Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі


ЕРЕКШЕ БӨЛІМ 2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ



жүктеу 3.09 Mb.
бет5/31
Дата20.04.2019
өлшемі3.09 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31

ЕРЕКШЕ БӨЛІМ

2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ

4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ


      24-бап. Еңбек шартының нысанасы

      Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген жалақыны уақтылы және толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге асырады.

      25-бап. Еңбек шартын жасасу кезіндегі құқықтар мен 
              мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері

      1. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады. 


      2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды. 
      Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдар санатының талабы бойынша жұмыс беруші бас тарту себебін жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
      2-1. Жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодекстің 7-бабының 2-тармағында көзделген белгілер бойынша еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды қоюға тыйым салынады.
      3. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің бұзылу фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26-бап. Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер



      1. Еңбек шартын:
      1) медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы келетін жұмысты орындауға;
      2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігі көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
      3) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес белгілі бір лауазымға тұру немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;
      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға не шетелдік қызметкер жұмысқа орналасуға жергiлiктi атқарушы органның рұқсатын алғанға дейiн, сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары беретін рұқсатты алғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдiктермен және азаматтығы жоқ адамдармен;
      5) білім беру ұйымынан оқу нысаны көрсетілген немесе қабылдайтын ұйымнан кәсіптік даярлаудан және (немесе) тағылымдамадан өтуі туралы анықтамаларды және білім алу мақсатында болуға арналған рұқсатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдік студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен;
      6) отбасына қосылу мақсатында Қазақстан Республикасына келуге және онда болуға арналған рұқсатты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын, Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді.
      1-1. Бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуына жол берілмейді.
      2. Мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін адамға, егер мемлекеттік қызметті тоқтатар алдындағы соңғы бір жылда мемлекеттік функцияларды орындау кезеңінде аталған адам өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коммерциялық ұйымның қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметі аталған адаммен оның құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болған болса, мемлекеттік ұйымдарды және жарғылық капиталындағы мемлекеттiң үлесi елу пайыздан көп, оның iшiнде акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы өздеріне тиесiлi олардың еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы аталған еншiлес ұйымдарға тиесiлi заңды тұлғаларда болатын ұйымдарды қоспағанда, бір жыл бойы коммерциялық ұйымға жұмысқа орналасуға жол берілмейді.
      3. Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне: адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халық денсаулығы мен имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақтарының негізінде қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда) адамдар жіберілмейді.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013№ 127-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 03.07.2014 № 227-V(01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен 


             ерекшелігі

      Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:

      1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;

      2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;

      3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі болып табылады.

      28-бап. Еңбек шартының мазмұны

      1. Еңбек шартында:
      1) тараптардың деректемелері:
      жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні, жеке сәйкестендiру нөмiрi (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi);
      жұмыс беруші заңды тұлғаның атауы және орналасқан жері, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні,
бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
      қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі;
      2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
      3) жұмыстың атқарылатын орны;
      4) еңбек шартының мерзімі;
      5) жұмыстың басталу күні;
      6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
      7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
      8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
      9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
      10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
      11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
      12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
      13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
      14) тараптардың жауапкершілігі;
      15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
      1-1. Тараптардың деректемелері өзгерген кезде еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі.
      2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      29-бап. Еңбек шартының мерзімі

      1. Еңбек шарты:

      1) белгіленбеген мерзімге;

      2) осы тармақтың 3)4)5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
      Еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
      Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен еңбек шарты, ол атқаратын еңбек функциясы бойынша қайтадан жасалған жағдайда, ол да белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
      Осы тармақтың 2) тармақшасының екiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi шетелдік жұмыс күшін тартуға, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға жергілікті атқарушы органның рұқсаттары негізінде, сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге ішкі істер органдары беретін рұқсат негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын тұлғаларға қолданылмайды.
      Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір мерзімге жасауға тыйым салынады. 
      Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі;

      2-1) осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жұмысқа алғаш кірген жас маманмен екі жылдан кем емес белгілі бір мерзімге;

      3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;

      4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына;

      5) маусымдық жұмысты орындау уақытына;

      6) шетелдік жұмыс күшін тартуға, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға жергілікті атқарушы орган берген рұқсаттардың не ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге берген рұқсаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.

      2. Жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында белгіленген ережелер қолданылмайды.

      3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.


      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.02.2015 № 286-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      30-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері

      1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

      2. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен:

      1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;

      2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен;

      3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс. 


      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажетті құжаттар

      1. Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:
      1) жеке куәлiгi немесе паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы куәлiгi) қажет.
      Оралмандар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдары берген оралман куәлігін ұсынады;
      2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін) не босқын куәлігі;
      3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;
      4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін);
      5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшін);
      6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін);
      7) алып тасталды - ҚР 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      8) тұрғылықты не уақытша тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
      9) кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасқан кезде соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама қажет.
      2. Жұмыс беруші, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
      3. Қызметкердің келісімімен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2013.01.29 N 74-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      32-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру 


              тәртібі

      1. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бір-бір данадан қызметкер мен жұмыс берушіде сақталады. Қызметкердің еңбек шартының бір данасын алуы жазбаша нысанда расталады.

      2. Еңбек шартына, оның ішінде басқа жұмысқа ауыстыру кезінде, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен жазбаша нысанда жүзеге асырады. 
      Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының бірі жазбаша нысанда береді және екінші тарап оны берілген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде қарайды.

      3. Ұйымның атқарушы органының лауазымды адамдарымен еңбек шартын ұйым мүлкінің меншік иесі не ол уәкілеттік берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен жасайды.

      33-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу

      1. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

      2. Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкерді актімен таныстыруға міндетті. Жұмыс берушінің актісімен танысқаны қызметкердің қол қоюымен куәландырылады.

      3. Қызметкердің талап етуі бойынша жұмыс беруші оған актінің жұмыс беруші растаған көшірмесін беруге міндетті. 


      Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртіптемесі ережелерімен, жұмыс берушінің қызметкердің жұмысына (еңбек функциясына) қатысы бар өзге де актілерімен, ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      34-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар

      Мына құжаттардың кез келгені:
      1) еңбек кітапшасы;
      2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;
      3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;
      4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;
      5) жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған не нотариат растаған қызмет ету тізімі (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Тоқтата тұру кезеңінде 5-1) тармақша жаңа редакцияда - ҚР 21.06.2013 N 106-V (4-т. қараңыз).
      5-1) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы жинақтаушы зейнетақы қорларынан үзінді-көшірмелер немесе аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді-көшірмелер;
      5-2) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;
      6) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      35-бап. Еңбек кітапшасы

      1. Еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат болып табылады.

      2. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Жұмыс беруші қызметкердің еңбек кітапшасына (ол бар болған кезде) ұйымдағы еңбек қызметі туралы тиісті жазбалар енгізуге міндетті.

      4. Еңбек кітапшасына еңбек шартын тоқтатудың себептері туралы жазбалар осы Кодекстің нормаларын көрсете отырып жүргізілуге тиіс.


      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талап

       1. Еңбек шартында қызметкердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатымен сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Бұл талап еңбек шартында болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданды деп есептеледі.

      2. Сынақ мерзімі еңбек шарты күшіне енген кезден басталады.

      3. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерлерге осы Кодекстің нормалары, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптары қолданылады.

      4. Сынақ мерзімі қызметкердің жұмыс стажына қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Қызметкер жұмыста іс жүзінде болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді.

      5. Жұмысқа қабылдау кезінде: 
      тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша жұмысқа қабылданатын адамдарға; 
      он сегіз жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген, алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін, бірақ оларды бітірген күннен бастап бір жылдан кешікпей кіретін адамдарға;
      мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді. 
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.17№ 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.02.2015 № 286-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      37-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі

      1. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкердің жұмысы теріс нәтиже берсе, жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталуына күнтізбелік жеті күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертіп, бұл қызметкерді сынақ мерзімінен өте алмады деп тануға негіз болған себептерді көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы. 
      2. Егер сынақ мерзімі аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуын талап етпесе, онда қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі. 
      3. Жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталғанға дейін қызметкерді одан жоғары лауазымға тағайындаған жағдайда да қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.

      38-бап. Еңбек шарты қолданылуының басталуы

      1. Еңбек шартының қолданылуы оған тараптардың қолы қойылған күннен не шартта белгіленген күннен басталады. 
      2. Қызметкерді жұмысқа нақты жіберу еңбек шартына тараптардың қолы қойылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. 
      3. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.

      39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы

      1. Еңбек шарты:

      1) алдау, күш көрсету, қауіп төндіру арқылы ықпал етіп;

      2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетінсіз (жалған еңбек шарты);

      3) әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен;

      4) осы Кодекстің 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;

      5) ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, асырап алушысының келісімінсіз, он алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.

      2. Еңбек шартының жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылуы бұрынғы қызметкердің еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.

      3. Еңбек шартының жұмыс берушінің немесе қызметкердің кінәсінен жарамсыз деп танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп соғады.

      4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.

      40-бап. Еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауға 


              тыйым салу

      Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс беруші қызметкерден еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауды талап етуге құқылы емес.

      40-1-бап. Лауазымдарды қоса атқару (қызмет көрсету
                 аймағының ұлғаюы) және уақытша болмаған
                 қызметкердің міндеттерін орындау

      Қызметкерге оның жазбаша келісуімен еңбек шартында айқындалған жұмыспен қатар, осы Кодекстің 131-бабына сәйкес қосымша еңбекақы үшін басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмысты атқару тапсырылуы мүмкін.


      Қызметкерге басқа лауазым бойынша тапсырылатын қосымша жұмыс лауазымдарды қоса атқару жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Қызметкерге өзінің лауазымы бойынша тапсырылатын қосымша жұмыс қызмет көрсету аймағын ұлғайту жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін еңбек шартында айқындалған жұмыстан босатпай орындау үшін, қызметкерге басқа, сондай-ақ сол өзінің лауазымы бойынша қосымша жұмыс тапсырылуы мүмкін.
      Қызметкердің қосымша жұмыс атқаратын мерзімін, жұмыстың мазмұны мен көлемін жұмыс беруші қызметкердің жазбаша келісуімен белгілейді.
      Басқа тарапты үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша нысанда ескерте отырып қызметкердің қосымша жұмысты атқарудан мерзімінен бұрын бас тартуына, ал жұмыс берушінің оны орындау туралы тапсырмасының күшін мерзімінен бұрын жоюына құқығы бар.
      Ескерту. Кодекс 40-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      41-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру

      1. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру деп:

      1) қызметкер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруі, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік бойынша орындау;

      2) орындау кезінде еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) өзгеретін жұмысты тапсыру;

      3) жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру;

      4) жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру есептеледі.

      2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруға қызметкердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

      3. Қызметкерді сол ұйымда басқа жұмыс орнына, осы ұйымның сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру, оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыру, егер бұл осы баптың 1-тармағында көзделген өзгерістерге әкеп соқпаса, басқа жұмысқа ауыстыру болып табылмайды және бұған қызметкердің келісімін алу талап етілмейді.

      42-бап. Қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа 


              жерге ауыстыру

      1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыс берушінің басқа жерге көшетіні туралы қызметкерге кемінде бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті. 


      2. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкердің көшуіне байланысты осы Кодекстің 153-бабында көзделген өтемақы төлемдерін жасайды. 
      3. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.

      43-бап. Өндірістік қажеттілік жағдайында басқа жұмысқа 


              уақытша ауыстыру

      Өндірістік қажеттілік болған, оның ішінде жоқ қызметкерді уақытша алмастырған жағдайда, жұмыс берушінің қызметкерді оның келісімінсіз күнтізбелік жыл ішінде бір айға дейінгі мерзімге, орындалатын жұмыс бойынша еңбегіне ақы төлеп, бірақ бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысынан кем емес жалақымен, еңбек шартында келісілмеген және денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін сол ұйымдағы, сол жердегі басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.

      44-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа 
              уақытша ауыстыру

      1. Жұмыс берушінің бос тұрып қалу жағдайында қызметкердің мамандығын, біліктілігін ескере отырып, оның келісімінсіз, күнтізбелік жыл ішінде бір айдан аспайтын мерзімге, оны денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар. 


      2. Бос тұрып қалу жағдайындағы ауыстыру кезінде қызметкердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша, бірақ оның бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысының кемінде үштен екісі мөлшерінде жүргізіледі. 
      Еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.

      45-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа 


              уақытша ауыстыру

      1. Қызметкер денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстырылады. Тараптардың келісімімен қызметкердің бұрынғы жұмысы бойынша жалақысы сақталуы мүмкін. 


      2. Қызметкердің еңбек міндеттерін орындауға байланысты жарақаттануына, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне байланысты еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенше немесе мүгедектік белгіленгенге дейін не кәсіби еңбекке жарамдылығынан айрылуы белгіленгенше жұмыс беруші қызметкерді анағұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сондай-ақ еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес зиянның өтемін төлей отырып, оны жұмыстан босатуға міндетті. 
      3. Қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде басқа жұмысқа уақытша ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      46-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруды шектеу

      Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындымен расталған қайшылықтар болған кезде, оны басқа жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.

      47-бап. Қызметкерді басқа жұмыс орнына ауыстыру. 


              Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруі

      1. Құрылымдық бөлімшедегі, белгілі бір жұмыс орнындағы, механизмдегі немесе агрегаттағы жұмыстың өзгеше еңбек жағдайлары болуын қоспағанда, қызметкерді басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға, не оған еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде басқа механизмдегі немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға қызметкердің келісімі талап етілмейді. 


      2. Қызметкер үшін еңбек жағдайларын және (немесе) еңбек шартын өзгертуге әкеп соқпайтын қызметкер лауазымының (жұмысының), құрылымдық бөлімшенің атауын өзгертуді, басқару құрылымын өзгертуді жұмыс беруші қызметкердің келісімінсіз жүзеге асыра алады.

      48-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруі

      1. Өндірісті ұйымдастырудағы, соның ішінде қайта ұйымдастыру кезіндегі өзгерістерге және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты, қызметкер еңбек шартында келісілген тиісті біліктіліктегі лауазым, мамандық немесе кәсіп бойынша жұмысын жалғастырған кезде, оның еңбек жағдайларын өзгертуге жол беріледі. 
      Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына және (немесе) ұжымдық шартқа тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.

      2. Егер еңбек шарты мен ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші қызметкерге және (немесе) оның өкілдеріне еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған өзгеруі туралы бір айдан кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс. 


      Егер қызметкер жұмысты жаңа жағдайда жалғастыруға келіспесе, онда жұмыс беруші - бар болса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық жағдайына сәйкес келетін өзге жұмысты, ал мұндай жұмыс болмаса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық жағдайы ескеріліп, ол орындай алатын, бос тұрған төмен лауазым немесе ақысы төмен бос жұмысты жазбаша нысанда ұсынуға міндетті.

      3. Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.

      4. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар қызметкерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін болса, жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтау мақсатында, қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып, толық емес жұмыс уақыты режимін енгізуге құқығы бар. 
      Жұмыс беруші қызметкерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін толық емес жұмыс уақыты режимін тоқтатуды қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып жүргізеді.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      49-бап. Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі 


              өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе 
              жұмыс беруші қайта құрылған кездегі еңбек 
              қатынастары

      Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған жағдайларда қызметкерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді.

      50-бап. Жұмыстан шеттету

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жұмыс беруші тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде қызметкерді жұмыстан шеттетуге міндетті.

      2. Жұмыс беруші осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа:

      1) жұмыста алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған немесе жұмыс күні ішінде осындай масаңдық туғызатын заттарды пайдаланған;

      2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері бойынша емтихан тапсырмаған;

      3) жұмыс беруші берген жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарын пайдаланбаған;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын болса, медициналық тексеруден не ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген;

      5) егер оның іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі авариялық ахуал туғызуға, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін болса, қызметкерді жұмыстан шеттетуге міндетті.

      2-1. Толық материалдық жауаптылықты өзіне алғаны туралы жазбаша шарттың негізінде қызметкерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеген қызметкерді жұмыс берушінің жұмыстан шеттетуіне құқығы бар.

      3. Жұмыстан шеттету кезеңінде қызметкердің жалақысы сақталмайды және еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жұмыс берушінің қаражаты есебінен жәрдемақы төленбейді.

      4. Қызметкерді жұмыстан шеттету оны шеттету үшін негіз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейінгі мерзімге жұмыс берушінің актісімен жүзеге асырылады.

      5. Жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан заңсыз шеттеткен жағдайда оның жалақысы сақталады. 


      Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.12.19 N 9 (2008.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      51-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері

      Мыналар:

      1) тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу;

      2) еңбек шарты мерзімінің аяқталуы;

      3) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      4) қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу;

      5) тараптардың еркінен тыс мән-жайлар;

      6) қызметкердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын лауазымға тағайындалуы;

      8) еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы;

      9) жұмыс берушінің атқарушы органы басшысымен жасалған еңбек шартында көзделген негіздер еңбек шартын тоқтату негіздері болып табылады.

      52-бап. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу

      1. Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін.

      2. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға тілек білдіруші еңбек шартының бір тарапы екінші тарапына хабарлама жібереді. Хабарлама алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.

      3. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісу бойынша айқындалады.

      4. Еңбек шартында қызметкермен келісім бойынша, жұмыс берушінің қызметкерге бір жылғы орташа жалақысынан кем емес мөлшерде өтемақы төлей отырып, осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай-ақ еңбек шартын бұзу құқығы көзделеді.

      53-бап. Мерзiмiнiң өтуіне байланысты еңбек шартын


               тоқтату

      1. Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады.


      2. Еңбек шартында келiсiлген мерзiмге сәйкес қызметкердiң соңғы жұмыс күнi белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн болып табылады.
      Егер еңбек шартының мерзiмi өткен соң еңбек қатынастары iс жүзiнде жалғаса берсе және тараптардың ешқайсысы бұлардың тоқтатылуын талап етпесе, онда шарттың қолданылуы белгiленбеген мерзiмге ұзартылды деп есептеледi.
      3. Жұмыстың аяқталған күні белгiлi бiр жұмыстың орындалу уақытына жасалған еңбек шартының мерзiмi өткен күн болып табылады.
      4. Жұмыс орны (лауазымы) сақталған қызметкердiң жұмысқа шығатын күннiң алдындағы жұмыс күнi уақытша болмаған қызметкердiң орнын ауыстыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өткен күнi болып табылады.
      Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.06.2014 N 212-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      54-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек 


              шартын бұзудың негіздері

      1. Қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша:

      1) жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған;

      2) қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған;

      3) біліктілігінің жетіспеуі салдарынан қызметкер атқарып жүрген лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;

      4) өзінің жұмысын жалғастыруына денсаулық жағдайының кедергі келтіруі салдарынан қызметкер атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеген;

      5) сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі дұрыс болмаған;

      6) қызметкер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған;

      7) қызметкер жұмыста алкогольдік, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдай туғызатын заттарды пайдаланған;

      7-1) тиісті актімен расталған, алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық күйге түсіретін заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан;

      8) қызметкер, жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі жүру қауіпсіздігі ережелерін бұзған;

      9) қызметкердің жұмыс орнында басқаның мүлкін ұрлау (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жою немесе бүлдіру әрекеті заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған;

      10) ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін қызметкердің кінәлі әрекеттер жасауы немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса;

      11) тәрбиелік функциялар атқаратын қызметкер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, адамгершілікке жат қылықтар жасаған;

      12) қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттікқұпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткен;

      13) егер тәртіптік жазасы бар қызметкер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;

      14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда қызметкердің мемлекеттік құпияларға жіберілу рұқсаты тоқтатылған;

      15) еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде түпнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын жағдайда, қызметкер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған;

      16) жұмыс берушінің атқарушы органы басшысының, оның орынбасарының не жұмыс беруші бөлімшесі басшысының еңбек міндеттерін бұзуы жұмыс берушіге материалдық залал келтіруге әкеп соққан;

      17) қызметкер жүктілігі және босануы бойынша демалыста болған, сондай-ақ егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.


      Өндірістік жарақат алуына немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айрылған қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін сақталады;

      18) қызметкер сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;

      19) соттың ереуілді заңсыз деп тану туралы не ереуілді тоқтата тұру туралы шешімін қызметкердің назарына жеткізгеннен кейін ол ереуілге қатысуды жалғастырған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

      2. Осы Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарттарын бұзудың қосымша негіздері көзделген.


      Ескерту. 54-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      55-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын 


              бұзу мүмкіндіктерін шектеу

      Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 17) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңінде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген кезеңінде еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға жол берілмейді.


      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      56-бап. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын 


              бұзу тәртібі

      1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі белгіленбесе, жұмыс беруші осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімімен еңбек шартын бұзу ескерту мерзімі аяқталғанға дейін жүргізілуі мүмкін.


      2. Кәсіптік одақтың мүшесі болып табылатын қызметкерлермен осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу, сондай-ақ осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шартын тоқтату ұжымдық шартта көзделген тәртіппен, осы ұйымның кәсіптік одағы органының дәлелді пікірін ескере отырып жүргізіледі.
      2-1. Жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімі болмаса, осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша 55 жастан бастап және зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі жастағы қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
      Комиссияны құру тәртібі ұжымдық шартта, ал ол болмаған жағдайда, жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерінің келісуі бойынша шығарылған актісінде айқындалады.
      3. Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзу үшін қызметкердің осы жұмысты жалғастыруына кедергі келтіретін денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық қорытындымен расталған болуға тиіс.
      4. Еңбек шартын осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 6) - 13) және 16) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзу осы Кодекстің 73-бабында көзделген тәртіптік жазалар қолдану тәртібі және 74-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.

      5. Еңбек шарты осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған кезде, қызметкер келіскен жағдайда жұмыс беруші оны басқа жұмысқа ауыстыру шараларын қабылдауға тиіс.


      6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қызметкер біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегендіктен, жұмыс берушінің бастамасы бойынша осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзу аттестациялық комиссияның шешіміне негізделуге тиіс, оның құрамына қызметкерлер өкілі қатысуға тиіс. 
      Қызметкерлерді аттестаттау тәртібі, талаптары мен кезеңділігі ұжымдық шартта, ал ол жоқ болған жағдайда қызметкерлердің өкілдерімен келісім бойынша шығарылған жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
      7. Қызметкердің жұмыста осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген жай-күйде болуы медициналық қорытындымен расталуға тиіс.
      Қызметкерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді жұмыс беруші уәкілеттік берген лауазымды тұлға қабылдайды.
      Қызметкер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда тиісті акт жасалады.
      8. Осы Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес еңбек шартын бұзуға, қызметкер еңбекке жарамсыздығы парағын ұсынғаннан кейін жол беріледі.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      57-бап. Қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу

      1. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер жұмыс берушіге кемінде бір ай бұрын жазбаша ескерте отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы.

      2. Еңбек шарты қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген ескерту мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.

      3. Еңбек шартын бұзу жұмысты жалғастыру мүмкіндігінің болмауына байланысты жағдайларда, қызметкер еңбек шартын өтініште көрсетілген мерзімде бұзу туралы жұмыс берушіге жазбаша ескертеді.

      4. Қызметкер жұмыс берушінің еңбек шарты талаптарын орындамағаны туралы оған жазбаша хабарлауға құқылы. Егер жазбаша хабарланған күннен бастап жеті күн мерзім өткен соң жұмыс берушінің еңбек шарты талаптарын орындамауы жалғасқан жағдайда, қызметкер үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс берушіге жазбаша ескерте отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы.

      5. Қызметкер осы бапта көзделген ескерту мерзімі ішінде еңбек шартын бұзу туралы өтінішін жазбаша нысанда қайтарып алуға құқылы.

      6. Осы бапта көрсетілген ескерту мерзімі өткен соң қызметкер жұмысты тоқтатуға құқылы, ал жұмыс беруші қызметкерге еңбек қызметіне байланысты құжаттар мен оған тиесілі ақшалай төлемдерді беруге міндетті.

      7. Осы Кодексте қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін еңбек шартын қызметкердің бастамасы бойынша бұзудың ерекше тәртібі көзделеді.
      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      58-бап. Тараптардың еркінен тыс мән-жайлар бойынша 


              еңбек шартын тоқтату негіздері

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Еңбек шарты тараптардың еркінен тыс мына мән-жайлар бойынша:

      1) алып тасталды - ҚР 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;

      2) қызметкер не жұмыс беруші-жеке тұлға еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбайтын жазамен сотталған сот үкімі заңды күшіне енген кезде;

      2-1) жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты қайтарып алған кезде;

      3) қызметкер не жұмыс беруші-жеке тұлға қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкерді не жұмыс беруші - жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған жағдайда;

      4) сот қызметкерді әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған, соның салдарынан қызметкердің бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі болмайтын жағдайда;

      5) бұрын осы жұмысты атқарған қызметкер жұмысына қайта алынған жағдайда тоқтатылуға тиіс.

      2. Сот үкімінің, шешімінің заңды күшіне енген күні немесе қызметкердің қайтыс болған күні осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша еңбек шартының тоқтатылған күні болып табылады.


      Ескерту. 58-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 N 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      59-бап. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас 


              тартқан кезде еңбек шартын тоқтату негіздері

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартқан кезде қызметкермен еңбек шарты:

      1) қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауысудан бас тартқан;

      2) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан бас тартқан;

      3) жұмыс беруші - заңды тұлға қайта құрылған кезде қызметкер жұмысты жалғастырудан бас тартқан;

      4) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде қызметкер уақытша басқа жұмысқа ауысудан бас тартқан жағдайларда тоқтатылуға жатады.

      2. Қызметкер еңбек қатынастарын жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан кезде ғана еңбек шартын тоқтатуға жол беріледі.

      3. Қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіз болуы (оның ішінде жүктілігі және босануы бойынша) және демалысы кезеңінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар бойынша еңбек шартын тоқтатуға жол берілмейді.
      Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      60-бап. Қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) 


              ауысуына немесе оның лауазымға тағайындалуына 
              байланысты еңбек шартын бұзу

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында осындай лауазымдарды  атқаратын адамдарға ақы төленетін өзге лауазымдарда істеуге тыйым салу белгіленген болса, қызметкердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуына немесе лауазымға тағайындалуына байланысты онымен еңбек шарты бұзылады. 


      Қызметкердің жұмыс берушіні хабардар етуі және қызметкердің жұмысқа (лауазымға) сайлану немесе тағайындалу актісі негіз болып табылады.

      61-бап. Еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы 


              салдарынан еңбек шартын тоқтату негіздері

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Егер еңбек шартын жасасу талаптарын бұзу еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін болғызбаса:

      1) медициналық қорытынды негізінде қызметкердің денсаулық жағдайына қайшы келетін жұмысты атқаруға еңбек шарты жасалған;

      2) адамды белгілі бір лауазымдарды немесе белгілі бір қызметті атқару құқығынан айырған заңды күшіне енген сот үкімін немесе шешімін бұза отырып жұмысты орындауға еңбек шарты жасалған;

      3) белгіленген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алмай немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе алып тастауларды сақтамай, шетелдік азаматтармен және азаматтығы жоқ адамдармен еңбек шарты жасалған;

      3-1) осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында аталған адаммен еңбек шарты жасалған;

      3-2) осы Кодекстің 26-бабының 3-тармағында аталған адаммен еңбек шарты жасалған;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жағдайларда еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы салдарынан еңбек шарты тоқтатылуға тиіс.

      2. Егер қызметкерді оның келісімімен жұмыс берушіде бар басқа, орындау үшін қызметкерге шектеу қойылмайтын жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі болмаса, осы баптың 1-тармағының 1) - 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын тоқтатуға жол беріледі. Қызметкер басқа жұмысқа ауысуға келісім берген кезде, еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі.

      3. Еңбек шарты осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда тоқтатылған кезде, жұмыс беруші қызметкерге үш айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      62-бап. Еңбек шартының тоқтатылуын ресімдеу

      1. Жұмыс беруші - жеке тұлға қайтыс болған (сот қайтыс болды деп хабарлаған немесе хабарсыз кетті деп таныған) жағдайда еңбек шартының тоқтатылуын және үй қызметкерлерімен еңбек шартының тоқтатылуын қоспағанда, еңбек шартының тоқтатылуы жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. 
      2. Жұмыс берушінің актісінде осы Кодекске сәйкес еңбек шартын тоқтатудың негізі көрсетілуге тиіс. 
      3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыстың соңғы күні еңбек шартының тоқтатылған күні болып табылады.
      4. Жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі үш күн мерзімде қызметкерге тапсырылады не оған хабарламалы хатпен жіберіледі.

      63-бап. Еңбек кітапшасын және еңбек қызметіне 


              байланысты құжаттарды беру

      1. Жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күні қызметкерге еңбек кітапшасын немесе қызметкердің еңбек қызметін растайтын өзге де құжатты беруге міндетті.


      Еңбек шарты тоқтатылған күні еңбек кітапшасын қызметкердің болмауына не оны алудан бас тартуына байланысты беру мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс беруші он жұмыс күні ішінде қызметкерге еңбек кітапшасын алуға келуінің қажеттілігі туралы немесе оны поштамен жіберуге оның келісім беруі туралы хабарлама жіберуге міндетті.
      2. Жұмыс беруші қызметкердің (оның ішінде бұрынғы қызметкердің) талап етуі бойынша өтініш берілген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде оның мамандығын (біліктілігін, лауазымын), жұмыс істеген уақытын және жалақы мөлшерін көрсете отырып, анықтаманы, қызметкердің біліктілігі және оның жұмысқа көзқарасы туралы мәліметтерді қамтитын мінездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Кодексте көзделген басқа да құжаттарды беруге міндетті. 
      3. Жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған, банкроттыққа ұшыраған, жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан кезде жұмыс беруші, қызметкердің алдында берешегі болса, жалақы және өзге де төлемдер бойынша жинақталған берешектің мөлшері туралы тиісті түрде ресімделген анықтама беруге міндетті.
      Ескерту. 63-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Алтын күз Атырау облысы Атырау қаласы Махамбет ауданы Алға орта мектебінің Шағын орталық топ
2018 -> Ысқақова Айнұр Жанболатовқызы, СҚО, Ақжар ауданы, Айсары ауылы, «Айсары негізгі мектебі»
2018 -> Қуыршақты шомылдыру
2018 -> Жарманың өнімдерінің құрамында
2018 -> Мектеп: №46 жобб мектебі Мерзімі: 5. 01. 2018ж №7 Мұғалім Митанова г сынып «Г» Оқушылар саны 12 Тақырып
2018 -> Сабақ тақырыбы: «Дәнекерлеудің мәні қызметі және түрлері»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет