Қазіргі кезеңде бастауыш мектептің білім мазмұнын жүйелі түрде жаңарту



жүктеу 128.27 Kb.
Дата14.04.2018
өлшемі128.27 Kb.

Қазіргі кезеңде бастауыш мектептің білім мазмұнын жүйелі түрде жаңарту

Мақұлбекова Мейрамкүл Әмзебек қызы

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы

Мұхтар Әуезов атындағы мектеп -

гимназиясының бастауыш сынып

мұғалімі

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуымыз үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген. Ендеше, ұстаздар қауымы ел басқаратын болашақ жастардың білімін қамтамасыз етуіміз керек.

Бүгінгі күні мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өмір талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісін жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр. Мектеп құрылымында болып жатқан өзгерістер, білім беру мақсаттарының алмасуы, оның дамытушылық сипаттарының бекітілуі, көпнұсқалық оқытуға көшу сияқты мәселелер орындаушылардан шығармашылық бастамалық, жұмыстың жоғары сапасын және кәсібилікті талап етеді.

Жер көлемі кең, халқы аз, табиғи байлығы мол, бірақ ұлттық білікті мамандары және өндірістік жаңа технологиялары қалыптасып үлгермеген Қазақстан мемлекетінің жаһандану үдерісіндегі бәсекелестікке төзіп, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік іргелі және түйінді проблемаларын шешіп, иықтас өзге елдермен бейбіт өмір сүріп, тұрақты даму жолына түсуді қамтамасыз ету үшін ең пәрменді және сенімді құрал ретінде отандық білім жүйесіне ден қоюдың өзектілігі айрықша екенін мойындамасқа амалымыз жоқ.

Қазіргі қолданыстағы білім жүйесі жан-жақты сынға алынғанда, орта мектептегі білім мазмұны көбіне жарамсыз білім жиынтығын беруге лайықталып келгендігі айтылады. Ол білім жүйесі сапасының сын көтермейтіндей дәрежеге төмендеуінің және оның қазіргі қоғам талаптарына сәйкес келмеуінің негізгі себептеріне енді үңіліп, зерделеп жатқан жайымыз бар. Білім алуда жақсы көрсеткіш көрсететін оқушы сабаққа белсенді қатысып, жақсы баға алады, алайда, білім қорытындысында өз мүмкіндігін көрсете алмай жатады. Алған біліміне сай шешім қабылдауы, іс-әрекет жасауы тұлғаның даму қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. ОЖСБ, әсіресе, ҰБТ-да өз білімін дәлелдей алмайтыны, тіпті өкінішті. Халықаралық зерттеулердің нәтижесіне көз жүгіртсеңіз, біздің еліміз бойынша білім сапасының төмен нәтижеде екенін көресіз. Ең күрделі және маңызды нәрсе білім жүйесін мазмұндық жағынан түбегейлі өзгерту, білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру екенін түйсінетін уақыт жетті. Осы орайда, білім жүйесінің ішкі мүмкіндіктерін дамыту, жаңа үлгісін қалыптастыру, оқушыларға берілетін білімнің мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, оқыту технологияларын өзгерту керектігі туындап отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін мұғалімдердің жұмыс жүйесіне дамыған елдердегі мойындалған өзгерістерді енгізу қажет.

Сингапур, Жапония, Финляндия секілді білім беру жүйесі жіті сараланған, озық елдерің білім жүйесіндегі ерекшеліктерін бір-бірімен салыстырар болсақ, білім сапасын көтеру мәселесіне айрықша ден қойып, оны ілгерілетуге үлкен күш салғанын көруге болады. Ұстаз ретінде, дамыған елдердің білім жүйесіндегі басым жақтарымен, әлсіз жақтарын қалай бақылайтынын анықтауды мақсат еткенім де рас. Кәсібімді жетілдіруге септесетін жұмысымды мен шет елдің және отандастарымның сабақ беру тәсілдерімен танысудан бастадым.

Сингапур елінің білім жүйесі аз уақыт аралығында биік дәрежеге қалай жетті? Бұл мемлекеттегі салада нені басты назарға алады екен? Аталған сауалдарға жауап табу барысында әр елдің білім беру жүйесі ерекше екеніне, мақсаттары әр түрлі және өзіне тән тарихи даму сатыларынан өтіп дамығанына әбден көзім жетті. Сингапурлық мектептердегі білім жүйесі отыз жыл бойы, кей кездері бағытын сәл өзгертіп, бірақ ешқашан тоқтамай, кейін шегінбей, алға және тек алға қарай қозғалып, тұрақты даму жолымен жүрген. Ондағы мектеп жүйесі басқарушы лауазымдарды өз ішінен таңдайды, дарынды педагогтарды іріктеуді және тәрбиелеуді жүзеге асырады. Сонымен қатар мұғалімдерді саралаудың анағұрлым тиімді шараларын жүзеге асырылатын елдер қатарына жатады. Бұл елде мұғалімдік кандидаттардың академиялық жетістіктеріне, олардың қарым-қатынас жасау дағдысы мен мұғалім мамандығын таңдауына түрткі болған жайларға ерекше назар аударылады. Ұстаздар қоғамның дамуына белсенді үлес қосады, болашақтың іргесін қалайды деген сенімде. Осындай жүйеде болғандықтан, сингапурлық мектеп оқушылары халықаралық тестілеуде, білім олимпиадаларында тұрақты түрде жоғарғы нәтижелерге қол жеткізеді. Сондықтан да білім инфрақұрылымы шағын және орта экономика құрылымымен өте жақсы интеграцияланған білім беру институттарының қызмет көрсету сапасы жедел дамып, озық елдердің қатарына қосылған. Білім саласының әлемді зерттеушілері, ғалымдары осы елдің оқу жүйесін әлемде жоғары деңгейде деп бағалайды. Айталық, PIRLS зерттеулеріне сүйенсек, Сингапур халқы сауаттылығы жағынан әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі, сингапурлық оқушылар 1995 жылдан бастап математика мен жаратылыстану ғылымдарының халықаралық TIMSS тестілеуінде жоғарғы нәтижелерді көрсетумен келеді, 2008 жылдан бері консалтинг компаниясы Сингапур білім жүйесін әлемде ең тиімді деп баға берген, әсіресе, педагог мұғалімдерді дайындау саласы бойынша көпке үлгі боларлық.

Сингапурдағы білім беру адамды үйлесімділікке тәрбиелеуде оның адамгершілігінің, зияткерлік, дене бітімі, әлеуметтік және эстетикалық дамуының жиынтығын қамтиды. Барлық мектептер мен балабақшаларында балалардың дене бітімінің жетілуі және адамгершілігінің дамуы жіті бақыланады. Оларды жасөспірім шағынан спортпен айналысуға, еңбекке, тәртіпке, сондай-ақ мінез-құлық мәдениетіне үйретеді. Балалардың сыныптағы сабақтан басқа, секциялар, үйірмелер, қызығушылығына байланысты клубтар көптігі соншалық, олар теледидар көрмейді, білім алудан басқаға алаңдамайды десе де болады. Яғни, қатаң цензура бар. Сингапурда қағазды лақтыра салғаны үшін төленетін айыппұл мөлшері 270 АҚШ долларына сәйкес соманы құрайтынын ескеріп-ақ, көп нәрсені ойыңызша салмақтай беріңіз.

Енді еліміздің оқу жүйесін Сингапурдағы білім жүйесімен салыстырсақ, екі елдің де өзіндік ерекшеліктерін бірден байқаймыз. Сингапурдағы білім жүйесін, әсіресе, педагог мұғалімдерді дайындау саласын әлемдегі ең тиімді бағыт деп атап өтуге болатынын айттық. Ал біздің елімізде жоғарғы оқу орындарының педагогикалық мамандықтарына мектепте нашар білім алған, ҰБТ нәтижесі бойынша орташа немесе төмен балл алған мектеп түлектері құжат тапсырады. Осы әлсіз мұғалімдер мектепке келген кезде де оқушыларға жақсы білім бере алмайтынын уақыт дәлелдеді. Бұл білім беру сапасының төмендеуіне алып келетіні айтпаса да ақиқат.

Сингапурда әр оқушының бейім-қажеттілігіне қарай таңдау мүмкіндігі беріледі және әлемдік экономикалық саясатқа сай ағылшын тілінде дәріс беріледі. Соңғы кезде біздің елімізде де көп тілділікке терең көңіл бөлініп келеді. Ағылшын тілін жаппай меңгеруге біртіндеп көшудеміз. Менің мектебімде де биылғы оқу жылынан бастап тіл игеру бірінші сыныптан енгізіліп, оқытылуда. Бұл Елбасының Үш тұғырлы тіл саясатының негізінде бастау алды.

Сөз арасында жапон елінің де білім жүйесінің ерекшелігіне көңіл аударғым келеді. Жапония - өзінің бүкіл тарихы бойына жас ұрпақты тәрбиелеуге зор көңіл бөлген ел. Жапондардың мектепке, ұзтазға деген дәстүрлі құрметі, қарым-қатынасы сыйлауға және үлгі тұтуға лайық. Ұстаз оқушылар үшін адамгершілігі жоғары тұлға моделі, үлгі тұтарлық мысал болып табылады. Сондықтан олар Сэнсей (ұстаз) сөзін қашан да құрметпен айтады, қастерлейді. Сэнсей оқушыларға ешқашан дауыс көтермейді екен, сабырлылықты сақтайды. Балалармен, егер олар әлденені дұрыс жасамаса, өз қателерін өздері түсінгенше, қанша қажет болса, сонша сабырлы жұмыс істейді. Оқушылардың сын жұмыстарына түзетулер жасамайды, белгілер қояды, бұдан оқушылар қателері бар екенін түсінеді. Ұстаз қажет болса, материалды толық меңгергенге дейін тағы да түсіндіреді.

Жапонияда дәстүрлі түрде баланың алғашқы ұстазы – анасы. Балаларға отбасының тәрбиесі өте маңызды, өмірінің мәні балалардың тәрбиелі болуына байланысты екен. Әрбір отбасы өздерінің балаларын дене шынықтырумен міндетті түрде ерте жастан айналыстырады. Халық арасында ғалым болғанша, жақсы адам болған дұрыс деген түсінік басым.

Барлық білім бөлімдерінің басты мақсаты - өскелең ұрпаққа дәстүрлі және мәдени құндылықтарды тереңінен үйрету. Жапон елінің балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейінгі басқа түскен қиындықтарды өздері шешіп үйренеді. Айта кетерлігі, олардың бар қиындықтары оқуда ғана, сондықтан олар емтихан тапсыру арқылы өзінің орнын анықтайды. Егер жақсы білім алса, мемлекеттік жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, мемлекеттік қызметке орналаса алады. Оқу деңгейі төмендеу болса, жеке меншік қымбат оқуға түсуге мүмкіндігі ғана болады және оны тәмамдаған мамандардың көбіне жұмысқа орналасуы қиынға соғады. Сонымен қатар олардың қоғамдағы орны бала кезінде емтихандардан өтуіне байланысты, осылайша бәсекелестік ерте жастан басталады.

Мектепте білім алу мерзімі – 12 жыл. Кіші және орта буындарда топтық тәртіппен оқытылады, топ құрамы іс-әрекетінің тиімділігіне сәйкес 7-8 баладан тұрады. Әңгімелесуші құрбысына қалай қарау, оның пікірін тыңдай білу, өзін көрсету дағдыларын қалыптастырады. Қоғамда еңбекпен тәрбиеленген адам тек іскерлік қабілетімен ғана бағаланады. Жапон халқының тағы бір ерекшелігі, қыз баланың мұраты қызмет қуу емес, ана болу деп қарайды да, ер балаларға ерекше қатал талаптар қойылады.

Менің ойымша, жапон елінде оқу-тәрбие үрдісі оқушылардың рухын мықты болып қалыптасуына бағытталған. Жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесіне айтарлықтай көп уақыт бөлінеді. Мәселен, музыка пәні көп көлемде, 1-9 сыныптарда оқытылады, ал бізде тек 1-6 сынып аралығында оқытылады. Үй шаруашылығы пәні 5-12 сынып аралығында өткізіледі екен, ал бізде ондай пән мүлде жоқ. Оқу жүктемесінің көлемі бойынша да елеулі айырмашылықтар бар екенін байқауға болады. Қазақстан оқушылары 1-6 сыныптарда 5984 сағат білім алса, Жапония оқушылары 5367 сағат оқиды. Яғни, біздің балаларымыз Жапония балаларына қарағанда 617 сағат артық оқиды. Біздің оқушыларымыз Жапония оқушыларына қарағанда мектепте едәуір көп уақыт оқитынына қарамастан, білім сапасы Жапония балаларынан айтарлықтай төмен. Жапонияда информатиканы оқып-үйрену қарастырылмаған, десе де барлық балалары компьютерді еркін меңгерген және табысты пайдаланады.

Жапон елі де біздегідей қыз балаға қонақ деп қарап, ерекше құрмет көрсетеді. Ата-бабаларымыздың ежелден бүгінгіге жеткізген төрт түлікке байланысты дәстүрлі танымы мен сенімі, көзқарасы мен түсінігі тәрізді ұғым жапон халқында да ұшырасады. Бұл – баланы табиғатпен етене жақындастыруға, эстетикалық талғамын дамытуға бағытталған құнды дүние.

Әлемдегі білім беру жүйесі ең үздіктердің қатарында Финляндия елі де бар. Олардағы білім жүйесінің қысқаша тарихына көз жүгіртсек, 2000 жылы PISA зерттеулері қорытындысы бойынша, Финляндия білім жүйесі бірінші орынға ие болған екен. Бұл елдің білім саласындағы реформасы білімнің табысты болуына, баланың қоғамға сай бейімделуіне ықпал етеді. Мұндай нәтижелерге жетуге не себеп? Біріншіден, Финляндияда мұғалімдік жұмысқа өте жақсы бітірген мектеп түлектерін таңдап алады, оларға жоғары көлемде еңбекақы тағайындалған. Финдік білім жүйесіне «барлық ұстаздар магистр дәрежесінде болсын» деген талап енгізілген.

Білім беру индексі бойынша Финляндия тұрақты түрде бірінші орын алып келеді. Бұған 2010 жылы американдық «News-week»журналы Финляндияны білім сапасы бойынша әлемдегі ең озақ ел» деп атағаны дәлел бола алады.

Финляндияда ата-аналар мектеп өміріне белсенді түрде араласады. Апта сайын сәрсенбі күні арнайы ата-аналар күні өткізіледі. Олар мектеп қызметі туралы өздерінің пікірлерін білдіріп, балаларының білім сапасын бағалау жөнінде әңгімеге қатысады. Ең білікті педагогтер мектепке дейінгі және бастауыш мектептерінде жұмыс істейді, себебі, мектепке дейінгі білім беру өмір бойы оқудың маңызды кезеңі болып табылады екен. Ал бізде балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдері болып негізінен педагогикалық арнаулы орта оқу орындарының түлектері жұмыс істейді. Бұл қалыптасып қалған үрдіс.

Финдік балалар даярлық мектебіне 6 жасында және жалпы білім беретін мектепке 7 жасында, яғни, өздерінің көптеген еуропалық құрдастарына қарағанда 3 жыл кеш барады. Бастауыш мектепте олар күніне 4-5 сағат қана окиды. Финдік балалар ЭЫДҰ елдеріне кіретін елдердің балаларына қарағанда, 7 және 14 жас аралығында сыныпта аз оқу сағатын өткізеді. Десе де, 15 жасында олар ЭЫДҰ елдері балалары арасында өздерінің құрдастарынан едәуір озық шығып, математика, жаратылыстану ғылымдарында және есеп шығаруда үздік болуда. Оқу бағдарламасында басты назар оқу тапсырмаларына бөлінеді. Мақсатқа жету қалыптастырушы және жиынтық бағалау арқылы қадағаланады. Қалыптастырушы бағалау материалдық оқу кезінде қай бөлімде қиындық тудырады, қандай оқушының оқуда проблемалары бар екенін ажыратып алуға көмектеседі. Оқудағы қиындықтың алдын алу дереу оқытуды түзету арқылы іске асырылады, өзіне, өз күшіне сену, қабілеттеріне және оқуға деген оңтайлы көзқарас табысқа деген ұмтылыспен іске асады. Оқу үдерісінде ұстаз әр баланың ерекшелігін ескере отырып түзетіп, ынталандыра отырып кері байланыс жасай алады. Бұл елде белгілі бір сыныпты бітіргенде баланың білім деңгейін тексерудің бірыңғай жүйесі қарастырылмаған. Жыл сайын математика, ана тілі, әдебиетті бағалау ауысып келіп отырады. Бес жыл сайын әр пән бойынша білім сапасы тексеріліп отырады. Алайда, рейтинг бағасы жарияланбайды, тек оқушының өзіне ғана айтылады.

Финляндиядағы білім жүйесінің біздің елмен ұқсастығы мынада: олар да білім беруді балабақшадан бастайды, оқушыға, мұғалімге және мектепке деген принциппен жұмыс істейді. Өзім бастауыш сынып мұғалімі ретінде, фин балаларының даярлық мектебіне 6 жастан, орта мектепке 7 жастан баратындығын қолдаймын. Себебі, өз тәжірибемнен байқағаным, 7 жасқа толып келген бала мен жасы толмай келген баланың тақырыпты меңгеруде айтарлықтай айырмашылықтары болады. Дегенмен, біздің еліміздің білім жүйесін дамыту мақсатында, заман талабына сай көп өзгеріс енгізу қажеттелігі туындап отыр. Сондықтан білім саласына оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық қарым-қатынас құзіреттілік желілерге шығу керек. Елбасы халыққа жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында дамыған елдердің қатарына ену үшін біріншіден білім қажет екенін үнемі айтумен келеді.

Қолданып жүрген білім жүйесіндегі материалдарды игеру оқушыға қиындық туғызуда. Өйткені, ауқымды ақпарат көп, бұл білім сапасының төмендеуіне әкеледі, икемді дамуына тиімсіз, денсаулыққа кері әсер етеді. Осы өзекті мәселені шешудің жолын мемлекетіміз 12 жылдық білім беру кеңістігіне енумен тапқан-ды. Осы міндеттің үдесінен шығу үшін барлық педагогтар жұмыла іске кіріскені жөн. Өйткені, ел болашағының жарқын болуы заманауи біліммен жарақтанған ұрпақтың қолында.

12 жылдық білім моделі негізінде бастауыш мектепте оқыту мерзімін 4 жылдан 5 жылға дейін ұзарту туралы айтылған дәйекті дәлелдер көңілге терең ой салады. Қазіргі таңда педагогикалық мамандарды республикалық қайта даярлау мақсатындағы деңгейлік оқыту курсынан өтіп, өзгеріс енгізуге қатысты өз көзқарасым мен ұсыныстарым бар. Әлем елдерінің тәжірбиесіне сүйене отырып, жоғары жетістікке қол жеткізу үшін білім беру жүйелерін дамыту керек. Білімнің негізі бастауыш мектепте қаланады. Сондықтан бастауыш мектеп ұстаздарын дайындауды алдыңғы орынға қойып, білім беру жүйесінде бірлесіп жұмыс істеу арқылы мұғалімдердің деңгейін көтеріп, оқушылардың дамуына жағдай жасай аламыз.

Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, озық ойлы, тапқыр да нәзік, сезімтал, еркін және жан – жақты жетілген тұлға тәрбиелеу. Бастауыш мектеп оқушысының жеке тұлғасын қалыптастыру, оның рухани әлемін байыту, сабаққа ынта – жігерін арттыру, жеке дарындылығын дамыту – бүгінгі таңдағы негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Жеке тұлға, яғни дарынды, шығармашылық тұлға қалыптастыру білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы.

А. Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің басты қызметі – оқушы ұзақ жолды қысқарту үшін және сол жолдан қиналмай өтуі үшін керек білімді кешіктірмей, кезінде беріп отыру үшін балаларға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен бет алысын діттеген мақсатына қарай түзеп отыру.

Қазіргі кездегі бастауыш сынып оқушыларын оқытудағы жаңа өзгерістерге бет бұру үшін мынадай талаптарды ескеру керек деп ойлаймын:



  • Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

  • Ойлау мүмкіндігінің ең жоғары деңгейіне жеткізу;

  • Шығармашылық іс - әрекетіне жіне үнемі ізденісте болуына жағдай тудыру;

  • Өзіндік жұмыс түрлерін орындай алу;

  • Баланың жеке қасиеттерін ашу арқылы тәрбиелей отырып, танымдық қабілеттерін қалыптастыру;

  • Ақпараттық технологияларын меңгеру;

Бастауыш мектеп – оқушы тұлғасы мен сапаның дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбас кезеңі. Сондықтан да, бастауыш білім үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да қадірлі жұмыс. Бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған ортаға дұрыс көзқараста болу, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын да дұрыс айтуға, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйрету.

Әрине, бастауыш сынып оқушысының зейіні тұрақсыз, импульсивті, қабылдау мүмкіндіктері әр түрлі болады. Дегенмен әр бала бір нәрсеге бейім болады. Бейімділік – оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы білгісі. Баланың жасырын, тіпті тым терең жатқан қабілеттерінің көрінуіне мүмкіндік жасау тек оқыту кезінде үлкендердің басшылығымен жүзеге асады.

Педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілетсіз адам болмайды деп дәлелдейді. Сол себепті, бастауыш сынып балаларының қабілетін кеңінен өрістете дамытуға тек мектеп қана мақсатты түрде ықпал ете алады. Оқушының шығармашылық іс - әрекетіне жағдай тудыру дегеніміз – оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық іс - әрекетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Оқушының шығармашылығына бағыт – бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген М. Жұмабаев болатын. Ол балалардың ойлау қабілетін дамыту туралы « Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі », - деп атап көрсете келіп, мұғалім баланың ойлап үйренуіне көп күш жұмсау керектігін ескертеді.

Қазақстан Республикасында білім беру дамытудың 2011-2020 жылдарда арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Жастарды белсенді, азаматтық ұстанымды, жауапты, жоғарғы адамгершілік, отансүйгіш сезімді және көшбасшылдық қасиеттерді қалыптастырған, шығармашылық жағынына дамыған жеке тұлға тәрбиелеу» делінген, бұл бағдарламаның мақсаты екендігі бәрімізге белгілі. Жауапкершіліктің биігінен көрінуі де жас ұрпаққа берілетін білім сапасын арттыру, оның деңгейін әлемдік білім кеңістігіндегі стандарттарға сай келтіру, түптеп келгенде, мұғалімге, оның кәсіби құзырлығына, әдістемелік біліктілігі мен шеберлігіне тікелек байланысты.



Өзекті мәселелердің бірі болып отырған «Қазақстан – 2030» жолдауында да, «Білім туралы» заңда да оқушыларды шығармашылықпен қалыптасқан және жеке тұлға ретінде оқытып, дамыту қажеттілігі айтылған. Бастауыш мектептің алдындағы шешімін күтіп тұрған басты мәселелер, ғалымдардың пікірінше, оқушыларды дамыта оқыту, яғни оқушының оқу әрекетінің қалыптасуы, оқуға деген ынтасының артуы. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан – жақты маман болу мүмкін емес. Сол себепті бастауыш сыныптарда 12 жылдық білім беруге толық көшудің алдында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын меңгеру керек.

Сарысу ауданы білім бөлімі әкімдігі

Қазіргі кезеңде бастауыш мектептің білім мазмұнын жүйелі түрде жаңарту

Тамыз кеңесі 2014 жыл


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет