Қазақстандық жалпыұлттық идеяның мәні мен мазмұны



жүктеу 243.33 Kb.
Дата19.04.2019
өлшемі243.33 Kb.

323 (574)

M85
С.Ш. Мұсатаев, Ә.С. Қайдарова


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

E-mail: assem07@mail.ru


Қазақстандық жалпыұлттық идеяның мәні мен мазмұны

Бұл мақалада Қазақстанның жалпыұлттық (мемлекеттік) идеясының қалыптасуының мәселелері мен кейбір ғылыми аспектілері қарастырылған. Қазақстанның жалпыұлттық (мемлекеттік) идеясының мазмұны мен мәнін анықтау үшін авторлар отандық ғалымдардың түрлі пікірлерін талдады. Жалпыұлттық идеяны қалыптастыру мемлекетте маңызды орын алатындығы, оның бүгінгі саясаттану ғылымындағы ең қызу талқыланатын тақырып екендігі қарастырылған. Мемлекеттік идеяны қалыптастыру міндеті Қазақстан сияқты көпэтносты мемлекетте өзекті екендігі айқындалады. Қазақстан Республикасындағы түрлі этноәлеуметтік топтардың ерекшеліктері мен мүдделерін ескеретін мемлекеттік саясат арқылы ғана қалыптастырып, дамытуымызға болатындығы айтылады.



Түйін сөздер: жалпыұлттық идея, мемлекеттік идея, мемлекеттік саясат, ұлтаралық келісім, идеология.
S. Sh. Musatayev, A.S. Kaidarova

The meaning and content of national (state) idea of Kazakhstan

This article is considered problems and some scientific aspects of formation of a national (state) idea of Kazakhstan. To determine the nature and content of the national (state) idea of ​​Kazakhstan authors analyzed different opinions of our scientists. The formation of the national idea of ​​the state is one of the most controversial topics in today's political science. It is defined relevance in shaping public ideas in poliethnical country as Kazakhstan. It is also defined that the interests and ethnic groups can develop and shape goverment's idea through public policy.



Key words: national idea, state idea, state policy, ideology, interethnic harmony.
С.Ш. Мусатаев, А.С. Кайдарова

Смысл и содержание Казахстанской общенациональной идеи

В этой статье рассматриваются проблемы и некоторые научные аспекты формирования общенациональной (государственной) идеи Казахстана. Для определения сути и содержания общенациональной (государственной) идеи Казахстана авторами проанализированы разные мнения отечественных ученых. Исследование проблемы общенациональной идеи в государстве является одним из спорных тем в современной политической науке. Обозначена актуальность в формировании общенациональной идеи в полиэтническом государстве как Республика Казахстан. Выявлены особенности и интересы этносоциальных групп, способствующие выдвижению государственной идеи.



Ключевые слова: общенациональная идея, государственная идея, государственная политика, межнациональное согласие, идеология.
Ел халқын ортақ идеяға жұмылдыру мәселесі саяси ғылымдағы ең өзекті, әрі тыңғылықты зерттеуді талап ететін теориялық мәселелердің бірі болып саналады. Бірқатар зерттеушілердің еңбектерінде жалпыұлттық идеяның мәніне туыстас: «қазақстандық ойлау үлгісінің бірлігі», «ұлттық диалог», «жалпықазақстандық психология», «жалпыазаматтық бірлік», «идеялық топтасу» сияқты ұғымдардың мәнін ашуға бағытталған едәуір зерттеулерді кездестіруімізге болады. Әдетте жиі қолданылатын мұндай ұғымдар мемлекеттік ауқымдағы жалпыұлттық идеяның мәні мен мазмұнын толықтырушы факторлар болып табылады. Өйткені бұлар белгілі бір мемлекеттің құрамындағы ұлттық-этникалық, әлеуметтік саяси және басқа да күштердің өзара әрекеттесуін үйлестіруші, көпұлтты мемлекетті құрайтын түрлі топтар мен оның халқының бірлігін қамтамасыз етуші саясаттың тиімділігі мен құрастырушылық сипатын, оның нәтижелерін бейнелейтін қорытындылаушы ұғымдар болып табылады. Ал мұндай мемлекеттік саясаттың өзегінде ел ішінде жалпыұлттық идеяны қалыптастыру міндеті жатыр.

Мемлекет халқын ортақ идеяның астына жігерлендіріп топтастыру - бұл ұлттық тұйықталу мен біртүрлілік, немесе біркелкілікке күштеу мен теңестірушілік емес. Керісінше, ой-пікірдің сан-алуандығы, адамдардың саяси санасы мен мәдениетінің деңгейі айтарлықтай дәрежедегі XXІ ғасыр басында бұл міндет индивидтің ар-ождан, сөз бостандығының, ұлттық мәдени-рухани ерекшеліктерінің және адам құқығының қорғалуы сияқты факторлар толық ескерілгенде ғана жемісті болмақ. Бұл тұрғыда Р.Б. Әбсаттаровтың: «Біздің идеал – жалаң бірлік емес, және де бірлікті болғызбайтын көптүрлілік те емес, атап айтқанда, нақ бірліктегі көптүрліліктің өзі», - деген тұжырымы мәселенің тамырын дөп басады [1].

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанда идеялық топтасу мен жалпыұлттық мүдделерді жүзеге асырудың бір ғана жолы бар екенін көрсетеді. Ол: «қазақ ұлтының біріктіруші рөлі жағдайында барлық халықтардың теңдігін қамтамасыз ету. Кез келген басқа жол апатты қақтығыстарға, демократиялық реформалардың тежелуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты біз үшін өзекті идеологиялық міндет - ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады»[2].

Жалпыұлттық идеяның мәнін түсіндіруге келсек, ондағы идея сөзі (грекше дәлме-дәл аудармасы: көрініп тұрған нәрсе, бейне) – мағына, ой, пікір, маңыз, мән ұғымдарын білдіретін, түрлі мағынада қолданылатын философиялық термин. Оның философиялық энциклопедиялы-түсіндірме сөздігіндегі берілген, бізге сай келетін балама анықтамасы – «сайып келгенде субъектінің сезім түйсігі мен әсерлеріне, не болмаса дүниені тудыратын шығармашылық бастамаға әкелетін заттардың мағынасын не мәнін білдіру» [3].

Қоғамдағы әрбір адамның өзіндік идеялары, өмірге деген көзқарастары, идеалдары мен құндылықтар жүйесі бар. Бұлар жиналып келіп, адамның рухани жан-дүниесін құрайды.

Сол сияқты әр ұлттың да өзіндік идеялары бар. Бұл тұрғыда орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Достоевскийдің: «Асқақ идеясыз адам да ұлт та өмір сүре алмайды», - деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл жеке адамның рухани өмір саласындағы бас бостандығы аясының кеңеюінің, рухани тілектері мен мұқтаждықтарының артуының көрінісі. Ал ұлттық идея - ұлттың шынайы немесе алдамшы жорамал ұмтылыстарын, оның жетістіктерін адамдардың санасында бейнелейтін ұғым.

Турасын айтсақ, әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ, және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір әлеуметтік идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайды. Оның табыстылығының құпиясы – адамдардың ұлттық абыройы мен сезімі атынан сөйлеуге қабілеттілігінде. Ал адамдарға жәбірленген намысын қанағаттандырып, психологиялық сүйсіну сезіміне бөлену тән. Бұған гитлершілдердің неміс халқының сезімін соғыс отын көсеуге ұтымды пайдаланғаны дәлел. Бұдан бір жақты, яғни, ұлттық идея жағымсыз құндылық екен деген ой тумауы тиіс. Ұлттық идеяны әсіре-реакцияшыл күштер де, сондай-ақ прогрессивті күштер де өз мүдделеріне сай пайдалануға қабілетті. Жаңа ғана сөз еткен немістік ұлттық идеядан екінші дүниежүзілік соғыстың шығу себебін көрсек, бұл идеяның жағымды жағынан табиғаты гумандылық пен гармонияға толы немістің көркем мәдениетін тамашалап, олардың асқан шеберлігіне тәнті боламыз. Сондықтан бұл мәселенің мәні саясаткерлер мен идеологтардың пайдаланған жалған мұраттарында емес, ұлттық идеяның жалпыадамзаттық құндылықтардың жолын ұстаушылығы, басқа халықтарға қатынасындағы әділеттілігі, ар-ождан бостандығына деген шынайы мазмұнында.

Қазақстандық саясаттанушы әріптестеріміз де саяси түсіндірме сөздігінде ұлттық идеяға тура осындай тұрғыда анықтама беріпті, яғни: «ұлттық идея - ұлттың бірлігі мен оның мүдделерінің қоғам өмірінің бар саласында басым болу принципіне негізделген көзқарастар жүйесі. Кейбір жағдайларда (халықаралық және ішкі саяси) ол ұлттың экономикалық және саяси дамуы, мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігі, ұлттық мәдениетті қайта түлету жолындағы күресінде біріктіруші әрі нығайтушылық қабілетке ие» [4]. Мұндай жағдайда ұлттық идея шеңберіндегі үгіт-насихат ұлттық қондырғыларды ендірудің ұтымды тәсілі болып саналады. Мысалы, Италияда 1914 жылы «Ұлттық идея» атты газет шыға бастаған. Б. Муссолини өз отандастарына жолдауында: «Сіздер ең алдымен итальянсыздар, сондықтан бір әдет-ғұрыптағы, бір тілдегі, бір ұйымдағы өз қандастарыңызды құрметтеп сүйіңіздер», - деп [5], оларды топтық эгоизмнен бас тартып, ұлттық ынтымақ астына топтасуға шақырғанымен, шын мәнісінде итальяндықты жалпыадамзаттыққа қарсы қойғанын қапелімде өзі де аңғармаса керек.

Ұлттық идеяның ерекшелік деңгейі – елдегі хал-ахуал; идея мазмұнында ұлттық үрдістердің (калорит), салт-дәстүрлердің болуы; шынайы немесе жалған қажеттіліктердің бейнеленуі; оның мазмұны халықтың эмоционалды қатынасының тереңділігі мен тұрақтылығы сияқты түрлі көрсеткіштермен анықталады.

Алайда ұлттық идея әрқашан да халықтың шынайы мақсат-мүддесі мен қажеттілігін білдіреді десек қателесеміз. Мұнда да шалыс басушылық, сыңаржақтылық сияқты түрлі қияли бұлдыр-сағым (иллюзия), анықталмаған бұлыңғыр үміттер мен түңілушіліктер кездеседі. Бұлар – шынайы жалпыазаматтық, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, діни, геосаяси сияқты ерекшеліктердің ескерілмеуі нәтижесінде болатын келеңсіздіктер. Көп жағдайда мұндай халге шовинистік, нацистік, расистік сияқты сыңаржақ ұлтшыл көзқарастар мен идеялар душар етеді. Сондықтан ойымыз тиянақты болуы үшін, мемлекеттік жалпыұлттық идеяны жеке-дара ұлттық идеямен, ал соңғыны ұлтшылдықпен шатастырмай, бұл ұғымдардың ара-жігін ашып алуымыз қажет.

Ұлтшылдық белгісі белгілі бір ұлтқа тән туған халқын өз анасындай құрметтеп, қолынан келгенше оған адал қызмет ететін ұлтжандылық қасиет. Егер ұлтшылдық оқшаулықты насихаттап, ұлттар арасында алауыздық туғызып, жанжал отын жақпайтын болса, ол әрине жақсылық. Яғни бұл нақты бір ұлтқа қатысты ауқымы тар ұғым. Ал ұлттық идеяның ауқымы бұдан анағұрлым кеңірек. Ұлттық идея - талай ұрпақтың еңбегімен, қуаныш-қайғысымен сараланған рухани дүниесі мен этностың әлеуметтік-этникалық тұтастығын сақтап, ұлттық күш-қайратына сенімін күшейтетін ұмтылыс пен іс-қимылдың маңызды құралы. Ұлттың мұраты мен мүддесі, кешегісі, бүгінгісі мен ертеңгісі, қайғы-қасіреті мен абырой-мақтанышы ұлттық идеядан өзінің көрінісін табады. Сондықтан, оның мәні қайшылықты, өрісі кең, ол күтпеген өзгерістерге толы. Сондай-ақ, ұлттық идея аясында дәйекті түрдегі ұлттық сана қалыптасуы мен біржақты еліктеушілік арқылы басқа ұлтқа сіңісіп кету қаупінен сақтандыру (тарихи тәжірибе көрсеткендей, «орысты қытайландыру», «қазақты француздандыру», т.с.с. ауыр күйзелістерге әкеледі); әр этностың бөгделерін тани келе өз өмір тынысын, адамгершілік және этникалық құндылықтарын, әдет-ғұрпын, дүниетанымын, ұлтын ұлт ететін құндылықтарын паш ету және басқа да жағымды игі істермен қатар кейде жағымсыз дерттер де кездеседі. Мәселен, бір ұлтқа тән тілдік, діни, психологиялық және басқа да ерекшеліктерін аспанға көтеріп, оны басқа ұлттарға қарсы қойса, ұлттық идеяның қарама-қарсы нәтижеге – империялық психологияға бағытталған саясатқа, фашизмге, расизмге, геноцидке ұрындырары сөзсіз. Мұндай келеңсіз көріністерді дер кезінде тоқтатпаса, ол өршіп кетіп, ауыр зардаптарға соқтыратынын қазіргі кезеңде посттоталитарлық кеңістік пен әлемдегі басқа да «қауіпті аймақтардағы» дау-жанжалдардан байқап отырмыз.

Осылайша, ұлттық идеялардың ішкі қарама-қайшылықтарға толы екендігі, ұлтаралық қатынастардың шиеленісіп, әр ұлттың жеке өз мүддесін, мұң-мұқтажын қорғап, ұлтаралық, мемлекетаралық ынтымақтастық пен бірлікті әлсіретіп, саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Зерттеуші А. Айталының пікірінше, ұлттық идея жан-жақты қайшылыққа толы, қарама-қарсы саяси процестерді қамтитын ұғым. Оның сыртында прогресшіл де, реакцияшыл да күштер тұр. Ұлттық идеяның ауқымы да кең - рулық, тайпалық идеялардан бастап, ұлттық бюрократияға дейінгі аралықтағы алуан-түрлі көзқарастарды қамтиды.

Ал Қазақстан сияқты көп этносты мемлекет бірнеше ұлттық идеялардың, платформалардың өзара әрекеттесу, күресу, қақтығысу аясына айналып отыр. Әр ұлттық идеология (қазақ ұлтының идеологиясы, қазақстандық орыс идеясы, ұйғыр идеясы т.б.) ортақ мүддесімен бірге, елдің экономикалық, саяси, ұлттық, мәдени дамуына байланысты өз түсініктерін алға тартады. Саяси идеологиялық плюрализм сиқты этникалық плюрализм болуы – заңды құбылыс.

Басқаша айтсақ, қай этностың болмасын тума мінез-құлқы, төл мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрып дәстүрлері, діні, тілі, ділі - ұлттың басқа ұлттан өзгешелеу, дара тіршілік кешіп келгенінің айқын көрінісі, ақыл-ой дүниесінің тұрақты қасиеті болып есептелінеді. Сондықтан да, азаматтық құқықты-демократиялық қоғам дамуының ұлттық жолы үлгісінде этникалық мінез-құлық, ақыл-ой алуан-түрлілігі (плюрализм) өзінің нақты көрінісін табуы орынды. Мұндай үлгіде қазақ халқының өміріндегі төл тума мәдениеті, ділі, тілі, діні, жалпыұлттық ерекшеліктері кірме мәдениет үлгілерімен ұласып жатады.

Аталған этникалық плюрализм Қазақстандық жалпыұлттық идеяны қалыптастырудағы басты қоғамдық идеалымыз – барлық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың, жеке тұлғаның (индивидтің) құқықтары, теңдігі мен бостандығы негізінде баршаға ортақ бірігу принципі сақталғанда ғана мүмкін болмақ.

Әрине, Қазақстан сияқты полиэтносты, күрделі этноәлеуметтік құрамды елде бірыңғай мемлекеттік идеология қолдау таба алмайтыны белгілі. Бұл Ата Заңымыздың 5-ші бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады» – деп тұжырымдалған [6]. Бұл өз кезегінде қоғамдық-саяси ой-пікірде төмендегідей толғандырарлық мәселелердің туындауына:



  • жаңа тарихи кезең мәселелеріне демократия тиімді жауап беруге қабілетті ме?

  • либерализм, консерватизм және басқа да бір «изм» арқылы дәстүрлі коммунистік тоталитарлы идеологиялық жүйенің дәрменсіздігінен пайда болған вакуумды толтыруға бола ма?

  • қандай даму жолын таңдаймыз, қай идеологияға сүйенеміз? Идеология керек пе? Керек болса қандай? – деген сияқты түрлі сұрақтарды өрбітті.

Тәуелсіздікке қол жеткен күннен бергі қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен ғылыми әдебиеттерге шолу жасасақ, осындай мәселелер бойынша қызу пікірталас байқалады. Қазақстан Республикасы тәрізді жас мемлекеттің идеологиялық мәселесі жан-жақты ойластырылып, терең айқындауды қажет ететін мәселе болғандықтан, қоғамдық ғылымдардың түрлі салалары өзіндік пікірлерін ұсына бастауы түсінікті. Осыған орай, бұл тұрғыдағы ой-пікірлер, ұсыныстар мен талдаулар алуан түрлі, әрі қарама-қайшылықты. Республиканың идеологиялық бет пердесіне қатысты ой-пікірлерді жекелеген зерттеушілер анықтағандай, мәні мен мазмұнына сәйкес бес топқа бөліп қарастыруымызға болады.

Бірінші топқа радикалды көңіл күйдегі оқымыстылардың көзқарастары жатады. Мұндай көзқарастардың мәні: Қазақстан сияқты посттоталитарлы мемлекет үшін қандай да бір идеологияның қажеттілігін теріске шығаруға бағытталады, яғни, қоғамның қайта құрылу процесі әлі толық аяқталған жоқ, оған қоса қоғамымыз біртекті емес, өздерінің ерекше мүдделері мен мақсаттары бар жаңа әлеуметтік қауымдар (кәсіпкерлер, бизнес адамдары, фермерлер, жұмыссыздар т.б.) пайда болуда. Сондықтан да түрлі мүдделі топтарды белгілі бір идеология астына тықпалау оңды нәтиже бермейді. Оған қоса мемлекетіміз көп ұлтты және түрлі конфессионалды екендігі тағы бар. Осы сияқты пікірлер мемлекеттік аппаратқа ыңғайлы идеологияны емес, әр бір адамның жүрегіне жақын идеологияны таңдау құқығы болуын қолдайды. Даму жолын іздестіру азаматтық қоғамға бағытталуы тиіс, ал белгілі бір шенеуніктер мен саясаткер-теоретиктердің қоғамды тар бағыттағы идеологиялық құрсауға тығуына жол беруге болмайды. Бұл көзқарастағылырдың қауіптенуі елде азаматтық қоғамның дамымағандығы мен саяси оппозиция өз доктриналарын әлі қалыптастыра қоймағандығымен негізделеді. Бұл пікірді жақтаушылар үшін ең саналы бағыт - қандай тартымды болса да әлде бір «измен», қатал формациялық жасанды схемалар мен жобалар арқылы қолды байламау. Тек объективті мүмкіндіктерді есепке алатын және уақыт талабына жауап бере алатын, жалпыұлттық мүддеге сай келетін мақсаттар мен қондырғылар ғана қоғам алдына қойылуы тиіс. Яғни мәселе болашақтағы ұлттық дамудың ашық, динамикалық тұжырымына алғышарттар қалыптастыруда болып отыр.

Шартты түрде екінші топқа жататын саяси идеологияны зерттеушілер қарастырып өткен бірінші топтағы көзқарастармен үндес пікірде. Олардың көзқарастарында бүкіл қоғамның мақсаты мен мүддесін білдіруде бір ғана саяси идеологияның монополизациялануынан қауіптену байқалады. Ал олардың арасындағы принципиалды айырмашылық мынада: алғашқы топтағылар бүгінгі таңда қандай да бір саяси идеологияның қалыптасу мүмкіндігін жоққа шығаратын болса, екінші топтағылар тіршілік етуші идеологиялардың синтезіне, өзара диалогына шақырады. Олар әлде бір жаңа идеологияны ойлап табудан аулақ, бірақ бұрыннан қалыптасқан идеологиялардағы тың нұсқаларды қолдана білуді ұсынады. Яғни, оқымыстылар идеологиялық плюрализм болуын жақтайды, ал мемлекеттік идеологияны ендіру қажеттілігін тоталитаризмге бет бұру ретінде танып, оған наразылық білдіреді.

Бұл көзқарастардың мәні төмендегідей:



  • Қазақстан сияқты демократиялық даму жолына түскен мемлекет қоғамда насихатталатын (адамның құқығы мен абыройына нұқсан келтіретін, қоғамда жауласуды туындататын саяси идеологиялардан басқа) кез-келген саяси идеологияға қатынаста бейтарап (нейтралитет) болуы шарт;

  • Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесінде либералды-демократиялық бағыттағы идеологиялық тұжырымдар өзінің әлеуметтік тиімділігін дәлелдегендіктен Қазақстан өмірінің шынайылығына сай бейімделіп, іс жүзінде пайдаланылуы қажет.

Үшінші топтағы көзқарас - Қазақстан Республикасында жаңа саяси идеологиялардың қалыптасу мүмкіндігін, оның қажеттілігін түсінумен ерекшеленеді. Мұндай көзқарастағы зерттеушілер өз пікірлерін халықтың рухани хал-ахуалы, қоғамның адамгершілік сипаты идеялық саланың даму деңгейіне тәуелді деп негіздейді. Яғни, әлеуметтің қайта реформалануына бөгет болатын идеологиялық бей-берекеттілікті (хаосты) жою, идеялық келісім орнықтыру демократиялық өзгерістердің маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Мұндағы идеялық басым бағыттар: Қазақстандағы барша халықтың яғни, барлық әлеуметтік-саяси процесстің өзегі болып табылатын жеке адамның қайта өрлеуі, әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономика идеялары, демократиялық идеялар. Бұл көзқарастағы зерттеушілер де алдыңғылар сияқты мемлекеттік моноидеологияны демократияға жат сипаттағы, қоғам мен мемлекетті бұзушы фактор ретінде қарастырады.

Қазақстандағы жаңа саяси идеологиялар қалыптасуы туралы пікірталасқа қазақстандық мемлекеттік идеология қабылдануын жақтаушы – төртінші топ қатысуда. Бұл көзқарастағылар идеологияға мемлекеттіліктің дамуының басты белгісі ретінде қарайды және де әлемдегі бірде бір мемлекет саяси идеологиясыз өмір сүре алмайтынын алға тартады, сәйкесінше, идеологиялық құндылықтар да мемлекетсіз өмір сүре алмайды. Зерттеушілердің пікірінше, әлемдік тәжірибе қоғамды заңдар мен саяси идеология арқылы реттеу қажеттілігін көрсеткен. Сондықтан да бұл топтағылар ұлттық дәстүрлер мен жалпы өркениеттік үрдістерді есепке алатын әлеуметтік серіктестік пен келісімнің мемлекеттік идеологиясын қалыптастыруды жақтайды. Олардың көрсетуінше, жалпықазақстандық ықпалдастырушы-келісімпаздық идеологияны орнықтыру біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыруға бағытталған ұлттық идеяларды жасаудан басталуы керек. Бір әттеген-айы: бұл көзқарастағы зерттеушілер моноидеологияның тоталитаризмге тез айналып кететіндігін ескермеуінде болып отыр.

Келесі, бесінші, ресми көзқарас Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдарында, бірқатар саясаттанушылар мен басқа да зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапқан. Әсіресе Елбасы өз еңбектері мен сөйлеген сөздерінде Қазақстан қоғамын келісімге әкелетін идеялық платформаны жасау қажеттілігін атап көрсетеді. Оның пікірінше идеология мемлекеттің басты сүйенер діңгегіне емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ ісіне айналуы тиіс. Президентіміз қоғамға мемлекеттік идеологияны жоғарыдан таңудан аулақ, өйткені мұндай шара демократиялық даму жолына кереғар қайшы келеді. Алайда Н.Ә. Назарбаев қоғамдағы идеялық бей-берекеттілік пен демократияға жат идеологиялардың (ұлтшылдық, шовинизм, діни экстремизм т.б.) туындауынан қауіптенеді.

Мәселенің мәні мынада: мемлекетті саяси модернизациялаудан бұрын, сол модернизацияға бағытталған белгілі бір саяси идеологиялық бағыт-бағдар жасалынуы немесе қабылдануы міндетті шарт. Логика заңы бойынша, белгілі бір нүктеге жету үшін ол белгіленуі, анықталуы тиіс, сосын барып қозғалыс басталмақ. Біздіңше мұндай нүкте - әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жүзеге асып жатқан, мемлекет билігінің үш тармаққа бөліну принципіне негізделген, құқықты, әлеуметтік, демократиялық мемлекеттің саяси идеологиясы. Мұндай үлгіге ұмтылмайтын мемлекет бүгінгі күні әлемде кемде кем. Қазақстан үшін де өзіндік даму жолын іздестірмей жаңаша мемлекетті құру жеміссіз болар еді. Сол үшін де еліміз жаңа мемлекет құру процесінде қандық белгі мен бей-берекеттілікке ұрындырушы түрлі принциптерден бас тартып, өз таңдауын саяси, әлеуметтік, ұлтаралық тұрақтылыққа негізделген принциптерге тоқтатып отыр. Осылайша Қазақстан дамуының концептуалдық тұрқы ашық үлгідегі, қоғамы демократияшыл әрі бейбітшіл мемлекет құруды көздейді:

а) адамның құқығы мен бостандығына, саяси және идеологиялық плюрализмге кепілдік беретін тұрақты азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, сенімді қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, халықаралық қауымдастықта лайықты әрі тең құқықты жағдайға ие болатын қуатты президенттік республика құрады;

ә) меншіктің алуан түрі, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлігі, салауатты бәсекелестігі бар, шетелдік инвесторлар парасатты қатысатындай дамыған нарықтық экономикаға сүйенеді;

б) айқын әлеуметтік бағыты бар, бәріне бірдей өзінің қабілетін жұмсауға әрі материалдық жағынан игілікті өмір сүруіне тең жағдай жасап, мүмкіндік туғызатын, әр халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтап, дамытатын тұрақты дамудың негізі ретінде ұлттық келісім саясатын жүргізетін мемлекет құруды көздейді.

Ал Қазақстан халқын мұндай жалпыға ортақ идеяға жұмылдыру демократиялануды тереңдету мен кеңейтумен қатар жүретіндіктен, біз пікірталастан, ой-пікірдің алуан түрлілігінен, даулар, идеялар мен көзқарастардың тартысы мен қайшылығынан қорықпауымыз керек. Бұл қасиеттердің бәрі ұлттық мәселелерді шешудегі және еліміздің алға қарай қарыштап дамуындағы ақиқат жолды табудағы табиғи һәм заңды, әрі қажет қасиеттер. Мұндай пікірталаста жалпы атқарылатын істің, халықтың, қоғамның, мемлекеттің мүдделерін көздейтін өзекті мәселелерге қатысты түрлі көзқарастар шынайы сұрыптаудан өтіп, оймен еленіп екшеледі. Бір жағынан қоғамда әр түрлі идеологиялар әрекеттесіп, қоғам тұтастығы, тұрақтылық қамтамасыз етіледі; екіншіден, пікірталастар ой салып, жаңа бағыттар меңзеледі. Бұл өз кезегінде құқықты мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі болып есептелетін көппартиялық жүйеге алғышарт болмақ. Ол мемлекеттік мүддеге қайшы келмесе болғаны. Сондықтан да қазақстандықтар бір ғана үстем идеологиядан бас тартып, көзқарастардың салыстырылуын, идеялардың көп түрлілігін, пікірталасты, кең диалогты қолдап отыр. Ең бастысы - бұл ұлттық сана-сезім мен ойлау үлгісінің жалпыадамзаттық-интернационалдық құндылықтармен суарылып, дамып баюына мүмкіндік береді.

Олай болса, Қазақстанның нақты бір бекітілген ресми идеологиясының болмауы оның даму бағыты мен халқын топтастыратын жалпыұлттық идеясы жоқ деген сөз емес. Ондай тоғышар мемлекет адамзат тарихында болған емес және де болмайды да. Өйткені идеология дегеніміз – белгілі бір мақсаттарға сай адамдардың, саяси партиялардың, жалпы қоғамның осы шаққа, өткен кезеңге және алдағы келешекке деген баға беруі теориялық түрде жалпылама тұжырымдалатын көзқарастары мен идеяларының жүйесі. Дәлірек айтқанда, ол – адамдардың, таптардың, партиялардың, саясат субъектілері мен кез келген дәуір билігінің, әр бір ұрпақтың, қоғамдық қозғалыстардың, өнер, әдебиет және тағы басқа да салалардың белгілі бір мәселеге қатынасын, көзқарастары мен мақсатын, мүддесін жинақтайтын идеялар жүйесі болып табылады.

Осы жерде идеология мен идеяның ара қатынасы, олардың айырмашылығы қандай деген мәселе туындайды. Біздіңше және жалпы ғылымда қалыптасқан пікір бойынша, идея дегеніміз - ой, мәселенің мәні, ал идеология - идеялар туралы ілім. Егер идеология жағымсыз болса, оның астарында жатқан идеяның да сұрқия-залым болғаны. Олай болса идеяны идеологиядан бөліп қарауға болмайды. Ал біздің республикамыз таңдаған идеологиялық әр алуандылық түрлі идеологиялардың астарында жатқан, ұлттық мемлекеттік айшықтарымызға, этнодемографиялық және геосаяси нышандарымызға, демократиялық даму принциптерімізге сай келетін идеяларды қоғам өмірінде пайдалануға кепілдік береді. Сонда ғана демократиялық құқықты мемлекетіміздің өзіндік жалпыұлттық идеясы түзіледі, бірақ оны мемлекеттік идеология деп атасақ қателесеміз, әрі мұндай тұжырым Ата Заңымызға да қайшы келеді.

Зерттеушілер Д. Кішібеков пен Т. Кішібековтердің пікірлері бұл тұрғыда көп нәрсенің мәнін ашады: «…Мәселе жалпы идеологияда емес, нақты бір идеологияда болып отыр. Идеология идея сияқты прогрессивті болуы мүмкін, бірақ ол консервативті де бола алады, тіпті оның реакциялық болуы да ықтимал. Біріншіден, біз прогрессивті идеологияны қолдаймыз, екіншіден бір идеологияның монополиясына қарсымыз. Біздің қоғамымыздың демократизмі идеялық әр алуандылықпен, түрлі идеологиялардың қатар өмір сүруімен айқындалады. Ең басты шарт: олар Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келіп, гуманизмге, адамзатқа жат мәнде болмауы керек»[7].

Яғни, Қазақстанның мемлекеттік жалпыұлттық идеясы аясында түрлі идеологиялық ағымдағы топтар, партиялар, жеке адамдар ықпалдаса тіршілік етеді: оған демократиялық қоғамымыз бен тәуелсіз мемлекетіміздің жоғарыда көрсетілгендей, жүйелі де сындарлы жалпыұлттық идеясы мүмкіндік беріп отыр. Оның негізгі мазмұны - егемендік және ұлттық, жалпықазақстандық идеялармен суарылған, барынша адамгершілікті, демократиялық сипаттағы, бір жағынан жалпы дүниежүзілік прогресшіл идеялармен ұштаса отырып, екінші жағынан, өз халқымыздың рухани қазынасын молайта түсуге бағытталған қолтума жасампаздығында.

Мұндай идеялық бағыт-бағдарсыз, ешбір жөн-жосықсыз бірде бір қоғам, еш бір мемлекет өмір сүре алмас еді. Сондықтан кез-келген мемлекет пен оны мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың, ұлттық және этноәлеуметтік топтардың өкілдері бейне бір ашық теңіздегі кеменің жолаушылары іспетті. Ежелгі римнің стоик-ойшылы Сенека: “Қай айлаққа (гавань) баратынын білмеген желкенді кеменің желі де оңынан соқпайды”, - деген екен. Ал халық даналығы бойынша, кемедегілердің жаны да бір, баратын жері де бір екені белгілі.

Оған қоса, жоғарыда көрсеткеніміздей, әр полиэтникалық мемлекетте ондаған, кейде тіптен жүздеген тар ұлттық мүдделерді білдіруші идеялардың болуы мәселенің басын демократиялық мәндегі бірліктегі көптүрлілік принципіне негізделген мемлекеттік жалпыұлттық идеяға әкеліп бірақ тіреп отыр.

Бұл жерде мәселеге бір ғана ұлттық мүдде тұрғысында қарау жеткіліксіз. Өйткені, ұлттық мүдденің жан жүрегі жалпы адамзаттың құндылықтарынан туындауы тиіс ұлттық идея болып табылады. Олай болмаған жағдайда ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасында бір ұлттың мүддесі басым түсіп отырады. Сол себепті ұлттық мүдде ұғымын жеткізе түсіндіру барысында ұлттық мемлекет (natіon state) тұжырымдамасын ұстану керек. Олай болмайынша ұлт лингвистикалық, конфессиялық, мәдени және тағы басқа да өзгешеліктеріне қарамастан, этностардың саяси бірлестігі нәтижесінде ұйыса алмайды. Яғни, ұлттық мүдде мемлекет мүддесінің халықтық түрі іспетті. Әрбір ұлттық-мемлекеттіліктің өзіндік ұлттық мүддесі бар, оны қорғау - қазіргі әлемдік саясаттағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасына да қатысты ортақ мәселе [8]. Сондықтан да, жалпыұлттық идеяның мәселесіне анағұрлым кең тұрғыда, яғни өркениеттік яки адамзаттық тұрғыдан ойымызды өрбіте келіп, дедукциялық тәсілмен жалпыдан жалқыға өту арқылы мәнін ашқанымыз ұтымдырақ. Мәселен, белгілі бір мәдени ошаққа жататын халықтар (еуропалықтар, мұсылмандар, славян немесе түркі тілдестер т.б.) ұлттық мүдделерінің әр алуандылығына қарамастан, өздерін тұтас бір мәдени қауымдастық ретінде сезініп, идеялық мәнде топтасады. Оны жекелеген еуропалық немесе африкалық ұлт өкілі, жекелеген ислам немесе христиан діні өкілінің бойынан іздеген жеміссіз болар еді. Еуропалық халықтар үшін олардың бәріне ортақ еуропалық текті білдіруші идея болса, мұсылмандар үшін ұлттық-әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан олардың бәріне ортақ діни сенім бірлестігін білдіруші идея, славян немесе түркі тілдестер үшін олардың ортақ тіл тобына жататындығының идеясы т.с.с.

Мұндай идеялардың мәні мен мазмұны туралы пікірталас болса болар, ал жалпы, ортақ идеяның бары даусыз. Мысалы, менің ұлтым қазақ, сіз - қырғызсыз, ол түрік, ана бір кісі - әзірбайжан, алайда бәрімізді біріктіруші ортақ идея - біздің тіліміздің түп төркіндестігінде - біз түркі тілдестерміз т.с.с. Бұл - бұлтартпас дәлел. Енді жалпыдан жекеге, мемлекет ауқымына келсек, бүгінде біріңғай, құрамында кірме ұлттар енбеген мемлекеттер жоққа жақын. Бірақ одан мемлекеттің ұлттық мәні өзгермейді, Германия да, Франция да, Қытай да, Ұлыбритания да т.б. құрамында басқа ұлттардың өмір сүруіне қарамастан өзіндік ұлттық мәнінен айырылып қалған жоқ. Қазақстан сияқты көптеген мемлекеттерде кезінде күшпен қоныс аударылған, босып келген алуан этностардың ұрпақтары өмір сүреді, бірақ байырғы қазақ жерінде пайда болған мемлекеттің негізгі қазақ ұлты екендігі күмәнсіз. Сондықтан да, бүгінгі саяси ғылымда “мемлекет құраушы ұлт” (государствообразующая нация) ұғымы қалыптасып отыр.

Ал Қазақстандық жалпыұлттық идеяның негізгі астарында “Қазақстан кімнің мемлекеті - қазақтардың ба, әлде қазақстандықтардың ба?” - деген сауал тұр. Жауап: Қазақстан - елді мекендеуші барша ұлттар мен ұлыстардың, этникалық-әлеуметтік топтардың Отаны. Этникалық тұрғыда жер қазақ халқының жері болғанымен, мазмұны жағынан демократиялық-құқықты, азаматты қоғамды құруға бағыт алып отырған Отанымыз көпэтносты. Қай ұлт өкілі болмасын олар Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматы, қазақстандық. Бұл кез келген дамыған демократиялық әлемдік мемлекеттерге тән қасиет. Франция - франциялықтардың, АҚШ - американдықтардың Отаны.

Азаматтық қоғамның, құқықты мемлекеттің қайнар көзінде де осы қасиеттер жатыр. Азаматтық қоғамның біздің түсінігіміздегі нақты анықтамасы мынадай: ол - құрамындағы мүшелерінің арасындағы экономикалық, мәдени, құқықтық және саяси қатынастары дамыған, мемлекеттен тәуелсіз, бірақ онымен өзара әрекеттесуші қоғам, мемлекетпен бірлесе отырып, дамыған құқықтық қатынастар құрушы, жоғарғы дәрежелі әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени және моральдық мәртебелі азаматтар қоғамы. Азаматтық қоғамның шынайылығы идеал мен идеалдық жобаның және осындай жобаны жүзеге асырушы қоғамның шын мәнісінде қол жеткізген жетістіктерімен анықталады. Осылайша, азаматтық қоғамдағы жеке тұлға – жасампаздыққа, азаматтық қатынас пен жаңа руханилыққа бағытталған «жаңа адам». Жеке тұлғаның тағдыры өз қолында, болашағы өзінің іскерлігіне, тапқырлығына, ақыл-ой деңгейіне, жалпы озық жеке сапаларына байланысты. Мұндай дамудың басты шарты мен нәтижесі, қоғамның мазмұнындағы мұндай ұжымдасу түрі дәстүр немесе белгілі бір қағида, аңыз бен «санасыз ұжымдасу» негізінде емес, ол азаматтардың өздерін ортақ мәдени ошаққа, әлеуметтік-саяси тұтастыққа жататынын сезінуі (Біз американдықтармыз немесе біз - қазақстандықтармыз, т.с.с.) және ұлттық пен азаматтылықтың ұштаса бірігуінде қалыптасады. Мұның жалпыұлттық идеяны қалыптастырудағы ерекше орында болуы да содан. Идеяның да мемлекеттік жалпы ұлттық сипатта болуы – халықтың белгілі бір өркениет ордасы - әлеуметтік-саяси тұтастыққа жататындығын білдіруші ұлттық өмірдің маңызды шарты екендігінде. Яғни, қазақстандық, ресейлік, қытайлық т.с.с.

Басқаша айтатын болсақ, ұлты мен діні, әлеуметтік жағдайының ерекшеліктеріне қарамастан, ол қоғамның мүшелері белгілі бір мемлекеттің азаматтары. Сол мемлекет олардың ортақ Отаны. Отан азаматтарға қалай жауапты болса, азаматтар да Отанның болашағы үшін, дамуы үшін мүдделі жауаптылықта. Еліміздің құрамындағы түрлі ұлттардың, ұлыстардың, этно-әлеуметтік топтардың өкілдері өздерінің жекелеген ерекшіліктерін сақтап, дамыта отырып, Қазақстан Республикасы – менің Отаным, мен оның азаматымын деген патриоттық асыл сезімді толық ұғынғанда ғана мемлекеттік жалпыұлттық идеямыздың негізі салынбақ.

Мемлекет халқының жалпыұлттық идеяға топтасуының басты сипаттамасын салыстырмалы түрде ансамбльге теңестіруімізге болады. Ансамбль (французша: ensemble – бірлесу, ұласу) – «музыкада екі немесе одан да көп музыканттардың, хор мен капелланың, оркестрдің музыкалық шығарманы бір қосылып орындауын және сол орындалған музыканың бір үнді ұласып, әдемі де әуезді, мәнерлі болып шығуын ансамбль дейді» [9].

Ансамбль – бұл әрқайсының салыстырмалы түрде өзіндік дербестігі мен жеке сапалары бар, өзара байланысты құрамдас бөліктердің ерекше сапалық жиынтығы. Ансамбль құрамындағы жекелеген компонент-құрамдас бөліктер өзінің сапалық өзгешеліктерін жоғалтпайды, мақсат жолында жұтылып кетпейді. Олардың сапасы тек бір құрылым шеңберінде өмір сүруші және бір-біріне өздерінің ерекше із-таңбаларын қалдырушы барлық құрамдас бөліктердің өзара ықпалына тәуелді. Сонымен бірге, жалпы ансамбльге тән ортақ қасиет те туындайды: ол жекелеген құрамдас бөліктердің өзіндік сапаларын жойып жібермейді, алайда құрамдас бөліктер барша ансамбльдің сапасына тәуелді. Бұл көрсетілген принциптің тиімділігі уақыт сынағынан өткен. Яғни, қазіргі кезеңде ансамбль принципін қолдану ортақ ой тудыруда өте жемісті болып отыр және оны түсіндіру мен баяндауда бірқатар қиындықтардан арылтуда.

Қорытып айтар болсақ, ансамбльдік принцип халқы көпқұрамды Қазақстандағы жалпыұлттық идеяны қалыптастырудың негізіне айналуы тиіс. Осылайша, ансамбльдегі жекелеген музыкалық аспаптар сияқты әр ұлт пен этноәлеуметтік топ өкілдері өздерінің жекелеген сапалары мен ерекшеліктерін сақтай отырып, «дирижердің» - Қазақстан Президенті мен мемлекеттік басқару органдарының жетекшілігімен «ортақ әуен» – жалпыұлттық идеяға үндескенде ғана «құйқылжыған-әуезді өнер шығармасын тыңдауға», саяси тілде айтсақ - азаматтық, құқықты-демократиялық қоғамды құрып, егемен әрі дамыған өркениетті мемлекетке жетуімізге толық мүмкіндігіміз болмақ.

Алайда мемлекеттік жалпыұлттық идея өздігінен пайда болып, дамымайды, оны жалпыадамзаттық жетістіктерді, қоғамды үйлестіруге ықпалды саяси күштер мен партияларға, әлеуметтік жағымды принциптерге сүйене отырып, Қазақстан Республикасындағы түрлі этноәлеуметтік топтардың ерекшеліктері мен мүдделерін ескеретін мемлекеттік саясат арқылы ғана қалыптастырып, дамытуымызға болады.

Мемлекеттік дамудың жалпыұлттық идеясы Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен күн тәртібіне қойылды: «Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын - өркениетті демократиялық қоғамды таңдап алды. Бізге шын мәнінде өмірдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық укладын түбегейлі түрде ауыстыру міндеті тұр. Ал ол тарих айқын танытқандай, тек біріңғай идеямен ғана, сол үшін адамдар уақытша қиындықтарға, тіпті жекелеген сәтсіздіктерге дайын болу ниеті итермелеген қоғамда ғана ойдағыдай өтеді. Біз үшін бұл идея – еркін егеменді демократиялық Қазақстан мемлекеті» – деген Президентіміз Н.Ә. Назарбаев жалпыұлттық идеяны қалыптастыру мен дамытуды басымдық ретінде айқындаған болатын [10].

Өзара түсінісушілік пен әлеуметтік әділеттілік, демократиялық принциптер мен адамгершілік қасиеттерді, адам құқығының қорғалуын басшылыққа ала отырып жүргізілетін мұндай мемлекеттік саясат егеменді Қазақстан халықтарының алдындағы міндеттерін біртіндеп, жалпыәлемдік өркениетті озық елдерге тән әдіс-тәсілдермен шешуіне жеткізері күмәнсіз. Ал бүгінгідей демократиялану мен азаматтық-құқықты қоғамға өту кезеңіндегі түрлі ұлт өкілдері мекендейтін көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық идеяның қалыптасуы нәзік әрі күрделі процесс. Өйткені ол – саяси, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық, мәдени, рухани-моральдық салалардағы замана талабына сай келетін прициптер мен құндылықтардың қорытпасынан туындайтын, қоғамды біріктіруші және алға қарай, ерен істерге бастаушы рухани күш.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ел халқының мемлекеттік жалпыұлттық идеяға топтасуы – оның құрамындағы түрлі ұлттардың, ұлыстардың, ұлттық және этноәлеуметтік топтар мен мемлекеттің байырғы ұлты өзіндік жекелеген ерекшеліктерін, ұлттық болмысын, тыныс-тіршілігін сақтап әрі дамыта отырып және бұл тұрғыда бір-біріне түсіністікпен қарап, өздерін сол мемлекеттің тең құқықты азаматтары ретінде сезіне отырып, жалпыға бірдей мақсат-мүдде - бәріне ортақ Отан - Қазақстан Республикасын көркейтіп дамытуға бір кісідей ат салысып, жұмылған жұдырық тәріздес болу.



Әдебиеттер:

1 Абсаттаров Р.Б. Национальные процессы: особенности и проблемы. - Алматы: Ғылым, 1995. -248 с. –Б. 99.

2 Назарбаев Н. Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде (1993 жылғы 12 мамырда идеологиялық қызмет мәселелері жөніндегі Республикалық Кеңесте жасалған баяндама) // Тәуелсіздігіміздің бес жылы. -Алматы, 1996. -136-177 бб. –Б. 162.

3 Философиялық сөздік / Бас. ред. Р.Н. Нұрғалиев. -Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996. -171-172 бб.

4 Казахстанская политологическая энциклопедия / Под. ред. Т.Т. Мустафина. -Алматы, 1998. -448 с. –С. 205.

5 Политическая энциклопедия в 2-х томах. Т.2. -М.: Мысль, 2000. –С. 32.

6 Қазақстан Республикасының Конституциясы. -Алматы, 1995. -96 б. –Б. 5.

7 Кшибеков Д.К., Кшибеков Т.Д. Казахстан. Переходный период: проблемы и трудности. -Алматы, 1998. -262 с. –С. 214.

8 Мұсатаев С.Ш. Тәуелсіздігімізді нығайтуға идеологиялық басым бағыттардың ықпалы // Ақиқат. -2001. -№ 3. -13-18 б. –Б. 15.

9 Ғизатов Б. Қазақша музыкалық терминологиялық сөздік. -Алматы: Ғылым, 1981. –Б. 24.

10 Назарбаев Н.А. Выбор - цивилизованное демократическое общество. (Из речи на торжественном заседании Верховного Совета Казахской ССР по поводу вступления на пост Президента Казахской ССР 10 декабря 1991г.) // Пять лет независимости. Из докладов, выступлений и статей Президента республики Казахстан. -Алматы: Қазақстан, 1996. -С. 20-21.
Әдебиеттер:

1 Absattarov P.B. Natsionalnye protsessy: osobennosti and problem. – Almaty: Gylym, 1995. -248s. – B. 99.

2 Nazarbaev N. Kazakstannyn bolashagy – kogamnyn idealyk birliginde (1993 zhylgy 12 mamyrda ideologiyalyk kyzmet maseleleri zhonondegi Respublikalyk Keneste zhaslgan bayandama) // Tauelsizdigimizdin 5 zhyly. - Алматы, 1996. -136-177 бб. –Б. 162.

3 Filosofiyalyk sozdik / Bas red. R.N. Nurgaliev. – Almaty: Kazakh entsiklopediyasy, 1996. -171-172 bb.

4 Kazakhstanskaya politologicheskaya ensiklopedia / Pod. Red. T.T. Mustafina. – Almaty, 1998. -448 s. –S. 205.

5 Politicheskaya ensiklopedia b 2-kh tomax. T.2. – M.: Mysl, 2000. –S. 32.

6 Kazakhstan Respublikasynin Konstitutsiyasy. – Almaty, 1995. -96 b. –B. 5.

7 Kshibekov D.K., Kshibekov T.D. Kazakhstan. Perekhodnyy period: problemy I trudnosty. – Almaty, 1998. -262 s. – S. 214.

8 Musataev S.Sh. Tauelsizdigimizdi nygaityga ideologiyalyk basym bagyttardyn ykpaly // Akikat. -2001. -№ 3. -13-18 б. –Б. 15.

9 Gizatov B. Kazaksha muzykalyk terminologiyalyk sozdik. – Almaty: Gylym, 1981. –B. 24.



10 Nazarbayev N.A. Vybor – Tsivilizovannoe demokraticheskoe ovshchestvo. (Iz rechi na torzhestvennom zasedanii Verkhovnogo Soveta Kazakhskoi SSR po povody vstupleniya na post Prezidenta Kazakhskoi SSR 10 dekabrya 1991 g.) // Pyat let nezabisimosti. Iz dokladov, bystupleniy I statei Prezidenta respubliki Kazakhstan. - – Almaty: Kazakstan, 1996. -S. 20-21.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Беткі сулардың сапасын талдау: НҰра өзені алабының мысалында
publications -> Этносаралық Үйлесімділік жүйесіндегі саяси-мәдени механизмдердің орны әлеуметтік ғылым магистрі, аға оқытушы Сыздықова С. М
publications -> Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі Темірбай Мұқашев
publications -> Спортшылардың интеллектуалдық ой өрісі және оның спорттық Қызметтегі маңыздылығы абусейтов Бекахмет Зайнидинович
publications -> Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»
publications -> Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: құқықтық реттеу
publications -> 1 қаңтар 2012, 12: 09 Бұл дағдарысты әлем экономикасының уақытша тежелуі деп түсіну қажет 49
publications -> Қазақстандағы корей тілін оқытуда интерактивті құралдарды қолдану әдісі
publications -> Әож 378-1а оқУ Үрдісінде мультимедиялық ҚҰрылғыларды қолданудың Қажеттілігі
publications -> Үндістан-Бангладеш қарым-қатынастарының кейбір астарлары


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет