Ќазаќстан Республикасыныѕ Білім жјне єылым министрлігі



жүктеу 3.08 Mb.
бет11/19
Дата09.09.2017
өлшемі3.08 Mb.
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

«Әкесі басқа адамдар туралы» – екінші нұсқасы. Әңгіме жанрына жатады. Әңгіменің сюжеті тарихи оқиғаға негізделген, өмірде болған оқиға төңірегінде өрбиді. Бірақ та жазылған деректің растығын дәлелдейтін бүгінгідегідей жоғары сапалы аппараттар жоқ, қазақ әр қашан сөзге тоқтаған. Жазылған оқиғаға ұрпақтары бар болса, қызарып, намыс қуып қажеті жоқ деп ойлаймыз, Мәшһүр-Жүсіп те біреудің айтқанынан, халықтың ішінен жазып алған. Әңгіменің көлемі шағын, бір беттің арғы бергі жағы ғана. Әңгіме оқырманды бірден өзінің оқиға қызықтығымен үйіріп әкетеді. Оқыған сайын өмірден өткен адамдардың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, салты көз алдымызға келе бастайды. Әңгіменің эстетикалық талғамы күшті, үлкендер арасында, қонақта, жабдықта, шағын ортада айтуға болады. Бірақ та, біреуді кекету, мұқату мақсатында айтуға болмайды. Бұл әңгіменің алдыңғы нұсқадан айырмашылығы кісі аттары өзгерген. Айталық, бірінші – Керей Тұрлыбек дуан үстіне советник болып тұрғанның өзінде Мүсейіт биге қарсы келмейді екен. Мүсейіттің туған әкесін жан білмейді екен. Күндердің күнінде Мүсейітті әкесі еркелетіп отырады екен. Сөйтсе, қатыны Мүсейітті өнерімен (ойнас) жасап Қызжәнібектен тауыпты. Бірінші нұсқасында бұл әңгіме сәл өзгерісімен баланың аты – Мұсат деп тағы бірер сөздер қосылған. Екінші оқиға – сол бірінші әңгімеден Орманшы ұрпағына байланысты Заңсүлеймен баласына байланысты айтылады. Үшінші – оқиға бірінші нұсқасында жоқ. Онда Қуандық-Алтай, Қарпық-Әли болыс. Әли болыс кешегі Тоқа, Шоң сияқты атақты болыс болған. Қанту баласы Бейсенбай Әли болысты көрген жерде «Шата мұрдар!» дейді екен. Сонда Әли болыс сіз неге «Шата мұрдар!» – деп айта бересіз деген екен. Бейсенбай сонда: «Жаман Құлшомбайдан сендей бала туа ма? Сен Кенесары-Наурызбайдың ұрпағысың» – деген екен. Әли болыс онда әкем жаман кісі болмаған деп жауап беріпті. Төртінші – Ажақай – Жүсіптің Кенесарының баласы дейтұғын оқиғасы. Бесінші – Шалабайдың баласы Иманбай жөнінде. Оның да әкесі Шалабай емес, Қантай екен. Иманбай айтады екен мен әкеме разымын деп, біріншіден шешеме ие болмады, екіншіден бала күнімде әкем мені Торсықбайға жылда бір қой жетектетіп жіберуші еді: «Батасын ал!» – деп. Мені Иманбай атандырған «Шалабайдың шатасы, Торсықбайдың батасы» дейді екен. Әңгіменің ішінде: алып анадан туады алдыңғысында бұл жол түсіп қалған – мақал, жеті дуан, көтсіз бала, тізе айырмай, шата мұрадар, қыдыр қонған, ат-тон, естіген құлақта жазық жоқ, атау кере – көр кебін болмайды тұрақты тіркестер, Шалабайдың шатасы, Торсықбайдың батасыхалықтың афоризіміне айналған, советник – кірме сөз, сексен – сан есім. Әңгіменің соңында Мәшһүр-Жүсіп «Құдай Иманбайға рахмет қылсын! Ана екеуіне не қылса, өзі білсін!» – деп жазып қойыпты. Қараңыз: 261 бетті [31, б.259-261, 360].

«Әз жақсылардың батасы» – бата да жанры жағынан өзгеше әдеби түрге жатады. Х. Досмұхаметұлы батаны халық әдебиетінің кең тараған түріне жатқызады. Ол: «Қазақ қауымының арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер, т.с.с. табиғат сыйлаған дарын өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған» – дейді. М. Ғабдуллиннің еңбегінде тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар деп бөлінеді де, бірақ бата туралы айтылмайды. Бұл да Кеңес дәуірінің әсерінен болған жайт сияқты. Мәшһүр-Жүсіп ауыз әдебиетінің бір түрі батаны да, қарғысты да жазып алып қағазға түсіріп кеткен. Өзі де көптеген бата берген. Бата кейде афоризмге жақындайды. Кейде нақыл сөздер айтылады. Өлеңмен айтылса лирикалық жанрға жуық келеді. Қара сөз үлгісі шешендік сөздерге жақындайды. Айшықтаудың (фигураның) бір түрі арнау – сөз тіркестерін әдеттегі қарапайым сөздермен емес, өзгеше дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі басқарақ ораммен, айрықша айшықпен, сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беріп тыңдаушыға айтар ойын әсерлі жеткізу. Бата осы жағынан арнауға жуықтайды. Батаның бойында синкреттік бар. Батаны жарлай арнауға да жатқызуға болады. Бата бір адамға беріліп отырғанымен, кейде қатысып отыратын жалпы жұртқа да арналады. Осы жағынан бата басқашалау жанрға жатады. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың негізін сақтай тұра, оның табиғатына өзгерістер енгізе алады. Бұл – жанрдың ұлттық сипатына тығыз байланысты. Демек, бата – афоризмдік арнау жанрына жатады. Батада Ізден абыздың Боштай атасы Тұрсынбайға айтқан сөзі Тақ Сүлейменнің құмырсқаға сөйлескенін нақыл қылып айтады да артынан:
– Аққу азса, қанатын суға бөлер (бұлар),

Құлан азса, тұяғын құмға бөлер (бұлар).

Хакім азса, сұмдығы жұртқа тиер,

Артынан көп кешікпей жұрты бүлер (бүлінер)!



– деп, ел тағдырын, жұрт тағдырын ойлаған келелі ой айтылады. Мінекей, батаның айтылар ойы тек қана бір адамның ауқымынан шығып, күллі халық қамын ойлап айтылатыны да бар. Бата көбіне метафорадан тұрады [31, б.75, 48, 49, б.21, 38-75].

«Жеке бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Бірінші: Жеке деректердің ішінде аңыз да, ертегі де, тарихи мәліметтер де араласып жүр. Шежіреде жазылған деректің мәні мен мазмұны сәйкес келе бермейді. Демек, тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Негізгі тақырыбы батырлар мен билерді дәріптеу. Халықтың ішінен шыққан би, батырлардың қасиеттерін суреттеу. Тоқхат деген Хұсайынды жамандап арыз жазған екен. Сонда мына адамдарды куәлікке жығыпты. Бірақ, олар Құран ұстамай жауап бермей қойыпты: Алпыс Малкелдібаласы, Секербай ағасы, Баймағамбет Бекбау баласы, Әлібай Бекбау баласы, Баян: Жауқашар Шалғанбай баласы [32, б.213].

«Бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Екінші: Бұл да тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Көтерген тақырыбы: аналардың әрқайсысы бойына бала біткенде түрлі ойға толы сөз айтады екен. Сөйтіп, аталарының қасиеттері анықталады. Әр атаға баға беріледі. Мысалы, бір ана – «Ұзын бітті бойыма, Ерлік, батырлық толды ойыма» – десе, балалары шетінен ер жүрек батыр болып туады. Қол таңбалы Ұзынқыпшақ атанады, олар – «Бұлтың бітті бойыма, Көптік толды үйіме (ойыма)» – дегенде, Әлиф таңбалы Бұлтың Қыпшақ жағы басады. «Торы бітті бойыма, Кемшілік толды ойыма» – дегенде Мойын таңбалы Торықыпшақ бұлар таңбасын мойынынан басады. «Балық бітті бойыма, Байлық толды ойыма» – дегенде Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарыннан басады. Көсеу таңбалы көлденең Қыпшақ бар. Бұлардың бәрін «Бес таңбалы» – дейді. Олардың арғы атасы Қарақыпшақ Қобыланды батыр екен. Біреулер Мүйізді Сарыалыптан – Құлан – Қытай – Қара – Сары. Қарадан – Есімсейіт – Қобылан – Қобыланнан – Тоқтар. Тоқтардың баласы бес таңбалы дейді. Ал енді біреу – Темірқазықтан –Тоқтамыстың биінің бірі – Қарақыпшақ Қобыланды дейді – ол қате жаңылыс сөз дейді. Шежірелі әңгіменің тілі де шұрайлы: «Ұзын бітті бойыма, Ерлік, батырлық толды ойыма», «Бұлтың бітті бойыма, Көптік толды үйіме (ойыма)», «Торы бітті бойыма, Кемшілік толды ойыма», «Балық бітті бойыма, Байлық толды ойыма» – нақыл сөздер, құран ұстатып, жанын алып, қарын таңбалы, көсеу таңбалы, бес таңбалы – тұрақты тіркестер, Би деген ақ шариғат ілуде біреу табады, батыр деген барақ ит екі қатынның бірі табады – мақал молынан кездеседі [32, б.213].

«Жеке бір деректер» – бес бөліктен тұрады. Үшінші: Бұл да тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Бәсентиін – Апайбөрі-Құдяр қажы Құнанбаймен сапарлас болып, көп жасаған екен. Сол сияқты Құнанбай Алтай-Ешмұхаммед қажыны да жолдастыққа алған. Ал, Сұлтан қожаны Егізек-Жанайдар жолдастыққа алған. Олармен бірге Атығай-Қожахмет қажы сапарлас болған екен. Арғыннан екі кісі білікті болып қажы атанған: бірі – Орманшы Хасен қажы, екіншісі – Тоқал Арғын Есмұхаммед Бұқардан барыпты. Осының ішінде Мәшһүр-Жүсіп «Первый человек – Адам ата топырақтан жаратылды. 1499-ыншыда Әбілқайыр немересі Шейбани хан Әмір-Темір нәсілінен-Бұхара, Смарқанды алып» – деп жазыпты. Одан әрі бәйбіше балалары – Қозыбақ – Матай. Тоқалынан – үш баланы таратады. «Баянаулада Басшілік қыстаған «Төлеш жұрты» – деген жер аты бар. Қарабұжыр – Төлеш батыр, оның үлкен ұлы – Тайсары – Қыстауы-Аяқшілік» – деп аяқталады [32, б.214-215].

«Жеті жетім» – 4 тармақты, 7 шумақты өлең. Лирикалық жанр. Силлабикалық өлең өлшеміндегі ең шешуші нәрсе – буын: ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ. Өлең жолын талдап көрелік:

/Барады/ /ғұмыр өтіп/ /күн – күн санап/ (10)

/Жолында// ғылым – Сарыф// еттім талап/ (12)

Екі жолда үш бунақ бар, алғашқы бунақта үш буында, басқа бунақтары төрт буыннан түзіліп тұр.


Бір жерге мешітті қойса салып, - а

Жамағат оқымаса, оған барып. - а

Жалғанда сондай ғазиз босқа тұрса,- а

Дүниеде не болады онан ғарып?! - б


Аралас ұйқасқа құрылған өлең шумағы. Қ. Жұмалиев ұйқастың сегіз түрін атап өткен еді. Халықтың жетімсіреп тұрғаны «Жеті жетімі»: бірінші – мешіт салу, екінші – намаз оқымау, үшінші – мешіттің бос тұруы, төртінші – құр ғана дүние жинау, бесінші – жақсы қатын алу, алтыншы ғалымдардың ішіндегі наданы кезіксе, жетінші – құран оқылмаса мінекей, осы – мәселелерді Мәшһүр-Жүсіп өлеңіне арқау еткен [9, б.141].

«Ағадай» – Кіші жүздің ұраны. Тарихи-эпикалық жәдігер. Көтерген тақырыбы «Кіші жүздің» ұрандары, олардан тараған ұрпақтар туралы. Шежіренің құндылығы сонда, онда жазылған Кіші жүздің тарихын білуге болады, әр рудың ұрандарын да білуге болатыны. Кіші жүз үш бөлімге бөлінеді: Әлім, Әлімұлы, Байұлы. Бұлардың үшеуі бірігіп «Алшын» – деп аталады екен. Немесе: «Үш Алшын» деп сөйленеді. «Жеті ру» – мыналар: Тама, Табын, Керделі, Керейт, Рамадан, Жағалбайлы, Тілеу. Кіші жүз ішіндегі «Жеті рудан» Керделі: Оның ұраны – Қожахмет. Таманыкі – Қарабура. Табындікі – Тостаған. Жағалбайдікі – Елди-ей, бөлди-ей. Әлім алты ата одан бөлінетін Тілеу ұраны – Арғымақ. «Жеті ру»: Керейт ұраны – Ақсақал. Байұлы он екі ата Беріш ұраны – Ағадай. Адай ұраны – Адай. Ысық ұраны – Бәйтерек. Алаша ұраны – Байбарақ. Масқар ұраны – Қаратай. Тана ұраны – Тана. Байбақты ұраны – Дәуқара. Алшын мен Жаппас ұраны – Баймұрат. Қызылқұрт ұраны – Жиенбай. Әлімұлында мынандай ұрандар бар: Кете ұраны – Майлыбай, Шөмекей ұраны – Дәуіт (Дуите). Шекті ұраны – Бақтыбай, Қарасақал ұраны – Алдияр. Мәтіннің соңында: Асан қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора, Едіге пәледен қашып құтылған осылар. Үштің біріне қосылған Әз Едіге Кіші жүзден шыққан 43 мәтін кіші жүздің ұрандарына арналған. ОҒКҚҚ, № 1177 папка, 190-191 беттері бойынша даярланды. Қараңыз: 426 бетті. Сонымен Байұлы он екі ата Беріш ұраны – Ағадай [34, б.165, 426].

«Адамға сырлас – қанат, құйрық» – (мақал). Ауыз әдебиетінің жанры. Тұрақты тіркестердің бір түрі – мақал мен мәтелдер. Мақал мен мәтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытындылап, ереже түрінде тұжырымдалған аталар сөзі, ой түйіні. Мәселен, адамның қос қанаты – екі баласы. «Балтакерей Тұрсынбай құлағы шұнақ екен құйрығы шолақ екен» – демей ме, сонда құйрығы шолақ болу, себебі туыстары жоқ дегені. Демек, құйрығы ол туыстары, артынан ерген ұрпақтары. Адамға не сырлас болуы мүмкін әйелі, балалары, достары, жолдастары, туыстары т.б. Олай болса, адам ұрпағымен мың жасайды. Жалғыздық құдайға ғана жарасады [50, б.91-93, 51].

«Арақ туралы Опай ұғлы Қағибадан рауаят» – алпыс жетінші бап. Лирикалық жанр. 4 тармақты, 27 шумақты өлең. Өлеңде көтерген мәселесі арақ ішуге қарсылық және маскүнемдерге қарсы үгіт-насихат жүргізу көзделген.

Мысалы:
Аяқтары кісен-ді, қолда – шынжыр,

Өлдім-талдым дегенде бір су берер,

Ол суды ауызға алып ұрттағанда,

Ұстаған ол, ішсе ауыз, қарны жидір.
– арақ ішіп, күнәға батқандардың көретін күні жоғарыдағыдай болады екен деп суреттейді.

Немесе,
Жабылып жылан, шаян, әне, талар,

Заһарына шыдай алмай надан қылар,

Ішінде ол зынданның мың жыл қалған,



Дамыл, тыныштық көрмей зәре қалар
– дейді. Өлеңді оқып отырып, адамның арақ ішпек түгіл, оның исі келсе жүрегің айнитындай дәрежеге келеді. Өлеңнің көркемдік үгіттік қуаты өте күшті. Өзінің құнын әлі де жойған жоқ. Өлеңді жоғары мектеп оқушыларына, студенттерге оқып, теріс қылықтан ада қылуға деген тәрбиелік мәні де күшті. Өлеңнің тілі де уытты, адамға тигізер әсері де бар. Өлеңді оқып отырғанда, көркемдік ерекшелігіне де таң қалмасқа болмайды. Енді өлеңнің тілін бірер мысалдар арқылы дәлелдейік. Өлеңнің лексикалық құрамы мынандай: бөтелке, домбыра, кісен, шынжыр, лақат, жүзік, жылан, шаян, зындан, шиша, білезік, тәж, алқа, кітап т.б. Өлеңнің мазмұнына байланысты экспрессивті-эмоциональды мәні күшейген сөздер: мойнына бөтелкесін іліп, аузынан арақ исі шығып, боқтан сасық, жиіркенер барша халық, мастарды тозаққа сал, сасық тер, жаман иістері, ірің, сарысу жиылған т.б. Иманғали: 2-папка, 224-229 беттері бойынша енгізілген. Қараңыз осы томның 367 бетін [29, б.341-344, 361, 367].

«Бір кісіге біреу айтты» – алпыс сегізінші бап. 4 тармақты, 8 шумақты өлең. Лирикалық жанр. Жаңылтпаш – жұмбақ өлең. Көтерген негізгі тақырыбы: Қазақтың байырығы салтын, дәстүрін насихаттау. Өлеңнің қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: «Бір кісі біреуге нағашы мен әкеңнің інісі едім, танимысың? – дейді. Сіз қалайша әкемнің немересісіз? – дейді». Өлең жұмбаққа құрылған. Сөйтсе, шешесінің бірінші күйеуі өліп, бір қыз қалады, ол қызды қатыны өлген бір шал алады. Ол шалдың бұрыннан бір ұл баласы болады. Сол балаға бағанағы шешешесі көзін салады. Шешесі қызық, бағанағы шалға беріп, балаға өзі тиіп алады. Мінекей, оның әкесі менің туысым дегеннің мәні осы екен. Иманғали Мәнен: 2-папка, 229-231 беттер, Мұхаметфазыл 5 – папка, 11-12 беттері бойынша алыныпты. Қараңыз: осы томның 367-бетін [29, б.344, 367].

«Айдабол», ру – тарихы. Тарихи-эпикалық жанрға жатады. Арғын – Құтан – Мейрам – Сүйіндік – Суғыншы – Шуманақ – Құлболды – Айдабол – Малқозы – Толыбай – Олжабай). Құлболдының бәйбішесінің аты Мақпал. Демек, Айдаболдың әкесі Құлболды. Мақпалдан: Күлік, Тұлпар, Айдабол. Айдабол он үш жасында билік айтып, елді аузына қаратқан шешен болған. Ел аузында «Артың болса, Айдаболдай ұл тап» – деп Мақпал бәйбіше мақтанатын сөз қалған. Сол Айдаболдың өзі ер жетіп, ат басын тартқан шақта бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы; ортаншы тоқалынан: Аққозы, Бозқозы, Қарақозы; кіші тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Айдабол би Тайкелтірге Қошшетер деген баланы «Енші орнына қарабауыр қылып ал!» – деген екен. (Құнанбай күндебау қылып Кәмшатты береді – А.Қ.) Қарабау // күндебау басы байлы құл есебінде «жетім бастатқан тоғыз» есебіне де кіреді – А.Қ. Қоштердің шешесі Шанышқылы-Қоштердің қызы екен. Айдабол би нағашы атасының атын қойған екен. Шанышқылы сартқа бір атасы жуық: Қаңлы Шанышқылы-Қатағаннан қалған ел тегіс ұста болғандығы бұл сөзді растайды. Кенжеқозы жастай өліп, қайны Ұлы жүз – Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: «Тайкелтірге қосамын» – деген соң, Жанқозы онысына көнбей: «Көтесімнің жесірін тоқалдың баласына беремін!» деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл (Ырысқұл) – төрт бала туған. Батыр Олжабай – Үйсін: Қаратай батырдың жиені. Шешесі қыс ішінде ұзатылып келе жатқанда, босанғаннан: «Осы жолдың олжасы болды ғой!» – деп, атын Олжабай қойған екен. Қаратай батыр Шанышқылы – Қоштер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. Ол қыз да жолда босанып: «Қоштер» атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Содан Тайкелтір, Қошетер қоныстас, сыбайлас болған. «Айдабол» ру туралы әр түрлі нұсқасын Мәшһүр-Жүсіп жазып алған. Тіпті, бергі аталарға дейін жаза берген [32, б.7, 61, 70, 116, 118, 158, 177, 197, 226, 230, 259, 295, 305, 309, 328, 330, 342, 347, 352, 360, 361, 362, 371, 381, 390, 394].

«Жақсы Жанайдар» – 55 мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме жанры. Негізгі тақырыбы: Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Күлік баласы Тілеуімбет-Күнту-Жанайдар. Абылайдың ең жас билерінің бірі. Инжар Шәріп хана Арқадағы Абылай ханға елші жіберіпті. Олардың негізгі азығы май қатығын тауып бер деп астарлап айтады. Сонда Абылай Күлік Жәнкеге кісі салады. Сонда Жәнке бала, бала болса да, дана Жанайдырды жібереді. Жанайдар өзінің ақылдылығымен «тұз» астың нәрін келтіретінін тағы басқа да келелі сұрақтарға ақылдылығымен жауап береді. Шежіре әңгіменің де тілі көркем. Мысалы: халық айныса хан түзейді, май айныса тұз түзейді – афоризм, маңғыт, аузыңа саңғыт, таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін – мақал. Қазақтар ежелден айтар сөзін жұмбақтап сөйлеген. Ойы ұтқыр кісі тез аңғарып, жауапты да шапшаң берген. Бұндай сөз баланың логикасын дамытуға қатты әсер еткен. Жанайдардың сөз тапқырлығының бір қыры былай көрінеді. Қуандық оның ішінде Байдалы би Жанайдардың атасын кемітіп, Күнту ма еді, Қиту ма еді? – деп тисіпті. Сонда сөз тапқан Жанайдар:
Ерім бар-ды ыңыршақ,

Атым бар-ды тобышақ,

Әкем аты Күнту болсын, Қиту болсын,

Оның маған не керегі бар?

Ақылым бар бір құшақ – деген екен.

55 мәтін «Жақсы Жанайдар» 1 үлгі. ОҒКҚҚ № 1178 папка, 232 (135) 234 (136) беттерінен түсіндірілді. Бұл үлгі: Көпейұлы М-Ж. Абылай хан//Даярлаған С. Дәуітов // Егеменді Қазқстан. 11. 01. 1992, № 9-10. 5-бет. Соныкі. Абылай хан дәуірі – «Абылай хан» жинағында. 1 том. Алматы, 1993, 301-303 беттер. Соныкі. Қазақ шежіресі. – Алматы; 1993. – 63-65 б. т.б. Қараңыз осы томның 441 бетінде басылды [34, б.201-203].



«Жақсы Жанайдар» – 56 мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме жанры. Негізгі тақырыбы: Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Бұқар ханына жіберген жүкпен бірге, сый-сияпатымен қоса қырық би және бір қыз аттанады. Сонда, Бұхар ханы қырық биден – Абылай тегі асыл ма, менің тегім асыл ма? – деп сұрапты. Сонда барлық би Бұхардың ханын мақтапты. Билікке кіріскен 13 жастағы Жанайдар Абылайдың атасын мақтап, Бұхардың ханының атасы нашар екенін дәлелдеп берген екен. Мінекей, бұл нұсқа алдыңғысынан сәл өзгешелеу. «ЖАҚСЫ ЖАНАЙДАР» – 55 мәтінде Күлік баласы Жанайдардың 14 жасынан билік айтып, ел аузына ілігуі. Қазақтың сөз шебері, тапқырлығы т.б. Қысқаша мәні мен мазмұны мынандай: Күлік баласы Тілеуімбет-Күнту-Жанайдар. Абылайдың ең жас билерінің бірі. Инжар Шәріп хан Арқадағы Абылай ханға елші жіберіпті. Олардың негізгі азығы май қатығын тауып бер деп астарлап айтады. Сонда Абылай Күлік Жәнкеге кісі салады. Сонда Жәнке бала бала болса да дана Жанайдарды жібереді. Жанайдар өзінің ақылдылығымен «тұз» астың нәрін келтіретінін тағы басқа да келелі сұрақтарға ақылдылығымен жауап береді. Бұл әңгіме алдыңғысында жоқ. Бұл мәтін ОҒКҚҚ № 1170 «а» папкасының 124-125 беттерінен алынды. В. Радлов кітабынан («Ел қазынасы – ескі сөз». – 280 б.) алынған бұл үлгінің көшірмесі де бар: ҚПЖӘМ, Иманғали Мәненов көшірмесі, 3 кітап, 313, 314 беттер [34, б.204].

«Жақсы Ғабдолла хан» – бірінші нұсқасы. 70 – ші мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме. Көтерген негізгі тақырыбы: Ғабдолланың хан болып, ел басқаруы. Мазмұны мынадай: Еділ – Жайық бойында өмір сүрген Ғабдолла жүз атын сата алмай, хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшыларына таратып жіберіпті. Ғабдолла түс көріпті, түсінде Хорезм шаһының төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей өзбекті ұстауға лайықты осы – Ғабдолланы сайлапты. Қожа Ахмет Яссауи: «Тұр балам, қолыңды жай, – деп бата беріпті. Түсі расқа айналып, Ғабдолла әскері жүз мыңға жетіп Бұхарай Шәріпке келіп кіріпті. Ғабдолла хан екі медресе, Тиму базарын салдырған. Бір емшектен сүт емгенді Көкелташ – дейді екен осы медресені салдырған. «Арғынның ақ сарайын» салдырған. Оған өзінің сүйегін қойдыруды өсиет еткен. Тағы бір әңгімесі. Ғабдолла қатты шаршап келіп, ұйықтап кетіпті. Түсінде жердің астына түсіп кетіпті. Содан көп алтын көріпті. Мәлік деген құлы бұны естіп, ханды алдап қалыпты да жердің астындағы алтынды оңды-солды таратыпты. Жұмысшылары тарап өзі артынан соқыр тиыны жоқ жалғыз қалыпты. Кейіннен сол алтыны оралып, рабатының кем-кетігін бітіріп, керуен паналайтын баспана салып, ол «Мәлік шөлі» атаныпты. Мінекей, Ғабдолла ханның несібесі бір құлға осылай бұйырыпты [34, б.251-257].

«Жақсы Ғабдолла хан» – екінші нұсқасы. 71 – ші мәтін. Тарихи-эпикалық әңгіме. Көтерген негізгі тақырыбы: Ғабдолланың хан болып, ел басқаруы. Мазмұны мынадай: Еділ – Жайық бойында өмір сүрген Ғабдолла жүз атын сата алмай, хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшыларына таратып жіберіпті. Ғабдолла түс көріпті, түсінде Хорезм шаһының төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей өзбекті ұстауға лайықты осы – Ғабдолланы сайлапты. Қожа Ахмет Яссауи: «Тұр балам, қолыңды жай», – деп бата беріпті. Түсі расқа айналып, Ғабдолла әскері жүз мыңға жетіп Бұхарай Шәріпке келіп кіріпті. Ғабдолла хан екі медресе, Тиму базарын салдырған. Бір емшектен сүт емгенді Көкелташ – дейді екен осы – медіресені салдырған. «Арғынның ақ сарайын» салдырған. Оған өзінің сүйегін қойдыруды өсиет еткен. Бұхарай Шәріпте «Қайыркүшіті» салдырған.

Мұны естіп Шан Машырап диуаны:


Қиыс берген қисын алар,

Тас берген тасын алар!

Ғабдолла хан менің таса...ымды алар!
– деген екен.

Содан Ғабдолла мұны естіп рабат салдыруды қойған екен дейді. Екінші бөлігі. Мәшһүр-Жүсіп 29 жасында 1887 жылы жазып алған екен. Ақын ол уақытта 9 ай Бұхарай – Шәріпте тұрған екен. Сонда Ғабдолла ханның бір уәзірі жерге түсе қалып бір пұл тауып алыпты. Сол пұлға медресе саламын депті. Шынында да бір пұл бір тауықтың жұмыртқасын сатып алыпты. Тауықты өсіріп саудасы жүріп, жиырма бес жылда бір үй толарлық алтын болыпты. Сол алтынға «Көкелташ» медресесін салдырыпты деген сөз бар. Сол сияқты, Арғынның тарихи шежіресі де әңгіме болады. Шежіренің тілі жатық мынандай көркем сөздер ұшырасады: сақадай сайланған, жүрегім аттай тулап, күннің көзі, жердің жүзі, тұз май қатығы, өлең – жыр сөз қатығы, ханнан-қазық, биден тоқпақ болғандай – фразеологизм, аттың құлағы естіген жер – градация, күнгеше -ше//дейін – көне тұлғаның қолданысы, Сарттардың афоризмі: Арқа –басың иағырыңа салармын! Иағырың ағырса, сағырыңа салармын! Сағырың ағырса, бағырыңа салармын! Ғабдолла хан тұрғанда, менге өлім иоқ, санга тыным жоқ!

Шағатайша - өзбекше тіл оралымы:
– Әлхамилла, Бұхарай Шәріф,

Нәмүдкер сіңген дуа иешім кібөд.


Мәшһүр-Жүсіп ол сөздің переводы: «Құдая шүкір, айналайын Бұхарай Шәріп көрінеді: тас қо...ымен, екі жұ...ғымен – депті». Олай айтқандығы: ең алғаш көрінгенде, Бұхарадан бәрінен бұрын қызыл Арыстан хан салдырған мұнара көрінеді. Оның түбінен Мирғарабтың медресесінің екі көк күмбезі көрінеді.

Сұрай арнаудың үлгісі:


– Хақ топырақ пендеге

Алтын – күміс не пайда?

Сахи қылған жұмысқа

Пышиманлық не пайда?.


Шежіренің ішінде Көтеш ақынның:
Қазақта Арғын аға болған зерек,

Басқадан ол кісінің жөні бөлек.

Арғынның түп атасы – ақын Құтан,

Біздерден өлеңге ұстын болса керек.


Мәшһүр-Жүсіптің тарихқа жүйріктігі, өлеңді тарихи тұрғыдан дәлелдеуі, тұжырымы қайран қалдырады. Мысалы, жоғарыдағы Көтеш ақынның өлеңіндегі Құтан туралы былай дейді. Бізде Құтан атты екі ата бар. Бірі – Құтан, Қоғам, Қондыкер («Қозы – көрпеш, Баян-сұлу» жырында Қонды кер Қабаң жұрты – деген сөз бар – А.Қ.) Қотанның-Құтаны. Бұлар – «Үш жүз» атанбай тұрғандағы аталар. Қондыкер халифа жұртына ауып кетсе керек. «Құндыкер ханы – қалға» – деп, Шортанбай қожаның айтқаны бар. Бірі – Құтан, Бұтанның Құтаны. Бұл екеуінің шешесінің аты – Аргүл, әкесінің аты Арғын. Бұтан жасында өліп қалып, онан нәсіл-жұрағат жоқ. Құтаннан Мейрамсопы жалғыз. Қарашаш деген бір қарындасы болған дейді. Бұған да бұрынғы ақындардың өлеңін дәлел қылады:
Сұрасаң, арғы атамды ер Құтан-ды,

Сұлтанбек әзизден ол бата алды.

Мейрам – ұлы, Қарашаш бір қыз туып,

Қуандық, Сүйіндік – ұлы боп, сонда атанды –


– деп жазады.

Ал, бұл шежіреде Арғын баба 969 һижритте: Ғабдолла ханның биі болғанда қой жылы екен. Бұл сөз 23 жыл бойы Үргеніште хан болған Арабхан баласы Әбілғазы хан шежіресінен алынған болса керек. Жас күнімде өзім жазып алған сөз. «Байдалының Мұстафасына жазып берген шежіреңізде бар ма екен!» – деп, Ғайса баласы Мақұл 1928 жылы Баянауылда өзіме көрсетті» – деп жазады Мәшһүр-Жүсіп. 71 мәтін Жақсы Ғабдолла хан (2 нұсқа) ОҒКҚҚ, № 1177-папка, 141-146 беттері бойынша көшірілді [34, б.258-263, 448].



«Бегендік (Қозған)» – тарихи-эпикалық жәдігер. «Шежіре» былай қарағанда тарихи шығарма. Оның бойында әңгіменің де, очерктің де сипаты бар. «Шежіренің» жанры әлі анықталмаған. «Мемуар» деуге көлемі шағын да, әңгімесі аздау. Біздің ойымызша «Шежіре» Тарихи-эпикалық жанрға жататын сияқты. Бұл да түпкілікті шешім емес. Көтерген негізгі тақырыбы: Арғынның ірі руының бірі – Бегендік (Қозған) ата тарихы. Тұңғыш рет зерттеу нысанына айналды. Көркемдік мазмұны күшті. Тарихи-эпикалық шежіренің бүгінгі күні құнына баға жетпейді. Нұрфая бәйбіше Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Олжакелді – деген асыранды бала, төртеуін де өз қолынан үйлендіріп, енші бөліп беріп, сол төртеуін «Төртуыл» (Төрт ауыл) – атаған. Бегендік – қозған, Шегендік – қақсал, Олжакелдіні – қаржас атаған. Бегендік қыршын жастай өліп, қатыннан бір бала туып, атын Оразкелді қойған. Бегендік өлген соң, ол қатынды Сүйіндік алып, Сүйіндіктен бір бала тауып, атын Суғыншы қойған. Суғыншы – екеуі де Сүйіндік баласы болып, Оразкелдіге қатын әперіп, енші берген – Сүйіндік екен. Оразкелдіде екі бала бар: Тәңірберді және Сәрік деген. Қозған деген кісі аты жоқ, қозғала берген соң: «Шіркін, қоза берді ғой» – деп, «Қозған» – аталған. Бегендік-Оразкелді-Сәрік-Тоқтас. Тоқтас екі қатын алған: бәйбішесінен – Есіл бойындағы «Қара Қозған». Екінші тоқалының аты – Сарықыз, онан туғандары «Сары Қозған» атанады. Қақсал деген кісі аты жоқ, қақсай бергеннен, «Қақсал» – аталған. Қуандық, Сүйіндік екеуі енші алысқанда: «Қарабауыр қылып аламыз» – деп, таласып, асық қаржысып алғаннан (Олжакелді) (Оразкелді) «Қаржас» атанған. Нұрфая бәйбіше – Арғынның бәйбішесінің аты Аргүл. Мұнан Құтан, Бұтан екі ұл туады. Арғынның тоқалының аты Момын. Арғын бабамыз 106 жасында бір тоқал алған екен аты – Айнакөз. Сол Құтаннан-Мейрам. Мейрамсопының қайнысы Алшын – Құдысбай екен. Мейрамның қалыңдығының аты – Нұрфая. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалып, – Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін! – деп, Нұрфаяның ағасының қатыны – жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектеуге бір жетім еріпті. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел түзге отырыпты. Ат үстінде келіп: – Жолшыбай түзге отырған кім болды? – деп, қараса, біреуінің сідігі тонды бір қарыс айырып жіберген екен. Түнде қойынында жатқан қалыңдығы Нұрфаядан сұраса: – Ол Қарқабат еді. Содан елге жау тиіп, Нұрфая қайта алмай қалып, Мейрамсопыға өзің мені ал депті. Қарқабатты да тоқалдыққа алдырыпты. Мейрам ертерек өліп қалып, Нұрфая «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше атаныпты. Халқының ұйытқысы, құт бәйбіше болған, билік айтқан екен. Нұрфаяның өзінен: Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен – Бегендік, Шегендік туады. Күңінен Болатқожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп: «Бес Мейрам» аталған осылар. Демек, Нұрфая бәйбішенің асырап алған төрт ұлынан «Төртуыл»: Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Олжакелді. Мінекей, Бегендіктің түп тарихы қысқаша осындай. Мынандай тілдік деректер ұшырасады: қайыны, қалыңдығы, қатын, бір жетім, күйеу жігіт, қайын сіңілісі, қу көде – этномәдени лексика, бір қарыс – метрология, төс тиген жеңгем, алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан, қара шаңырақ, қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа ғой, жасы кіші деме, ақылы асса аға ғой, қозғанның қозылы-қойлық залалы болады, орыз түбі Үйсін, құлақ кәрі, бой жас, артың болса, Айдаболдай ұл тап – фразеология [32, б.9-12, 124, 128-129; 257-259; 299; 368-370].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет