Қазақстан Республикасының Кеден кодексі



жүктеу 4.35 Mb.
бет1/26
Дата25.04.2019
өлшемі4.35 Mb.
түріКодекс
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 23.04.2010 11:55:16
Қазақстан Республикасының Кеден кодексі

(2003 жылғы 5 сәуірдегі № 401-II)

 

 



Осы Кодекс Қазақстан Республикасындағы кеден ісінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді және Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғауға, Қазақстан экономикасының дүниежүзілік экономикалық қатынастар жүйесіндегі байланыстарын жандандыруға және сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыруға бағытталған.

1. Жалпы бөлім



1-Бөлім. Жалпы ережелер

 

1-тарау.

 Негізгі ережелер

 

1-бап. Қазақстан Республикасындағы кеден ісі

Қазақстан Республикасындағы кеден ісі тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізудің, кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың, кедендік режимдерді қолданудың, кедендік төлемдері және салықтарды алудың, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жүргізудің тәртібі мен шарттарын, мемлекет пен сыртқы экономикалық және өзге де қызметті жүзеге асырушы тұлғалардың арасындағы билік қатынастарына негізделген кеден саясатын іске асырудың басқа да құралдарын қамтиды.



 

2-бап. Кеден ісі саласы

1. Кеден ісі саласы - Қазақстан Республикасының кеден саясатын іске асыру кезінде кеден ісін қолдану жөніндегі мемлекеттік реттеу саласы.

2. Осы Кодекспен реттелмеген кеден ісі саласына қатысты қатынастар Қазақстан Республикасының өзге заң актілерімен реттеледі.

3-бап. Қазақстан Республикасының кеден саясаты

1. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын бірыңғай кеден саясаты жүзеге асырылады.

2. Кеден саясаты өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының қарауына жатады.

3. Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуды ынталандыру және экономикалық мүдделерін қорғау, тиімді кедендік бақылауды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген өзге де мақсаттар Қазақстан Республикасы кеден саясатының негізгі мақсаттары болып табылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының кеден заңдары

1. Қазақстан Республикасының кеден заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

5-бап. Қазақстан Республикасы кеден заңдарының уақыт жағынан қолданылуы

1. Кеден ісі саласында осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден органы кеден декларациясы мен құжаттарын тіркеген күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.

2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы осы Кодексте белгіленген талаптарды бұза отырып өткізу кезінде тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізілген күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.

3. Егер тауарлар мен көлік құралдарының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы іс жүзінде өткізілген күнін анықтау мүмкін болмаса, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық айқындалған күні қолданыста болған Қазақстан Республикасының кеден заңдары қолданылады.

6-бап. Қазақстан Республикасының кедендік аумағы мен кедендік шекарасы

1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағын құрғақтағы аумақ, аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар, олардың үстіндегі әуе кеңістігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан жасанды аралдар, қондырғылар, ғимараттар және кеден ісі саласында Қазақстан Республикасының юрисдикциясында ғана болатын өзге де объектілер құрайды.

2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған арнайы экономикалық аймақтың аумағы Қазақстан Республикасының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.

3. Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шектері, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады. Кедендік шекара - Қазақстан Республикасының кедендік аумағының шектерін белгілейтін сызық пен осы сызық бойынша өтетін вертикалды бет.

4. Кедендік шекара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дәл келуі мүмкін.

7-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

1. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) бірлескен бақылау – бақылау рәсімін жеңілдету үшін, шектес мемлекеттердің кеден және бақылаушы органдары бірлесіп және келісіп қолданатын және жүзеге асыратын, көрсетілген мемлекеттердің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты іс-әрекеттердің, шаралардың, бақылау әдістерінің, құралдары мен нысандарының жиынтығы;

2) декларант – тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлға не тауарлар мен көлік құралдарын өз атынан декларациялайтын, білдіретін және ұсынатын кеден брокері;

3) декларациялау – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және (немесе) кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметтерді мәлімдеу;



4) жөнелтуші кеден органы – тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаумен тасымалдау басталатын Қазақстан Республикасының кеден органы;

5) жүк операциялары – кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау, тиеу, түсіру, қайта тиеу, орамның зақымданған жерлерін жөндеу, орау, қайта орау және тасымалдау үшін қабылдау, мұндай тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу, көрсетілген тауарлар болуы мүмкін үй-жайлар мен басқа да орындарды ашу;

6) кедендік алымдар – Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу, кедендік алып жүру үшін, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының кеден органдары бекітетін қоймаларда сақтау үшін алатын кедендік төлем түрлері;

7) кедендік алып жүру – Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын алып жүруі;

8) кедендік әкімшілік жүргізу – Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асыратын ұйымдық-құқықтық және өзге де іс-әрекеттер мен шаралар жиынтығы;

9) кедендік баж – Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелген кезде немесе тауарды аталған аумақтан әкеткен кезде алатын және осындай әкелу немесе әкетудің ажырамас шарты болып табылатын кедендік төлемнің түрі;

10) кедендік бақылау – Қазақстан Республика­сының кеден және өзге де заңнамасын сақтау бойынша Қазақстан Республикасының кеден органда­ры жүзеге асыратын, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып жүзеге асыратын, орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген шаралардың жиынтығы;



11) кедендік бақылаудағы тауарлар – осы Кодекс­ке сәйкес кедендік бақылау жүзеге асырылатын тауар­лар;

12) кедендік декларация – тауарлар мен көлік құралдары туралы декларант мәлімдеген мәліметтерді жазбаша және (немесе) электрондық түрде растайтын құжат;

13) кедендік инфрақұрылым – Қазақстан Республикасының кеден органдарының жұмыс істеуіне жағдай жасайтын, сондай-ақ Қазақстан Республика­сының кеден органдарының лауазымды адамдарына әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимараттар мен құрылыстар;

14) кедендік операциялар – кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты Қазақстан Республикасының кеден органдары да, тұлғалар да Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жасайтын жекелеген іс-әрекеттер;



15) кедендік рәсімдер – Қазақстан Республика­сының кеден органдары мен кеден ісі саласындағы тұлғалардың кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жасайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы;

16) кедендік режим – Қазақстан Республикасы­ның кедендік аумағында не одан тыс жерлерде өткізу, пайдалану мақсаттарына қарай тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы өткізу кезіндегі олардың кеден ісі саласындағы мәртебесін айқындайтын, осы Кодексте белгіленген нормалардың жиынтығы;

17) кедендік ресімдеу – тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты тұлғалар және Қазақстан Республикасының кеден органдары жасайтын іс-әрекеттер мен рәсімдердің жиынтығы;

18) кедендік тариф – Қазақстан Республикасы­ның кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қолданылатын кедендік баж ставкаларының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген тізбесі;

19) кеден терминалы – Қазақстан Республикасы кеден органының қызмет аймағындағы Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлармен және көлік құралдарымен кедендік ресімдеу және (немесе) кедендік операциялар жасауға арнап арнайы жайластырылған, техникамен жарақтандырылған және жабдықталған орын;

20) кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету – осы Кодексте көзделген кедендік төлем­дерді және салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудың осы Кодексте белгіленген тәсілдері;

21) коммерциялық құжаттар – шот-фактуралар, арнайы тізбелер, тиеу және орау парақтары, сондай-ақ тауарлар туралы мәліметтерді, оның ішінде тауар­лардың құнын растайтын және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес пайдаланылатын басқа да құжаттар;

22) көлік құжаттары – халықаралық автомобиль жүк құжаттамасы, темір жол көліктік жүк құжатта­масы, багаж тізімдемесі, багаж түбіртегі, әуе жүк құжатта­ма­сы, коносамент, сондай-ақ тауарларды құбыр тасы­ма­лымен және электр беру желілері арқылы өткізу кезін­де пайдаланылатын құжаттар мен Қазақстан Респуб­ликасының көлік туралы заңнамалық акті­лерінде және Қазақстан Республикасының халықара­лық шарттарында көзделген тасымалдар кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілесе жүретін өзге де құжаттар;

23) көлік құралы – халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру үшін қолданылатын және осы көлік құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олар үшін техникалық паспортпен немесе техникалық формуляр­мен көзделген қосалқы бөлшектерді, керек-жарақтары мен жабдықтарды, олардың конструкция­сында көзделген май құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материал­дары мен салқындату сұйықтарын қоса алғанда, теңіз, ішкі су, әуе кемесі, механикалық көлік құралы;

24) қазақстандық тауар – толығымен Қазақстан Респуб­ликасында өндірілген, жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес Қазақстан Республикасында қайта өңделген, Қазақстан Респуб­ликасының аумағында еркін айналыс үшін шығарылған, осы Кодекске сәйкес мемлекеттің меншігіне айналдырылған тауар;

25) қазақстандық тұлға – Қазақстан Рес­публикасының азаматы, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жері бар, азаматтығы жоқ адам, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген дара кәсіпкер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға;



26) мамандандырылған кеден мекемелері – кеден ісі саласындағы міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын мемлекеттік мекемелер;

27) межелі кеден органы – тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылаумен тасымалдау аяқта­латын Қазақстан Республикасының кеден органы;

28) өткізу пункті – адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы өткізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары белгілеген автомо­биль, темір жол вокзалдарының, станцияның, әуежайдың, аэродромның, теңіз, өзен порттарының не өзге де жабдықталған орынның шегіндегі аумақ (аумақтың бір бөлігі);

29) салықтар – тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты алынуы Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелген қосылған құн салығы мен акциз;

30) сыртқы экономикалық қызметке қатысушы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырушы тұлға;

31) тарифтік емес реттеу шаралары – тауарлар мен көлік құрал­дарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салулар мен шектеулер, квота­лау, лицензиялау, тауарлардың қауіпсіздігі бойынша стандарттар мен талаптарға (оның ішінде техникалық, фармаколо­гиялық, санитариялық-эпидемиологиялық, ветерина­риялық, фитосани­тар­лық, радиациялық, экологиялық стандарттар) сәйкестігін растау және Қазақстан Республикасының заң актілерімен және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен белгіленетін өзге де талаптар;

32) тарифтік реттеу шаралары – тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы ар­қы­лы өткізу кезінде кедендік тарифті пайдалана отырып, сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметті мем­ле­кеттік реттеуді қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шаралар;

33) тасымалдаушы – тауарларды іс жүзінде өткізуші не көлік құралын пайдаланғаны үшін жауапты болып табылатын тұлға;

34) тауар – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін мүлік, оның ішінде ақпарат жеткізгіштер, валюталық құндылықтар, энергияның электр, жылу және өзге де түрлері, сондай-ақ осы баптың 23) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарынан басқа көлік құралдары;



35) тауарларды алушы – кедендік бақылаудағы тауарларды жеткізуге тасымалдаушы міндетті болатын тауардың ілеспе құжаттарында аталған тұлға;

36) тауарлар мен көлік құралдарын жіберу – Қазақстан Республикасы кеден органдарының тұлға­лар­ға белгілі бір кедендік режимнің шарттарына сәйкес тауар­лар мен көлік құралдарын пайдалануға және (немесе) оларға билік етуге рұқсат беру жөніндегі іс-әрекеті;

37) тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу – тауарлар мен көлік құралдарын халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуді, құбыр тасымалы мен электр беру желілерін пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету жөнінде іс-әрекеттер жасау;

38) тауарларды өткізуші тұлға – өз атынан не басқа тұлғаның тапсырмасы бойынша сыртқы экономикалық мәміле жасаушы тұлға; егер тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу қазақстандық тұлғаның сыртқы эконо­микалық мәмілелер жасауынсыз жүзеге асырылатын болса, Қазақстан Республикасының аумағында кедендік бақылаудағы тауарларды пайдалану мен оларға иелік ету құқығы бар тұлға;

39) тауарларға ілеспе құжаттар – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына арналған коммерциялық және көлік құжаттары;

40) топтасып тасымалдау – бір көлік құралымен бір мезгілде бірнеше жөнелтушінің немесе алушының жүктері өткізілетін кездегі тасымал;

41) тұлға – жеке және (немесе) заңды тұлға;



42) уәкілетті орган – кеден ісі саласындағы мем­лекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

43) шартты түрде шығару – тауарлар мен көлік құралдарын шектеп және оларды пайдалану мен оларға билік ету жөніндегі шарттарға орай шығару;

44) шетелдік тауар – осы баптың 24) тармақшасында көрсетілмеген тауар;

45) шетелдік тұлға – осы баптың 25) тармақшасында аталмаған тұлға;

46) ырық бермес күштің әсері – нақты бір жағ­дай­лар кезіндегі Қазақстан Республикасының кеден заң­на­масында көзделген белгілі бір әрекеттерді жасауға кедергі келтіретін төтенше және ырық бермейтін оқиға;

47) электрондық құжат – өзіндегі ақпарат элек­трондық-цифрлық нысанда берілген және элек­трон­дық-цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

48) электрондық цифрлық қолтаңба – элек­трондық цифр­лық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжат­тың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгер­мейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиыны;

49) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары – электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалығын тексеру үшін пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы.

2. Қазақстан Республикасының кеден заңнама­сының басқа да арнаулы ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынада пайдаланылады.

3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының азаматтық және басқа да салаларының ұғымдары, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұл салаларында олар қалай пайдаланылса, сондай мағынада қолданылады.

 

2-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан



Республикасының Кедендік шекарасы арқылы өткізу туралы

негізгі ережелері

8-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелу

Қазақстан Республикасынан әкету және Қазақстан Республикасының

аумағы арқылы транзиттеу құқығы

1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық тұлғалардың тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге Қазақстан Республикасынан әкетуге және оларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тең негіздерде құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының заң актілерімен және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге Қазақстан Республикасынан әкетуге және оларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тыйым салулар мен шектеулер, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары белгіленуі мүмкін.



 

9-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі

1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу кезінде тауарлар мен көлік құралдарын өткізудің шарты кедендік шекарадан іс жүзінде өту және Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгіленген іс-әрекеттерді жасау болып табылады.

2. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету кезінде өткізудің шарты кедендік декларация беру немесе тауарлар мен көлік құралдарын әкетуге бағытталған өзге де іс-әрекеттер болып табылады. Өзге іс-әрекеттерге:

1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кететін жеке адамның кедендік бақылау аймағына кіруі (енуі);

2) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаның тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету туралы хабарлама беруі;

3) автокөлік құралының Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығу мақсатымен Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктіне енуі;

4) Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге жөнелту үшін тауарларды көлік саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы тұлғаларға не халықаралық почта жөнелтімдерін халықаралық почта қызметін көрсетуші ұйымдарға тапсыру жатады.

3. Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу Қазақстан Республикасының валюталық заңдарына және осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап. Кедендік ресімдеу

Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделген тәртіпте және шарттарда кедендік ресімделуге тиіс.

11-бап. Кедендік режимді таңдау және өзгерту

1. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары тұлғаның таңдауы бойынша осы Кодексте көзделген тәртіпте және шарттарда белгілі бір кедендік режимге орналастырылады.

2. Тауарлар мен көлік құралдарының кедендік режимін тұлға осы Кодексте көзделген тәртіпте және шарттарда Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілген тауарлар мен көлік құралдарының арналуы мен пайдалану мақсатына қарай басқа кедендік режимге өзгертуі мүмкін.

12-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде тарифтік емес реттеу шараларын сақтау

1. Тарифтік емес реттеуге жататын тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, декларант Қазақстан Республикасының кеден органдарына тарифтік емес реттеу шараларының сақталғандығын растайтын құжаттарды табыс етуге міндетті.

2. Әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарлар мен көлік құралдары, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осындай тауарлар мен көлік құралдарын тәркілеу көзделмесе, Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге дереу әкетілуге не тиісінше аталған аумаққа қайтарылуға жатады.

Тауарлар мен көлік құралдарын әкетуді немесе қайтаруды тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші адам не тасымалдаушы жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге немесе аталған аумақ шегінен тыс жерлерге әкетуге шектеу қойылған тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе халықаралық шарттарында белгіленген талаптар сақталған жағдайда Қазақстан Республикасының кеден органдары жібереді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет