеген ғалымдардың бірі Г.Н.Потанин болды. Г.Н.Потанин кластасы Ш.Уәлиханов сияқты кадет корпусының қабырғасынан жергілікті халықтың тарихына, мәдениетіне қызығушылық білдіреді. Г.Н.Потаниннің бүкіл қоғамдық-саяси қызметі Сібірмен, соның ішінде Қазақстанның солтүстік қалаларымен байланысты болды, әсіресе оның саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен Ақмола облысының орталығы Омбы қаласымен.



Г.Н.Потанин Омбы интеллигенциясының ошағына айналған Капустиндер отбасына жиі барып тұрған, онда Г.Н. Потанин С.Ф.Дуровпен және Семенов-Тянь-Шанскиймен танысады. Г.Н. Потанин өз өмірінің осы кезеңдерін еске түсіріп былай жазады: "Омбы қаласында мен өз өмірімдегі ең шешуші кезеңді бастан өткіздім. Біріншіден, Шоқан таныстырған С.Ф.Дуровпен кездесіп сұхбаттасқаннмен кейін, мен өзімнің саяси қөзқарастарымды қайта қарадым. С.Ф.Дуровпен кездескенше мен І Николай патшаны Петрдей сыйлап, оны саяси бостандықтар идеясына толы еуропалық, прогрессивті мәдениетті таратушы деп ойлағанмын, бірақ С.Ф.Дуровпен болған кездесуден кейін мен петрашевші болдым. Екіншіден мен өзімің болашағыма байланысты жоспарды қайта қарастырдым. Мен казак сословиесінен шығуыма байланысты ылғи да қазақ офицері болып жүре беремін деп ойлағанмын, бірақ П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен кездескеннен кейін университетке түсуіме мүмкіндік туды" [60, 212 б.]. П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің араласуымен генерал-губернатор Г.Х.Гасфорт Г.Н.Потанинді әскери қызметінен босатып, Петербург университетіне оқуға жібереді. Университетке түсуге жолдама қажет болғандықтан Потанин 1859 жылы Томскіге қуғындалған М.А.Бокуниннен жолдама алып, Санкт-Петербург университетінің физика-математикалық факультетіне түседі. Мұнда университет қабырғасында Г.Н.Потанин Санкт-Петербург қаласында Сібір жерлестері қоғамын құрады. Сібірлік студенттер Н.С.Шукинмен, Н.М. Ядринцевпен және т.б. кездеседі. Бірақ Г.Н.Потанин жай ғана қоғамдық-саяси өмірге қызығушылық тудырмай, сонымен қатар ол ХІХғасырдың 60 жылдары орын алған демократиялық жаңғыруларды көздеген халықтық ұйымдарды ашық қолдайды. Осындай саяси белсенділіктің нәтижесінде Г.Н.Потанин 1861жылы студенттік толқуға қатысқаны үшін тұтқындалып, Петропавл түрмесіне отырғызылады, кейін ісі қаралып болғандықтан Г.Н.Потанин үшін туып-өскен Отаны саналған, ал патша үкіметі үшін жер аудару орыны ретінде қарастырылған Сібірге жөнелтіледі. 1862 ж. Г.Н.Потанин Омбыға келіп казак әскері жөніндегі жаңа ережені қабылдауға белсенді қатысады. Қоғамдық белсенділікпен қатар Г.Н.Потанин ғылыми міндетті де ұмытпайды, сөйтіп 1863 жылы ол астроном К.В.Струве басқарған экспедицияның құрамында Зайсан көліне құятын Көкбекті өзенінің жағасына сапар шегеді, ал 1864 жылы Тарбағатай тауының бөктеріне аттанады. Осы жылы экспедициядан оралып күзде Омбыдан Томскіге көшіп, ондағы "Томские губернские ведомости" деп аталған газетінің заңсыз бөлімінде белсенді қызмет етеді. Осы үшін оны 1865 жылы Н.М.Ядринцевпен және Е.Я.Колосовпен бірге "Сібір сепаратистеріне" қатысты іс қарастырылып жатқан Омбы қаласына ауыстырылды. Омбыда қамауда отырған уақытында Г.Н.Потанин мұрағат құжаттарымен жұмыс істеуге рұқсат алады. Осының нәтижесінде Г.Н.Потанин "Материалы для истории Сибири" (М., 1867) деп аталған кітап пен мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрген бірнеше мақалалар дайындап шығарды. Соттың үкіміне байланысты Г.Н.Потанин Сенат тарапынан 15 жылға ауыр жұмысқа жібереледі, бірақ кейін мемлекеттік Кеңеспен Александр ІІ жазалау мерзімін 5 жылға дейін қысқартып, өмірінің соныңа дейін Ресей империясының алыс аудандарына жер аударылады. Каторға жұмыстарына жөнелтер алдында Омбы қаласының базар алаңыңда оған азаматтық үкім шығарылады. Бірақ оған қатысқан халықтың көбі Г.Н.Потаниннің кімге жау, кімге дос екенін нақты білетін. 1871 жылдың қарашасына дейін Г.Н.Потанин Свеаборг түрмесінде болып, кейін Никольскіге, сосын Вологод губерниясындағы Тотьма түрмесіне жіберіледі.

Қуғын-сүргінде жүргеніне қарамастан Г.Н.Потанин Н.М.Ядринцевпен бірге "Камско-Волжская" газетімен тығыз қарым-қатынаста болады, оның беттерінде де негізінен Сібір мәселесіне қатысты тақырыптарды қозғайды. 1874 жылы ғалым үшін бостандық жылы болды, осы жылы оны толық ақтап шығады. Осыдан Г.Н.Потанин Сібірдің және Орталық Азияның географиясын, ботаникасын, экономикасын және этнографиясын зерттеуге арналған ғылыми экспедициялары жаңа серпінмен қайта жаңғырады. Оның едәуір маңызды экспедициялары 1876-77 және 1879-1880 жылдары Монғолияға, 1892-1893 жылдары Тибетке, Қытайға, Орталық Монғолияға және Үлкен Хинганга ұйымдастырылды.

Г.Н.Потаниннің саяси көзқарасы қазақ халқының танымал ғалымы Шоқан Уәлихановпен ұштас болғандықтан, оның ғылыми мұрасы тәуелсіз Қазақстан ғалымдары үшін өте маңызды болып табылады. Г.Н.Потанин Қазақстандағы орыс демократиялық интеллигенциясының өкілі болғандықтан, Қазақстан және басқа да шығыс елдерінің тарихына қатысты еңбектерді жазған уақыттта тарихи ақиқатты көзқарасты ұстанады. Г.Н.Потанин де Шоқан Уәлиханов сияқты еуропа халқының, әсіресе славяндардың ертегілері, аңыз-әңгімелері, мифтері мен эпикалық өлеңдерін қазақ халқының шығармашылық туындылармен салыстырады. Г.Н.Потаниннің еңбектерінде үндігерман (батысеуропалық) және түркі-моңғол мәдениетін жақындастару әрекеттері әрдайым байқалады. Г.Н.Потаниннің шығыс фольклорын зерттеуге және оларды еуропалық эпос үлгілерімен ғылыми салыстыруы ХІХ ғ. 80 жылдарында айқын байқалады, әсіресе "Гэсэр хан жөніндегі моңғол аңызы", "Қырғыз ертегісіндегі орыс қызы Дариға", "Аңыздар мен ертегілердегі ақ аққу-Марья", "Ламбардтық циклдағы поэмаларға ордаларға паралельдер", "Грек эпосы және ордалық фольклор" және басқада еңбектерін жатқызуға болады. Кейін осы мақалаларының негізінде Г.Н.Потанин өзінің "Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе" [М., 1899] деген белгілі монографиясын жарыққа шығарады. Мұнда салыстырмалы зерттеу кеңістігінде ғалым далалық халықтардың эпостарын және аңыз-әңгімелерін жиі пайдаланды. Г.Н.Потанин еуропалық халықтардың эпостарын және аңыз-әңгімелерін жиі пайдаланды. Г.Н.Потанин еуропалық халықтардың фольклорын терең зерттеудің нәтижесінде, олардың ортақ түп-тамыры бар екенін аңықтайды. Ал құрамына ұлаң-ғайыр дала кірген Орталық Азия бұл жүйеде басты рөл атқарады. Шығыстанушы-ғалымның пайымдауынша батысеуропалық және орыс эпосының негізгі мәтіндері осы ұлаң-ғайыр даладан негіз алады делінеді [156, 25 б.]

ХІХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап Г.Н.Потанин еуропа халықтарының батырлық эпостарын зерттеуде түркі-моңғол бейнелерінің маңыздылығы жөніндегі идеяны ұсынады. Ол Гэсэр аңыздары мен ежелгі грек "Одиссея" мен "Иллиада" поэмалары арасындағы ұқсастықты аңықтайды және Ұлы Карл эпосы мен Шыңғысхан эпостарын өзара салыстырады. Г.Н.Потанин кейбір мақалаларында осындай фольклорлық ұқсастықты көшпелі ордалардың Шығыстан Батысқа ұлы көшімен байланысты деп түсіндіреді. Сонымен қатар ғалым Иса пайғамбардың пайда болуы жөніндегі аңызды Орта Азияның шамандық дәстүрлерімен салыстырады. Зерттеудің осындай әрекеттерін ғылыми ақиқатты іздеу жолындағы ерлік реттінде қарастыруға болады. Өйткені қарастырылып отырылған уақытта ресми көзқарасты ұстанған зерттеушілер Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мәдениеті мен тарихын империялық көзқараспен бағалап, еуропалық және ресейлік мәдениетті далалық халықтардың мәдениетінен жоғары деп қарастырды.

Г.Н.Потанин Омбының және жалпы Сібірдің қоғамдық-саяси дамуына үлкен үлес қосып, ғылыми қоғамдарды, мұражайларды, газеттерді, экспедицияларды ұйымдастыруға белсенді араласты. ХХғ. басында белгілі қоғамдық қайраткерге айналды. Г.Н.Потанин өзінің "Областническая тенденция в Сибири" (1907), "Нужды Сибири"(1908) мақалаларында областничествоның идеяларын жаңа серпінмен қорғап, Сібір облыстық думасын қолдайды. Азамат соғысы жылдарында Г.Н.Потанин Кеңес үкіметіне қарсы күреске шақырады. Г.Н.Потанин 1920 жылдардың 30 шілдесінде Томск университетінің клиникасында дүние салады.

ХХ ғасырдың басында бірталай жасқа келген халық тарапынан мойындалған Г.Н.Потанинді замандастары құрметтеп "Сібір атасы" деп атайды. Оның бойында адамдардың бойында ғылымға деген құштарлықты оятатын ерекше құнды қабілет болған.

Солтүстік өлкенің қоғамдық-саяси өмірінде Шоқан Уәлихановпен және Г.Н.Потанинмен қатар танымал публицист, Сібір зерттеушісі және областничествоның идеологы болған Н.М.Ядринцевтің қоғамдық-саяси қызметі ерекше маңызды тұрды. Н.М.Ядринцев Солтүстік өлкенің мәдени және саяси орталығы болған Омбы қаласында 1842 жылдың 18 қазанында дүниеге келген. Оның әкесі Омбы қаласының орташа саудагері, ал шешесі орловтық помещиктердің бірінің бұрынғы басыбайлы шаруасы болған. Н.М.Ядринцев Түменнің және Томскінің жекеменшік пансиондарында білім алып, ал 1854 жылдан Томск гимназиясында білім алады, ол онда Н.И.Наумовпен танысады. Гимназияда оқып жүрген уақытында Н.М.Ядринцев Петербургтік студент Н.С.Щукиннің үйірмесіне қатысады. Осы үйірмеде жүрген уақытында оның негізгі саяси көзқарастары қалыптасады. Он сегізге толар-толмастан гимназия қабырғасында шыныққан Н.М.Ядринцев 1860 жылдары Санкт-Петербургке барып, ондағы университетінің еркін тындаушысы ретінде тіркеледі. Мұнда қоғамдық өмірдегі өзгерістерге ерекше қызығушылық білдерген Н.М.Ядринцев Сібір студенттерінің жерлестер үйірмесіне қатысып, оның жетекшісі Г.Н. Потанинмен тығыз араласады. Оның жиналыстарында болашақ интеллигенция өкілдері Сібір мәселесіне қатысты жан-жақты дискуссиялар жүргізді. Шынында да ХІХ ғасырдың 60 жылдары қоғамда бірталай демократиялық қайта құрулар орын алғанымен, самодержавие өзіне тән тәртіпті өзгеріссіз қалдырды, сондықтан көп жағдайда сібірлік жерлес студенттердің Сібір мәселесіне қатысты жан-жақты дискуссиялар жүргізілді. Шынында да ХХ ғасырдың 60-жылдары қоғамда бірталай демократиялық қайта құрулар орын алғанымен, самодержавие өзіне тән тәртіпті өзгеріссіз қалдырды, сондықтан көп жағдайда сібірлік жерлес студенттердің Сібір мәселесіне қатысты жиналыстары ресми билік тарапынан сепаратистік қозғалыстар деп айыпталды. Н.М.Ядринцевтің Петербургтегі уақыты Г.Н.Потанин басқарған жерлестер қоғамының, Костамаров сияқты университет мұғалімдерінің және жалпы империя көлемінде орын алған демократиялық көңіл-күйдің арқасында оның өмірінде түбегейлі өзгерістер орын алған кезең болды. Н.М.Ядринцев Г.Н.Потанинмен бірге Петербургтегі Сібірлік жерлестер қоғамының белсенділеріне айналып, Сібірдегі және Сібір қалаларындағы білім беру мәселесіне тоқталып, Омбы қаласында жоғары оқу орнын ашу жөнінде мәселе қозғайды, кейін 1863 жылдың желтоқсанында Омбыда қазақ балалары мектебінің пайдасына ұйымдастырылған әдеби кеште Н.М.Ядринцев өзінің "Литературные и студенческие воспоминания сибиряка" деген мақаласында университет мәселесінің көтерілуі жөнінде былай жазады: "Бұл жиналыстарда алғаш рет Сібір үшін университетінің қаншалықты қажетті және маңызды екені жөнінде мәселе қозғалды" [157, 293 б.]

Сібірге оралған Н.М.Ядринцев толықтай зерттеу жұмыстарына кірісіп, әдеби-публицистикалық қызметпен айналысады. 1864 жылы ол Г.Н.Потаниннің шақыруымен Томскіге келіп "Томские губернские ведомости" газетінің беттерінде "Сибирь перед судом русской литературы", "Этнологические особенности сибирского населения" мақалаларын шығарады. 1865 жылы ол Г.Н.Потанинмен және Е.Я.Колосовпен бірге тұтқындалып "сібір сепаратистерінің ісі" қарастырылып» жатқан Омбы қаласына жөнелтілді. Олар сот шешімін қабылдағанша 1865-1867 жылдары аралығында Омбы түрмесінде [58, 378 б.], сосын әскери бекіністің гауптвахтасында қамауда отырды. Мұнда Н.М.Ядринцевке интелигенция өкілдерімен бірге жергілікті мұрағат құжаттарымен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Осының нәтижесінде оның белгілі еңбегі "Русская община в тюрьме и ссылке" кітабы жарық көрді.

1876 жылы генерал-губернаторы Казнаков Н.М. Ядринцевті өзіне қызметке алады. Н.М.Ядринцев Омбы қаласында жергілікті Географиялық бөлімінің мүшесі болғандықтан оған екі ғылыми экспедицияны басқару міндеттелді. Сонымен қатар Н.М.Ядринцев ғылымға екі үлкен жаналық әкелді: монгол мемлекетінің астанасы Қарақорымның нақты орнын көрсетті және Орхон мен Енисей өзендерінің бойынан танғажайып руникалық жазбаларды тауып зерттеді. Н.М. Ядринцев өзінің көпжылдық зерттеулерінің нәтижесі ретінде "Сибирь как колония"-деген еңбегін жариялады.

Н.М. Ядринцев 52 жасында Барнаул қаласында қайтыс болып сонда жерленді [58, 379 б.]. Н.М.Ядринцев Сібір халықтары жөнінде, әсіресі қазақтар туралы еңбектерін демократиялық, адамгершілік принциптері тұрғысынан жаза білді. Оның осындай ұстанымдарының пайда болуына Ш.Уәлихановтың тұлғасы үлкен әсер етті. Қазақ ғалымымен кездесулерден кейін Н.М. Ядринцев экономикалық және азаматтық тұрмысты көтерудің негізінде қазақтар арасында білім мен рухани мәдениет көтеруді ұсынады. ИОГҚ БСБ пайда болғанша Сібірді зерттеумен Омбыда орналасқан Батыс Сібірді зерттеу қоғамы айналысты. Бөлімнің бірінші төрағасы қызметіне И.Ф. Бабков, ол істерді атқарушы қызметке М.В. Певцов сайланды. Жаңа құрылған қоғам мүшелерінің саны бірқалыпты болған жоқ. 1887 жылы олардың саны 168 болса, 1890 жылдың басында 80 адам, ал 1922-1923 жылдары бар болғаны 15 адам болады. Алғашқы жылдары бөлім мүшелері Омбыда болғандықтан, негізінен және жалпы Сібірде ірі ғылыми ұйымдар мен қоғамдар басқа қалалықтардан тұрады. Бөлім мүшелерінің әлеуметтік жағдайы әртүрлі болды. Егер алғашқы екі он жылдықта олар негізінен Омбы әскери офицерлерінен тұрса, кейін бөлім мүшелерінің негізгі құрамын қоныс аудару ведомоствосының қызметкерлері, агрономдар, орманшылар және статистиктер құрады. Ал ХХ ғасырдың басынан бөлім мүшелерінің негізін Омбы жоғары оқу орындарының қызметкерлері құрады. Әр жылдары бөлім мүшелерінің құрамында К.П. Горшенин, П.Л. Драверт, И. Сапожников, Г.Н. Потанин, А.Н. Седельников, В.Ф. Семенов, М.М. Сиязов, Ф.Н. Усов, Ф.Н. Шухов, Д.А. Клеменц, А.Е. Новоселов, А.И.Дмитриев-Мамонов, Н.М. Ядринцевтер сияқты бүкіл Ресей көлемінде белгілі көрнекті ғалымдар еңбек етеді. Бөлімнің зерттеу жұмыстарының бағыты алуан түрлі болды, ол негізінен бөлім мүшелерінің зерттеу жұмыстарының бағыттарымен байланысты болды. Бөлімнің зерттеу жұмыстары география, тарих, этнография, археология, экономика, метереология, зоология, ботаника, минерология және топырақтану саласында жүргізілді. Бөлімнің тікелей басқаруымен 1878 жылдан 1927 жылға дейін 150 ғылыми экспедициялар ұйымдастырылған. Бұл экспедициялардың нәтижелері бөлімінің ғылыми жинақтарының беттерінде 600-ге жуық өлкетанулық сипаттағы еңбектер жарық көрді. Мұндағы еңбектердің 25 пайызын археологиялық,тарихи және этнографиялық, сипаттағы зерттеулер құрады. Кейбір көлемі мен маңызы жағынан қомақты еңбектер және басылымдар ретінде жарық көрді. ИОГҚ БСБ жалпы Сібірдің дамуымен қатар Қазақстанның Солтүстік өлкесінің ғылыми, мәдени және қоғамдық-саяси дамуына айтарлықтай оң әсер етті. 1878 жылы Омбыда және Ақмола облысының басқа қалаларында мұражайлық іске негіз салған бөлім мұражайы ашылады.

Бірінші Орыс революциясынан кейін бүкіл жергілікті өлкеде ұлттық интеллигенция өкілдерін біріктірген саяси ұйымдар мен бірлестіктер құрылды. Сонымен қатар солтүстік қалалардың қоғамдық өмірінде жергілікті өлкені зерттеуге арналған ғылыми қоғамдар мен ұйымдар ерекше орын алды. Осы ғылыми мекемелердің ішіндегі ең елеулісі 1877 жылы Омбы қаласында ашылған ИОГҚ БСБ болып табылады. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты Батыс Сібірдің және онымен көршілес Орта Азия елдері мен Солтүстік Қытайдың географиясын, геологиясын, тарихын, этнографиясының және статистикасының жағдайын зерттеу болды.

1882 жылы орталығы Омбыда орналасқан, Дала генерал-губернаторлығының құрылуымен Ақмола және Семей облыстары ИОГҚ БСБ негізгі зерттеу обьектілеріне айналды. Батыс Сібір мен Дала өлкесін зерттеуді қолға алған бөлімше зерттеуші ғалымдардан тұрған бірнеше ғылыми экспедициялар жасақтайды, бірақ ИОГҚ БСБ-де қаражаты шектеулі болғандықтан экспедицияны жасақтауда көптеген қиындықтар кездесті. Жалпы бөлімшеге үкімет тарапынан жылына 2 мың руб. бөлініп тұрды, ал алғашқы 12 жыл ішінде бөлімше экспедициялық жұмыстаға 9 мың руб. жұмсаған, яғни өздерінің айтарлықтай қаражатын нақты шараларды жүзеге асыруға жұмсаған. Бұлардың мүшелері мен оның ерікті көмекшілері Далалық өлкенің аз зерттелген уездері мен қалаларына сапар шегіп, оның тарихын, географиялық ерекшеліктерін, экономикалық дамуын және әлуметтік-мәдени қатынастарын зерттеген. 1883 жылы бөлімше екінші жыл өмір сүруіне қарамастан Ақмола облысының Көкшетау уезіне И.Я.Словцовтың экспедициясын жабдықтап аттандырды.

И.Я.Словцовтың тұлғасы ИОГҚ БСБ-ң археологиялық, зоолологиялық, және этнологиялық коллекциясының құрылу тарихында ерекше орын алады. 1876 жылы Санкт-Петербургте ориенталистердің халықаралық конгресіне мүше болып, 1878 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне ғылыми экспедиция ұйымдастырып, нәтижесінде 152 беттен тұратын "Путевые записки, введенные во время поездки в Кокчетавский уезд Акмолинской области в 1878г." деген құнды еңбегі жарық көреді [7]. И.Я.Словцов өзінің еңбегінің жазылу денгейіне мынадай сипаттама береді: "Алдымда тұрған жұмыстың қиын екенін түсіне тұра мен одан бас тартпадым, егер де бір жаз айларының кезінде жазған еңбегімде олқылықтар орын алса, онда мен оны келесі жылдарымда толықтырамын" [64, 127 п.]. Зерттеуші өзінің серігімен Омбыдан маусымның 5-де шыққан. И.Я. Словцовтың Көкшетау уезі жөніндегі еңбегінде ғылыми мәселелер қарапайым сөзбен әрі қызықты жазылған, оның Көкшетау уезінің тұрғындарының тұрмысы, жануарлардың өмірі, географиялық ерекшеліктері туралы, қазақтардың мал-жануарлардың, құстардың аттарына қатысты сөздігі қазіргі кездің өзінде көптеген зерттеушілер тарапынан ғылыми қызығушылық тудыруда. И.Я. Словцов Көкшетаудың маңынан табылған төрт әйел адамның тас мүсінін басқа да көптеген экспонаттармен бірге ИОГҚ БСБ мұражайына тапсырады. Бұл тас мүсіндерді тапқан жерден зерттеуші көне жазбаларды кездестірген, бірақ олардың мәнін ашып, тиянақты зерттеуге мүмкіндігі болмаған. Мұражайға тапсырған экспонаттардың ішінде құстың 300 түрі, минералдың 80 үлгісі, өсімдіктер мен жәндіктердің 1200 үлгісімен бірнеше көне адамдардың еңбек құралдары да болған. И.Я. Словцов Омбы адамдарының ішіндегі ең білімді, әрі қызықты адамдардың бірі боды. Оның мақалалары қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатысты жазылды, мысалы; бір мақаласы экономикаға қатысты болса, екіншісі археологиядан жазылды. Оның еңбектері тың мәселелерді көтеріп, нақты талданған нәтижелер беретін болғандықтан әрқашанда ИОГҚ БСБ жинақтарының мақтанышы мен көркі болды. Бұл орайда Г.Е. Катанаевтің естеліктеріне жүгінуге болады: "Жолшыбай Омбыда тоқтаған өлкенің тарихын, географиясын тереңірек білгісі келген бірде бір ғалым анықтамалар алу үшін И.Я. Словцовқа кірмей кетпейтін, өйткені ол Сібірдің нақты білгірі болды" [158, 3 п.].

1876 жылы И.Я.Словцов Омбыда немістің белгілі жануарлар зерттеушісі доктор Альфред Брем мен энтомолог және орнитолог Отто Финш қатысқан экспедицияны қабылдайды. Неміс ғалымдары Словцовтың құрып жатқан мұражайын жоғары бағалайды. Кейін бұл жөнінде ғалым О.Финш өзінің кітабында былай деп жазды: "Ол берілген коллекционер және натуралист болды. Оның гимназияда ашқан зоологиялық мұражайы Германияның осындай оқу орнында кездеспейді, сондықтан гимназия оған көп қарыздар. Бір қызығы бүкіл мұражай зерттеушінің өзінің қаражатына жабдықталған" [64, 128 п.].

Сол 1867 жылы И.Я.Словцовтың Енисей солтүстігіне экспедициямен ұйымдастырылған Тэльді қабылдап, оған көне заманғы үлгілерден тұрған экспонаттарды сыйға тартады. Еліне оралған Тәль ғылым академиясында экспедиция нәтижесі жөнінде тамаша баяндама жасайды және онда Словцовтың көмегімен ерекше жоғары бағалайды. Кейін осыны ескерген Швеция Ғылым академиясы И.Я. Словцовты корреспондент-мүшесі етіп сайлайды. Академияның

Қазақстан территориясын зерттеуде көптеген орыс интеллигенциясы өкілдерінің еңбегі сінді. Әсіресе "Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разрботанные экспедицией по исследованию степных областей" деп аталатын еңбектің авторы белгілі земский статистик Ф.А. Щербинаның қызметін ерекше атап өтуге болады. Ф.А. Щербина басқарған экспедиция 1896 жылдан 1903 жылдар аралығында Ақмола және Семей облысының он уезі мен Торғай облысының 2 уездеріндегі нақты тарихи жағдайдағы қазақ шаруашылығын зерттеумен айналысты. Бұл экспедицияның нәтижесінде қазақтардың шаруашылығына, жерді иеленуіне байланысты көптеген статистикалық мәліметтер жинақталған, олар үкіметке жергілікті тұрғындардан "артық жерлерді" алу үшін арнайы дайындалды. Кейін мұндай қазақ жер шаруашылығына байланысты мәліметтер қонысаударушылар үшін арнайы құрылған жер қорларын жабдықтауда маңызды болды. Экспедицияның алқаптағы жұмыстары көктемнің басынан күздің аяғына дейін жүргізілді, ол қысқы айларда экспедиция мүшелері бес-алты айда жиналған материалдарды өңдеп, жариялауға дайындаумен айналысты. Экспедиция бюросы басынан аяғына дейін Дала генерал-губернатордың әкімшілік орталығы Омбы қаласында орналасты. Экспедицияның қазақ жерін жан-жақты зерттегенін, оның құрамына қатысқан топографтардың, статистиктердің, гидротехниктедің және ботаниктердің санынан көруге болады. Негізгі мәліметтерді өңдеумен экспедицияда көпшілікті құраған статистиктер айналысты.



Далалық болыстарды зерттеуге арналған экспедицияның құрамын толық анықтау мүмкін емес. Экспедиция жетекшісінің бірі Л.К.Чермактың мәліметтері бойынша экспедиция жұмысы барысында аудармашыларды есептемегенде, оның жұмысына 200-ге жуық адам қатысқан.

Қазақстанның солтүстік қалаларының қоғамдық - саяси өмірін Сібірде пайда болған Сібір областничествосының қызметі арқылы қарастыруға болады. Бұл саяси ағым ХІХ ғасырдың 50-жылдары қалыптасқан, оның идеологиясы Н.И.Костомаровтың, А.П.Щаповтың, П.А.Словцовтың және т.б. қоғамдық қайраткерлердің еңбектері ықпалының нәтижесінде дайындалды. Ал бұл саяси ағымның едәуір көрнекті қайраткерлері Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев және С.Ф. Шашковтар болды, олар өз саяси белсенділіктерін Санкт-Петербургтегі сібірлік жерлес студенттер үйірмесінде шынықтырған.

Областниктердің негізгі мақсаты Еуропалық Ресейге отар ретінде тәуелді болған Сібірдің тәуелсіздігін жариялау. Сібірлік жерлестер қоғамының өкілдері Сібірге ХІХ ғасырдың 60-жылдарының басында Сібірге оралып, жергілікті мерзімдік басылым беттерінде және дәрістер арқылы өздерінің идеяларын жұртшылық арасында насихаттады. Областниктердің орталық билікке қойған негізгі талаптары мыналар болды: қылмыстық жазамен Сібірге жер аударуды тоқтату, Сібірдің Еуропалық Ресейден экономикалық тәуелділігін жою, Сібірде университет ашу мәселесі және т.б. 1865 жылы Сібір кадет корпусының тәрбиеленушілерінің бірінің қалтасынан "Сібір патриоттарына" деген прокламация табылып, областниктердің белсенділеріне қатысты қылмыстық іс қозғалады. "Құрама штаттар тәрізді" Сібірдің Ресейден бөлініп, республика болып құрылуы" деген ісі бүкіл Ресей көлемінде ірі саяси үрдістердің біріне айналған қылмыстық іске 70 адам тартылып, олардың 19 сотталады. Патша үкіметінің қуғындау саясатының нәтижесінде ХІХ ғасырдың 70-жылдарында областниктер қозғалысының сипаты өзгеріп, олар енді тәуелсіздік үшін емес Ресейдің құрамындағы автономия үшін, ал ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында земскілік өзін-өзі басқару үшін күресетін болды.

ХХ ғасырдың басында Сібір областничествосы екі бағытқа бөлінеді: кадеттік (А.В.Адрианов, А.Н.Готенбергер, П.В.Вологодский, И.И.Серебренников және т.б.) және эсерлік (Е.Е.Колосов, П.Я.Дербер және т.б.)

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін областничествоның Омбыдағы жалпысібірлік съезінде Ресейдің құрамындағы Сібір автономиясының құрылғандығы жөнінде жарияланды. Осы жалпы бірінші Сібір үкіметі құрылады, ол Сібір областничествосының уақытша Кеңесі деп аталады, оның төрағасы қызметін Г.Н.Потанин атқарды. Автономияның жоғарғы шығарушы органы ретінде Сібір облыстық думасы құрылды. Азамат соғысы жылдарында кадеттік сипаттағы сібір областниктері адмирал А.В.Колчакты қолдап, олардың көрнекті өкілдері П.В.Вологодский, И.И.Серебренников және т.б. Колчактың Сібірде құрған Ресей үкіметінің құрамына енеді. Ал әскерлік бағыттағы сібір областниктері И.А.Якушев, П.Я.Дербер және т.б. А.В.Колчактың үкіметіне оппозицияда болды.

Облысшылдардың іс-әрекетінің жаңа толқынмен жандауына және либералды-демократиялық көзқарастарының одан әрі дамуына Ресейдегі алғашқы буржуазиялық революция маңызды рөл атқарды. ХХ ғасырдың басындағы демократиялық бағыттағы қозғалыстардың іс-әрекетінің нәтижесінде 1905 жылғы Бірінші орыс буржуазиялық революциясына әкеп соқты. Бұл революция сәтсіздікке ұшырап мүшелері толығымен жазаланғанымен, оның Ресейдің соның ішінде Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне және жергілікті интеллигенция өкілдерінің қызметінің мазмұнына айтарлықтай әсері тиді. Өйткені ресми үкіметінің қаһарына ілініп Қазақстанның Солтүстік өлкесіне жер аударылған оппозициялық ұйымдар мен қозғалыстардың өкілдері жергілікті өлкеге демократиялық, азаматтық, халықтық қоғамның шырағын ала келді. Олардың қатары негізінен интеллигенция өкілдерінен тұрғандықтан, олар жергілікті өлкеде тарихи археологиялық, этнографиялық және т.б. зерттеу жұмыстарын жүргізіп өлкенің ғылыми және мәдени дамуына өз үлестерін қосты.

ХХ ғасырдың басында орыс зерттеушілері мен қазақ интеллигенциясының ғылыми қызметтері мен қоғамдық-саяси өмірі тығыз байланысты болды. Олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін зерттеу кезінде, өздерінің саяси көзқарастарын айқын білдірді. Орыс интеллигенциясының ғылымға беріліп, қазақ халқының мәдениетін ерекше қызығушылықпен зерттеуі олардың жергілікті тұрғындармен достық қарым- қатынасын аңықтады [6, 76 б.]. Бұған мысал ретінде бірқатар орыс демократиялық интеллегенциясы өкілдерін В.В.Бартольдтың, С.П.Швецов, А.А.Кауфманның, Н.Я.Коншиннің, Т.И.Седельниковтың, П.П.Румянцевтің және басқада көрнекті зерттеушілердің шығармашылықтарын атауға болады.

ХХ ғасырдың басында жалпы Ресейдегі Қазақстанның Солтүстік қалаларында да кадеттер, эсерлер, социал-демократтар және тағы да басқа либералды-демократиялық және діни бағыттағы саяси топтар әрекет етті. Осындай ХХ ғасырдың басындағы саяси топтар арасындағы күрес пен қызу революциялық оқиғалар қазақ ұлттық интеллигенциясын шынықтырып; олардың саяси мәдениетінің деңгейін көтере түсті. Бірінші орыс буржуазиялық революциясынан шыныққан либералдық интеллигенция мен буржуазия өкілдері патша самодержавиесінің І дүниежүзілік соғыстағы сәтсіздіктері мен жеңілістерін пайдаланып өздерінің ресми үкіметке қарсы күрестерін жаңа күш қуатпен жүргізді.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер қазақ халқының жаңа қалыптасып жатқан ұлттық интеллигенциясы немесе оқығандар, зиялылар қауымдастығы деген ұғым қазақ қоғамындағы қазақ жастарының Ресейдің жоғарғы оқу орындарында білім ала бастаған уақытында пайда болған. Бұл ұғым қазақ қоғамында ертеректе "ерлер", "ел ұстайтын ұл" және жақсылар деп аталып келе-келе жинақталған терминге айналған [5, 156 б.]. Ал Ресейде болса, бұл термин алғаш рет 1836 ж. В.А. Жуковскийдің күнделігінде кездеседі, бірақ оны ғылыми айналымға 1860 жылдары П.Д. Боборыкиннің есімімен байланысты. Алғашқы уақытта интеллигенция деп тек жаңаша білім алған адамдарды атаса, кейін интеллигенция деп эмперикалық өмірдің әділетсіздіктерімен келіспей өздерінің рационалды жолдарын ұстанған әлеуметтік-адамгершілік категорияны айтатын болды [6,13б.].

Патша үкіметінің қазақ жеріндегі қазақ-орыс мектептерінің негізгі мақсаты отарлық әкімшілік үшін мамандар дайындау және белгілі бір идеялық бағытты тарату болды [58, 172 б.]. Бірақ болашақ қазақ ұлттық интеллигенциясы қай жерде болмасын, әрқашан өз атымен аталмай бұрмаланып қырғыз-қайсақ деп патшалық Ресейдің және жалпы әлемдік қоғамда орын алып келген европоцентристік көзқарастың құрбаны болып келген өз халқының жаралы мәселерін ешқашан ұмытпаған. Сондықтан олар әлемдік өркениеттің демократиялық жетістіктерімен неғұрлым танысқан сайын олар соғұрлым өз ұлтының жағыдайын жақсартудың тиімді жолдарын жоспарлайтын болды.

Қазақ ұлттық интеллигенциясының саяси көзқарасы анықталған әлеуметтік категория ретінде қалыптасуына Санкт-Петербург, Қазан сияқты Ресей империясының ірі қалаларымен қатар Ақмола облысының Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау, және Атбасар қалалары да маңызды жағыдай жасады. Орыс демократиялық интеллигенциясының және қазақ ұлттық интеллигенцияның қоғамдық-саяси қызметтері негізінен қалаларда ерекше байқалады, олар мұнда жергілікті ғылыми-өлкетанулық ұйымдардың құрамында, мектептер мен гимназияларда оқытушылар ретінде және жергілікті кітапханалар мен мерзімдік басылым орындарында белсенді еңбек етті. Қазақстандағы кітап ісінің дамуына үлкен үлес қосқан маманы зерттеуші В.В.Галиевтің деректеріне сүйенсек, 1907 жылдары Қазақстанның солтүстік өңіріндегі қалаларда Петропавлда, Ақмолада, Көкшетауда, және Атбасарда жартылай заңсыз және жасырын кітапханалар әрекет еткен. Олардың эсерлік, социалистік-демократиялық және шаруалық ұйымдардың мүшелері ұйымдастырып отырған. Қарапайым халықтың мұндай әдебиеттерді көңіл соғып, оқуы осы уақытта өлкедегі кітаптардың жетіспеушілік жағдайымен түсіндіріледі. Қазақ халқының ат төбеліндей азғантай интеллигенциясы уезд орталықтары қызметін атқарған қалаларда орналасып, жалпы бүкіл Азияның оянуы жылдарында өз туған халқын ұйқыдан оятып, отарлық езгіден арылту мақсатында атымен жанды тебірентер "Оян қазақ", "Маса", "Мен жастарға сенемін" шығармаларын өмірге әкелді.

Қалалардың дамуын қазақ ұлттық интеллигенциясы буржуазиялық-демократиялық қоғамға өтудің кепілі ретінде қарастырып, болашақ қазақ қоғамының мәдени ошағы деп түсіндірді. Бірақ кейбір жағдайларда қалаларда орын алған түнгі көңіл көтеру және әртүрлі казинолық ойын-сауық ойындарының іс-әрекеттері, алдынғы қатарлы қазақ интеллигенциясының өкілдері қалалық жүйеде орын алған осындай келеңсіз құбылыстарды айыптаған. Олар мұны батыс мәдениетінің келешегі деп анықтап, қазақ ұлты үшін жат құбылыстар деп танылады. Ақмола облысының 1914 жылдары есебіне сүйенсек, Солтүстік қалаларындағы түнгі ойын-сауық мекемелерінің саны мынадай болған Омбыда 15, Петропавлда 3, Көкшетауда 1.

Қазақ ұлттық интеллигенциясының өкілі Ш.Ш. Уәлиханов далалық өлкеде өскеніне қарамастан халықты қалалық мәдениетке тартып, қалаларды еуропалық өркениетке тартылудың бірден-бір негізі ретінде қарастырды. Ш.Ш.Уәлиханов өз халқына еуропалық мәдениеттің тек прогресивті-гуманистік жетістіктерін ғана алуды көздеген. Еуропа мемлекеттерінің тарихына көз жүгіртсек, ұлттық өнеркәсібі мен саудасы жақсы дамыған жерлерде, ұлттық буржуазиясы да жақсы дамыған. Қалаларда заман талабына сай саяси қаруланып, жергілікті буржуазиялық өкілдердің мүддесін қорғаған ұлттық интеллигенцияның туу үрдісі байқалды.

Қазақ интеллигенциясының қауымы оқуларын аяқтасымен қалаларда қалып тұрақты тұрғындар арасында жаңаша ойлайтын адамдардың санын көбейтті. Олардың қоғамдық-саяси көзқарастары либералдық-гуманистік немесе батысшылдық бағытта қалыптасты. Батысшылдық бағыттағы зиялылар қоғам дамуында батысшылдық дәстүрді үлгі тұтуды ұсынды.

Империяның орталық аймақтарында өтіп жатқан қоғамдық процестер қазақ даласында өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Басқаша айтқанда, біздің өлке де бірте-бірте Ресейдегі қалыптасқан капиталистік қарым-қатынасқа, әлеуметтік үрдістерге тартыла бастады.

Бұл жағдайлар қазақ интеллигенциясының қалыптасып, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин сияқты қайраткерлердің халық игілігіне қызмет етуіне жол ашты. Сол ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ даласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, тарихи күрделі кезеңде көзге түскен бір шоғыр саяси, мәдени қайраткерлер пайда болды. Олар Қазақстанда ұлт-азаттық, революциялық-демократиялық қозғалыстардың өріс алуына, қазақ мәдениетінің дамуына зор ықпал етті. Атап айтсақ олар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов, Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Сердалин.

Интеллигенцияға дейін қазақ қоғамында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ойлаған топ-билер мен ақсақалдар болды. Н.И. Красовский қазақ қоғамындағы билер мен ақсақалдар рөлін анықтап, олардың мырзалар мен байлардан дараланып тұратын ерекше әлеуметтік категория деп түсіндіреді: "Халықтың құқықтары мен бостандықтарын билер мен ақсақалдар деп аталатын адамдар тобы қорғайды, сондықтан бұл топ қазақ қоғамында ерекше жоғары құрметке ие" [9, 68 б.].

Сонымен XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Ақмола облысының уездік қалаларының қоғамдық-саяси өмірі әртүрлі саяси қақтығыстар мен оқиғаларға басым болды. Қарастырылып отырған кезеңіміз Ресейдегі демократиялық, халықтық және революциялық қозғалыстар дәуірі болғандықтан Солтүстік қалалардың қоғамдық-саяси өмірінде көптеген өзгерістер орын алды. Мысалы, 1960 жылдардағы халықтық-демократиялық қозғалыс өкілдерінің ықпалы Ш.Уәлихановтың саяси көзқарастарына әсер етсе, 1905 жылы Бірінші орыс революциясына қатысып Қазақстанға жер аударылып орыс демократиялық интеллигенциясы атанған азаматтар қазақ ұлттық интеллигенциясының саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер етті.

Тұжырымдай келсек, қазақ зиялы қауымы мен орыс демократиялық интеллигенциясының қоғамдық - саяси қызметінің түпкі мақсаттары бір – патша самодержавиесіне қарсы күрес болды.



Негізгі ұғымдар: қалалардың қоғамдық-саяси өмірі, алаш қозғалысы, кадеттер, эсерлер, социал-демократтар, либералды-демократиялық саяси топтар, діни бағыттағы саяси топтар, самодержавие, областниктер, халықтық, демократиялық, революциялық, азаматтық, идеология, оппзиция, сібірлік жерлестер, орыс демократиялық интеллигенциясы.



Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ ұлттық интеллигенциясы мен орыс демократиялық интеллигенциясының саяси көзқарастарындағы ортақ мақсатты анықтап көрсетіңіз ?

2. Қарастырылып отырған уақытта қалалардағы қоғамдық-саяси өмірдің дамуына қандай жағдайлар әсер етті ?

3. Халықтық-демократиялық қозғалыс өкілдерін атап, олардың қоғамдық-саяси қызметіне анықтама беріңіз ?

4. Революциялық өзгеріс, төңкеріс және эволюциялық даму түсініктерін талдап анықтама беріңіздер ?

5. Тақырыптың тарихнамасын талдап қарастырыңыз ?

Каталог: Книги
Книги -> Таќырып: Деректану пјні
Книги -> Кәсіби өсудің жоғАРҒы мектебі
Книги -> Оразбек Нұсқабаев
Книги -> Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы» романдарының әдеби сында танылу және бағалану тарихы.
Книги -> Қазақстан республикасы
Книги -> Н. ТҰЯҚ баев т к. Арыстанов б. ӘБішев жалпы геология курсы
Книги -> А. Ж. Сейтембетова
Книги -> С. П. Наумов омыртқалылар зоологиясы
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Бағдарламасы (силлабус) Пән : Педагогика тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет