Жамбыл облысының тұрғыны Бақытжан Тойғанбековтың туыстары оған ота жасаған дәрігерлердің жұмысына шағымданды. Айтуынша бес баланың әкесіне басында парапроктит деген диагноз қойып ота жасаған. Алайда кейін тік ішектегі іріңді дұрыс тазаламағандықтан науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото сюжет кадрларынан  

Азамат қаңтар айының соңына қарай парапроктит ауруынан айығу үшін Алматыға арнайы келіп ақылы түрде ота жасатқан. Туыстарының айтуынша, дәрігерлердің салғырттығынан тік іштегі ірің толық тазаланбай, ағзасына жайылып кеткен. Ол екі айда қырық келіден астам салмақ тастап қазір адам танымастай күйге түсіпті.  

“Енді қазір бұл адамда диагноздың түрі көп. Арықтау, менингит, пневмония деп жатыр. Сандырақтайды, 90 келі болып келген адам қазір 40 келі болып қалды. Анализдің результаты шықпай тұрып бұлар кесіп тастаған. 12 больницаның өз ісіне салғырттығы. Енді олар жауапкершіліктен қашып отыр”, – деді Бақытжан Тойғанбековтың ағасы Ғалымжан Тойғанбеков.

Жағдайы нашарлап бара жатқасын туыстары оны бірден жеке клиникаға көрсеткен. Ол жерде ағзасында әлі де іріңнің барын анықталған. Қазір бес баланың әкесі қаладағы 1 аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр екен. 

“Қазір енді жансақтау бөлімінде жатыр. Сәл тәуір болады, қайтадан жансақтау бөліміне түседі. Жағдайы өте қиын. Денсаулығын емдеп берсе екен. Үлкен үмітпен алып келдік. Аяқ жағы міне мынандай болып тұр”, – деді Бақытжан Тойғанбековтың туысы Жібек Тәлпихова.

  • "Босанған соң үш күннен кейін аяқасты көз жұмған": Түркістанда келінін перзентханаға жіберген ене немересінің анасыз қалғанын айтып зар жылады 

  • "Тоғызыншы ретте ғана диагнозды анықтады: Петропавлда жеті жасар қыздың анасы дәрігерлерді немқұрайлығы үшін кінәлайды

Енді науқастың туыстары дәрігерлерді сотқа бермек. Ал №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың мамандары болса ота кезінде іштегі іріңнің барлығы толық алынғанын айтады.  

“Түскен кезде парапроктит ашылды. Бөлімшеге жатқызылды. Біздің ауруханада бір жетідей жатты. Шыққан кезде жарасы тазарып дене қызуы қалыпты болып шықты. Шығар кезде жара түгелдей таза болған. Кейінірек туысқандарынан науқастың басқа частный клиникаға жатқанын естідік”,- деді №12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Марат Еңкебаев. 

Қазіргі уақытта Бақытжан Тойғанбековке нақты қай ағзалардың зақымданғанын білу үшін түрлі тексерістер жасалып жатыр екен. Науқасты емдеу барысында қандай ағаттық кеткенін білу үшін де шұғыл тексеру қажет. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.