Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР



жүктеу 3.47 Mb.
бет4/14
Дата14.01.2018
өлшемі3.47 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

9-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР

106-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу

      Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу болып табылады.
 

107-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері

      1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
      1) бірінші санаттағы рұқсаттар – қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
      2) екінші санаттағы рұқсаттар – лицензиялар болып табылмайтын, қауіптіліктің орташа деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
      3) хабарламалар қауіптіліктің төмен деңгейіне байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызметтің немесе осындай әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
      2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын тәртіппен жүргізілетін реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
 

108-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібі

      1. Кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсаты болуға немесе "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
      Лицензиясы бар кәсіпкерлік субъектісі лицензиат деп танылады.
      Екінші санаттағы жарамды рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектісі екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылады.
      2. Кәсіпкерлік субъектілерінің "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектілері рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны кәсіпкерлік субъектісі жіберуге тиіс.
      3. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
      4. Рұқсаттардың және хабарламалардың түпкілікті тізбесі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.
      5. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, жаңарту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
 

109-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі

      1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
      2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
      3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісінде рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
      4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
      Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
      Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.
      5. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
      6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар және хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және кәсіпкерлік субъектісінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай немесе хабарлама жібермей жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
 

110-бап. Өтініш берушілер. Өтініш берушілердің құқықтары

      1. Лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген мынадай кәсіпкерлік субъектілері өтініш берушілер бола алады:
      дара кәсіпкер;
      заңды тұлға;
      заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
      лицензиат;
      екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.
      2. Өтініш берушілердің:
      1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 6-тармағынан қараңыз.
      2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
      3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, оралмандар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
 

111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері

      1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.
      2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.
      3. Рұқсат беру органдары:
      1) осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
      2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
      3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 7-тармағынан қараңыз.
      4) мемлекеттік органдарға және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
      5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
      6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
      7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.
 

112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру

      1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
      Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
      2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
      3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
      Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
 

10-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ

113-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу

      Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге, сәйкестікті растауға, аккредиттеуге, бақылауға қойылатын міндетті талаптарды айқындау, белгілеу, қолдану және орындау болып табылады.


 

114-бап. Техникалық реттеу объектілері

      Өнім, көрсетілетін қызмет, процестер техникалық реттеу объектілері болып табылады.
 

115-бап. Техникалық реттеу субъектілері

      Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын және техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.

11-тарау. БАҒАЛАР МЕН ТАРИФТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

116-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу

      1. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды.


      2. Мемлекет Қазақстан Республикасында ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында бағалар мен тарифтерді реттеуді белгілейді.
      3. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің мынадай тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне:
      1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына;
      2) табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
      3) мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
      4) мемлекеттік бағалық реттеу енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге);
      5) трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын, халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
      6) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге;
      7) тағамдық және тағамдық емес шикізаттан жасалған этил спиртіне және алкоголь өніміне (сырадан басқа) ең төмен бағаларды белгілеуге;
      8) фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеуге;
      9) туындаған проблемаларды бәсекелестік жай-күйі үшін теріс салдары аз тәсілмен шешу мүмкін болмаған жағдайда, табиғи монополия жағдайындағы емес тауар нарықтарында белгілі бір жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде;
      10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуге;
      11) мемлекеттің артықшылық құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын бекітуге;
      12) энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерін бекітуге;
      13) субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге;
      14) қоғамдық маңызы бар нарықтарда бағалар мен тарифтерді реттейді.
      Ескерту. 116-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 499-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

117-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітеді.
      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етiлетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      Бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етiлген шектерде ұстау және елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн, бөлшек сауда бағаларының рұқсат етiлген деңгейi сауда қызметiнiң субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi болып табылады.
      Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган белгiлейтiн бөлшек сауда бағаларының деңгейi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары деп танылады.
      2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын беруге шарттар жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Осы талапты бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз болады.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган күнтiзбелiк тоқсан күннен аспайтын мерзiмге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында оларға рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағаларының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
 

118-бап. Табиғи монополия саласында тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақтың қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 8-тармағынан қараңыз.
      1. Табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақтың қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 8-тармағынан қараңыз.
      2. Табиғи монополия субъектісінің реттелетін тауарларына, жұмыстарына, көрсетiлетiн қызметтеріне табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тарифтер (бағалар, алымдар мөшерлемелері) немесе олардың шектi деңгейлерi өндірілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен сенімділігі ескеріле отырып, реттелетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшiн қажеттi шығындар құнынан төмен болмауға және табиғи монополия субъектiсiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн пайда алу мүмкiндiгiн ескеруге тиiс.
      3. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі табиғи монополия болып табылады.
      Табиғи монополия жағдайында тауарлар өндірумен, жұмыстар орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға табиғи монополия субъектісі болып табылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      119-баптың қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 9-тармағынан қараңыз.

119-бап. Мемлекеттік баға реттеу

      Уақытша шара ретінде Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік баға реттеу енгізілуі мүмкін.


      Осы бапта көзделген мемлекеттік баға реттеуді қолданудың жалпы мерзімі бір жыл ішінде күнтізбелік бір жүз сексен күннен аспайды.
 

120-бап. Мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу

      1. Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидаларын монополияға қарсы орган бекiтедi.
      2. Осы Кодексте көзделген тәртiппен енгiзiлетiн, бәсекелестiк нарықта мемлекеттiң қандай да бiр тауарды өндiруге, өткiзуге немесе сатып алуға арналған айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.
      Айрықша құқықты iске асыру мемлекеттiк монополия субъектiсiн құру арқылы жүзеге асырылады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi не Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары құрған мемлекеттiк кәсiпорын ғана мемлекеттiк монополия субъектiсi бола алады.
      Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

120-1-бап. Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу 

      Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-тарау 120-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

121-бап. Халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу

      1. Қазақстан Республикасында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсiз тараптар арасында мәмiлелер жасасу кезiнде бағалар ауқымы ескерiле отырып, объективтi түрде қалыптасатын нарықтық бағадан ерекшеленетін және "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бақылауға жататын баға трансферттiк баға (трансферттiк баға белгiлеу) болып табылады.
      3. Тауарларды сатып алу-сату жөнiндегi экспорттық және (немесе) импорттық мәмiлелер; тараптарының бiрi Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес болып табылатын, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiндегi мәмiлелер; Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерде тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiнде жасаған мәмiлелерi халықаралық iскерлiк операциялар болып табылады.

122-бап. Бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге баға белгілеу

      1. Мемлекет Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды реттейді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақтың қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 10-тармағынан қараңыз.
      2. Мұнай өнiмдерiн өндiру саласындағы уәкiлеттi орган табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекiткен тәртiппен бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге шектi бағаларды белгiлейдi.
      3. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзушiлер мұнай өнiмдерiн өткiзу кезiнде бағаларды мемлекеттiк реттеу белгiленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге белгiленген шектi бағалардан асырмауға мiндеттi.
      4. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды мемлекеттiк реттеу жағдайларында шектi бағалар айына бiр реттен артық белгiленбейдi.

123-бап. Арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдеріне ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгiлеу

      Мемлекет Қазақстан Республикасының этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдеріне ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгiлейдi.

124-бап. Фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу

      Мемлекет Қазақстан Республикасының темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес фильтрлі сигареттерге ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілейді.

124-1-бап. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту

      Мемлекет Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес тауарлық және сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітеді.
      Ескерту. 11-тарау 124-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

124-2-бап. Мемлекеттің артықшылық құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын бекіту

      Мемлекет Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттің артықшылық құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын бекітеді.
      Ескерту. 11-тарау 124-2-баппен толықтырылды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

124-3-бап. Энергия өндіруші ұйымдардың тариф белгілеуі

      Энергия өндіруші ұйымдардың тариф белгілеуі Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-тарау 124-3-баппен толықтырылды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

124-4-бап. Субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу

      Мемлекет Қазақстан Республикасының пошта, байланыс, автомобиль көлігі және теміржол көлігі туралы заңнамасына сәйкес пошта, байланыс және тасымалдау саласындағы субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттейді.
      Ескерту. 11-тарау 124-4-баппен толықтырылды - ҚР 09.04.2016 № 499-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-1-тарау. Қоғамдық маңызы бар нарықтар

      Ескерту. Кодекс 11-1-тараумен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

124-5-бап. Қоғамдық маңызы бар нарықтар

      1. Бағаларды мемлекеттік реттеу мынадай:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен.
      1) электр энергиясын энергиямен жабдықтау ұйымдарының бөлшек саудада өткізуі;
      2) электр энергиясының орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру мен жүргізу, сауда жүйесінің орталықтандырылған сауда-саттықтар жүргізуге, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу мен сатуға дайындығын қамтамасыз ету;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен.
      3) тауарлық газды бөлшек саудада өткізу, топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен.
      4) ішкі рейстерде әуежайлардың қызметтерін көрсету: жолаушыларды отырғызу-түсіру (телескоптық трап арқылы), тасымалдау процесін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын әуежайдың үй-жайларын жалға беру, жүктерді өңдеу, жолаушыларды тіркеу үшін жұмыс орнын (алаңдар) ұсыну, әуе кемелерін авициялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 30.11.2016 № 26-VI Заңымен.
      5) мыналарды:
      теміржол жүк вагондарын жалға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді және вагондар (контейнерлер) операторының көрсетілетін қызметтерін;
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік қатынаста жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау және локомотивтік тартқыш жөніндегі қызметтерді көрсету салаларында қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген салаларда бағаларды мемлекеттік реттеу 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін бағаларды мемлекеттік реттеу және баға белгілеуді мемлекеттік бақылау жүзеге асырылған нарық субъектілеріне қолданылады.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген салаларда бағаларды мемлекеттік реттеу жиынтығында мынадай талаптарға сай келетін:
      1) бұрын бағаларды мемлекеттік реттеу және баға белгілеуді мемлекеттік бақылау 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылған реттелетін нарық субъектілері көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұтынушыларға 2017 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметтер көрсететін;
      2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған тұтынушыларға көрсетілген қызметтер көлемі бағаларды мемлекеттік реттеу және баға белгілеуді мемлекеттік бақылау 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылған нарық субъектісінің көрсетілетін қызметтері көлемінің отыз бес және одан да көп пайызын құрайтын нарық субъектілеріне де қолданылады.

124-6-бап. Табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның қоғамдық маңызы бар нарықтар саласындағы құзыреті

      Табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) қоғамдық маңызы бар нарықтарда мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      2) бағаларды мемлекеттік реттеуді және қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінің баға белгілеу тәртібін және міндеттерді сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      3) қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
      4) қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің бағаларына мониторингті жүзеге асырады;
      5) қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілері өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) шекті бағаларды келіседі;
      6) қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің алдағы уақытта тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалардың өсетіні туралы хабарламаларын қарау кезінде жария тыңдаулар өткізеді;
      7) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісіне осы Кодексте көзделген міндеттемелерді олардың орындауы туралы орындалуға міндетті нұсқамаларды енгізеді;
      8) қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі нұсқамаларды орындамаған жағдайда, қоғамдық маңызы бар нарық субъектісін нұсқамада көрсетілген әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу туралы сотқа талап қояды;
      9) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғайды және қарайды, сондай-ақ әкімшілік жазалар қолданады;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінен өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;
      11) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

124-7-бап. Бағаларды мемлекеттік реттеу және қоғамдық маңызы


Каталог: documents -> zandar
zandar -> "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы"
zandar -> Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы
zandar -> Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы
zandar -> "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы"


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет