Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет8/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Жаңа технологиялар ақпаратты жеткiзудегi ұшқырлыққа алып келдi. Мысалы, Ресейдiң НТВ телеарнасы спутниктiк цифрлы байланыс арқылы күнiне бiрнеше рет әлемнiң кез-келген түкпiрiнен тiкелей эфирге шығып, соңғы жаңалықтардан хабардар етуде. Ақпарат беруде телефон, ұялы байланыс, электрондық почта, факс, телетайп сенiмдi құралға айналды. Ал, Интернет өзiнiң «он-лайн», яғни нақты уақытпен байланысу режимiмен оны жаңа сапалық деңгейге көтердi.

Қазiргi журналистиканың ақпарат тасқынындағы өскелең сҮраныстарын қанағаттандыратын бiрнеше жүйе қалыптасты, соларға талдау жасап өтейiн:

1) дәстүрлi сымды байланыс, яғни телефон, факс, телетайп;

2) сымсыз байланыс, яғни радиотолқын тасқынынан тұратын ұялы, транктiк және серiктiк байланыс;

3) Интернет, оның құрамдас бөлiгi ретiнде электрондық почта.

Бiрақ, мұның өзi шартты бөлiнiс, өйткенi қазiргi техникалық конвергенция олардың аражiгiн шайып барады. Мысалы, сiз көршi қалаға телефон шалсаңыз, ол спутниктiк сигналдарды пайдаланып жетуi, болмаса жер астында жатқан сәулелi талшықты каналды пайдаланып сөйлесуiңiз мүмкiн. Тұтынушы, соның iшiнде журналист үшiн ол маңызды да емес. Өйткенi, оған қажетi сенiмдi, әрi құны арзан байланыс құралы. Осыдан келiп, жаппай цифрлық стандартқа көшу дүние жүзi бойынша бел алуда. Қазiр көпшiлiк телефон станциялары цифрлы форматта қызмет көрсетедi, болмаса жетiлдiрiлген ұялы телефоныңыз сiздi Интернетке қоса алады, яки келiп түскен электронды хатыңызды шағын дисплейден оқи аласыз.

Байланыс құралдары сонымен бiрге екi бағытта дамуда – халықаралық және жергiлiктi. Халықаралық роуминг өзi қамтитын жер шарының кез-келген нүктесiнде сiзге байланыс еркiндiгiн бередi, бҮл, әсiресе, ұялы байланысқа тән. Спутниктiк құралдардың да ауқымы жыл өткен сайын өсе түсуде. Әрине, бағасы, қызмет көрсету құны жоғары болғандықтан Қазақстанда сирек кездестiремiз. Спутниктiк сигналды қабылдау мен тарату қондырғысы орташа 3000 АҚШ доллары төңiрегiнде тұрады екен. Бұл iрi редакциялардың қаражаты көтеретiн-ақ дүние. Оның есесiне, журналист байланыс мүмкiн емес деп есептелiп келген мидай даладан да, шың құздың басынан да хабар тарату еркiндiгiне ие болады.

Бiздiң редакциялар мұндай мүмкiндiкке, супероперативтiлiкке ұмтылмайтын да тәрiздi. Жаңа технологияларды енгiзуде осындай психологиялық факторларды да ескермесе болмайды. Көбiне редакторлардың қолда барды қанағат тұтып, жаңалықты жатсынатыны да кездеседi.

Қазақ басылымдарының Интернет материалдарына ден қоя бермейтiндiгiн де осы фактормен түсiндiруге болатын шығар. Кейбiр басылымдар мынадай қарама-қайшылыққа да жол бередi. Әлi де әлемде болып жатқан қызықты жаңалықтарды орыс тiлдi басылымдардан аударып, өңiн айналдырып берiп жататындығы осындайдан орын алады. Ал, ақпарат алуда алғашқы көздер пайдаланылып, жедеғабылдық танытылса, орыс тiлдi «лидерлерменң бiрдей жарыққа шығуына болар едi. Бұл жерде әңгiме Интернет ресурстары туралы болып отыр.

Интернеттiң ақпараттық ортада төңкерiс жасауының себептерi ретiнде мына факторлар қарастырылады:

1) супероперативтiлiк, ақпарат серверге орналастырылған сәттен дүние жүзiнiң кез-келген нүктесiнде оқылады;

2) ақпараттың сан алуандығы, тақырыбы да, тереңдiгi де, сапасы да әртүрлi мағлұматтар мұхиты екендiгi;

3) ақпаратты өзiң iрiктеп алатындығың;

4) «он-лайнң, яғни нақты уақытта сөйлесу, көру, ақпарат алмасу, не пiкiрлесу мүмкiндiгi;

5) мультимедиалық тасқын, яғни мәтiн, сурет, бейне, саз бен дауыстың бiр мезгiлде таралуы;

6) интерактивтiлiк,

7) аудиториясын зерттеуi мен рейтингi;

8) адрестi ақпарат тарату мүмкiндiгi;

9) өте қолайлы iздеу мен табу жүйесiнiң болуы және басқалар.

Интернет нақты үш ұғым, құрамдас бөлiктен тұрады: гипертекст тiлi – компьютердiң түр-түсi, көлемi, басқару жүйесiнiң сан алуандығына қарамастан, мәтiннiң бiрдей көрiнуiн қамтамасыз етсе, адрестiлiк – орасан тасқыннан қажеттiсiн тауып алуға көмектеседi, ал тасымал протоколы компьютерлер арасындағы алмасуды реттеп отырады. Журналистке Интернет мүмкiндiктерiн пайдалану үшiн мынадай техникалық құралдар қажет: тиiстi бағдарламалары бар компьютер, байланыс желiсiне қосатын модем және Интернет аймағына шығаратын провайдерлiк компанияның қызметi. Осы арада Интернет қызметiнiң құны туралы заңды сұрақтар туындайды. Қазақстан жағдайында ол әлi де қымбаттау болғанымен, басқа ақпарат алу көздерiмен салыстырғанда өте тиiмдi, әрi икемдi. Ал, бағасының жоғары болуы бiздегi байланыс желiлерiнiң дамымағандығынан, сондықтан көп инвестиция жұмсалып жатқандығымен түсiндiруге болады. Қазiргi сапасыз телефон желiлерiнiң барлығы болашақта ауыстырылып, жаңа сұраныстарға жауап беретiндей болуы керек. Бұл жағдайда Интернеттi пайдаланушылар қатары да күрт өседi, қызмет сапасы жоғарылап, қҮны арзандайды. Шет елдерде Интернетке шығудың альтернативтi жолдары да қауырт өсiп келедi, тiптi үйдегi теледидар арқылы әлемдiк желiге шығу да үйреншiктi жағдайға айналуда. Дүниежүзiлiк шырмауықтың торы күн өткен сайын өсiп, толыға түсуде. Соңғы мәлiметтер бойынша, ол геометриялық прогрессия заңымен көбейiп келедi, әр алты ай сайын қатары еселенiп өсуде. Бұл ондағы тұтынушылар санына да, ондағы ақпараттарға қатысты да өсу тенденциясы. Интернеттiң тез өсуi жаңа сұраныстар туғызды, ендi оның ақпарат жеткiзудегi мүмкiндiгiн тағы бiр сатыға көтеретiн зерттеулер жүргiзiлуде. «Интернет-2» деп аталатын жаңа жобаның мақсаты – ақпараттар тасқынын бiр мезгiлде бiрнеше арнамен қамтамасыз ету, яғни сапасы мен өткiзу мүмкiндiгiн бұдан да арттыра түсу. Болашақта бiр газеттiң тұтас мазмұнын санаулы секундта екiншi бiр қашықтыққа жеткiзу дағдылы iске айналуы ғажап емес.

Интернет дәстүрлi ақпарат құралдарына жедел дерек алу мен таратудың кең мүмкiндiктерiн ашып қана қойған жоқ, сонымен бiрге, өзi де жаңа ортаны құрады – желiлiк медиа дүниеге келдi. «Қазiргi уақытта бiз бұқаралық ақпарат құралының жаңа түрi – желiлiк медианың дүниеге келгендiгiнiң куәсi болып отырмыз, оның таралу аймағы дүниежүзiлiк Интернет компьютерлiк желiсi болып табылады. Жыл сайын әлемдегi желiлiк басылымдардың қатары өсiп келедi, олардың iшiнде бұрыннан қалыптасқан газет-журналдардың электронды нұсқаларымен бiрге, қағаз жүзiнде жарық көрмейтiн тек желiге ғана бейiмделген мерзiмдi басылымдар бар. Телевизиялық және радиостанциялар да Интернет беттерiн ашып, Интернет арқылы хабарларын таратуда, желiлiк ақпараттық және жарнама агенттiктерi пайда болуда»,-/38, с.6/ дейдi американдық Рэнди Рэддик, Эллиот Кинг.

Интернеттегi ақпараттар туралы қазiр пiкiрлер көп айтылуда, оның атаулары да көп. Солардың бiрсыпырасын саралап, бағамдап көрсек. Менiң пiкiрiмше, «виртуальды журналистика», «кибержурналистика» деген ұғымдар тым асқақтап кеткен, «веб-журналистика» деген де тым жалпылама, ал «он-лайн журналистика» дегеннiң астары сәл басқашалау, өйткенi, бұл жағдайда сiз тұрақты ақпарат таратушымен байланыста болуыңыз тиiс. Ал iс жүзiнде ақпаратты сақтап қойылған серверден аласыз, сондықтан бҮл да дәл, дөп басқан анықтама емес. «Электронды журналистика» да жалпылама, өйткенi электрониканың араласпаған саласы кемде-кем. «Жаңа журналистика», «супержурналистика» атаулары да ақпараттың сипатынан алшақ жатыр. Ақпарат таратудың жаңалығы – оны жеткiзудiң компьютерлiк желi арқылы жүзеге асатындығын ескерiп, мен «желiлiк журналистика» деген пiкiрдi қуаттап отырмын. Яғни ол желi төрiнен орын алған қоғамдық мәнi мен салмағы бар барлық ақпараттарды қамтиды, соның iшiнде, дәстүрлi БАҚ-тың электронды нұсқалары да, тек Интернетте таратылуға арналған ақпараттардың жиынтық ұғымын бiлдiредi.

Осы сөз болған желiлiк БАҚ артықшылықтары мен кемшiлiктерiне кең талдау жасап көрейiн.

Желiлiк басылымдардың артықшылықтары ретiнде мына жайларға назар аударамыз:

- жедел ақпарат тарату көзi болып табылады, тәулiк бойы ақпаратты жаңартып, даму барысын көрсетiп отыруға мүмкiндiгi бар;

- журналистика принциптерiн басшылыққа алып, ақпараттарды тексеруден өткiзсе, не сенiмдi көздердi пайдаланса объективтiлiгiмен таныла алады;

- ақпаратты беру тереңдiгi, мысалы, дерекке суреттердi, бейнекадрларды, дауысты қоса беру мүмкiндiгiнiң болуы, яғни кез-келген көлемдегi құжаттармен тиянақтап, дәлелдей алатындығы;

- цензура, мемлекеттiк шектеу, болмаса қадалаудың мүмкiн еместiгi, өйткенi ол дүниежүзiлiк желiнiң кез-келген сегментiнде орналасуы мүмкiн, шекараға бағынбайды; (теориялық тұрғыдан техникалық шектеулер, желiде сүзгiлер орнату мүмкiн болғанымен, ол өте қымбатқа түседi, жоғары бiлiктi мамандарды қажетсiнедi, әрi заңсыз әрекет деп бағаланатындықтан кең қолдау табады деп айту қиын).

- ақпарат тарату шығындары өте мардымсыз: веб-редактордың еңбекақысы, компьютер амортизациясы, провайдерлiк қызмет және жалға алған диск кеңiстiгiне төлеммен шектеледi, егер өзiнiң веб-серверi болса, оны күту шығындары болады, бiрақ бұл жағдайда ол өзi диск кеңiстiгiн басқаларға жалға берiп, пайда таба алады;

- офистi жалдау, не ұстау, көлiк сияқты редакциялық шығындарының аздығы;

- жарнама беру мүмкiндiгiнiң болуы, танымалдығына қарай оның табысы барлық шығындарын өтеуi де мүмкiн;

- адрестi ақпарат тарату мүмкiндiгi, яғни директ-мэйл қызметiн қоса атқаруы;

- интерактивтiлiк, оқырманымен тiкелей байланысының болуы;

- сол сияқты өз аудиториясын зерттеп отырып, солардың сұраныстарына бейiмдеп жедел қайта құра алатындығы және басқалар.

Желiлiк басылымдардың кемшiлiктерi ретiнде мыналарды қарастыруға болады:

- компьютер мен Интернет қызметiнiң болу мiндеттiлiгi;

- ақпаратты iрiктеудегi, оған маңыз берудегi субъективтiлiк;

- деректер басқа да интерпретацияға ие болып кету мүмкiндiгi;

- журналистика мен этикет нормаларының бәрiнде дерлiк сақтала бермейтiндiгi;

- хакерлiк, компьютерлiк вирус тарату көзi ретiнде терiс пайдаланып кету қаупiнiң болуы;

- авторлық құқықты, жеке адамдардың құпиясын сақтауда норма бҮзылу қаупiнiң жоғарылығы.

Журналист үшiн Интернеттiң тағы бiр маңызы – электрондық почтаның зор мүмкiндiгiмен тiкелей байланысты. Ол хат алып, жiберу құралы ретiнде ғана емес бүкiл жұмысын басқару, ұйымдастыруға дейiнгi мiндеттердi бiрiктiрiп, күнделiктi ағымдық жұмыстардан босауына да көмектесуде. Электрондық почтаның артықшылықтары мыналар:

- уақытқа тәуелсiз хат, ақпарат алмасу еркiндiгi;

- орасан жылдамдық, әдетте хат адресiне бiрнеше минутта же-тедi, өте сирек жағдайда компьютерлердiң өңдеу мүмкiндiгiне қарай бiрнеше сағатқа созылады;

- хатпен қоса кез-келген компьютерлiк файлды тiркеп жiберу мүмкiндiгi, ол сурет, бейне, дауыс т.б. болуы мүмкiн;

- жұмыс орнымен ұдайы байланыста болып, iстi ұйымдастыру мүмкiндiгi;

- ақпараттарға жазылу еркiндiгi;

- сенiмдiлiк пен аса құпия мағлұматтарды шифрлап жiберу мүмкiндiгi және басқалар.

Осының iшiнде журналист үшiн директ мэйл қызметi аса маңызды болғандықтан кеңiнен тоқталып өтейiн. Директ мэйл электронды адреске ақпараттар жеткiзу қызметi, онымен мамандарылған қызмет көрсету мекемелерi, электронды нұсқасын жүргiзетiн БАҚ айналысады. Қызметтi пайдаланудың ақылы және тегiн екi түрi де қолданылады. Журналист өзiн қызықтыратын мағлұматтар алу үшiн электронды жазылып, келiсiм-шартын түзедi. Содан кейiн күн сайын, не аптасына бiр рет келiсуiне қарай тапсырыс берген тақырыбына қатысты бар деректер оның электронды жәшiгiне келiп, түсiп тұрады. Журналист оны өңдеп, кәсiби қызметiне пайдаланады, не ары қарай тереңдеп жаңа мағлұматтар жиыстырады. Яғни ол ақпарат iздеуге уақытын жұмсамайды, келiп түсiп жатқан тасқынмен жұмыс iстеуге дағдыланады. Мысалы, тiлшi ресейдiң ИТАР-ТАСС ақпарат агенттiгiнiң мағлұматтарына жазылса, тәулiк бойы ақпараттар ағыны оның почтасына келiп түсiп жатады, ал «Комсомольская правда» газетiне жазылса, газет жарыққа шықпай тұрып-ақ, оның электронды мазмұнымен танысып, бiлiп отырады. Бизнесмендер осындай тәсiлмен дүниежүзiндегi нарық, нақты тауарлардың бағасы, сипаты, экономикадағы болжамдар туралы құнды мағлұматтарға ие болуда, ақпаратты iздемейдi, ақпарат тұтынушысын өзi iздеп тауып жатады. Дүниежүзiнде бөлiмшелерi кең тараған ағылшынның «Рейтер» агенттiгi осы қызмет түрiнен түсетiн табыс күрт өсiп келе жатқандығын мәлiмдеуде. Олар ақпаратпен қоса адрестi жарнама таратып та қосымша табыс табуда. Эндрю Нибли (Andew Nibley) Америкада филиалын ұйымдастырғанға дейiн мұндағылар «Рейтердi» жақсы бiлмеушi едi. Жаңа директор нарықтағы өз орнын табуы үшiн Интернеттiң жаңа мүмкiндiктерiне күш салды. Сөйтiп, бес жылдың iшiнде ол бейтаныс фирмадан америкалықтардың 31 пайызы қызметiн пайдаланатын дәрежеге көтерiлдi, тiптi атақты ақпарат тарататын «Блумберг» («Bloomberg») пен «Ассошиэтид Пресстiң» өзi шаң қауып қалды. «Рейтердiң» Америкадағы бөлiмшесi «Аmerica Online», «MSN», «Lycos» және «Infoseek» сияқты кең танымал Интернеттегi iздеу серверлерiмен келiсiм шартқа тұрып, әрбiр жаңалығын кең насихаттады, бүкiләлемдiк шырмауықта ақпаратқа сұрау салғандардың бәрi қажетiн «Рейтерден» оңай табатын болды. Дәстүрлi ақпараттық хабарларды таратушылар «ABC», «NBC» пен «CBS» сияқты тележелiлер тек веб-сайтқа ақпаратты орналастырумен шектелсе, «Рейтер» оны электронды адрестерге жеткiзiп берудiң ауқымын кеңiттi. Осындай iзденiстiң барлығы фирманың танымалдығын арттырып, табысын ұлғайтты. «1995 жылдың аяғына қарай бiз баспасөзге сатқаннан гөрi Интернет арқылы жаңалықтар пакетiн сатудан көп табыс таба бастадық,-дейдi Нибли.- Желiдегi «Рейтер» жаңалықтарын қарайтындардың саны қаңтарда 7,2 миллион адамға жеттi. Жалпы алғанда «Рейтер» үшiн Интернеттегi сауда теңiздегi тамшыдай ғана. Ол жыл сайын 5 млрд. доллар ақша табатын болса, ондағы бiздiң үлесiмiз миллиондаған доллар ғана. Дегенмен, бiз компьютерлiк желiдегi табысты фирмалардың бiрiнен саналамыз»./113/

Қазақстандық нарықта да бұл озық технология кең қолданыс табуда. Редакциялардағы телетайп тәрiздi қызмет көрсетуiнiң өзiндiк құны жоғары құралды электрондық почта ығыстырып та үлгердi. Республикамыздағы осындай iрi қызметтi мемлекеттiк Қазақ ақпарат агенттiгi (бұрынғы ҚазТАГ) көрсетедi. Олар республика өмiрiнде, одан тысқары жерлерде болып жатқан маңызды жаңалықтарды редакцияларға, мүдделi барлық тұтынушыларға жеткiзiп беруде. Аса маңызды мемлекеттiк мүддедегi ақпарат қазақ және орыс тiлдерiнде тегiн таратылады, ал бизнес, қызықты оқиғалар, аналитикалық талдаулар мен болжамдар, жоғары сапалы фотосуреттер, әлемдегi жаңалықтар сияқты үлкен пакеттерге тиiстi ақысы төленуi тиiс. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетi, Қазақ радиосы осындай ақпараттарды тәулiгiне бiрнеше мәрте алып отырады, жұмысын жоспарлауда басшылыққа алады.

Баспасөз тәжiрибесiнде бұрындары «литерлiк» материалдар деген болушы едi. Мемлекеттiк маңызды ақпарат, ол уақытта съезд, пленум, сессия материалдары шұғыл түрде барлық партиялық басылымдарда жарық көруге мiндеттi болатын. Ол көбiне кештетiп, телетайпқа келiп түсетiн, содан линотипте қорғасын жолдар құйылып, қатесi шығарылатын және газет беттелетiн. Түнiмен кезекшiлiк ұйымдастырылып, кей күндерi таң ата газеттi бастыруға қол қойылатын. Қазiр ондай мiндеттi материалдар жоқ. Дегенмен, қазiргi технологиялар оны әлдеқайда жеңiлдеттi. Мысалы, ресми материалды Қазақ ақпарат агенттiгi берсе, «Егемен Қазақстан» газетi оны қайта терiп, екi жұмыс жасамайды, бiрден бетке орналастырылады. Қатесi де кездесе қоймайды, уақыттан да көп ұтады. Теория жүзiнен алсақ, бiрнеше сағатта бүкiл газет нөмiрiн қайта беттеп, өзгертiп шығуға болады. Мұндай икемдiлiк ескi технологиялар жағдайында мүлде мүмкiн емес едi.

Тәуелсiз мемлекеттiк емес ақпараттық агенттiктердiң саны да қауырт өсiп келедi. Ақпараттық қоғамның белгiлерi ретiнде ақпаратты жинау, өңдеу және таратумен айналысатын осындай қызметтерге, мамандарға сұраныс алдағы жылдары күрт өседi деген болжам да негiзсiз емес. Мысалы, дамыған ел АҚШ-та ақпараттық индустрияда тiкелей, не қосымша болсын барлық жҮмыс күшiнiң 75 пайызы қамтылған көрiнедi.

Жаңа ақпараттық технологиялар ақпараттың еркiн тасқынын қамтамасыз етiп, журналистiң еңбегiн өнiмдi, жедел еттi, бұрын соңды болып көрмеген ұшқырлыққа қол жеткiзiлдi, жан-жақтан жиналатын ақпараттың сапасын жақсартты, мерзiмдi басылымдарды даярлау мен бастыруда, таратуда ұшқырлыққа қол жеткiзiлдi, дәстүрлi БАҚ жаңа формалармен толықты, жаңа iшкi құрылым дүниеге келдi.
2.2 Қ а з i р г i м е н е д ж м е н т ж ә н е

ж у р н а л и с т i ң ж а ң а к е л б е т i

Газет бизнесiнiң теориясын талдап, ғылыми зерттеу нысанына айналдырған ресейлiк ғалым С. М. Гуревич былай дейдi: «Оқырмандардың қазiргi газетке қоятын талаптары – ондағы ақпараттың жеделдiгi, қысқа мерзiмде жарық көруi, беттелу деңгейi, безендiрiлуi мен полиграфиялық орындалуы және басқалардың жоғары болуы – журналистердi жаңа техникалық құралдарға назар аударуға мәжбүр етуде. Осы құралдармен қаруланған газеттердiң бәсекелестiк тайталаста жеңiп шығу мүмкiндiгi жоғары. Редакция қызметкерлерiнiң газеттi даярлау мен шығаруда уақыты мен күшiн үнемдейтiндiгiнiң өзi олардың сапасын жақсартады. Түп нәтижеде газет шығаруға кететiн шығындарды да азайтуға мүмкiндiк бередi. Сондықтан да редакциялық менеджменттiң басты бағыттарының бiрi газет редакциясында жаңа техникалық құралдар жүйесiн жасау болып табылады»./28, с.169-170/

АҚШ ғалымы, профессор Фриц Верт баспасөздi табысты басқаруға қатысты сегiз мәселеге маңыз берiп, бiрiншi, адам ресурстарын атаса, бесiншi фактор ретiнде, технологияны қарастырады және мынадай кеңестер бередi: техникалық, бағдарламалық қамтамасыз етуде, қызметкерлердi оқыту мен машықтандыруда қаржы жағдайыңыз көтергенiне және өз пайымдауыңызша соңғы деңгейде болуға ұмтылыңыз, қашан да алға қараңыз: технологиялар туралы хабардар болыңыз, бұл жаңалықтың бәрiн енгiзуге қаражат шашу деген емес, тек қалып қоймау жағын қарастырыңыз,-дейдi./105, с. 18-20/

БАҚ менеджментiне ақпараттық технологиялар не бередi дегенде мына мәселелерге назар аударамыз:

- жұмысты ұйымдастырудың тиiмдi тәсiлi;

- уақыт және қаржы үнемдiлiгi;

- уақытқа және қашықтыққа байланыссыз шешiм қабылдау мүмкiндiгi;

- электронды құжат айналысы;

- экономикалық тиiмдiлiк;

- демократиялық басқару;

- тәжiрибе алмасу, бiлiмiн көтерудiң жаңа мүмкiндiктерi және басқалар.

Қаламы мен ойы жүйрiк журналист қай кезеңде де жоғары бағаланған, бағалана да бередi. «Талант тас жаратының да күмәнсiз. Бiрақ, заманына қарай журналистiң кәсiби мiндетiн атқаруына көмектесетiн құралдары да көбейiп, толыға түсуде. Соның бiр тобын ғалым С. М. Гуревич «шағын оргтехника құралдарына»/28, с.41/ жатқызады. Солардың қатарында, көшiру құралы – ксерокс, басу машинкасы, диктофон, магнитофон, фотоаппарат, факс, автожауапбергiш және басқалар аталады. Мұның барлығы журналист еңбегiн тиiмдi, әрi икемдi ұйымдастыруға көмектесетiндiгi анық. Оны телефон, пейджер, ұялы телефон, тiптi спутниктiк құрылғы сияқты байланыс құралдары толықтырып жатса нұр үстiне нұр. Ал, журналистiң автокөлiгi болуы тiптi оның қозғалыс еркiндiгiне жол ашып, уақыттан ұтуына жәрдемдеседi. Мұның барлығы қазiр күнделiктi қажеттiлiкке, мүмкiн жайларға айналды. Қазiргi заманғы журналистiң бес қаруы сай деп айтуымызға негiз де жоқ емес.

Нағыз қаламы жүйрiк, сөзi дуалы, қоғамдық пiкiрге ықпалы күштi журналистер ретiнде ауызға алғаш америкалықтар iлiгедi. «Ең бiрiншi, ол елдегi журналистиканың техникалық тұрғыдан жарақтануы өте жоғары деңгейде. Телевизиясы да, радиосы да, газет-журналдары да толық компьютерлiк жүйеге енген. Әрi оны журналистерi де өте жоғары деңгейде меңгерген. Бұл – ең басты жетiстiк»,-дейдi Америка сапарынан кейiн ғалым Н. Омашұлы./11, 28-б./

Компьютердiң құдiретi неде, БАҚ-ты ұйымдастыру мен басқаруға не жаңалық әкелдi дегенде, бiрiншi БАҚ инфрақұрылымын өзгерттi деп айта аламыз. Санкт-Петербургтiк ғалым В. В. Ворошилов журналистиканың инфрақұрылымын былай бөледi:

1) техникалық – баспаханалар, радиотелехабарларын тарату техникалық орталықтары, жаздыру мен таратуды жүзеге асыратын байланыс кәсiпорындары;

2) ақпараттық – телеграф, баспасөз, аудиовизуальдi ақпарат агенттiктерi, баспасөз қызметтерi, қоғаммен байланыс бөлiмдерi, жарнама мекемелерi;

3) ұйымдастырушылық-басқару – БАҚ қызметiн реттейтiн, тiркейтiн, лицензия беретiн, заңдар шығаратын мемлекеттiк құрылымдар;

4) оқу және ғылыми орталықтары – мамандар даярлайтын, ғылыми зерттеулер жүргiзетiн, қоғамдық пiкiрдi зерттейтiн ұйымдар./32, с.57/

Осыдан келiп бүгiнгi БАҚ-тың төмендегiдей сызбасын ұсынуға болады:

Қазiргi журналистика осындай кең тармақты және сан-салалы болып келедi. Ол заңды-құқықтық, экономикалық, корпоративтiк және жекеменшiктiк мүдделердiң тоғысындағы күрделi механизм болып табылады және оның беделдi, әрi табысты болуы көптеген факторларға қатысты.

Мұның сыртында қаншама техникалық қызметтер бар. Газет-журналдар үшiн баспахана әлi де жетекшi мәнге ие, үлкен таралымдарды қамтамасыз етудiң бiрден-бiр механизмi. Екi аралықта көптеген дизайн және фото студиялары, баспа үйлерi де бар, олар көбiне жеке қызмет түрлерiн көрсетедi, мысалы, түрлi-түстi суреттердi даярлайды, түске бөледi, газет-журнал үлгiлерiн фотопленкаға түсiредi және басқалар. Сонымен қатар мерзiмдi басылымдардың бөлшек саудасын Үйымдастыратын мекемелердiң де маңызы артып отыр. Алматы, Астана сияқты iрi қалаларда ондай бiрнеше қызметтер бәсекелестiк жағдайында қызмет көрсетуде. Мысалы, «Дауыс», Қазбаспасөз», «АиФ» және «Караван» киоскiлерi газет-журнал мен оқырман арасындағы маңызды дәнекер буын. Сол сияқты басылымдардың көпшiлiк қызмет көрсету орындарында, көлiкте сатылуы да соңғы жылдары бел ала бастады. Сонымен қатар, әлi де болса, негiзгi таралым көзi, әсiресе, республика аумағы үшiн жаздырып алу болып қала беруде. Газет-журналдар бұрынғысынша почта қызметтерi арқылы оқырманына жетедi. Бұл тасымал шығындарын көтерiп жiбергенiмен алыс елдi мекендерге ақпарат жеткiзудiң әзiрге баламасы қалыптаспаған жолы. Сондай-ақ, жаңа тұрпаттағы тәуелсiз басылымдар өнiмiн өткерудiң тағы бiр жолы ретiнде қоғамдық таратушылар қызметiн пайдалануда. Олар арнайы нүктелерi мен қызметтерi арқылы жеке азаматтармен келiсiмге тұрып, өнiмiн оның өткеруiне бередi. Әр түрлi жолдармен, көбiне тiке сату арқылы қоғамдық таратушы басылымды өткерiп, өзi де табысқа ие болады.

Ал, электронды арналар үшiн ауадай қажет нәрсе – эфирге тарайтын радиожиiлiк, ол тендер арқылы мемлекеттiк комиссияның шешiмiмен белгiлi бiр талаптарға жауап беретiн шығармашылық ұжымдарға ғана берiледi. Лицензия талаптарын бұлжытпай орындауды қадағалап отыратын арнайы комиссия да жұмыс iстейдi. Содан кейiн радиотаратқыштар арнайы мұнараларға орнатылады, яғни техникалық қызмет көрсету орталықтарынсыз тағы да әуе толқынына шыға алмайсыз. Эфирдiң мониторингiн жүргiзу, хабарлардың рейтингiн анықтау де кешендi техникалық құрал жабдықтардың көмегiмен жүзеге асатындықтан мұндай арнайы қызметтердiң көмегiнсiз тағы болмайды.

Желiлiк журналистика да өз қызметiн Интернет провайдерлер арқылы жүзеге асырады. Тiптi, кей басылымдар мысалы, «Панорама», «Деловая неделя» iскерлiк газеттерi электронды нұсқаларын таратқаны үшiн азын-аулақ ақы да алады.

Мiне, осындай күрделi мәселелердiң барлығы сауатты менеджменттi, БАҚ технологиясын жетiк бiлудi, есеп-қисап жүргiзудегi ұқыптылықты, шешiм қабылдаудағы көрегендiктi, барлық жағдайларды терең ескерiп, саралауды талап етедi. Онсыз басылым болсын, телерадиоарна болсын, шығынға батып, экономикалық бәсекелестiк жағдайында өз қызметiн қаржыландыра алмауы мүмкiн.

Сондай түрен салар, қажыр-қайрат жұмсар сала – жарнама бизнесi. Әлемдiк БАҚ-тың мақтаны да, қызғанышы да, тайталасы да, табыспен қатар құлдырауы да осы ұғымға әкеп тiрейтiн көрiнедi. Олар үшiн ақпарат пен жарнама тел ұғым, жарнамаңның өтiмдiлiгi үшiн де ақпаратың жедел, қызықты, тартымды болуы тиiс. Нарық заңдылығы салтанат құрғанда әр сөзiң табысқа бастар ақ жолды ашуы мүмкiн, бiр қателiгiң құрдымға батырып нарықтан ығыстырып жағаға шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтан да күнделiктi iздену, аудиторияны зерттеу, ұтымды әдiстер қолдану, жаңалық ашу, оқырманын таңқалдыру – олар үшiн сүйекке сiңген дағды, күнделiктi жұмыс ырғағы.

Қазақстандағы жарнама нарығы туралы ашық мағлұматтар жоқ. Дегенмен, Ресейдегi тенденциялар бiзге қатысты екендiгiн ескергенiмiз жөн болар. 1999 жылғы мәлiметтер бойынша Ресейде тележарнаманың ауқымы – 600, радиожарнама – 90, ал баспасөз – 650 млн. АҚШ долларына парапар болған. Ресей интернет-технологиялар орталығының мәлiметтерi бойынша Интернеттегi жарнама көлемi жыл сайын еселенiп өсiп келедi, 1999 жылы 2 млн. долларға жуықтаған./114/ Солай бола тұрса да, бұл АҚШ-тың көлемiнен 1000 есе кем екен. 1999 жылы онда 1,9 млрд. доллар жарнама Интернетке тартылған. 2003 жылы Ресейдегi Интернет-жарнама 75 есеге өсiп, 150 млн. долларға жетедi деген болжамдар бар.

Қазақстандағы үрдiс те шамамен осындай, тек ауқымы ондаған-жүздеген есе кем екендiгi айтпаса да түсiнiктi.

Компьютерге дейiнгi кезеңде газет-журнал шығару iсi тiкелей баспаға байланысты едi де, редакцияның функциясы шығармашылық және жоспарлаумен шектелетiн. Үлкен өзгерiс осы арақатынастың бұзылуынан орын алды. Ендi баспахана дайын макет-оригиналдан таралымды көбейтетiн мекемеге айналды, газеттi теру, беттеу, қатесiн түзету функциялары редакцияларға ауысты. БҮл өз кезегiнде газет-журналдардың менеджментiн жақсартуға, қаржысын үнемдеуге түбегейлi әсер еттi. «Қаражат мүмкiндiгi бар iрi редакцияларда қуатты техникамен жарақтанған компьютер орталығын құрады. Мұнда компьютерлiк беттеу жүзеге асырылып, нөмiрдiң материалдары терiледi. …Содан кейiн оны тек баспаханаға таралымын басып шығуға жiберу ғана қалады»./28, с. 175/

Компьютерлiк беттеу қазiргi кезеңнiң озық технологиясы – офсеттi басылым жағдайында ғана жүзеге асады. Өкiнiшке орай, Қазақстанда офсеттi басу машиналары бар баспаханалар көп деп айта алмаймыз.

1994 жылы жарық көрген еңбегiнде Ә. Ыдырысов былай дейдi: «Фототерiммен теру, офсетпен басу, тiптi аудандық, салалық, биресми газеттердi шығару тәжiрибесiне барған сайын кеңiнен енгiзiлуде. Мәселен, республикамызда жарық көретiн екi жүз сексенге жуық аудандық газеттiң 21-i фототерiм мен офсетке көшiрiлген, 8 аудандық газет тарам жүйелерi арқылы облыс орталықтарындағы баспаханаларда фототерiммен терiлiп, офсетпен басылады»./43, 5-б./



Осы мағлұматтар көп өзгерiске ұшырады деп айтудың өзi қиын. Өйткенi, 1991-1998 жылдар аудандық газеттер, тiптi облыстық, республикалық газеттер үшiн аса бiр қиын кезең болды. Газет таралымдары құлдырап төмендеп кеттi, оны шығаруға кететiн шығындар өстi, қағаз тапшылығы пайда болды, аз қаражаты инфляцияға ұшырады, штаттағы қызметкерлердiң саны да, еңбекақысы да күрт төмендедi. Осының салдарынан аракiдiк жабылу, шықпай қалу, болмаса аралас тiлде шығу фактiлерi кездестi. Тек соңғы 3-4 жылда ғана тұрақтану нышандары бiлiне бастады. Осы себептi редакциялар техникалық жарақтануға, баспаханалар жаңа техника сатып алуға жағдайы көтермегендiктен үлкен өзгерiс бола қойды деп айта алмаймын.

Ал, офсеттi басусыз компьютер де көмекке келе алмайды. Тiптi облыстың газеттерге дейiн соңғы жылдарға дейiн осы шектеудiң зардабынан әбден ескiрген линотиптiк қорғасын жолдарын теру, шығыңқы баспа тәсiлiмен көбейтiлiп келдi. Мысалы, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетi соңғы екi жылда ғана технологиялық үрдiске iлiктi. Оның өзi жекеменшiк фирма офсеттi басу машинасын сатып алып, орнатқаннан кейiн ғана мүмкiн болды. Жамбыл облысында Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов атындағы, Талас аудандық газеттерi күнi бүгiнге дейiн ескi технологиядан арыла алмай келедi. Жалпы, Жамбыл облысында Тараз қаласында бiрнеше, Меркi, Қордай ауылдары мен Шу қаласында аудандық офсеттiк баспаханалар бар. Бұл да аз мүмкiндiк емес, ұйымдастыра бiлiп, көзiн тапқан жағдайда аудандық газеттердiң де өркениет көшiнен қалмауына барлық мүмкiндiк бар. Оның да қуатты қозғаушысы компьютер. Мысалы, 1998 жылы Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы атындағы ауылдағы 30-шы жылдары пайдалануға берiлген баспахананы одан әрi пайдалану мүмкiн болмады. Ескi ғимараты құлауға шақ тұрғандықтан жабылды, құрал-жабдықтары тым ескi едi, бiлiктi кадрлар да қалмаған болатын. Материалдық базасынан айрылған аудандық газет бiраз уақыт жарық көрмей де қалды. Барлық мүмкiндiктердi есептеп аудандық әкiмшiлiкте компьютер сатып алуға қаражат бөлу мәселесiн қарап, шешiп бердi. Бiр компьютер, сканер пен лазерлiк принтер сатып алған редакция теру мен беттеу процесiн өздерi атқарып, басуды Тараз қаласындағы офсеттiк баспаханамен келiстi. Ол үшiн өз мамандарын облыстық «Ақ жол» газетiнiң базасында оқытып, тәжiрибеден өткiздi. Мiне, сол уақыттан берi Жуалы аудандық газетi үзiлiссiз шығып, аптасына бiр рет өз оқырмандарына таралып отырады. Газеттiң бет-ажары, полиграфиялық сапасы танымастай өзгерген, редакция Үжымының шығармашылық белсендiлiгi де артқан. Аптасына бiр рет редакцияның көлiгi 60 шақырымдағы Таразға газет нұсқасы түскен мөлдiр пленкамен келiп, қайтарда газет таралымын алып қайтады. Бұл тәжiрибенi қала iргесiндегi Байзақ, 150 шақырымдағы Сарысу аудандық газеттерi редакциялары да iлiп әкетiп, газеттi өздерi компьютермен беттеп, Тараз қаласында бастырып жүр. Сол сияқты Құлан – Меркiде, Мойынқұм – Шуда бастыруға әбден болар едi. Өйткенi, жаңа офсеттiк басу машинасының құны 50000 АҚШ долларының үстiнде тұрады, бiлiктi мамандар да керек. Ауданда мұндай қаражат болмаса да, 1500 долларлық компьютерлiк баспа кешенiне жұмсаған ақшалары қысқа мерзiмде қайтарым берерi анық. Оның үстiне, аудандық газеттер бұрынғыдай аптасына үш рет емес, бiр-ақ рет шығатынын ескерсек, көлiк шығыны тым мардымсыз болады. Ал, кейбiр аудандық газеттер тiптi айына екi рет жарыққа шығу режимiне көшкен. Қазiргi ақпараттық технология заманының бұл да бiр қарама-қайшылығы. Алматы қаласында қазiр жүзге тарта офсеттi баспаханалар бар, жеке фирмаларға дейiн шетелде iстен шығып қалған ескi жабдықтарды бiзге тасумен әуре, соны iске қосып, табыс тауып отыр. Әрине бұл техникалық жаңарудың арзан жолы болғанымен, болашақта өскелең талаптарға жауап бередi деп айту қиын. Өйткенi, технологиялық талаптар күшейе түсуде, соның қатарында түрлi-түстi басуды қамтамасыз ету үшiн жаңа үлгiдегi құрал-жабдықтар керек.

Осыған байланысты екi проблеманы алға тартуға болады. Бiрiншi, кейбiр жергiлiктi БАҚ менеджерлерiнiң көрсоқырлығы, жаңа технологиялардың мүмкiншiлiгiн бiлмейтiндiгi және соған ұмтылмайтындығы. Екiншi, осы салада екшелiп, таразыланған мемлекеттiк саясаттың жоқтығы. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi, оның облыстық басқармалары жергiлiктi басылымдардың мұң-мұқтажынан хабарсыз, шеттеп қалғандығы. Баспа iсiн, бҮқаралық ақпаратты, соның iшiнде оның ең төменгi буынын дамытуда мемлекеттiк қамқорлықты тұжырымдайтын бағдарлама қажет деп бiлемiн.

Осы арада тағы бiр қарама-қайшылық көлденеңдейдi. Бiз әлемдiк журналистикада қашықтық пен шекараны бiлмейтiн жаңа ақпараттық орта қалыптасты деп дәлелдеп бақтық. Ал, әсiресе, аудандық газет журналистерi компьютер көрмесе, онымен жұмыс iстемесе, Интернетке шыға алмаса, жаңа ақпараттық ортаға неге қосамыз? Олардың қаржы мәселесiнде қиналғаны, қысып тастағаны сонша, тiптi қалааралық телефон байланысына да шыға алмайды. Жаңа технологиялардың мақсат-мұраты да осында: iрi қала мен алыс ауылдағы журналистiң ақпарат алу, тарату мүмкiндiгiн теңдей ету, олардың тәжiрибе алмасуына, оқып-үйренуiне кең жол ашу.

БАҚ-тағы жаңа инфрақұрылымда редакциялардың икемдi жұмыс iстеуiне кең жол ашылды. БҮрынғы беттеу процесi баспаханада болған жағдайда, газетке өзгерiс енгiзу үлкен тауқiмет, шығу кестесiнiң бұзылуы едi. Қазiргi компьютерлiк беттеуде, тың шұғыл ақпаратты дайын бетке енгiзу бiрнеше минуттық шаруа ғана. Барлық жұмыс процесiнiң бiр орталыққа шоғырлануы, еңбек нәтижесiнiң нақты көрiнiп тұруы, оны өзгертудiң икемдiлiгi редакцияларды басқаруда көп жеңiлдiк туғызды. «Электроника бұрын едәуiр уақытты талап ететiн – беттi қайта беттеп шығу, терiмнiң енiн өзгерту сияқты безендiру амалдарын бiрнеше минуттың iшiнде экранда жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.»/28, с.172/

Жұмысты ұйымдастырудың озық тәсiлi ретiнде ғылымда электронды құжат айналысы деген ұғым қалыптасты, ол да жаңа технологияның тiкелей жемiсi. Жұмыс күшiнiң жаңа моделi – флекстаймерлiк (flextime – еркiн жұмыс уақыты) қалыптасты. Батыста жаппай қолданысқа енген бҮл тәсiлдер қазақ журналистикасын да жаулап алатынына еш күмән жоқ. Яғни, ақпараттық ғасыр заманының журналисi редакцияда шұқшиып қағаз сапырып отыруы, бастықтың алдында қол қусыруы, болмаса мың сан жағдайын айтып, уақытын алуы мiндеттi емес. Барлық тапсырма, мiндеттерiн электрондық почтасы арқылы бiлiп отырады. Нөмiрге қандай материалдары кетiп барады, алда не жазуы керек, кезекшiлiгi қашан, болмаса бастығының туған күнi қалай аталып өтiледi, кiмде не жаңалық бар – бәрi де электронды айналымда, компьютер экранында. Тiптi, жұмыстан босап қалғандығың туралы жаманат хабарды айту үшiн де редактор сенi кабинетiне шақырып жатпайды, қарсылығың болмаса, құжаттарыңды басқалар қолыңа табыс етедi, не салып жiбередi, ақшалай есеп айрылысуың электронды карточкаңа түседi, бухгалтерияға кiрiп те уақыт жоғалтпай, электронды офисыңнан шықпай жұмыс iздестiресiң. Дамыған елдерде компьютер журналистiң маңызды жұмыс құралы ғана емес, электронды кабинетiне де айналған, жұмыс iстеу кестесi өзiне қалай ыңғайлы болса, солай пайдаланады. Редактор үшiн оның мақаласын редакцияда тапжылмай отырып, не теңiз жағажайында жатып жазуы маңызды емес, белгiленген уақытынан кешiктiрмей, сапалы дүние берсе болғаны.

Тағы бiр маңызды фактор – нөмiрдi жоспарлау мен беттеу икемдiлiгiнде. Ақпараттар тасқынынан маңызды оқиғаларды екшеп отырған басшы неге назар аудару керектiгiн икемдi жоспарлай алады және оқиғаны даму барысында көрсетуге тырысады. Мысалы, түс кезiнде тосын оқиға болды. Журналист оның себеп-салдарын толық ашып көрсетуiне уақыт керек. Мұндай жағдайда ол шығу кестесi мүмкiндiк беретiн соңғы минутқа дейiн журналистiк iзкесумен айналысады да, ең соңғы жаңалықты қашықтықтан-ақ жазып жiбередi, оның файлы бiрден бетке түсiрiлiп, мақаласы оперативтi жарық көредi.

Редакцияларда жаңа менеджмент дүниеге келуiмен қоса, журналистердiң кәсiби шеберлiгi артты, ұдайы бiлiмге Үмтылысы пайда болды, табысы, жалпы тұрмысы, менталитетi, этикасы мен эстетикасы өзгерiске ұшырады. Ғалымдар болашақта да аналитикалық және синтетикалық ойлау жүйесiнде болатын өзгерiстер ақпараттық «жарылысқа» негiз қалайтындығын болжауда.

Ақпарат жинау мен таратудың жаңа озық тәсiлдерi қай уақытта болсын журналистiң жұмыс iстеу тәсiлiне тiкелей әсер етiп келген. Сол тұрғыдан алғанда қазiргi технологиялардың қозғаушыларының бiрi, американ iскерi, әрi программист Билл Гейтс «желiлiк жұмыс стилi» деген түсiнiктi насихаттап жүр. Яғни негiзгi ақпарат көзi, шешiм қабылдауда ұстанар бағыт, күнделiктi iс жоспарлау мен жүргiзудiң барлығы желi арқылы қашықтан жұмыс iстеуге жағдай жасайды. Компьютер мен компьютерлiк желi айнымас еңбек құралына айналады. Бүгiнгi күннiң стилiн ғалымдар «теледидарлық стиль» деп бағалаған. Өйткенi, негiзгi ақпаратты телеэкраннан алып қана қоймаймыз, қосымша болса да сауда жасауымызға тележарнама әсер етедi, саяхатқа, демалуға шығатын болсақ та, теледидарда ұнатқан жерлерде болуға ұмтыламыз. Дүниежүзiлiк БАҚ аудиториясын зерттеулер де ақпараттың 45 пайызы телеарналар арқылы таралатындығын көрсетуде. 2000 жылғы 15 қараша мен 5 желтоқсан аралығында үлкен қалаларда сұрау салу жолымен және Интернет жүйесi арқылы дүниежүзiлiк Planet Project жобасы жүзеге асырылды. Оның нәтижесi де халықтың 40-45 пайызы негiзгi ақпаратты теледидардан алатындығын көрсеттi.

Республика Президентi Н. Ә. Назарбаев ҚазМУ студенттерi алдында мынадай да ой-тұжырымдарын ортаға салған едi: «Қазақстанның оқу жүйесi бiлiм беру қызметiнiң әлемдiк рыногы мен еңбек рыногына шығып келедi. ХХI ғасырдың табалдырығы алдында бiлiм беру капиталға айналуда. Оның өзi маңыздылығы жөнiнен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады және солай болуға да тиiс. Елдiң даму деңгейi осы арқылы бағаланатын болады»./3, 103-б./

Қазiргi көп журналистерiмiз заманның өскелең талаптарына толық жауап бере алады деп айта аламыз. Соның қатарында журналистиканың теориясын жетiк бiлiп қана қоймай, оны күнделiктi жұмысында кең қолданып, әр түрлi жанрларға, соның iшiнде күрделi аналитикалық тақырыптарға қалам сiлтейдi, мақаласын компьютерге түсiрiп, редакциялайды, суреттер мен басқа да толықтыратын материалдар ұсынады. Ал секретариат қызметкерлерi, баспа iсiн жоспарлау мен шығарудың бүге-шiгесiн бiлiп қана қоймай, өздерi де газет беттеу, көркемдеу процестерiне еркiн араласады, дизайнерлiк талғамы бар, кеңiстiк пен сұлулық, тиiмдiлiк пен көркем эстетика ұғымдарын терең меңгерген. Әрине, үлкен қаладағы мен алыс ауылдағы журналистердiң кәсiби бiлiктiлiгi мен санатын салыстыруға болмас, дегенмен сол аралықты жақындастыруға ықпал ететiн бiрден-бiр күш жаңа ақпараттық технологиялар. Оны жетiк меңгерудiң де жолы бiлiмiн ұдайы көтеру, Интернет әлемiне ену, тiлдердi үйрену.

Ашық қоғамдағы демократиялық және адамгершiлiк құндылықтар, нарық жағдайындағы бәсекелестiк, техникалық және технологиялық жаңа шешiмдер қазiргi заманғы журналистiң еңбегiне жаңа талаптар қоюда, бiлiктi мамандарға сұраныс та өсе түсуде. Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдары қандай журналистерге зәру, маман даярлауда баса назар аударар мәселелер қандай?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет