Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды 9 мамыр 2014



жүктеу 79.36 Kb.
Дата02.11.2017
өлшемі79.36 Kb.

Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды

9 мамыр 2014 | 00:05 | Қоғам | Қаралған: 2710 | Пікірлер: 0

012345

Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды



«Таң атысымен ауыл жұрты дүрбелеңге түсіп...» (Қ.Жұмәділов, «Дарабоз»), Өскеменнің құбыла жақ кіреберісіндегі төбеге қарай лек-легімен ағылды. Қуанышқа асыққан бір қауым елдің бет алысы еді бұл. Рас, облыстың орталығында хан батыры Қабанбай бабамыздың ескерткіші соғылады дегенде тақиясын аспанға атып қуанбаған адам жоқ болатын. Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келген батыр ескерткішінің ашылу салтанатына жергілікті халықпен және алыс-жақыннан арнайы ат терлетіп келген құрметті қонақтармен бірге облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та қатысты.

«Табалдырықтан асқан тау жоқ» дейді қазақ. Ендеше, көзі тірісінде жанынан бес қаруын тастамаған, ат жалында бүкіл ғұмырын сарп еткен Дарабоздың еңселі ескерткішіне қарбаласқан қаланың ішінен емес, кіреберістегі тоғыз жолдың торабы тоғысқан биік дөңнен орын сайлануы әуел баста ой елегінен өткізіліп, кеңесілген орынды шешім еді. Мерекеге жиналған көпшіліктің «Қаракерей Қабанбай бабамыздың мына тұрысы, құдды бір, елінің тыныштығын күзетіп, дұшпанға сес көрсетіп тұрғандай әсерлі екен» деген сөздері де бұл уәжімізді қуаттай түседі және тырнақ астынан кір іздеген кейбіреулердің «Қабанбай батырды неге қала сыртына апарып тастады?» деген сұрақтарына жауап береді.

Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды

Иә, әйгілі Қубас атын тақымдап, көк сүңгісін көлденең тартып, алысқа көз салып тұрған Қабанбай батырдың дөң басындағы тұрысы шынымен де айбарлы, шынымен де әсерлі көрінеді екен. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей қолдауымен, Мәдениет (бұрынғы Мәдениет және ақпарат) министрлігінің тапсырысымен сәулетші Нұрлан Далбайдың қолынан шыққан қола мүсіннің биіктігі 6,2 метр болса, төменгі жағындағы тұғырының көлемі 5,30 – 8,30 метрді құрайды. Мүсінді құю жұмысының авторы - астаналық «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Республикалық бюджеттен бөлінген 105 миллион теңге қаражатқа ескерткіш пен оның тұғырын жасаумен қатар айналасын абаттандыру жұмыстары да атқарылған. Төңірегіне асфальт төселіп, орындықтар орнатылған. Сол сияқты көліктерді қаңтарып қоятын ыңғайлы орынның жасалуы ары-бері ағылған жолаушыларға баба ескерткішіне аялдамай өтуге лаж қалдырмайды.

Тарихтан білеміз, ата-бабаларымыз елдің азаттығы, жердің тұтастығы үшін жандарын қиған. Сондай батыр бабаларымыздың бірі де бірегейлері - Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай батырлар. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай бабамыз. Қазіргі ұрпақ сол бабаларымыздың алдында мәңгілік борыштармыз. Осы орайда біз бабаларымыздың ерлік істерін кейінгі жастарға үлгі етіп айтып, насихаттап отыруымыз керек. Бүгінгі мынау жиналғандағы мақсат та сол - қазақ үшін жастайынан атқа қонып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғаған Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш ашып, ұлы бабамыздың ерлігін ұлықтау. Сондықтан баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, - деп құттықтау сөзін сөйлеген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ерке Ертістің жағасындағы дүбірлі тойға келген меймандарға ризашылығын білдірді, ескерткіштің Өскеменнен бой көтеруіне үлкен үлес қосқан бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі, қазір Президенттің кеңесшісі, жерлесіміз Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғыс айтты.



Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды

Мәртебелі меймандардың қатарында Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев бастаған, Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, профессор Камал Әбдірахман қостаған бірқатар өкілдер, сондай-ақ, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ақын Несіпбек Айтұлы, Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, күйші Секен Тұрысбеков, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келімсейітов бастаған бір топ делегация мүшелері де осы тойдың төрінен орын алды.

Салтанатты жиын үстінде Қуатжан Уәлиевтей қонақтарымыз ақжарма тілектерін ақтарып, мұндай шаралардың маңызына тоқталып өтсе, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдеулет секілді айтар сөзін өлеңмен өрнектеген талантты ақындарымыз тебіреніп тұрып рухты жырларын оқыды. Ал көршісінің қуанышын бөлісуге асыққан алматылық ағайындарды бастап келген Ермек Келімсейітов болса: – Бүгін бәрімізді Қабанбай бабамыздың әруағы желеп-жебеп, шынымен рухтанып тұрмыз. Ол біздің сөзімізден, көзімізден анық байқалып тұр. Атырау мен Алтайдың арасындағы ұлан-ғайыр даланы бізге батыр бабаларымыз мирас етіп қалдырды. Сол жерімізді көздің қарашығындай сақтап, өркендету - біздің негізгі міндетіміз. Ендеше осынау қазақ даласында қазіргі күні салиқалы саясаттың салтанат құрып, татулық пен тұрақтылықтың орнауы бабалардың бізге қалдырған аманатын орындау деп білеміз. Бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен қатар тойланған мерекеге орай бүкіл Жетісу жұрты сіздерге сәлемдерін жолдап, қуаныштарыңызды бөлісуде, – деп алматылық ағайындардың лебізін жеткізе келе, тойға тарту ретінде Рая Рахимова басқаратын облыстық ана мен бала орталығына көлік сыйлады.

Жиынның ресми бөлімі аяқталып, қонақтар мен жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойған соң Өскемен, Курчатов қалаларының, облысымыздың барлық аудандарының қаз-қатар тіккен ақшаңқан киіз үйлерінде батырдың рухына бағышталып құран оқылды, ас берілді. Ашық аспан астында құрылған сахна төрінде белгілі күйші Секен Тұрысбеков домбыраның шанағынан күй төгілтті. Күміс көмей әншілеріміз әуелете ән шырқады.

Қамшы басты тұлпарға «Қабанбайлап!»

Қазақтың хас батыры Қабанбайға ескерткіш қойылды

Тұяғымен жердің бауырын дүбірлеткен тұлпарлар бәйгесі мен белдескеннің белін үзген балуандардың бозкілемдегі күресі қарақұрым жұрт жиналған думанды тойдың көрігін одан әрі қыздыра түсті. Аламан десе, алдындағы асын тастай жүгіретін қазақ қашан да қазанаттың қасиетін жоғары қоятынын бұл жолы да байқатты. Бәйгеге деп төрт бірдей автокөліктің тігілуі (Зырян, Үржар ауданының және Семей қаласының әкімдіктері, сондай-ақ кәсіпкер Марат Мұзапаров тікті) және берісі Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен, арысы Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарынан желмен жарысқан қылқұйрықтардың қатысуы сондықтан.

Өскемендегі Меновное атшабарын шаңға бөктіріп, тұяқтарынан «от шашқан» кіл жүйріктердің шабысын облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге мәртебелі қонақтар да ден қоя тамашалады. Күн көзінен көлеңкелеген екі үлкен шатырдың астында ине шаншар орын табылмады. «Баласы атқа шапса, үйіндегі анасы тақымын қысады» демекші, атшабар айналымындағы Қамбар ата түліктері көсілген сайын иін тірескен жанкүйерлер тұс-тұстан қиқулап, қолдау көрсетіп тұрды. Ат жалына жабысқан шынашақтай шабандоз балалар да жұрттың демеуін сезініп астындағы сәйгүлігіне «Қабанбайлап!» қамшы басты.

1 шақырым 800 метр қашықтықтағы ұшқыр бәйгеде Павлодар облысынан келген «Жалаңтөс» атты тұлпар көмбе сызығын бірінші кесіп өтті. Шабандозы –Еділ Құсайынов. Оған «Лада гранта» мәшинесінің кілті табысталды.

Құнан бәйгеге тігілген шетелдік жеңіл көлік басқалардан оқ бойы озып келген «Бөрітостаған» атты Тарбағатай ауданының жүйрігін тізгіндеген шабандоз Мұрат Сабыровтың еншісіне бұйырды. Марапаттау рәсімінен кейін тарбағатайлық аттың иесі жеңіп алған темір тұлпарын қайырымдылық ретінде Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне сыйлады.

Ал 13 шақырымға созылған жарыста алдына қара салмаған Қаракерей Қабанбай бабамыздың әйгілі Қубас атының ныспысын иеленген талдықорғандық сәйгүліктің шабандозы Дәргербек Қабайға жол талғамайтын «Нива» көлігінің кілті табыс етілді.

Ең қызықты бәйге 25 шақырымдық аламанға басқалармен салыстырғанда қатысушылардың саны едәуір көп жиналды. Оқтаудай жараған «шоқпардай кекілі бар қамыс құлақтардың» сырт қарағанда қай-қайсысы да әдемі, қай-қайсысы да жүйрік көрінері рас. Тек құлақтарын қайшылап, алшаң басып, ауыздықтарымен алысқан кіл жүйріктің ішіндегі кім жүйрікті ұзаққа созылған аламан анықтады. Бәйге біткеннің төресі саналған бұл жарыста Катонқарағай ауданының үкілеп қосқан «Эльфика» атты сәйгүлігі қазақтың қазанатына сай төзімділік пен күш-қайратты танытты. Бұл орайда талай топқа түсіп, тәжірибесі шыңдалған шабандоз Ерасыл Мусиннің де шеберлігін, астындағы атының қырын-сырын жақсы білетіндігін атап өткен дұрыс. Оған соңғы үлгідегі судай жаңа «Шевроле» маркалы автокөліктің кілті салтанатты түрде тапсырылды.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған түрлі қашықтықтардағы бәйгелердің екінші және үшінші орын иегерлері де құр алақан қалған жоқ. Қомақты ақшалай сый-сияпатқа ие болды.

Қазанат бәйгесінен бөлек қазақтың қанына сіңген тағы бар қасиеті болса ол, – күрес. Осы күні үлкен тойдың аясында облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінің балуандары «Шығыс барысын» анықтады. Өткен жылы «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров қатыспағанмен Шығыстың кілең «сен тұр мен атайындары» бұл бәсекеден тыс қалған жоқ. Тартысты өткен белдесулердің нәтижесінде ақтық сында қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен майталман Шалқар Жоламанов пен жас та болса талай топты жарған Мұхит Тұрсынов күресті. Ақтық белдесуді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тамашалады.

Жастың аты жас қой, бойындағы бұла күші мен осыған дейінгі жинаған шеберлігінің арқасында Мұхит ағасынан айласын асырып, бас жүлде өскемендік кәсіпкерлер тіккен «Нива» көлігінің кілті мен «Шығыс барысы» белбеуін иеленді.

P.S. Хан батыры, даңқты қолбасшы, көзі тірісінде жаумен жүзден астам жекпе-жек өткізіп, ешбірінде жеңілмеген, Бұхар жыраудың тілімен айтсақ, «Тоғыз таңба Найманнан, Тоғыз құйрық ту алып, Тоғыз түмен қол шықса, Қол ағасы болған...» Қаракерей Қабанбай бабамызға қоладан мүсін соғып, ат шаптырып, ас берудегі асыл мұрат - ағыл-тегіл шашылу емес, ең бастысы, кейінгі ұрпақтың өткен тарихқа деген құрметін арттыру, патриоттық рухын ояту, бабалар ерлігін насихаттау, сол арқылы отансүйгіштікке, елге қызмет етуге тәрбиелеу. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Отан қорғаушылар күнімен қатар аталып өткен Қабанбай бабамыз ескерткішінің ашылу тойының біз күткендей жоғары деңгейде өткізілгеніне көзіміз жетеді.

Ердің ері Ерасыл

Қарсы келген қасыңды қара жерге қағардай,

Қаһарыңа бас ұрды қашар қуыс таба алмай.

Өр Алтайдың өрінде, Өскеменнің төрінде

Қола тұлғаң қасқайды құдіретті қағандай!

Қасық қаның төгілген, хасыл тәнің көмілген,

Қасиетті қара жер қабырғасы сөгілген.

Туған жердің шетінде, өкпек желдің өтінде

Ақ найзаны кезеніп асқақ тұлғаң көрінген.

Қарап тұрсың қабарып қайран бабам Қабанбай,

Қалыңдаған қара бұлт, алынбаған қамалдай,

Қубас аттың дүбірі құлаққа кеп қалардай,

Кете алмаймын қасыңнан қалың ойға қамалмай.

Қандасқаннан қан алмай, жандасқаннан жан алмай,

Қайран баба, қазағың қаулап жатыр көгалдай.

Өсиетің қайда екен аңқылдаған самалдай,

Қасиетің қайда екен қалып па екен тоналмай?

Өр намысы жоғалмай, саған бірақ ере алмай

Қабыландай ұлдарың, қыздарың тұр маралдай.

Ерасылдай есімің ұрпақтарға ұран жыр.

Анау дала, сонау тау, мынау өзен – мұраң бұл,

Төбесінен күзетіп, рухыңдай қыран жүр.

Аруағыңа арналып көктен түссе құран-нұр,

Қайта оралып, хан батыр, қазағыңды қуандыр!

Қуандырсын азат күн, құдіретіңнен талшық бер,

Қамкөңілді қазақтың құбыласын аршып көр.

Қоңыраукөл туласын – сақтан жеткен сарқыт көл,

Қуансын да қунасын Өр Алтай мен Барқытбел!

Ердің ері – Ерасыл, сен қорғаған жер асыл,

Топырағы шежіре, тау мен тасы тола сыр.

Қайта туған күніңде Қубасыңды таң асыр,

Қай-қашанда қазаққа – қазақ қана жанашыр!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Тәжін киіп даңқтың

Көтерілді өр тұлғаң тас тұғырға тағы да,

Туған ұлсың, Ер баба, қазағыңның бағына!

Тәжін киіп даңқтың, тоңын бұзып тарихтың,

Батырлықтың өзіңсің қонған алтын тағына.

Көктей өтіп жылдарды дауылдатып басылған,

Сенің атың көшеді ғасырларға ғасырдан.

Тұлпарыңның дүбірі құлағында дәуірдің,

Қалың жауды төңкеріп Алтай таудан асырған.

Қасіретті аластап, қиянатты қақпайлап,

Халқың отыр бақыттың белдеуіне ат байлап,

Бостандығын қазақтың бар әлемге әйгілеп,

Сенің рухың – төбемде желбіреген Көк байрақ!

Айбат шегіп дұшпанға ел-жұртыңа қас қылған,

Тұра берер қасқайып қасиетті тас тұлғаң!

Желеп-жебеп қолдадың – ұрпағыңды қорғадың,

Желтоқсанда кешегі жанарына жас тұнған!..

Жамағатты жиналған жалт қаратып сөзіме,

Аруағыңды шақырсам, көрінер ме көзіме?!

Атамекен төсінде алшаң басқан алаңсыз,

Бүкіл қазақ қарыздар мәңгі-бақи өзіңе!..



Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет