Б. М. Мырзабаева (қолы) (аты-жөні)



жүктеу 2.21 Mb.
бет10/14
Дата29.08.2018
өлшемі2.21 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Тақырыбы: Қазақстан соғыстан кейiн жылдарда.

Дәрістің мазмұны:

1.Соғыстан кейiн халық шаруашылығының қалпына келтiру және одан әрi дамыту.

2.Тың және тыңайған жерледi игеру.
1.Соғыстан кейiн халық шаруашылығының қалпына келтiру және одан әрi дамыту.

1950 жылы КОКП Орталық Комитетi ақпан-наурыз Пленумдарында елiмiзде азық-түлiк мәселесiн шешу үшiн шығыс аудандарда тың және тыңайған жерлердi игеру мәселесi қойылды. Оны игеруге Қазақстан кеңiнен қатыстырылды. Мұнда қысқа мерзiмде тың жерлердi игеру есебiнен егiс көлемi 35 миллион гектарға дейiн жеткiзiлiп, солтүстiк аудандарда жүздеген жаңа поселкелер, совхоз орталықтары салынды. Тың өңiрiне жүздеген мың қоныстанушылар келiп, оларды қарсы алу, орналастыруға байланысты республика партия және кеңес органдарының күрделi де ауыр мiндеттердi шешуiне тура келдi.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қатары көбейіп, соғыс біткеннен кейінгі кезбен салыстырғанда 1950 жылы 1,3 есеге өсті. Бұл жылдарда өнеркәсіп өнімі 1,7 есеге артты. Сала өндірісінің қарыштап алға басуына екпінді еңбек ету арқасында қол жетті. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге мұнай өңдеу, металлургия кәсіпорындарының жекелеген озаттары да қол жеткізді. Дей тұрсақ та, сала өндірісінің материалдық базасы нашар күйінде қала берді. Мұндай көкейкесті мәселе 1943 жылдың мамырында республика үкіметі мәжілісінде арнайы қаралып талқыланған еді. Сала өндірісін дамыту үшін жаңа зауыттар салу ұйғарылды. Бұл жобаны жасауға Ресей ғалымдары қатыстырылып, жаңа заводы Теміртауда тұрғызу ұйғарылды. Жаңа құрылыс жұмысы қиын жағдайда басталды. Мамандар, механизмдер, материалдар жетіспеді. Ауыр жүк тасымалына бар болғаны 15 автомобиль, трактор, 158 өгіз жегілетін арба мен шана пайдалынды. Сондықтан соғыс жағдайына қарамастан жаңа құрылысты жүргізуге 1300 жұмысшы даярланды, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді.

Қазақстанға Ресей мен Украина, Беларуссиядан және және басқа да одақтас республикалардан тыңды жаппай игерудiң бiрiншi кезеңiнде (1954-1956 жж.) 640 мың адам келдi, бұлардың iшiнде 391,5 мың ауыл шаруашылық механизаторы, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлерi және басқалар болды. Бұлардан басқа республикалардан механизация училищелерiн бiтiрiп келген 66,7 мың адам және Қазақстанның училищелерiнен келген 19,8 мың адамға республика совхоздарында жұмыс iстеуге жолдама берiлдi.

2.Тың және тыңайған жерледi игеру.

Тың жерлерге Кеңес әскерi қатарынан қайтқан жауынгерлер көп келдi. Олардың күшiмен Көкшетау облысында «Кантемировец», Солтүстiк Қазақстан облысынды «Тамановец», Қарағанды облысында «Индустриальный» және басқа совхоздар құрылды. Республиканың жаңа совхоздарына жоғары және орта бiлiмi бар 2088 адам директор, бас агроном, инженер, бухгалтер, инженер-техник, құрылысшы сияқты жұмыстарға жiберiлдi.

1954-1960 жылдары республикада тың игеру есебiнен астық өндiрудiң жалпы көлемi 106 млн. тоннаға жетi, осы жылдар iшiнде астықтың жылдық орташа өнiмi 1949-1953 жылдардың көрсеткiштерiмен салыстарғанды шамамен 3,8 еседей артты. Қазақстан бұл жылдардың iшiнде мемлекетке 63,4 млн. тонна астық тапсырды.

Тың игеру Қазақстанды тауарлы астық өндiруде Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Соның нәтижесiнде республика әрбiр тұрғынға шаққанда екi мың кило астық өндiретiн дәрежеге жеттi. (Азық-түлiк мәселесiн түбегейлi шешу үшiн әр адамға шаққанда бiр мың кило астық өндiру жеткiлiктi деп есептеледi.) Тың игеру барысында Қазақстанда көптеген жаңа қалалар бой көтердi. Өнеркәсiп орындары көптеген жаңа қалалар бой көтердi. Өнеркәсiп орындары көптеп салынды. Жаңа темiр жол, тас жол желiлерi тартылды. Тың игеру республиканың экономикалық күш-қуатын бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеге iлгерiлеттi.

Тың және тыңайған жерлердi игерудiң сонымен бiрге үлкен зардаптары мен көлеңкелi жақтары да боды. Атап айтқанда, басқа республикадан келгендердiң саны шамадан тыс көбейiп кеттi. Жергiлiктiжерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары iрiлендiрiлген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшiлiгiнде оқу орыс тiлiнде жүргiзiлдi. Мұның өзi, бiр жағынан, қазақ жастарының өз ұлтының тiлiнен, салт-дәстүрi мен әдет-мәдениетiнен қол үзiп мәңгүрттенуiне жол ашса, екiншi жағынан, жергiлiктi халықты орыстандыру саясаты қолпашталып, ашық жүргiзiле бастады. Жер-су аттары орыс тiлiне көшiрiлдi. Мұндай орыстану процесiнен халықты республиканың тәуелсiздiгi ғана құтқарды. Бiрақ бұл процесс соның өзiнде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулi бөлiгiн өз ұлтының тiлiн бiлмейтiн шала қазақ етiп қалдырды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту.

2. Тың және тыңайған жерлерді игеру.

3. Қазақстан өнеркәсібінің дамуы.

4. Техникалық прогресс жолындағы күрес.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 169-179 б.б.

2. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 188-198 б.б.

3. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 265-274 б.б.

26-дәрiс.

Тақырыбы: Қазақстан 50-жылдардың 2-шi жартысымен 60-шы жылдардағы саяси, әлеуметтiк және экономикалық жағдай.

Дәрістің мазмұны:

1.Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.

2.Волюнтаризммен субъективизмнiң көрiнiстерi.
1.Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.

Сталин қайтыс болғаннан кейiн 50-жылдардың орта шенiнен бастап жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жоюға, социалистiк заңдылықты қалпына келтiруге бағытталған бiрсыпыра шаралар iске асырылды. 1956 жылы ақпан айында өткен партияның ХХ съезi Сталиннiң жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, партия тұрмысының нормаларын қалпына келтiру, iшкi партиялық демократияны өрiстету бағытында жүргiзiлiп жатқан жұмыстарды құптады. “Жылымық жылдары” деген атпен тарихқа енген 50-жылдардың екiншi жартысынан былайғы кезеңде көптеген игi iс атқарылды.

КСРО-да 1989 жылы «Известия КПСС» журналында 33 жылдан кейін ғана Н.С. Хрущевтің баяндамасы жарияланды. 1953-1955 жылдар – Н.С. Хрущевтің бастамасымен ГУЛАГ жойылды. Бұл – кеңес қоғамын сталинизмнен құтқарудағы адамгершілік акт, маңызды қадам. Лагерьлерге жазықсыз отырғызылған мыңдаған адамдарды босатып, белгілі партия қайраткерлері Я.Рудзудакты, А.Рыковты, В.Чубарьды ақтады.

Мемлекет басшылығы шалағай саясат жүргізді. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау реформасы аяқсыз қалдырылды. Кәрістердің, немістердің, Қырым татарларының, Месхеті түріктерінің құқықтары қалпына келтірілмеді. Одақтас республикалардың құқыларын кеңейтуге бағытталған тұжырымдама толық жүзеге асырылмады. Экономикалық артта қалу себептерін ашу әрекеттеріне тиым салынды. Қоғамды басқару құрылымы «жоғарыдан төменге қарай» ұстанымына (принципіне) негізделді. Саяси көзқарасы үшін қудалау орын алып, «халық жауы» немесе «ұлтшыл» айыптарының орнына «өзгеше ойлайтындар» айыбы тағылды. Шығыс Қазақстан мектебінің мұғалімі М.Елекбаев Н.С. Хрущевтің атына хат жазып, өзінің дәлелді ұсыныстарын айтты: Қахақстанның тәуелсіздігінің сөз жүзінде екендігі туралы; даңғаза айқай-шумен өтетін сайлаулардың мәнсіздігі туралы; ұлт саясатын жүргізуде әділетсіздікке жол берілетіндігі туралы; қазақ тіліндегі мектептер санының азаюы, оқу құралдарының жетіспеуі, мұғалімдердің жұмысыз қалу айғақтары туралы; жазықсыз қудалауға ұшыраған ауылдасы, майдангер мұғалім, ұлты татар М.Сүлеймановты қорғайтындығы туралы. 1957 жылғы 16-шілде – М.Елікбаевты партия қатарынан шығарды. Әділетсіздікке көнбеген мұғалімді күштеп жындыханаға жатқызды.

1960-1964 жылдары қоғамдық саясаттың ерекше белгiсi, оның қайшылығы мен жеке адамға табынуды жою процесiнiң нақты жетiстiктерi экономикалық дамудың белгiлi бiр табыстары едi. Сонымен қатар, бұл кезде қияли, утопиялық жоспарлар, iшкi партиялық, қоғамдық өмiрдi демократияландыруға қадамдар жасау және Хрущевтiң өзiнiң жеке басына табынудың күрт күшеюi сияқты қайшылықтар көрiнiс бердi.

2.Волюнтаризммен субъективизмнiң көрiнiстерi.

Партияның ХХII съезiнде (1961 ж.) КОКП-нiң жаңа Бағдарламасы туралы айта келiп, Хрущев: “бұл коммунизмнiң материалдық-техникалық базасын салу бағдарламасы, бұрынғылардан оның өзгешелiгi – ол 20 жылға есептелген шынайы бағдарлама” деп мәлiмдедi. Бұл кезеңнiң соныңда коммунизмнiң базасы жасалып бiтедi, сөйтiп “кеңес адамдарының қазiргi ұрпағы коммунизм тұсында өмiр сүретiн болады”. Осынау сөздер ондаған миллион кеңес адамдарын шабыттандырып, оларды жанқиярлықпен еңбек етуге шақырды. Хрущев бүгiнгi қиындықтар уақытша, 20 жылдан кейiн кеңес адамдарын тек жақсы өмiр ғана емес, коммунизмнiң басталуы күтiп тұр деп дәмелендiрдi.

1962 жыл – Қазақстанда халық шаруашылық кеңестерін ірілендіру мақсатында реформа жасалды: Партия орындары өндірістік белгі бойынша қайта құрылды. 1962 жылғы реформаның кемшіліктері:

- Партиялық және мемлекеттік аппараттың басқару қабілетіне сенушіліктен туған, ғылыми тұрғыдан негізделмеген шешім болды.

- Аппарттық басқарудың нәтижесіздігі көрінді.

- Ел басшылығының саяси реформа жүргізу қажеттілігін түсінуге қабілетсіздігі байқалды.

Жасалған реформалар басқару аппаратындағы абдыраушылықты, бесжылдық жоспардың орындалуындағы іркелістердітуғызды. 1956-1960 жылдарға арналған бесжылдық жоспар (1959-1965 жылдарға арналған) жетіжылдық жоспармен ауыстырылды. Жан басына шаққанда өнім өндіруден дамыған капиталистік елдерді ең қысқа мерзімде қуып жетіп, басып озу міндеті қойылды.



Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Жеке басқа табынушылықтың зардаптарымен күрес.

2. Шығыс Қазақстанның мұғалімі М.Елекбаевтың ұсыныстары.

3. Волюнтаризммен субъективизмнің көріністері.

4. Республикада жүргізілген шаруашылық реформалар және оның нәтижелері.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 200-206 б.б.

2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 265-274 б.б.

3. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 180 б.

4. «Қазақ тарихы» жур. А;1995 ж. №4 57-59 б.б.
27-дәрiс.

Тақырыбы: 1965-1985 жылдардағы Қазақстан.

Дәрістің мазмұны:

1.Қоғамның саяси өмiрi.

2.Әлеуметтiк дамудың қайшылықтары.
1.Қоғамның саяси өмiрi.

1965-1985 жылдар аралығында республика бiрсыпыра жетiстiктерге жетiп, халық шаруашылығының дамуында көптеген келелi iстер атқарылды. Мәселен, осы жылдарда Қазақстанда өндiрiс және ғылыми өндiрiстер құрылымдарының саны 28-ден 162-ге дейiн, оның iшiнде кәсiпорындар 97-ден 610-ға дейiн өстi. Энергетикада электр энергиясынөндiру одан әрi шоғырланып орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсiпорындары дерлiк бiр орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негiзделген, дүние жүзiндегi аса iрi атом реакторы жұмыс iстедi. Минерал тыңайтқыштар шығару 1,8 есе, сары фосфор өндiру 2,5 есе артты. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудiң жылдық орташа қарқыны 12 процентке жеттi. Республиканың машина жасау саласы машиналардың, механизмдердiң, приборлар мен жабдықтардың 2 мыңнан астам түрлерiн жасап шығарды. Республикада мұнай өндiру бесжылдықта 1,8 есе, ал газ өндiру 2,5 есе артты.

Бұл жылдарда жалпы өнiм көрсеткiшiн қуалай өсiру ауыр өнеркәсiпте негiзгi мақсатқа айналды. Күрделi құрылыста да солай болды, мұнда жұмысты атқарудың ұзақ мерзiмге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуiр бөлiгi iстен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетiн, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткiштерге жетудi қамтамасыз етпейтiн объектiлер салынды. Еңбектi, материал мен ақшаны көп жұмсаған басшылар немесе кәсiпорынның көрсеткiшi жоғары бағаланады. Республика iлгерiлеу қарқынынан айрыла бастады, шаруашылықтың және мәдениеттiң барлық саласында iркiлiс көбейiп, қиыншылықтар үстi-үстiне жинақталып, шиеленiсе түстi, шешiлмеген проблемалар көбейе бастады.

1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, тоғызыншы бесжылдықта 1864 совхоз болып, колхоздар 422-ге азайды. 1985 жылы колхоздар есебiнен совхоздар саны 2140 болып, республиада 388 колхоз қалды. Сөйтiп, меншiктiң кооперативтiк-колхоздық формасының үлес салмағы едәуiр төмендедi, бiрақ колхоздық меншiктiң одан әрi жетiлуiн көруге болады. 1971-1985 жылдары совхоздардың өнiмi көбеймей, бiр орында қалса, колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейiн өстi.

2.Әлеуметтiк дамудың қайшылықтары.

70-жылдарда партияның жоғары эшелондарында сөз бен iстiң бiрлiгiне шақырған үндеулер барған сайын күштiрек естiле бастады. Мұның өзi барып тұрған екi жүздiлiк үндеу едi. Өйткенi, оны басшы органдарда отырғандардың орындауы мiндеттi болмады. Талап тек қана төменгi буындағы коммунистерге бағытталды. Iшкi партиялық жұмыстарды жақсарту мен жетiлдiру жөнiндегi көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды. Сондықтан төменгi партия органдарының қызметi де барған сайын жасандылыққа бой ұрды. Партия басшыларынан қатып қалған жаттандылық және дүмшелiк пен цифрлардан, алуан түрлi есеп құрастырудан басқа еш нәрсе талап етiлмедi. Партия беделi тез құлдырай бастады.

Сонымен Қазақстан президентi Н.Ә. Назарбаев айтқандай, тоқырау өмiрдiң барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да орын алды. Брежневтiң жеке басына табыну күшейген жағдайда, әсiресе, жетпiсiншi жылдардың аяғы мен сексенiншi жылдардың бас кезiнде бұл жағдай барған сайын өрши түстi.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Қоғамның саяси өмірі.

2. Идеологиялық тоқырау, аграрлық саясат, мақсаттары мен нәтижелері.

3. Өнеркәсіптегі жағдай.

4. Әлеуметтік дамудың қайшылықтары мен қиыншылықтары.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 193-198 б.б.

2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 278-300 б.б.

3. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 208-213 б.б.


28- дәрiс.

Тақырыбы: М. Горбачев реформалары кезеңiндегi Қазақстан (1985-1991 ж.ж.)

Дәрістің мазмұны:

1.Жеделдету бағыты, жариялылық.

2.Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

3.Саяси қозғалыстар.


1.Жеделдету бағыты, жариялылық.

Тоқырау жылдары деп айдар тағылған кезеңде барлық жерлердегi сияқты Қазақстанда да ел басқару iсiнде елеулi кемшiлiктер орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтiк-экономикалық және кадр мәселелерiнде көптеген ауытқушылыққа, бұрмалаушылыққа жол берiлдi. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшiн бұл кезде қоғамдық ойдың мәнi өзгерiп, сөзбен iстiң арасында алшақтық қайшылық кең өрiс алды. Кадр мәселелерiн шешу партия комитеттерiнiң тек бiрiншi басшыларының айтуымен соладың таңдауымен жүретiн болды. Қазақстан Компартиясындада көрiнiс тапты. Осыдан келiп онда аса маңызды мәселелердi шешуде ескi көз қарастарымен тәсiлдер бұрынғы қалпында қалды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бюросы аса маңызды мәселелердi шешуде принципсiздiк тұрақсыздық көрсеттi.

Компартия әдебиет, өнер, баспасөз қайраткерлерін уысынан шығармай ұстау мақсатымен оған өлшеусіз қамқорлық жасады. Оған қаржыны көп бөлгізді. Шығармашылық одақтарды сол арқылы жүгендеп ұстады. Басшыларын Орталық Комитетте тағайындады.

Демократия мәселесінде де Компартия көп қателік жіберді. Халықты билікке араластырмады. Олардың өкілдері жоғарыдан түскен нұсқаулармен сайланды. Депутаттардың басым бөлігі жағымпаз, мансапқор, тұрақсыз «тұлғалар» еді. Бұл жағдай бүгінге де тән.

Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды, сөз бен іс арасында алшақтық, қайшылық көп кезікті. Басшы орынарға кадрлар жоғары жақтан жіберілді. Жергілікті жерлердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның дәстүрімен санаспады.

2.Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

Бұрын республиканың басшы органдарына орталықтан басшы кадрлар жiберу кеңiнен орын алды. Оларды қызметке жiбергенде жергiлiктi жерлердiң пiкiрi, республиканың тарихи жағдайы, оның дәстүрлерiмен санаспады. Мұндай жағдай 1986 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д.А.Қонаев жолдас зейнеттi демалысқа шығуына байланысты қызметтен кеткен кезде айрықша көзге түстi. Пленум мәжiлiсi не бары 18 минутқа созылды. Осы уақыт iшiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д.А.Қонаевтiң орнына Мәскеу жiберген Г.В.Колбин сайланды.

Желтоқсан көтерілісі тоталитарлық жүйенің құлауына бірден-бір себепкер болған ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу кезеңінің басы еді. Тек Алматыда емес, Жезқазған, Қарағанды, Талдықорған, Павлодар, Шымкент қалаларында, Шілік, Шамалған селоларында Кремльдің өктем саясатына қарсы наразылық шерулері өтті. Ақмола ауыл шаруашылық институтының студенттері Амангелді Нүкенов пен Асқар Сағынаев қала студенттері арасында тоталитарлық билікті сынаған листовкалар таратты. Өскемен кен-металлургия техникумы мен педучилище студенттері «Қазақстанның байлығын орталыққа тасуды тоқтату», Қазақстанның тәуелсіз ел болуын талап ету ұрандарын ұстады. Москвадағы қазақ жастары Қызыл алаңға шығып, «Тарт қолыңды Қазақстаннан, Кремль!» деп наразылық талабымен бой көтерді. Олардың бәрі аясыз басып – жаншылды. 102 адамды негізсіз бас бостандығынан айырып, соттаған. Олардың 47-сі студент еді. Шеруге шыққандар қатарында орыс, ұйғыр, татар, қырғыз, шешен, армян, түркімен, башқұрт халықтарының өкілдері болды. Әрине, көңілі кіршіксіз жастар елде демократия орнаған екен деп жапа шекті.

1989 жылы Г.В.Колбин КСРО Халықтық бақылау комитетiнiң төрағалығына тағайындалып, Мәскеуге кеттi. Оның орнына 1989 жылғы шiлдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.

3.Саяси қозғалыстар.

1990 жылы Қазақстанда «Азат» азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты-Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсiздiгiн, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтiк әдiлеттiлiктi, адамгершiлiк идеялын қорғау болып табылады. Одан басқа республикада «Алаш», «Желтоқсан», т.б. саяси қозғалыстар пайда болды.

Қазақстан халқы Мәскеудегі тамыз төңкерісіне түрліше көзқараста болды. «Азат», «Желтоқсан», «Қазақстанның Социал-Демократиялық партиясы» және басқа да қоғамдық саяси қозғалыстар ТЖМК-ны қабылдамай, халықты оны мойындамауға шақырды.

Қазақ КСР-і Президенті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев жағдайды талқылау мақсатында мәжіліс өткізді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кінші хатшысы В.Г. Ануфриев бұл мәселеге аса сақтықпен қарауды және ТЖМК-ны айыптамауды талап етті.

Н.Ә. Назарбаев қазақ теледидарынан сөз сөйлеп, халықты тыныштық пен сабыр сақтауға шақырды. Оның талаптары:

- Республика егемендігін нығайту;

- Демократия ұстанымдарын қолдау;

- КСРО-ның біртұтастығын сақтау;

- Қазақстан территориясына төтенше жағдайды енгізбеу саясатын қолдау.

ТЖМК-ның КСРО халықтары арасында қолдау табуға деген талпынысы жүзеге асқан жоқ.

Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерiстер iске асты. 1991 жылы қазанда Қазақстан комсомолының кезектен тыс XVIII съезi өттi. Онда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының делегаттары алдағы бiрнеше айды көшпелi кезең деп жариялап, осы уақыт iшiнде жастардың жаңа қоғамдық ұйымын құру iсiн бастауды ұсынды. Бiрақ съезд делегаттары бұл ұсынысты қабылдамай, республика комсомолын Қазақстанның Жастар одағына ауыстыру жөнiнде шешiм алды. Оның алдына республика жастарының құқықтары мен мүдделерiн қорғау мiндетi қойылды.



Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Жеделдету бағыты, жарилылық.

2. Экономикалық қайта құру, қарама-қайшылығы, проблемалары.

3. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

4.Қазақстан ауыл селоларының 1980-1990 жылдардағы әлеуметтік дамуы.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Ә.Әбдәкімұлы «Қазақстан тарихы» А; 1997ж. 278-288 б.б.

2. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 198 б.

3. «Егемен Қазақстан» 1998 ж. 16-қаңтар.


29-дәрiс.
Тақырыбы: Қазақстан-тәуелсiз егемендi мемлекет (1990-2005 ж.ж.)

Дәрістің мазмұны:

1.КСРО-дағы экономикалық дағдарыс және Қазақстанның өз егемендiгiн жариялауы.

2.ТМД елдерiнiң құрылуы.
1.КСРО-дағы экономикалық дағдарыс және Қазақстанның өз егемендiгiн жариялауы.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi 1990 жылы 25 қазанда бар әлемге Қазақстанның егемендiгiн паш еттi. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақтың Кеңес Социалистiк Республикасы Қазақстан Республикасы болып өзгертiлiп, оның тәуелсiз, демократиялық, құқықты мемлекет екендiгi жарияланды. Бұл күн республика күнi ретiнде бүкiл әлемге танылды. Қазақстан ұзақ жылдар бойы Кеңестер Одағының құрамында болып келдi. Төтенше орталықтанған әмiршiл-әкiмшiл басқару жүйесi бар бұл Одақты қайта құру, оның құрамындағы республикалардың дербестiгiн күшейту мәселесi 90-жылдарда ашық қойыла бастаған-ды.

Өйткенi Кеңестер Одағындағы қайта құру процестерi халықтар арасындағы ұлттық қатынастардың өте күрделi екендiгiн көрсеттi. 1986-1987 жылдары бұл мәселелер көп жағдайда, әсiресе, жоғары жақта «жергiлiкшiлдiктiң көрiнiсi», «ұлттық томаға-тұйықтық» деп қаралды. Тек соңғы кездерде ғана қоғамды қайта құрып, жаңартумен байланысты ұлт мәселесi басты мәселелердiң бiрi болып, оның көптеген әр түрлi ұлттық көрiнiстерi болатындығына ерекше назар аударыла бастады. Оған КСРО-ның құрамында бұрын болып келген ұлт республикаларының Одақтан бөлiнiп шығып, өздерiнiң егемендiк мемлекет болуы жөнiндегi талаптарының әсерi тидi. Мiне, осының нәтижесiнде 1988 жылдың қараша-1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерiнiң егемендiгi туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. Сөйтiп, олар КСРО құрамынан шығып жеке тәуелсiз мемлекет болды.

Осыдан кейiн, көп кешiкпей-ақ, яғни 1989-1990 жылдары егемендiк туралы декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады. Бұл кезде Кеңестер Одағының одан әрi дамуы жөнiндегi әр түрлi үлгiлерi пайда болған едi. Қазақ КСР-ы соңғы кезге дейiн Одақты сақтап қалу үшiн күрестi. Бiрақ Қазақстанның бұл ниетiне елдегi әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерiстер, сондай-ақ Орталықта болып жатқан құбылмалы тұрақсыз реформалар қарсы тұрды. Мұның өзi Қазақ КСР-ын тарихи дамуы бiрыңғай басқа көршi республикалармен саяси және экономикалық байланысты күшейту жөнiндегi келiссөз жүргiзуге алып келдi. Одақтық бiрлестiктiң тарап кету қаупi туған кезде бұл келiссөздердiң үлкен маңызы болды.

2.ТМД елдерiнiң құрылуы.

1990 жылғы желтоқсанда Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан республикаларының жетекшiлерi өзара төрт жақты шарт жасасу жөнiндегi келiсiмге қол қойып, басқа республикаларды оны қолдауға шақырып ұсыныс енгiздi.

Алайда, бұл талаптар негiзiнде жаңа Одақтық шартқа қол қояр алдында, 1991 жылы 19 тамызда бұрынғы Кеңес Одағының басшылары Янаев, Павлов, Крючков, Пуго, Язов т.б. қатынасқан мемлекеттiк төңкерiстiң болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуiмен байланысты одақтас республикалардың жетекшiлерi бұған дейiн жүргiзiлiп келген келiссөз талаптарынан бас тартуға мәжбүр болды. Украина мен Белоруссия өздерiнiң тәуелсiздiгiн жариялады. Ал Қазақстанның атынан Н.Ә.Назарбаев КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң кезектен тыс сессиясында жаңарған Одақ ендi федерация түрiнде болуы мүмкiн емес, тек конфедеративтiк шарт негiзiнде болуы керек деп ашып айтты, яғни бұл тек тең құқықты республикалардың достық одағы болуы мүмкiн деп көрсеттi. Республикалардың бұл талабы 1991 жылғы 19 тамыздан кейiнгi оқиғаның артынша тәжiрибе жүзiнде iске асырыла бастады. Былайша айтқанда, бұрынғы бiрынғай одақтың орнына Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы қалыптасты. Олар көптеген саяси, әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi өздерi шешетiн болды. Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы бойынша тек әскери, сыртқы және т.б. аса маңызды халықаралық мәселелердi ғана бiрiгiп шешу мiндетi қалды.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесiнiң жетiншi сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заң қабылдады.



Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. КСРО-дағы экономикалық дағдарыс.

  2. Қазақстан мен Ресей арасындағы 1990 жылғы шарт.

  3. Н.Ә. Назарбаевтың тұңғыш ел президенті болып сайлануы.

  4. Қазақстан Республикасының мемелекеттік егемендік туралы Деклорация және Тәуелсіздік туралы Конститутциялық заңның қабылдануы.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 209-218 б.б.

2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 228-256 б.б.

3. Ә.Әбдәкімұлы «Қазақстан тарихы» А; 1997ж. 335-346 б.б.

30-дәрiс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет