Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялаудың кейбiр мәселелерi туралы



жүктеу 227.26 Kb.
Дата14.02.2018
өлшемі227.26 Kb.

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 21.04.2010 17:11:47
Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялаудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі № 998

Қаулысы

(ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)

 

ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 513 Қаулысымен күші жойылды

 

Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау тәртiбiн реттейтiн нормативтік құқықтық базаны жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:



1. Қоса беріліп отырған:

1) байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау кезiндегі бiлiктiлiк және қосымша (арнайы) талаптар;

2) байланыс саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар беру шарттары;

3) Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алу үшiн конкурстар өткiзу ережесi;

4) байланыс саласындағы лицензиялауға жататын қызметтер тiзбесi бекiтiлсін.

2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерінiң күшi жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Д.К. Ахметов

Қазақстан Республикасы

Үкiметінің

2004 жылғы 29 қыркүйектегi

N 998 қаулысымен



бекiтiлген

Байланыс саласындағы қызметтi лицензиялау кезіндегі біліктілік және

қосымша (арнайы) талаптар

1. Өтініш берушi сай болуы тиiс байланыс саласындағы лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын бiлiктiлiк талаптары мыналардың:

1) штатында инженерлiк-техникалық қызметкерлер - байланыс және ақпараттық технологиялар саласында бейiнi бойынша тиiсті жоғары немесе орта арнайы бiлiмi бар жауапты орындаушылардың, сондай-ақ бiлiктiлiгiне сәйкес үш жылдан кем емес жұмыс стажының;

2) бақылау-өлшеу және сынау жұмыстарын жүргiзу үшiн метрологиялық базаның (тиісті шарт болған жағдайда жеке меншiк құқығында өтiнiш берушiге не өзге жеке немесе заңды тұлғаға тиесілi);

3) өтiнiш берушiнiң лицензияны алған сәттен бастап қызметтердi ұсынудың басталуы көрсетiлген бизнес-жоспарының болуын қамтиды.

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Қосымша (арнайы) талаптар лицензия сұратылып отырған қызмет түрi бойынша түсiндiрме жазба түрiнде ресiмделедi.

Түсiндiрме жазба өтiніш берушiнiң жалпы сипаттамасынан (атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, негізгі қызмет түрлерi, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерге тиесiлiлiгі туралы ақпарат, мәлiмделетін байланыс қызметтерi саласындағы тәжiрибесi және бұрынғы қызметтің ауқымы), техникалық ұсыныстардан тұруы және пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн ұсыну бойынша лицензиаттың қызметiн ұйымдастыру туралы толық және айқын көрiнiс беруi тиiс.

Техникалық ұсыныстардың құрамы мен мазмұны:

1) құрылатын желінің атауы;

2) құру және/немесе даму кезеңдерi бойынша және Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлiнiсiне байланыстыра отырып, қызметтер ұсынылатын аумақ;

3) ұсынылатын қызметтерге сұранысты бағалау, осы қызметтердің бәсекелестiк қабілетін болжау;

4) лицензияланатын қызмет түрiн, қызметтер ұсынуды сапалы және қауiпсiз жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарға сәйкес келуi;

5) техникалық құралдарды иелену, пайдалану, оларға билiк ету құқығы (меншiк не жалға алу құқығымен);

6) қызметтердi тұтынушылармен өзара қарым-қатынастар бойынша дербестiк дәрежесi (өз бетiнше жүзеге асырылады немесе делдалдар "қызметтердi жеткiзушілер" қажет болады);

7) негiзгi техникалық шешiмдер:

желi сыйымдылығы, оның iшiнде құру және/немесе даму кезеңдерi бойынша, күтілетiн трафик;

таңдалған жабдық түрлерi (коммутациялық, қосатын жолдардағы тарату жүйелерi, абоненттiк учаскедегi жолдар түрлерi, қосарласу аппаратурасы, терминал жабдықтары), өндiрушi фирмалар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тiзiлiмiнде тiркелген сәйкестiк сертификаттарының бар болуы;

радиоқұралдарды пайдалану кезiнде - жиiлiктiк меншiктеудi алуды қажет ететін жабдықтар тiзбесiн келтiру;

жергiлiктi телефон қосылыстары құнын уақыттық есептеу аппаратурасын, нөмiрдi анықтау аппаратурасын пайдалану (жергiлiктi телефон байланысы үшін);

әкiмшiлiк пункттерге және қажеттi түсiндiрулерi бар желiнi құру кезеңдерiне байланыстыра отырып, байланысты ұйымдастыру схемасы;

ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiмен, Қазақстан Республикасының аумағындағы басқа байланыс желiсiмен өзара iс-қимылы;

станцияаралық қосуларды ұйымдастыру тәсiлдерi (өтiнiш берушiнiң нақты техникалық құралдарды көрсетумен, байланыс желiсiнiң меншiктi құралдары арқылы, басқа желілердiң жалға алынған арналары арқылы);

өтiнiш берушi желiсiнiң шетел байланыс желiлерiне (халықаралық байланыс үшiн) және басқа байланыс операторларының желілерiне шығуын ұйымдастыру тәсілi (ниет туралы хаттамалардың немесе ынтымақтастық мүмкiндігін растайтын басқа құжаттардың көшiрмелерi қоса берiлсiн);

шетелдiк әрiптестердiң желiлерiмен байланыс ұйымдастыру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар, өзара iс-қимыл жасайтын әрiптестердiң желiлерi арқылы үшіншi елдерге транзит мүмкiндiгi;

жергiлiктi, қалааралық және халықаралық кiру және шығу байланысын ұйымдастыру кезiнде нөмiрлеу көрсетілген нөмiрлеу жоспары;

қалааралық және (немесе) аймақiшiлiк кодтарды бөлiп беру қажеттiлiгi;

өтiнiш берушi желiсiнде бiр абонентке жоспарланатын жүктеме;

ұжымдық пайдалану пункттерi мен таксофондарды пайдалану;

тұтынушыларға кепілдiк беретiн ұсынылатын қызметтердiң желi жұмысының сапалы көрсеткiштерi, (қосуды күту уақыты, ең үлкен жүктеме сағаттарында қабылдамау пайызы, зақымдануды жоюдың орташа уақыты және т.б.);

басқару және пайдалану жүйесiн ұйымдастыру қағидаттары;

трафиктi есептеу жүйесi (бұдан әрi - биллинг);

8) деректердi беру қызметтерiн ұсынуға өтiнiш тапсыру кезiнде мыналарды қосымша көрсету қажет:

желінің түрi (жүйелер, мысалы, хабарламаны коммутациялау арқылы, деректердi пакеттiк коммутациялаумен жеткiзу, компьютерлiк желiлердiң түрлерi), стандарттар мен хаттамалардың пайдаланылатын жүйесi;

ұсынылатын негiзгi және қосымша қызметтер тiзбесi, әрбiр қызметті сипаттау, олардың отандық және халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестiгi, пайдаланушыларға кепiлдiк беретiн ұсынылатын қызметтердің сапалық көрсеткiштерi;

тұтынушылардың техникалық және бағдарламалық құралдарды қоса алғанда, терминалдық жабдықтарының түрлері және оларды пайдалану шарттары;

терминалдық жабдықтарды ұсынуды және оларға техникалық қызмет көрсетудi қоса алғанда, қызметтерді кешендi ұсыну мүмкіндігі, оны желiге (жүйеге) қосуға қажеттi байланыс арналарын ұйымдастыру, пайдаланушыларды оқыту;

9) радиотелефонды байланыс жүйелерін және/немесе желiлерiн ұйымдастыру бойынша техникалық ұсыныстарда мыналар қажет:

таңдалған стандартты, жиілiктер диапазонын, жабдықтар түрін көрсету, тарату жабдығының дәл орнатылған орындарын, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiмен қосарласуды ұйымдастыру тәсiлдерiн көрсету;

жиілiк арналарының қажетті санының есептемесін келтiру. Құрылатын желiнi ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiне қосу ниетi болған жағдайда осы білiктілiк талаптарының 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес негiзгi техникалық шешiмдер жазылады;

10) барлық радиожабдықтарға оны қолдану саласына (телекоммуникация желiлерi, радиобайланыс) қарамастан, мыналар беріледі:

радиоэлектронды құралдардың тактілік-техникалық мәлiметтерi;

радиотаратқыштардың сипаттамалары, сәуле тарататын дабылдардың сипаттамалары;

радиоқабылдағыштардың сипаттамалары;

антенналардың сипаттамалары;

11) жерсеріктік байланыс жүйелерін құру немесе әкiмшілiк пункттер арасында арналарды ұйымдастыру үшiн жерсерiктік байланыстың жердегi станцияларын пайдалану кезiнде мынадай деректер берілуi мүмкiн:

пайдаланылатын жасанды жер серіктерінің (бұдан әрі - ЖЖС) мақсаты, орналасуы және тиесілігі (елі), олардың түрлерi және тұру нүктелері, қызмет көрсету аймағы;

құрылатын жүйенің ЖЖС жүктеу мөлшерi және даму кезеңдерi бойынша жүктеменің өсуi;

жоғары және төмен сызықтарында жиілiктердің аясы, модульдеу түрлері, тығыздау және станцияаралық қол жетімділiк;

байланыс жүйесiне кiретiн жер станцияларының түрлерi, өндiрушi фирмалар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тiзілiмінде тiркелген сәйкестiк сертификаттарының бар болуы;

жүйенiң энергетикалық параметрлері;

жер үстіндегі байланыс желілерiмен қосарласуы;

нақты уақыт ауқымында желiнiң техникалық жай-күйін бақылауды қамтамасыз ететiн есептеуіш жабдықтан және абоненттік станциялардың жүйелері мен порттары (бұдан әрі - желiнi басқару орталығы) параметрлерiнің жедел өзгерiсiнен тұратын аппараттық-бағдарламалық кешен және пайдалануға қосудың бағдарлы мезгілi көрсетiлетiн Қазақстан Республикасының аумағындағы биллинг жүйесі бойынша;

12) бөлiнген байланыс желiлерi арқылы телекоммуникация қызметтерiн ұсынуға лицензия алу туралы өтiнiш беру кезiнде Қазақстан Республикасының аумағында желiнi басқару орталығын және биллинг жүйесiн орнату туралы жазбаша мiндеттемелер қосымша беріледі. Мұндай желілер арқылы қызметтердi коммерциялық ұсынуға байланыс саласындағы уәкілетті орган көрсетiлген жабдық орнатылғаннан кейiн ғана рұқсат етедi;

13) почта байланысы бойынша мыналарды көрсету қажет:

пайдаланылатын көлiк құралдарын көрсетiп, почта жөнелтiмдерiн қабылдап алудан тапсырып беруге дейінгі жiберу тәртiбi;

халықаралық почта жөнелтімдерін кедендiк тексеруге беру тәртiбi.

Қызметтердi ұсыну жөнiндегi барлық қызмет түрлеріне өтiнiш берушi:

байланыс қызметтерi ұсынылатын пайдаланушылардың санаттарын (барлық жеке және заңды тұлғалар немесе пайдаланушылардың шектелген санаттары), сондай-ақ кепiлдi мерзiмдер мен тиiстi сапада қызметтердi ұсыну бойынша өз міндеттерін орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн пайдаланушылар алдындағы өз жауапкершілігін көрсетуге;

қоғамдық орындарда қызметтерді ұсынған жағдайда көрсетiлетiн қызметтерге мүгедектердің кедергiсiз қол жеткiзуiн көздеуге тиiс.

Түсiндiрме жазба қажетті схемаларды, кестелердi, графиктердi қоса беру арқылы машинкада басылған мәтінді екі данада ресiмделедi. Түсiндiрме жазбаның мәтiнi мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiнде жасалады.

Қазақстан Республикасы



Үкiметiнiң

2004 жылғы 29 қыркүйектегі

N 998 қаулысымен

бекітілген

Байланыс саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар

беру шарттары

Осы байланыс саласындағы кәсіпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензиялар беру шарттары Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы" 1995 жылғы 17 сәуiрдегi және "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңдарына сәйкес әзiрленген.



1. Лицензиялар беру шарттары

1. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялау почта байланысы және телекоммуникациялар қызметтерін ұсынатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiн мемлекеттік реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

2. Әрбiр қызмет түріне жеке лицензия беріледi.

Лицензия, лицензияның ажырамас бөлiгi болып табылатын қосымшада жазылған талаптар мен шарттарды сақтай отырып, көрсетілген мақсатқа сәйкес белгiлi бiр аумақтық шекараларда оның иесiнiң байланыс саласындағы қызметте жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат болып табылады.

Берілетiн лицензиялар санын қызмет көрсету (қызмет) түрлерiне қарай байланыс саласындағы уәкілеттi орган (бұдан әрi - лицензиар) белгiлейдi. Саны бойынша шектеулер радиожиілік спектрi (бұдан әрі - РЖС), қалааралық/халықаралық телефон байланысы кодтарының жеткіліксiздігіне байланысты болуы мүмкін.

3. Лицензияларға байланыс саласындағы уәкілетті органның басшысы немесе, ол жоқ болғанда, оны алмастыратын тұлға қол қояды.

4. Қызметтiң жекелеген түрлерiмен айналысу құқығы үшiн ставкалар, лицензиялық алымды есептеу және бюджетке төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленедi.

5. РЖС пайдалану арқылы байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде лицензиат қызметтi жүзеге асыруға берілетiн лицензиядан басқа, лицензияның ажырамас қосымшасы болып табылатын РЖС пайдалануға рұқсат алуға мiндеттi.

Нақты жиiлiктердi белгiлеу (меншiктеу) байланыс саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырылады.

РЖС пайдалануға байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде алынады.

6. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиялар жалпы шарттарда бiлiктiлiк деңгейi лицензияланатын қызмет түрiне қойылатын талаптарға сай келетiн жеке және заңды тұлғаларға немесе, егер қызметтiң бұл түрiне лицензиялар тек конкурстық негiзде берілетін болса, конкурстық негізде беріледi.

Радиожиілiктер белдеуiн және нөмiрлеу ресурсын пайдалану арқылы қызметтер көрсету бойынша қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар конкурстық негiзде мынадай жағдайларда берiледi, егер:

1) радиожиілiк спектрiнiң байланыс қызметтерiн көрсету үшiн қол жетiмдi тиiстi сапа деңгейiндегi радиожиілiк спектрi көлемiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты белгілi бiр аумақта әрекет ететiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша Қазақстан Республикасының радиожиілiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы шектеу қоюды ұсынатын ауқымда радиожиілiктердi пайдалану арқылы байланыс қызметi көрсетілсе;

2) белгiлi бiр географиялық аумақтағы жалпы пайдаланылатын телекоммуникация желiсi желілiк қол жетiмділiктiң шектеулi ресурстарына ие болса, осыған байланысты байланыс саласындағы уәкілеттi орган осы аумақта әрекет ететiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеулер белгiлейдi.

Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алу және Қазақстан Республикасында радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсаттар алу үшiн конкурстар өткiзу шарттары Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алу үшiн конкурстар өткiзу ережесiне сәйкес анықталады.

Конкурсқа тек бiр ғана өтiнiш түскен жағдайда лицензия жария етілген конкурс шарттарымен берiлуi мүмкiн.

7. Қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс қызметтерiн ұсынуға лицензия алу үшiн өтiнiш берушi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнiң қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын белгілеу бойынша білiктiлiк талаптарына және (немесе) өлшемдерiне оның сәйкестiгiн растайтын құжаттарын тапсыруы тиiс.

8. Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия беру үшін өтiнiш пен оған қоса берілетiн құжаттарды лицензиар алқада (арнайы құрылған лицензиялық комиссияда) өтiнiш тiркелген күннен бастап бiр ай ішінде қарайды, осыдан кейiн өтiнiш берушiге лицензия немесе лицензия беруден жазбаша дәлелдi бас тарту беріледi.

Лицензиялық комиссияның жұмыс регламентi мен оның құрамын лицензиар бекiтедi. Комиссия мүшелерiнiң саны 3 адамнан кем болмауы тиiс.

Жалпы тәртiппен қаралатын РЖС пайдалануға байланысты қызмет түрiне өтінiш беру жағдайларын қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшін құжаттарды қарау және лицензия беру өтiнiш тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде жүргiзiледi.

9. Қажет болған жағдайда өтiнiш материалдарына техникалық сараптама немесе оны басқа мүдделi тараптармен келiсу жүргiзiлуi мүмкiн.

Егер олардың құзыреттілiгі немесе объективтілiгi жөнiнде күмәнi болса, өтiнiш беруші өтініш материалдарына техникалық сараптама жүргiзу үшiн лицензиар тағайындаған ұйымнан (немесе нақты мамандардан) бас тартуға және басқаларды тартуға ұсыныс жасауға құқылы.

10. Субъектiнің (өтініш берушінің) біліктілік деңгейiне сәйкестігі белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды, жеке тұлғалар жүргiзетiн тәуелсіз сараптама бағалауы негiзiнде анықталуы мүмкiн.

11. Лицензиялық комиссия лицензия беру не лицензия беруден бас тарту туралы шешiм қабылдағаннан кейiн өтiнiш берушiге мұндай шешiм қабылданғаны туралы бір апта мерзiмде жазбаша түрде хабарланады.

12. Лицензия лицензиар өз құзыретi шегiнде белгілейтiн лицензия қолданысының бiрнеше мiндетті шарттарын, атап айтқанда:

1) лицензиаттың техникалық құралдарына жиіліктік меншiктеудi бекiту (радиожиілiк спектрін пайдалануға және радиоэлектронды құралдарды пайдалануға рұқсаттар aлу) тәртiбiн;

2) лицензиат желісінің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiне қосылу деңгейiн, басқа лицензиаттардың немесе басқа мемлекеттердiң байланыс желiлерiне қосылу тәртiбiн;

3) қалааралық және халықаралық телефон трафигiн өткiзу, телефондық кодтарды, нөмiрлеудi пайдалану тәртiбiн;

4) ұсынылатын қызметтердің сапасына қойылатын талаптарды;

5) пайдаланылатын стандарттардың атауын;

6) жабдықтың құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-iздестіру іс-шараларын жүргізудi қамтамасыз ететiн сертификатталған аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдардың болуы туралы талапты;

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



7) лицензиаттың мәртебесiн жыл сайын растау тәртібiн;

Лицензияда қызмет түрiне қарай лицензияның қолданылуына мiндеттi басқа да шарттар болуы мүмкін.

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 8) тармақшамен толықтырылды

8) абоненттер туралы қызметтiк ақпаратты мiндетті электрондық есепке алуды жүргiзу туралы талапты;

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 9) тармақшамен толықтырылды

9) аппараттық-бағдарламалық құралдарды алыстан қосу мүмкiндiгi бар, бiрыңғай файлдар нысанындағы абоненттің шығу мен кiру қосылыстары туралы қызметтiк ақпаратты сақтаудың ұзақ, бiр жылға дейiн, бiрыңғай электрондық деректер банкiнiң болғаны туралы талапты қамтиды.

13. Лицензиар лицензияның қолданылу шарттарына ұлттық қауіпсiздiк мүддесiнен, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргiзуден, сондай-ақ телекоммуникация желілерiне жаңа стандарттарды, нормаларды және пайдалану ережелерiн енгiзуден туындаған және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда өзгерiстер енгiзедi. Лицензиар бұл өзгерiстердiң қолданысқа енгiзiлу мерзiмi және қажет болған жағдайда, жаңа шарттарды iске асыру тәртiбi туралы лицензиатқа хабарлайды.

Лицензияның қолданылу шарттарына енгiзiлген өзгерiстерге байланыс саласындағы уәкілетті органның басшысы немесе, ол жоқ болған жағдайда, оны алмастыратын тұлға қол қояды.

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

14. Заңды және/немесе почталық мекен-жайы өзгерген кезде, филиалдар ашылғанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда немесе ол жойылғанда, лицензиат ол туралы бiр апта мерзiмде лицензиарды жазбаша түрде хабардар етедi.

Лицензиат жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты өзгерген жағдайда, көрсетілген мәлiметтердi растайтын тиiстi құжаттарды қосып, ол туралы бiр ай мерзiмде лицензиарға жазбаша хабарлайды.

15. Лицензиат заңды тұлғаның атауы (оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдық-құқықтық нысанының өзгеруi), мекен-жайы (егер ол лицензияда көрсетiлсе) өзгерген жағдайда, ол көрсетілген мәлiметтердi растайтын тиісті құжаттарды және лицензиардың аумақтық органының лицензиаттың лицензиялық қызметiн тексергені туралы техникалық қорытындысын қосып лицензияны қайта ресiмдеу туралы бір ай iшiнде өтiнiш беруге мiндетті.

16. Лицензиар лицензиат тиiстi жазбаша өтiнiш берген күннен бастап он күн iшiнде лицензияны қайта ресiмдейдi.

Лицензияны қайта ресiмдеу және көрсетiлген құжатты беру кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде алым төленедi.

17. Лицензиат лицензия берiлген күннен бастап бiр айдың iшiнде оны өзінің қызмет орны бойынша лицензиардың аумақтық органдарында тiркеуi тиiс. Егер лицензияның қолданылуы республиканың барлық аумағына немесе бiрнеше облыстарға тарайтын болса, лицензиаттың лицензияны өзiнiң қызметiн жүзеге асыратын облыстардағы лицензиардың аумақтық органдарында тiркеуi тиiс.

2. Лицензияның қолданылу шарттарының сақталуын бақылау

18. Лицензиар заңнамада белгiленген тәртiппен лицензияның қолданылу шарттарын лицензиаттың сақтауын бақылауды жүзеге асырады. Лицензиаттың қызметін тексеру үшін лицензиаттың келiсiмi бойынша байланыс саласындағы уәкілетті орган тиісті бiлiм салаларындағы сарапшыларды, мамандарды тарта алады.

19. Лицензиат мұндай тексерулердi жүргiзуге кедергi жасамауы тиiс және қажет болған жағдайда өзiнiң өлшеуiш аппаратурасына қол жетiмділiктi оны тексеруге пайдалану мақсатында қамтамасыз етедi.

Тексерулер тұтынушылардың шағымдары бойынша және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де жағдайларда өткiзiлуi мүмкiн.

20. Белгiленген лицензиялық талаптар мен лицензияның қолданылу шарттарын сақтамағаны үшін лицензиат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап бередi.

Қазақстан Республикасы



Үкiметiнiң

2004 жылғы 29 қыркүйектегі

N 998 қаулысымен

бекітілген

Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар алу үшiн

конкурстар өткiзу ережесi

1. Жалпы ережелер

1. Осы Байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алу үшін конкурстар өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алуға арналған конкурстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiн белгiлейдi.

2. Конкурсты өткiзу туралы шешiмдi, радиожиілiк спектрi (бұдан әрi - РЖС) пайдаланылған жағдайда - Қазақстан Республикасының радиожиiлiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, байланыс саласындағы уәкiлетті орган қабылдайды.

3. Конкурсты ұйымдастыру және өткiзу үшiн құрамын байланыс саласындағы уәкілеттi орган бекiтетін конкурстық комиссия құрылады. Конкурстық комиссия мүшелерiнiң саны бес адамнан кем болмауы тиiс.

4. Байланыс саласындағы қызметтің қандай да бiр түрiне лицензияларды және тиiстi рұқсаттарды конкурстық негiзде беру туралы шешiмдер заңнамада көзделген тәртiппен, сондай-aқ бiр аймақта дәл сол қызмет түрiн жүргізуге бiрнеше үмiткерлер бар болса, осы аймақта радиожиiлiктер ресурстары мен желiге қол жеткiзу шектеле отырып қабылданады.

2. Конкурстық комиссияның қызметi

5. Конкурстық комиссияның құрамына лицензиардың, Қазақстан Республикасының радиожиілiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясының өкiлдерiнен басқа (РЖС пайдаланылған жағдайда), қызмет түрiне және лицензияның қолданысы тарайтын аумаққа байланысты тәуелсiз сарапшылар, басқа мамандар, сондай-ақ орталық және жергілiктi атқарушы органдардың өкілдерi енгiзілуi мүмкін.

6. Конкурстық комиссия конкурсты ұйымдастырады, өткiзедi және лицензияны және/немесе рұқсатты ресiмдеу үшін негiз болып табылатын хаттаманы лицензиарға бередi.

7. Комиссияның қызметi соңғы шешiмдi қабылдаудың жариялылығы, алқалылығы негiзiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

8. Конкурстың өтінімдiк қуаттарын қарау және шешiм қабылдау кезiнде толық құпиялылық қамтамасыз етiлуi тиiс.

9. Комиссия конкурстық комиссияға ұсынылған кез келген ұсынысты қабылдамауға құқылы, егер:

1) өтiніш берушi өтірiк мәлiметтер ұсынса;

2) өтінім материалдары конкурстық комиссия белгiлеген талаптарға сәйкес болмаса;

3) заңнамалық кесiмдерде осы санаттағы субъектілерге белгiлi бір қызмет түрлерiн жүзеге асыруға тыйым салынса;

4) өтiнiш берушiге қатысты соттың оған осы қызмет түрімен айналысуға тыйым салатын шешiмi болса.

10. Комиссия өтінiш берушілердi отырыстарға шақыруға, сондай-ақ өтiнiш берушілерден, егер бұл соңғы шешiмдi қабылдау үшін қажет болса, қосымша мәлiметтер сұрауға құқылы.

3. Конкурсты ұйымдастыру

11. Лицензиар конкурсты өткiзу туралы ақпаратты республикалық мерзiмдi басылымда жариялайды.

12. Комиссия мынадай ақпаратты:

1) конкурсты өткiзу шарттары мен мерзiмдерiн және осыған байланысты қажетті рәсiмдердi;

2) конкурсқа қатысуға арналған өтінiмнiң мазмұнына қойылатын талаптарды;

3) ықтимал операторлар мен қазiргi бар желiлердiң, оның ішінде қосылулар үшiн өзара есеп айырысу мәселелерiн қоса алғанда, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсi операторлары арасындағы қатынастарды;

4) желінің көлемi, қызметтер, тарифтердiң деңгейлері және басқа да шарттар жөнiндегi мiндеттемелер алдын ала келiсілетiн лицензияның жобасын қамтитын конкурстық құжаттаманы дайындайды.

13. Комиссия келiп түсетін өтінімдiк материалдарды тiркейдi.

14. Өтiнiш берушілерге өтiнiмнің тiркелген күнi және нөмiрi жазбаша хабарланады.

15. Комиссия түскен құжаттарды қарайды және конкурсты өткiзу шарттарында белгiленген мерзiмде ең жақсы ұсынысты таңдайды.

Бiреуден көп ең жақсы ұсынымдар таңдап алынған жағдайда, конкурс аукцион нысанында өткiзіледi.

16. Конкурстық комиссияның шешiмi отырыста оның мүшелерінiң кемiнде 2/3-сi болғанда комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.

17. Қорытынды шешiм отырыс өткеннен кейiн үш күндік мерзiмде комиссия отырысының хаттамасымен дәлелденуi және ресімделуі тиiс. Хаттама конкурс жеңiмпазына лицензия және/немесе рұқсат беру үшiн лицензиарға тапсырылады, оған сондай-ақ хаттаманың көшiрмесi де беріледі.

Комиссия отырысының хаттамасына оның барлық мүшелерi қол қояды.

18. Конкурстық комиссияға қарауға келiп түскен материалдар қайтаруға жатпайды және лицензиардың меншiгiнде қалады.

4. Конкурсқа қатысушыларға және өтiнiмдiк материалдарға қойылатын



талаптар

19. Конкурсқа қатысуға меншiк нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғаларға, оның iшiнде азаматтық құқық қабiлеттілiгi бар және меншiктi қаражаты немесе конкурсқа ұсынылатын техникалық жобаны немесе ұсынысты жүзеге асыру үшiн кредиттер бөлу бойынша банктердiң кепiлдiктерi бар шетелдiктерге де рұқсат етіледi.

20. Конкурстық комиссия ұсынған талаптарға сәйкес өтінімдік материалдар тапсырған және тiркеу нөмiрiн алған жеке немесе заңды тұлға конкурстық ұсынысқа өтiнiш беруші деп танылады.

21. Өтiнiмдiк материалдарда мынадай ақпарат көрсетiледi:

1) өтiнiш берушiнің сипаттамасы - жалпы сипаттамасы, атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны;

2) қаржылық мүмкіндіктері - қаржылық менеджмент және құжатты түрде расталған қаржыландыру көздерiнің тiзбесi;

3) өтiнiш берушiнiң техникалық мүмкiндiктерi - лицензияланатын қызмет түріне қойылатын білiктiлiк талаптарына сәйкес негiзгi техникалық шешiмдер егжей-тегжейлі баяндалады. Өтiнiш беруші қызмет көрсетудiң және ұсынылатын қызметтердiң қандай сапасына кепiлдiк беретiнiн көрсетуi, пайдаланылатын техникалық құралдардың жай-күйі туралы, қызметтер номенклатурасының бүкiл тарифтерi туралы ақпарат, статистикалық есеп деректерiн беруге өзiнiң дайындығын растауы, сондай-ақ жабдықтардың техникалық параметрлеріне тексерулер жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдарға кедергi келтiрмеуi тиiс;

4) қазiргi бар қызметтерді және күтілетін даму перспективасын ескере отырып, рынокты бағалауы, бұл бағаны алу әдiсiн(терiн) сипаттау, сондай-ақ лицензияның қолданылу мерзiмiнде мәлiмделетiн қызметтерге болжанып отырған қажеттілік және перспективалық даму жоспарлары;

5) қамтитын аумақ бойынша бекiтумен жылдар бойынша дамуды қоса алғанда, жоспардың негiзгi факторлары мен ережелерi сипатталған жұмыс жоспары. Өтiнiш берушi лицензия қолданысының кейiнгi жылдарында қатарға қосуға, техникалық қызмет көрсетуге және басқа күрделi салым салуға арналған жалпы шығындарды, сондай-ақ лицензия берілетiн мерзiмге экономикалық көрсеткiштер бойынша ұсыныстарды бағалау үшiн бизнес-жоспарын (күрделi салым салуды, қызметтердiң тарифтерін, пайдасын) көрсетуi тиiс;

6) өтiнiш берушінің пікірінше, комиссияға жобаларды (ұсыныстарды) неғұрлым объективтi бағалауға мүмкiндiк беретiн қосымша кез келген мәлiметтер, жобаны (ұсынысты) жаңғыртудың ықтимал жолдары және оларды iске асыру мерзiмдерi.

22. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы



Үкiметiнiң

2004 жылғы 29 қыркүйектегі

N 998 қаулысымен

бекітілген

Байланыс саласындағы лицензиялауға жататын қызметтер

тiзбесi

1. Байланыс саласындағы мынадай қызмет түрлерi лицензиялауға жатады: 1) жергiлiктi телефон байланысы қызметтерiн ұсыну;

2) қалааралық телефон байланысы қызметтерiн ұсыну;

3) халықаралық телефон байланысы қызметтерiн ұсыну;

4) IP-телефония қызметтерін ұсыну (Интернет - телефония);

5) деректер беру қызметтерiн ұсыну (оның iшiнде Интернет және телеграфты байланыс қызметтерi);

6) бөлiнген байланыс желiлерi бойынша телекоммуникация қызметтерін ұсыну;

7) жерсеріктік жылжымалы байланыс қызметтерiн ұсыну;

8) ұялы байланыс қызметтерiн ұсыну (стандарт атауын көрсетiп);

9) ұтқыр телекоммуникациялық байланыс қызметтерiн ұсыну (оның iшiнде жылжымалы радио/радиотелефонды, транкингтік және пейджингтік байланыс қызметтерi);

10) жеке желiлердi ұйымдастыру бойынша қызметтер ұсыну (байланыс арналарын және желi инфрақұрылымының элементтерiн жалға бepу);

11) почта байланысы қызметтерiн ұсыну;

12) желiлердi және байланыс жолдарын техникалық пайдалану бойынша қызметтер ұсыну (телекоммуникациялық жабдықтарды, желi инфрақұрылымының элементтерін қоса алғанда).

ҚР Үкіметінің 2005.20.07. № 755 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)

2. Мынадай қызметті жүзеге асыру үшiн лицензия алу талап етiлмейдi:

1) меншiктi не жалға алынған желілік немесе коммутациялық жабдығы жоқ және пайдаланушыларға тиiстi лицензиялардың негiзiнде әрекет ететiн басқа байланыс операторларының қызметтерiн ұсынатын жеке және заңды тұлғалардың.

Мұндай тұлғалар мен байланыс операторының арасындағы қатынастар жасалған шарттармен реттеледі, олардың құрылымы лицензиармен келiсiлуi тиiс. Делдалдар қызметтердi шарт жасасқан байланыс операторының сауда маркасымен ұсынуға міндетті. Бұл ретте тұтынушыларға ұсынылатын қызметтердің сапасына және лицензияның қолданылу шарттарының орындалуына байланыс операторы жауап бередi;

2) өндiрiсішілік қызметтi және технологиялық процестердi, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға байланыс қызметтерiн ұсынбай радиожиілік спектрін пайдалана отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резиденті емес - байланыс операторлары ұсынатын байланыс қызметтерін пайдаланбай басқаруға арналған желілерді құру және пайдалану бойынша.



3) байланыс саласындағы қызметпен байланысты емес, жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желiсiне қосылмаған және негізгi қызмет түрiн жүзеге асыруға арналған ұтқыр телекоммуникациялық байланыс желiлерiн құру және пайдалану (оның iшiнде жылжымалы радио/радиотелефондық, транкингтiк және пейджингтік байланыс) бойынша.

2) және 3) тармақшаларда көзделген жағдайларда жиіліктер, радиожиіліктер белдеулерін (радиожиіліктік арналарды) пайдалану үшін байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат береді.

 

Қазақстан Республикасы



Үкiметiнiң

2004 жылғы 29 қыркүйектегі

N 998 қаулысына

қосымша

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң

күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң

Тізбесі

1. "Қазақстан Республикасында почта байланысы мен телекоммуникациялар саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау, радиожиілік спектрiн пайдалану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 қарашадағы N 1443 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 48, 469-құжат).

2. Қазақстан Республикасы Көлiк, коммуникациялар және туризм министрлiгiнің Көлiктiк бақылау комитетінiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 23 желтоқсандағы N 1322 қаулысына қосымшаның 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 49, 444-құжат).

3. "Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі Көлiктік бақылау комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 8 қыркүйектегi N 1334 қаулысының 2-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 45, 413-құжат).



4. "Республикалық телекоммуникациялық трафиктiң биллингi орталығы (ТТБ-Орталық)" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылды 25 қарашадағы N 1787 қаулысының 7-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 52, 514-515-құжаттар).

5. "Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар желiлерiнде жедел-iздестiру iс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 17 тамыздағы N 1081 қаулысының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 29, 380-құжат).

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет