Қазақстан Республикасының Заңы



жүктеу 0.53 Mb.
бет1/4
Дата30.03.2019
өлшемі0.53 Mb.
  1   2   3   4




Қазақстан Республикасының 

Заңы

 

Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы
(2012.06.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

 



Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртібін айқындайды.

 

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) айырбастау пункттері - шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргізілетін арнайы жабдықталған орындар;

2) валюта - мемлекеттер заңды төлем құралы ретінде қабылдаған ақша бірліктері немесе банкноттар, қазынашылық билеттері және монеталар, оның ішінде бағалы металдардан жасалған монеталар (айналыстан алынғандарын немесе алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда) түріндегі, қолма-қол және қолма-қол емес нысандардағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі қаражат;

3) валюталық құндылықтар:

шетел валютасы;

номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;

резидент еместер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;

тазартылған құйма алтын;

резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын, ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;

резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;

4) валюталық операциялар:



валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың ауысуына байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;

валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын, резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;

5) валюталық шарт - енгізілген өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғандағы келісім, құрылтай құжаттары, сондай-ақ солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;

5-1) келісімшарттың есептік нөмірі - валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз етуге арналған, уәкілетті банктің экспортты (импортты) көздейтін валюталық шартқа беретін тіркеу нөмірі;

6) коммерциялық кредиттер - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) берушілер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тікелей жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);

7) қаржы заемдары:

заемдар (коммерциялық кредиттерді қоспағанда);

шет елде халықаралық капитал нарықтарында қаражат тарту мақсатында құрылған, олардың еншілес ұйымдары енгізген банктердегі салымдар (депозиттер);

борышкердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;

үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) сатып алуды және өзге де мәмілелерді қаржыландыруы, сондай-ақ үшінші тұлғалардың кредитор алдындағы борышкердің міндеттемелерін орындауы, соның нәтижесінде ақшаны және өзге де мүлікті сыйақымен немесе онсыз қайтару жөніндегі міндеттемесі орындалған тұлғаның осындай қаржыландыруды ұсынған және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға міндеттілігі туындайды;

қаржы лизингі, сондай-ақ кейіннен өтеуін төлеп сатып алумен жылжымайтын мүлікті жалдау (Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жылжымайтын мүлікке теңестірілген не жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда);

8) 2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

9) резидент еместер:



осы баптың 10) тармақшасында көрсетілмеген жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері;

егер оларды құру туралы халықаралық (мемлекетаралық) келісімде өзгеше айқындалмаса, халықаралық ұйымдар;

шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де ресми өкілдіктері;

10) резиденттер:

Қазақстан Республикасының азаматтары, оның ішінде шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оның мемлекеттік қызметінде жүрген азаматтары;

Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бар барлық заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тұрғылықты жері бар олардың филиалдары мен өкілдіктері;

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкілдіктері;

11) тікелей инвестициялар:

егер осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі болса немесе осындай салымдардың нәтижесінде тиесілі болатын болса, заңды тұлғаның акцияларын (қатысушыларының салымдарын) төлеуге зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қоса алғанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүліктік құқықтарды және өзге де мүлікті салу;

осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі тұлға жүзеге асыратын, заңды тұлғаның жарғылық капиталдан өзге капиталын ұлғайтуға әкелетін мүлікті салу;

12) уәкілетті банктер - Қазақстан Республикасында құрылған банктер және осы баптың 13) тармақшасында аталғандарды қоспағанда, валюталық операцияларды, оның ішінде клиенттердің тапсырмалары бойынша жүргізілетін валюталық операцияларды, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;

13) уәкілетті ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;

14) ұлттық валюта - Қазақстан Республикасының валютасы;

15) шетел валютасы - шет мемлекеттің валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктері;

16) шетелдік банктер - Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердің заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер және өзге де қаржы институттары;



17) экспорт (импорт) - резиденттің резидент емеске (резидент еместің резидентке) тауарларды сатуы, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы



1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.



 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы



Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы Заң Қазақстан Республикасының резиденттеріне қолданылады.

 

 

2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ



 

4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері

1. Валюталық реттеудің мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатына жәрдемдесу болып табылады.

2. Валюталық реттеудің міндеттері:

1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртібін белгілеу;

2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрi кiрiгуi үшін жағдайлар жасау;

3) валюталық операциялар мен капитал легi жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.

 

5-бап. Валюталық реттеу органдары



1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негізгі органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар валюталық реттеуді өз құзыретi шегінде жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндеттi нормативтік құқықтық актiлер шығарады.

Валюталық реттеу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелері жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісiлуге тиіс.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретiнде:

1) шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібін және оған қойылатын талаптарды;

2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін, соның iшiнде валюталық реттеу режимдерiн:



лицензиялауды;

тiркеудi;

хабардар етудi;

3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторингтi (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртібін;

4) уәкілеттi мемлекеттік органдармен келісім бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшін мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын белгілейдi.

Жүзеге асырылу тәртібі осы Заңда белгiленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргізіледi.

 

6-бап. Шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар



1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті ұйымдарға шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия береді.

1) қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы жүзеге асыруды және қызметтер көрсетуді;

2) уәкiлеттi ұйымдардың шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруын лицензиялауға тиіс.

Осы тармақтың 1) тармақшасында аталған қызметтi жүзеге асыруға лицензия өз қызметін бажсыз сауда дүкенінің кеден режимiнде, сондай-ақ халықаралық тасымалдар жасайтын теңiз, iшкi cу, әуе, темір жол және автомобиль көлiгiнде жүзеге асыратын тұлғаларға берiледі.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібін және оған қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ айырбастау пункттерін тіркеу (ашу) тәртібін белгiлейдi. Айырбастау пунктін тiркеу кезiнде белгiленген үлгідегi құжат - айырбастау пунктiнiң тiркеу куәлiгi берiледi. Уәкілеттi ұйымдар үшiн құрылтай құжаттарын келiсу тәртібі, құрылтайшылардың құрамына, ұйымдастыру-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшерiне және қалыптасу тәртібіне қойылатын талаптар, бөлiмшелер құру және басқа заңды тұлғаларға қатысу жөніндегі шектеулер қосымша белгіленедi.

3. Резиденттер лицензия алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген құжаттардан басқа, осы Заңның 10-бабының бірінші бөлігіндегі 8), 9) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген шарттармен және тәртіппен тапсырады.

4. Шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиялар немесе лицензия беруден бас тарту резидент құжаттардың толық топтамасын табыс еткен күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде берiледi.



Өтiнiш берушiге лицензия беруден бас тартылған кезде жазбаша нысанда дәлелдi жауап берiледi.

5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;

2) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай болмауы;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.

6. Жүзеге асыруға лицензия алынған қызмет бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.



 

7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау



1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында көзделген валюталық операцияларға лицензиялар бередi.

2. Валюталық операцияларға қатысушы резидент шоты ашылғанға дейін немесе тараптардың бірi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабы 5-тармағының екiншi бөлігінде, 7-тармағында және 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде лицензия алуға өтініш жасауға міндеттi.

3. Резиденттер лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бірiншi бөлiгiнiң 1)-8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісiнде белгіленген шарттармен және тәртiппен ұсынады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актiде:

1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операциялардың көлемдеріне қатысты талаптарды;

2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс операцияларды резидент-клиенттің тапсырмасы бойынша оның мүддесiне және оның есебінен резидент еместің жүргiзуi көзделетiн, ол тiркелген мемлекеттің заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резидент пен резидент емес арасындағы мәміле шарттарына қатысты талаптарды;

3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға тиiс операциялар бойынша уәкілетті банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің жоқтығына негіздеме ұсынудың талаптарын белгілейдi.

5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;

2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуі;

3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай келмеуi;

4) осы Заңның 22 және 25-баптарына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операцияларға қатысты салықтық берешектiң, бюджет қаражатының, үкіметтік сыртқы қарыздардың есебінен берілген кредиттер бойынша және мемлекеттік кепілдіктерді орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;

5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.

Өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде лицензиялануға тиіс валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берілген лицензияға сәйкес валюталық операция бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі белгіленеді.



 

8-бап. Тіркеу режимі



1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында аталған валюталық операцияларды тіркеуді жүзеге асырады.

2. Тіркеу режимі валюталық шартты тіркеуді және тіркелген валюталық шарт бойынша резиденттің кейiннен мәлiметтер беруін қамтиды.

3. Валюталық операцияға қатысушы резидент Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тіркеу үшін:

1) егер валюталық шартқа тіркеу режимі басынан бастап қолданылған жағдайда - тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы басталғанға дейін;

2) егер тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы валюталық шартқа тіркеу режимін қолдануға әкеп соққан жағдайда - осындай міндеттемені орындау басталғанға дейін;

3) егер тіркеу режимі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде және валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы қажет болған кезде қолданылған жағдайда - осындай міндеттемелерді орындау басталғанға дейін;

4) өзге жағдайларда - валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өтініш беруге міндетті.

3-1. Егер резидент талапты басқаға беру немесе борышты аудару нәтижесінде тіркеу режимі қолданылған валюталық шарттың тарапы болса, онда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиісті мәміле жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тіркелу үшін өтініш жасауға міндетті.

4. Резиденттер валюталық операцияларды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабы бірiншi бөлiгiнiң 1)-4), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген шарттармен және тәртiппен тапсырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сiлтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.

5. Резидент құжаттардың толық топтамасын тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тіркеу жүзеге асырылады.



Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат - тiркеу куәлігі беріледi.

6. Тiркеуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

1) дұрыс емес ақпарат ұсыну не осы Заңға сәйкес көзделген ақпаратты ұсынбау;

2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуi.

7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде мәміленің сомасына қатысты шекті мән белгіленіп, одан асып кеткен кезде валюталық шарт тіркелуге жатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі оларға қатысты хабарлама режимін белгілеуге құқылы тіркеу режимінен ерекше жағдайлар белгіленеді.

 




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет