Балалар әдебиеті мәдениеттің қайнар көзі



жүктеу 63.47 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі63.47 Kb.

Балалар әдебиеті - мәдениеттің қайнар көзі
Муртазина .А.Ж,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

С.Мәуленов атындағы гимназия

Қостанай қаласы

Қазақстан Республикасы

Балалар әдебиеті — балалардың эстетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар ғана емес , балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу.


Балалар әдебиеті – бүгінігі ұлттық әдебиетімізде көркемдік-шығармашылық және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды басты назарда ұстап, балалардың жас ерекшелігіне қарай дамып келе жатқан сала. Бұл салада балалардың жастық, білімділік ерекшеліктері еске алынады. Олардың психологиялық өсу процестері ескеріледі, оның сырлас досы, қорғанышы және ақылшысы да болып табылады. Сол себептен балалар әдебиетінің негізгі мақсаттары: жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, т.б. ізгі мұраттарға баулу.

Қай заманда болмасын әрбір ұстаздың басты міндеттерінің бірі - өсіп келе жатқан жас ұрпақты ақылды да саналы, тәртіпті де еңбексүйгіш, өз халқының патриоты болатын ұрпақ тәрбиелеу екені мәлім. Осы қағиданы ұстана отырып,ойымды өрбіткім келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың « Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау» деген сөздері терең ой салады. Әрбір өсіп келе жатқан жас ұрпақтың патриоты болуы олардың азаматтық парызы мен міндеті. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім өз-өзінен қалыптаспайды, ол оқу-тәрбие үдерісінде мемлекеттік саясат негізінде жүргізілуі керектігін бүгінгі заманның өзі талап етіп отыр. Сондай-ақ білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті - өз елінің азаматын, патриотын тәрбиелеу. Заманымыз күн санап өзгеріп жатқан жаңа технология компьютерленген заманда жас ұрпақты кітап оқуға итермелеу қиынның қиыны болып тұрған мәселе.Бұл мәселенің қиыншылығын шешу отбасы мен білім беру ошағының шешетін мәселесі екені анық.Сол себепті мектеп қабырғасында өтетін әдебиет,тарих сындас пәндердің рөлі зор. Мектеп оқушыларына ұлтымыздың әдет-ғұрыпын , салт-дәстүрін, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін насихаттау жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің басты бір жолы болып табылады.

Елбасымыз Н.Ә Назарбаев ертегіні оқып өскен қазақ баласымын дей келе: Ес біліп, етек жапқаннан бастап ертегі естіп өскен қазақтың баласымын. Бірақ сол бесікте басталған ертегі ат жалын тартып мініп, азамат болғанға дейін жалғасатынын мүлде ойламаған едім. Не деген түгемейтін , ұзаққа созылған ертегі бұл?!-дейді.

Яғни,біздің елбасымыздың өз балалық шағында оқыған ертегілерінің ертең бар екенін әбден көзінің жеткенін айта келе,өзінің іс-әрекеттерімен кітап оқыған адамның болашағы зор екенін дәлелдеп жүргендей.

Бүгінгі таңда балаға өткен дәуірдегі әдебиет үлгілерімен таныстыру үшін оларға ұғынықты тілмен жеткізе білуіміз шарт.Өйткені әр бала өзінің төл тарихы мен мәдениетін танып өсуі қажет.Сондықтан баланы ерте жастан қоршаған ортаны танып білумен қатар ежелгі тарихи жыр-дастандарды жаттап өсуіне ықпал етуіміз керек.Ол үшін әрине, ұлттық руханиятымыздағы ежелгі түркі дүниесіне ортақ қисса-дастандар мен аңыз-әңгімелерді, ертегілерді бала санасына лайықты етіп, жас ерекшелігіне сай оқып үйрету қажет.Қазақ ертегілері не үшін қажет екенін әдебиет зерттеуші,ғалым А.Байтұрсынов:«Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда,кезектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары:

1. Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл жағынан керек нәрсе.

2. Балалар әдебиеті жоқ жерде баланың рухын, қиялын тәрбиелеуге зор керегі бар нәрсе. Баланы қиялдауға, сөйлеуге үйретеді.

3.Бұрынғылардың сана-саңлау, қалпы-салты жағынан дерек берумен керегі бар нәрсе» - деп айтқан болатын.

Бала тәрбиесі, ұрпақ мәселесі қай кезеңде болсын қоғамнан тыс қалған емес.Фольклор сөз жоқ, балалар әдебиетінің бастауы, қайнар көзі. Балалар әдебиеті халық ауыз әдебиеті үлгілерін негізге ала отырып, бүгінгі күнге дейін дербес ғылым болып отыр. Осы аталмыш ғылымның жай-күйі қазіргі ақпараттанған ХХІ ғасырдың сұранысы мен талабына жауап бере ала ма? Бұл ойлануды қажет ететін және бір ауыз сөзбен жауап бере салатын сұрақ емес. Салмағы да, жауабы да ауыр сұрақ.Сонымен, қазіргі таңда қандай балалар әдебиеті қажет? Бір ғана мысал келтірейін: балалар фольклорында «Төрт түлік туралы» жырлар бар. Осыны балаларға қалай оқытып жүрміз? Балдырған төрт түлік туралы өлең-жырларды жаттауын жаттар, бірақ өңі түгіл түсінде көрмесе оларды, қалай ұғындырамыз? Балаға нанымды болу үшін көзбен көру, яғни қоршаған ортада сезінуі тиіс.[4, 10-11-бет]

Әдебиеттегі көркем шығармалар ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады.Ал мектеп оқушылары осы пән арқылы өз бойына патриоттық сезімді ұялататыны анық.Ең бірінші әсер Тәуелсіздікке қол жеткізген аға,әпкелеріміздің ерліктері болса,туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік жасауға негіз болатын оқиғалар барлығы әдеби шығармаларда беріледі, әдебиетіміз тікелей тарихпен байланысты, ал тарихымыз біздің осы күнге жеткен қиын да, аңсаған жолымыз.Қазақ әдебиеті пәні оқушылардың ішкі дүниесін, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталған,бұл пәннің бұл тұрғыда ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады.Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді. Мәселен өзім 7-сыныпқа сабақ беремін.7-сынып оқулығында берілген ауыз әдебиетінің мынадай түрлері бар: лиро-эпостық жырлар, қазақтың би-шешендерінің сөздері,жыраулар поэзиясы оқушыға ұлттық таным, патриоттық тәрбие берсе , ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінде Түрік қағанаты заманында қолбасшы болған Күлтегіннің,«Оғыз Қаған» дастанында Оғыз батырдың түркі елін жаудан қорғаудағы ерлік істері, әскери жорықтары, даналығы оқушылардың сана-сезіміндегі патриоттық сезімнің қалыптасуына оң әсер береді. [3,18-бет]Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой– пікірлерін,үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде көп пайдаланамын.Мысалы, Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерінің » оқушыларға беретін тәрбиесі өте зор.Ақынның бұл шығармаларында тек қазаққа қана тән қасиеттер суреттелген.Мысалы жиырма төртінші қара сөзінде ақын « Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы,мақтаны,мықтылығы,мал іздеуі,өнер іздеуі,жұртты тануы ешбір халыққа ұқсамайды» дей келе,ел жұртын өзгеруге шақырады. [6,36-бет]

Балаларға арнап жазылған шығармалардың көбі дидактикалық мазмұнда жазылған. Сол сияқты ежелгі түркі халықтарының дидактикалық шығармаларда тәрбиелік мақсат маңызды орында. Сондай дидактикалық сарында жазылған шығармалардың бірі – Ж.Баласағұнның «Құтты білігі». Өнегелі жол нұсқап, тағылымы мол ой тастайтын шығармалардан үзінді келтірсек:

Тәңірі адамдарды жаратты, үздік етті,

Оған өнер, білім, ақыл, ой берді.

Білім берді: адам бұл күндері шырқау биікке көтерілді.

Ақыл берді: осының арқасында шешілмейтін түйін шешілді.

Білімді – биік, ақылды – ұлық деп есепте.

Бұл екеуі таңдаулы құлдарын биікке шығарады.

Алты мыңнан астам бәйіттен тұратын шығармада ақыл, білім, ғылым, тіл өнері, өз құдіреті, достық, бала тәрбиесі, т.б. мәселелер жайлы ғибратты ойлар айтылады.Айта берсек,түркі халықтарына ортақ ежелгі дүние тарихындағы мұраларда балаларға уағыз айту, ақыл-кеңес түрінде жазылған. Сондай-ақ, мемлекет басшысы болуға, серілікке даярлайтын адамдардың кодексі (заңдары) деуге болады. [3, 31-бет]

Ұлы педагог Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге зор көңіл бөлді. «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі болсын»,-дейді.Сондықтан да ұлтжанды, Отанын сүйген патриоттар салт-дәстүрін, тілін, дінін, әдебиетін жетік білген азаматтар болмақ. Жалпы білім беру жүйесі арқылы осыларды сыртқа шығару, жоғарғы дәрежеге жеткізу қажет деп ойлаймын , ол үшін сапалы патриоттық тәрбие қажет. Қазақстан Республикасының білім берудің жаңа бағдарламасында қоғамның бүгінгі күнгі талабына сай алдағы уақытта да әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды.(5,6-7-бет)

Қазақ балалар әдебиеті – қайнар көзі қазақ фольклорынан бастау алады. Балалар әдебиетінің алғашқы жазба үлгілерін 19 ғасырда Ы.Алтынсарин жасады. Ол балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, этика, эстетикалық тәрбие беретін өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сондай-ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне, ұғымына жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер аударып, құрастырды, ана тілінде алғашқы оқулық (“Киргизская хрестоматия”, 1879) бастырып шығарды. Сөйтіп, бала тіліне лайықты, ойына қонымды ойнақы өлеңдері мен қызықты әңгімелері арқылы педагог-жазушы қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады. Және педагог-жазушы осылайша оқушыларының сауатын ашып,мәдениетті болашақ тәрбиелеуге жол ашты. [ 2,42- бет ]

Балалар әдебиеті – балаларымыздың болашағы һәм ертеңі. Ұлтымыздың тұтқасын ұстар ұрпағымыздың келешегіне салғырт қарамайық!

Пайдаланған әдебиеттер:

1. "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

2. Балалар әдебиеті арқылы бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту

3. Қазақ әдебиеті, 8-сынып «Ата мұра» баспасы 2012ж

4.Ш.Сәтбаева ,Әдебиет мерейі,Алматы,1981ж

5. Жұмабаев М. ,Педагогика, Алматы. 1992



6.А.Құнанбаев, Қара сөздер , Даналық дәрістер ,Астана-2002ж

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет