Байзақ ауданының суғармалы жерлерінде көкөніс және бақша дақылдарының зиянкестермен зақымдалуы және аурулармен залалдануы Дайранбекова М. Б., Мұсабеков Қ.Қ



жүктеу 89.54 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі89.54 Kb.

ӘОЖ 631.87: 633.413
Байзақ ауданының суғармалы жерлерінде көкөніс және бақша дақылдарының

зиянкестермен зақымдалуы және аурулармен залалдануы
Дайранбекова М.Б., Мұсабеков Қ.Қ.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз


Байзақ ауданынының суғармалы егістіктері ұсақ шаруа қожалықтарына көкөністер мен бақша егуге қолайлы жағдай туғызады. Жыл сайын көкөніс дақылдарынан қияр, қызанақ, баялды, тәтті бұрыш, қырыққабат, пияз, сәбіз, ас қызылшасы, бақша дақылдарынан қарбыз, аз көлемде қауын дақылдары егіліп, мол өнім алынуда. 2011 жылы аудан бойынша көкөніс дақылдары 4322,5 гектарға, бақша 2329,3 гектарға егілген. Сонымен қатар көкөніс-бақша дақылдарын өсіруге де субсидия бөлініп, Үкімет тарапынан ауыл шаруашылы өндірушілеріне жағдай жасалуда.

Ауылшаруашылық өнімдерінің түсімін жоғарлатуда ең басты маңызды шаралардың бірі - өндірілген өнімді зиянды организмдерден қорғау. Бұл зиянды организмдердің әсері ауылшаруашылық дақылдарының өніміне, сапасына ондаған пайыздар зиян келтіруде. Алынатын өнімнің сапасын, түсімін қорғау мақсатында өсімдіктерді зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғау үшін, зиянкес, ауру немесе арамшөп түрі нақты анықталып, жүйелі түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп, күрес шаралары жасалуы керек. Осы жұмыстар дұрыс орындалған жағдайда агротехникалық, басқа да өсімдік қорғау жолындағы іс – шаралардың өткізілуіне оң әсер етеді.

Көкөніс дақылдарын ерекше қауіпті зиянкестермен қатар (шегірткелер, сарышұнақтар, тышқан тектес кеміргіштер, мақта көбелегі, өрмекші кене), көпқоректі зиянкестер (гамма көбелегі, шырыштылар, бұзаубастар, кеміргіш көбелектер, сымқұрттар) және әр дақылдың арнайы зиянкестері (қырыққабат және қыша ақ көбелегі, қырыққабат күйе көбелегі, айқышгүлділер биті, қандаласы, қырыққабат биті және шыбыны, темекі трипсі, пияз шыбыны) зақымдайды.

Қырыққабат ақ көбелегі (Pieris brassicae L.,) – айқышгүлділер тұқымдасқа жататын өсімдіктердің барлығын зақымдайды. Әсіресе бүкіл вегетация кезеңінде қырыққабат дақылы қатты зақымдалады. Қуыршақ күйінде әр түрлі жерлерде қыстайды: ағаштарда, өсімдік қалдықтары астында. Ең алғаш ұшуы сәуір айының бірінші онкүндігінде байқалады. Бір жазда 2-4 ұрпаққа дейін береді. Қырыққабат жапырағы астына топтастырып 200 данаға дейін жұмыртқа салады. 5-14 күннен кейін жұлдызқұрттар туылып, 17-25 күн дамып, 5 жастан өтеді. Олар туылғаннан кейін топтасып өмір сүріп, кейін таралып кетеді. Қырыққабат ақ көбелегі жұлдызқұрттары өте қомағай келеді, жапырақтарды қатты зақымдап, кейде тек жапырақ талшықтарын қалдырады [1]. Көктемгі бақылау жұмыстары нәтижесінде ерте егілген қырыққабат дақылының қырыққабат ақ көбелегі жұлдызқұрттарымен зақымдалғаны анықталды. Жалпы тексеру жұмыстары қырыққабат егілген алқаптарда 0,665 мың гектарға жүргізілді. Қырыққабат ақ көбелегінің қоныстануы Қостөбе, Мырзатай, Бурыл, Ботамойнақ, Сарыкемер ауылдық округтерінде 0,041 мың гектарда анықталды. Қырыққабат ақ көбелегі жұлдызқұрттардың 1 өсімдікте төмен саны 2-3 данадан кездессе, жоғары саны 10-15 данадан кездесті. Дақылдың зақымдалуы орташа дәрежеде болды. 2011 жылы жүргізілген бақылау жұмыстары нәтижесінде қырыққабат ақ көбелегінің алғаш ұшып шығуы 22 наурыз күні тіркелді. Ал 29-шы сәуір күні алғаш жұлдызқұрттарының туылып, айқышгүлді тұқымдасқа жататын арамшөптермен қоректенуі анықталды. 1-ші ұрпақ көбелектері мамыр айының 2-ші онкүндігінде ұшып шықты, ал жұлдызқұрттарының туылып, қырыққабат жапырақтарымен қоректенуі маусым айының 3-ші онкүндігінде тіркелді және жұлдызқұрттардың бұл кезде зияндылығы басымдау болды. Шілде айының 1-ші онкүндігінде қырыққабат ақ көбелегінің 2-ші ұрпақ көбелектерінің ұшып шығуы анықталды. Ал жұлдызқұрттары шілде айының 3-ші онкүндігінде туылып, кеш егілген қырыққабат егісіне зияндылық келтірді.

Қырыққабат биті (Brevicoryne brassicae L.,) – қырыққабаттың және де басқа да айқышгүлділердің қауіпті зиянкесі. Биттер жұмыртқа күйінде қырыққабат егісі орнында немесе арамшөптерде қыстайды. Биттердің бірінші ұрпағы қыстап шыққан өсімдікпен немесе арамшөппен қоректеніп, дамиды. Қанаттты ұшатын аналықтардың пайда болуымен биттер қырыққабат алқаптарына таралады. Бұл маусым айының үшінші екінші-үшінші онкүндігі. Жаз бойы биттердің отары ұлғайып, өсімдікті жаппай басып қалады. Биттердің жаппай таралуы қырыққабаттың кеш пісетін сорттарының қаудандары байлана бастаған кезеңге сәйкес келеді. Отарлары көбінесе байлана бастаған жапырақтарының төбесіне немесе жапырақтың астыңғы бетінде шоғырланады. Жылына 10-15 ұрпақ береді. Қырыққабатты ересектері де дернәсілдері де зақымдайды, олар жапырақ шырынын сорып қоректенеді. Зақымдалған жерлерде ұлпалар түссізденеді немесе ақшыл қызыл түске ие болады, жапырақтардың шеті бұралып, қатты зақымдалған жағдайда қурап қаладық. Қырыққабат биттері орташа және кеш пісетін сорттарды қатты зақымдайды [2]. Қырыққабат биті алғаш ерте егілген қырыққабат егістіктерінде қоныстанғаны анықталды. Жалпы Қостөбе, Мырзатай, Бурыл, Ботамойнақ, Сарыкемер, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде егілген қырыққабат егістігінде жаппай қоныстанып, зияндылық келтіргені анықталды. Аудан бойынша 0,665 мың гектарға бақылау жұмыстары жүргізіліп, қоныстануы 0,025 гектарда анықталды. Сонымен қатар 2011 жылғы жаз айларының ауа-райы жағдайы олардың дамуына қолайлы әсер етті. Сондықтан қырыққабат биттерінің қоныстануы кеш егілген қырыққабат дақылында да кездесті. Қоныстану тығыздығы бір өсімдікте төмен саны 5 дана болса, жоғарғы саны 15-25 дана болды. Зиянкеспен зақымдалуы 2 балл көрсеткішінде (өсімдіктің 25 зақымдалған), төмен дәрежеде болды.

Темекі трипсі (Thrips tabaci Lind.) - көкөніс, оның ішінде пияз дақылына үлкен зияндылық келтіретін зиянкестердің бірі. Трипспен зақымдалған жапырақтарда ақшыл-сарғылт дақтар пайда болып, қатты зақымдалған жағдайда бір-бірімен тұтасып кетеді. Жапырақтар майысып, сарғайып, ұшынан бастап қурай бастайды. Егер пияз дақылы тұқымдыққа өсірілсе пияздың гүл шоғыры қурап, қурайды немесе өнімділігі төмен солғын тұқымдар береді. Трипстер пияздың құрғақ қабыршақтарының, өсімдік қалдықтарының астында, топырақтың беткі қабатында қыстайды. Пияз егістігінде ерте пайда болады, сәуір айының ортасы, мамыр айы. Ең алдымен жапырақтардың қуыстарында пайда болып, кейін өсімдіктің шырынын сорып, гүл шоғырына қоныстанады. Трипстің бір аналығы жапырақтың ұлпасына бір-бірден 100 жұмыртқаға дейін салады. Трипс дернәсілдері де ересектері сияқты өсімдік шырынын сорып қоректенеді. Жылына 6-7 ұрпақ береді. Өнім жинағанан соң ауа-райы жылы болса трипстер басқа өсімдікке көшіп (қырыққабат, қияр, арамшөптер), қыстауға кеткенше қоректенеді [3]. 2011 жылы бақылау жұмыстары барысында аудан бойынша темекі трипсінің пияз алқабында қоныстануына жалпы пияз егілген алқаптарда 0,6 мың гектарға Дихан, Бурыл, Қостөбе, Ботамойнақ, Мырзатай, Көктал, Жаңатұрмыс, Сарыкемер ауылдық округтерінде бақылау жүргізілді. Қоныстануы 0,105 мың гектарда анықталды. 1 ш.м.-ге қоныстанғаны төмен саны 5-8 дана, жоғары саны 10-12 данадан кездесті. Өсімдікті зақымдалуы төмен дәрежеде болды. Пияз дақылы жиналған соң темкі трипстері арамшөптерге қоныстанып, сонда біраз қоректеніп, қыстауға кетті.

Пияз шыбыны (Delia Antigua Meig.) – пияз және сарымсақ дақылдарын қатты зақымдайтын зиянкес. Шыбындардың дамуы жүрген жерлерде, 10-20 см топырақ тереңдігінде қуыршақтары қыстайды. Мамыр айының бірінші онкүндігінде шыбындардың ұшып шығады. Ұшып шыққаннан соң аналықтар өсімдікке жақын топырақ бетіне 5-12 данадан топтастырып жұмыртқа салады. 3-8 күннен кейін дернәсілдері шығып, пиязға енеді. Дернәсілдер топтасып өмір сүріп, пиязшықтың жейді. Зақымдалған пиязшықтар шіріп, жапырақтары солып, сарғайады. Дернәсілдер 15-20 күн аралығында дамып, топырақта қуыршақтанады. 2-3 аптадан соң қуыршақтан соң екінші ұрпақ шыбындары ұшып шығады. екінші ұрпақ дернәсілдері шілде айының соңында және тамыз айында зияндылық келтіреді [4]. 2011 жылы бақылау барысында пияз алқаптарында темекі трипсінен басқа, өзінің арнайы зиянкесі - пияз шыбындарының қоныстанып, зияндылық келтіруі анықталды. Аудан бойынша пияз шыбынының қоныстануына Дихан, Бурыл, Қостөбе, Ботамойнақ, Мырзатай, Көктал, Жаңатұрмыс, Сарыкемер ауылдық округтерінде 0,6 мың гектарға бақылау жүргізіліп, қоныстануы 0,065 гектарда анықталды. 27-ші мамырда пияз шыбынының дернәсілдерінің туылып, пияз дақылдарына зияндылық келтіруі анықталды. 1 шаршы метрге қоныстану тығыздығы 1-2 данадан келді. Өсімдіктің зақымдалуы орташа дәрежеде болды. Шілде айының басында жаңа ұрпақ шыбындары шықты. 2-ші ұрпақ дернәсілдері шілде айының соңына дейін пияз егісіне қоректеніп, зияндылық келтірді. Тамыз айының алғашқы онкүндігінде дернәсілдері қуыршақтанып, қыстауға кетті.

Бақша биті (Aphis gossypii Glov.) – бақша дақылдарының және көкөніс дақыларының зиянкесі. Қыстауға қанатсыз аналықтар, кейде дернәсілдері кетеді. Ерте көктемде олар қыстық орындарынан шығып, арамшөптерде дамиды. Мамыр айының басында бақша дақылдарында қоныстанып, тез дамиды. Аналықтары 20-40 дернәсілден туып, жапырақтарында биттердің отарын құрайды. Дернәсілдер қоректеніп, дамып, аналықтарға айналады. Ересек биттер мен дернәсілдер жапырақтардан шырынын сорып қоректенеді, нәтижесінде жапырақтар оралып, қурап қалады. Бір жылда биттер 18-ге дейін ұрпақ берді. Ауа-райы жағдайы биттерге әсер етеді. Күн қатты ысып, жауын жаумаса, биттер саны азаяды. Тек қыркүйек айында биттердің дамуына қайта қолайлы жағдай туады. Өнім жинағаннан соң биттер арамшөптерге көшіп, сонда қыстауға кетеді [1]. Маршруттық тексеру жұмыстары барысында бақша биттерінің тек қана бақша егістігінде ғана емес, сонымен қатар қызанақ егісінде, қияр егісінде қоныстануы анықталды. Жалпы тексеру жұмыстары Ботамойнақ, Жаңатұрмыс ауылдық округінде 0,045 мың гектарға бақылау жұмыстары жүргізіліп, қоныстануы 0,004 гектарда тіркелді. Бірақ өсімдікте төменгі дәрежеде қоныстанып, айтарлықтай зияндылық келтіруі анықталмады. Бір өсімдікте төмен саны 2-3 дана болса, жоғарғы саны 10-12 данадан келді.

Өрмекші кене (Tetranychus turkestani Ug. Et Nik) - өте ұсақ, көпқоректі ерекше қауіпті зиянды организмдер қатарына жатады. Олар бақша дақылдарынан басқа қант қызылшасын, жүгері, соя, көкөніс дақылдарын зақымдайды. Өрмекші кенелердің ұрықтанған аналықтары топырақ кесектерінде, өсімдік қалдықтарында, арамшөптерді, ағаштарда қыстайды. Өрмекші кенелердің отарлары наурыз, сәуір айында алдымен арамшөптерде, кейін егістіктерде қоныстана бастайды. Жылына 20-ға дейін ұрпақ береді. Олар жапырақтың астыңғы бетінде қоныстанып, қоректенеді. Ересек кенелер мен дернәсілдер жапырақтардың шырынын сорып, нәтижесінде жапырақтар қурап, өнімділік төмендейді [2]. 2011 жылы бақша егістігінде өрмекші кенелердің қоныстануына Қостөбе, Мырзатай, Бурыл ауылдық округтерінде 0,1 мың гектарға жүргізіліп, қоныстануы 0,02 гектарда анықталды. Бақша алқабында өрмекші кенелердің өсімдікті зақымдау пайызы 2-3% болды, тығыздығы 1 жапырақта 2-3 данадан келді.

Көкөніс дақылдары саңырауқұлақты, бактериалды, вирусты ауру тудырғыштарымен зақымдалады.

Қызанақтың фитофторозы (Phythophtora infestans) – ауру жемістерде, жапырақтарда және сабақтарда дамиды. Жемістердегі дақтар қоңыр түсті және шашыранқы орналасқан. Ауруға шалдыққан жемістер қатайып қалады. Жапырақтардың үстінгі бетінің шеттерінде қоңыр түсті шашыранқы дақтар, ал астынғы жағында ылғалды ауа райыда ақ өнез түзеледі. Фитофтораның қоздырғыштары топырақта және өсімдік қалдықтарында сақталады [1]. Жаздық тексеру кезіңде көкөніс алқаптарында қызанақтың оңтүстік фитофтороз, ауруларының түрлері мамыр айының 26-шы жұлдызыңда Сарыкемер ауылдық округінде «Гугасян» шаруа қожалығындағы қызанақ егісінде аурудың алғашқы белгілерінің анықталды. Тексеру көлемі 0,1 мың га, зақымданғаны 0,028 мың га. Оның ішінде төмен дәрежеде таралуы 0,3 %, дамуы 0,3 %.

Қызанақтың жоғарғы жағынан шіріуі (Sclerotinia Libertiana) - ауру өсімдік қолайсыз жағдайларда (күн ыстық болғанда және ылғал мен қоректік заттар жетіспегенде) өсу кезінде пайда болады. Жемістің бетінде кейін қоңырланатын, суланған қара жасыл түсті дақ дамиды. Ал зақымдалған ұлпа қыртыстанады, қатаяды әрі құрғақ болады. Ауруға көбіне алғашқы жемістер шалдығады. Бактериялық төбе шірігі пісіп келе жатқан жемістерде суланған дақтар түрінде білінеді [2]. Алғашқы белгілері шілденің 1-ші онкүндігінде тіркелді. Бұл ауру Ботамойнақ, Сарыкемер, Бурыл, Қостөбе округтерінде тіркелді. Аурудың тексерілген жер көлемі 0,1 мың га, залалданған 0,03 мың га. Ауру төменгі дәрежеде 0,3 % таралып, 0,35 % дамыған.

Пияздың жалған ақ ұнтақ ауруы (Peronospora schleidenii) - аурудың әсерінен жапырақтар мезгілінен бұрын қурап қалады да өнім түсімі мен оның сапасы төмендейді. Бастапқыда пияз жапырақтарында ақшыл жасыл дақтар пайда болады. кейін оларда сұрғылт немесе сұр күлгін түсті өңез пайда болады. Жапырақтардың жоғарғы бөлігі сарғайып, өліп қалады. Аурудың қатты дамуына ылғалдығы мол жылы ауа райы қолайлы. Саңырауқұлақ өсіп даму кезеңіне конидийлерімен ауа ағысы және жаңбыр тамшылары арқылы тарайды. Аурудың қоздырғыштары топырақта, жиналмай қалып қойған өсімдіктерде және сақтауға қойған пияздарда ооспоралар түрінде сақталады [5]. Пияз егістік алқабында аурулардың алғашқы шығу мерзімін, дамуы мен таралуын анықтау және химиялық өңдеу тиімділігін есептеу үшін 2011 жылы Мырзатай, Дихан, Бурыл, Жаңатұрмыс, Ботамойнақ ауылдық округтерінде бақылау және маршруттық тексеру жұмыстары жүргізілді. Барлығы тексерілгені 0,6 мың га, оның ішінде заладанғаны 0,07 мың га төменгі дәрежеде залалданған. Ауру төменгі және орта дәреже 3 % таралып, 0,9% дамыған. Тексерілген көлемде мамырдың 3-ші онкүндігінде Мырзатай ауылдық округінде жалған ақ ұнтақ ауруының алғашқы белгілері тіркелген.

Байзақ ауданы бойынша көкөніс, бақша дақылдары аз көлемде егілсе де, ауданды және ауданға көршілес ауыл-аймақты көкөніс-бақша дақылдарымен толық қанды қамтамасыз ете алады. Сол себепті диханшылар саплы, әрі мол өнім алу үшін өсімдік қорғау жұмыстарын міндетті түрде жүргізу қажет. Егер көкөніс-бақша айналасындағы және егістігіндегі арамшөптер жойылмаса, ауыспалы егіс жүйесі сақталмаса, өсімдік қалдықтарынан тазартылмаса зиянкестерінің саны ұлғайып, үлкен зияндылық келтіруі мүмкін. Сонымен қатар көктем құрғақ және ұзақ болса, тәуліктік температура ауыспалы болып тұрса да зиянкестердің саны басым болуы мүмкін.



Әдебиет


  1. Методические указания по учету и выявлению вредных и особо опасных вредных организмов сельскохозяйственных угодий. Казахский НИИ защиты и карантина растений АО «КазАгроИнновация», Под. ред. Сулейменова З.Ш.- Астана, 2009, - 181 б.

  2. Справочник по защите растений. Под ред. А.О.Сагитова, Ж.Д. Исмухамбетова. – Алматы: РОНД, 2004 – 162 б.

  3. Справочник по борьбе с вредителями сельскохозяйственных культур. С.А.Харин, АЛМА-АТА , Издательство «Қайнар» - 1964 – 274 б.

  4. Энтомология. Г.Е.Осмоловский, Н.В.Бондаренко, Ленинград, «Колос», 1973 – 284 б.

  5. Защита растений от болезней. В.А.Шкаликов, О.О.Белошапкина, Москва, КолосС, 2004 – 163б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет