Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негiзiнде даму проблемалары мамандығы: 10. 01. 10 – журналистика



жүктеу 1.96 Mb.
бет9/12
Дата16.06.2018
өлшемі1.96 Mb.
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Қазiргi заманғы журналистiң бес бiлiгi ретiнде мынадай ерекшелiктердi айтуға болады:

1) ақпаратпен жұмыс iстеу машығының болуы. Бұл бiрiншi кезекте ақпаратты алу, өңдеу, тексеру және тарата бiлу болса, журналистiк зерттеулер, талдаулар үшiн сараптау, салыстыру, әлеуметтiк және ғылыми өңдеудi қамтиды. Яғни, қысқа ақпаратты хабардан бастап журналистiк iзкесуге дейiнгi аралықтағы технологияларды терең меңгеруi абзал, шұғыл шешiм қабылдауға бейiм болғаны жөн.

2) заңды және экологиялық сауатының болуы. Халықаралық нормаларды, республика заңдары мен өзiнiң кәсiби және азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн терең түсiнген журналист қана оқиға мен дерекке байыпты баға берiп, обьективтi пiкiрiн бiлдiре алады. Ал, ғаламдастыру үрдiсi адамзат алдына жаңа мiндеттер қоюда, онда ұлттық, аймақтық, жеке бастың мүдделерi сақталмаса, ескерiлмесе жаңа қақтығыстар мен қарама-қайшылықтардың туындау қаупi бар. Оның сыртында БАҚ-қа әлеуметтiк, қаржы-экономикалық топтар мен мүдделер тарапынан қысым күштi, жаппай коммерцияландыру үрдiсi басым, кiрiгу (конвергенция) де бел алуда. Байлық пен кедейшiлiк, бiлiмдiлiк пен сауатсыздық арасындағы алшақтық кемiген жоқ, керiсiнше, алшақтап барады. Мiне, осының барлығы журналистен берiк ұстанымды, азаматтық мүдденi, биiк адамгершiлiк мақсат-мұраттарына сүйенуде талап етуде. Ол заң, әдеп, дәстүр-салт нормаларын бiлу мен сыйлаудан тұратыны бәсенеден белгiлi.

3) жаңа техника мен технологияларды жатсынбауы. Бүгiнгi қоғамдық қатынастардың негiзгi қозғаушы күшi технологиялық төңкерiс деп танылуда. Ол 70-80 жылдары бой көрсетсе, 90 жылдары қарқынды дамып, барлық салаға өзгерiс әкелдi. Танымалы әлеуметтанушы Рей Керзвейл (Ray Kurzweil) «техникалық прогресс келесi ғасырдың алғашқы екi онжылдығында бүкiл 20-шы ғасырда жүрген жолын жүрiп өтедi, /115/ деген сәуегейлiгiн бiлдiрген. Яғни, журналистиканы да үлкен технологиялық өзгерiстер күтiп тұр. Қазiргi компьютердiң күш-қуаты дауысты тану, дауыс арқылы басқару бағдарламаларын дүниеге әкелдi. Таяу уақытта ол жаппай қолданысқа енетiнiне ешқандай күмән жоқ. БҮл да журналистiң жұмыс стилiне әсер етiп, еңбегiн өнiмдi ететiн факторлардың бiрi. Ал, таяу болашақта жасанды интеллект дәрежесiнде адаммен қарым-қатынас жасайтын бағдарламалар дүниеге келмек. Тең дәрежеде сөйлесiп, ой таластыра алатын, бiр тiлден екiншiсiне жатық аударатын компьютер роботтар қазiрдiң өзiнде бар. Бұдан шығатын қорытынды журналист технологиялық прогрестiң насихатшысы болумен қатар, оның тұтынушысы болуы абзал. Бұл журналист мамандарын даярлауда да ескеретiн жайлардың бiрi болар. Ертеңгi күннiң маманы –бүгiнгi аудиториядағы студенттер.

4) бiлiмiн күнделiктi толықтыруы. Өйткенi, ақпараттар тасқыны мен технологиялық өзгерiстер заманында бiлiмсiз қадам баса, шешiм қабылдап, ой айта алмайсың. Өз бетiнше бiлiмiн көтеру дағдысы бойына сiңiп, қалыптасқан маман ғана бәсекелестiк ортаға бейiмделiп, мақсат-мұраттарын жүзеге асыра алады. Америкалық педагог Филипп С. Шлехти кең көлемдi сұрау жүргiзiп, iскерлерге, жұмыс берушiлерге, әр түрлi дәрежедегi басшыларға «Мектептен не нәтиже күтесiз?»-деген сауал қояды. Сонда жауап қайтарғандардың барлығы дерлiк «бiзге өз бетiнше оқып, бiлiмiн көтере алатын адамдар керек»/116/ деп жауап қайтарады. Осы қоғамдық пiкiрдiң артында үлкен мағына жатқандығын өмiр тәжiрибесi де көрсетуде.

5) командамен жұмыс iстеуi. «Жалғыздың аты да, шаңы да шықпасын» қазақ бұрыннан-ақ айтып өткен. Қанша талант болсаң да, оңашада ой таластырмай, додалы көпшiлiкте тартысқа түсетiн, қолдауы мен қызғанышы, кеңдiгi мен тарлығы, әдiлдiгi мен әдiлетсiздiгi қатар жүретiн бәсекелестiк ортаға шыдап берсең ғана үлкен аудиторияға жол табасың. Оның үстiне, газетте дизайнер, макетшi, суретшiлермен қоян-қолтық араласып, мақаланың берiлуiне, көркемделуiне де ден қойсаң нұр үстiне нұр. Ал, телерадиожурналистикада оператор, режиссер, дыбыс пен сөз маманы, продюсерсiз тiптi де хабар даярлай алмайсың. Бұл журналист әмбебап болып, барлығын алмастыра бiлуi керек деген ұғым емес, шығармашылық ортаға бейiмделiп, соның ұйытқы, генераторына айналуы жөн дер едiм. Бiр мысал келтiрiп өтейiн: «Хабардың» тележурналисi Серiк Абасшахтың есiмi әркiмге-ақ таныс. Облыстық телеарналарда өз орнына таба алмаған ол, бiраз уақыт жұмыссыз да жүрiп қалды. Содан «Жетпiс жетi күнде», қазiр «Ұят болмасында» командалық жұмыс тәсiлiмен жарық етiп көрiндi, өз төңiрегiне талантты жастарды жинақтауымен ерекшелендi. Алғашында сөзiн де, сазын да, өлеңiн де өзi жазып, тiптi орындаған, камерамен өзi түсiрген күндер де болған. Команда қалыптасқан жағдайда идея да көбейдi, техникалық мүмкiндiк те артты, актерлiк шеберлiк те шыңдалды - бәрi жинақтала келiп, хабардың рейтингiн, танымалдығын өсiрдi.

Бұған қоса мемлекеттiк тiлдi, тағы бiр шет тiлiн жетiк бiлуi де журналистiң бәсекелестiк ортада тек мүмкiншiлiгiн арттырып, кәсiби қызметiн атқаруда жеңiлдiктер туғызатыны да анық.

Мен журналист компьютерге қатысты мына жайларды бiлуге де мiндеттi деп есептеймiн:

1) компьютерлiк бағдарламалардың жұмыс iстеу тәсiлi мен негiздерiн игеруi;

2) мәтiндi теру, түзету, өңдеу және сақтау машығының жетiк болуы;

3) оны қашықтыққа бере бiлу, ол мақсатқа дискеттi, iшкi желiнi және электрондық почтаны пайдалануы;

4) электрондық почта мүмкiндiктерiн пайдаланып редакциямен және өз аудиториясымен байланыс орната бiлуi, электронды құжат айналымын меңгеруi;

5) Интернеттен ақпарат алып, тауып, жүйелей бiлуi;

6) компьютерлiк дизайн негiздерiн түсiнуi;

7) желiдегi этикет және сақтық ережелерiн бұлжытпай орындауы.

Бұл қазiргi заман журналисi бiлуге мiндеттi минимум. Сонымен қатар бiлiм берудiң көп деңгейлi сатылы жүйесi қалыптасқанын ескерсек, ол талаптар да өсе түседi. Мен оны екi сатыға бөлер едiм, бiрiншiсi жоғарыда айтылған жайлар болса, ол барлық студенттерге ортақ. Ал, магистрлер мен аспиранттарға ақпараттық технологияларға қатысты қосымша мынадай талаптар қойылуы тиiс болар:

- компьютерде жұмыс iстеу машығының жетiк болуы;

- өзгелердi де, соның iшiнде студенттерге үйрете алатындай икемдiлiгi;

- жаңа технологияларды насихаттап, таратуы;

- мағлұматтар базасын түзе бiлуi;

- электронды оқулықтар жасай бiлуi;

- қашықтан оқу технологиясын меңгеруi;

- жасанды интеллект пен сараптық жүйелер бағдарламаларымен жұмыс iстей бiлуi;

- Интернет арқылы шетелдiк ғылыми орталықтармен қарым-қатынас орната бiлуi.

Осы арада Интернеттегi журналистiк этикет мәселелерiне кең тоқталып өтудi жөн көрiп отырмын.

Қазiр қолынан жазу келетiн, компьютерде жұмыс iстеу машығы бар кез-келген адам еркiн ақпарат тарататын жағдай қалыптасты. Мұның артықшылығымен қоса, екiншi қыры да бар. Әрине, пiкiрлер сан алуандығы аса құнды. Дегенмен, еркiн, ешқандай бақылау жоқ Интернет беттерiнде ақпараттың шынайылығы пен дәлдiгiне қалай көз жеткiземiз. Ал, егер мағлұмат әдейi бҮрмаланып, бiреулердi жаңылыстыруға бағытталса ше? Осыдан келiп, Интернеттiң өз iшкi заңдылығы, өзiн-өзi реттеу процесi қалыптасты. Бұл қағидалар жиынтығы «Нетикет» (NETiquette) деп аталады. Яғни, ол желiде жұмыс iстеудiң табиғи эстетикалық ережелерiн бiрiктiредi. Ғалым Л. Землянованың пiкiрi мынадай: «Эксперттер оны жүргiзушiлердiң өзiн ұстауының қарапайым ережелерiне бағындырып, өзгелерге кедергi келтiрмеуiн шектейтiн жолдағы автокөлiктердiң қозғалысын бөлетiн ақ жолаққа телидi»./117/ Соған қарамастан ереженiң қатаң сақталуы тiкелей адамдарға байланысты, өйткенi көшеде жүру тәртiбiн бұзатындар да аз емес қой. Нетикет талаптарының ең маңыздысы, ешуақытта тексерiлмеген ақпаратты таратпау, өз ойыңды айқын жеткiзу, күмәнiң болса жасырмау. Екiншi, ешуақытта өзгелердiң жұмысына нұқсан келтiретiн, болмаса мағлұматтарын бүлдiретiн әрекеттерге бармау, еңбегiне, уақытына құрметпен қарау. Үшiншi, мұндай әрекеттердi тиып отыру, кездесе қалса, өзгелерге жария етiп көп болып қарсы тұру. Мысалы, сiз бiр көзден ақпаратты пайдаланып, опық жедiңiз, ол қате мағлұмат болды. Бұл жағдайда сенiмсiз адрестi, ақпарат көзiн өз әрiптестерiңiздiң бәрiне жариялап, масқаралағаныңыз жөн, ескерткенiңiз мақұл. Сонымен бiрге, автордың өзiне де жауап қайтарып, оның сенiмнен шыққандығын мәлiмдеп, қателiгiн мойнына қойып бересiз. Содан кейiн ол көздердi пайдалануды тоқтатасыз. Әсiресе, компьютерлiк вирустардың таралуын тежеуде, одан компьютердiң зақым-дануының алдын-алуда осындай сақтық және профилактикалық шаралар маңызды. Осы мақсатта жаңалықтармен алмасып отыру, вирусқа қарсы бағдарламалардың жаңа нұсқаларын пайдалану, ұдайы жаңартып отыру да Нетикет нормаларынан туындайды. Мұндай бағдарламалардың заңды лицензиясы болуы да маңызды шарттардың бiрi.

Осы тәрiздi Интернеттiң өзiндiк ережелерi жалғаса бередi. Әсiресе, журналист үшiн ол заң, кәсiби маманға ақпаратты тексеруде салғырттыққа жол беру, болмаса бiле тұра бұрмалау үлкен айып болып тағылады.

Мiне, журналистикадағы жаңа кезең – «ақпараттық кеңарна (супермагистраль) мен ақпаратты алу және тарату еркiндiгi» – маман даярлауда осы ерекшелiктердi ескерудi талап етедi. Дүниетанымы бай, бiлiмдi, сауатты, қазiргi технологияларды жетiк меңгерген журналист қана әлемде болып жатқан күрделi де шатысып жатқан тауқiмет мәселелердi, көзқарастар мен ұстанымдарды терең саралап, өз ойын тұжырымдап, оны көпке ұғынықты жеткiзе алады.

Қазiргi менеджмент және журналистiң жаңа типi дегенде бiз осы мәселелердi қарастырамыз. Ол жаңа ақпараттық технологияларды меңгерiп қана қоймай, сол арқылы, табыс табудың, iстi жедел ұйымдастырудың жолдарын белгiлеуi, ұжымның мүддесi тұрғысынан әрекет етуi, өзiнiң кәсiби шеберлiгi мен бiлiмiн ұдайы жетiлдiрiп отыруы тиiс.
2.4 Қ а р ж ы ү н е м д i л i г i ж ә н е с а п а л ы қ

к ө р с е т к i ш т е р

Жаңа ақпараттық технологиялар едәуiр қаржыны талап етедi және ұдайы жаңартуды да назардан шығармаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда оның қаржылық тиiмдiлiгiн зерттеу аса маңызды екендiгiне дау болмаса керек. Өйткенi, жаңа техника қымбат деген қатып қалған қағидадан әлi де арыла алмай келемiз. Оның үстiне Қазақстанда газет шығару iсi пайда әкеле бермейтiнi де өтпелi кезеңде қалыптасқан қарама-қайшылықтардың бiрi. Дүниежүзiлiк тәжiрибеде табысты сала болып табылатын баспа iсi бiзде неге адымын аша алмай отыр деген сҮрақ ғылымда көптен қозғалып келе жатқан тақырыптардың бiрi.

Деректер мен тәжiрибе техникалық жаңарудың тез қайтарым беретiндiгiн, өзiн ақтайтындығын дәлелдеп келедi.

1997 жылы ақпан айында Жамбыл облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерi бiр мезгiлде компьютерлiк беттеуге көштi. Оның алдында алты ай бойы қаржылық мүмкiндiктерiн есептеу мен облыстық әкiмшiлiкпен келiсу шаралары атқарылды. Өйткенi, газеттердiң құрылтайшысы, әрi шығарушысы Жамбыл облыстық әкiмшiлiгi едi және газеттiң едәуiр шығындары облыстық бюджет есебiнен қаржыландырылатын. 1997 жылы «Ақ жол» газетiн жаздырып алушылар саны 10000 данаға дейiн көтерiлiп, 6 миллион теңгеден аса қаражат редакция есепшотына түстi, яғни бұл ақша бiр жыл бойы газеттi шығару және тарату шығындарына жұмсалуы тиiс болатын. Жарнамадан түсетiн қаржы аса көп емес, газет бөлшек саудасына тiптi шығарылмайды, қалай тартсаң да газеттiң бiр жылдық шығындары жабылмайды.

Газет басшылығы әкiмшiлiктiң қолдауымен нар тәуекелге барып, 700000 теңгеге 4 компьютер, лазерлiк принтер және сканер сатып алды, бiр ай iшiнде мамандарын үйретiп, оқытып, терiм және беттеу процестерiн баспаханадан бөлiп әкеттi. Ендi баспаханаға дайын газет беттерiн мөлдiр пленкаға түсiрiп өткiзетiн жаңа тәртiп қалыптасты. Баспахана тек офсеттi форма жасап, таралымын көбейтедi. Редакцияның ұтқан жерi де осы баспахана шығындарының күрт кемiгендiгiнде болды. Жаңа технологияға дейiн әрбiр газет саны үшiн баспахана 4 теңге 55 тиынға дейiн ақша алып келдi, ал кейiн ол 3 теңгеге дейiн төмендедi. Әр газет санынан 15500 теңге үнемделедi екен, бiр айда 8-9 газет шығатындығын ескерсек, ай сайын 130000 теңге орташа есеппен кем жұмсалатындығы айдай анық болып тұр. Бiр айда компьютер орталығында бастыруға ұнтақ ретiнде және мөлдiр пленка сатып алуға 5000 теңгедей шығын кетедi. Соның өзiнде 125000 мың теңге әр ай сайын таза үнемделсе, техника сатып алуға кеткен 700000 теңге 6 айда өз орнын толтыратынын экономистер есептеп шықты. Iс жүзiнде де солай болды, бiр жылдан кейiн редакция тiптi бiр компьютерiнiң қуатын арттыруға да өз қаражатын шығарды.

Мiне, осы арада ескi технологияның экономикалық тиiмсiздiктерi көзге анық көрiнiп тұрды. Облыстық баспахананың сол кездегi штаты 100 адамды құрайтын, тек басқару, есеп-қисап қызметiнiң өзiнде 20-ға тарта адам еңбек ететiн. Солардың жартысына жуығының газет шығару iсiне тiкелей, немесе жанама қатысы бар едi. Яғни, олардың еңбекақысы, басқа да өндiрiстiк мол шығындары газеттiң өзiндiк құнына әсер етiп келген. Жаңа жағдайда бiр адам газет формасын жасаса, екiншiсi басады, басқа адамдар газетке тiптi араласпайтын да болды. Екiншi, газет бұрын шығыңқы баспамен шығатындықтан, барлық материалдары линотиппен қорғасын жолдарға терiлетiн, оны қалыпқа салатын метранпаж-беттеушi болатын, суреттерден цинктi клише жасайтын жеке маман, оған қоса ретушер бар едi. Линотиптiң өзiнде екi бiлiктi маман толық жұмыс күнi тек газет мақалаларын құйма жолға түсiрумен айналысатын, оның бiр әрiпi қате түссе, бүкiл жол, кейде тiптi абзацтар қайта терiлетiн. Оның үстiне линотип сағатына 1,5 киловатқа дейiн электр қуатын қажет ететiн, қорғасын қоспасын балқытатын қазандық едi. Оның экологиялық зардабымен, адам денсаулығына зиянымен ешкiм санасып жатпайтын. Редакцияның кезекшiлерi мен корректорлары да газет шығарудың басы-қасында жүретiн, олар отыратын бөлменiң жалға беру құны да газет шығынына кiрушi едi. Осындай жағдайда газет рентабельдiгi туралы сөз болуы да мүмкiн емес едi.

«Ақ жол» газетiнiң редакциясы осының бәрiн ысырып тастап, жаңа технологияға батыл көштi, дұрыс қадам жасағандарын уақыт көрсеттi. Газет бiр нәрседен ғана ұтылды, газеттiң форматы бұрынғы А-2 үлкен форматтан кiшi А-3-ке ауысты. Редакция штатына бiр адам компьютерлiк беттеушi ғана қосылды. Бұрын электронды машинка басқан қызметкерлер қысқа уақытта-ақ компьютерлiк терiмдi үйренiп шықты, қате де экраннан алдын-ала түзетiлетiндiктен сирек ұшырасатын болды, кейiннен корректорлар штаты да қысқарды.

Менiң байқағаным, осы технологиялық өзгерiстi енгiзуде психологиялық фактор көп әсер еттi. Өйткенi, қаражатты есептеу оңай, ал редакторлар газеттiң болашағын жан-жақты ойластырып, көптеген факторларды ескеруi қажет болатын. Адамдардың жұмысқа қатынасы қалай өзгередi, газет шығаруда тосын кедергiлер туындап, кесте бұзылмай ма, оқырмандар қалай қабылдайды-деген сияқты сұрақтардың туындауы заңды едi. Әсiресе, штаттағы бiр адамды болсын қысқарту, үлкен тауқiмет, ол адам үшiн трагедия болатын.

Дегенмен, аз уақытта сол қиындықтардың бәрi артта қалды, газеттегi өзгерiстердi оқырмандар да жылы қабылдады, бiрте-бiрте жарнама беру де жақсарды, кадрлар өстi, жаңа техникаларды бәрi өз дәрежесiнде меңгердi.

Бұл тәжiрибе кейiннен Меркi аудандық «Меркi тынысы» газетiнде де пайдаға асты. Бұл газеттiң бiр ерекшелiгi екi тiлде аударма түрiнде шығатын және жалпы қазақ және орыс тiлдерiндегi таралымы 3000 ғана дана едi. Газеттiң өзiндiк құны 2,25 теңгенi құрайтын, компьютерлiк техника сатып алынғаннан кейiн ол 1,4 теңгеге дейiн төмендедi. Осыдан кейiн бұрынғы аудандық газет редакциясы мен аудандық баспахана екеуi бiрiгiп, баспа үйiне айналды, тиiсiнше шығындары бұрынғыдан да кемiп, тiптi газеттi басу шығындары сырттан келiп түсетiн тапсырыстар есебiнен жабылып кететiн болды. Қазiр компьютерi мен офсеттi басу машинасы бар газет ұжымы нарықтық ортаға бейiмделiп, жағдайын бiршама түзеп алды, болашақта жаңа қызметтер ашу, техникаларын жаңарту жоспарлары бар.

Осы арада тағы бiр мәселеге көңiл аударып кету қажет. Ол аудандық газеттердiң қаржы-экономикалық жағдайына байланысты. Бұл газеттер көбiне аз таралыммен жергiлiктi ерекшелiктердi ескерiп екi тiлде жарық көредi. Аударма газеттiң шығындарынан қашқан кейбiр редакциялар екi тiлде аралас материалдар басып, бiр газет болып шығып келедi. Бұл газет таралымына тiкелей керi әсер ететiн фактор екендiгiн түсiнетiн уақыт жеттi. Мұндай жарымжан газеттер бүгiнгi техникалық дамудың рухына жауап бере алмайды, керi сүйрейдi. Жергiлiктi басылымдар нарық тауқiметiн әлдеқайда қиын көтеруде, қағазды бiр баға - нарықтық бағамен сатып алады, салығын да төлейдi және т.б. Сондықтан, оларға қолдау көрсетудiң шаралары республикалық деңгейде қаралуы тиiс деп есептеймiн. Олардың журналистерiнiң, басшыларының кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру, қысқа мерзiмдiк оқуын ұйымдастыру да назардан тыс қалып қойған мәселелердiң бiрi.

Осындай өзгерiстi республикалық «Жас Алаш» газетiнiң ұжымы да бастан кешiрдi. 1995-1997 жылдары газет таралымы тым азайып, шығындары өсiп кеттi. Газеттiң барлық шығындарының үштен бiрiне дейiн баспахана қызметiне ақы құрайтын. Бұрынғы газеттiң аптасына миллионнан асқан таралымының пайдасы құмға сiңген судай болып көзден бұл-бұл ұшты, кеңестiң-партиялық тоталитаризмнiң сеңi 1996 жылы ғана бұзылды. Осы жылы редакция жеке заңды тұлға ретiнде өмiр сүре бастады, өз алдына есепшотын ашып, нарық теңiзiне нартәуекелмен бойлап кеттi. Бұрынғы Орталық комитет құзырында болып келген «Дәуiр» газет-журнал баспасынан кiндiгi бөлiнгенде ғана ақшаның дәмi тым ащы екендiгiн сезiндi. Бұрынғы миллиондап тапқан табысын жоқтауға шамасы да келмей қалды, еншi бөлудiң орнына монополист баспа тиiмсiз шарттар ұсына бастады: баспа, қағаз құнын ай сайын көтерумен болды, ол аз дегендей қызмет бөлмелерi үшiн жалақы төлеу тәртiбiн енгiздi, бiраз уақыт қарыздарың көбейiп кеттi деп газеттi басуды тоқтатып та қойды. «Өгейсiткенiн» аңғарған газет басшылары балама жолдар iздестiре бастады. Бұл уақытта бiраз орыс басылымдары өз компьютерлiк баспа орталықтарын ашып үлгерген едi, соның бiрi бiр қабатта орналасқан «Ленинская смена»-«Экспресс-К» газетiнiң редакциясынан көп нәрсенi үйренуге тура келдi. Сөйтiп, 1997 жылы «Жас Алаш» газетi республикалық қазақ басылымдарының iшiнде алғашқылардың бiрi болып компьютерлiк орталығын ашып, жаңа технологияға түпкiлiктi бетбұрыс жасады. Баспахана шығындарын азайтумен қатар қағазды да өзi сатып алатын дәрежеге көтерiлдi. Содан кейiн бiрер жылда тiптi жеке ғимарат сатып алып, «Дәуiрден» тағы да алыстай түстi. Биыл ендi осы баспахананың қызмет көрсету құнын қымбатсынып, жаңа үлгiдегi жеке меншiк басқа мекемеде таралымын бастыруда. Соңғы жылдары газет таралымының қайта өсу үрдiсi байқалады, экономикалық жағдайын бiршама түзеттi, шаруашылығын дербес жүргiзуге бейiмделдi. Оны төмендегi кестедегi деректер де айғақтай түседi.

«Жас Алаш» газетi редакциясының бiр айлық бюджетi

(орташа көрсеткiш)



Табысы: мың теңге

үлес салмағы %

- жарнама 600 15

- жаздыру 4000 84

- бөлшек саудасы 140 1

Барлығы: 4740 100



Шығындары:

- жалақы қоры 960 25

- гонорар қоры 480 12.8

- жолсапар шығындары 25 0.6

- тiлшiлер қосынының шығындары 40 1

- қағаз құны 840 22

- баспахана қызметi 670 18

- ақпараттық агенттiктер қызметi 38 1

- материалдар шығыны 30 1

- әр түрлi iшкi шығындары 250 6.6

- байланыс қызметi 300 8

- көлiк шығындары 150 4

Барлығы: 3783 100
«Жас Алаш» газетiнiң беделi өскендiгiн ақпараттық саладағы республикалық тендерлерде жеңiмпаз атанып жүргендiгi, беделдi сыйлықтар мен марапаттауларға ие болғандығы дәлелдейдi. 1999 жылы жастар басылымы үздiк газет ретiнде «Алтын жұлдыз» байқауының жеңiмпазы болып танылды. Газет редакторы Нұртөре Жүсiп 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң сыйлығын иеленсе, 2000 жылы Жыл адамы байқауының «Алтын Адам» сыйлығы берiлдi. 80 жылдық меретойын кеңiнен атап отырған газет ұжымының шығармашылық биiктерi алда екендiгiн өткен тарихы мен қалыптасқан игi дәстүрлерi дәлелдейдi.

Техникалық жаңарудан газет ұжымы еш ұтылған жоқ, керiсiнше оның жаңа сапаға көтерiлуiне сол бастамасы жол ашты. Штатты кестеде де көп өзгерiс бола қойған жоқ. «Дәуiр» баспасынан екi бiлiктi компьютерлiк газет беттеушi редакция штатына ауысты, бұрынғы машинисткалар мұнда да компьютерлiк терушiлердiң орнын басты. Қазiр мұнда кез-келген журналист өз мақаласын компьютерге сауатты енгiзе алады. Секретариат қызметкерлерi компьютерлiк орталықпен бiрге қоян қолтық араласып, кең тыныстап, тың iзденiспен, жаңа күш-жiгермен жұмыс iстейтiн болды.

Осы арада, жоғарыда мысал келтiрген қазақ газеттерiнiң таралымына қайта оралайын. «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алаштан» өзге республикалық басылымдардың жалпы ортақ таралымы «Жас Алаштың» апталық санына жетпейдi екен. Ал, «Жас Алаштың» өзi бұрынғы миллионына неге көтерiлмейдi? Мұнда тек әлеуметтiк, нарықтық факторлар жатқан жоқ. Бiзге керегi – маркетинг! Редакция жоғалтқан жазылушыларын қайтаруда не жұмыс атқарды? Жер-жерлермен байланысы неге нашарлады, өз тiлшiлерiнiң қатары неге сирек? Жергiлiктi өткiр де өзектi жаңалықтар қайда? Ақпарат көздерi қандай? Электронды хат алмасу аймақтармен орнатылды ма? Қандай жарнамасы бар? Баға саясаты қандай? Оқырман тiлектерiн орындауда ма? Қандай акцияларымен танылды? Бұл сұрақтар қазақ, тiптi қазақстандық барлық баспасөзге ортақ.

Қазақ журналистикасында қоғамдық пiкiрдi жан-жақты зерттеу, дұрыс шешiмдер қабылдау үшiн басшылыққа алу жағы ақсап жатады. Аудиториясы мен оның рухани сұраныстары ескерiлмейдi, интуициялық шешiм қай кезде де ойдағыдай нәтиже бермесi анық. Оның үстiне қазiр маркетингтiк зерттеу жүргiзудiң методикасы мен тәжiрибесi әбден зерттелген, осы тақырыпты қамтыған құнды әдебиеттер өте көп. Осы мәселелер бойынша кәсiби тұрғыдан баға берiп, кең ауқымды зерттеулер жүргiзуге машықтанған мамандандырылған фирмалар да жұмыс iстейдi. Олардың қызмет көрсету ақысы жоғары болғанымен, ұсыныс-пiкiрлерi де соншалықты құнды, мерзiмдi басылымдардың тауқiметтерiн шешуде нақты нәтижеге жеткiзе алады.

Мысалы, «Жас Алаш» газетiнiң көзге ұрып тұрған мына бiр ерекшелiгiн талдап көрейiк. Газеттiң республика аумағында таралуы тым шашыраңқы. Негiзгi жазылушылар Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының тұрғындары болып келедi. Алматы облысы мен қаласы үшiн таралымы тым аз көрiнедi. Жер-жерлерден мақалалар беруде де кейбiр облыстардың шеттеп қалатындығы көзге көрiнiп тұрады. Мiне, осы мәселенiң өзiмен айналысып, дұрыс шешiмдер мен шаралар қабылданса, ол таралымның қазiргiден де жоғары бола түсетiндiгiне, әрi бiркелкiлiкке жеткiзедi деп ойлаймын.

Әлемдiк тәжiрибеде жазылудан гөрi бөлшек саудасы мен жарнамадан түсетiн табыс мерзiмдi басылымдардың негiзгi қаржыландыру көзi болып табылады. Қазақстанда, өкiнiшке орай, бөлшек саудасы iрi қалаларда ғана жолға қойылған, бәсекелестiк орта қалыптасқан. Ал алыс елдi мекендер үшiн баспасөз сирек кездесетiн, сағына қауышатын тауарға айналған. Кей жерлерде аптасына бiр рет қана жеткiзiлетiн пошта қызметiне сенiм құлдырап кеткендiктен, газет-журналдарға жазылу да тым мардымсыз. Мысалы, Алматыда тiптi алыс шетелдiң де танымал басылымдарын сатып алуға болады, ал ауылда тiптi жергiлiктi газеттердiң өзiн төрт үйдiң бiрiнен таба алмайсыз. Бұл да қазiргi уақыттың қарама-қайшылығы.

Қазақстанда әлемдiк өлшеммен қарағанда күнделiктi газет стандартына жауап беретiн қазақ тiлдi басылым табудың өзi қиын. Жалғыз республикалық қоғамдық-саяси «Егемен Қазақстан» газетiнiң өзi аптасына бес рет шығады және көбiне А-2 форматымен 4 беттен аспайды. Ол бiр жылдағы 260 санында қамтитын ақпараттар көлемiн Лондонда жарық көретiн «The Times» газетi бiр ай көлемiнде ғана қамтиды екен. Яғни бiздiң газет өндiрiсiмiздiң резервтерi орасан зор, игерiлмеген тың салаларымыз жетерлiк.

Жоғарыда сөз болғандай экономикалық тиiмдiлiкке кейiн Қазақ радиосы жұмысына араласқанда да көз жеткiздiм. Жаңа технологиялар кеткен шығындарды қайтарып қана қойған жоқ, тез арада қайтарым бердi, еңбек нәтижесiн жақсартты.

Баспа саласында беделi өте жоғары америкалық «Эдитор энд паблишер» апталығында мынадай пiкiр жарық көрiптi: «газеттi басу iсiн компьютерлендiруге байланысты оның сапасы жақсарады – бұрынғыдан гөрi тартымды, өзектi, пайдалы бола түседi, өйткенi электронды-дисплейлiк байланыстар жаңалықтардың, графикалық суреттердiң, және жарнаманың дайындалуы, өңделуi мен газет бетiнен орын алуының барлық кезеңдерiндегi процестердi жеңiлдетiп, кез-келген ақпараттың, әсiресе, ресми материалдардың көлемi мен тұтастығын сақтауға мүмкiндiк бередi. Тiптi Ақ үйдiң өзi ақпараттық электронды ғасырға қадам жасап, сөздерi мен мәлiмдемелерiнiң толық нұсқасын электронды қызмет көрсету каналдары арқылы таратуда, онымен жеке компьютер арқылы телефон байланыс желiсiн пайдаланып танысуға болады. Газеттiң компьютер жүйелерiне алыстан қатысуы мен ақпарат алудың бұл соны тәсiлдерi уақытың мен еңбегiңдi үнемдеп, қатеге жол бермейдi.»/118/

Осы пiкiрдiң өзiнде ақпараттық технологиялардың тиiмдiлiгiнiң жаңа бiр қырлары ашылып тұр. Газет-журналдардың мазмұны ғана жақсарып қойған жоқ, полиграфиялық сапасы да адам танымастай өзгердi. Жаңаша дизайн қалыптасты, қарiптердi кең, әрi құбылта пайдалану жүзеге асты, суреттер көп қолданыла бастады, жаңа типтi фотоколлаждар дүниеге келдi, безендiру элементтерi байытылып, көркемдеу стилi мен бағыттарының сан түрi оқырманын тапты.

Ол сапалық көрсеткiштердi төмендегiдей тұжырымдауға болатын шығар:

1) технологиялық жаңа деңгей;

2) көркемдеу тәсiлiнiң жаңарғандығы;

3) дизайндағы жаңа стиль;

4) фотосурет және графиканың кең мүмкiндiктерi, олардың жаңа коммуникативтi функциялары;

5) қарiптердiң сан-алуандығы;

6) түрлi-түстi басылымдар;

7) аймақтық ауыспалы ақпарат;

8) автоматтандыру алғышарттары.

Ақпараттық технологияларды енгiзудiң басты нәтижесi – газет-журнал, жалпы баспа өндiрiсi технологиялық жаңа деңгейге көтерiлдi. Күнi бүгiнге дейiн мерзiмдi басылымдардың үлкен таралымдарын қамтамасыз етуде екi тәсiл – шығыңқы және офсеттiк басу тәсiлдерi қолданылады.

Шығыңқы басудың тарихы өткен ғасырларға кетедi және күнi бүгiнге дейiн қызмет етiп келедi. Немiс өнертапқышы Ф. Кениг ойлап тапқан шығыңқы баспа станогы 1814 жылы 29 қарашада Лондонда шығатын «Таймс» газетiн көбейтуде тұңғыш рет қолданылады. Әрине, бұл процесс ұдайы жетiлдiрiлiп, дамытылып келдi. ХХ ғасырдың басына дейiн газет жолдары жеке әрiп ұялары қатарынан тұрып келдi, қол терiмiмен бүкiл мақалалар мен тақырыптар бiр қалыпқа түсiрiлушi едi. Бәрi тұтас болғанда басу машинасымен көбейтiлетiн. Кейiннен линотип құю машинасы дүниеге келiп, ендi тұтас жолдар осы машинамен терiлетiн болды, терушiлердiң жұмысы көп жеңiлдедi. Бұл басу тәсiлiнiң басты кемшiлiгi фотосуреттердi беру мүмкiндiгiнiң төмендiгiнде едi. Фотосурет арнайы электронды-граверлiк жабдықтарда жарықтық лазердiң күшiмен цинк пластинасына көшiрiлетiн, оның сапасы әркезде жақсы шыға бермейтiн. Сонымен бiрге әр газет оттискiсi үйкелу процесiнен алынатындықтан ол бетке бiртұтас тегiс түсуi де қиын болатын. Сондықтан газеттiң кейбiр аумақтары көмескi шығатын, болмаса суреттi анық ажыратып тану мүмкiн болмайтын жайлар да кездесетiн. Сол сияқты қою бояулар пайдалана-тындықтан ол қолға, басқа да нәрселерге жұққыш келушi едi.

Ескi технологияның өзiндiк құны өте жоғары едi, мамандардың жұмыс iстеуiне де қолайсыз болатын. Күнi бойы ауыр қорғасын қоспаларымен, цинкпен жұмыс iстеу денсаулыққа да, қоршаған ортаға да зиянын тигiзетiн. Осындай шағын аудандық баспахананың өзi үлкен аумақты алып жататын, оның құрылымы да күрделi едi. Мiндеттi түрде әрiп ұялары сақталған цех болушы едi, онда әр түрлi тақырып теретiн қорғасын кассалар жиынтығы сақталатын, терушiлер жұмыс iстейтiн.

Ыстық терiм цехында ең кемi екi линотип орналастырылатын, кейде тiптi резервке үшiншiсi қарастырылатын. Механикалық тетiктерi көп болғандықтан, ол жиi бұзылатын және ұдайы кезекшi механик қызмет көрсететiн. Линотипте терушi ыстық қазандықтың жанында жұмыс iстейтiндiктен қысқартылған кестесiмен жұмыс iстейтiн де, ауысыммен еңбек ететiн.

Келесi цех беттеу және түзету жұмыстарын жүзеге асыратын, дайын текстер, клишелер, тақырыптар орналастырылып, алғашқы оттискiлер алынатын, ол корректорлардың, кезекшiнiң тексерiп, түзетуiне берiлетiн. Мұндағы жұмыстың ең қиындығы макетпен үйлесiмдiлiгiнде едi. Егер макеттеушi терiмге қате форматты берсе, ол қалыпқа сыймайтын, не жетпей қалатын. Осыдан бүкiл жұмыс не қайта терiледi, болмаса үлкен кеңiстiктер бос элементтермен толтырылады. Әсiресе, макетшiлердiң жолды дұрыс есептеп бермеуi көп қиындық тудыратын, тым кем есептесе артық қорғасын жолдары қысқартылатын, кейде тiптi мақаланың мәндi түйiндерi осылай қысқарып кете баратын. Ал, жолды артық қалдырып қойса, жетпеген жердi жазып, қайта терiп толтыратын, болмаса әр жол қатарларының арасына бос белгiлер – шпондар салынушы едi. Мiне, осылай бiрнеше қолдан өтiп, тексерiлгеннен кейiн, дайын қалып басу цехына жiберiлетiн.

Мұның бәрiн тәптiштеп айтып отырған себебiм, осы үш бiрдей цехтың, ондаған адамның еңбегiн қазiр бiр компьютер алмастырды. Компьютерлiк технологиялардың баспасөзде кең қолданылуы жаңа офсеттiк басу тәсiлiне бетбұрысқа бастау болды.

Осы арада тарихқа «Уоппинг бетбұрысы» деген атпен енген мына бiр көрiнiске назар аударайық. 1986 жылғы қаңтар айында ағылшынның медиа магнаты Руперт Мэрдоктың күнделiктi шығатын төрт бiрдей «Таймс», «Санди таймс», «Сан» және «Тудей» газеттерi Лондондағы ескi баспаханасын тастап, қала сыртындағы Уоппингтегi жаңа жайға ауысады. Ескi баспаханадағы 6000 жоғары бiлiктi мамандар жұмыссыз қалып, көшеге шығады. Құпия ретiнде жаңа технологиялармен жабдықталған газет баспасын салған миллионер қожайын ендi оны темiр тiкен қоршаулардың және полиция күшiмен қорғайды. 10 айы бойы жалғасқан күрес, көше шерулерi, сотқа жүгiнулер нәтиже бермей, ақыры жұмысшы мүддесiн қорғаған кәсiподақтар жеңiлiсiн мойындап тынды./119/ Демократия елi саналатын Ұлыбританияда офсетке, түрлi түске көшу осындай тарихи теке-тiреске тап болған едi. Қазақстан жағдайындағы соңғы өзгерiстер онсыз да полиграфия iсiндегi тоқырауға тура келдi, мұндай әлеуметтiк салдары бiлiне қойған жоқ.

Офсеттiк тәсiлдiң басты ерекшелiгi ол тегiс арнайы форма арқылы жүзеге асырылатындығында, жарықтың көмегiмен, фотопроцестер арқылы газет көшiрмесi осы формаға берiледi, содан кейiн күрделi химиялық процестер арқылы ол арнайы барабанға, одан қағазға берiледi. Мұндағы офсеттi форманың рөлi күштi, өйткенi, оның жарық түскен тұстары офсеттi бояуды өзiне жұқтырады да кейiн валик арқылы қағазға ауыстырады, ал жарық түспеген тұстар бояуды жұқтырмай, керi итередi. Мiне, осындай күрделi химиялық процестер арқылы газет-журналдар таралымы қамтамасыз етiледi.

Офсеттiк тәсiлдiң басты артықшылықтары төмендегiдей деп бағаланады:

- өте жоғары сапасы;

- басу механизмiнiң өте дәлдiгi;

- жоғары өнiмдiлiгi;

- көп күтiмдi, еңбек күшiн қажет етпейтiндiгi;

- экологиялық зиянды қоспалардың болмауы;

- машиналардың шағын көлемi;

- энергия қуаттарын аз пайдаланатындығы;

- бояуды аз тұтынатындығы;

- формалардың жұқа, әрi жеңiлдiгi және басқалар.

Қазiргi ең әсем, түрлi-түстi деген журналдарыңыздың бәрi осы офсеттi тәсiлмен басылған өнiмдер. Мұнда қағаздың да сапасы өте үлкен рөл атқарады. Түрлi-түстi суреттердiң сапасын кәдiмгi фотосуреттен ажыратудың өзi қиын. Ал шығыңқы баспа жағдайында түрлi-түстi сурет алу тiптi де мүмкiн емес болатын. Мерекелiк нөмiрлерге қосымша бояумен тек жекелеген тақырыптар, болмаса сызықтар ғана берiлетiн. Оның өзi дәл түспей, көбiне ауытқып түсiп жататын. Кеңес дәуiрiнде түрлi-түстi журналдар ойыңқы баспа тәсiлiмен көбейтiлетiн және ондай баспалар iрi орталықтарда ғана мүмкiн болатын.

Қазiргi офсеттiк машиналардың өнiмдiлiгi де таңқаларлық – бiр сағатта 90000 газет бетiне дейiн басып шығаратын машиналар бар. 1993 жылға дейiн жоғарыда сөз болған «Қордай шамшырағы» газетi шығыңқы баспа тәсiлiмен көбейтiлiп келдi. Сол кездегi газет таралымы 10000 данаға жуықтайтын және соны екi адам түнi бойы кезектесiп басып шығатын. Өйткенi, әр парақ қағазды қолмен сырғытып берiп отыратын және әр бетiн жеке басатын. Сонда 20000 беттi басып шығу үшiн 5-6 сағат уақыт жұмсалатын.

Қазiргi офсеттi машиналардың екi түрi бар және ол қағазды алу ерекшелiгiне байланысты парақтық және орамалы (рулонды) деп бөлiнедi. Алғашқысы шағын баспаханаларда кең тараған, парақ стандарттарына кесiлген қағазды пайдаланады және әр түрлi санды секциялардан тұрады. Әр секция саны бiр беттi немесе бояуды басады. Мысалы, екi секциядан тұратын машина бiр мезгiлде аудандық газеттiң екi айқара бетiн де басып бередi, әлдеқайда өнiмдi. Бiр мезгiлде толық түрлi-түстi газет бастыру үшiн төрт секциялық басу машиналары қолданылады және жоғары сапалы өнiм алынады. Әрине, түрлi-түстi бiр секциялы машинамен басуға да болады, бiрақ бұл жағдайда көп жай машинаның дәл реттелуiне және маманның бiлiктiлiгiне байланысты. Сәл ауытқудың өзi тексте бiлiне қоймаса да, сурет сапасына әсер етуi мүмкiн. Қазiргi заманғы офсеттiк машиналарды қосымша секциялар да қарастырылып жүр. Мысалы, немiстiң Гейдельберг фирмасының көпшiлiк машиналарында лак жағатын қосалқы секция бар, егер журналдың мұқабасына лак жүргiзгiңiз келсе, сол мүмкiндiктi пайдаланасыз. Полиграфия мүмкiндiктерi қанша дамығанымен әзiрге алтын, қола түстердi таза күйiнде бояуларды араластыру арқылы алу мүмкiн болмай отыр. Сондықтан осы түстердi де қосымша секциялар арқылы, арнайы бояулар арқылы беру кең қолданылып жүр.

Орамалы офсеттiң ерекшелiгi қағаз орамасынан дайын бүктелген газет алынатындығы, ол мiндеттi түрде көп секциялы болып келедi және үлкен таралымдарды қамтамасыз етедi. Бiр мезгiлде тұтас газет беттерiн, немесе 16, 32 беттен тұратын дәптерлердi басып шығарады, өнiмдiлiгi өте жоғары. Кемшiлiгi: барлық беттердiң формасын дайындауға, реттеуге көп уақыт жұмсалады және осы уақытта қағаз шығыны артып кетуi мүмкiн. Мұндай басу машиналары өте қымбат тұратындықтан аса iрi баспаханалардың ғана сатып алу мүмкiндiгi бар.

Осы арада мына бiр мәселеге назар аударып кетудi жөн көрiп отырмын. Соңғы жылдары Қазақстанда шағын жекеменшiк баспаханалар саны көбейе түсуде. Бiрақ олар көбiне өз беттерiнше, жеке ұйғарымы бойынша әрекет етедi және шет елдерде бұрын жұмыс iстеген, сөйтiп, өз ресурсын тауысқан соң шығарып тасталған басу машиналарын жаңғыртып, елiмiзге көптеп әкелiп орнатуда. Ол офсеттiк машиналар көбiне 80-жылдары шыққандықтан, батыстық өлшем бойынша моральдi ескiрген, өскелең талаптарға жауап бере алмайды. Бiздiң уақытша сұраныстарымызды қанағаттандырғанымен, полиграфиялық өсуге, дамуға оң әсерi шамалы, күтуi қымбатқа түседi, қосалқы бөлшектерi табылмайды.

Мiне, осы деректердiң өзi полиграфия саласында егемен мемлекетiмiздiң айқын бағдарламасы қалыптаспағандығын, нарық стихиялы дамып жатқандығын көрсетедi. Осыған қатысы бар мына бiр тауқiметтер де болашақта үлкен олқылықтарға ұрындыруы мүмкiн. Ол – полиграфия мамандарын даярлау мәселесi. Өкiнiшке орай, онымен мемлекеттiк мүдде тұрғысынан айналысып жатқан жоқпыз. Алматы қаласында орта буын полиграфистер даярлайтын бiр кәсiптiк орта оқу орны мен Алматы политехникалық университетiнде полиграфиялық машиналар кафедрасы ғана бар. Бұрынғы Москва полиграфиялық институтының Алматы филиалы жабылып қалған. Ал, болашақта осы салада бiлiктi мамандар қажет болатындығы айдай анық. Сондықтан, жаңа мамандықтар ашудың жолдарын қарастырып, қолда бар ғылыми-оқытушылық мүмкiндiктi жаңаша жұмылдыру қажет тәрiздi. Мысалы, ақпараттық қоғамдағы полиграфия мамандарын даярлаудың мiндеттерi мен шараларын белгiлейтiн бағдарлама жасап, мемлекеттiк қамқорлықты бiр белгiлеп, ал жекеменшiктiк құрылымдарға белгiлi бiр жеңiлдiктер қарастыру, жағдай туғызуды қолға алатын уақыт келдi деп есептеймiн.

Бұл жалпы полиграфия өндiрiсiне де қатысты. Өйткенi, Қазақстанда полиграфия жабдықтары шығарылмайтыны былай тұрсын, баспаларға қажеттi қағаздан бастап барлық шикiзат, баяулар, материалдар ине жiбiне дейiн сырттан әкелiнедi. Осыған байланысты оларды өзiмiзде шығаруды импортты ауыстыру бағдарламасы көлемiнде қарастыруға әбден болады. Сол сияқты осы салада ғылыми зерттеу лабораториялары да жоқ, онымен айналысатын ғалымдар даярлау да күн тәртiбiнде тұр. Рас, iрiлi-ұсақты баспа кәсiпорындары пайда болуда, қатары өсе түсуде. Бiрақ, олардың әркелкiлiгi, өз бетiнше әрекет етуi, осындай тауқiметтерден сырт қалуына жол бередi. Сол мүдделердi ұштастырып, үйлестiретiн күш қажет. Ол екi түрлi жолмен қалыптасуы мүмкiн: бiрiншi, мемлекеттiк мекемелер мен қуатты баспа кәсiпорындары бастама танытуы мүмкiн; екiншi, шағын ұжымдар өзара бiрлесiп, төменнен ұйтқы болуы мүмкiн. Өтпелi экономика жағдайында ол әртүрлi мерзiмге созылып, тауқiметтер шиеленiсе түсуi де мүмкiн. Сондықтан, олар мерзiмдi басылым беттерiнде жиi әңгiме болып, ойға қозғау салуы, жұмылдырушы күш рөлiн сол қызметтi тұтынатын газет-журналдар өздерi атқарғанын жөн көрер едiм.

Технологиялық өзгерiстер туралы сөз болғанда тағы бiр мәселенi ескермесе болмайды. Шығыңқы баспа мен компьютерлiк офсетке көшу аралығында фототерiм тәсiлi кең қолданыс тапты, әсiресе 70-80 жылдары газет-журналдар сапасындағы секiрiстi осы тәсiл қамтамасыз еткендiгiн ұмытуға болмайды. Алайда, оның жабдықтары қымбат тұратындықтан iрi баспаларда ғана орнатылды. Мысалы, «Дәуiр» газет-журнал баспасы 1993-1994 жылдары компьютерлiк терiм мен беттеуге көшкенге дейiн осы тәсiлдi қолданды.

Фототерiмнiң басты ерекшелiгi – сәулелi-оптикалық тәсiлдер арқылы текст, тақырып, сызықтар, суреттер және басқа да безендiру элементтерiн фотопленкаға түсiруi едi. Арнайы терминалда пернетақта көмегiмен мәтiн терiлетiн де перфокартаға түсiрiлетiн. Қателерден түзетiлгеннен кейiн, белгiлi бiр форматы, яғни енi, кеглi, қарiп түрi белгiленген перфокарта арнайы құрылғы арқылы фотошығарғышқа жiберiлетiн, онда фотопроцестер арқылы мәтiн блоктарының негативi алынатын. Осылайша суреттер, тақырыптар, сызықтардың негативi жинақталады және беттеушi олардың көмегiмен макетке сәйкес газет беттерiн құрастырады. Дайын беттен фототәсiлмен офсеттi форма алынады.

Фототерiм, әрине, шығыңқы баспамен салыстырғанда көп iлгерi басушылық болды, газет-журналдардың сапасы әлдеқайда өстi, безендiру мүмкiндiгi жақсарды. Газеттi масштабтау еркiндiгi, инверсиялау, көлеңкелер беру мен баяу қанықтығын әр түрлi ету мүмкiндiгi жаңа шығармашылық көкжиектердi ашты. Газеттi безендiрудегi қозғалыс (динамика) мен жоғары эстетика ұғымдары қалыптасты. Фототерiм таза өндiрiс тәсiлi едi, бұрын қорғасын жұтқан беттеушiлер ендi ақ халат киiп, операциялық залдағыдан скалпель пышақпен газет құрастыратын болды.

Бiрақ, оның да кемшiлiктерi болды. Соның қатарында мына жайларды көрсетуге болады:

- бiрнеше сатылы процесс өте дәлдiктi қажет еттi, мысалы терiм енi дұрыс белгiленбесе, бетке сыймайтын, не жетпей қалатын, мұндай жағдайда ол қайта шығарылып, қосымша шығын кететiн, уақытты алатын;

- перфокарталарды оқу да мамандардың бiлiктiлiгiн талап ететiн, қателердi түзету машақат едi;

- көп материалдарды, әсiресе фотопленкаларды қажет ететiн;

- фотопроцестер едәуiр уақытты талап ететiн, яғни айқындау, кептiру сияқты операциялар мiндеттi едi;

- икемдiлiгi, газет макетiне бейiмдiлiгi төмен болды және басқалар.

Сол сияқты газет редакциялары тәжiрибесiнде шығыңқы баспа мен офсеттi ұштастыру қатар жүрген күндер болды. Олар фототерiм жабдықтары болмағандықтан, терiмдi қорғасын жолдары арқылы алып, газет беттелiп болғанда бiр үлгiсiн мөлдiр пленкаға түсiрiп алды және содан офсеттi форма әзiрлендi. Бұл жағдайда цинктi фотолар орнына кәдiмгi фотопозитив қолданылғандықтан суреттер сапасы көбiне өте жоғары болды, әрi газет тез басылатын едi. Компьютер сатып алғанға дейiн Меркi аудандық «Меркi тынысы» газетi осы тәсiлмен офсеттi газет таралымын қамтамасыз етiп келдi.

Компьютерлiк технологиялардың газет өндiрiсiне әкелген жаңалығы ретiнде мынадай түйiндерге келдiк:

- бұрын бiрнеше циклдан тұратын жұмыстардың бәрi бiр арнаға бiрiктiрiледi, теру, тақырып жасау, сурет өңдеу, беттеу, қателердi түзету болсын – бәрi бiр компьютердiң көмегiмен, әр түрлi бағдарламаларды қолданылып жүзеге аса бередi;

- бұрынғы баспаханалық стандарттар мен нормативтер өз күшiн жойды, ендi икемдiлiк пен масштабтылыққа жол ашылды, мысалы, газеттiң терiм енi бұрын қатып қалған стандартқа бағынса, ендi беттеушi-дизайнер қалай құбылтса да өзi бiледi, тақырыптар да сол сияқты, кез-келген кегльде беруге, оны кез-келген бұрышқа бұруға, көлеңке беруге, немесе әр түрлi рең беруге мүмкiндiгi бар;

- суреттердi беру, өңдеу шексiз мүмкiндiкке ие болды, мысалы кейбiр газеттер тұтас бiр беттердi тек суреттерден жасайды, ал ол дөңес баспа жағдайында, техникалық тұрғыдан қиын, экономикалық тұрғыдан зиянды едi, өйткенi, бiр цинк клишесiнiң құны тым қымбатқа түсетiн;

- жұмысты ұйымдастыру жеңiлдедi, өйткенi, қателердi, басқа да олқылықтарды экраннан көрiп-ақ түзетуге болады, баспаханамен тiптi де шаруасы жоқ, балашақ газеттiң нұсқасы да көз алдыңда.

Мiне, мұны бiз көркемдеу тәсiлiнiң жаңарғандығы деп айтамыз. Жұмыс нәтижесi бұрынғыдан бiрнеше адамға емес, ендi компьютерде отырған беттеушiге байланысты. Ол терушi, беттеушi, суретшi, ретушер, цинктiк клише жасаушы, метранпаж, корректор, макетшi, дизайнер, стилист, редактор мiндеттерiн бiр өзi атқарады. Осы арада компьютер маманына қойылатын талап туралы айта кету орынды шығар. Аудандық газет жағдайында беттеу мен терiмдi бiр адам атқаруы орынды да шығар. Ал, облыстық газеттер деңгейiнде арнайы маманның болуы мiндеттi, өйткенi, ол тек газет бетiне текстер мен суреттердi орналастырушы ғана емес, белгiлi бiр дәрежеде дизайнер, стилист ретiнде басылымның келбетiн, өзiне тән ерекшелiктерiн қалыптастырады. Фотосуреттердiң сапалы шығуы, дұрыс өңделуi, жарнаманың өз дәрежесiнде безендiрiлуi көбiне компьютер маманының бiлiктiлiгi мен көркемдiк қиялы мен талғамына байланысты. Республикалық газет-журналдар деңгейiнде штатта мамандығы бар дизайнердiң, не болмаса суретшiнiң болуы мiндеттi деп есептеймiн. Өйткенi, ол газеттердiң эстетикалық келбетi, безендiрiлу дәрежесi ақсап жатпауы тиiс, олқы-солпылықтар жiберуге қақы жоқ. Соны кәсiби көзқараспен реттеп, iшкi үйлесiмдiлiктiң болуын қадағалайтын сырт көз де керек. Тиiсiнше, осы газеттерден төменгi буынды басылымдар үйренедi, оған қарап, тұтас ұлтымыздың жеткен биiгi мен талғамына баға берiледi. Ең болмағанда кеңесшiлердi шақырып, редакциялық жиындарда талдап, талқылап отыру да назарда болғаны абзал. Компьютерге қатысты мамандардың оқуына, өз бiлiмiн жетiлдiруiне ерекше қамқорлық таныту да қажет тәрiздi. Өйткенi, бұл саладағы бағдарламалар ұдайы жетiлдiрiлiп отырылады, ал кең шығармашылық мүмкiндiктерiнiң барлығы дерлiк күнделiктi тәжiрибеде қолданыла бермейдi. Сондықтан оқып-үйрену, тәжiри-бе алмасу тек шығармашылық қиял-ойды ұштап, жетiлдiре түседi.

Газет-журнал дизайнында жаңа стильдер қалыптасқанына да назар аударып жүрмiз. «Жас Алаш» газетiнiң беттелуi басқа ешкiмге ұқсамайды, өзiндiк әдiс-тәсiлдерi мен тапқырлықтары бар. Ұдайы жаңа iстенiстерiмен қуантып отырады. Әсiресе, соңғы жылдары суреттер беруде көп iлгерiлеушiлiк байқалады. Соңғы кездерi карикатуралар арқылы жаңаша мазмұн, реңк берiлуде. Штрихтық суреттердiң газет ажарын ашып қана қоймай, үлкен ақпараттық-эмоциональдi жүк арқалайтыны тәжiрибеден белгiлi.

Жалпы, газет мазмұнын суреттер арқылы байыту, сол арқылы оқырманнын тарту әлемдiк үрдiс болып табылады. Мысалы, соңғы жылдары АҚШ-тың «USA Todаy» газетiнiң тасы өрге домалап, таралымы басқалардың алдын орап тұр. Газет феноменiн зерттеушiлер мынадай тұжырымға келген: газеттiң таралымына редакцияның мақала мазмұнын ашуда суреттердi, iскерлiк графиканы кең қолдануы әсер еткен.

Яғни, жаңа дәуiрде фотосурет пен графиканың коммуникативтi күш-қуаты артып келедi. Ол бҮрын мақала мазмұнын толықтыратын штрих ретiнде қарастырылса, қазiргi кезде тең дәрежеде мазмұнды байытатын құрал болып танылуда. Мұнда да компьютерлiк технологиялардың артықшылығы бiлiнедi. Өйткенi, оның көмегiмен диаграмма, сызба, кесте сияқты iскерлiк графиканы жасау, географиялық картаны, немесе архивтi суреттердi беру анағұрлым жылдам iс жүзiне асырылады. Қазiргi таңда әр түрлi жанр, сипаттағы суреттердiң орасан бай кiтапханасы жасалған. Дизайнер өзiне қажеттi суреттi, не штрихты оңай тауып ала қояды. Ол үшiн қол астында дайын суреттер жиынтығы бар СД дискiнi ашады, не ақпаратты Интернеттен алады. Жоғарыда айтылғандай, дүниежүзiнiң iрi ақпараттық агенттiктерi ақылы түрде фотосуреттердi редакцияларға күнделiктi таратып отырады, осының өзiнен үлкен фотосурет қоры жинақталады, әрi ол суреттердi заңды түрде сатып алған басылым жария ете алады.

Осыдан келiп, штатта кәсiби фототiлшiсi жоқ редакциялардың өзi үлкен фотосуреттер қорын пайдалануға мүмкiндiк алып отыр.

Қазiр фотосуретсiз бiрде-бiр басылымды, тiптi газет бетiн кездестiре алмайсыз. Осыдан он жыл бұрын суреттiң тапшылығынан аудандық газеттi жалаң мәтiнмен шығарған күндерiңдi қинала еске аласың. Мерекелiк фотоколлаж жасау тiптi де тауқiмет болатын, ол үшiн тақырыбыңа қатысты бiрнеше суреттi iрiктейтiнсiң, содан оның масштабы әр түрлi болса, фотосуретшi қайта түсiрiп, көлемiн өзгертiп беретiн, ендi қайшымен қиып, желiмдеу арқылы монтаж жасалатын, сонда ғана нәтижеге жетiп, оны қайта суретке түсiрiп, шығаратын едi. Ендi осы операциялардың барлығын компьютер әп сәтте реттеп, бiр жүйеге түсiрiп бередi. Жаңа үлгiдегi фотоколлаждар газет-журналдардың үйреншiктi тәсiлiне айналды.

Сол сияқты компьютерде фотосуреттердiң артық бөлiктерiн кесiп тастау, тiптi фонын өзгерту, әр түрлi дефектiлерiн жою, қосымша жарық беру, болмаса қарайту, әшекейлi қоршаулармен көмкеру, оборка (бейнеден қосымша элементтердiң бәрiн алып тастау) жасау – бәрi де электронды машина мен бiлiктi маманның құдiретiндегi амалдар.

Түрлi-түстi суреттердi басуға даярлау компьютершiден ерекше бiлiм мен бiлiктi, ыждаїат пен табандылықты қажет етедi, екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Өйткенi, түске бөлiнетiн суретте қатаң полиграфиялық талаптар сақталуға мiндеттi, егер ол бұзылса, сурет ойдағыдай шықпайды, суреттiң табиғи реңi бұзылады. Мысалы, журналда адамның бетiнiң табиғи қалпынан өзгерiп, не қызарып, не бозарып, не сарғайып кетуi компьютерде өңдеуде кеткен қателiктердiң салдары. Сондықтан бұл iстi тәжiрибелi мамандарға табыстайды, жоғары талаптар қойылады.

Газеттi безендiрудiң суреттi-графикалық стилiнен өзге де жаңа бағыттар пайда болды. Мысалы, жастарға бағытталған газеттерде авангарттық стиль бой көрсетуде, онда стандартқа жатпайтын шешiмдер, күтпеген иiрiмдер кездесiп қалады. Қазақ баспасөзi үшiн бұрын жабық болып келген жеке бастық - интимдiк басылымдар жарық көруде. «Сарғыш» баспасөздiң үлес салмағы жыл өткен сайын артып келедi. Журналдарымыз тiптi де құлпырып, эволюциялық өзгерiстi бастан кешiруде, полиграфиялық сапасы мен орындалуы жағынан әлемдiк үлгiлермен таласа алады. Бiр өкiнiштiсi, кейбiр әсем журналдарымыз шет елдерде басылып жүр. Сол сияқты ойын-сауықтық арнайы басылымдар да өз бет-бейнесiн қалыптастырып келедi. Қазақ тiлiнде де сөзжұмбақтар, түрлi логикалық тапсырмалар мен есептерге маманданған басылымдар жарыққа шығуда. Жарнамалық басылымдар үлкен секiрiстi бастан кешiрдi. Дүниежүзiлiк үрдiстегi модульдiк жарнама беретiн газеттер дүниеге келдi. Жарнаманы безендiруге қойылатын талап өстi, тиiсiнше онымен арнайы мамандандырылған және штатында бiлiктi мамандары бар фирмалар айналысатын болды. Бұрынғы сүреңсiз, бiр iздегi жарнамалар келмеске кеттi. Жарнаманың шығармашылық мүмкiндiгi алда да жетiлдiрiлiп отыратынына еш күмән жоқ және ол арнайы тереңдеп талдау мен зерттеудi қажет етедi.

Беларусь мемлекеттiк университетiнде зерттеушi Алль-Эззи Халед «БАҚ-тағы компьютерлiк дизайнды салыстырмалы талдау» тақырыбы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған. Онда ол орыс, белорусь, француз және араб мерзiмдi басылымдары негiзiнде компьютерлiк дизайнның мүмкiндiктерiн ғылыми түрде тұжырымдайды. Оның мына пiкiрлерi назар аударарлық: «Газет өндiрiсi мен безендiрiлуiне компьютерлiк дизайнның енгiзiлуi революциялық секiрiс болып отыр. Электронды жүйелер әртүрлi ақпараттық ағынды газет бетiне логика және эстетика нормаларына сай орналастыруға көмектеседi. Логика мәтiндер, ақпаратты хабарлардың және талдау материалдарының iшкi мазмұндарының есебiн қарастыратын болса, эстетика безендiрудегi iзденiстердi мiндеттейдi. Газет безендiрушiлердiң жұмысындағы қиындық арнайы компьютерлiк технологияларды, баспаханалық өлшем жүйелерi және қарiптердi, полиграфиялық терминдердi, газет бетiнiң композициясы негiздерiн бiлумен қоса жалпы журналистика мен публицистиканың негiздерiн жақсы меңгеруiнен туындайды. Осыдан келiп электронды техниканың безендiру шеберлiгiн жетiлдiрудегi мүмкiндiктерiн кешендi зерттеудiң қажеттiлiгi шығады және осы саладағы адам ақыл-ойы мен машина «интеллектiң арасындағы өзара қарым-қатынасты анықтаудың маңызы арта түседi»./120/ Осы ғылыми еңбекте жаңа дизайн мен жаңа технологиялардың өзара ықпалы мен тиiмдiлiгi салыстырмалы түрде зерттелген көрiнедi.

Келесi бiр қол жеткен шексiз мүмкiндiк – қарiптердiң сан-алуандығы. Компьютерде қолдануға болатын қарiп гарнитураларының саны он мыңнан асып кеттi, дүниежүзiнде тек осы салада шығармашылықпен айналысатын ондаған фирмалар бар. Қарiптердiң эстетикасы мен тарихын зерттейтiн типографика деп аталатын ғылым саласы да қалыптасты. Америка заңдарында қарiп компьютерлiк бағдарламалармен теңдей саналады және оны пайдалануда авторлық келiсiмнiң сақталуына көңiл бөлiнедi.

Қазақстанда қалыптасқан обьективтi себептерге байланысты қазақ тiлiнде қолданылып жүрген қарiптер саны ары кетсе елуден аспайды. Мiне, белгiлi бiр жүйенiң қалыптаспауы бұл салаға да салқынын тигiзуде. Он мыңнан аса қарiптен қазақша елуiн ғана қанағат тұтуымыз орны толмас олқылық. Кезiнде мен де орыс тiлiндегi қарiптердi қазақ әрiптерiмен толықтырып жаңа гарнитуралар жасадым, олар күнi бүгiнге дейiн көп редакцияларда қолданылып келедi. Әрiптiк қатарды толықтыру қиын шаруа да емес, арнайы жетiлдiрiлген бағдарламалар жеткiлiктi. Бiрақ әрiп ұяларының сәйкессiздiгi жағдайында онымен айналысуға ешкiм мүдделi емес. Соған қарамастан, тiптi «Егемен Қазақстан» сияқты газеттердiң өзi кейбiр тақырыптарды орыс гарнитурасымен беруi, ал қазақы әрiптерге қолдан белдеу қоюы сияқты келеңсiздiктер кездесiп қалады. Технологиялардың бүгiнгi дәрежесiнде бҮл да түсiнiксiз жай. Iрi редакциялар арнайы тапсырыс берiп, өзiне ғана тән әрiптер жиынтығын жасауына да болады ғой. Бұл тәжiрибе шетелдерде кездесiп те жүр. Әсiресе, көркем журналдар басқаларды қайталамайтын стилiн қалыптастыру үшiн осындай қарiптiк әдiс-тәсiлдердi де қолдануда.

Бiзде кейбiр редакциялардың қарiптiк мәдениетiнiң төмендiгi де байқалып қалады, мысалы бiр беттегi терiмнiң өзiн неше түрлi сипаттағы, әр түрлi кегльдермен берудi оқырман психологиясына қамқорлық деуден аулақпын. Өйткенi, эстетика мен эргономика талаптары бойынша мұндай қойыртпақ көру қабiлетiн төмендетiп, көздi тез шаршатады, әрi мақаланың мазмұнын қабылдауды тежейдi. Рас, компьютердiң техникалық мүмкiндiктерi шексiз. Бiрақ бҮл оны орынды-орынсыз пайдалану деген Үғым емес, ең алдымен компьютер көркемдiк талғамға, алға қойған мақсатқа бейiмделгенi жөн. Дизайн талаптарына сай безендiру мазмұнға бағынуы және соны ашуға, оқытуға, тартымды етуге көмектесуi тиiс. Осының өзi бiлiктi мамандардың маңызды рөл атқаратындығын көрсетедi.

Осыған байланысты баспасөздiң дизайнын терең зерттеу, оның теориясы мен тәжiрибесiн қалыптастыру, жергiлiктi мерзiмдi басылымдарға қатысты ұсыныс-пiкiрлердi жасақтау маңызды деп есептеймiн. Баспасөз дизайнерi деген мамандық ашса да артық болмас едi, өйткенi нарықта ондай бiлiктi мамандарға сұраныс барын көрiп жүрмiз. Редакциялардың барлығы дерлiк бесаспап безендiрушi, суретшi, дизайнер мамандарына зәру. Мүмкiн, икемi бар басқа шығармашылық мамандық иелерiн қайта бейiмдейтiн қысқа мерзiмдi оқу курстарын ашқан да нарық сұраныстарына жауап беретiн болар.

Тақырып пен айдарлар, қоршаулар мен сызықтар, көлеңкелер мен суреттер – бәрi бiрiгiп, қарiп стилiмен тұтасқанда ғана мерзiмдi басылымның өзiндiк келбетiн айқындайды. Мұнда артық деталь, екiншi қатардағы дүние жоқ, газет-журналдың тұтастығы сақталғанда ғана оны оқырманы бiрден таниды, сатып алу, не алмау туралы пiкiрi қалыптасады.

Қазақстанның полиграфия өндiрiсi, оның даму сипаты мен үрдiсi әзiрге Ресейге көп байланысты. Өйткенi, негiзгi технологиялар мен материалдар сол жақтан келедi, мамандарымыз да жиi араласады, ал ресейлiк өнiмдер саны мен таралымы жағынан бiздiң өнiмдерiмiзбен тайталасып тұр, бiр дүңгiршекте қатар сатылады, ал сапасы және безендiрiлуi, тiптi мазмұны жағынан үлгi де болады.

Ресей газет өндiрiсiндегi беделдi басшылардың бiрi, «Пресса-1» акционерлiк қоғамының бас директоры Д. А. Плессер былай дейдi: «Газет өндiрiсiнiң техникалық дамуындағы әлемдiк үрдiстер туралы айтатын болсақ, бiрiншi кезекте, газеттердiң түрлi-түстi басуға және цифрлық басқаруға көшетiндiгiн ескермеске болмайды. Сондай-ақ, бiртұтас өндiрiстiк жүйелер құрылып, оның құрамдас бөлiгi басу машинасы болады. Баспа өнiмiнiң барлық көрсеткiштерi басуға дейiнгi процесте анықталады да, кейiн автоматты режимде басу машинасының басқаруына берiледi.»/121/

Ерте ме, кеш пе қазақстандық газет, журналдар да түрлi түстi басылымға көшедi. Онсыз сырттан әкелiнетiн сапалы өнiмдермен қатар табысты өмiр сүре алмайды. Бiздiң нарықты жаулап алған ресейлiк өнiмдердi ығыстырудың бiрден-бiр жолы, сол дәрежелес, бiрақ мазмұны жергiлiктi болып келетiн, бәсекелестiкке түсе алатын өнiм шығару. Қиын болғанымен жаңа технологиялардың көмегiмен жүзеге асыруға болатын мiндет. Бұл бiр, екiншi Қазақстан үлкен аумақты алып жатқандықтан болашақта жергiлiктi сұраныстарды ескерген басылым ғана табысты дамитын болады. Жоғарыдағы маманның пiкiрi, осындай көрегендiктен туындап отыр. Мысалы, «Жас Алаш» газетi өзiнiң аймақтық қосымшаларын, немесе ауыспалы беттерiн шығару арқылы оқырмандар қатарын еселеп арттыратын шығар, оны уақыт көрсетедi. Мұндай тәжiрибе әлемде кең тарап келедi. Ал, компьютер мен Интернет бұл мiндеттiң шешiлуiн жеңiлдетiп, тiптi де арзандатады. Қазiрдiң өзiнде «Жас Алаш» Алматы және Астана қалаларында, ал «Егемен Қазақстан» бұл екi қаладан басқа Ақтөбе мен Шымкент қалаларында көбейтiледi. Олар бұл мақсатқа аралық қызметтердi пайдаланып, ақпарат жеткiзуде көп шығынға батып отыр. Балама ретiнде сапалы Интернет арналарын қарастыруға болар едi. Бұл жағдайда редакциялар негiзгi газет мазмұнын өз редакциясында жасақтайды, ал iшкi беттердi, немесе қосымшаны жергiлiктi редакциялардың үлесiне қалдырады. Дайын беттелген негiзгi мазмұн Интернет арқылы Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкенттегi баспаханаларға жеткiзiледi. Жергiлiктi редакциялар өз материалдарымен газеттiң кем беттерiн толықтырып, баспаханаға тапсырады да, тұтас газет таралымы көбейтiледi. Мұндағы редакциялардың ұтатын жерi газеттiң мазмұны жергiлiктi жарияланымдармен байытылады, мақсатты жарнама беруге мүмкiндiк туады. Мысалы, Ақтөбеде басылатын қосымша батыс аймақтардың ақпараттары негiзiнде түзiледi, жергiлiктi авторларды кең тартады, суреттердi де оқырмандарға бiртабан жақындатады.

Мұндай тәсiлдiң батыста кең қанат жаюының тағы бiр себебi бар, онда газет өндiрiсi жаңа бiр сатыға көтерiлiп, цифрлы офсетке, автоматтандырылған басқаруға көшуде. Цифрлы офсеттiң дәстүрлi офсеттен басты айырмашылығы – қалып жасау тәсiлiнде, онда офсеттi қалып жеке жасалынбайды. Компьютердегi беттелген газет бiрден лазерлiк жарық көмегiмен цифрлы басу машинасының қалыбына сәуле түсiредi де, офсеттi тәсiлмен одан ары көбейтiле бередi. Яғни, макет-оригиналды алу, пленкаға көшiру, қалып жасау, оны басу машинасына орналастыру процестерi жойылып, бiрден компьютер – офсеттi қалып – көбейту принципiмен жұмыс iстейдi. Мұның басты артықшылығы компьютер басқаруына қалай бұйрық берсеңiз, солай таралым басылып шығады. Мысалы, 2000 таралымнан кейiн үшiншi беттегi сурет пен мақала ауыстырылуы керек десеңiз, қалған газет соған сәйкес басылады. Осылай кез-келген беттi басу барысында ауыстырып, компьютер басқаруымен жұмыс жалғаса бередi. Цифрлы офсет қалыбын өшiрiп, жаңа сәулемен нұрландыру бiрнеше минуттық қана шаруа. Батыста осыған ұқсас тәсiлмен, әр журналға, не буклетке жеке адресiн, аты-жөнiн көрсетiп басылым тарату кең етек алуда. Бұл жағдайда таралым қатталып, оралуы алдында арнайы станокқа келiп түседi, онда барлық клиенттердiң аты-жөнi, мекен-жайы жазылған мағлұматтар, тiптi жеке суретi де қосымша басылып шығады. Оқырман жеке өзiне ғана арналған журнал қолына тигендей күйде болады, бұл да батыстық маркетингтiң бiр тәсiлi, оқырман сенiмiне кiрудiң жолы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет