Бақытжан Сариев және Бекзат Аманов “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты арқылы ойға алған идеяларын жүзеге асыра алды. Бақытжанның өкпе ауруларын анықтайтын жасанды интеллект жобасы ал Бақытжанның робототехника саласындағы жаңалығы мыңдаған үміткердің арасынан грант ұтып алуға түрткі болған. Stan.kz тілшісі жеңімпаздармен әңгімелесіп, жастарды қолдау бағдарламасының мүмкіндіктерін білді.

Фото Бақытжан Сариевтің жеке архивінен

Бақытжан Сариев Тәуелсіздік ұрпақтары грантын ақпараттық технологиялар бағыты бойынша 2023 жылы жеңіп алған. Айтуынша, байқау туралы әлеуметтік желіден білген.

"Тәуелсіздік ұрпақтары гранты туралы әлеуметтік желіден білдім. Одан соң байқаудың құжаттары жөніндегі талаптарымен таныстым. Сол кезде грант туралы толығырақ оқыдым, не үшін ұйымдастырылып жатқанын түсіндім. Мені өзімнің жобамды жүзеге асыра отырып қоғамның дамуына үлес қоса алатыным және осы мақсатта мемлекеттен грант алу мүмкіндігі шабыттандырды. Жобам жасанды интеллектке қатысты. Мемлекет басшысының жолдауы да осы тақырыпқа сай болып тұрды. Себебі цифрлық даму бағытына күнделікті өмірде қолайлы болуы үшін жасанды интеллекті де енгізу маңызды", – деді IT маман.

Оның өкпе ауруларын (пневмония және Covid-19) компьютер томографиясы және рентген арқылы анықтау үшін жасанды интеллект қолдану жобасы Prometheus деп аталады. Бақытжан байқауға Назарбаев университетінің докторантурасында оқып жүргенде қатысқан. Бірақ ол грантты жеңіп аламын деп ойламапты.

"Байқауға қатысу аса қиын болмады. Талаптар күрделі емес. Өтінішті, құжаттарды мұқият әрі сапалы түрде жазып, бәрін уақытылы өткізсе жеткілікті. Құжаттарды тап-тұйнақтай етіп жинап, онлайн түрде жібердім. Конкуренция үлкен болды, грантқа мыңнан аса адам өтініш берген. Осыған қарап грантты жеңіп аламын деген ой болмаған еді. Өтінішті жақсылап жаздым және жобамның тақырыбы өте өзекті болды. Идеям денсаулық сақтау және жасанды интеллект деген екі саланың басын біріктіріп тұрған соң өтімді болды деп ойлаймын”, – деді жүлдегер.

Бақытжан Сариевтің айтуынша, Тәуелсіздік ұрпақтары гранты – қаржы ұтып алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар іске асырғың келген жобаны қорғап, оны жасап көріп, өзіңнің қабілеттеріңді дамыту мүмкіндігі.

"Жобаның келешегін көруді, оны бір жолға қоюды да үйренесің. Мұндай гранттар мемлекетіміз үшін өте маңызды. Ол инновацияны қолдайды және жастардың потенциалын дамытуға көмектеседі. Өз басым жастарды қолдауға арналған жобаларға ризамын. Себебі біздің жақсаруға, дамуға деген потенциалымыз үлкен. Бұған дейін ғылыми байқауларға қатысқанмын. Сондықтан өтінішті қалай жазуым керек екенін және қандай тұстарына ерекше назар аудару қажет екенін шамамен білдім", – дейді ол.

Сонымен қатар жүлдегер жобасының өзектілігі туралы да айтып берді. Оның сөзінше, өкпе ауруларын анықтауға жасанды интеллекті енгізу – өте өзекті проблема. Ауру адами фактордан болған күнде де қауіп-қатер болады. Ал жас ғалымның жобасы ауруды 97% анықтай алады екен.

"Мұндай жағдайда әсіресе өңірлерде компьютер томографиясы және тағы басқа суреттерді сауатты түсінетін және дәл диагноз қоя алатын радиолог мамандар жетіспейді. Суреттегі маманның көзіне ілікпей қалған кішкентай дүниенің өзі үлкен ауруға ұласуы мүмкін. Осы тұста компьютерлік анализ суретті әр пикселіне дейін егжей-тегжейлі көріп, оқи алады. Сондықтан ауруды дәл табу оңайлай түседі. Былайша айтқанда ауру компьютер анализі тұрғанда ешқайда қаша алмайды. Технологияның көмегімен оны кез келген жағдайда тануға болады. Жоба өкпе ауруларын 97% анықтай алады", – деді Бақытжан.

Қазір Бақытжан грант жеңіп алып жүзеге асырған жобасын одан сайын жетілдіру үшін жұмыс істеп жатыр.

"Қазір біздің 100 мың суреттен тұратын базамыз жиналған. Алгоритмді осы суреттер арқылы сынап көрдік. Осы жобаны іске асыру барысында біз қуатты, бүкіл ақпаратты өңдей алатын сервер алуға қаржылай қолдау сұрадық. Сонымен қатар жобамыздың тану, анықтау алгоритмін жетілдіру керек. Осы арқылы құрылғыны келешекте медицина ұйымына кіріктіру үшін бағдарламалық жасақтамасын қолға алуды ойластырып келеміз", – деп қосты PhD

Фото Бекзат Амановтың жеке архивінен

Тәуелсіздік ұрпақтары грантын 2023 жылы жеңіп алған тағы бір қатысушы – Бекзат Аманов. Ол қазір робототехника саласында аға оқытушы болып жұмыс істейді. Бакалаврда "Механика", магистратурада "Ақпараттық технологиялар", докторантурада "Робототехникалық жүйелер" мамандығы бойынша білім алған. Сөзінше, байқау туралы WhatsApp-та тараған сілтеме арқылы білген. Бірден өтініш беруіне жасап жатқан жобасына қаражат қажет екені түрткі болған.

"Ғылым" бағыты бойынша өтініш бердім. Жобамның тақырыбы "Қашықтан басқарылатын адам тектес робот қолын жобалау". Бұл өзімнің идеям еді. Грантқа қатысу барысында құжаттарды жинау, бейнематериал дайындау өте оңайға түсті. Себебі жобаға қатысты мәліметтерден басқа ешқандай артық құжаттар, талаптар қойылмаған", – деді робототехник.

Тәуелсіздік ұрпақтары грантын жеңіп алу арқылы ол адамды ауыстыруға арналған робот-гуманоид қолын құрастырып шыққан. Гранттың қаржысын жобасына қажет құрал-жабдықтар, заманауи фотополимерлі 3D принтер және оған қажет фотополимерлі шайыр, тазалағыш және қатырғыш құрал және тағы басқа керек-жарақ сатып алуға жұмсаған.

"Тәуелсіздік ұрпақтары гранты арқылы өзімнің өте көп салада қолданылатын, оның ішінде әсіресе, адамға зиян салаларда адамды ауыстыруға арналған – робот-гуманоид қолын құрастырып шықтым. Менің жасап жатқан жобам Қазақстанға, оның ішінде ең бастысы, адамдардың өміріне қауіпті салаларда зерттеу жұмыстарын одан әрі адамзатқа қауіп төндірмей жалғастыруға мүмкіндік береді. Одан басқа да адам қолымен жасалатын жұмысты қашықтан робот қолын басқарып жүргізуге мүмкіндік береді", – дейді ол.

Бекзат Аманов жастарды қолдауға арналған бағдарламаларды әлі де көбейту керек деп есептейді. Осы жолғы жүлдесінен соң ол мұндай мүмкіндіктер жастардың назарынан тыс қалмау керек және жиі қатысып тұруымыз керек деген түйінге келген.

"Жалпы осындай жастарға қолдау көрсететін бағдарламаларды тағы да көбейту қажет деп ойлаймын. Бұл – менің қатысып жатқан екінші бағдарламам. Осындай грант, жүлде алатын байқауларға осы бағдарламаның арқасында жиі қатысу керек деген шешімге келдім. Себебі осындай мүмкіндік маған және басқа да түрлі бағыттағы жобалардың жүзеге асуына өте көп пайдасын тигізді. Осы бағдарламаны ұйымдастырған барша адамдарға алғыс білдіремін", – деп қорытындылады ол сөзін.

Тәуелсіздік ұрпақтары грантына қалай қатысуға болады?

Айта кетейік, 2021 жылы Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының "тағайындау конкурсын сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастады. Грантты алуға 14 жастан 29 жасқа дейінгі Қазақстанның жас азаматтары үміткер бола алады. Республика деңгейіндегі жеңімпаздарға 3 миллион теңге сомасында грант беріледі, ал өңірлер бойынша марапатта ерекшелік бар.

Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:

  • "Ғылым" – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
  • "Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
  • "Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
  • "Бизнес" – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
  • "Медиа" – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызық контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.