Қазақстан Республикасының Заңы «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы»



жүктеу 445.9 Kb.
бет1/3
Дата12.05.2019
өлшемі445.9 Kb.
  1   2   3

Жоба


Қазақстан Республикасының Заңы

«Мемлекеттік қызмет көрсету туралы»
Осы Заң мемлекеттік қызмет көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар


  1. ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандырудың мемлекеттік саясатын қалыптастыруды және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

  2. «бір терезе» қағидаты – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының құжаттарды жинауға және дайындауға мейлінше аз қатысуын және оның мемлекеттік қызметті көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынудың орталықтандырылған нысаны;

  3. композитті мемлекеттік қызмет көрсету – көрсетілу процесі мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының бір өтініші арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің бірнеше нәтижесінің ұсынылуын көздейтін мемлекеттік қызмет көрсету;

  4. мемлекеттік қызмет көрсету – мемлекеттік органдардың іске асырушылық функцияларын жүзеге асыру жөніндегі қызметі, сондай-ақ бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінің қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен қаржыландырылатын жеке және заңды тұлғалардың қызметі;

  5. мемлекеттік қызмет көрсету сапасының критерийлері – мемлекеттік қызмет көрсету процесін өлшеуге, ескеруге, бақылауға және бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер жиынтығы;

  6. мемлекеттік қызмет көрсету регламенті – мемлекеттік қызмет көрсету стандартын сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілейтін және мемлекеттік қызмет көрсету субъектісі қызметінің тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;

  7. мемлекеттік қызмет көрсету стандарты – мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының, мазмұны мен нәтижесінің сипаттамаларын қамтитын, мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;

  8. мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру – мемлекеттік қызмет көрсетуді электрондық нысанда жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету субъектісінің әкімшілік процестерін қайта құру процесі;

  9. мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының шағымы – мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы, мемлекеттік қызметті тұтыну кезінде мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерінің заңсыз әрекетін немесе әрекетсіздігін жою туралы талабы;

  10. мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға оның қабілетін айқындайтын мемлекеттік қызмет көрсету процесінің жиынтық сипаттамалары;

  11. мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және мемлекеттік қызмет көрсету саласын кешенді дамытуды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

  12. мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг – ақпараттарды жинауға, өңдеуге, мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасының және тәртібінің деңгейіне талдау және бағалау жүргізуге бағытталған коммерциялық емес ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылар мен азаматтардың қызметі;

  13. мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым – заңнамада белгіленген тәртіппен және жарғылық қызметіне сәйкес тіркелген, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;

  14. мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшы – осы салада мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізуге арналған қызметтің белгілі бір саласында практикалық тәжірибесі бар жеке тұлға;

  15. мемлекеттік қызмет көрсету тізілімі – мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушы, мемлекеттік қызмет көрсету стандартын әзірлейтін орталық мемлекеттік орган, мемлекеттік қызмет көрсету субъектісі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәліметтер көрсетілген мемлекеттік қызмет көрсету тізбесі;

  16. мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру – мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруға, оның ішінде талап етілетін құжаттар тізбесін, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқартуға және оны көрсету процесіндегі артық буындарды жоюға бағытталған іс-шара;

  17. мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі – мемлекеттік қызмет көрсету процесі автоматтандыруға және оның мониторингіне арналған ақпараттық жүйе;

  18. мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган;

  19. халыққа қызмет көрсету орталығы – мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметті тұтынуға арналған өтініштерін қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

  20. «электрондық үкіметтің» веб-порталы – электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсетуге және «электрондық үкіметтің» электрондық ақпараттық ресурстарына қол жеткізудің бірыңғай терезесі болып табылатын ақпараттық жүйе.



2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы осы Заңның қағидаларына қайшы келмейтін бөлігінде мемлекеттік қызмет көрсетуге қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылатын саласы
1. Осы Заң мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерінің мемлекеттік қызмет көрсету процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарын реттейді.

2. Осы Заңның күші осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіппен, мемлекеттік қызмет көрсететін ведомстволық бағынысты және өзге де заңды тұлғалардың қызметіне қолданылады.

3. Осы Заңның күші мына салалардағы қоғамдық қатынастарға:

1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға;

2) қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысындағы бақылау мен қадағалауға;

3) сот төрелігіне;

4) жедел іздестіру қызметіне;

5) ұлттық қауіпсіздікке;

6) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қарулы күштеріне;

7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауға қолданылмайды.

4. Қатысушылардың теңдiгiне негiзделген мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қоғамдық қатынастарға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде азаматтық заңнама қолданылады.

4-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемлекеттік саясат мына қағидаттарға:

1) мемлекеттiк қызмет көрсетудiң жариялылығына;

2) мемлекеттiк қызметті тұтынуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге;

3) мемлекеттiк қызмет көрсетудiң сапасын қамтамасыз етуге;

4) мемлекеттiк қызмет көрсетудiң қол жетімділігіне;

5) мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға және қорғауға;

6) мемлекеттiк қызмет көрсетудiң ұтымдылығы мен оңтайлылығына негізделеді.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше тiкелей көзделмесе, мемлекеттiк қызмет көрсету мемлекеттiк қызмет көрсетудi тұтынушыларға бiрдей жағдайларда көрсетіледі.

3. Мемлекеттiк қызмет көрсету бұқаралық ақпарат құралдарында, «электрондық үкімет» веб-порталында, мемлекеттiк қызмет көрсету субъектілерінің интернет-ресурстарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында танысу үшін қолжетімді нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес және мемлекеттік қызмет көрсету субъектілеріне жеке жүгінген кезде көрсетіледі.

4. Мемлекеттік қызмет көрсету нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушыға қойылатын талаптарға сай келетін және мемлекеттік қызмет көрсету үшін нормативтік құқықтық актілерде көзделген құжаттарды табыс еткен адамға ұсынылады.



5-бап. Мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылар
1. Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылар болып табылады.

2. Шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қатынастар мәнінен туындамаса, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайда Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылар болады.



6-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету субъектілері
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсетуді орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi бюджетiнің қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен қаржыландырылатын ведомстволар, олардың аумақтық органдары; Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде бекітілген құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мемлекеттік функцияларын атқаруы кезінде жүзеге асырады.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі міндеттеме мен өкілеттілік мемлекеттік органдарға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерге және (немесе) қазыналық кәсіпорындарға жүктеледі.

3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсетуді жеке тұлғалар, шаруашылық жүргізу құқығы бар мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Нарық саласындағы бәсекелестік деңгейі жеткіліксіз ұйымдардың мемлекеттік қызмет көрсетуі кезінде олардың қызметіне мемлекеттік не өзге монополияларға немесе реттелетін нарықтарға жататын салалардағы Қазақстан Республикасындағы бәсекелестік туралы заңнама қолданылады, оның ішінде, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнама қолданылады.



7-бап. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сыныптамасы
1. Қазақстан Республикасында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер:

әкімшілік мемлекеттік қызмет көрсету;

әлеуметтік мемлекеттік қызмет көрсету;

қоғамдық-маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсету болып сыныпталады.

2. Қоғамдық қатынастар саласына байланыссыз, тұтынушының өтініштері бойынша жеке тұлғаларды құжаттандыру, рұқсат беру құжаттарын (лицензиялауды, тіркеуді, сертификаттауды қоса алғанда), сараптамалық және ғылыми қорытындылар, анықтамалар және өзге де ақпараттық құжаттар беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету әкімшілік қызмет көрсету болып табылады.

3. Тұтынушының өтініші бойынша (әкімшілік мемлекеттік қызмет көрсетуге жататын мемлекеттік қызмет көрсетуді қоспағанда):

білім беру;

денсаулық сақтау;

әлеуметтік қорғау, көмек және қамтамасыз ету;

мәдениет және ақпарат;

дене шынықтыру және спорт салаларында мемлекеттік қызмет көрсету әлеуметтік мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады.

4. Мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушының өтінішісіз:

қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік;

елді мекендерді абаттандыру;

қала құрылысы;

тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық;

көлік және коммуникация салаларында азаматтар өмірінің қоғамдық жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қоғамдық-маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады.

5. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жекелеген түрлері, егер олар дараландырылған, атаулы, нақты тұтынушыға бағытталған болып табылған жағдайда, тұтынушының өтініші болмағанның өзінде әлеуметтік және қоғамдық-маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсетуге жатқызылуы мүмкін.

6. Әкімшілік, әлеуметтік және қоғамдық-маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсету түрлерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету тұтынушының өтінішсіз жүргізілетін әлеуметтік және қоғамдық-маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсету түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
8-бап.  Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) Мемлекеттік қызмет көрсету тізілімін бекітеді;

3) мемлекеттік қызмет көрсетудің үлгілік стандартын бекітеді;

4) мемлекеттік қызмет көрсетудің үлгілік регламентін бекітеді;

5) автоматтандыруға жататын мемлекеттік қызмет көрсетудің тізбесін бекітеді;

6) халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізілуге жататын мемлекеттік қызмет көрсетуді іріктеу қағидасын бекітеді;

7) мемлекеттік органдардың өз құзыретіне кіретін электрондық нысанда жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мерзімдерін белгілейді;

8) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

9-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы уәкілетті орган:

1) мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік саясат жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

2) мемлекеттік қызмет көрсетудің үлгілік стандартын әзірлейді;

3) мемлекеттік қызмет көрсетудің үлгілік регламентін әзірлейді;

4) мемлекеттік қызмет көрсету тізілімін әзірлейді;

5) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттері әзірленуінің мониторингін жүргізеді және оның тәртібін айқындайды;

6) мемлекеттік қызмет көрсетудің өзіндік құнын есептеу тәртібін айқындайды;

7) мемлекеттік қызмет көрсету тізілімінің жүргізілу тәртібін айқындайды;

8) мемлекеттік қызметтер көрсетуді мемлекеттік емес секторға беру мәселелер жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.



10-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті орган:

1) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау критерийін айқындайды;

2) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасауды жүзеге асырады;

3) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауды жүзеге асырады;

4) мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды;

5) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу үшін коммерциялық емес ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды, азаматтарды тарту тәртібін айқындайды;

6) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу үшін коммерциялық емес ұйымдарды, тәуелсіз сарапшыларды, азаматтарды тартады;

7) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

8) мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

9) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізудің нәтижелері туралы мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың ақпараттандырылуын қамтамасыз етеді;

10) мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарайды;

11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.



11-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган:

1) мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерінің және мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың ақпараттық қамтамасыз етілуін жетілдіруді қамтамасыз етеді;

2) мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бірыңғай ақпараттық кеңістікті және ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыруды жүзеге асырады;

3) электрондық нысанда жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалауды жүзеге асырады;

4) мемлекеттік қызмет көрсету субъектілері қызметінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

5) мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

6) мемлекеттік қызмет көрсететін субъектілерге мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

7) мемлекеттік қызмет көрсету процесінің автоматтандырылуына бақылау жасауды жүзеге асырады;

8) халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеуіне бақылау жасауды жүзеге асырады;

9) мемлекеттік қызмет көрсету субъектілерінің халыққа қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимылын үйлестіреді;

10) автоматтандыруға жататын мемлекеттік қызмет көрсету тізбесін әзірлейді;

11) композитті мемлекеттік қызмет көрсету тізбесін әзірлейді және бекітеді;

12) «электрондық үкімет» веб-порталының кешенді технологиялық шешімін әзірлеуді, іске қосуды жүзеге асырады;

13) халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің мәселелері жөніндегі әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

14) халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілуі тиіс мемлекеттік қызмет көрсетуді іріктеу қағидасын әзірлейді;

15) халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

16) халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

17) мемлекеттік органдардың өз құзыретіне кіретін электрондық нысандағы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мерзімдері жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

18)  мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

19) мемлекеттік органдарға электрондық нысанда жүзеге асырылатын мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

20) мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері жөніндегі шағымдарын және өтініштерін қарайды;

21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де фунцияларды жүзеге асырады.



12-бап. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік органдардың құзыреті
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық мемлекеттік органдар:

1) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

2) мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерін әзірлейді және бекітеді;

3) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсетеді;

4) жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерін әзірлеу жөніндегі қызметін үйлестіреді;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыруды қамтамасыз етеді;

6) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруды қамтамасыз етеді;

7) мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етеді;

8) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүргізеді;

9) мемлекеттік қызмет көрсететін қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

10) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

11) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың ақпараттандырылуын қамтамасыз етеді;

12) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат береді;

13) сауал салу бойынша  мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдарға, тәуелсіз сарапшыларға, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы ақпарат береді;

14) Егер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, халыққа қызмет көрсету орталықтарына мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге рұқсат береді;

15) мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарайды;

16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де фунцияларды жүзеге асырады.

13-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар:

1) мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерін әзірлейді және бекітеді;

2) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетеді;

3) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету процесінің автоматтандырылуын қамтамасыз етеді;

4) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесінің онтайландырылуын қамтамасыз етеді;

5) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының талаптарына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге, оның ішінде мемлекеттік қызметті көрсету регламентін әзірлеу кезінде, бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді;

6)  мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етеді;

7) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүргізеді;

8) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қолжетімдікті қамтамасыз етеді;

9) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың ақпараттандырылуын қамтамасыз етеді;

10) мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат ұсынады;

11) сауал салу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторингті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдарға, тәуелсіз сарапшыларға, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы ақпарат береді;

12) Егер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, халыққа қызмет көрсету орталықтарына мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге рұқсат береді;

13)  мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарайды;

14) Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет