Елімізде әлеуметтік көмекті алып отырған азаматтардың басым бөлігі еңбекке жарамды азаматтар екеніне тоқталған президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға айрықша назар аударған жөн екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет дейді. Сөзінше, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек.

“Қазір төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көбі – еңбекке жарамды азаматтар.

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. 

  • "Салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары": Тоқаев БЖЗҚ активтерін пайдалану туралы
  • Қазақстан президенті жасанды интеллект технологиясын дамыту қажет екеніне тоқталды

Жалпы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажет екені адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет”, – дейді ол.

Тоқаев азаматтарды еңбекпен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін еске салады.

“Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек", – деп қосты президент.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.