Ќазаќстан Республикасыныњ Білім жєне ѓылым министрлігі



жүктеу 122 Kb.
Дата13.09.2017
өлшемі122 Kb.

ӘОЖ 940.1(574)

А14

Абдирасилова Зауре Садуакасовна

Тарих ғылымдарының кандидаты,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан, Тараз қаласы

e-mail: zaure_taraz_2011@mail.ru
ҚОЛӨНЕР ӨНДІРІСІ НЕМЕСЕ ҰСАҚ ЖӘНЕ ОРТА КӘСІП ТҮРЛЕРІНІҢ КӘСІПКЕРЛІК СИПАТЫ

(ХІХ ғ. ІІ жартысы)



Аннотация

Мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жеріндегі қолөнер өндірісі немесе ұсақ және орта кәсіп түрлерінің кәсіпкерлік сипаты қарастырылған. Сонымен қатар, мақалада қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуі, халық шаруашылығының әр түрлі салаларында тауарлық өндірістің кеңеюі, ішкі нарықтың дамуы, мен сауда капиталының өсуі және жалдамалы еңбектің арту кезеңдері көрініс береді. Жәнеде, осы саладағы кәсіпкерлердің ұлттық құрамы да сипат алған.



Түйін сөздер: кәсіпкерлік, қолөнер, нарық, еңбек, тарих.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жаңа саяси, мәдени-экономикалық қоғамға қадам басты. Ұзақ уақыт көшпелі және жартылай көшпелі мәдениет аясында өмір кешкен қазақ халқы үшін бұл мәдени төңкеріс болатын. Ол қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне, қоғамдық санасына түбегейлі өзгерістер алып келді.

Қарастырып отырған кезеңнің өз жетістіктері (дамуға жетелеу) және кемшіліктері (тежеуші факторлары) болды. Тақырып аясында қарастыратын болсақ, бұл - кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы және жаңа түрлерінің пайда болуы, екіншісі, патшалық Ресейдің Қазақстанды шикізат көзі ретінде бағалап, отарлық саясат ұстануы. Өзгерістер қазақтарды жаңа қоғамға бейімделуге, пайда табуға және байлыққа деген көзқарасын өзгертіп, интинсивті шаруашылық жүргізуге мәжбүрледі. Жаңа қоғамға бейімделу барысында, халықтың дәстүрлі шаруашылықтары мен кәсіпшілігі жалғасын тауып, кәсіпкерліктің жаңа салалары туындады.

Соның бірі - қолөнер өндірісі немесе ұсақ және орта кәсіп түрлерінің кәсіпкерлік сипаты.

Халыққа қызмет көрсету саласында кәсіпкерліктің дамуына, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ғасырлар бойы орын алған қолөнер кәсібі әсер етті. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстанға капитализімнің енуі мен алғашқы дамуында ауыл, деревня және қалаларда күн көріс үшін әр түрлі кәсіппен айналысатындар саны көбейе бастады. Олар өздері үшін ғана емес көшпелілер, жартылай көшпелілер және отырықшы шаруалардың сұранысына қажетті тауарларды өндірді. Сөйтіп, олар ақша-тауар қатынастарының қалыптасуына әсер етті. Бұның өзі екі жолмен жүрді. Біріншіден, олар жер және мал шаруашылығы өнімдерін шикізат түрінде алып өңдеді. Осының негізінде, шаруашылықтың бұл салаларының тиімділігін арттыруға, тауарлық сипат алуына үлес қосып, капиталистік сипатта дамуына белгілі дәрежеде әсер етті. Екіншіден, олардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті заттарды сатты. Өз тұтынушыларының натуралды шаруашылығын ыдырата отырып нарыққа, сауда және өнеркәсіп капиталына жақындатты. Көшпелі мал шаруашылығы мен егіншілік тауарларының өндіріс жолына бейімделуіне әсер етті. Осылайша қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуіне, халық шаруашылығының әр түрлі салаларында тауарлық өндірістің кеңеюіне, ішкі нарықтың дамуына, сауда капиталының өсуіне және жалдамалы еңбектің ұлғаюына ықпал етті.

Қазақ жерінде ұсақ және орташа кәсіпкерліктің қалыптасу негізі қолөнер кәсіптік өндірісінен басталды. Ұсақ және орташа кәсіпкерлік мәселесін зерттеу жөнінде Т.Ә. Төлебаев «Ұсақ және орташа кәсіпкерлік мәселесі бүгінгі таңға дейін арнайы зерттелмей келеді. Ал оны зерттеп, айқындамайынша сол кезеңдегі экономикалық-әлеуметтік дамуын толық қанды дәрежеде түсіну мен түсіндіру мүмкін емес», - деп жазды [1; 205 б.].

Қолөнер өндірісімен көбінесе отырықшы елді-мекен тұғындары айналысты. Күнделікті пайдаланумен қатар, сыртқа шығарылатын өндіріс орындарының басым бөлігі Ташкент қаласында орналасты.

Капитализімнің қазақ даласына енуі, ақша-тауар қатынастарының дамуы ауылдық жердегі күнкөрісті қиындата отырып, оған бейімделуге мәжбүр етті. Ақшаның экономикалық қатынастарда басты рөл атқара бастауы, сату үшін әр түрлі заттар жасауды көбейте, кеңейте түсті. Капиталистік қатынастар өзінің негізгі құрылымы жағынан әлі де капиталистік емес экономикалық салаларда көрініс бере бастады. Сөйтіп, ақша табудың жаңа жолдарының пайда болуы кәсіпкерлікті дамытты.

А. Жанбосынова Қазақстандағы қолөнер кәсібінің дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең: ХҮІІ ғасырдың соңына дейін созылды. Бұл кезеңде кәсіпкерлік натуралды шаруашылық құрамында болып, жеке салаға бөлінбеген, шаруашылық мүшелерінің күнделікті іс-әрекетін ұйымдастыру сипатында болған. Екінші кезең: ХҮІІІ ғасырды тұтас қамтиды. Онда кәсіпкерлік кедейленген халықтың өмір сүруі үшін қосалқы кәсібіне айналған. Үшінші кезең: ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына сәйкес келеді. Осы кезеңде бұл кәсіп тар көлемді мамандыққа айналып, біртіндеп ауыл шаруашылығынан бөлініп, нарық пен тапсырысқа қызмет істейтін маман кәсіпкерлер тобын құрады. Кәсіпкерлік өндіріс сипатын өзгертіп, ұсақ тауар өндірісіне ауыса бастады [2; 40 б.]. Қарастырылып отырған уақыт осы үшінші кезеңге, яғни кәсіпкерліктің қалыптасу кезеңіне сәйкес келеді.

Қолөнер кәсібі өндірісінің дамуына Қазақстан қалаларында құрылған қолөнер комитеттерінің ықпалы жоғары болды. Мысалы, Түркістан аймақтық қолөнер комитетінің белсенді әрекетінің нәтижесінде, 1899 жылдың 1 қаңтарында қалалық училище құрамында бір кәсіптік училище және төрт кәсіптік сынып жұмыс істей бастады. Ташкенттегі реальдық училищеде 270 адам, кәсіпкерлік училищеде 83 адам білім алды [3]. Ондағы кәсіптік білім беретін училище 1896 жылы қазан айында ашылды. Сол жылы сырттан келгендердің 27,6%-ы, ал 1897 жылы 30%-ы училище жатақханасында тұрды. Осы училищенің пайдасына қолөнер комитеті 2692 рубль қаражат бөледі [4].

Түркістанда 1896 жылы халық мектептерінде қол еңбегі мұғалімдерінің штаты бекітіліп, қол еңбегі кәсіби оқу сабақтарын алмастырады. Ал, 43-училищелік семинарияда 657 кәсіптің 13 түрі іс жүзінде жүргізілді. 1887 жылы семинарияда кәсіби оқуды бітірген 5469 маманға жолдама беріледі. 1895 жылы кәсіпкерлер дайындайтын сыныптарда 465 оқушы оқып, оның 64-і І курсты толық аяқтайды. Мектептерде шеберханасы бар сыныптар болған. Қол еңбегі сабақтарында балаларды ағаш, металл, картон, қағаз өңдеу жұмыстарына баулыған [5].

Қазақстанда ұсақ және орташа кәсіпкерліктің қалыптасуы екі жолмен жүрді. Біріншісі, капитализімнің енуімен байланысты, жергілікті үй өнеркәсібі мен қолөнердің жаңа жағдайға бейімделе отырып дамуы нәтижесінде. Екіншіден, көшіп келген кәсіпшілер мен шаруалардың қазақтар арасында тіршілік көзі ретінде кәсіпкерлікпен айналысуы барысында қалыптасты. Ертеден келе жатқан және отырықшыландыру барысында қалыптасқан елді-мекендерде сондай-ақ, қалаларға, жәрмеңкелерге, базарларға жақын ауыл тұрғындарының арасынан ақша үшін әр түрлі кәсіппен айналысушы қазақ азаматтары шыға бастады. Ауылдар мен елді-мекендерде, қалалардың базарлары мен көшелерінде кәсіпкерліктің әр түрлі салаларындағы шағын шеберханалары көбейді. Қазақ ауылдарындағы жекеленген үй өнеркәсібі мен қолөнер өнімдері енді арнайы сату үшін өндіріліп, тауарлық сипат алды.

Қарастырып отырған аймақтағы қолөнер өндірісінің жағдайына назар аударсақ, 1898 жылы Сырдария облысының әскери губернаторының есебінде өздерінің шеберханаларында еңбекпен айналысатын барлық қолөнер кәсіпшілігінің жылдық ақша айналымы туралы нақты айту мүмкін емес, шамаман 2 000 000 рубльді құрайды деп жазылған. Сонымен қатар, далалық шеберлер өз еңбектерін жеңілдетуде, орыс шеберлерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, мысалы, қолөнерші – тігіншілер тігін машинасымен жұмыс істей бастағанын көруге болады деп мәлімдеді [6; 1-10 пп.].

1905 жылы Сырдария облысының қолөнер кәсіпшілігі мекемелерінде көбінесе 5-10 адамның жұмыс істеді. Облыс бойынша шамамен 115 000 рубль көлемінде өнім өндіретін 156 ұстахана, 80 000 рубль өнім өндіретін 24 ағаш ұстаханасы, 60 000 рубльге өнім өндіретін күміс және алтын бұйым жасайтын шеберхана, 90 000 рубльдік өндірісі бар 143 тігін мекемесі жұмыс жасады. Қолөнер өндірісінің табысы шамаман 30 000 рубльден кем болмады [6; 8 п.].

Қазақ қөлөнершілері тері, ағаш, металл, сүйек т.б. шикізаттарды өңдеудің түрлі тәсілдерін игерді. Бірақ олар заңдық сословиелік белгілермен ұйым болып бірікпеді, сондықтан, оларды шартты түрде қалалық және ауылдық деп екі топқа бөлінді. Қаладағы тұрғындардың көпшілігі кәсіпкерлікке бейімделді. Олардың қонысы жөнінде деректер жоққа тән. Алайда қалалардың әлеуметтік топографиясымен танысқанда, қала ішінде «теміршілер», «ағашшылар» және т.б. кәсіп атымен аталған көшелер болған.

Қазақстандық кәсіпшілер құрылымының батыс еуропалық немесе ресейлік ұжымдарға ұқсастығы болмады. Қалаларда мамандықтары бірдей кәсіпкерлер ішінен бір басшы сайланып, оны «ақсақал» деп атаған. Ол басқаларға сөзі өтетін, өз ісін жетік білетін ақылды да шебер адам болған. Ол барлық кәсіпкерлердің өкілі, қамқоршысы, қорғаушысы есебінде жұмыс барысында туындаған дау-дамайларды талдап, шешім қабылдап отырған. Цех ақсақалдары кепілдік беру арқылы қажетті материалды несиеге сатып алуға құқығы болды.

Қазақ кәсіпшілері ұйымдасқан қолөнер өндірісін құрудың пайдасы мол екенін түсіне бастады. Себебі, біріншіден, өздері сайлаған басшы қарапайым кәсіпкердің мүддесін қорғайды; екіншіден, тауарды несиеге алуға мүмкіндік туғызады; үшіншіден, өндірген өнімді өткізуді ұйымдастырады; төртіншіден, кәсіптік шеберхана және сауда жасайтын үй-жайдың болуына мүмкіндік береді.

Деректерде еңбектің ұсақ кәсіпкерлік саласында көбінесе далалықтар жұмыс істегендігі және олар тапсырыс берушінің көз алдында, көшелерде орналасқан шеберханаларда тапсырыстарын орындап беретіндігі және қолөнер өндірістері бір көшеге топталып орналасқандығы, олардың өздерінің басшысы болатындығы, басшылары сатып алушылармен және көтерме тапсырыс берушілермен келіссөз жүргізіп, әсіресе ең кең тараған кәсіптерде мысалы: етікшілер, тігіншілер т.б. шеберханаларда бірнеше цех бастықтары болатындығы, олар жиналып шығарылған өнімнің ортақ бағасын анықтайтындығы жазылған [7; 38 б.].

1910 жылғы қалалық және уездік әкімшіліктің жинаған мәліметі, яғни қолөнер мекемелердің жұмысы, ондағы жұмысшылар мен олардың жалақылары туралы 15 кестеде берілген [8].
Кесте 1 1910 жылғы Сырдария облысы бойынша қолөнер мекемелері мен олардың жұмысшылары


Қалалар мен уездер

Саны

Жұмысшылардың табысы /мың рубль/

Қолөнер мекемелері

Қолөнер жұмысшылары

Ташкент

Ташкент уезі

Шымкент уезі Әулиеата уезі Перовск уезі

Қазалы уезі



3671

1913


3065

2020


377

286


8096

7012


13708

9526


2167

1424


2185,7

1385,7


2322,9

1429,2


331,9

274,1


Облыс бойынша

11342

41933

8029,4

Ескерту – Кесте Мейснер В.И. Рыбный промысел в Семиречье и его возможное будущее. – СПб., 1916. – С. 8 бойынша құрастырылды.

Облыс бойынша бір қолөнершінің орташа табысы 190 рубльге тең келді. Ұсталарының саны және жұмыс күші жағынан Сырдария облысында бірінші орынды Ташкент қаласы алды. Ал қолөнер өндірісінің даму жағынан екінші орынды Шымкент, одан кейін Перовск, Әулиеата және Қазалы қалалары иеленді. Ал, 1910 жылды 1911 жылмен салыстырсақ, жыл сайын қолөнер өндірісінің дамуы байқалады. Мысалы, 1911 жылы облыс бойынша қолөнер мекемелері - 9661 болса, қолөнер жұмысшылары - 19 960 адамды, олардың табысы - 6309 мың рубльді құрап, облыс бойынша жұмысшының орташа табысы - 270 рубльге өскендігі байқалады [9; 132 б.].

Енді, Сырдария облысындағы кәсіпкерліктің түрлері және олардың капиталистік сипаты туралы айқынырақ түсінік беру үшін, Шымкент уезі бойынша нақтылы деректерді келтіру маңызды. Онда 11 800 адам кәсіптің 40 түрімен айналысқан. Солардың ішінде сан жағынан көбірек айналысқан түрі киіз жасаумен - 1836, аяқ киім тігу, жөндеумен - 600, кірешілер - 253, ет сатумен - 233 азаматтар айналысты. Ал табыстың көлемі бойынша кірешілер, тігіншілер, ағаш кесу мен сатуды кәсіп етушілер, ұсталар алдыңғы орындарды иемденді. Кірешілердің орташа табысын 250 рубль деп есептегенде, олардың жалпы табысы 15000 рубльді құрады [10; 134 б.].

Ауылдық жерлердегі ұсақ және орташа кәсіпкерлік тұрғындардың өмір тіршілігінде үлкен рөл атқара бастады. Кәсіпкерлер 731 120 рубльге жұмыс жасап, бұл ақшаның айналымға түсуіне ықпал етті [11; 11 п.]. Сөйтіп жұмыс күші мен ақша тауар құны баламасы ретінде жаңа экономикалық қатынастардың таралып, ұсақ және орташа кәсіпкерліктің қалыптасуына және дамуына үлес қосты.

Кәсіпкерлердің ұлттық құрамына тоқталсақ ұйғырлар мен дүнгендер қолөнер кәсібімен өте аз айналысты, тек өздеріне қажетті заттарды жасаумен шектелді. Қазақтар киіз үй жабдықтарын, ер-тұрман жасаумен, сонымен қоса ұсталық қолөнер және ер-тұрманды күміспен әшекейлеумен айналысты. Қолөнердің басқа салаларының басым көпшілігі орыс тұрғындарға тиесілі болды [12; 1 п.].

Қазақтардың арасындағы қолөнер өндірісі кәсіпкерлігінің ішінде киіз жасау қазақтардың арасында кең таралды. Деректерде «Облыс көлемінде Әулиеата уезінде киіз көп жасалады, ол жақтан Ташкентке және басқа да оңтүстік-шығыстағы қалаларға шығарылады», - деп жазылды. Қазақ үйдің көлеміне қарай, оған қажетті киіздің құны 50 рубльге дейін жеткен. Бұл деректен ақша-тауар қатынастарының дамуына байланысты, қазақтар киізді өздері ғана пайдаланып қоймай, тауар ретінде арнайы жасап, сыртқа шығарғандығын, оның өзіндік ақшалай құнға ие болғандығын байқауға болады. Түйе жүнінен көйлек, әскердегі казактарға жейде, астық, ұн басқа да тауарлар тасу мен сақтау үшін қап жасалды. Ондай қаптар, қойдың жүнінен де, кейде түйе жүнін араластыра отырып жасалады. Түйе жүнінен жасалған мата (армячина) тұрпайылығына қарамастан, мықты болғандықтан кең таралып, қолданылды [13; 113-114 бб.]. Онымен қатар, қой жүнінен текемет, алаша, кілем, ақ қалпақ, байпақ, арқан, жіп және т.б. жасап, сату дамыды. Сонымен қоса, тері өңдеу өндірісінің де ауқымы кеңейте түсті. Қой және ешкі терілерінен жасалған замшадан Түркістан өлкесіндегі орыс әскерлері шалбар тіктіріп киді [13; 120 б.].

Қарастырып отырған аймақта өңдеуші өнеркәсіптердің ішінде тері, жүн өңдеу басты маңызға ие болды. Далалықтардың тері өңдеумен айналысатын қолөнер қоғамын күншілік деп атады. Бұл батыс еуропадағы қолөнер ұжымдарымен бірге пайда болған далалық шеберлердің қауымы еді. Күншілік қолөнер кәсібінің жанұялық-мұрагерлік сипатындағы, қолөнер цехтары болды [14; 559 б.]. Күншіліктер тері зауыттары сияқты су жеткілікті болу үшін, сулы жерлерге салынды. Олардың құрал-жабдықтары өте қарапайым болды.

Сырдария облысында 1901 жылы тері кәсібімен айналысатын 15 шеберхана болды, онда 52 адам жұмыс істеді. Олар көбінесе Әулиеата және Шымкент уезінде орналасты [15; 25 б.]. 1880 жылы Түркістанда екі тері зауыты сайланбалы ақсақалдың басқаруымен жұмыс істеді. Әрбір зауытта 7-ден 14-ке дейін жұмысшы болды. Жалпы өнім көлемі 2015 рубльді құрады [16; 44 п.].

Аймақтағы өңделген терілердің бағасы: ешкі терісінің біреуі 50 тиыннан 3 сом 50 тиынға дейін; қой терісі – 40 тиыннан 2 рубльге дейін тұрды. Бір күншілік жылына шамамен 200 000 рубльге бағаланатын 120 000 тері өңдеді, ал жұмысшы жылына 200 рубль көлемінде ақша тапты. Әрбір қожайын жылына 1500-2500 аралығында ақша жұмсады. Қожайынның жылдық таза кірісі шамаман 800-900 рубль болды [17; 327 б.].

Әулиеата уезінің елді-мекендеріндегі қоныстанушы шаруалардың кәсіпкерліктері былайша дамыды: Бурное (Теріс) ауылында 3 адам ағаш шебері, ұста және қайысшы (шорник); Михайловскіде 3 ағаш шебері, 1 арба дөңгелегін жасаушы, 4 етікші, 1 пеш және кірпіш қалаушы, 2 бақшашы; Александровскіде 4 тігінші, 2 етікші, 1 арба дөңгелегін жасаушы, 1 теріші; Дмитриевскіде 4 ағаш шебері, 2 тігінші, 2 етікші, 4 дөңгелек жасаушы, 4 ұста, 6 жүн өңдеуші, 2 теріші, 2 тоқымашы, 1 жіп жасаушы; Каменкада 1 ағаш шебері; Меркеде 2 ағаш шебері, 2 тас қашаушы, 2 дөңгелек жасаушы, 3 ұста, 10 бас киім тігуші, 2 тігінші; Шалдоварда 4 ағаш шебері, 5 бас киім тігуші, 4 тігінші; Николаевскіде 2 ағаш шебері, 5 бас киім тігуші, 2 бөшке және күбі жасаушы; Покровскіде 4 етікші, 3 бөшке және күбі жасаушы, 2 ұста, 3 пима жасаушы болды [18; 65, 103 бб.]. Олардың көпшілігі жергілікті сұранысты қанағаттандыруға бейімделді.

Шеберханалар ұсақ және ірі болып бөлінді. Ұсақ шеберханаларда тек жанұя мүшелері жұмыс істеді. Олар қолөнер шеберханалары ретінде тапсырыс бойынша өнім өндірді. Ірі шеберханалар цех түрінде ұйымдастырылды. Дегенмен, аймақта фабрика-зауыттық өндірістің дамуына байланысты, қолөнер өндірісі әлсірей бастады, бұл әсіресе 1913 жылдары айқын байқалды [19; 134-135 пп.].

Сонымен, ұсақ және орташа кәсіпкерлікпен айналысу прогрессивті құбылыс болды. Ол ауылдық жерге жаңа, капиталистік өндірістік қатынастардың таралуына мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарының сауаттылығын көтеруге, күнделікті тұрмыстағы сұраныстарын қанағаттандыруға ықпал етті.




ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Төлебаев Т.Ә. Қазақстанға капитализмнің енуінің тарихнамасы (ХІХ ғасырдың ІІ жартысы-ХХ ғасырдың басы ). Т.ғ.к. ... дисс. – Алматы.: Каз ҰУ, 2002. –251 б.

2 А.Жанбосынова. Қазақстандағы қолөнер кәсібінің дамуы. // Қазақ тарихы. № 6. 1996 ж. − 40 б.

3 Туркестанские ведомости. 5 апреля 1899г. №29. − С.14.

4 Туркестанские ведомости. 28 октября 1899г. №34. − С. 8.

5 Туркестанские ведомости. 30 ноября 1900г. №96. − С.7.

6 ӨР ОММ, И-269-қ., 1-т., 536-іс, 1-10 пп.

7 Обзор Сыр-Дарьинский области за 1893 г. –Ташкет 1894. – 160 с.

8 Обзор Сыр-Дарьинский области за 1911 г. Ташкент, 1913. – 132 с.

9 ПСЗРИ -2. Т. ХІV. −№48399.



  1. ҚР ОММ, 44-қ., 1-т., 48535-іс, 2467-б, 134-135 пп.

11 ҚР ОММ, 44-қ., 1-т., 48518-іс, 1, 1а., об, 2об-11об, 34, 35-41 пп.

12 ҚР ОММ, 44-қ., 1-т., 48521-іс, 1 п.

13 ҚР ОММ, 34-қ., 1-т., 2-іс, 2-3 пп.

14 Заорская В.В. и Александер К.А. Промышленные заведения Туркестанского края. – Петроград: «Екатеринбург типография», 1915. − 559с.

15 Обзор Сыр-Дарьинской области за 1901 г. – Ташкент, 1902., − 180 с.

16 ӨР ОММ, И-17- қ., 1-т., 19415-іс, 44 пп.

17 Букейханов А. Киргизы. Формы национального движения в современных государствах. – Петербург. Под ред. А.В.Костелянского, 1910. – 290 с.

18 Гейер И.И. Туркестан. Изд. второе испр. и дополн. –Ташкент : «Изд. Криснера», 1909. – 124 с.



19 ӨР ОММ. 269- қ., 1-т., 467-іс, 10-11 пп.
Аннотация
В данной статье, рассматривается ручное производство, мелкий и средний вид предпринимательства на казахской земле во второй половине ХІХ века. А, также разделение труда, расширение товарного производства на различные виды народного хозяйства, развитие внутреннего рынка и расширение товарного капитала , дается анализ развитию национального предпринимательства.

Ключевые слова: предпринимательство, рукоделие, рынок, труд, история.
Abstract
In this article, a hand production is examined, shallow and middle type of enterprise on Kazakh earth in the second half of ХІХ century. And, also division of labor, expansion of commodity production on the different types of national economy, internal market development and expansion of commodity capital, an analysis is given to development of national enterprise.

Keywords: enterprise, needlework, market, labour, history.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет