Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидалары



жүктеу 0.84 Mb.
бет1/5
Дата23.02.2018
өлшемі0.84 Mb.
  1   2   3   4   5


Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрінің
_____ жылғы «_____» _________
№ _____ бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 5 мамырдағы
№ 319 бұйрығына
қосымша

Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды

тағайындау және төлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

2) ақпараттық жүйе – аппараттық-бағдарламалық кешенді қолдана отырып, ақпаратты сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, тапсыруға және беруге арналған жүйе;

3) балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мынадай түрдегі ақшалай төлемдер:

бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала туғанда берілетін жәрдемақы);

бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – бала күтімі жөніндегі жәрдемақы);

мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы);

он сегіз жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – балаларға арналған жәрдемақы);

4) бала туғанда берілетін, бала күтімі жөніндегі және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;

5) балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;

6) бірінші бөлім – жәрдемақының мөлшерін тағайындаумен, жаңартумен, өзгертумен және қайта қараумен және ағымдағы қажеттілікті қалыптастырғаннан кейін өтініш берушінің тұрғылықты жерін ауыстыруымен байланысты төлемнің ағымдағы айға қажеттілігі енгізілмеген жәрдемақы сомасы;

7) дәйексіз құжат (қолдан жасалған) – дәйексіз (жалған) мәліметтерден тұратын түпнұсқадағы құжаттардың үлгілері бойынша жасалған құжат;

8) жәрдемақы алушы – бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала күтімі жөніндегі жәрдемақы және (немесе) мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы тағайындалған өтініш беруші;

9) жәрдемақыларды беру жөніндегі уәкілетті ұйым – банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдары, «Қазпочта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

10) Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелері – Мемлекеттік корпорацияның қалалық, аудандық бөлімшелері;

11) Мемлекеттік корпорацияның филиалдары – Мемлекеттік корпорацияның облыстық, Астана және Алматы қалаларындағы филиалдары;

12) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;

13) отбасының жиынтық табысы – отбасының ақшалай да, заттай да нысанда алған табысының жалпы сомасы;

14) отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы – отбасы жиынтық табысының отбасының әрбiр мүшесіне ай сайын келетін үлесі;

15) өтініш беруші – жәрдемақылар тағайындату үшін отбасы атынан жүгінетін адам;

16) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға жүгінген отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

17) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиыны;

18) электрондық құжат – ақпарат электрондық цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

19) электрондық өтініш – электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;

20) электрондық өтінім – бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала күтімі жөніндегі жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы және балаларға арналған жәрдемақыны тағайындауға қажетті Мемлекеттік корпорацияның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы мәліметтер.



2. Бала туғанда берілетін жәрдемақыға, бала күтімі

жөніндегі жәрдемақыға жүгіну, оны тағайындау және төлеу тәртібі


3. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны (бұдан әрі – жәрдемақылар) тағайындау үшін жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүгінеді.

Бала күтімі жөніндегі жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын адамдарға тағайындалады.

4. Жәрдемақыларды тағайындауға жүгіну мерзімдері бала туған күннен бастап он екі айдан аспайды.

5. Бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала туған күннен бастап бір жасқа толық толған күнге дейін тағайындалады.

Отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балаларды қоспағанда, туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалар ескеріледі, сондай-ақ отбасы құрамында егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.

Оралмандарға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ оралман мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

6. Жәрдемақы баланың отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

7. Жәрдемақылар тағайындау үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішке жәрдемақы тағайындауға құқығы бар адамдар жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) болған кезде мынадай құжаттарды қоса ұсынады:

1) сәйкестендіру үшін өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ықтиярхаты);

сондай-ақ оралмандар үшін – оралман куәлігі;

2) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) не туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;

3) өтініш беруші деректерінің баланың тууы туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда – неке қию (бұзу) туралы куәлік;

4) балаға немесе бала асырап алушыға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген жағдайда – балаға немесе бала асырап алушыға қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеуді растайтын құжат;

Жәрдемақылар тағайындау үшін тұрғылықты жерін растайтын құжаттарды, баланың (балалардың) тууы туралы куәлікті (куәліктерін) не Қазақстан Республикасының аумағында 2007 жылғы 13 тамыздан кейін жүргізілген тіркеулер бойынша туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірмені, Қазақстан Республикасының аумағында 2008 жылғы 1 маусымнан кейін жүргізілген тіркеулер бойынша неке қию (бұзу) туралы куәлікті, сондай-ақ балаға немесе бала асырап алушыға қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеуді растайтын құжатты ұсыну, оларда қамтылған ақпаратты осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алу мүмкіндігі болған жағдайда талап етілмейді.

Түпнұсқаларда ұсынылған құжаттар сканерден өткізіледі және құжаттардың электрондық көшірмелері Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі маманының ЭЦҚ-сымен куәландырылады, содан кейін өтініш берушіге қайтарылады.

8. Жәрдемақылар тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды үшінші адамдардың беруі тиісті жәрдемақыны алуға құқығы бар адамның нотариат куәландырған сенімхаты бойынша жүзеге асырылады.

Нотариат куәландырған сенімхат сканерден өткізіледі, Мемлекеттік корпорация бөлімшесі маманының ЭЦҚ-сымен куәландырылады, содан кейін өтініш берушіге қайтарылады.

9. Өтініш беруші жәрдемақылар тағайындау үшін тиісті құжаттарды бергеннен кейін оның қатысуымен Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы:

мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес сұрау салуды;

уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне өтініш берушіде жәрдемақыларды тағайындау, төлеу немесе тағайындауға өтініш беру фактісінің болуына сұрау салуды қалыптастырады.

10. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар сұратылып отырған мәліметтерді растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асырған Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш берушіге осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат береді.

Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде өтініш беруші туралы сұратылып отырған мәліметтердің жоқ екенін немесе өтініш беруші берген мәліметтермен сәйкессіздігін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асырған Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш берушіге құжаттардың түпнұсқаларын және мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі ол туралы мәліметтерді сәйкестікке келтіру үшін келісу туралы өтініш беру қажеттігі туралы хабардар етеді.

Заңның 5-бабының 4-тармағына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде өтініш беруші құжаттардың түпнұсқасын және келісу туралы өтініш берген кезде Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы құжаттардың түпнұсқасын сканерден өткізеді, оларды ЭЦҚ-мен куәландырады және жеке тұлға туралы мәліметтерді сәйкестікке келтіру үшін мемлекеттік органдарға және (немесе ұйымдарға) жібереді.

Егер өтініш беруші хабарламада көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш берушіні осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жәрдемақыларды тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы хабардар етеді.

Уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен жәрдемақы тағайындау, төлеу немесе өтініш беру фактісін растайтын ақпарат алу кезінде Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш берушіге осы Қағидаларға  5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді. Қолхатқа Мемлекеттік корпорацияның ЭЦҚ-сы қойылады.

11. Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі тиісті жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш берушіден қабылданатын құжаттар топтамасының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің толықтығын тексереді, сканерлеу сапасын және өтініш беруші осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес ұсынған құжаттардың электрондық көшірмелерінің түпнұсқаларға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Егер өтініш беруші осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген тізілімге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы өтініш берушіге осы Қағидаларға  6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жәрдемақыларды тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

12. Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті жәрдемақыны тағайындау туралы өтінішті электрондық журналға тіркейді.

«Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы келіп түскен электрондық өтінім осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша төлемдерді тағайындауға арналған «электрондық үкіметтің» веб-порталына келіп түскен азаматтардың өтініштерін тіркеудің электрондық журналына тіркеледі.

13. Жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

14. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар сұратылған мәліметтерді растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы сұрау салуды жүзеге асырған өтініш беруші электрондық өтінішті өзінің ЭЦҚ-сымен куәландырады және уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне жібереді.

15. «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы келіп түскен жәрдемақылар тағайындау үшін ұсынылған электрондық өтініш мынадай параметрлер бойынша тексеруден өтеді:

1) ұсынылған мәліметтердің толықтығы;

2) жәрдемақылар тағайындау, төлеу, сондай-ақ жәрдемақы тағайындауға өтініш беру фактісінің болмауы;

3) жәрдемақы тағайындалатын баланың бір жасқа толмауы;

4) әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болмауы (бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны тағайындау үшін).

Жоғарыда келтірілген параметрлер бойынша тексерудің оң нәтижесі болған жағдайда өтінішті өңдеуге арналған кіріс хабарламалары журналына орналастыру жүргізіледі.

16. Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жіберілген электрондық өтінішті қабылдау кезінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш берушінің жеке кабинетіне осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес электрондық өтінішті қабылдағаны туралы хабарлама жіберіледі. Хабарлама Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі маманының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

17. Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш тіркелген күні өтініш берушінің мыналарды қамтитын электрондық іс макетін қалыптастырады:

өтініш беруші түпнұсқада ұсынған өтініштің және құжаттардың электрондық көшірмелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер немесе

өтініш беруші түпнұсқада ұсынған және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлға туралы мәліметтерді сәйкестікке келтіру үшін мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйесіне жіберілген өтініштің, құжаттардың және мәліметтердің электрондық көшірмелері.

Жәрдемақылар тағайындау үшін электрондық іс макеті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесінде өтінішті тіркеген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қалыптастырылады және ЭЦҚ арқылы куәландырылады.

Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы осы Қағидаларға  11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шешім жобасын қалыптастырады, жәрдемақылардың мөлшерін есептеуді жүргізеді және оларды ЭЦҚ-мен куәландырады.

Шешімнің жобасы жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы электрондық-цифрлық нысандағы құжатты (бұдан әрі – шешім жобасы) білдіреді.

Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің басшысы жәрдемақылар мөлшерін есептеудің, шешім жобасын ресімдеудің дұрыстығын тексереді және оны ЭЦҚ-мен куәландырады, содан кейін Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі электрондық іс макетін Мемлекеттік корпорацияның филиалына жібереді.

18. Мемлекеттік корпорацияның филиалы электрондық іс макеті мен шешім жобасы келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қарайды, есептеудің және шешім жобасын ресімдеудің дұрыстығын тексереді, содан кейін уәкілетті органға жібереді. Бұл ретте, шешім жобасы Мемлекеттік корпорацияның филиалы маманының және басшысының ЭЦҚ-ларымен куәландырылады.

19. Уәкілетті орган келіп түскен электрондық іс макетін шешім жобасымен қарайды және үш жұмыс күні ішінде жәрдемақыларды тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.

Автоматты режимде шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш берушінің жеке кабинетіне осы Қағидаларға  12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жәрдемақыларды тағайындау туралы хабарлама жіберіледі.  Хабарлама уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

20. Егер Заңның 6-бабының 3-тармағына сәйкес жәрдемақыларды тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдау үшін электрондық іс макетіне қосымша құжаттарды тіркеу қажеттігі анықталса, уәкілетті орган электрондық іс макеті келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде оны жеткіліксіз құжатпен толықтыру үшін электрондық іс макетін Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне қайтарады. Осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша себебін көрсете отырып, тағайындауға құжатты (құжаттарды) жете рәсімдеу қажеттігі туралы хабарлама Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне жіберіледі.

Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіні хабарламада көрсетілген қосымша құжаттарды жиырма бес жұмыс күні ішінде ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді.

Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі өтініш беруші қосымша құжаттарды ұсынған кезде осы Қағидалардың 17, 18-тармақтарында көзделген тәртіппен электрондық іс макетін дайындайды.

Егер Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне электрондық іс макеті келіп түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде құжаттар қайта ресімделмесе, уәкілетті орган қолдағы бар құжаттар бойынша тиісті жәрдемақы тағайындау туралы немесе тағайындаудан бас тарту туралы электрондық шешім шығарады.

21. Егер уәкілетті орган ұсынылған электрондық іс макетінен және (немесе) шешім жобасынан қате тапқан жағдайда, қайтару себебін көрсете отырып, электрондық іс макетін шешім жобасымен бірге қателерді жою үшін Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне жіберіледі.

Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі қайтарылған электрондық іс макеті келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде анықталған қателерді жояды, осы Қағидалардың 17, 18-тармақтарында көзделген тәртіппен электрондық іс макетін қайта ресімдейді.

22. Жәрдемақы тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган шешімде бас тарту негіздемесін көрсетеді.

Бұл ретте, осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жәрдемақы тағайындаудан бас тарту себептері көрсетілген уәкілетті органның шешімімен электрондық іс макеті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне қайтарылады. Уәкілетті органның жәрдемақыны тағайындаудан бас тарту себептері көрсетілген электрондық хабарламасы осы Қағидаларға  14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі. Хабарлама уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

23. Мемлекеттік органнан және (немесе) ұйымнан ақпараттық жүйелердегі жеке тұлға туралы мәліметтерді өтініш берушінің дәйексіз құжаттарын ұсыну себебі бойынша сәйкестікке келтіруден бас тартуды растайтын электрондық құжат келіп түскен жағдайда уәкілетті орган жоба шешімін Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне қайта ресімдеуге жібереді.

Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы осы Қағидалардың 17, 18-тармақтарында көзделген тәртіппен өтініш берушінің дәйексіз құжаттарды ұсынғаны туралы мемлекеттік органның және (немесе) ұйымдардың ақпаратына сәйкес дәлелді бас тартуды көрсете отырып, осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жәрдемақыларды тағайындаудан бас тарту туралы шешім жобасын қалыптастырады.

Егер ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Заңның 5-бабының  4-тармағына сәйкес белгілеген мерзім ішінде мемлекеттік орган және (немесе) ұйым уәкілетті органға ақпараттық жүйелердегі жеке тұлғалар туралы мәліметтерді сәйкестікке келтіруден бас тартылған электрондық құжатты ұсынбаса, онда жәрдемақылар тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы сканерлеген өтініш беруші ұсынған құжаттардың түпнұсқалары негізінде қабылданады.

24. Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі жәрдемақыны тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы хабарламаны өтініш берушіні өзі жүгінген кезде тапсыру арқылы немесе өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабар жіберу арқылы уәкілетті орган қабылдаған шешім туралы хабардар етеді. Хабарлама осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарламалар журналында тіркеледі. Sms-хабарлар осы Қағидаларға  16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша sms-хабарлардың электрондық журналында тіркеледі.

Жәрдемақы алушы ісінің қағаз нұсқасын қалыптастыру үшін электрондық іс макеті басып шығарылады.

25. Жәрдемақылар төлемін Мемлекеттік корпорация өтініш берушінің таңдауы бойынша жәрдемақылар беру жөніндегі уәкілетті ұйымдар арқылы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.

26. Мемлекеттік корпорация уәкілетті органның жәрдемақы тағайындау туралы шешімінің негізінде бес жұмыс күні ішінде жәрдемақының тағайындалған сомасын төлем айының алдындағы айдың 25-күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне (бұдан әрі ­– Министрлік) ай сайын ұсынылатын жәрдемақыларды төлеуге бюджеттік қаражат қажеттілігіне қосуды қамтамасыз етеді.

27. Бала күтімі жөнiндегi жәрдемақы ағымдағы ай үшiн ай сайын төленеді.

Жәрдемақыны тағайындауға, қалпына келтіруге, өзгертуге және мөлшерін қайта қарауға және тұрғылықты жерін өзгертуіне байланысты төлем айының ағымдағы қажеттілігіне енгізілмеген жәрдемақы сомалары ағымдағы қажеттілікті қалыптастырғаннан кейін, бірінші бөлімнің сомалары ретінде, келесі айдың қажеттілігіне енгізілуге тиіс және бір рет төленеді.

Төлемді тағайындайтын немесе жүзеге асыратын органның кінәсінен уақытында алынбаған жәрдемақы сомалары бірінші бөлім ретінде өткен уақыт үшін мерзімі шектелмей бір уақытта төленеді.

28. Айлық есептiк көрсеткіш мөлшері өзгерген жағдайда Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шешімнің жобасын дайындайды және оны уәкілетті органға бекітуге жібереді.

29. Бала күтімі жөнiндегi жәрдемақының мөлшеріне әсер ететін негіз болып табылатын мән-жайлар туындаған, алушы ауысқан жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі шешiм жобасын дайындайды және оны жаңадан ұсынылған құжаттармен (олар болған кезде) толықтырылған электрондық іс макетімен бірге уәкілетті органға бекітуге жібереді.

30. Артық төленген сомалар Заңның 11-бабына сәйкес ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда – сот шешімінің негізінде сот тәртібімен қайтарылуға жатады, бұл жөнінде Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі жәрдемақы алушыны хабардар ету үшiн хат дайындайды.

31. Бала күтімі жөнiндегi көрсетілген жәрдемақыны алушылар құқығына және (немесе) олардың мөлшеріне әсер ететін мән-жайлардың өзгергендігі туралы Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесін күнтiзбелiк он күн ішінде хабардар етеді.

Алушының банк шотының нөмірі, төлем тәсілдері, алушының (қорғаншының, қамқоршының) тұрғылықты мекен-жайы өзгерген жағдайда алушылар (қорғаншылар, қамқоршылар) сәйкес өзгерістерді растайтын құжаттармен қоса осы өзгерістер туралы Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне өтініш береді.

Алушы бала күтімі жөнiндегi жәрдемақының мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытында хабарламаған жағдайларда, жәрдемақы мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған сәттен бастап, бірақ оның тағайындалған сәтінен асырмай қайта қаралады.

32. Мемлекеттік корпорация уәкілетті орган қабылдаған шешімдердің негізінде жәрдемақыларды төлеуге қаражат қажеттілігі туралы өтінім жасайды және ай сайын 25-күнi Министрлікке ұсынады.

33. Министрлік қаражатты тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер жөнiндегi қаржыландыру жоспарларына сәйкес бөлінген сомалар шегінде Мемлекеттік корпорацияның шотына аударады.

34. Мемлекеттік корпорация бюджеттік қаражаттарды алғаннан кейін төлем кестесіне сәйкес жәрдемақыларды төлеуге төлем тапсырмаларын қалыптастырады.

35. Бөлінген қаражат бойынша Министрлік пен Мемлекеттік корпорация арасында ай сайын салыстырып тексеру актісі жасалады.

36. Төленген сомалар бойынша Мемлекеттік корпорация мен жәрдемақыларды беру жөнiндегi уәкілетті ұйымдардың арасында ай сайын салыстырып тексеру актілері жасалады.

37. Жәрдемақыларды беру жөнiндегi қызметтерге ақы төлеу және өзара іс-қимыл Мемлекеттік корпорация мен жәрдемақылар беру жөніндегі уәкілетті ұйым арасында заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған шарт негізінде жүргiзiледi.

38. Бала қайтыс болған, кеткен және (немесе) алушы Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен немесе оған басқа себептер бойынша төлем тоқтатылған жағдайда Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесі істі жабуды жүргізеді және оны мұрағатқа жібереді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет