Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет1/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi

ЖОК 070.1(574)+002.2(574) Қолжазба құқығында

Бейсенқұлов Аязби Ақбергенұлы



Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының

жаңа технология негiзiнде даму проблемалары

мамандығы: 10.01.10 – журналистика

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшi: Намазалы Омашев,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Қазақстан Республикасы

Алматы

2001

МАЗМҰНЫ

Кiрiспе……………………………………………………………………..3

1. Ашық қоғамдағы журналистика және ақпараттық технологиялардың оған ықпалы: әлемдiк тәжiрибе және Қазақстан

1.1 Жаңа ақпараттық ортаның белгiлерi және

ерекшелiктерi…………………………………………………………….16

1.2 Қазақстандық БАҚ – жаңа кеңiстiкте…………………….……….29

2. Баспасөздегi технологиялық жаңарудың тиiмдiлiктерi

2.1 Ақпараттық тәуелсiздiк және газеттi таратудағы

ұшқырлық…………………………………………………………………43

2.2 Қазiргi менеджмент және журналистiң жаңа

келбетi……………………………………………………………………58

2.3 Қаржы үнемдiлiгi және сапалық

көрсеткiштер…………………..……………………………….………..69

3. Электронды медианың жаңа мүмкiндiктерi

3.1 Бүгiнгi радиодағы технологиялық соны шешiмдер

мен проблемалар………….…………………………………………………..91

3.2 Телеарналардағы кiрiгу тенденциясы..…..………………………104

Қорытынды……………………………………………………………..117

Қосымшалар……………………………………………………………129

Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi……………………………………120

КIРIСПЕ

Тақырыптың өзектiлiгi. Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiктiң он жылында күрделi саяси-экономикалық өзгерiстердi бастан кешiргендiгiн ескерсек, ол бұқаралық ақпарат құралдарынан да көрiнiс тапқаны анық. Егемендiк жылдары жаңа саяси ахуалға, ашық нарықтық қатынастарға алып келдi, әрi дүниежүзiлiк экономикалық интеграцияға жол ашты. Соның нәтижесiнде сөз бостандығы, iс-қимыл еркiндiгi сияқты демократиялық ұғымдар берiк орнығып, оның заңды-құқықтық негiздерi қаланды, бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттiң араласуы барынша кемiдi, олар дербестiкке қол жеткiздi, мұнымен қатар меншiктi мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру саясаты жүзеге асырылды, баспа iсiне монополия жойылып, жүздеген жаңа баспа кәсiпорындары дүниеге келдi. Осы жағдайда жаңа ақпараттық технологияларға деген сұраныс күрт артып, өндiрiске кең көлемде енгiзiлдi. Дүниежүзiлiк интеграцияға ашылған жол озық технологиялар мен жабдықтардың нарығын қалыптастырды, сатуға деген ұмтылыс тұтынудан да асып түсiп, бағалардың төмендеуiне, әрi шағын өндiрiстердiң оны сатып алуға деген мүмкiншiлiгiнiң туындауына әкелдi. Бұған компьютерлiк технологияларда, байланыс саласында соңғы жылдары бел алған оңды үрдiстердi, яғни олардың қоғамдық өмiрде жан-жақты қолданысқа ие болғандығын қоссаңыз, ақпараттық технологиялардың жетекшi мәнге ие болғандығына көз жеткiзесiз. Сонымен қатар икемдi де жетiлдiрiлген компьютерлiк бағдарламалар дүниеге келдi, мамандардың бiлiктiлiгi артты, қатары еселеп өстi. Осындай көптеген әлеуметтiк, экономикалық факторлардың тоғысуы Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа бiр сапалық деңгейге көтердi.

Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуындағы әлемдiк негiзгi бағыт ақпараттық қоғамға алып келсе, оның негiзгi қозғаушы күшi жаңа технологиялар болып табылады. Бұл, компьютерлердiң қуаты мен икемдiлiгiнiң артуына, бағдарламалардың дамуына, Интернет және цифрлық байланыстың, сәулелi-талшықты кабельдердiң пайда болуына және осы жоғары технологиялық салаларда бәсекелестiктiң күшеюiне байланысты қалыптасып отыр. Әлемдiк экономикадағы ғаламдастыру бағытының өзегi де ақпараттық қарым-қатынастағы еркiндiк пен техникалық жетiстiктер деп бiлемiз. Басқаша айтқанда, бүгiнгi ақпараттық технологиялардың дамуы мен болашағы – тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, дүниежүзiлiк экономика мен мемлекетаралық қатынастардың да қозғаушы күшi ретiнде танылуда. Жаңа ХХI ғасыр – ақпараттық ғасыр болуының да төркiнi осында жатыр.

Қазақстан егемендiгiнiң он жылдығы осындай түбегейлi өзгерiстерге тұспа-тұс келген болса, ол оның бұқаралық ақпарат құралдарынан көрiнiс таппауы, дамуына ықпал етпеуi мүмкiн емес едi. Он жыл iшiндегi ғылым мен техникадағы, технологиялар мен тауар-ақша қатынастарындағы жетiстiктер журналистиканы жаңа сапалық деңгейге жеткiздi.

Бұл мемлекетiмiздiң даму стратегиясынан туындайтын аса маңызды мiндеттер екендiгiне «Қазақстан-2030» бағдарламасында көрсетiлген мына бiр тұжырымдар дәлел болады: «Ауқымдану және ғылыми-техникалық прогресс процесi, әсiресе жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың дамуы бiздiң аумақты, әрi аз қоныстанған елiмiз үшiн бiрегей мүмкiндiктер ұсынады. Алайда бiздiң осы процестермен қатар адымдайтынымызға ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Демек, осы технологияларды ұғыну, олардың бiздiң қоғамымызға толық кiруiне қол жеткiзу, ғылыми-техникалық кадрларды қолдау маңызды»./1/

Қазақстан соңғы жылдары бұл шараларды кешендi түрде iске асыруда көптеген жұмыстарды қолға алып, жаңа ақпараттық инфрақұрылым түзiлуде, оны қамтамасыз ететiн заң актiлерi мен бағдарламалар жасалды, инвестициялар жұмылдырылды, техникалық қайта жарақтандыру мүмкiндiктерi кең қарастырылды. Көптеген стандарттар дүниежүзiлiк тәжiрибеге сәйкестендiрiлдi, әсiресе телекоммуникация және байланыс салаларында ондаған шетелдiң атақты фирмалары бiздiң нарықта жұмыс iстеуде. Әлемдiк бiрегей сәулелi-талшықты желiге қосылу процесi жалғасуда. Жаңа технологияларды меңгерген мамандар даярлау iсi қолға алынды, олардың көбi шет мемлекеттерде тәжiрибеден өттi. Жаңа инфрақұрылым техникалық, қаржылық, кадрлық тұрғыдан қолдау тауып, берiк орныға бастады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет