Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі



жүктеу 3.47 Mb.
бет2/14
Дата14.01.2018
өлшемі3.47 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ

54-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері

      1. Кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында құратын қауымдастық (одақ) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі болып табылады.
      2. Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.
 

55-бап. Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктері қызметінің негіздері

      Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің қызметі:
      1) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығына;
      2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдерді қабылдауға жол бермеуге;
      3) кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің заңды түрде жүзеге асырылатын қызметін шектеуге жол бермейтін тәуелсіздікке;
      4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беруге, жауапкершілікке;
      5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділікке, жүйелілікке және жеделдікке негізделеді.
 

56-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оның мақсаты мен міндеттері

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата) Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің (бұдан әрі – қауымдастық (одақ) қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      2. Ұлттық палатаны құрудың мақсаты Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негізді қалыптастыру болып табылады.
      3. Ұлттық палатаның міндеттері:
      1) кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру;
      2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету және қорғау;
      3) кәсіпкерлік субъектілері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      4) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
      5) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттер болып табылады.
 

57-бап. Ұлттық палатаның жүйесі

      1. Қауымдастықтар (одақтар) Ұлттық палатаның басқару органдарында және жұмыс органдарында кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемшарттарға өздерінің сәйкестігін Ұлттық палатаның тануы үшін аккредиттеуден өтуге тиіс.
      2. Ұлттық палата жүйесіне:
      1) республикалық деңгейде:
      Ұлттық палата;
      Ұлттық палатада аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтары (одақтары);
      2) аумақтық деңгейде:
      облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана кәсіпкерлерінің палаталары (бұдан әрі – өңірлік палаталар);
      өңірлік палаталарда аккредиттелген өңірлік салааралық, өңірлік салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің өңірлік қауымдастықтары (одақтары);
      өңірлік палаталарда аккредиттелген облыстардағы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы қауымдастықтар (одақтар);
      өңірлік палаталарда аккредиттелген аудандардағы, аудандық маңызы бар қалалардағы қауымдастықтар (одақтар);
      3) қалалық және аудандық деңгейлерде:
      тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы өңірлік палаталардың филиалдары;
      4) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттарын іске асыру үшін құрылған, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалар;
      5) Ұлттық палатаның шет мемлекет аумағындағы филиалдары мен өкілдіктері;
      6) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кіреді.
 

58-бап. Ұлттық палата қызметінің қағидаттары

      1. Ұлттық палатаның қызметі:
      1) дербестік;
      2) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығы;
      3) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына қайшы келмейтін шешімдерді қабылдау;
      4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беру, жауапкершілік;
      5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділік, жүйелілік және жеделдік;
      6) салааралық, салалық және өңірлік қауымдастықтарды (одақтарды) дамыту;
      7) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі;
      8) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер өндіретін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасау;
      9) қоғам мен кәсіпкерлік мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
      2. Ұлттық палата, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға міндетті түрде мүше болу белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген (есептік тіркеуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің мүше болуының міндеттілігі қағидаты бойынша құрылады.
      Міндетті мүше болуға негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттеу ұйымдарының мүшелері (қатысушылары) болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің Ұлттық палатаға міндетті түрде мүше болу қағидаты қолданылады.
 

59-бап. Ұлттық палатаның мүшелері

      1. Егер осы Кодексте және "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.
      2. Ұлттық палатаның мүшелері:
      1) Ұлттық палата тарапынан кәсіби қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
      2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
      3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен өтініш жасауға және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде уәжді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      4) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
      5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;
      6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтерді алуға;
      7) Ұлттық палата жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
      3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.
      4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.
      5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.
      6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
 

60-бап. Ұлттық палатаның құзыреті

      Ұлттық палата осы Кодексте, "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
 

61-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерлерін бекітеді;
      2) өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық палатаның өзара іс-қимылы оны құру мақсатына және оның міндеттеріне қол жеткізуге бағытталады.
      3. Ұлттық палатаның Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы осы Кодексте және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен мынадай нысанда:
      1) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
      2) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
      3) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдарды құруы;
      4) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуы;
      5) Ұлттық палатаны құрудың мақсатын, оның міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      4. Коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдар Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынуға міндетті.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      62-бап өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
 

62-бап. Өзін-өзі реттеуді енгізу және оның түрлері

      Кәсіпкерлік және кәсіби қызмет салаларында қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеу ұйымдарына ерікті және міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілуі мүмкін.


      Өзін-өзі реттеу ұйымына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін нақты саладағы реттеуші мемлекеттік орган және мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен алдын ала реттеушілік әсерді талдау рәсімін жүргізуге тиіс.
 

2-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ


ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
4-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ НОРМА ШЫҒАРУШЫЛЫҚҚА ҚАТЫСУЫ

63-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу

      1. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға сараптама жүргізуге қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері кәсіпкерлер бірлестіктерін құрады:
      республикалық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктерi, республикалық салааралық, салалық бірлестіктер, сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектілерінің республикалық бiрлестiктері;
      облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары;
      қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары.
      2. Осы баптың 1-тармағында тізбеленген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестерінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы болып табылады.
      3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда жиынтығында осы бірлестіктің мүшелері болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыскерлердің саны көп бірлестік аккредиттелуге жатады.
      4. Егер аккредиттелуге бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкті, бiр қызмет саласын бiлдiретiн екi және одан көп коммерциялық емес ұйым үмiткер болған жағдайда, онда жиынтығында осы коммерциялық емес ұйымның мүшелері болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыскерлердің саны көп коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
      5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеуден өткізу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша үш жыл мерзімге беріледі.
      Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда қатарынан екі реттен көп аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері аккредиттеу туралы куәлікті мерзімсіз негізде алады.
 

64-бап. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері



      1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) Орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар жанынан:
      кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындыларды алу;
      кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды тұжырымдау;
      кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Орталық мемлекеттiк, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестерге Ұлттық палатаның, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
      Сараптамалық кеңестердің отырыстары тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі.
      3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
      Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамдары мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
      4. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлейтiн мемлекеттiк орган, мемлекеттiк құпияларды құрайтын нормативтiк құқықтық актілерді қоспағанда, оны сараптамалық кеңестiң қарауына енгiзедi.
      5. Осы Кодекстің 66-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сараптамалық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шартты қарауды оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбей жүзеге асыруы мүмкін.
      6. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын жағдайда, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
      7. Сараптамалық кеңестер туралы үлгiлік ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      8. Сараптамалық кеңестердің жұмысын талдауды және оның мониторингiн кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi орган жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
      Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
      Үйлестiру кеңесiнiң құрамын кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi органның басшысы қалыптастырады.
 

65-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi

      1. Орталық мемлекеттік, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдар кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Ұлттық палатаға жiбередi.
      Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды беру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті өкілді және атқарушы органдар белгілейтін мерзім ол жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы абзацтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамалары бойынша сараптамалық қорытындылар бөлігінде құқықтық актілер туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
      Осы тармақтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамаларына қолданылады.
      2. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп-қисап нәтижелері қамтылуға тиіс.
      3. Осы бапта және осы Кодекстің 66 – 68-баптарында көзделген талаптар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
      4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейтін мемлекеттік органдар оларды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келіседі.
      5. Осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен осы Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      66-баптың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамалары бойынша сараптамалық қорытындылар бөлігінде құқықтық актілер туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
 

66-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар

      1. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделi мемлекеттiк органдармен келесі әрбiр келiсу кезінде мiндеттi қосымша болып табылады.


      Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
      2. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмдерде:
      1) республикалық деңгейде – жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктерi, республикалық салааралық, салалық бірлестіктер, сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектілерінің республикалық бiрлестiктері;
      2) облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары;
      3) қалалық, аудандық деңгейлерде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары береді.
      3. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
      Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келiспеу себептерiнің негiздемесі бар жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.
      4. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата заң жобасының тұжырымдамасы немесе нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңестің мүшесі сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
      Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңестің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
 

67-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау (тарату)

      Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары тиісті органда немесе сараптамалық кеңестің отырысында олар қаралғанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
 

68-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу тәртібі

      Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып белгіленуге тиіс.
      Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
 

69-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын халықаралық шарттар жасасудың ерекшеліктерi

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеу мен жасасу кезінде осы Кодекстің 65 – 68-баптарында көзделген тәртіп қолданылады.
 

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК

70-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұғымы

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мынадай белгілерге сәйкес келетін, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны болып табылады:


      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес қатынастарын құру;
      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді мерзімі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай үштен отыз жылға дейін);
      3) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға бірлесіп қатысуы;
      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру.
 

71-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері

      Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері болып табылады.
 

72-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері

      Жобалануы, салынуы, жасалуы, реконструкциялануы, жаңғыртылуы және пайдаланылуы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мүлік, мүліктік кешендер мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері болып табылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілеріне жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында ендірілуге жататын инновациялар да жатады.
 

73-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері мен қағидаттары

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимыл жасауы үшін жағдайлар жасау;
      2) халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымы мен жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекеттің экономикасына инвестициялар тарту;
      3) халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыру;
      4) Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары:
      1) дәйектілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы өзара қатынастарды кезең-кезеңмен орнату;
      2) конкурстық қағидаты – "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті конкурстық негізде айқындау;
      3) теңгерімділік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдерді және кірістерді мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында өзара тиімді бөлу;
      4) нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар мен көрсеткіштерді белгілеу болып табылады.
 

74-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану салалары және оны жүзеге асыру тәсілдері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық салаларында (аяларында) жүзеге асырылады. Бұл ретте, тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін берілмейді.
      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.
      3. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы іске асырады.
      4. Өзге жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілі бойынша жүзеге асырылады.
      Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы, оның ішінде мынадай түрлердегі:
      1) концессия;
      2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;
      3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға беру);
      4) лизинг;
      5) технологияны әзірлеуге, тәжірибелік үлгіні дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ және ұсақ сериялы өндіріс бойынша жасалатын шарттар;
      6) өмірлік цикл келісімшарттары;
      7) сервистік келісімшарттар;
      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.
 

6-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

75-бап. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігінің жалпы ережелері

      1. Кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экологиялық және өзге де салаларды дамытуға ерікті үлес қосуы кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады.


      2. Мемлекет Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі үшін жағдайлар жасайды.
      3. Кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік жауапкершілік бойынша қызметті жүзеге асыруға мәжбүрлеуге ешкім құқылы емес.
      Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне мемлекеттің заңсыз араласуына жол берілмейді.
      4. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметінде жұмыспен қамту және еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау салаларында және өзге де салаларда кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ендіре алады.
      Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін кәсіпкерлік субъектілері қайырымдылық арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де нысандарда жүзеге асыра алады.
 

76-бап. Кәсіпкерліктің жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі

      1. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтарын қорғау негізінде құрылады және әлеуметтік мәселелерді шешуде және еңбек жағдайларын регламенттеуде кәсіпкерлік субъектісі мен оның жұмыскерлері арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға бағытталуға тиіс.
      2. Жұмыс орындарын сақтау, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау нормаларын сақтау, сондай-ақ ішкі саясатты бекіту кәсіпкерліктің жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы негізгі бағыттары болып табылады.
      3. Кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қатынастар саясатын іске асыруға қатысады.
 

77-бап. Кәсіпкерліктің экология саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі

      1. Кәсіпкерлік субъектілері қоршаған ортаға ұқыпты және ұтымды қарым-қатынасты қамтамасыз етуге тиіс.
      2. Кәсіпкерліктің экология саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі мынадай міндеттерді:
      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалар мен іс-шараларды қаржыландыруды және көшелерді, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды абаттандыруды;
      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ішкі саясатты бекітуді;
      3) қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған өзге де мәселелерді шешуді ерікті түрде орындау арқылы іске асырылады.
 

78-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылықты жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік кепілдіктері

      1. Қайырымдылыққа қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мемлекет кепілдік береді және қолдау көрсетеді.
      2. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылығын осындай қызметті жүзеге асыратын, қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлік субъектілері үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен құрметті атақтар беру арқылы ынталандырады.
      3. Қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық жеңілдіктеріне құқығы бар.
      4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылықты жүзеге асыру бойынша құқықтарының іске асырылуына және жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық көмек алуына кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың лаузымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
 

79-бап. Мемлекет және қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы

      1. Мемлекет қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ олардың бірлестіктерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
      2. Қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ олардың бірлестіктері мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтаса алады және өзара іс-қимыл жасап, олармен келісімдер жасаса алады, сондай-ақ шарттар негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген белгілі бір жұмыстарды орындай алады.
      3. Осы Кодекстің нормалары филантропиялық қызметтің мақсаттары үшін пайдаланылмайтын байланысты және байланысты емес гранттарды тарту, бағалау, мониторингтеу және пайдалану тетігіне қолданылмайды.
 

7-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

80-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен шектері

      1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін, олардың заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған орта үшін қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.


      2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды белгілеуі арқылы, оның ішінде:
      1) Қазақстан Республикасының заңдары;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары;
      4) Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері;
      6) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері деңгейінде реттегіш құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
      Реттегіш құралдарды енгізу осы Кодекстің 82-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
      Реттегіш құралдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ықпал ету тәсілдерін, оның ішінде:
      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалатын рұқсаттарды және хабарламаларды;
      осы Кодекстің 13-тарауына сәйкес мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларын;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ақпараттық құралдарды;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы абзац өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеу ұйымдарына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді білдіреді.
      Ақпараттық құралдар деп кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік органдарға немесе өзге де тұлғаларға ақпарат ұсыну тетіктері түсініледі.
      3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін ақпараттық құралдар деп:
      1) осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғаларға ақпаратты, оның ішінде таңбалау, декларациялау, міндетті нұсқаулықтар, қызмет көрсету қағидалары бөлігіндегі ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, үшінші тұлғаларға ұсыну үшін міндетті, кәсіпкерлік субъектілері туралы тұтынушыларға ұсыну үшін міндетті өзге ақпаратты ұсыну талаптарын белгілеу;
      2) салықтық, статистикалық және өзге есептілікті қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндетті есептілікті мемлекеттік органдарға тұрақты негізде ұсыну;
      3) кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдарға ақпаратты, оның ішінде мәліметтер, үзінді көшірмелер, декларациялар, хабарламалар нысандары арқылы ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыруды бастауға, жүзеге асыруға немесе тоқтатуға байланысты мемлекеттік органдарға берілетін, кәсіпкерлік субъектілері толтыратын өзге де ақпаратты ұсыну танылады.
 

81-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу нысандары мен құралдары

      Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ өнімдеріне, процестеріне қойылатын талаптарды белгілеу;
      2) кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;
      3) кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу;
      4) техникалық реттеу;
      5) бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
      7) мемлекеттік бақылау және қадағалау;
      8) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
      9) мемлекеттік тапсырыс;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандары мен құралдары арқылы жүзеге асырылады.
 

82-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдар енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi



      1. Егер реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құрал енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған жағдайда, реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
      Реттегіш құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптар, міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзге де ұлғайту реттеуді қатаңдату болып табылады.
      Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
      2. Реттегіш құралдар мынадай түрде енгізіледі немесе жүзеге асырылады:
      1) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбесіне тиісті рұқсатты немесе хабарламаны енгізу арқылы ғана енгізіледі;
      2) мемлекеттік бақылау және қадағалау кәсіпкерлік субъектілері қызметінің осы Кодекстің 138 және 139-баптарында көзделген салаларында ғана жүзеге асырылады;
      3) ақпараттық құралдар Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен, Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарымен, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерімен ғана енгізіледі;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақша өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
      4) өзін-өзі реттеу ұйымына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес енгізіледі.
      3. Реттеушілік әсерді талдауға:
      1) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобалары;
      2) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамалары;
      3) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары;
      4) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 1-1), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, ақпараттық құралдарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
      6) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Кеден одағы техникалық регламенттерінің жобалары;
      7) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін, жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің жобалары жатады.
      4. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да міндеттер мен функцияларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі консультативтік-кеңесші орган – Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құрады.
      Жаңа реттегіш құралды енгізу Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
 

83-бап. Реттеушілік әсерді талдау

      1. Кейіннен мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін реттегіш құралдың және онымен байланысты талаптардың пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі реттеушілік әсерді талдау болып табылады.
      Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе анық айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы нақты реттегіш құралдарды пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
      2. Реттеушілік әсерді талдау реттегіш құрал енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін жүргізіледі.
      3. Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері бойынша реттегіш құралды қолдану тиімділігіне қарай реттегіш құралдың күші жойылуы немесе өзгеше түрде қайта қаралуы мүмкін.
      Реттегіш құралды енгізу кезінде мәлімделген, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның күші жойылуға жатады.
      4. Реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағында көзделген, өздері әзірлейтін құжаттардың жобаларына қатысты, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган, Ұлттық палата және басқа да мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
      5. Реттеушілік әсерді талдау жаңа реттегіш құралды енгізудің міндетті шарты болып табылады.
      6. Қолданыстағы реттегіш құралдарға қатысты реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар қолданыстағы құжаттарды қайта қарау тәртібімен жүргізеді.
      7. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
      1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
      2) реттеуші мемлекеттік органдар жүргізген реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
      8. Реттеуші мемлекеттік орган жүргізген реттеушілік әсерді талдаудың, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және (немесе) өзге де мүдделі тұлғалар жүргізген реттеушілік әсерді баламалы талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.
 

84-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне мыналар жатады:
      1) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;
      2) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын бекіту;
      3) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту.
      Техникалық реттеу саласында:
      1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
      2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн қалыптастыру;
      3) техникалық реттеу саласындағы құқықтық реформаны қамтамасыз ету;
      4) ішкі айналысқа арналған тауардың шығарылуы туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген органды (ұйымды) айқындау.
      Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу саласында:
      1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) аккредиттеу жөніндегі органды таңдау бойынша конкурс өткізу қағидаларын және аккредиттеу жөніндегі органға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;
      3) аккредиттеу жөніндегі органды осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген қағидаларға сәйкес айқындау.
      Бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
 

85-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және оның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi

      1. Жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
      2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
      1) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етедi;
      2) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін үйлестіруді жүзеге асырады;
      3) міндетті ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      4) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;
      5) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді;
      6) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын әзірлейді;
      7) реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      8) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын әзірлейді;
      9) ретеуші мемлекеттік органдарға реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді және олардың қызметін үйлестіреді;
      10) реттеуші мемлекеттік органдардың реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептерін қарайды;
      11) мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды реттеушілік әсерді талдауды ендіру мен жүзеге асыру мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастырады;
      12) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;
      13) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есептің жобасын әзірлейді;
      14) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады.
      3. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
 

86-бап. Реттеуші мемлекеттік органдар және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

      1. Мыналар:
      1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
      2) реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар реттеуші мемлекеттік органдар болып табылады.
      2. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
      1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын тиісті салада (аяда) мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін бекіту;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру;
      4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;
      5) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
      3. Реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
      1) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы есептерді ұсыну;
      2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
 

87-бап. Бақылау және қадағалау органдары және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

      1. Тексерілетін субъектілер қызметінің осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бақылау және қадағалау органдары болып табылады.
      2. Бақылау және қадағалау органдарының құзыретіне:
      1) тиісті салада мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
      4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізу;
      5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.

88-бап. Монополияға қарсы органның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

      Ескерту. 88-бап алып тасталды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

89-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласында:
      1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
      2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге да заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

90-бап. Жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
      1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуын мемлекеттік бақылауды;
      2) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат беру рәсімдерін, хабарламалар қабылдауды;
      3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-1-тарау. Монополияға қарсы орган және оның өкілеттіктері

      Ескерту. Кодекс 7-1-тараумен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

90-1-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі

      1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық атқарушы орган, оның ведомствосы және оған бағынысты аумақтық бөлімшелер құрайды.
      2. Аумақтық бөлімшелер өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.

90-2-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері

      Монополияға қарсы органның міндеттері:
      1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
      2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу;
      3) экономикалық шоғырлануды мемлекеттік бақылау;
      4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.

90-3-бап. Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылық

      Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылықты ведомствоның бірінші басшысы жүзеге асырады.

90-4-бап. Монополияға қарсы органның басқа мемлекеттердiң


Каталог: documents -> zandar
zandar -> "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы"
zandar -> Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы
zandar -> Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы
zandar -> "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы"


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет