Қазақстан республикасының президенті н



жүктеу 71.19 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі71.19 Kb.



Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары бойынша хабардар етеміз
Мемлекет басшысының Жолдауында жаңа әлеуметтік саясатты әзірлеуге бастамашылық жасалды. Президенттің пікірінше, әлеуметтік салада мемлекеттің рөлі тек халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын және адами капиталға инвестицияларды қолдаумен шектелуі қажет.

Халықаралық практика көрсетіп отырғандай, көптеген дамыған елдер әлеуметтік саясаттың белсенді шараларына көшті. Атап айтқанда, мемлекеттердің іс-қимылы жәрдемақылар мен өтемақылар арқылы «жылыжай жағдайын» жасау емес, керісінше белсенділік пен жұмыс іздеуді (әсіресе жастарда) ынталандыратын көмек беруді ұсынуға бағытталған.

Сондықтан Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіру жөнінде міндет қойды.

Жаңа әлеуметтік саясат мынадай бағыттарды қамтитын болады.


Атаулы әлеуметтік көмекті жаңғырту
Қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмектің проблемасы ретінде көмек алушылардың - аз қамтылған азаматтардың жұмыспен қамтылуға деген уәжінің жеткіліксіздігі болып табылады, себебі өздерінің төмен кірістерін дәлелдеуден бөлек шын мәнінде олардың мемлекет алдында басқа міндеттемелері жоқ. Мұндай жағдай әлеуметтік масылдықты туғызады және түп негізінде табысы төмен азаматтардың проблемаларын шешпейді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) енгізілетін болады.

Оның мәні мынада – атаулы қолдау тек қана объективті себептермен жұмысқа орналаса алмаған көмекке мұқтаж азаматтарға (олардың шын кірістері, өмір сүру жағдайлары негізінде) көрсетіледі. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғызбасты ана.

Жұмыс істей алатындармен әлеуметтік келісімшарттар жасалатын болады. Оларға қол қоя отырып, азамат жұмыс табуға міндеттеледі. Бұл мәселеде оларға жұмыспен қамту орталықтары көмектесетін болады. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу жоғары әлеуметтік көмек мөлшерін алуға мүмкіндік береді.

Еңбекке жарамды азаматтар оған қатысуға бас тартқан жағдайда – АӘК-тің мөлшері тек ғана балаларға ғана тағайындалады.

АӘК-тің жаңа моделін іске асыру 2014 жылы пилоттық режимде бірқатар өңірлерде басталды.

Биылғы жылы осы тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде пилоттық режимде кеңейту де жоспарланған.


Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің әдістемесін қайта қарау
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – КД) әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы базалық құралдардың бірі болып табылады. Ол кедейлік шегін, сондай-ақ ең төменгі еңбекақыны, базалық зейнетақыны және басқа да әлеуметтік төлемдерді белгілеу үшін пайдаланылады.

КД – бұл мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажетті ең төмен ақшалай кiрiс. Бүгінгі күні КД мөлшері


18 557 теңгені құрайды.

Тұтыну себеті өз кезегінде, азық-түлік себетінен (60%) және азық-түліктік емес тауарлар/көрсетілетін қызметтерден (40%) тұрады.

Азық-түлік себетінің құрамына 43 азық-түліктің атауы кіреді, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормаларға сәйкес келеді.

Сонымен бірге, соңғы жылдары азық-түліктік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қазақстандықтардың тұтыну шығыстарының артуы бөлігінде оның өзгергендігі байқалады, ал қолданыстағы КД-ні есептеу әдістемесі 2005 жылдан бері қайта қаралмаған.

Нәтижесінде, қолданыстағы КД нақты жағдайға сәйкес келмейді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша


2018 жылғы 1 қаңтардан бастап КД-ні есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы азаматтардың жекелеген топтарының (мүгедектер, көп балалы аналар, қарттар) ерекше сұраныстарын ескеру қажеттігін ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта Қазақ тамақтану академиясының сарапшылары іске тартыла отырып:

а) әртүрлі жыныстағы-жастағы топтар үшін азық-түлік себетінің құрамы мен тамақ өнімдерін тұтынудың ең төмен нормаларын қайта қарау;

б) КД құрылымында азық-түлік пен азық-түліктік емес тауарлар үлестерінің арақатынасын өзгерту бөлігінде тиісті ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр.

Зерттеудің аяқталу қорытындысы бойынша, қоғамның кең қатысуымен, нақты ұсыныстар тұжырымдау жоспарланған.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жаңғырту
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі елімізде дәйекті жетілдірілуде.

Мәселен, бірінші кезеңде (2012-2013 жж.) жергілікті деңгейде қосарланған көмек түрлеріне оңтайландыру жүргізілді, нәтижесінде 65 төлемнің 2-еуі ғана қалдырылды, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың 54 қайталанатын санаты мен тобының орнына 11 санаттан тұратын құрылым айқындалды.

Бұл шаралар масылдықтың алдын алуға, атаулы әлеуметтік қолдауды күшейтуді, әлеуметтік көмек түрлері мен мөлшерлерін реттеуді, жергілікті деңгейде төлемдерді тағайындаудың бірыңғай тәртібін белгілеуді, әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен жүзеге асырудың жеңілдігі мен ашықтығына бағытталған.

Екінші кезеңде (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі азаматтарға (медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан) арналған әлеуметтік төлемақыларға оңтайландыру жүргізіледі.

Оларға тағайындалған ынтымақты зейнетақы немесе мүгедектігі/асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар өзгеріп отыратын болады:

зейнеткерлер үшін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын немесе мүгедектер үшін кем дегенде ең төменгі күнкөріс деңгейі көлеміндегі төлемнің бір бөлігі жеке мұқтаждары үшін алушылардың өздеріне есептеліп берілетін болады;

төлемдердің қалған бөлігі олардың өздерін күтуге – қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлеріне бағытталатын болады.



Үшінші кезеңде (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап) 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар АӘК-тің жаңа форматына ауыстырылатын болады. Бұл төлемдерді тағайындау тәртібін жеңілдету мен оны әкімшілендіру процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта мүгедектерге төленетін мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар біріктіріледі (мүгедектердің құқықтарына нұқсан келтірілмейді, себебі жәрдемақы мөлшері азаймайды).

2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындаудың жаңа тәртібін енгізу нәтижесінде (қатысу өтіліне байланысты) жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы оңтайландырылады.
Жұмыспен қамту - 2020 жол картасын жаңарту
Мемлекет басшысы Жолдау шеңберінде Жалпыға бірдей Еңбек қоғамы идеясын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің пікірінше, жаңа экономикалық жағдайлар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шараларды күшейту қажеттігін талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс орындарын ашуға және сақтауға, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ерекше көңіл бөліне отырып, Үкімет 2015 жылғы 8 желтоқсанда Жұмыспен қамту - 2020 жол картасына түзетулерді мақұлдады.

Жаңартылған Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы мынадай шараларды қамтиды.

Бірінші. Білікті қызметкерлердің жұмыс орындарын сақтау бойынша

Ірі өнеркәсіп орындарында өндіріс көлемінің немесе әлемдік баға конъюнктурасына байланысты өнімдер бағасының төмендеуі жағдайында білікті жұмыскердің жұмыс уақытының қысқаруынан жоғалтқан еңбекақысының үштен екі мөлшерін уақытша субсидиялау қарастырылатын болады.



Екінші. Еңбек ресурстарының сапасын көтеру бойынша

Жұмыс берушілерге өнеркәсіп орындарының жұмыскерлерін оқытуға гранттар беруге (қайта даярлауға/біліктілікті арттыруға), сөйтіп олардың жұмыс орындарын сақтап қалуға кепілдік беріледі, мұндағы оқыту шығындарының 80%-ын – мемлекет, ал 20%-ын жұмыс берушінің өзі өтейді.

Бұдан басқа, 18-ден 24 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастарды жұмыс берушінің олардың жұмыс орындарын еңбекақы төлеусіз сақтап қалу шарты негізінде кәсіптік оқытуын ұйымдастыру қарастырылған.

Үшінші. Жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыру бойынша

Бұл микрокредиттеуді кеңейтуді, оның ішінде ұсақ тауарлы өндірістерді (шағын бордақылау алаңдары, шағын сүт кәсіпорындары, шағын құс фермалары) ұйымдастыруды білдіреді. Бұл ретте берілетін микрокредиттеу мөлшерін 6 млн. теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады.

Бағдарлама шеңберінде сонымен қатар, азаматтардың жұмыс қолы артық өңірлерден жұмыс бар өңірлерге өз еркімен қоныстануын кеңейту ұсынылады. Оларға жұмысқа орналастыру түрінде қолдау көрсетілуімен қатар, жалға берілетін баспанамен, жатақханамен қамтамасыз ету және көші-қон шығындарын өтеу, Жұмыспен қамтудың жол картасы шарттарымен
5 млн. теңгеге дейін шағын микрокредит беру көзделетін болады. Мемлекеттік қолдаудың мұндай шаралары Үкімет айқындаған және қайта қоныстанудың өңірлік квотасына енгізілген өңірлерге келген адамдарға ғана берілетін болады.

Төртінші. Қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша

Бұл үшін қонақүй кешендері, қоғамдық тамақтандыру және тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі басқа да салалар қызметкерлерін оқыту және кадр даярлау үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру (ЭКСПО-2017 көрмесіне даярлық шеңберінде) жоспарлануда.

Бұл ретте оқытуды тиісті халықаралық стандарттарға сай келетін сапаны қамтамасыз ету үшін отандық және шетелден шақырылған жоғары білікті жаттықтырушылар жүргізетін болады.

55-тен 64 жасқа дейінгі жұмысынан айырылған адамдар үшін кәсіптік даярлаудың және кейіннен жұмыспен қамтудың арнайы мақсатты бағдарламалары іске асырылатын болады.





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет