Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет4/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

– Қазақстан жаңа ұстанымдар мен үрдiстердi басшылыққа алған заң нормативтерi мен құқықтарын қалыптастыруды қолға алды. Онда әлемдiк өркениет құндылықтарын дамытумен қатар, ақпараттық қауiпсiздiк шаралары да алғаш рет айналымға түстi;

– Ақпараттық ортаның өзгеруiне байланысты журналистiң жұмыс iстеу стилi де өзгерiске ұшырады. Ол қозғалыс, байланыс, ойын әр түрлi жолдармен кедергiсiз жеткiзу еркiндiгiне ие болды;

– Бұқаралық ақпарат құралдарын басқаруда жаңа әдiс-тәсiлдер мен жолдар қалыптасты. Бәсекелестiк ортада менеджмент пен маркетинг жетекшi мәнге ие болды;

– Отандық медиаөндiрiс алғышарттары түзiле бастады. Сырттан әкелiнетiн тауарлар мен шикiзатқа кiрiптарлықтан құтылудың жолдары қарастырылуда;

– Жарнама қоғамдық қатынастардағы өз орнын тауып, БАҚ тиiмдiлiгiн арттыру мен тәуелсiздiгiн қамтамасыз етудiң сенiмдi тұтқасы ретiнде танылды;

– Сауатты инновациялық саясат қаржы үнемдiлiгi мен жоғары тиiмдiлiкке апаратындығына көз жеткiздiк;

– Технологиялық өзгерiстер жаңа сапалық көрсеткiштердi, ақпарат жинау мен таратудағы ұшқырлықты қалыптастырды;

– Журналистiң кәсiби бiлiктiлiгiне қойылатын талап өлшеусiз өстi;

– Осыдан «өмiр бойы оқу» принципiнiң өмiршеңдiгiне көз жеткiзiлдi;

– Журналист мамандарын даярлаудың жаңа «стандарты» айқындалды;

– Сөз бостандығы, жаңа технологиялық шешiмдер БАҚ-тың әлеуметтiк жауапкершiлiгi мәселесiн алдыңғы қатарға шығарды. Ақпараттан адамзатқа қауiп те төндi. Әсiресе, жеке құқық, мораль мен этика мәселелерiнде көп жайдың басы ашық қалып қоюда;

– Авторлық құқықтың сақталуы, деректi өзгертпеу, санаға қысым мен зорлық жасамау сияқты әлеуметтiк-психологиялық факторлардың мәнi арта түстi;

– Қазiргi журналистика тiл бiлiмi, әлеуметтану, қоғам тану, философия, саясаттану, психология, мәдениеттану, құқықтану, экономика, коммуникавистика, информатика сияқты ғылымдардың тоғысындағы әлеуметтiк институт екендiгi дәлелдендi;

– Бұқаралық ақпарат құралдарының даму үрдiстерi, оларда таяу жылдары орын алатын құбылыстар мен процестер айқындалды;

– Ақпараттық және компьютерлiк технологиялардың БАҚ-та қолданылуына қатысты қазақ тiлiнде тұңғыш рет жүйеге түскен құнды мағлұматтар ғылыми айналымға түстi.

Жұмыстың теориялық және методологиялық негiздерi ретiнде әлемдiк журналистика мен коммуникавистикада қалыптасқан теория мен тәжiрибе, белгiлi ғалымдар мен зерттеушiлердiң ой-пiкiрлерi, әлеуметтiк зерттеулер мен сұрау салулар, практикалық жұмыс тәжiрибесi мен оның нәтижелерi қарастырылған. Мұнда журналистика, әлеуметтану, психология, саясаттану, экономика ғылымдары бойынша жарық көрген БАҚ-қа қатысты қазақ және орыс тiлiндегi арнаулы әдебиеттер мен ғылыми жарияланымдар пайдаланылды. Диссертациялық зерттеудiң методологиялық негiзiн құрылымдық-функциональдi, салыстырмалы және мәндiк талдау тәсiлдерi мен детерминизм принциптерi құрайды.

Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтi құжаттары, «Қазақстан-2030» бағдарламасында көзделген мемлекетiмiздiң даму стратегиясы, ондағы ашық демократиялық қоғам құру, әлемдiк интеграцияға кiрiгу, жаңа ақпараттық инфрақұрылым түзу мақсат-мұраттары да басшылыққа алынды.

Егемен Қазақстанның тәуелсiз саясатын қалыптастырып, әлемдiк интеграцияға енуiнiң, iшкi саясаттың шешушi факторларын орнықтырудың проблемалары мен мiндеттерiне арналған Н. Назарбаевтың/58/, Ә.Кекiлбайұлының/59/, Қ.Тоқаевтың/60/, И. Тасмағамбетовтың/61/, Ә. Нысанбаевтың/62,63/, Е. Қаринның/64/ және басқалардың еңбектерi басшылыққа алынды.

Қазақ журналистикасының теориясы мен тәжiрибесiн қалып-тастырған ғылыми еңбектер зерттеудiң методологиялық негiзi ретiнде қарастырылды. Солардың қатарында белгiлi ғалымдар Т. Амандосовтың/65,66/, М. Барманқұловтың/67,68/, Қ. Бекхожиннiң/69/, Ш. Елеукеновтың/70/, Т. Қожакеевтiң/71/ еңбектерi сараланды. Журналистика мен публицистика мәселелерiне арналған Т. Бекниязовтың /72/, Б. Жақыптың /73/, Д. Жамбыловтың /74/, С. Қисымовтың/75/, Д. Назарбаеваның/76/, Қ. Сақтың/77/ ғылыми еңбектерi де қарастырылды.

Терминдер мен жаңа ұғымдарды қолдануда Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясы бекiткен қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық Информатика және есептеуiш техника/78/, Жалпы техника және полиграфия/79/, Әдебиет және лингвистика/80/ салаларындағы сөздiктер басшылыққа алынды.

Еңбектiң теориялық және практикалық мәнi. Зерттеу нәтижесiнде келтiрiлген дәлелдер мен жасалған қорытындыларды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ақпараттық және қауiпсiздiк саясатының жаңа тұғырнамаларын жасауда, БАҚ туралы заңдарын жетiлдiруде, техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруда пайдалануға болады. Бұл еңбек БАҚ менеджерлерiне, журналистерге бүгiнгi ақпараттық революцияның жетiстiктерi мен даму үрдiстерiн ашып көрсетедi, оның тиiмдiлiгiне көз жеткiзедi. Жергiлiктi баспасөз бен электронды ақпарат құралдарын ұйымдастыру, техникалық жарақтандыру, кадрларды оқыту сияқты шараларды тиiмдi шешуге бағдар бере алады.

Ғылыми орта ақпараттық және компьютерлiк технологиялар туралы жүйеге түскен құнды мағлұматтарға ие болады.

Ғылыми жұмыстың қорытындылары мен ұсыныстарын БАҚ өздерiнiң күнделiктi iс-тәжiрибелерiнде, ал ақпараттық салада мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары бiлiм беру жүйесiнде пайдалана алады. Соның iшiнде, журналистика мамандығы бойынша арнайы курстар мен пәндер, журналистердiң кәсiби бiлiктiлiгi мен сауаттылығын көтеруде семинарлар мен курстар ұйымдастыруға негiз бола алады.

Зерттеу әдiстерi. Жұмыста баяндау, шолу, тарихи-салыстырмалы талдау, жинақтау, қорыту әдiстерi қолданылды. Зерттеудiң негiзгi бағыттары филологиялық, социологиялық, психологиялық және публицистiк сипатта өрбiтiледi.

Зерттеу көздерi ретiнде соңғы он жылда Қазақстан БАҚ-да қалыптас-қан жағдай қарастырылды. Бұл диссертациялық еңбекте республикалық ұлттық басылымдардан бастап, аудандық газеттер мен Қазақ радиосы және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс тәжiрибесi қарастырылып, оларда қалыптасқан инфрақұрылымдық өзгерiстер кешендi түрде ғылыми айналымға енгiзiлдi. Сондай-ақ, мұнда ақпараттық технология-лардың дамуына қатысты басқа да салалар ғалымдары мен қоғам қайраткерлерi, БАҚ жетекшiлерi, жазушылар мен публицистердiң баспасөз бетiндегi жарияланымдары талданып, таразыланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының, ҚР ҰҒА мен әл-Фараби атындағы ҚазМУ ғылыми кiтапханаларының материалдары мен қорлары пайдаланылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет