Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет7/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Бiрiншi, қазақ тiлiндегi бағдарламалардың нарықта өз жолын таба алмауы, сұраныстың жоқтығы, сондықтан жетiлдiрiлмей қалып қоятындығы.

Екiншi, қазақ әрiптерi ұяларындағы сәйкессiздiк тауқiметi. Шетелдiк мамандарға компьютерде қазақ әрiптерiмен терiм жасаудың оннан аса стандарты қалыптасқандығын түсiндiре алмайсыз. Өйткенi, олар үшiн бұл тым ақылға симайтын ұғым. Компьютер әмбебап құрал болғандықтан бұра тартудың қаншалықты қажетi барлығын қазақтардың өздерi де түсiне алмай келедi. Осының салдарынан қазақ тiлi Интернет әлемiне шыға алмай-ақ келедi. Ол тұрмақ бiр мекемеде терген мәтiнiңiздi екiншi бiр жерде қазақша оқу мүмкiн болмайтыны да жиi кездеседi. Мұның барлығы қазақ әрiптерiнiң ұяға орналасуы әртүрлi болғандығынан орын алуда. Оның мәнiне қосымшадағы деректер арқылы көз жеткiзуге болады.

Компьютер өмiрiмiзге алғаш араласа бастаған кезде, қазақша теру қажеттiгi туындап, әрiптер жасауға сұраныс күшейдi. Осыны пайдаланған әр фирма өкiлдерi көрпенi өзiне қарай тартуға ұмтылып, өз стандартын қалыптастыруға тырысты. Мүмкiн, ол бүкiлқазақстандық стандартқа айналса, сатып табысқа кенелемiз деген де ойдың болуы мүмкiн. Осының салдарынан ендi әрiпке сұраныс емес, артық жүк балластан құтылу тауқiметi күшейдi. Үкiмет болса бұл шаруадан тiптi де тыс қалды, бiр жүйеге түсiруге мүдделiлiк танытқан жоқ. Сөйтiп, ақпараттық ғасыр – жаңа мыңжылдыққа да қадам бастық, проблема сол күйiнде қалып қойды.

Рас, iлгерiлеу де жоқ емес. Қазақтың проблемасын қазақ емес, алыс Америкадағы мультимиллардер Билл Гейтстiң командасы шешiп бердi. 2000 жылы өмiрге жолдама алған Windows-2000 компьютерлiк басқару жүйесiнде қазақ әрiптерiмен жұмыс iстеу мүмкiндiгi қарастырылған. Ол дүниежүзiлiк Уникоде бiрыңғай стандартына негiзделген. Бұл стандарт жер бетiндегi барлық қарiп түрлерiн бiрiктiредi, оның көмегiмен араб өрнегiн де, жапон мен қытай иероглифтерiн де компьютерге түсiруге болады. Бiрақ бұл сәйкестiкке жету үшiн барлық компьютерде осы операциялық басқару бағдарламасы орнатылуы тиiс. Windows-2000-ның лицензиясы 180 АҚШ доллары тұрады. Ұрланған компьютерлiк бағдарламаларды пайдаланып, сҮраусыз дүниеге еркiнсiген қазақстандық компьютердi пайдаланушылар оны жаңартуға да асығатын емес. Қазақ iскерi Еркiн Қалиев басқаратын мәдениеттi қолдау қоры осы Уникоде стандартына сәйкес «Сөз көмек» бағдарламасын жасап, әр дискiсiн 28 доллардан ұсынуда. Оны да жапатармағай алып жатқан ешкiм жоқ, сөйте тұра Интернетте неге қазақша мағлұмат жоқ, компьютерлер неге бiр-бiрiн түсiнбейдi деп ренжимiз. Мәскеудегi ABBYY компаниясы жасаған Fine Reader 5 бағдарламасының (құны 99 доллар) қазақ тiлiндегi мәтiндердi қайта тану жолымен компьютер тiлiне осы стандартпен тамаша көшiретiндiгi де кең мүмкiндiктерге жол ашады. Осы iсте көшбасшы керек тәрiздi. Мысалы, баспа индустриясында үлкен орны бар «Дәуiр» газет-журнал баспасының төңiрегiндегi мерзiмдi басылымдардың барлығы бҮрынғы стандартынан айрылатын емес. Мүмкiн бастама төменнен басталса тиiмдi болар. «Дәуiр» сияқты алыптар бiр жүйеге түсiп, соны басқаларға таратса нұр үстiне нұр болар едi.

Осыған байланысты мемлекеттiк мекемелер араласып, Уникодеге көшудi заңдастыратын, мүмкiн болса мiндеттейтiн уақыт туды деп есептеймiн. Мысалы, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi өзiнiң жергiлiктi басқармаларын осы iске жұмылдырып, қозғаушысы мен жанашыры болуына еш кедергi жоқ қой. Керiсiнше, мемлекеттiк мүдде тұрғысынан қамқорлық болар едi. Осы жағдайда жүзiмiз жадырап, Интернет мұхитына да еркiн кiретiн боламыз, қазақ тiлi оның төрiнен орын алады.



Үшiншi, үлкен бiр мәселе қазақ тiлiнiң латын әлiпбиiне көшуiнен туындайды. Ақпараттық қоғам болашағы, технологиялардың үрдiс дамуы тұрғысынан қарасақ, көшудiң тиiмдiлiктерi айқын көрiнедi. Бұл жерде өткендегi бай мұрамыздан қара үземiз деп жалтақтаудың еш негiзi жоқ. Әңгiме жаңа әлiпбидiң сауатты ережесiн жасап, логикалық алгоритмiн дұрыс құруда, әрi қазақы дыбыстардың үндестiгiн сақтауда. Мұндай жағдайда қазiргi кезеңнiң компьютерлiк қуатымен оны тиiмдi жүзеге асыру көп шығынды да қажет етпейдi. Мысалы, бiлiктi компьютерлiк бағдарлама жасаушыға оның алгоритмiмен сүзгi (фильтр, кейде конвертор деп те атайды) жасау ет пiсiрiм уақытын ғана алады. Оны, мысалы, кең тараған Word бағдарламасына енгiзiп, iске қоссаңыз, бiр ноқатын басумен мәтiнiңiздi ескi кириллицаға, керi бассаңыз жаңа латыншаға ауыстырып беру мүмкiндiгiн қарастыруға болады, компьютерлiк тәжiрибеде бар нәрселер. Яғни, жүздеген оқулықтарыңызды компьютер бiрер сағатта жаңа әлiпбимен түзiп шығады.

Бұл мәселеде де Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң құзырлы өкiлеттiгi мен белсендi араласуы керек деп ойлаймын. Бiрiншi кезеңде ғалымдар, педагогтар, қоғам қайраткерлерi, зиялы қауым ортасында кең ауқымды сұрау салуға, сол арқылы қоғамдық пiкiрдi зерттеуге болар едi. Келесi ретте, тiл және компьютер мамандарының басын қосып, нақты ұсыныс, варианттар әзiрлеу, оны алқалы ғылыми конференцияда талқылау жөн тәрiздi. Дүниежүзi қазақтарының екiншi құрылтайына дейiн осы мәселе пiсiп жетiлсе, бiр тоқтамға келсе нұр үстiне нұр болып, компьютерлiк технологияларды еркiн пайдалануымызға кең жол ашар едi. Осы форумда тиянақты ой тұжырымдалып, мемлекеттiк шешiмдi қабылдауға ұсыныс жасалса, өркениеттi үрдiстегi оң қадамымыз болып, халықтың да көкейiнен шығатыны анық.



Төртiншi, компьютерлiк бағдарламаларды қолдануда авторлық құқық нормаларының сақталмайтындығы. Мамандардың пiкiрiнше, Қазақстанда қолданылып жүрген бағдарламалардың тоқсан пайыздан астамының лицензиясы заңдастырылмаған. Яғни, бұл бағдарламалар қарақшылық лазерлiк дискiлердiң көшiрмесi болып табылады, авторлық құқық нормалары сақталып, оларға тиiстi ақысы төленбеген. Бұл экономикамызға керi әсер ететiн маңызды факторлардың бiрi болып отыр. Өйткенi, компьютерлiк бағдарламаларды жаппай заңсыз пайдалану әлемдiк интеграцияға кедергi келтiрiп, жетекшi компьютерлiк фирмалар Қазақстан нарығында жұмыс iстеуге құлшыныс бiлдiрмеуде, сауда-саттық мәселелерiнде сенiмсiздiк туғызуда. Оның үстiне ол ұлттық ақпараттық қауiпсiздiгiмiзге де кесiрiн тигiзедi. Өйткенi, заңсыз алынған бағдарламалардың қалыпты жұмыс iстеуiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды, олармен бiрге вирустар тарауы, компьютерлiк мағлұматтар жойылып кетуi де мүмкiн. Мұның бiрден-бiр жолы редакциялардың компьютерлiк бағдарламаларды орнатуда арнайы рұқсаты бар фирмалармен жұмыс iстеп, заңды құқықтарды сақтауына мiндеттеу болып табылады. Ондай заң талаптары республикамызда қабылданған, тек соның қолданыс табуы орынсыз кешiгуде, өкiлеттi орындар оған мән бермей келедi.

Бесiншi, мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңiтуде жоғарыдағыдай кедергiлер жойылғанда ғана, адамдардың бойында сенiмдiлiк пен наным қалыптасады. Сонда ғана қабылданған шараларды жүзеге асыруға кең жол ашылады, адамдардың психологиясындағы өзгерiс қана қазақ тiлiн оқып-үйренуге, сөздiк қорын байытуға ұмтылдырады.

Алтыншыдан, белгiлi бiр стандарт қалыптасқанда ғана бухгалтерлiк есеп, статистика, банк операциялары тәрiздi күрделi мемлекеттiк маңызды шаралар қазақ тiлiне бейiмделетiн болады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң жетекшi маманы А. А. Шукенованың пайымдауынша, тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыру саласындағы қоғамдық зерттеулер мынандай нәтижелер берген:


«Ақпараттық қызмет түрлерiн пайдалану жиiлiгi
Түрлерi Мерзiмдiлiгi

Жарты жылда 1 рет Айына 1 рет Апта-сына 1 рет Апта-сына

2-3 рет Күн сайын Пайда-ланбай-мын

Кiтап оқу 12,2 18,3 16,9 15,7 21,0 3,9

Теледидар көру 1,2 0,9 3,1 10,3 80,1 0,9

Газет оқу 2,1 3,9 19,2 23,2 40,6 3,8

Интернет 2,3 2,4 2,1 1,6 2,9 66,6
Ақпараттық кеңiстiкте теледидар маңызды орын алып отыр. Қазiргi таңда қол жетерлiк, үнемдi және республика аумағын кең қамтығандықтан теледидар, магнитофон, бейнемагнитофон көпшiлiк қазақстандықтардың негiзгi ақпарат көзi болып табылады»./102/

Осы әлеуметтiк зерттеуде қазақстандықтар үшiн кiтаптың да маңызы зор екендiгi айқын көрiнедi. Бұқаралық ақпарат құралдарының бiрi ретiнде ол да жаңа ақпараттық технологиялардың әсерiнен көп өзгерiстерге ұшырады, әсiресе, безендiрiлуi мен техникалық деңгейi айтарлықтай жақсарды. Осы тұрғыдан мерзiмдi басылымдарда болған технологиялық өзгерiстер кiтап өндiрiсiне де ортақ деп есептеймiн, сондықтан ол бұл жұмыста жеке қаралмайды. Кiтаптың басты ерекшелiгi – мерзiмдiлiгiнiң шексiздiгi, форматы мен көппарақтылығында. Технологиялық өзгерiстер оны даярлаудан бастап бастыруға дейiнгi көп процестердi компьютер басқаруына ауыстырды, жұмыс циклi жаңа автоматтырылған сипатқа ие болды. Ал, кiтаптың да Интернет әлемiмен кiрiгуi жаңа шешiмдерге жол ашты: электронды кiтаптарды компьютер экранынан оқи аламыз, арнайы шағын құралдар да осындай басылымдарды жолда, саяхатта болсын оқуға мүмкiндiк бердi. Кiтап шығарушылар үшiн Интернет арзан да қолайлы жаңа қызметтер түрiмен танылды. Электронды сауда жолымен тарайтын кiтаптардың саны күн өткен сайын еселеп арта түсуде. Мұндай қызмет Қазақстанда да етек алуда. Интернет арқылы дүниежүзiнiң қай түкпiрiнде болсын шығып жатқан кiтаптар туралы мағлұмат алып отыруға болады. Электронды қашықтан кiтап жазу деген ұғым да қалыптасты: оған сәйкес белгiлi бiр автор өз кiтабын Интернетке орналастырып, ашық сюжеттер қалдырады, оқырмандарға оны толықтыру мүмкiндiгi берiледi де, көп болып кiтап аяғына дейiн жазып шығарылады. Осылайша әр түрлi жанрлар әуесқойларының сайттары, ақындардың Интернет беттерi, диспут бҮрыштары дүниеге келуде. Осы саладағы мына бiр технологияға да көптiң назары аударылуда. Ол «тапсырыс бойынша кiтап бастыру» (print on demand) деп аталады және нағыз демократиялық принциптердi басшылыққа алады. 90 доллар төлеп кез-келген адам, кез келген тiлде өзiнiң кiтабын, яғни көркем туындысын Интернет баспаға орналастыра алады, ол жалпы тiзiмге қосылады. Батыс елдерiнде iрi дүкендерде, кiтап сататын орындарда құны 100000 доллар шамасындағы арнайы басу қондырғысы жұмыс iстейдi. Осы жерде сiздiң тапсырысыңыз бойынша қалаған кiтабыңызды 5 доллар төлегеннен кейiн автоматты түрде бастырып, түптеп бередi. Алда да кiтап өндiрiсiн жаңа мүмкiндiктер мен тауқiметтер күтiп тұрғаны анық. Бұл әрине, жан-жақты зерттеулердi, терең талдауды талап етедi.

Елiмiзде болып жатқан өзгерiстерге баға беру үшiн «Жас алаш» газетiнiң iс-тәжiрибесiн алып қарайық. Осыдан он жыл бұрын республикалық комсомол ұйымының органы болып табылған жастар газетi бүгiн жалпыұлттық тәуелсiз, табысты басылымға айналды. Яғни, нақты сөз бостандығы мен iс-әрекет еркiндiгiне қол жеткiздi. Бұрын 200-ден аса адам еңбек етсе, қазiр 40 шақты қызметкер сол мiндеттi атқарып отыр. Нағыз жаңашылдық технологияда орын алды. Он жыл бұрын редакция машинкаға басылған қолжазбалар мен макеттi баспаханаға тапсыратын, газеттi беттеу мен басуға 10 адам қамтылған едi. Қазiр редакция баспаға көбейту үшiн дайын нұсқа-макеттi тапсырады. Өйткенi, газеттiң 20 компьютер, лазерлiк принтер мен сканерден тұратын өз компьютерлiк баспа орталығы құрылған. Әр журналист өз мақаласын бiрден компьютерде теруге мүмкiндiк алған. Барлық газеттi жоспарлаудан бастап, газет үлгiсiн алуға дейiнгi процесс редакцияның өз iшiнде жүзеге асырылады. Тiптi, газет бастыруда баспахананы таңдау тәрiздi мүмкiндiктерi де бар, яғни баспа iсiндегi бұрынғы монополия жоқ. Нарыққа байланысты жекеменшiк баспалар да қаулап өстi, олар кез-келген көлемдегi сұранысты қанағаттандыра алады. Мысалы, ұзақ жылдар бойы «Жас Алаштың» таралымын республикалық «Дәуiр» газет-журнал баспаханасы қамтамасыз етiп келдi. Ал, үстiмiздегi жылы оның қызмет көрсету ақысын тым жоғары деп есептеген редакция басшылары ендi газеттi басқа жерде «Алма-Медиа» баспа үйiнiң баспаханасында бастырып жүр. Оқырман ешнәрседен ұтылған жоқ, тiптi бұл жағына көңiл аудармаған да болуы мүмкiн. Ал редакция өз дербестiгiн, қаражатына мұқияттығын танытты. «Жас Алаш» газетi электрондық почтамен жұмыс iстейдi, Интернеттен ақпарат алады, өзiндiк жеке веб бетi де бар. Онда соңғы газет сандарын әлемнiң кез-келген нүктесiнен оқуға болады. Газеттiң беделi мен қоғамдық қатынастардағы орны өз алдына жеке тақырып. Қазiр «Жас Алаш» аптасына 161 мыңнан аса таралыммен тарайды. Бiрақ, осыдан он жыл бұрын «Лениншiл жастың» таралымы аптасына 1 миллион данадан асқан екен. Бүгiнгi қазақ тiлiнде тарайтын барлық газет-журналдардың апталық тиражы сол бiр басылымның деңгейiне жетпейтiн көрiнедi. Мұның өзi ақпараттық ортадағы үлкен тауқiметтi көрсетедi және қазақ басылымдарының мүмкiндiгi әлдеқайда жоғары екендiгiн дәлелдейдi.

Қазақ баспасөзiнiң болашағы туралы сыншы Әлия Бөпежанова жанашырлықпен былай деген екен: «Әлемдiк өркениетке көшiн бұрған Қазақстанның баспасөзi үшiн қазiргi қиын кезең артта қалып, ақпарат ең құнды байлыққа айналатын, ал журналистиканың жасампаздыққа, ел игiлiгiне, азаматтардың еркiн ақпарат кеңiстiгiнде күн кешiп, көкжиегiн кеңейтуiне қызмет етiп, еңбегi жоғары бағаланып, мәртебелi мамандыққа айналатын күн туар»./103/

Бүгiнгi БАҚ-та қалыптасқан жағдай ақпараттық және компьютерлiк технологиялардың орасан қоғамдық күшке айналғандығын, қоғамдық сананы қалыптастыруда рөлi арта түскендiгiн, жауапкершiлiгi де ұлғайғандығын көрсетедi, жұмысты ұйымдастыруда, ақпарат жинау мен таратуда жетекшi мәнге ие болғандығын шегелей түседi.

Ғалым А. Сәрсенбаев қазақстандық БАҚ-та қалыптасқан жағдайға талдау жасай келiп, ақпараттық нарықта үш субьект қалыптасқандығын баса көрсетедi: оқырман – редакциялық ұжымдар – меншiк иелерi (шығарушылар)./9, с. 122/ Мiне, осы үшеуiнiң ара қатынасы бiркелкi деп айту қиын, плюрализм басым. Нарық заңдылығына сәйкес ол қатынастардың тұрақтануы әр түрлi мерзiмге созылуы мүмкiн және Үдайы ұйып тұруы да мiндеттi емес. Қазақстанның ақпараттық нарығында динамикалық үрдiстер, нарықтық құндылықтар берiк орнықты. Осының өзi БАҚ-тың даму үстiнде екендiгiн көрсетедi.

Қазақстандық БАҚ-қа қатысты мына бiр проблеманың да мәнi зор. Ол меншiк иелерiне қатысты. Мемлекеттiк монополияның жойылуына байланысты, газет-журналдардың, телерадиоарналар-дың, баспалардың қожайындары да өзгердi. Өкiнiшке орай, осы арада демократиялық айқындылық принципi сақталды деп айту қиын. Әңгiме «сапалың басылымдар туралы болып тұр. Бұрыннан халыққа кең танымал БАҚ-тардың жаңа заңды формаларға көшкенiмен, кiм, қалай басқаратындығы, қаржы көздерi, жарнама бюджетi туралы мағлұматтар жоқ. Жабық акционерлiк қоғамдар мен әр түрлi бiрлестiктердiң аты қарапайым оқырман, көрермен, тыңдарманға еш мағлұмат бермейдi. Мұның өзi олар тарататын ақпараттың оқырман үшiн сенiмдiлiгiне тiкелей әсер ететiн фактор екендiгiн де ұмытуға болмайды. Бiздiң масс-медианың қандай топтарға, болмаса күштерге сүйенетiндiгiн, ақпарат көздерiн қайдан алатындығы мен техникалық және технологиялық мүмкiндiгiн бiлуiмiз өркениет талаптарына сай факторлар.

Қазақстандық БАҚ болашағы да әлемдiк факторларға байланысты. Керiсiнше, ашық саясат ол арақашықтықты жақындата түстi, кедергiлердi жойды. Сонымен бiрге, бiздiң БАҚ та өркениет болашағы үшiн жауапкершiлiктен сырт қала алмайды. Яғни, елiмiзде орын алып отырған қиындықтарды тез жеңуге, экономиканы көтеруге, экологияны, басқа да әлеуметтiк проблемаларды шешуге, халықтың бiлiмi мен мәдениетiн көтеруге, басқа да рухани сұраныстарын қанағаттандыруға, ғылыми-техникалық жаңалықтарды өмiрге енгiзуге ықпал етiп, қоғамдық күш ретiнде жауапкершiлiктi өзiне алғанда БАҚ-тың да беделi өсiп, танымалдығы арта түседi.

Әлемдiк журналистика мен Қазақстан БАҚ-ы бiр вектордағы құбылыс, оны бөле қарау немесе басқа да өлшем болуы мүмкiн емес. Қазақ журналистикасының эволюциясы осы бағытта қалыптасып келедi, оның нақты жемiстерi де көп күттiрмейтiнi анық. Оған бүгiнгi ғылыми-техникалық прогресс қарқыны да қосымша демеу берiп, қамшылай түсуде.

2. БАСПАСӨЗДЕГI ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҚАРУДЫҚ ТИIМДIЛIКТЕРI
2.1 А қ п а р а т т ы қ т ә у е л с i з д i к ж ә н е

г а з е т т i т а р а т у д а ғ ы Ү ш қ ы р л ы қ

Бүкiл дүниежүзiлiк газет ассоциациясы (WAN) жүргiзген зерттеулердiң нәтижесiнде 2000 жылы көп мемлекеттерде газет сатудың өсу үрдiсi байқалады, тiптi кей жағдайда жарнамадан түсетiн табыс едәуiр Үлғайған. Газеттер электронды медиа мен Интернет-сайттар ашқан жаңа мүмкiндiктердi пайдалана отырып, өз табысын арттыруға, бәсекелестiктi күшейтуге Үмтылуда. Рио қаласында өткен ассоциацияның конгресiнде WAN бас директоры Тимоти Болдинг мынадай пiкiрiн айтқан: «Газет бизнесiндегi тоқырау келмеске кеткен тәрiздi, әлемдiк газет индустриясы өмiр сүруiн тоқтатқан жоқ, ол қайта жаңаруды бастан кешуде»./104/ Соған қарамастан, жетекшi ғалымдар газет өндiрiсiндегi проблемаларға назар аударып жүр. Профессор Я. Н. Засурский елу жыл бойы тұрақты болып келген газет таралымы соңғы бес жылда ұдайы төмендеп келе жатқандығын дәлелдеуде. Америка Құрама Штаттарындағы күнделiктi газеттердiң жалпы саны да, таралымы да қысқарып келедi. 1999 жылғы 1 ақпанда 1509 күнделiктi газет 56,7 миллион данамен тараса, жыл аяғында 1500 газет 56 млн.182 мыңға төмендеген. Дүниежүзiлiк газет ассоциациясының мағлұматтары бойынша 1998 жылы америкалық күнделiктi газеттердiң таралымы бiр процентке, ал соңғы бес жылда 5,3 пайызға төмендеген. Сол сияқты мамандар газеттерге жарнамадан түсетiн табыстың да бҮрынғы қарқыны тежелгендiгiн, жыл өткен сайын кемiп келе жатқандығын дәлелдеуде. Мұның басты себебi Интернет арқылы аудиторияға бағытталған нақты жарнаманың үлес салмағы артуда. Солай бола тұрса да, ХХI ғасырда да газеттер негiзгi ақпарат көзiнiң бiрi болып қала бередi./105/

Қазақстанның егемендiгi, мемлекеттiгiн нығайтуы, әлемдiк өркениет дамуын ұстануы шынайы сөз бостандығы мен iс-әрекет еркiндiгiне алып келдi.

Қазақстанда жарық көретiн телекоммуникациялар туралы кәсiби «Информационные и телекоммуникационные сети» журналы 2000 жылдың желтоқсанында мынадай ақпарат таратты: «Барлығы 1017 БАҚ жұмыс жасаса, соның 851-i мерзiмдi басылымдар: 695 газет, 156 журнал, қазақ тiлiнде 143 газет, 31 журнал шығады, 257 электронды БАҚ бар: 37 телерадиокомпания, 84 телекомпания мен студиялар, 36 радиокомпания мен студиялар және 9 ақпараттық агенттiктер еңбек етедi»./106/

Ақпарат министрi қызметiнде А. Сәрсенбаев 1996 жылы мынадай мағлұматтарды жариялаған едi: «Қазiргi уақытта республикада 1800-ден аса бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген. Егер 1990 жылы 450 мемлеттiк және 45 мемлекеттiк емес газет-журналдар, телевизия мен радиокомпаниялары болса, соңғы жылдары мемлекеттiк емес БАҚ желiсi кең етек ала бастады. 1991 жылы –107, 1992-237, 1993-214, 1994-280, 1995 –190-ы тiркелдi. Соның нәтижесiнде, мемлекеттiк емес БАҚ пен мемлекеттiк ара салмағы 1084 те 722 болды. Жеке меншiктегi БАҚ үлесi өсе түсуде. Бүгiн республикада 9 агенттiк, 52 газет, 8 журнал, 18 радио мен телевизия кәсiпорындары жеке адамдардың иелiгiнде»./9, с. 123/

Қазақстан Республикасының Статистика агенттiгi жариялаған мына мағлұматтар аса құнды: Кiтап және кiтапшалар саны 1998 жылы – барлығы 1341, соның iшiнде қазақ тiлiнде 566, журналдар – барлығы 170, соның iшiнде қазақша 33, газеттер – барлығы 445, қазақшасы 187, 1999 жылы кiтап және кiтапшалар – барлығы 1301, соның iшiнде қазақ тiлiнде 434, журналдар – барлығы 162, соның iшiнде қазақша 87, газеттер – барлығы 506, қазақшасы 183. /107/

Ресейлiк «Независимая газета» мынадай ақпарат таратты: «2001 жылғы 1 мамырдағы мәлiметтер бойынша, Қазақстанда 1373 БАҚ әрекет етедi. Егер қазақ тiлiнде 186 газет пен журнал шықса, орыс тiлiндегiсi – 526»./108/

Ендi осы мағлұматтарды диаграммаға түсiрiп көрейiк:


БАҚ қатарының өсу тенденциясы байқалады. Оны бiз жаңа технологиямен тiкелей байланысты дер едiк. Өйткенi, корпорация, ұжымдарды айтпағанның өзiнде, жеке азаматтың өз мерзiмдi баспасөзiн шығаруына еш техникалық кедергi жоқ. Бұл, бiрiншiден, қазiргi компьютерлердiң күш-қуаты, екiншiден, арзандығы, үшiншiден, компьютерлiк бағдарламалардың түсiнiктi, басқаруға жеңiлдiгiнде. Аудандық газет деңгейiнде басылым шығаруға құны 150 мың теңгелiк компьютер, лазерлiк принтер мен сканер жетiп артылады.

Бұл ойымызды американдық тәжiрибе де тиянақтай түседi. Америкалық профессор Дон Форбстың пiкiрiнше, басу құны кенеттен көптеген журналистер үшiн құлдырап кеттi. Қазiргi уақытта шағын басылым үшiн жабдықтардың құны бұрынғыдан анағұрлым арзандады және ол меңгеруге анағұрлым жеңiлдедi. «…Мен үшiн жеке компьютер көмегiмен газет шығару нағыз еркiндiк болып табылады. Бүкiл жұмысты басынан аяғына дейiн өзiм қадағалап, басқара аламын. Менiң сөз бостандығым әлдеқайда кеңiдi деп сенiммен айта аламын»-дейдi журналистика мен компьютер iсiнiң бiлгiрi Дон Форбс./109/

Тағы бiр аса маңызды мәселе – ақпарат көздерiнiң сан-алуандығы, әрi қол жетерлiгi. Қазақстан нарығында шетелдiк, соның iшiнде ресейлiк кез-келген басылымды алуға кедергi жоқ, оның сыртында радиотолқын, теледидар, кабельдiк және спутниктiк жүйе бар. Ал, Интернеттiк технологиялар тiптi де революциялық өзгерiстер әкеледi деп күтiлуде. Дүние жүзiлiк компьютерлiк желi ақпарат алмасудағы кедергiлердiң бәрiн жойып, ашық кеңiстiк құрды. Қазақстанда байланыс жүйесiнiң сапасы қанағаттанғысыз, әрi қымбат екендiгiне қарамастан ересек қала тұрғындарының 9,5 пайызы Интернет жүйесiнен хабардар. Қазақстандық «Интернет и Я» журналында жарияланған мәлiметтерге қарағанда, 2001 жылдың мамырына дейiн 394 мың адам ең кемi бiр рет Интернет әлемiн шарлап, танысқан. Интернеттiң тұрақты аудиториясы 2000 жылғы қарашадағы 200,9 мыңнан алты айдан кейiн 200,9 мыңға өскен. Әсiресе, оны жиi қолданатындардың өсу үрдiсi қуантады. 6 айда аптасына бiр рет Интернеттi шарлайтындардың қатары 72 мыңнан 140,3 мыңға өскен, ал аптасына үш сағатқа дейiн, болмаса күн сайын әлемдiк желiнi пайдаланушылар саны 30,3 мыңнан 60,7 мың адамға дейiн ұлғайған. Бұл Қазақстандағы ересек қала тұрғындарының 1,6 пайызын құрайды./110/

«Паблишерс уикли» журналы шолушыларының пiкiрiнше, компьютерлiк бiлiмнiң журналистикамен тоғысуы, 70-шi жылдары жат болып көрiнсе, 80-шi жылдары баспа iсiне тың күш болып құйылды және екiншi тыныс сыйлады./111/

Бұған зерттеушi өз тәжiрибесiнде де көз жеткiзiп, күнделiктi тауқiметтерiмен де кездесiп, шешуге атсалысып жүргендiгi, оның iшкi әлемiн жақсы бiлетiндiгi диссертациялық жұмыстың мәнiн жан-жақты ашып көрсетуге көмектесетiнi анық.

1992 жылы Жамбыл облыстық Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетiнiң жауапты хатшысы ретiнде Мәскеудегi Бүкiлодақтық баспасөз қызметкерлерiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн көтеру курсында болып, тәжiрибеден өттiм. Сонда Бүкiлодақтық полиграфия ғылыми-зерттеу институтының базасында компьютерлiк беттеудiң мүмкiндiгiн алғаш рет көзбен көрiп, қолмен ұстаған едiм. Келесi 1993 жылы аудандық газет редакциясына ойламаған жерден компьютер сатып алу мүмкiндiгi туды. Ай-Би-Эм типтi 286 процессорлы компьютер сканер және принтерiмен редакцияда пайда болғанда не iстерiмiздi бiлмей, қатты қиналдық. Өйткенi, шағын аудан орталығынан компьютердiң бiлiктi маманын табу, оның баспа бағдарламаларын бiлуi мүмкiн болмады. Содан оны меңгеру маған жүктелдi, жұмыстан бос уақытта 25 шақырым жердегi Бiшкек қаласына барып, ондағы редакциялардан алғашқы жұмыс iстеу машықтарын үйренуiме тура келдi. Екi ай өткенде, алғашқы нәтижелерге жетiп, жеке парақтарды компьютерде терiп, беттеуге қол жеткiздiк. Офсеттi тәсiлмен газет басатын аудандық баспахана үшiн бҮл үлкен алға басу болды, бұрынғы линотиппен қорғасыннан жол құятын технологиямен салыстырғанда компьютер, әрине, көш iлгерi едi. Аз уақытта компьютерге маманданып, баспаханадағы терiмнен бас тарттық, бүкiл газеттi теру, түзету және беттеу процестерi редакцияның өз iшiнде жүзеге аса бастады, газеттiң сапасы, безендiрiлуi көз алдымызда өзгердi. Ақпаратты сол мезетте бетке орналастыру мүмкiндiгi журналистерге де тың серпiн бердi, түрмен қоса мазмұн да жақсарды, бұрынғыдай баспаханамен екi ортада сарсылу жойылды, бар жұмыс бiр компьютердiң төңiрегiнде жүзеге асып жатты, жұмысты ұйымдастыру айтарлықтан жеңiлдедi.

Кейiн бұл тәжiрибем Жамбыл облысындағы бiрқатар аудандық газеттердiң компьютерлiк беттеуге көшуiне көмектесуiмде үлкен рөл атқарды, алғашында бiз қиналғанымызбен, басқаларға оң сабақ болды, әрi тез меңгерiп кетуiне жағдай тудырды. Олардың мамандары Қордайға келiп үйренiп, тәжiрибеден өтетiн болды. Содан мен республикалық «Жас Алаш» газетiнiң Жамбыл облысындағы меншiктi тiлшiсi болып тағайындалып, Тараз қаласына қоныс ауыстырдым. Ендi облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерiнiң компьютерлiк технологияға көшуiне ат салыстым. Осы машығымды Алматыда да аңғарып, ендiгi уақытымның көп бөлiгi редакцияда өтетiн болды. Кезеңiмен «Жас Алаштың» алғаш терiмi, кейiн беттеуi компьютерге көштi, мамандары жаңа технологияны меңгердi. Қазақ басылымдарының iшiнде алғашқылардың бiрi болып «Жас Алаш» өзiндiк жеке компьютерлiк орталығын ашып, беттеу процесiн баспаханадан бөлiп, жаңа талаптарға сай құра бiлсе, оған араласқанымды орынды мақтан тұтамын. Кейiн «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы» газеттерiнiң де мамандарына көмектесiп, компьютерлiк жүйенi меңгеруiне араласуым үлкен тәжiрибе мектебi болды, жаңа технологияның қыр-сырын бүге-шiгесiне дейiн меңгерiп, зерттеуiме жол ашты. Қазақ радиосының жедел ақпарат орталығында атқарған жұмысым да жаңа технологиялармен қайтадан жолығыстырды, жаңа қырынан бiлiмiмдi толықтыруға итермеледi. Осыдан-ақ жаңа технологиялардың шексiз мүмкiндiктерiне қанықтым, олардың журналистика үшiн зор болашағына сендiм. Осы фактор ғылыми қорғау тақырыбын таңдауыма тiкелей себеп болды. Өйткенi, ақпараттық технологиялардың журналистикаға берер еркiндiгi мен шығармашылық мүмкiндiгiне қанығып, оның барлық сатысынан өтiп, мол тәжiрибе жинақтауым осындай тұжырымдарға жетеледi. Осы жылдары компьютердiң техникалық күш-қуаты мен мүмкiндiгi, бағдарламалардың түбегейлi жақсарғандығына әбден қанықтым, оны меңгеруде кездесетiн қиындықтардың барлық сатысынан өттiм, өз пiкiрiм де қалыптасты.

Бұл ойымның қазақ журналистикасының дүниежүзiлiк интеграцияға байланысын зерттеп жүрген профессор Намазалы Омашұлының мына тұжырымдарымен дөп түсуi де тегiн болмаса керек: «Компьютердiң, шын мәнiнде, бүкiл әлемге ашылған терезе екендiгiне көзiмiз жеттi. Әлемнiң қай түкпiрiнен ақпарат алғыңыз келсе, саясат пен экономиканың, өнер мен бiлiмнiң қандай саласынан болмасын керектi мағлұматты жайып салады. Бар дерек алақанда тұрғасын, жұмысқа құлшына кiрiсiп кетедi. Бiздiң үйреншiктi әдетiмiздей олар күш-жiгерiн жоқ-жiтiктi iздеп табуға, еңбектi ұйымдастыруға, тәртiпке шақыруға, қадағалауға жұмсамайды. Мысалы, бiр факультеттiң бүкiл оқу процесiн бiр ғана адамның компьютер арқылы ұйымдастырып отырғанын көрдiк.»/11, 18-б./

Ақпараттық тәуелсiздiктiң тағы бiр қыры – журналистiң еркiн ақпарат алуынан көрiнедi және неғұрлым жан-жақты көздердi, пайдаланып, әртүрлi көзқарастарды салыстыра бiлген қаламгер ғана обьективтi тұжырым жасай алады. Оған көмекшi құралдар қатары газет-журналдар мен телерадиоарналар ғана емес, Интернетпен қатар соңғы кезде жаңа тұрпаттағы мультимедиа өнiмдерiмен толықты. Қазақстанда да мультимедиа басылымдарды даярлайтын мамандандырылған баспа үйлерi пайда болып, табысты жұмыс iстей бастады. Мысалы, лазерлiк дискiдегi қазақ тiлiнiң орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздiгiн, мемлекеттiк тiлдi үйренудiң интерактивтi сабақтарын, Қазақстан Республикасы заң актiлерiнiң толық жинағын кездестiруге болады. Ұлттық кiтапхананың осындай мультимедиа бөлiмi қазақ халқының бай музыкалық мұрасымен таныстыратын көп тiлдi аса бағалы дүниенi жарыққа шығарды. Таяу күндерi Қазақстан тарихын да осындай дискiлер арқылы оқып, бiлетiндiгiмiзге еш күмәнiм жоқ. Өйткенi, ол қҮнды мағлұматтарды таратуда қазiргi заманғы ең озық технологияның бiрi болып табылады.

Осы бағыттағы шаралар әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнде де қолға алынған, мұнда қашықтан оқыту бөлiмi жұмыс iстейдi және электронды оқулықтар мен оқу методикасын жасауда көп жұмыстар атқарылуда. Бөлiм мамандарының күшiмен ҚазМУ-дiң Веб-сайты жасалды, ондаған электронды кiтаптар жарық көрiп, лазерлiк СД дискiге түсiрiлдi.

Мультимедиа – мәтiн, сурет, бейне және дыбыс пен саздың жиынтығы деген ұғымды бiлдiредi және компьютер арқылы ғана арнайы бағдарламаларды пайдаланып жүзеге асады. Ол үшiн көбiне Интернеттiң тiлi – гипертекст тәрiздi арнайы құралдарды пайдаланылады және гиперсiлтемелерден, өзара байланысқан әртүрлi мағлұматтардан тұрады. Осының бәрi жинақтала келiп, тұтас бiр мазмұнға, мағынаға бiрiгедi. Кiтап мәтiннен, суреттерден, безендiру элементтерiнен тұрса, мультимедиа оған қозғалысты, музыкалық, басқа да көркемдеудi қосады.

Дүниежүзiнде мультимедиа аса бай құндылыққа, өтiмдi тауарға айналып та үлгердi. Ол әлемдi танудың кiтап тәрiздi маңызды құралы болып қалыптасты. Аса құнды энциклопедиялар, географиялық атластар, музей экспонаттары, суретшiлердiң қолтумалары, композиторлардың музыкалары мен әндерi, оқулықтар мен нұсқаулықтар – бәрi де жаңа әлемнен өз орнын тапты және күн сайын қатары толыға түсуде. Ойын-сауыққа бағытталған мультимедиа дүниелерi тiптi де қисапсыз. Яғни, мультимедиа бұқаралық ақпарат құралының жаңа түрi ретiнде өз аудиториясын қалыптастырып үлгердi, соның iшiнде журналистер де бар. Өйткенi, журналистке маңыздысы – қажеттi ақпаратына неғұрлым тез қол жеткiзуi.

Ғалым С. Гуревич: «Дербес компьютер журналистке өзiнiң жеке электронды «кiтапханасынң жасауға, дискеттер көмегiмен өзiнiң тақырыптық немесе аймақтық мағлұматтарын түзiп, сақтауға мүмкiндiк бередiң,/28, с.171/ десе, Джон Уллмен: «Журналистикадағы компьютерлiк технологиялар сiзге екi типтi – басқа ұйымдар жасаған (әдетте-әр түрлi билiк органдары) және әркiм жеке жасаған – мағлұматтар көзiн пайдалануға мүмкiндiк бередi»,-дейдi./39, с.91/

Қазiр ақпарат алудың екi түрi қолданысқа кең енуде: Интернет және мультимедиа базаларын пайдалану. Мұндай арнайы мағлұматтарды мемлекеттiк мекемелермен қатар, жекеменшiк ақпараттық нарықта еңбек ететiн компаниялар да жасайды және қызметiн сатудан табыс та табады. Бұл мағлұматтар қашанда журналистiң қол астында болып, кез-келген анықтама алуына мүмкiндiк бередi. Мысалы, екiншi дүниежүзiлiк соғысқа арналған мультимедиа дискiсiнде барынша мол мағлұматтар топтастырылған. Кез-келген күннiң хроникасын көз алдыңызға келтiруге болады, сызбалар мен карталары, суреттерi де мол, қолбасшылар туралы, техникалардың сипаты туралы мағлұмат аласыз, оны табуға көмектесетiн iздеу жүйесi де бар, қажеттi сөздi терсеңiз, ол туралы дерек экранға шығады. Сол сияқты музыкалық энциклопедиядан маңызды музыкалық терминдер мен түсiнiктер туралы мол мағлұмат аласыз, барлық атақты композиторлардың өмiрбаянымен, шығармашылығымен танысасыз, қажет болса үзiндiлер де тыңдайсыз. Мультимедианың құндылығы да осында: ол кiтап, дыбыс пластинкасы, бейнемагнитофон сияқты ұғымдардың бәрiн бiр бойына сiңiрген. Ал, бiр ғана сыйымдылығы 650 мегабайт лазерлiк дискiге мыңдаған кiтаптың мазмұны сиып кететiндiгi ғылым мен мәдениет үшiн жаңа құбылыс, жаңа көкжиектер. АҚШ Конгресiнiң бай кiтапханасы тұтастай дерлiк электронды нұсқаға көшiрiлген, оны насихаттау мемлекеттiк саясаттың бiр парасы болып табылуда. Европа елдерiнде де мультимедиа бiлiмнiң қайнар көзi ретiнде үлкен қолдауға ие болуда, олардың таралымы кiтаптан кем түспеуде. Интернет пен мультимедианың орыс тiлiндегi ресурстары да аса бай, бiз әзiрге, көбiне соны пайдаланып келемiз. Жоғарыда сөз болған себептерге байланысты, қазақ тiлiндегi мультимедиа дүниелерi жоққа тән. Сондықтан ол мемлекеттiң қамқорлығында болатын маңызды шаралар қатарына iлiгуi тиiс деп есептеймiз. Өйткенi, Президенттiң пәрменiмен қазақстандық мектептердi компьютермен жарақтандыру iсi бiршама алға басты, ауылдық оқу орындарына дейiн қолы жеттi. Ендi сол ресурстарды оқушылардың игiлiгiне жарату, бiлiм көзi болуы үшiн бағдарламалық және мазмҮндық қамтамасыз ету қажет. Қазақ тiлiнде интерактивтi компьютер үйрену курстарын, бағдарламаларын жасау, ойын түрiндегi әр түрлi мультимедиа сабақтарын түзу кезек күттiрмейтiн мiндеттер. Онсыз компьютер де шаң басып тұрып-ақ тозып, моральдi ескiрiп қалады.

Мультимедиа дискiлерiнiң артықшылығы мынада:

1) орасан үлкен сыйымдылығы, мысалы стандартты 650 мегабайтқа мыңдаған кiтаптың мәтiнi сиып кетедi, мысалы, 5-6 мың том кiтапты бiр дискiден оқисыз;

2) дискiлердiң көлемi өте шағын болып келедi, сондықтан алып жүруге ыңғайлы, стандартты қорабша 10х12х0.5 см болады;

3) сақталу мерзiмi шексiз, егер механикалық, болмаса басқа да қуатты факторлардың әсерiнен бүлiнбесе, уақыт өткен сайын сапасын жоғалтпайды;

4) арзандығы, таза мағлұмат жазылмаған диск 150 теңге шамасында тҮрады;

5) күтiмдi қажет етпейтiндiгi;

6) мағлұматыңды оңай, тез тауып аласың, iздеу жүйесi бар және басқалар.

Сонымен бiрге соңғы кездерi сыйымдылығы одан екiден бес, тiптi он есеге дейiн артатын DVD технологиялары кең қолданысқа ие болуда және мультимедиа өнiмдерiн таратуда. Болашақта флюореценттi көп қабатты, сыйымдылығы одан да жоғары технологиялар дүниеге келмек, оның эксперименттi үлгiлерi қазiрдiң өзiнде бар.

Журналистер, ақпаратқа мұқтаж инвесторлар және басқалар үшiн де ашық түрдегi ұлттық құнды мағлұматтар базасын жасау да қолға алынуы тиiс деп ойлаймын. Ол мемлекеттiк құрылым, заңды негiздер, экономикалық деректер, бизнестiң дамуы, кәсiпорындар, стандарттар мен нормативтер, елдi мекендерi мен коммуникациясы, бұқаралық ақпарат құралдары, оқу орындары сияқты ашық мағлұматтарды таратуы керек тәрiздi.

Қазақстанда тәуелсiз ақпараттық және жарнамалық агенттiктердiң жұмысының жандануы да демократиялық қоғам саясатының маңызды нәтижесi болып табылады. Әсiресе, жарнама агенттiктерiнiң саны қауырт өсiп кеттi. Олар редакциялармен және телерадиоарналарымен келiсiм шартқа тұрып, тұтынушы мен екi ортада аралық қызмет көрсетуде, тiптi кейбiреулерi газет бетiнен орынды, не телеэфирдегi уақытты күнi бұрын сатып алады да, дербес әрекет етедi. Қайткен күнде де бҮл нарықтық сипаттағы оң фактор. Өйткенi, бәсекелестiк өсiп, жарнама нарығы күшейген сайын оның сапасы да, мазмұны да жақсарады. Олар әсiресе, тұтыну нарығын зерттеуде, адрестi жарнама таратуда жаңа әдiс-тәсiлдердi батыл меңгерiп, кейбiр редакциялардың жарнама бөлiмiнiң жұмысын қамшылай түсуде. Икемдi баға саясатын ұстануы, жарнама берушiлермен тiкелей қарым-қатынаста болуы, олардың тауқiметтерi мен сұраныстарын терең зерттеуi жарнама агенттiктерiнiң жұмысы алда да ширай түсетiнiне сенiмдiлiк ұялатады.

Ерекше маңыз беруге тұратын нәрсе – ақпараттық агенттiктер, өйткенi, олар ақпаратты жинаушылар ғана емес, өңдеп, БАҚ-қа және басқа да мүдделi тұтынушыларға ұсынатын аса маңызды буын, журналистиканың белдi саласы. Олардың жұмысындағы ерекшелiк те сол, дерек пен оқиғаларды сүзiп, талдап, қайта таратқанымен, қандай да бiр ұстаным, позиция танытуға, бұрмалауға құқығы жоқ. Ақпарат барынша объективтi, актуальдi болып, жедел таратылғанда ғана тұтынушысын табады, қателiк кетуiне ешқандай жол бере алмайды. Тексеру және қайта тексеру олардың маңызды жұмыс принципi. Редакциялар штатының ықшам жағдайында ол ақпараттар алудың бiрден-бiр тиiмдi жолы. Оны Қазақ радиосының тәжiрибесi айқын дәлелдеп отыр.

Қазақстандық ақпараттық ортада мұндай агенттiктердiң қалыптасуы соңғы жылдары ғана бел алды, мұнда да ақпараттық технологиялардың мәнi ерекше. Қазақ ақпарат агенттiгi солардың iшiнде бай тарихы, дәстүрлерi бар, кәсiби шыңдалған ұжым ретiнде танылған. Ол мемлекеттiк ақпарат арнасы ретiнде кең көлемдi қызмет көрсетедi: ел өмiрiндегi қоғамдық-саяси оқиғалармен қатар, фотосуреттер, күнделiктер мен қызықты жаңалықтар, тарихи мағлұматтарды таратып келедi. Дүниежүзiлiк Internews, Ресейдегi iрi агенттiктiң өкiлi «Интерфакс-Қазақстан» iшкi жаңалықтарды дүниежүзiлiк арналарға да таратады. «Қазақстан-Пресс», «Kazakhstan-Todаy», «Кода» ақпарат агенттiктерi де қысқа мерзiмде нарықтан өз орындарын тауып үлгердi.

Маңызды ақпарат көзi ретiнде Қазақстандық баспасөз клубы Астана мен Алматыда өз қызметiн нарық талаптарына сай құра бiлуде, журналистер осында өткiзiлетiн баспасөз мәслихаттарынан көп жайға қанығып, көкейдегi сұрақтарына нақты жауаптар алып, өз мақалаларын соның негiзiнде жазады. Ақпараттық ортаны зерттеу, қоғамдық пiкiрдi қалыптастыру, оның рухани сұраныстарын бiлiп отыруда мұндай клубтардың қызметi жандана түсетiнiне еш күман жоқ.

Мемлекеттiк билiк органдары, министрлiктер мен ведомстволардың баспасөз қызметтерi, iрi кәсiпорындар мен компаниялардың жұртшылықпен байланыс бөлiмдерi де журналистердiң ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыруда барған сайын маңызды рөл атқаруда, ол үшiн жаңа технологиялар мен әдiс-тәсiлдердi пайдалануда.

Профессор Я. Н. Засурскийдiң пiкiрiнше, «баспасөздiң, «табиғи» радио мен телевизияның Интернеттегi нұсқалары өзара әрекет етуi бәсекелестiк тұрғысынан емес, қатар өмiр сүру тұрғысынан қаралуы мүмкiн. Шын мәнiнде жаңа технологиялар ақпаратты алу мен таратудың кең мүмкiндiктерiн ашып қана қоймай, оны байытады»./112/

Жаңа инфрақұрылымдар технологиялық жаңа мүмкiндiктердi тиiмдi пайдаланып нарықтағы өз орындарын табуда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет