Қазақстан республикасының Ұлттық банкі №24 баспасөзрелизі



жүктеу 116.47 Kb.
Дата10.01.2019
өлшемі116.47 Kb.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ҰЛТТЫҚ БАНКІ

24 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І



2011 жылғы 12 тамыз
Қаржы нарығындағы ахуал туралы

  1. Инфляция

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша 2011 жылғы шілдеде инфляция 0,5% (2010 жылғы шілдеде – 0,2%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% (0,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,6% (0,3%) және ақылы қызмет көрсету – 0,7%-ға (0,2%) өсті.

Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда жарма 2,4%, оның ішінде бидай 4,4%, қарақұмық жармасы 2,6%-ға айтарлықтай қымбаттады. Ет және ет өнімдерінің бағасы 1,6%, кондитерлік бұйымдардың бағасы 0,8%-ға көтерілді. Жұмыртқа 5%, жеміс пен көкөніс 2,3%, сүт өнімдері 0,3%-ға арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында бензиннің бағасы 2,6% өсті, дизель отыны 4,2% қымбаттады.

Ақылы қызмет көрсету құрылымында тұрғын үй-коммуналдық саланың қызмет көрсетуі үшін ақы 0,8% өсті. Оның ішінде сұйытылған газдың бағасы 4,5%, тасымалданатын газдың бағасы 1,6%, электр энергиясының бағасы 0,8% көтерілді. Көлік қызметі үшін ақы 3,2%, оның ішінде теміржол көлігінің қызметі 2,7%, автомобиль көлігінің қызметі 3,7% өсті. Мектепке дейінгі білім беру қызметі 1,2% қымбаттады.

2011 жылғы қаңтар – шілдеде инфляция 5,6% құрады (2010 жылғы қаңтар – шілдеде – 4,6%).

2011 жылғы 7 айда инфляция қарқынының жедел өсуіне азық-түлік тауарларының қымбаттауы себепші болды, олардың бағасы осы кезеңде 8,2% өсті (2010 жылғы қаңтар – шілдеде – 5,6%). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,1% (3,0%) және ақылы қызмет көрсету 4,9% (4,8%) қымбаттады (1-график).

1-график

2010 және 2011 жж. қаңтар-шілдедегі инфляция

және оның құрамдас бөліктері


2011 жылғы шілдеде инфляция жылдық көрсетумен 8,8% (2010 жылғы желтоқсанда – 7,8%) болды. Азық-түлік тауарлары 12,8% (10,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,6% (5,5%), ақылы қызмет көрсету 6,9% (6,8%) қымбаттады.


  1. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы төлем балансы (алдын ала нәтижелер)

Төлем балансын алдын ала бағалау бойынша ағымдағы операциялар шотының профициті 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 53,4% ұлғая отырып, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 7,2 млрд. АҚШ долл. құрады.

Ағымдағы операциялар балансының айтарлықтай жақсаруы тауар экспорты құнының энергия тасымалдауыштардың әлемдік бағаларының қолайлы конъюнктурасына байланысты өсуімен қамтамасыз етілді. Орташа алғанда 2011 жылғы 1-жартыжылдықта Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 111,0 АҚШ долл. құрады, бұл оның 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы орташа деңгейден (бір баррель үшін 77,67 АҚШ долл.) 42,9% жоғары. Бұл ретте 2011 жылғы 2-тоқсанда мұнайдың әлемдік орташа бағасы 117,1 млрд. АҚШ долл. жетті, бұл оның 2011 жылғы 1-тоқсандағы деңгейнен 11,50%-ға жоғары. Нәтижесінде тауарлар экспорты 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 37,0% ұлғая отырып, 41,0 млрд. АҚШ долл. құрады. Бұл ретте тауарлардың ресми экспорты 40,5 млрд. АҚШ долл. құрады.

Тауарлар импорты да 18,3 млрд. долл. жете отырып, айтарлықтай өсті (36,0%) (2010 жылғы 1-жартыжылдықта 13,4 млрд. АҚШ долл.), оның ішінде ресми импорт 16,2 млрд. АҚШ долл. құрады (2010 жылғы 1-жартыжылдықта 13,0 млрд. АҚШ долл.).

Тұтастай алғанда сауда балансы есепті кезең үшін Ұлттық Банктің бағалауы бойынша 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 37,9% ұлғайып (2010 жылғы 1-жартыжылдықта 16,5 млрд. АҚШ долл.), 22,8 млрд. АҚШ долл. құраған оң сальдомен қалыптасты.

Қызмет көрсету балансының дефициті 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы көрсеткішпен салыстырғанда 11,1% төмендеп, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 2,5 млрд. АҚШ долл. болды. Қызмет көрсетудің теріс дисбалансының қысқаруы қызмет көрсету импортының 4,4 млрд. АҚШ долл. азаюымен қамтамасыз етілді, бұл көбінеҚашаған кен орнындағы мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысы бойынша құрастыру жұмыстарының аяқталуымен байланысты болды.

Тауарлар экспортынан түсімдердің ұлғаюы салдарынан экономиканың тиісті салаларында шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің өсуі жалғасуда. Шетелдік тікелей инвесторларға төлемдер алдын ала 11,9 млрд. АҚШ долл. деп бағаланды, бұл 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы осындай көрсеткіштен 54,2% жоғары (7,8 млрд. АҚШ долл.). Тікелей инвестициялау қатынастарымен байланысты емес кредиторларға сыйақы төлеу де 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 1,5 млрд. АҚШ долл. асып, 25,6% ұлғайды. Нәтижесінде, алдын ала бағалау бойынша инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы 8,2 млрд. долл. салыстырғанда 12,5 млрд. АҚШ долл. болды.

2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы қаржылық шот бойынша нетто-әкету 1,8 млрд. АҚШ долл. болып қалыптасты, оған 2011 жылғы 2-тоқсандағы операциялар себепші болды. Шетелге тікелей инвестициялар бойынша 3,0 млрд. АҚШ долл. болатын нетто-әкету Қазақстан кәсіпорындарының өздерінің шетелдегі аффилиирленген компанияларына берген акционерлік капитал мен несиелердің өсуімен қамтамасыз етілді. Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) таза түсуі 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы 5,8 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда 7,6 млрд. АҚШ долл. деп бағаланады. Елге ШТИ нетто-ағынының ұлғаюы көбіне шетелдік қатысу бар банктердің акционерлік капиталын толықтыру мен, сондай-ақ банктік емес сектор кәсіпорындарының капиталына қатысу үлесін резидент еместердің сатып алуы бойынша мәмілелер есебінен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс есепті кезеңде 4,6 млрд. АҚШ долл. болды.

Портфельдік инвестициялар балансы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының шетелдік активтерінің 6,4 млрд. АҚШ долл. астам өсуімен, сондай-ақ Ұлттық Банктің резидент еместердің қолдарындағы қысқа мерзімді ноттарының 1,6 млрд. АҚШ долл. ұлғаюымен сипатталады. Бұған қоса, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта еурооблигациялардың жаңа шығарылымдары нәтижесінде банк секторы міндеттемелерінің, сондай-ақ банктердің АМК шығарған еурооблигациялары бойынша эмитентті ауыстыру операцияларының өсуі байқалды. Нәтижесінде, қазақстандық банктердің портфельдік инвестициялар (бұрын шығарылған еурооблигациялар бойынша өтеуді және банктердің қайталама нарықтағы операцияларын ескере отырып) бойынша міндеттемелерінің өсімі 0,5 млрд. АҚШ долл. асып кетті. Тұтастай алғанда, портфельдік инвестициялар бойынша нетто-әкету 4,2 млрд. АҚШ долл. құрады.




  1. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2011 жылғы шілдеде Ұлттық Банктің халықаралық резервтері ұлғайды. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 6,8%-ға 37,0 млрд. АҚШ долл. дейін ұлғайды (жыл басынан 30,8%-ға өсті). Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 6,9% -ға өсіп, 36,4 млрд. АҚШ долл. құрады (жыл басынан 31,4%-ға өсті). Ішкі валюта нарығында валютаны сату, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету, Ұлттық қордың активтерін алтын-валюталық резервтер шоттарынан толықтыру Ұлттық Банктегі Үкіметтің корреспонденттік шоттарына валютаның түсуімен және банктердің Ұлттық Банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюымен бейтараптандырылды. Нәтижесінде таза валюталық активтер (ЕАВ) 2011 жылғы шілдеде 7,5%-ға өсті. Алтындағы активтер әлемдік нарықтардағы бағасының өсуі кезінде жүргізілген операциялар есебінен 2,3%-ға өсті.

2011 жылғы шілдеде еліміздің халықаралық резервтері тұтастай, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда, (алдын ала деректер бойынша 38,7 млрд. АҚШ долл.) 3,5%-ға өсіп, 75,7 млрд. АҚШ долл. болды (жыл басынан өсуі - 27,8%).

Ақша базасы 2011 жылғы шілдеде 10,6%-ға кеңейіп, 3195,6 млрд. теңге болды (жыл басынан бастап кеңею - 24,2%). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегенде, ақша базасы 5,9%-ға 2496,4 млрд. теңгеге дейін кеңейді.

2011 жылғы маусымда ақша массасы 4,4%-ға 9360,2 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 10,3%-ға өсті). Айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 4,3%-ға өсіп, 1191,7 млрд. теңге болды (жыл басынан бастап өсуі – 3,8%). 2011 жылғы маусымда банк жүйесіндегі депозиттер 4,4%-ға 8168,5 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан бастап өсуі 11,4% болды). Ақша массасы құрылымындағы депозиттердің үлесі депозиттердің және айдың қорытындысы бойынша тіркелген айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің бірдей өсуі нәтижесінде бұрынғы 87,3% деңгейінде қалды.

Ақша мультипликаторы 2011 жылғы мамырдағы 3,15-тен 2011 жылғы маусымның қорытындысы бойынша 3,24-ке дейін өсті, бұған ақша базасының кеңею қарқынымен салыстырғанда ақша массасының өсу қарқынының неғұрлым жоғары болғаны себеп болды.


  1. Валюта нарығы

2011 жылғы сәуірде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты күйінде қалды. Бір айдың ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 доллар үшін 145,40–146,47 теңге ауқымында өзгерді. 2011 жылғы шілдеде теңге 0,2% әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы 1 доллар үшін146,14 теңге болды.

Шілдеде Қазақстан Қор Биржасындағы биржалық операциялар көлемі қосымша сауда-саттықтағы мәмілелерді есептегенде маусыммен салыстырғанда 16,8% азайып, 4,7 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 10%-ға артты және 4,2 млрд. АҚШ долл. құрады.

Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 6,0% төмендеді және 8,9 млрд. АҚШ долл. болды. 2011 жылғы шілдеде Ұлттық Банк көбіне ішкі валюта нарығында негізі шетел валютасының нетто-сатушысы ретінде болды.


  1. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2011 жылғы шілдеде Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 4 аукцион болды. Оларға 12 айлық МЕККАМ (12,8 млрд. теңге), 5 жылдық МЕОКАМ (11 млрд. теңге), 12 жылдық МЕУКАМ (19,1 млрд. теңге), 8 жылдық МЕУЖКАМ (15 млрд. теңге) орналастырылды.
Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік инфляция деңгейінен 12 айлық МЕККАМ бойынша – 1,60%, 5 жылдық МЕОКАМ бойынша – 3,84% және 12 жылдық МЕУКАМ бойынша – 4,97%, 8 жылдық МЕУЖКАМ бойынша - 0,01% жоғары болды.

Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2011 жылғы шілденің аяғында алдыңғы аймен салыстырғанда 1,53% өсіп, 1843,9 млрд. теңге болды.


Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Ұлттық Банк ноттары эмиссиясының көлемі 2011 жылғы маусыммен салыстырғанда 2011 жылғы шілдеде 59,6% қысқарды және 183,6 млрд. теңге болды.

Қысқа мерзімді ноттардың кірістілігі 2011 жылғы маусымдағы 1,10%-дан 2011 жылғы шілдеде 1,05%-ға дейін төмендеді.

Айналыстағы ноттардың көлемі 2011 жылғы шілдеде 2011 жылғы маусыммен салыстырғанда 12,0% төмендеді және 1170,3 млрд. теңге болды.


  1. Банкаралық ақша нарығы

2011 жылғы маусымда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда 37,0% өсіп, баламасы 4021,4 млрд. теңге болды.

Теңгедегі орналастырылған банкаралық депозиттердің көлемі 52,0% ұлғайды және 1985,2 млрд. теңге болды (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 49,4%). Бұл ретте орналастырылған банкаралық теңгедегі депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы маусымда 0,65%-дан 0,62%-ға дейін төмендеді.

Ұлттық Банктің банктерден тартқан депозиттерінің көлемі 2011 жылғы маусымда 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда 15,6%-ға 1627,8 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

2011 жылғы маусымда мамырмен салыстырғанда доллардағы орналастырылған депозиттердің көлемі 23,3% ұлғайды және 12,1 млрд. АҚШ долл. болды (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 43,9%). Доллардағы орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы маусымда өзгеріссіз 0,11% қалды.

2011 жылғы маусымда еуромен орналастырылған депозиттердің көлемі 41,7% ұлғайып, 0,8 млрд. еуро болды (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 4,3%). Еуромен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 0,96%-дан 1,13%-ға дейін өсті.

Рубльдегі депозиттерге орналастыру көлемі аз ғана мөлшерде қалып отыр – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің – 2,5%-ы.

Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2011 жылғы маусымда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 55,5%-нан 50,6%-на дейін азайды. Резидент емес банктерде орналастырылған шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 55,0%-дан 50,5%-ға дейін азайды.



  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2011 жылғы маусымда 8168,5 млрд. теңгеге дейін, 4,4%-ға өсті. Заңды тұлғалардың депозиттері 5728,6 млрд. теңгеге дейін 4,3% өсті, жеке тұлғалардың салымдары 2440,0 млрд. теңгеге дейін 4,6% өсті.

2011 жылғы маусымда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2520,3 млрд. теңгеге дейін 3,5% өсті, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 5648,2 млрд. теңгеге дейін 4,8% ұлғайды. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда 2011 жылғы маусымда аздап азайып, 69,1% болды.

Халықтың (резидент еместерді қоса алғанда) банктердегі салымдары 2011 жылғы маусымда 4,5%-ға өсіп, 2479,3 млрд. теңге болды. Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 1430,0 млрд. теңгеге дейін 3,6% өсті, шетел валютасындағы депозиттер 5,7%-ға өсіп, 1049,3 млрд. теңге болды. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 58,2%-дан 57,7%-ға дейін азайды.

2011 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 3,1% (2011 жылғы мамырда 3,0%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 7,6% (9,3%) болды.




  1. Кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 2011 жылғы маусымда 7932,7 млрд. теңгені құрап, 1,6%-ға өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 2,7%-ға 4860,1 млрд. теңгеге дейін өсті, шетел валютасындағы кредиттер көлемі 0,2%-ға 3072,5 млрд. теңгеге дейін төмендеді. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы маусымда 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда 60,6%-дан 61,3%-ға дейін өсті.

Ұзақ мерзімді кредиттеу 2011 жылғы маусымда 1,2%-ға 6599,4 млрд. теңгеге дейін, қысқа мерзімді кредиттеу – 3,4%-ға 1333,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы маусымда 2011 жылғы мамырмен салыстырғанда аз ғана төмендеп, 83,2% болды.

Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 2011 жылғы маусымда 5720,4 млрд. теңгені құрап, 1,1%-ға өсті, жеке тұлғаларға берілетін кредиттер 2,6%-ға 2212,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы мамырдағы 27,6%-дан 2011 жылғы маусымда 27,9%-ға дейін өсті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2011 жылғы маусымда 2,2%-ға 1330,1 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, бұл экономика берілген кредиттердің жалпы көлемінің 16,8% құрайды.

Салаларға бөлгенде банктердің экономикаға берген кредиттерінің анағұрлым көп сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,9%), өнеркәсіп (11,4%), құрылыс (18,6%) және ауыл шаруашылығы (3,63%) сияқты салаларға тиеслі.

2011 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғаларға шетел валютасында берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 11,9% (2011 жылғы мамырда – 12,5%), жеке тұлғалардікі –19,4% (21,3%) құрады.


  1. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының 2011 жылғы 2-тоқсандағы мониторингінің нәтижелері туралы

2001 жылғы шілдеде экономиканың нақты секторындағы 2011 жылғы 2-тоқсандағы жағдайды бағалау мақсатында кәсіпорындардың кезекті мониторингі жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын құрайтын мониторингке қатысушы кәсіпорындар саны 2011 жылғы 1-тоқсандағы пікіртеріммен салыстырғанда 2223-тен 2259-ға дейін, оның ішінде орта және ірілері 1337-ден 1367-ге дейін ұлғайды.

2011 жылғы 2-тоқсанда теңгенің АҚШ долларына, еуроға және Ресей рубліне қатынасы бойынша бағамының өзгеруі (1-тоқсандағы 10,4%, 4,6% және 5,3%-дан 2011 жылғы 2-тоқсанда тиісінше 7,5%, 4,1% және 4,9%-ға дейін) шаруашылық қызметіне оң ықпал еткен кәсіпорындар үлесі азайды. Кәсіпорындардың көпшілігіне, бұрынғысынша, теңгенің қаралып отырған валюталарға (тиісінше 63,2%, 64% және 61,6%) бағамы ықпал еткен жоқ.

Кәсіпорындар теңгемен алған кредиттер бойынша орташа пайыздық ставкалар 13,4% (2011 жылғы 1-тоқсанда – 13,8%) құрап, аз ғана төмендеді, шетел валютасындағы кредиттер бойынша – аздап өсті (11,2%-дан 11,4%-ға дейін).

Шетел валютасында кредит берудің орташа мерзімдері кәсіпорындар алуға ниет еткен мерзімге (36,7 ай) айтарлықтай жақындай отырып, ұлғайды (34,2 ай).


Кәсіпорындардың кредиттік белсенділігі іс жүзінде өзгерген жоқ. 2011 жылғы 2-тоқсанда кредит алған кәсіпорындардың үлесі 19,8%-ды құрады, бұл дағдарысқа дейінгі деңгейден әлдеқайда төмен (2007 жылы 32,8%, 2008 жылы 26,5%). Бұл банктердің клиенттерді таңдау кезіндегі сақтық саясатына байланысты туындап отыр: кредит алу үшін банкке өтініш білдірген кәсіпорындардың 4,5%-ы кредит алған жоқ. Оған қоса, кәсіпорындардың қаржылық жағдайының жақсаруы олардың көпшілігіне айналым қаражаты мен инвестицияларды қаржыландыруы кезінде меншікті қаражатымен шектелуіне мүмкіндік береді. 2011 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындардың 75,7%-ы кредит алу үшін банктерге өтініш білдірген жоқ.

Нақты сектордағы инвестициялық белсенділік жақсы деңгейде сақталып отыр: кәсіпорындардың 39,2%-ы ғана инвестицияларды жүзеге асырған жоқ. Бұл ретте негізгі құрал-жабдықты қаржыландыру үшін банк кредитін пайдаланған кәсіпорындардың үлесі 2011 жылғы 1-тоқсандағы 4,2%-дан 2011 жылғы 2-тоқсанда 5,1%-ға дейін артты.

2011 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныс айтарлықтай өсті. Сұраныс экономиканың барлық салаларында өсті, сұраныстың кейбір өсуі өңдеуші және шығарушы өнеркәсіп салаларында, ал барынша аз өсуі «қонақүйлер мен мейрамханалар» және «жылжымайтын мүлікпен жүргізілетін операциялар, жалға алу және кәсіпорындарға қызмет көрсету» салаларында байқалды. 2011 жылғы 3-тоқсанда дайын өнімге сұраныстың өсуі күтіледі: пікіртерімге қатысқан кәсіпорындардың 23,5%-ы дайын өнімге сұраныстың өсуін, тек 7,6%-ы азаюын күтеді. Өңдеуші және өндіруші өнеркәсіптің кәсіпорындары сұраныстың барынша өсуін күтуде.

Кәсіпорындардың дайын өніміне бағалардың өсу қарқыны 2011 жылғы 2-тоқсанда өнімдерінің бағасы өсіп кеткен кәсіпорындар қатарының төмендеуі салдарынан өткен тоқсанмен салыстырғанда 26,4%-ға дейін (2011 жылғы 1-тоқсанда 30,5%) едәуір азайды. Дайын өнімге бағаның өсуін кәсіпорын салаларының көпшілігі атап өтті, бағаның өсу қарқынының барынша ұлғаюы сауда-саттық саласында байқалды. Бір мезгілде бағаның өсу қарқынының барынша бәсеңдеуі «ауыл шаруашылығы», «жылжымайтын мүлікпен жүргізілетін операциялар, жалға алу және кәсіпорындарға қызмет көрсету» және «электр энергиясын, газды және суды өндіру мен бөлу» салаларында байқалды. 2011 жылғы 3-тоқсанда бағаның өсу қарқынының біршама төмендеуі күтіледі.

2011 жылғы 2-тоқсанда шикізат пен материалдардың бағасы өзінің жоғары өсу қарқынын сақтады. Жалпы алғанда, бойынша шикізат пен материалдарға бағаның өсуін атап өткен кәсіпорындардың үлесі 55,7% болса, кәсіпорындардың тек 1,5%-ы бағаның төмендегенін атап өтті. 2011 жылғы 3-тоқсанда бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуі күтіледі.

Экономика нақты секторының қаржы жағдайы жақсарды: төмен рентабельді және шығынды кәсіпорындардың (салық салғанға дейінгі сату рентабельділігі 5%-дан төмен) үлесі 2011 жылғы 1-тоқсандағы 27,4%-дан 2011 жылғы 2-тоқсанда 24,7%-ға дейін төмендеді, ал жоғары рентабельді кәсіпорындардың (салық салғанға дейінгі сату рентабельділігі 30%-дан жоғары) үлесі тиісінше 30,3%-дан 31,5%-ға дейін артты. Сатудың орташа рентабельділігі 49,4% болды.


Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі” мемлекеттік мекемесі Қарағанды филиалының баспасөз қызметі.


Каталог: file -> info
info -> 66 баспасөз релизі қаржы нарығындағы ахуал туралы
info -> 26 баспасөз релизі қаржы нарығындағы ахуал туралы
info -> Национальный банк
info -> 29 баспасөз релизі төлем ұйымдарына қойылатын талаптар туралы
info -> 28 баспасөз релизі төлем жүйелері операторларына қойылатын талаптар туралы
info -> Национальный банк
info -> 55 баспасөз релизі қаржы нарығындағы ахуал туралы
info -> Национальный банк
info -> Национальный банк
info -> 5 баспасөз релизі ескерткіш және мерейтойлық монетаны айналысқа шығару туралы


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет