Қазақстандағы редакциялық менеджменттің дамуы



жүктеу 90.84 Kb.
Дата21.01.2018
өлшемі90.84 Kb.


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕДАКЦИЯЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТТІҢ ДАМУЫ


М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Бірнеше мемлекеттік кәсіпорындар бір өндірістік орталыққа бағындырылуы мүмкін. Кәсіпорынның бір түрі концерн – экономикалық тұрғыда дербес, техникалық саясат пен стратегиялық сұрақтар төңірегінде бір орталыққа бағынады. Меншік иеленушінің шешіміне бағына отырып немесе ортақ шешімге келіп, концерн қатысушылары ортақ саясатты жүргізуге қажет қаржыны бөледі. Әдетте, медиа бірлестіктер бір орталыққа бағынып, саяси және идеялық жағынан бағыттас болады. Ал мемлекеттік жүйеде редакторлар мен ұжымдардың субьективті көзқарасы байқалады. Холдинг, холдингтік компаниялар – бақылаушы акция пакеті бір құрылтайшының қолына жинақталған кәсіпорындар тобы. Әдеттегідей, холдинг басшылығы қаржылық қорды өздері жүргізеді. Холдинг жүйесіне кіретін барлық кәсіпорындардың дамуына бағытталған ортақ стратегия қабылданады. 2008 жылы 4 шілдеде Қазақстанда «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі құрылды. Бірінші рет холдинг төрағасы болып Қуандық Бишембаев тағайындалды. Холдинг құрамына: «Республикалық «Қазақстан» телерадиокомпаниясы АҚ, «Хабар» агенттігі АҚ, "Егемен Қазақстан" Рспубликалық газеті АҚ, «Казахстанская правда» республикалық газеті АҚ, «Қазақ ақпарат агенттігі» АҚ, «Қазақстан телекоммуникация» (КАТЕЛКО) АҚ, «Казтелерадио» АҚ, «Жас өркен» ЖШК, «Қазақ газеттері» ЖШК кірді.

2010 жылы 12 наурызда «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі қысқартылып, оның құрамындағы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігіне берілді. Мысалы, осы кезеңде Ресейде бірнеше холдингтер дағдарысқа төтеп бере алмағандықтан, өз жұмыстарын тоқтатты. Олардың ішінде қаржылық-өндірістік топтармен байланысты медиа-бірлестіктер де болды. Қаржылық өндірістік топтар бір орталықтың, яғни банктің немесе фирманың капитал концентрациясының нәтижесінде дамиды. Олар өзара қаржылық, сауда және өндірістік капиталдың бірігуімен өз қызметтерін түрлі салада дамыту жолдарын қарастырады, соның ішінде БАҚ-та осы жүйемен дамиды. Капиталдардың мұндай салымдары пайда табу мақсатында, сонымен қатар кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру және бизнес жүргізуді тиімді ете түсу үшін қоғамға әсер етудің идеологиялық және саяси мақсаттың туындауы мүмкін. Мемлекет БАҚ-ты пайдалана отырып қоғамға әсер етіп, өз идеологиясын қалыптастыруды көздейді. Бұл қоғамды басқарудың сара жолы болып табылады. Қазақстанда мемлекет өз медиа-холдингінің негізін қалады. Телерадиокомпания, ақпарат агенттіктері, газет-журналдардың көпшілігі «Нұр-медиа» холдингіне кірді және оның негізі 2008 жылы қаланды. Медиахолдингтің құрамына «Литер», «Айқын», «Дала мен қала», «Страна и мир», «Түркістан», «Нұр-Астана», «Известия-Казахстан» басылымдарымен қоса, «Астана» телеарнасы, «РДВ», «NS-Radio» радиостанциялар кіреді. Әдетте, өз ішінде бірнеше баспаны топтастырған бірлестіктер баспа үйлері деп аталады. Бұл бір меншік иесіне бағытталған, бір салада кәсібиленген компаниялар тобына жатады. Баспа үйлерінің құрамында күнделікті шығып тұратын газет, апталық газет, бір немесе бірнеше журнал және көбіне полиграфиялық кәсіпорындар кіреді. Мысалы, «Дәуір» баспа үйі («Жетісу» күнделікті газеті, «Алматы ақшамы» және «Заман-Қазақстан» апталықтары, «Парасат» және «Қазақстан әйелдері» журналдары) шығарады.

Бизнес басылымдардың негізінде медиа бірлестіктер жұмысын дамыту мүмкін болмады. Алайда, оған талпыныс қадам ретінде "Деловая Неделя" апталығының кәсіби мамандарға арналған қосымшалары, «Бизнес&Власть» апталық іскерлің газетінің шығуы, ал «Zona KZ» интернет газеті экономика, бизнес, қаржы мәселелері бойынша сараптамалық материалдарды көптеп жазатынын атап кетуге болады. Қазақстанда трест – медиа өте сирек кездесетін бірлестік. Негізінен трест ортақ даму жолдарына бағытталып, ол монополияға қарсы саясатқа әкеледі. Газеттік тресттер АҚШ пен Ұлыбританияға тән. XIX ғасырда АҚШ-та Морган мұнай трестін құрып керосин алуды орталықтандырғандай, бұқаралық газеттерді шығару монополияланып, кейіннен ымонополияға қарсы заңның қабылдануына байланысты трестер өз пішінін өзгертті.


Ақпарат нарығындағы жағдайдың өзгеріп отыруы редакциялық менеджер алдында түрлі маркетинг әдістерін пайдаланып, мақсатты аудиторияның жағдайын зерттеуге және оның мерзімді басылым имиджін қабылдауын анықтау қажеттілігін оятады. «Имидж» ағылшын тілінен аударғанда «image» «бейне», «сурет» деген мағынаны білдіреді [1,60-б]. Газет, телерадио-бағдарлама, ақпараттық хабардың бейнесі, тұрақты көрінісі. Ақпаратын тұтынушылардың санасында мерзімді басылым туралы: оның сипаты, көзқарасы мен позициясы, оның мазмұнының ерекшеліктері, көркемдігі және т.б. сақталып қалады. Белгілі бір деңгейде баршамыз оны газеттің немесе өзге де БАҚ-тың «беті» ретінде қабылдаймыз. Ол газеттің сыртқы көркемдігін ғана жеткізіп қоймай, сонымен қатар, оның мазмұндық ерекшеліктерін сипаттайды. Мерзімді басылымның имиджі ұзақ уақыт бойы қалыптасады. Ол басылымның нарықтан орын алуы және мақсатты аудиторияны бекітуі кезінде үлкен рөлге ие. «Егемен Қазақстан» газеті өз оқырманын өзінің қалыптасқан, жоғары кәсіби обьективті басылым екендігімен қызықтырады. «Караван» газетінің де өзіндік имиджі бар, бірақ ол арзан сенсацияларға құрылатын газет болғандықтан, оның астарындағы ақпараттың шын-өтірігіне көбіне мән берілмейді. Бірақ, бұл имидж талғамайтын адамдардан құралған үлкен аудиторияны өзіне тартып отыр.

БАҚ имиджі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету кезінде үлкен мағынаға ие. Оны жасау қиын болғанымен, мақсатты аудиторияның жартысынан айырылып қалатындай нұқсан келтіріп алуға болады. Газет немесе бағдарламаның нақты имиджін қалыптастыру үшін оның барлық сипаттамасы, жұмысының барлық қыры маңызды. Бұл жерде адами фактор да белгілі бір рөл атқарады, мерзімді басылым бетінде немесе эфирде жұмыс істейтін журналистердің танымалдылығы, белгілі тұлға болуы, өзіндік жеке имиджіне әсер етеді. Мысалы, «Қазақстан» арнасындағы «Көршілер» телебағдар-ламасының танымалдылығы белгілі бір деңгейде сол бағдарламаның жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлының жеке имиджіне байланысты. Ал, «Егемен Қазақстан» газеті бұрындары өзінің көп оқырмандарын белгілі журналистер Ш.Мұртаза, К.Смайылов, А.Сейдімбек, С.Ақтаев, Қ.Салғараның аттарымен қызықтырып, тартып отырған.

Басылымның композициялық моделіне сәйкес ақпаратты ұйымдастырып оны жүйелеп, ең бастысын бөліп, оқырман немесе тыңдарманға түсінікті түрде тізбектегеннен кейін ғана оған қалаулы аудитория назар аударады. Ақпараттық нарықта кең мағынадағы «брэнд» термині қолданылады. «Брэнд» ағылшын тілінен аударғанда «brand» «фирмалық белгі», «сорт» деген мағынаны білдіреді [1,15-б]. Мерзімді басылымның, телерадиокомпанияның имиджі мен оның сауда белгісін біріктіретін ұғым. Брэнд ұғымына басылымның, телерадиокомпанияның түрі, оның деңгейі мен сапасы, белгілі бір мақсатты аудиторияға бағытталуына байланысты ұғым.

Кеңес газеттерінің атауы бірыңғай ұқсас және стандартты болды. Орталық «Правдадан» басқа кеңес елінің бұрыш-бұрышында ондаған «Правдалар» мен «Ленинские путилар» шығып жатты. Олар Орталық басылымдардан аймақтық толықтырулары арқылы ғана ерекшеленіп отырды. Қазіргі уақытта бұл жағдай түп-тамырымен өзгерді. Жаңа БАҚ-тың құрылтайшысы оған қалаған атауын беруге құқылы. Себебі, ол осы атаудың ғана емес, оның мағынасының, логотипінің және бейнесінің де иесі. Газет немесе телебағдарламаның атауы сауда белгісінің брэндіне айналады. Ақпарат нарығында өз орнын алуды мақсат тұтқан басылым атауы ерекше мағынаға ие болуы керек. Атауы оның қандай мақсатты аудиторияға бағытталғанын және оның қандай ақпаратты жеткізетінін хабарлайды. Оқырман қолына «Экономика и право Казахстана» газетін немесе «Kazahstan», «Деловой мир Казахстана» журналын алса, ол бұл басылымдардың бизнесмендер мен кәсіпкерлерге арналғанын түсінеді. Сонымен қатар, «Күндізгі жаңалықтар» немесе «Осы сағатта» бағдарламаларын қосқан көрермен одан мемлекет ішінде және әлемде болып жатқан жедел жаңалықтарды көретінін біледі. Сондықтан ескі басылымдар мен телеарналардың басым көпшілігі қалыптасқан жаңа жағдайларға бейімделе отырып, өздерінің атауларын өзгертті.

Алайда, олардың ішіндегі бірқатары өз атауларын өзгертпегенді жөн көрді. Ресейде кеңестік емес, ал комсомолдар мүлде жоқ болса да, «Советская Россия», «Комсомольская правда» немесе жоғарыда атап өткен «Московский комсомолец» газеттері өз атауларын өзгеріссіз қалдырды. Бұл ретте газет басшылары оның бірнеше себептерін айтады екен. Бір жағынан, басылымның ескі атауы оның журналистері мен басшылары ұстанатын саяси және идеологиялық позицияларды сақтап, өзінің осы бағыттағы мақсатты аудиториясын сақтап қалған. Екінші жағынан, бұл нарықтық психологияны есепке ала отырып жасаған қадам болып есептеледі. Басылым атауы, біз білетіндей, оны фирмалық аты. Егер фирма, газет редакциясы ондаған жылдар бойы бір атаумен мындаған, тіпті миллиондаған тұтынушыларға танымал болса, онда оның атаудан бас тартуы компания немесе редакцияның құлдырауына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі, газеттің жаңа атауы көптеген оқырмандарға бұрынғы басылымның жойылуы ретінде, ал оның орнына мүлде жаңа басылымның шыққаны сияқты әсер етеді. Сондықтан редакция қызметкерлерінің бұқараға қалыптасқан жағдайды түсіндірмек болған барлық талпынысы жоққа шығып, олар көпшілік оқырманын жоғалтып алады. Сондықтан оқырмандар психологиясының инерциалылығын ескере отырып, «Московский комсомолец» газетінің басшылары оның атауының өзгеруін ұзақ уақыттық процеске айналдырды. Айлар бойы ақырындап олар газеттің үйреншікті атауының жазылуын ұсақтай түсті де, бір уақытта газет бетінің ортасындағы «МК» деген аббревиатураны үлкейте түсті. Бұл процесс ескі басылымның атауының – газеттің фирмалық атауының – мүлде басылым бетінен де, оқырмандар санасынан да жоғалып, оның орнын «МК» деген танымал астаналық басылымның қысқа – фирмалық белгісінің басуымен бірақ аяқталды. Қазіргі уақытта мерзімді басылымдар нарығында және газет пен журнал беттерінде фирмалық белгілер кең пайдаланылады. Олар өзіндік таңба, баспасөз басылымдарының түрлі сауда белгілері. Әдетте олар аббревиатуралар, қысқартылған атаулар: «ЕҚ» – «Егемен Қазақстан», «ҚӘ» - «Қазақ әдебиеті», «АТ» – «Ана тілі», «ЗГ» – «Заң газеті» және т.б. Кей кездерде басылымның фирмалық белгісі ретінде оның атауына ерекшелік беретін белгілі бір литера да қолданылуы мүмкін. Мысалға: Ъ – революцияға дейінгі курсивъ сөзінің соңына жазылатын қатаңдық белгісі, белгілі іскерлік басылымның фирмалық белгісіне айналды. «Курсивъ» Қазақстанда 2004 жылдан бері шығатын іскерлік басылым.

Фирмалық белгілердің мағынасын телевидение мен радиода да ескереді. Ірі хабар таратушы телерадиокомпаниялар мен арналар фирмалық белгіні өздерінің бағдарламалары мен хабарларының басталуын оқырмандар мен тыңдармандарға хабарлау үшін пайдаланады. Телевидениедегі бейнелеуіш заставкалар немесе радиодағы дыбыс заставкалары – сигналдар аудиторияның назарын өзіне аудару үшін қолданылады. «Ел Арна» телеканалы – «ЕА» таңбасымен, «КТК» телеканалы, «НТК» және «СТВ» телеканалдарындағыдай – аббревиатуралар, «7 арнаның» 7 саны және өзге де фирмалық белгілер қазіргі таңда телевидения мен радионың аудиториямен байланысын қалыптастырып, табысты пайдаланылып келе жатыр. Газетке, телерадиобағдарламаға өзіндік көркемдік атауын және оның фирмалық атауы мен фирмалық белгісін – қысқарту, таңбалы сурет, заставка табуға көмектесу дегеніміз – оның ақпаратын қолданушыларға қосымша жол салу, оның нарықтағы орынын тұрақтыру дегенді білдіреді.

Редакциялық менеджменттің тағы бір бағыты мерзімді басылымның мақсатты аудиториясымен байланыстарын бекітуге арналады. Мұндай байланыстарсыз басылым ақпараттық вакуумның ішінде қалып қояды. Оқырмандардың немесе көрермендердің белгілі бір мәлімдемеге немесе бағдарламаға қалай әсер еткені жөнінде ақпараты жоқ ұжым басшыларының басылымды дайындау мен жоспарлаудың экономикалық тиімді саясатын жүргізуге мүмкіндігі болмайды. Редакция немесе компанияның аудиториямен кері байланысын орнату үшін оның ақпаратын пайдаланушыға уақытпен тексерістен өткен байланыс әдістерін пайдаланады. Мұндай табысты әдістердің біріне бұқаралық, яғни кеңес басылымдары да сәтті жүргізген ұйымдастырушылық-бұқаралық жұмыс жатады. Сол арқылы жинақталған тәжірибені қазіргі нарықтық жағдайларда пайдалануға болады.

Бұқаралық жұмыс ұғымының астарында ұйымдастырушылық іс-шаралардың жүйесі жасырын тұр. Олардың мақсаты – мерзімді басылымның мақсатты аудиториямен байланысын қалыптастыру және дамыту. Кейбір басылымдардың басшыларының барлығын кәсіби журналистердің қолымен шығаруға ұмтылысы, тәжірибе көрсетіп отырғандай, өнім деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Бұл түсінікті де, себебі, ешбір журналист сол салада жұмыс істейтін, мысалы экономика бойынша экономист маманнан артық біле алмайтыны белгілі. Сондықтан ірі редакциялық ұжым да өз басылымын таралушы жақтарында, түрлі қалалар мен ауылдық аймақтарда болып жатқан оқиғалар жөнінде өзекті ақпаратпен қаматамасыз ете алмайды. Сондықтан, бұрынғыдай, әрбір редакция алдында өз активін және онымен жұмысты ұйымдастыруды қолға алу міндеті тұрады. Басылымға көмекке келуге дайын оның бірқатар достары – оның маңызды көмек күші, тірегі. Ал шағын жергілікті басылым редакцияларында өз активтерінсіз жұмыстың жүруін елестету тіпті мүмкін емес.

Адамдарға олардың пікірімен санаспайтын, қызықпайтын басылым қажет емес. Сондықтан, оларға жазылу немесе сатып алу мүмкіндігі азаяды. «Редакция редакциялық поштамен ондаған жылдар жұмыс істеудің нәтижесінде құнды тәжірибе жинақтайды. Олардан шығатын көптеген пішін, әдіс пен амалды қазіргі нарықтық жағдайында кеңінен пайдалануға болады»-[2,37-б],- дейді С. М. Гуревич. Бұл пішіннің көпшілігі түрлі өзгеріске ұшырады, көбісі тарихқа келмеске кетті. Олардың орнына жаңа пайда болып жатқан аудиториямен байланысты қалыптастырып, дамытатын өзге пішін мен әдістер келді. Басылым, телевидение, радионың аудиториямен байланысын нығайтудың тағы да бір түрі Интернет әлемдік желісін қолдану болып табылады. Редакция қызметінің бұл бағытында да кәсіби шеберлік пен журналистердің ынтасы өте маңызды және редакциялық менеджменттің мәселесін шешуге де байланысты.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Ворошилов В. Журналистика. М., Кнорус, 2010.



2. Гуревич С.М. Экономика отечественных СМИ. Учебное пособие для вузов. М., 2009.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет