Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет6/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Экономикадағы ғаламдастыру: осыған байланысты мемлекет-аралық корпорациялардың баспа нарығында жұмыс iстеуi қай бағытта өрбидi?

Конвергенция: Батыс Европа елдерiнде қандай экономикалық өсiм болады, олардың өзара кiрiгуi қандай сипатта ұласады?

Әлеуметтiк-экономикалық факторлар: болашақта баспа өнiмдерiн тұтынатын тұрғындардың саны және отбасы құрамы қандай болады?

Өндiрiстiк құрылымы: баспагерлер, қағаз өндiрушiлер, жабдық шығарушылар арасындағы қарым-қатынас қалай түзiледi?

Өткеру құрылымы: Интернет пен интерактивтi цифрлық теледидардың дамуы жағдайында өнiм қалай сатылатын болады?

Жарнамаға кететiн шығындар: Интернеттегi жарнама көлемi өскен жағдайда оның баспа өнiмдерiндегi үлес салмағы қандай болады?

Компьютерлiк технологиялар: компьютерлiк технологиялардың тез дамуы баспа саласына, соның iшiнде цифрлық басуға қалай әсер етедi?

Телекоммуникациялық технологиялар: осы саладағы озық технологиялар өмiр салтына қалай әсер етедi?

Интернет баспа көзi ретiнде: қандай бағытта дамитын болады?

Интерактивтi цифрлық теледидар: күнделiктi өмiрде қандай орын алады және тауар сатылуына ықпалы қандай болады?

Интернет қарым-қатынас құралы ретiнде: ол бәсекелестiктiң өскен жағдайында клиенттермен қарым-қатынасқа қаншалықты әсер етедi?

Электронды сауда: дәстүрлi саудадан виртуальды сауда жасауға көшу қалай жүзеге асырылады?

Басу процестерi: ол қалай өзгередi және өнiмдiлiк пен пайдаға қалай әсер етедi?

Цифрлық басу: қайда қолданылатын болады, өнiм өткеруге ықпалы күшейе ме?

Шағын баспа: кiшi офистер мен үй жағдайында бастыру көлемi Үлғая ма?

Салмақтың өзгеруi: тұтынатын қағаздың салмағы өзгеретiн болса, тиiсiнше басу машиналары мен бояуларындағы өзгерiс қандай болады?

Қоршаған ортаның проблемалары: қағаз өндiрiсiндегi ескi технологиялар, олардың қалдығы нарыққа қалай әсер етедi, экологиялық ахуал қалай қалыптасады?

Мағлұматтар көзi: бизнес үшiн олар болашақта қаншалықты маңызға ие болады?

Мiне, осындай құнды факторлардың барлығын ескерген зерттеу жұмыстары таяу он жылда баспасөз тек дамитындығына, үлкен өзгерiстер, керi процестер бола қоймайтындығына сендiредi.

Ресей полиграфистерiнiң кәсiби «Publish» журналында жарық көрген мына бiр деректер де соны айғақтай түседi: қазiр елдегi редакциялық-баспа Үйымдарының саны 80-шi жылдардың аяғындағымен салыстырғанда 100 есе асып түседi, барлық баспа өнiмдерiнiң үлес салмағы төмендегiдей: газеттер – 38%, кiтаптар – 15%, журналдар – 7% және басқа өнiмдер – 40 %-ға жуық./99/

«Жаңа» журналистиканы «ақпарат – билiк көзi», «әлемдi ақпарат сақтап қалады» деген пiкiрлер толықтырып, отқа май құйғандай ойкөкпарын қыздыра түсуде. Оған американдық коммуникавистиканың аталары Уильям Риверс пен Уилбур Шрамның мына пiкiрлерi де ұйтқы болды: «Жартылай өткiзгiштердiң, лазердiң және сәулелi талшықтардың ашылуынан бұқаралық байланыс құралдарының дамуында сапалы өзгерiстер жүзеге асты және қоғамдық-саяси өмiрдегi салмағы артты, олардың экономикаға, тұрмысқа, демалысқа, бiлiм алуға, саяси өмiрге тигiзер әсерi күшейiп, жаңа дәуiр – «медиакратия» орнығады да, билiк демократиядан медиаға, яғни байланыс құралдары мен ақпаратқа көшедi»./27, с.215/

Осынау ауқымды мәселе дүниежүзi халықтарының мәдени және рухани дамуын мақсат тұтқан ЮНЕСКО назарынан да түскен емес. Оның тарапынан ұдайы қамқорлыққа, осы мақсатқа ең үздiк ғалымдардың ақыл-парасатын жұмылдырып отырғанына куәмiз. ЮНЕСКО үшiншi мыңжылдық қарсаңында өткiзген алқалы ғылыми конференцияға қатысып қайтқан ЮНЕСКО профессоры Намазалы Омашұлы мынадай тұжырым айтады: «…ЮНЕСКО осыдан келiп, үшiншi мәселенi қойып отыр. ХХI ғасыр бiлiм билiк құратын ғасыр болуы керек. Бұрын билiк идеологияның, қарудың қолында болды, ендi бiлiмдiлердiң қолына көшу қажеттiгi конференцияда басты мәселеге айналды. Ол үшiн бiлiм берудiң дүниежүзiлiк стандартын жасау керек»./11, 164-б./

Әлемдiк өркениет өрiсi осындай – ғылыми-техникалық прогресс жетiстiктерi адамзат мүддесiне қызмет етуi тиiс, сонымен бiрге әр адамның жеке рухани сұраныстарын, ұлттың, этностардың, шағын топтардың мүддесiне де жауап берiп, олардың үйлесiмдi дамуына, өркендеп өсуiне жағдай туғызуы тиiс. Гуманизм мен жоғары жауапкершiлiк принциптерi салтанат құруы үшiн бiлiм ең басты қару болып табылады.

ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та бұқаралық ақпараттық байланыстардың техникалық құралдары мен гуманитарлық функцияларын зерттейтiн жаңа ғылым қалыптасты. Оның дүниеге келуiне электронды-коммуникациялық революция ықпал еттi және жеке академиялық пән ретiнде ол жедел дами бастады. Ол туралы ғалым Л. М. Землянова былай дейдi: «Журналистикамен салыстыра келiп қоғам танудың осы жаңа бiр саласын коммуникавистика деп атаған дұрыс болар. Өйткенi, ағылшын тiлiнде коммуникация сөзi көп мағынаны бередi және ақпаратты таратуды да қамтиды. Мұндай полисемиялық жаңа ғылымның негiзгi мән-мағынасына қайшы келмейдi және белгiлi бiр дәрежеде оның энциклопедиялық кең сипатын аша түседi»./27, с.3/ Сонымен, шетел ғалымдарының пiкiрiнше, жаңа коммуникавистика ғылымы кең ауқымды қоғамдық қарым қатынастарды, ойды, мағлұматты, жаңалықты беру мен жеткiзудiң технологиясы мен құралдарын, ондағы компьютерлiк, телекоммуникациялық құралдардың рөлi мен ықпалын және осы қатынастардың әлеуметтiк-саяси, психология-лық, гуманитарлық себеп-салдарын, жауапкершiлiгi мен болашағын зерттейдi. Яғни, зерттеу обьектiсi жағынан журналистиканың ауқымынан шығып, басқа да қоғамдағы қарым-қатынас факторларының жиынтығы ұғымын бередi.

Жаңа ақпараттық технологиялардың бұқаралық ақпарат құралдары саласына енгiзген жаңалықтарын төмендегiдей тұжырымдауға болады.

Журналистикадағы жаңа белгiлер ретiнде мыналарды көрсетуге болады:

- Компьютер орасан мағлұматтарды (соның iшiнде ақпаратты) өз жадында сақтап, өңдеуге, қарауға және екiншi бiр компьютерге жеткiзуге мүмкiндiк бердi;

- Интернет ақпарат тарату мен алуда кедергi мен қашықтықты, уақыт пен кеңiстiктi бiлмейтiн ауқымды арнаға жол ашты;

- жаңа ақпараттық технологиялар дәстүрлi БАҚ құралдарына еркiн кiрiгiп, қатар өмiр сүруiне, бiр-бiрiн толықтыруына мүмкiндiк жасады;

- Газет-журналдар, радиотелеарналар бiр бағытта аудиторияға ақпарат таратса, Интернет көмегiмен керi байланысқа, интербелсендiлiкке қол жеткiзiлдi;

- Ақпараттар тасқыны iшiнен әркiм өзiне қажеттi мағлұматты iрiктеп, сүзiп алуына мүмкiндiк туды;

- Телерадиоарналар уақытқа тәуелдi хабар тарататын болса, газеттер сатып, немесе жаздырып алып оқуды қажетсiнсе, Интернет кез-келген уақытта, кез-келген жағдайда ақпаратқа жол ашты;

- Тек желiлiк БАҚ, мультимедиа дүниеге келдi, олар өте жылдам ақпарат тарату, қажеттi мағлұмат алу көзiне айналды;

- Баспа iсiнде, телерадиохабарларын даярлау және таратуда цифрлық технологиялар кең қолданысқа ие болуда, ол жаңа сапалық көрсеткiштерге жеткiздi;

- Журналистiң жаңа жұмыс iстеу тәсiлi қалыптасты, желiлiк стиль қашықтыққа қарамастан ұдайы редакциямен байланыста болуға, тапсырма алып, орындауға жол ашты;

- Электронды құжат айналысы, қашықтықтан сауда жасау ұғымдары қалыптасты;

- Журналист аудиториямен, әрiптестерiмен қарым-қатынас орнатуда, өз бiлiмiн толықтыруда, кеңес алуда, ойларын талқыға салуда жаңа құрал тапты;

- Қашықтан оқу технологиясы қалыптасып, бiлiмiңдi көтерудiң, өмiр бойы оқудың жаңа көкжиектерi ашылды.

Бүгiнгi таңдағы қоғамдық процестер ауқымдылығы мен тереңдiгi жағынан әр түрлi және зерттелу деңгейi де әртүрлi. Сонымен бiрге орасан пiкiр алшақтығы да байқалады. Сөйте тұра ортақ тұжырымдар мен ұстанымдар да айқын байқалады. Ақпараттық қоғам идеясы барған сайын кең қолдау тауып, қанатын кеңге жая түсуде және ондағы бұқаралық ақпарат құралдарының орны айқындалып, бедерлене түстi. Ол қоғамдық қатынастардағы маңызды күшке айналып қана қоймайды, оның болашағы үшiн үлкен жауапкершiлiк жүктейдi, әсiресе, адамның санасын қалыптастыру мен ой-өрiсiн дамытуда, оның мәдениетi мен бiлiмiн көтеруде, қоғам мен ғалам, ұлт пен аймақтар, әлеуметтiк топ пен жеке тұлға арасында үйлесiмдiлiк пен қолайлы климат тудыруда жетекшi жасампаз факторға айналады. Қазiргi заманғы журналистиканың адамзат болашағы үшiн күресетiн прогресшiл күшке, алға сүйрейтiн доңғалаққа, қоғамдық күштердi бiрiктiретiн ортаға, iзгiлiктi тарататын құралға айналуы заңды. Өйткенi, оның коммуникативтi мүмкiндiктерi өте кең және пәрмендiлiгi аса жоғары.


1.2 Қ а з а қ с т а н д ы қ Б А Қ – ж а ң а к е ң i с т i к т е

Қазақстан он жылда тоталитарлық жүйенiң сеңiн бұзып, әлемдiк өркениет көшiне iлесуге, ашық демократиялық саясат жүргiзуге бет алды және бҮл бағытта үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Қоғаммен бiрге бұқаралық ақпарат құралдары да түбегейлi өзгердi. Ең бастысы, Қазақстанда өркениет талаптарына жауап беретiн заңды-құқықтық база жасалды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында «1. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады. 2. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар…»/100/ делiнген. Яғни, азаматтардың сөз, пiкiрiн айту бостандығы Ата Заңымызда басты қағидалардың бiрi ретiнде тасқа таңба басқандай жазылып, мемлекет тарапынан қорғалуда. Бұл тұжырымдар Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңында да таратылып көрсетiледi: «2-бап. Сөз, ақпарат алу және тарату бостандығы. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тиым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады. 2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi»./101/ Сонымен бiрге, БАҚ дамуына ашық нарық саясаты, iс-әрекет бостандығының берiлуi де оңды әсер еттi. Журналистердiң психологиясы түбегейлi өзгердi, жаңа еңбек қатынастарының алғышарты түзiлдi, жекеменшiктiк орта қалыптасты. Қазақстан журналистикасындағы өтпелi кезең артта қалды деп ой тұжырымдауға болады.

БАҚ дамуының алғышарттары мен белгiлерi мыналар:

- жаңа БАҚ ашу тiркеумен ғана шектелдi, сөз бостандығына жол ашылды;

- әлемдiк ақпараттық ортаға интеграциялану күшейдi;

- мемлекеттiк монополия жойылды;

- жекеменшiктiк қатынас және бәсекелестiк орнықты;

- баспа, техника мен технологиялар, шикiзат, құралдар нарығы қалыптасты;

- жаңа мамандар: менеджерлер, журналистер, баспагерлер, режиссерлер, продюсерлер, жарнама және басқа да БАҚ-қа қызмет ететiн салалар мамандары қалыптасты;

- инновация сапалық көрсеткiштерге алып келдi: ақпараттардың ұшқырлығы артты, газет-журналдардың мазмұнымен қоса полиграфиялық сапасы жақсарды, жаңаша дизайн қалыптасты, қарiптердi кең, әрi құбылта пайдалану жүзеге асты, суреттер көп қолданыла бастады, жаңа типтi фотоколлаждар дүниеге келдi, безендiру элементтерi байытылып, көркемдеу стилi мен бағыттарының сан түрi қолданысқа ендi;

- телерадиохабарларын даярлауда да жаңа технологиялар кең шығармашылық мүмкiндiктерге жол ашты;

- жұмысты ұйымдастырудың жаңа формалары мен әдiс-тәсiлдерi өмiрге жолдама алды;

- Интернет пен электрондық почта кең қолданысқа енiп, БАҚ-тың шекарасын кеңiтуге ықпал еттi, ақпараттық желiлiк Веб-сайттар дүниеге келдi;

- жарнама саясаты түбегейлi өзгердi;

- жаңа БАҚ қожайындарына табыс әкелетiн бизнес көзiне айналды.

Ақпараттық технологияларды дамыту Қазақстан Республика-сының даму стратегиясында қарастырылған жетi басым бағыттардың бiрi болып саналады. Оның «Инфрақұрылым» бөлiмiнде мына мiндеттер қойылады: «Ақпараттық технологиялар, оның басқа түрлерiмен салыстырғанда, өз мәнiсi жағынан неғұрлым «көпшiл» әрi икемдi бола отырып, бизнестi, экспорттық қызметтi дамытуға және экономиканы орталықсыздандыруға барынша жәрдемдеседi. Олар Үлттық экономикаларды шоғырландырады және аймақтың ауқымын кеңейте отырып, әлемдiк экономикалық байланыстарды нығайтады.

Сонымен қатар телекоммуникациялар жаңа жұмыс орындарын бере отырып, ауылдық және қалалық аймақтардың арасындағы экономикалық көшi-қонды азайта отырып, әлеуметтiк салалардағы кереғарлықтар мен келеңсiз құбылыстарды азайтуға барынша жағдай жасай алады. Ақпараттық технологиялардың денсаулық сақтау мен бiлiм беру салалары үшiн, сондай-ақ айналадағы ортаны жақсарту үшiн маңызына баға жеткiсiз.

Баршаның пайдалануы ортақ әрi толығымен iске қосылған телекоммуникациялық жүйенiң келесi бiр жақсы жағы – жолдың ауырлығына, жекелеген аймақтардың алыстығына және жолаушы тасымалы бағасының қымбаттығына қарамастан, күллi жұртқа ақпарат алуға мүмкiндiк беретiн кепiлдiгiнде жатыр»./1, 73-б./ Яғни, Қазақстанның аймақтық ерекшелiктерiн ескерiп, оларды жақындастырудың бiрден-бiр мүмкiндiгi ретiнде жаңа технологиялар қарастырылады.

Ендi бүгiнгi ақпараттық технологиялардың құрылымын талдап көрейiк:

Жаңа ақпараттық технологиялардың дiңгегiн дербес компьютер құрайтындығын осы сызба айқын көрсетедi. Компьютерлер бiрнеше даму сатысынан өтiп, бүгiнгi таңда ақпараттық қоғам маманының негiзгi жұмыс құралына айналды. Ол редакцияларда атқарылатын жұмыстардың бәрiне кiрiгiп, кең тарап отыр және автоматтандырылған жұмыс орнын ашты. Егер редакция оның мүмкiндiктерiн толық пайдаланатын болса, мына жұмыстардың барлығы компьютер функциясына кiрiп, үлкен кешен түзедi:

- компьютер материалдарды басу, түзу, түзету мен редакциялау, сақтау құралы ретiнде пайдаланылады;

- суреттер мен фотолар сканер арқылы, немесе цифрлы фотоаппараттан компьютерге енгiзiлiп, өңделедi;

- деректер мен есiмдердiң, жағрафиялық атаулардың дұрыстығын күнi бҮрын түзiлген деректер базасы арқылы тексерiледi;

- компьютер арқылы бiр тiлден екiншiсiне аударма жасалады, орфографиялық қателер түзетiледi және басқалар;

- Интернеттен сырттан ақпарат алынады, әлемде болып жатқан өзгерiстерден хабардар болып отырады, басқа басылымдармен танысады;

- электрондық почта арқылы сырттан хаттар алынады, аудиториямен екi жақты байланыс орнатылады, электронды құжат айналымы қамтамасыз етiледi;

- қазiргi заманғы байланыс құралдары арқылы журналистер редакцияда болып жатқан барлық өзгерiстердi кез-келген жерде бiлiп отырады, нөмiр жоспарына, өз мiндетiне дейiн қанығады;

- iшкi және сыртқы желiлер арқылы мағлұмат алмасады, яғни файлдар еркiн кеңiстiкте көшiп жүредi;

- редакцияның жұмыс жоспарына сай компьютерде беттеу және безендiру шаралары жүзеге асырылады;

- жұмыс нәтижесi лазерлiк принтер арқылы қағазға басылып, қателерi шығарылып, олқылықтары түзетiледi;

- газет, не журналдың оригинал-макетi не мөлдiр пленкамен, не электронды түрде баспаханаға көбейтуге жiберiледi;

- редакцияның есеп-қисап жұмыстары да компьютерлер көмегiмен жүргiзiледi;

- журналистер кәсiби қызметiнде дүниежүзiлiк және ұлттық ақпарат көздерiн пайдаланады;

- Интернет арқылы да ақпарат таратуға, ой бөлiсуге, сөйлесуге, бейнесiн көруге мүмкiндiк алады және басқалар.

Баспа өндiрiсiнiң талаптарына жауап беретiн компьютер және периферияның техникалық сипаты, құрылымы мен деңгейi туралы арнайы қосымша түзiп, мағлұматтарды салыстырып отырмыз.

Осы тұрғыдан алғанда қазiргi журналистика ғылымдардың тоғысында тұр, ол математиканы да, электрониканы да, әлеуметтануды да, психологияны да, тiл бiлiмiн де, семиотиканы да қамтиды. Журналист еңбегi жаңа сипатқа ие болды. Қазiргi заманғы журналистiң бiлiмiне, кәсiби бiлiктiлiгiне қойылатын талаптар күшейдi, оның қоғамтанудан, психологиядан, логикадан, эстетикадан, электроникадан хабары болуы бәсекелестiк ортада қадiрлi мамандық иесi болып танылуына көмектеседi.

Компьютер – электронды есептеу машинасы және оның есептеу қуаты кез-келген операцияны бағдарламалар арқылы жүзеге асыратыны белгiлi. Қазiргi уақытта баспа-редакциялық жұмысқа қатысты компьютерлiк бағдарламалардың саны өте көп және олар қарапайым мәтiн теруден бастап, автоматты беттеу, орфографиялық қателерiн көрсету, бiр тiлден екiншiсiне аудару, безендiру, фотосуреттермен көркемдеу, түрлi түске бөлу сияқты күрделi мiндеттерге дейiн оңай, әрi жедел шешiп беруге көмектеседi. Иә, ол барлығын атқарып, тындырып бермейдi, тек көмектеседi. Өйткенi, ол операцияларды басқарып, параметрлерiн берiп, реттеп, не шектеп отыратын адам, оның ақыл-ойы, кәсiби машығы болып табылады. Компьютер күнделiктi журналист атқаратын бiрiздi, машақатты, екiншi қатардағы мiндеттердi жүйеге түсiруге, тиiмдi басқаруға көмектеседi. Оның басқарушысы да, жетекшiсi де адам – бiлiктi маман болып қала бередi. Журналист меңгеретiн, бiлуге мiндеттi бағдарламалардың саны аса көп емес, оның үстiне қазiргi компьютерлiк бағдарламалардың интерфейсi обьективтi бағытталған деп есептеледi, мҮның өзi бiрнеше бағдарламаны жетiк меңгерген адамның, келесiлерiне оңай ауысып, басқарып кетуiне негiз жасайды. Мұның өзi соңғы бес-алты жылдың жетiстiгi, өйткенi, 1993-94 жылдары бағдарламалардың тапшылығынан, әрi меңгеруге күрделiлiгiнен бiраз қиындықтарға кез келгенiм бар. Редакцияның қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшiн ондаған бағдарламалардың операцияларын, функцияларын жатқа бiлуге, қолмен теруге мiндеттi болатынсың. Ал, қазiргi суреттi-бастырмалы интерфейс бәрiн көз алдыңа тiзiп қойды, ноқаттарды басу, не менюдi ашу арқылы кез-келген мiндеттердi атқара бересiң. Мұның өзi де жаңа технологиялардың кең тарауына ықпал еткен маңызды факторлардың бiрi болды.

Әлемдiк нарықта шағын баспа жүйесi (настольно-издательская система) деп аталатын компьютерлiк бағдарламалар индустриясы қалыптасты және ол кешен газет-журнал редакциялары мен баспаларда, ақпарат және жарнама агенттiктерiнде, теле және радиоарналарында кең танымал, басқа да техникалық құралдарымен қатар күнделiктi жұмысында пайдаланылуда.

Қазiргi журналистикада қолданылатын компьютерлiк бағдарламаларды олардың атқаратын мiндеттерiне қарай төмендегiдей топтастыруға болады:



Операциялық жүйелер – компьютердiң негiзгi басқару жүйесi, басқа бағдарламалардың жұмыс iстеуiне негiз қалайды. Қазақстанда кең тараған бағдарламалардың қатарында Windows операциялық жүйесiн қарастыруға болады. Макинтош типтес компьютерлер бiзде өте сирек кездеседi.

Текстiк редакторлар – мәтiн теруге, түзетуге, редакциялауға және сақтауға көмектеседi. Олардың iшiнде бiзде жиi қолданылып жүргенi Microsoft Word бағдарламасы. Сонымен бiрге түрлi орфографиялық, басқа да қателерге көрсететiн көмекшi бағдарламалар да кең тарап отыр.

Векторлық редакторлар – әртүрлi безендiру элементтерiн, таңбалар мен қарiптердi кеңiстiкте өзгертуге, көркемдеуге мүмкiндiк беретiн бағдарламалар. Олар газет-журналдардың фирмасын, тақырыптары мен айдарларын, тауарлық белгiлердi, логотиптердi жасауда кең қолданылып жүр. Мұның бiр мысалы ретiнде Corel Draw бағдарламасын қарастыруға болады. Осы типтес бағдарламалар қатары өте көп болғандықтан әр редакция өз қалауынша басқаларын да пайдалануы мүмкiн.

Графикалық редакторлар – фотосуреттердi компьютерге енгiзуден бастап, оларды көркемдеу, әртүрлi ақауларын жою сияқты күрделi операцияларға дейiн жүзеге асыратын бағдарлама. Бiрнеше суреттi бiрiктiрiп фотоколлаждар жасауда соңғы кездерi газет-журнал редакцияларында кең танылып отыр. Сол бағдарламалардың iшiнде әлемдiк полиграфия мамандары стандарт ретiнде қабылдаған Adobe Photoshop-ты атауға болады.

Беттеу бағдарламалары – дайын текстер мен суреттердi газет, не журнал форматына орналастыру, безендiру, тақырыптарын, айдарларын бөлу сияқты барлық жұмыстарды атқарып, оригинал-макет алуға мүмкiндiк бередi. Газет-журнал өндiрiсiнiң кәсiби бiлiктiлiгi де осы бағдарламаларды ұтымды пайдаланудан көрiнедi. Қазақстандық редакцияларда көбiне Adobe Page Maker бағдарламасын қолданады, сонымен бiрге сирек те болса Quark Press кездесiп қалады.

Интернет бағдарламалары – дүниежүзiлiк компьютерлiк желi ақпараттарын алу, iздеу сияқты операциялармен қатар хат жазу және алу, желiде сөйлесу, конференцияларға қатысу мүмкiндiктерiн бередi. Соның iшiндегi аса маңыздысы Microsoft Internet Explorer бағдарламасы, ол Интернеттегi көздердi тауып, ашып оқуға, көшiрiп алуға, сақтап қоюға барлық жағдайлар жасайды. Microsoft Outlook бағдарламасының электрондық почтаны басқарудан басқа да жұмысты жоспарлау, адрестер тiзiмiн жасау тәрiздi көптеген қосымша, көмекшi мiндеттерi бар. Интернеттiк бағдарламалардың қатары күн өткен сайын толыға түсуде, солардың iшiнде интернет-телефон, чаттарды басқаратын жаңа көмекшi құралдар көптеп саналады.

Мультимедиа бағдарламалары – дайын өнiмдер жасау мен безендiрудiң таптырмас құралы болып табылады. Веб-дизайн жасау бағдарламаларымен терең астасып жатқандықтан, бiрiн-бiрi толықтыра түсетiндiктен бiр топта қарастыруға болады. Microsoft Front Page бағдарламасы Интернет беттерiн түзу, тексеру, гиперсiлтемелер жасау, қашықтықтан басқарудың маңызды инструментi ретiнде танымал. Электронды оқулықтар мен қашықтан оқыту бағдарламалары, тесттер мен анықтамалықтар да осы топтың бағдарламалары көмегiмен дүниеге келедi.

Бұдан басқа да қазiргi заманғы журналистке көмекшi бағдарламалар керек. Олар қажет мағлұматын оңай тауып алуға, бiр жүйеге түсiруге, компьютердi сырттан бүлдiруден қорғауға және басқа да әртүрлi техникалық мiндеттердi шешуге көмектеседi. Соның қатарында қарiп жасау бағдарламалары да бар, оның көмегiмен басылымның өзiне ғана тән ерекше стилiн, қарiптiк ерекшелiгiн iс жүзiнде қалыптастыруға болады.

Қазақстанда көбiне осы бағдарламалардың орыс тiлiндегi нұсқалары қолданылады. Ағылшын тiлiне жетiк мамандар түпнұсқасын пайдаланып жүр. Олардың арасында айта қаларлықтай айырмашылық та кездесе қоймайды. 90-жылдардың ортасында қазақ тiлiнде бағдарламалар жасау тәжiрибесi болғанымен нарықтық жағдайда кең қолданысқа ие бола алмай, оның барлығы тоқтап қалды. Мысалы, осы уақытта Уиндауз жаңа операциялық жүйесiнiң барлық функцияларын экраннан қазақ тiлiнде оқып, жұмыс iстеу мүмкiндiгi туды. Бұл жеке азаматтың бастамасы болса да, аса маңызды психологиялық фактор едi. Қазiргi заманғы компьютердiң басқару қабықшасын (оболочка) қазақ тiлiнде толық жүргiзуге болатындығын дәлелдеп кеттi. Мұнымен де компьютердегi қазақ тiлiнiң проблемалары шешiле қойған жоқ. Әсiресе бiздiң әрiп ұяларындағы сәйкессiздiгiмiз орасан зардап шеккiзiп отыр. Осы себептi де дүниежүзiлiк Интернет жүйесiнде қазақ тiлiнде мағлұматтар мүлде жоқ, газеттерiмiз өз электронды нұсқаларын әлемге тарата алмайды.

Қазақ тiлiнде қазiр электронды сөздiктер, Microsoft Word бағдарламасында орфографиялық қателердi көрсететiн көмекшi құралдар дүниеге келдi. Бiрақ, мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңiтудегi оңды бастамалар коммерциялық табыс әкелмейтiндiктен, көбiне аяқсыз қалып қоюда, ұдайы жетiлдiрiлiп отырмайды. Ал, әлемде компьютерлердiң күш-қуаты ғана артып отырған жоқ, бағдарламалар да күн сайын өсiп, дамып келедi, әр жыл сайын жаңа версияларының дүниеге келуi заңдылыққа айналды.

Осыдан келiп компьютерлiк бағдарламалар саласында Қазақстанда қалыптасқан мынандай проблемаларға назар аударуымыз керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет